Ұяшықты бетон өзімізде өндірілмек

Оралда жылдық қуаты 25 мың шаршы метрді құрайтын ұяшықты бетон зауыты іске қосылды. Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, ақ жол тіледі.

«Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясы» АҚ-ның президенті Мұқаметжан Кенжеғұлов ұжымды, еңбек ардагерлерін және көпшілікті жаңа өндіріс орнының ашылуымен құттықтады. 2006-2008 жылдары инвестициялардың және корпорацияның жеке қаражаты есебінен үш зауыттың салынғанын немесе қайта құрылғанын, соның ішінде әк зауытының жаңғыртылғанын, құрғақ құрылыс қоспалары зауытының жаңадан бой көтергенін, жылына 30 млн. дана силикатты кірпіш өндіруге қауқарлы немістің Lasco фирмасының KSP-801 престеу желісінің сатып алынып, орнатылғанын атап өтті. Оның айтуынша, осындай ізденістердің арқасында кәсіпорынның өндірістік қуаты өсіп, силикатты кірпіш өндіру жылына 85 млн. данаға, әк 45 мың тоннаға, құрғақ қоспа материалдарын шығару 15 мың тоннаға жеткен. Енді, міне, корпорация индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде төртінші жобаны ұяшықты бетон зауыты жобасын 1,5 жыл ішінде табысты іске асырды.

- Жаңа өндіріс елімізге, өңірімізге өте қажетті. Өйткені қазіргі уақытта Елбасы тапсырмасы мен құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Облыс орталығында, ауылаймақта әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер бой көтеруде. Тұрғындар өз күштерімен құрылыстар салуда. Бұл өндіріс орны құрылыс жұмыстарының салыну мерзімін қысқартуға, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіншілік береді. Жоба мемлекеттің, инвесторлардың, екінші деңгейдегі банк филиалының бірігіп жасаған жұмыстарының нәтижесінде іске асты. Құрылыс компанияларының басшылары осы жиынға қатысып тұр, олар осы тауарды тұтынушылар болып табылады. Өнімге сұраныс бар және өнім шығаруға қажетті шикізаттың өңірімізде бар екенін ескерсек, оның өзіндік құны төмен болады. Сондықтан жаңа өнімді еліміздің өзге өңірлеріне шығаруға, көршілес Ресейге экспорттауға болады. Біз өз тарапымыздан сіздерді қолдаймыз. Шағын және орта бизнесті қолдау бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы, - деді зауыттың ашылуына құтты болсын айта келген облыс басшысы Нұрлан Ноғаев.

Корпорация жобаны іске асыруға «Сбербанк» АҚ-ның Оралдағы филиалынан 200 миллион теңге несие алған және корпорация өз қаражатын салған. ЕДБ-дан алынған несиенің пайыздық мөлшерлемесі «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша субсидиялануда. Корпорацияның өндіріс жөніндегі директоры Рамазан Нұрлиевтің айтуынша, жоба екі кезеңмен іске асырылуда. Бірінші кезеңде зауыт жылына 25 мың шаршы метр, екінші кезеңінде оның шамасы 50 мың шаршы метрге жетпек. 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Маркетингтік зерттеулер Батыс Қазақстан өңіріне 30 мың шаршы метр ұяшықты бетон өнімдерінің сырттан, Ақтөбе және Ресейдің Самара облыстарынан тасымалданатынын көрсеткен. Оралдық ұяшықты бетонның бағасы сырттан тасымалданатын өнімге қарағанда, 10-15 пайызға арзан болады деп күтілуде. Бұл ХХІ ғасырдың қабырғалық материалы, физикалық және химиялық қасиеттері бойынша құрылыс материалдарының ішінен тек ағашқа қана жол береді. Оның басты артықшылығы отқа жанбайды, жылу сақтайды, шуды өткізбейді. Құрылыс компаниялары оны осы қасиеттері үшін жоғары бағалайды және құрылысқа қабырғалық мате-риал ретінде пайдаланады. Корпорация басшылығының айтуынша, жобаның өзін ақтау мерзімі 5 жыл. Жаңа зауыттың құрал-жабдығы Ресейдің Санкт-Петербор қаласындағы «Вектор-Пром» компаниясынан әкеліп, орнатылған.

www.zhaikpress.kz, Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз