Ықпалдастықтың игілігін кәсіпкерлер көрмек - Т.Берекешов, «Кублей» ЖШС бас директоры

Еуразиялық экономикалық одақтың игілігін кәсіпкерлер көреді деп ойлаймын. Бұл туралы «Кублей» ЖШС бас директоры Талғат Берекешов мәлім етті. 

Оның айтуынша, «Кублейдің» басты өнімдерінің бірі - қалбырдағы ет. Жасыратыны жоқ, бұған дейін шикізат түріндегі мал етінің басым бөлігі өзге жақтан тасымалданды. Дегенмен соңғы уақытта бұл үрдістен бас тарту ұйғарылды. Осындай мақсатта жергілікті шикізатты пайдалану үшін Орал қаласының іргесіндегі Рыбцех елді мекен аумағынан мал сою кешені салынуда. Сонымен бірге балық зауыты өндірісіне отандық инвестиция салуға қол жеткізілді. Соның нәтижесінде бұл бағыттағы зауыт құрылысы басталды. Мұның бәрі таяу арада компанияның Еуразиялық одаққа мүше елдерге шығаратын өнімдері тізбесінің өсуіне әсер етеді деген сенім бар.

«Дайын өнім шығару үшін қалбыр өндірісіне қажетті бұйымдарды өз елімізден және қажетті жағдайларда сырттан сатып аламыз. Ал шетелдерден балық түрлерін сатып алып, өңдеп, қалбырлап шығарамыз. Қазақстан Каспий теңізінің қайраңынан басқа ашық теңізі жоқ елдердің қатарына кіреді. Сондықтан да еліміздің ашық, үлкен теңіздерге шығу мүмкіндігіне ие болуының пайдасы зор. Өйткені бірыңғай экономикалық кеңістікке дейін біздің кәсіпкерлердің тауарлары Ресей, Беларусь арқылы өтетіндіктен, олардың қазақстандық тауарларға қоятын тарифтері өздерінің тауарларына қарағанда жоғары болып келді. Енді бұл мәселе бірыңғай бағытқа түседі деп ойлаймыз. Экономикалық одақ шеңберінде тарифтер төмендеп, тауар тасымалдау жеңілдеп, бәсекелестікке төтеп беру мүмкіндігі артады деп күтеміз», - деді Т.Берекешов.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз