XXI ғасырдың «Робинзон Крузосы» 32 жыл ну қамыста ғұмыр кешуде

XXI ғасырдың «Робинзон Крузосы» 32 жыл ну қамыста ғұмыр кешуде, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында осы тақырыптас мақаласында.

Сонау мектепте оқып жүрген кезімізде 22 жыл елсіз аралда жападан-жалғыз өмір кешкен «Робинзон Крузо» жөніндегі Даниэль Дефоның кітабын оқып, ол туралы киноны көргенде осы кейіпкер сияқты таңғажайып оқиғаларға толы өмір сүруді балалық қиялмен армандаушы едік. Тап сол Робинзон өмірде болды ма, болмады ма - оған мән беріп жатпайтынбыз.

Ал сондай адам ауылымызда бар екенін естігенде таңданысымызда шек болмағаны рас. Бостандық (Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы) ауылдық окру­гінің әкімі, елге сыйлы азамат Ма­нар­бек Сүндетов: «Жоғарыда айтқан әңгіменің кейіпкеріндей біреудің Сары­өзен жағасында жападан-жалғыз мекен еткеніне 32 жыл болды», - дегеніне сенер-сенбесімізді білмедік. Бірақ әдейі іздеп барғанда бұл расқа айналды.

«Робинзон Крузоны» бірден тауып алудың өзі бір хикая деуге болады. Он күн бұрын алдын ала Манарбекпен хабарласып, жолықтырудың қалайда ретін келтір деген соң, ол да бел шеше кірісіп, абырой болғанда сәтін салдырды. Жол талғамайтын «Нива» автокөлігімен Сарыөзеннің қамыс өскен Сақырат түбегіне бет алғанымызда Манарбек: «Аяғыңа керзі етік киіп алмадың ба? Қазір оны түсінесің» - деді. Бұған есіл-дертім «Робинзонмен» кездесу болып келе жатқандықтан көп мән бере қоймадым.

Түйе бойынан асатын, айналасын қамыс басқан түбекке келіп, әрі қарай жаяу жалпыладық. Әупірімдеп жүріп қамыстың ішінде, өзеннің жағасында тұрған кішкентай лашыққа келіп жеттік. Орта бойлыдан сәл жоғары, өңінен еуропалықтың да, азиялықтың белгісін аңғаруға болатын адам бізді қарсы алды. Алдымен мені қызықтырғаны лашық ішіндегі тұрмыстық жағдай болды. Жалғыз кереует пен қазан-ошақ бар екен. Күнделікті тұрмысқа қажетті ыдыс-аяқтарды да көзім шалды. Осындай таныстықтан кейін «Робинзонмен» әңгіме тиегі ағытылды.

- Бухарев Алексей Михайловичпін, - деп бастады кейіпкер өз әңгімесін. - 1951 жылы дүниеге келіппін. Әкемнің ұлты қазақ болса, анам орыс нәсілінен. Ертерек кезде осы Қазталов ауданынан Саратов губерниясының, Безымянный стансасына қоныс аударған екен. Біз сол жақта ержеттік. Ата-анамыздан 2 ұл, 2 қыз болды. Айтпақшы, руым жаппас болады.

Сол жақта мектепте сегіз сыныптық білім алдым. Армия қатарында болдым. Біз тұрған жер Саратов қаласының іргесінде еді. Шулы өмір жалықтырды ма, әлдебір ішкі түйсік әсер етті ме, білмеймін 1982 жылы осы жерге келдім. Сол кезде бұл түбекте кеңшардың құрылыс материалдары үшін қамыс дайындалатын. Мына өздерің көріп отырған лашықты салып алып, кеңшар тапсырмасын орындап жүрдім. Менімен ісі жоқ кеңшар басшылығы әзірлеп қойған қамысымды жыл он екі айда бір алып кетуге ғана келмесе, басқа уақытта ат ізін де салмайтын. Сөйтіп, жалғыздан-жалғыз өмір сүруге дағдыландым. Әрине, бірден көндігіп кеттім десем, өтірік айтқандық болар, басында қиын болды. Бірақ мына тылсым табиғат өзіне тартып алды. Сендер түсінбеулерің мүмкін, мына ну қамыстың да, өзен суының да, аңдарының да өзіндік «тілі» бар. Мен солармен сырласамын. Тіпті, үйшік қасындағы мына ұяға дала бүркіті (біздің жақта қарағұс деп атайды) жыл да ұя салады. Биыл 4 балапан шығарды. Олар қанаттанып, күндіз қорек іздеуге кетсе, түнде ұяларына қайтып келеді. Бүгін кешке олар аздап мазасызданады. Өйткені, сендердің келгендеріңді тез сезеді. «Бөтендерді неге шекарамыздан өткіздің деп маған ренжуі де мүмкін», - деді Алексей күліп.

Осы 32 жыл жападан-жалғыз ғұмыр кешкенде мен өзімді бір мектептен өткен сияқты сезінемін. Киімді өзім тігіп аламын. Тамақ та дайындаймын. Кейде аса қажетті жабдықтар керек болғанда ғана округ орталығына барамын. Сонда неге екенін білмеймін, кері қайтуға асығамын. Адамдар арасында басқа бір ортаға тап болғандай күй кешемін.

Қамыс арасында өмір сүріп келе жатқан уақыт ішінде бір ауырып көрген жоқпын. Жалпы өзім шылым, арақ дегендерді аузыма алған емеспін. Әңгімеден әңгіме туады ғой, жапанда жалғыз өмір сүріп жатқан соң, ауруларына дауа іздеген біреулер әрең деп мені тауып алғандар болды. Әрине, мен емші емеспін, бірақ айналамыздағы шөп қоректі жануарлардың майынан және шөп тамырларынан дайындалатын дәрілерді қалай алу керек, оны қай кезде пайдалану қажеттігін 32 жылғы өмірім маған жақсы үйретті. Сол кеңесімді оларға айтамын. Содан болар аурухана барын, қандай дәрі-дәрмек бар екенін де білмеймін. Мұның барлығы да табиғаттың маған жасап отырған мейірімі болар. Себебі, мен айналамдағы аң-құсқа да, өсімдікке де артық қол тигізбеймін.

Иә, мен адам баласымын. Ол ортадан мені ешкім қуып, лақтырып тастаған жоқ. Кейде табиғатпен «сырласып» мезі болған шақта, адами жүрекпен де ойланатын уақыттар болады. Жаңа әңгіме басында айтып өткенімдей ата-анадан қалған ағайынды төртеудің (ағам қайтыс болды) екі қарындасым менің тіршілігімнен бейхабар. Мүмкін олар мені бұл дүниеде жоқ деп те ойлайтын шығар...

Бәрін тастап, балалық шағым өткен жерге барып келу де мазалайды. Барармын да. Бірақ мені 32 жыл өмірім өтіп жатқан ну қамысты Сақырат түбегі кері шақырып алары сөзсіз. Өйткені, осы жерден басқа жерге мен сыймайтын сияқтымын, - деп Алексей әңгімесін қайырды.

«Робинзонмен» қоштасып, кері қайттық. «Аяғыңа керзі етік кимедің бе?» - деген Манарбектің сауалын енді түсіндім. Көшеге ғана лайықталған аяқ-киімім көлік тұрған жерге жеткенше дал-дұлы шықты...

Көлік ішінде келе жатқанда Манарбек мына бір әңгіменің шетін шығарды. Өт­кенде құрылысқа қамыс қажет болған соң, Алексеймен келісіп, жұмыс істеп ақша тапсын деп, бір жігітті қасына қосып едім. Ол бес күн өтпей ауылға қашып келді, - дейді.

Иә, ол қайдан шыдасын. Өйткені, ауылда өскен бозбала Робинзонның жабайы Жұмасы емес, сауық-сайранға үйреніп қалған бүгінгінің «Жұмасы» ғой.

Алексей - «Робинзон» қыркүйек айында зейнет жасына толады екен. Ауыл әкімі: «Оның зейнетке шығатын барлық құжатын өзім реттеп беремін», - деп отыр.

Осы әңгімелерді ой-қиялымнан өткізіп келе жатып, артыма бұрылдым. Көз алдыма сағымға оранып тұрған Сақырат түбегіндегі ну қамыстың ішіндегі XXI ғасырдың «Робинзон Крузосы» елестеді...

Тылсым табиғат, ну қамыс ортасында мынау дүбірлі дүниеден бөлек ақыл-ой иесі жүргені, біздерді ойлануға үйретеді деген пікір де санамызда қылаң берді, деп жазады мақала  автор, журналист Серік Жұмағалиев. 

http://kazinform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз