Зеленовта төтенше жағдай, 12990 тұрғын жылусыз қалды

Зеленов ауданының Новенький және Ақжол елді мекендерінің аралығында түнгі сағат үштің шамасында жер асты газ құбырынан өрт шықты. Абырой болғанда жапа шеккендер жоқ.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, қатты жарылыс дыбысы естіліп, кейін алапат жалын көтерілген. 

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Шыңғыс Сариевтың мәліметінше  диаметрі 1200 миллиметрлік «Орынбор – Новопсков» халықаралық газ құбыры жарылған. Оның иесі - «Орал-Орталық Азия» халықаралық газ құбыры басқармасы болып табылады.

Қазір жедел штаб құрылып, оқиға орнына облыстан жауапты мамандар мен аудан басшылығы, Ішкі істер департаменті, Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері, Төтенше жағдайлар департаментінің арнайы отряды,  «Интер Газ Орталық Азия» басқармасы өкілдері, Прокуратура өкілдері келіп, өрт қауіпсіздігі мен медициналық қызмет құрылды. Жарылған құбырды жөндеп, қалпына келтіру үшін арнайы топ жасақталуда. Газ құбырының екі жағы бітеліп, өрттің таралу қаупі жойылды. Енді арнайы топ жөндеу жұмысына кіріспек.

  - Ауданда төтенше жағдай жарияланды. Апат салдарынан Белес, Ақжол, Переметный, Қаражар, Зеленый, Егіндібұлақ, Шалғай, Железнов, Новенький, Жамбыл, Октябрьское (барлығы 11 ауыл) ауылдарынан 12990 тұрғын, 3720 абономент жылусыз қалды. Сондай-ақ 12 мектеп, 3 балабақша, 6 мәдениет және 9 денсаулық сақтау нысаны көгілдір отынсыз – деген аудан әкімі Кәрім Жақыпов әлеуметтік нысандар жұмысын уақытша тоқтататынын жеткізді. Аудандық азаматтық қорғаныс штабына шұғыл тапсырма беріліп, әлеуметтік нысандардағы жағдайды бақылауда ұстау қатаң ескертілген. 

Ашық далада ұйтқи соққан бораннан жол аршу да қиынға соғуда. Төрт бірдей ауыр техника үздіксіз қар аршуға жұмылдырылған.

 

Нұржан Дүзбатыр
Зеленов ауданы

http://zhaikpress.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз