ЖАЛПЫҒА БІРДЕЙ ОРТАҚ ШАРУАНЫ ҚОЛҒА АЛУ ҚАЖЕТ

Облыстық мәслихаттың үлкен залында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен және барлық деңгейдегі әкімдер қатысқан кеңейтілген мәжілісте облыстағы кәсіпкерлікті дамыту тақырыбы жан-жақты талқыланды.

Елбасының кәсіпкерлікті дамытуға үлкен көңіл бөліп, жыл сайынғы Жолдауларында баса мән беріп отырғандығын, барлық жағдай жасалып, кедергілер азайып, мемлекет тарапынан қолдау көлемі өсіп жатқандығын тілге тиек еткен Нұрлан Асқарұлы Жайық өңіріндегі жағдайдың қанағаттандырмайтындығын атап айтты. Өңір басшысы мүмкіншілік бола тұра, ұйымдастырушылық қабілеттің жетіспеуінен немесе басқа да субъективтік кедергілердің кесірінен ақсап жатқан істің түйіткілді тұстары мен объективті себептерді анықтап, жою жолын бірлесіп іздеуге шақырды.

Облыс әкімінің орынбасары Марат Кәрімов 2013 жылы Жайық өңірінде шағын және орта кәсіпкерлік саласында жасалған жұмыстарға тоқталып, кемшіліктерді, артта қалып тұрған тұстарды боямасыз, бүкпесіз баяндап берді. Оның айтуынша, бұл салада Батыс Қазақстан облысының көрсеткіштері республика көлемінде орташа деңгейде. Облыс бойынша Орал қаласы, Ақжайық, Қазталов, Тасқала және Жаңақала аудандарының көрсеткіштері жаман емес.

Бөрлі мен Зеленовтың жақсы көрсеткіштері негізінен бұл аудандардағы ірі өнеркәсіп орындарымен байланысты екендігіне тоқталған облыс әкімі «Егер бұл жерлердегі ірі кәсіпорындар болмаса соның айналасында жүріп табыс табатын шағын кәсіпкерлік нысандарынан түсетін түсім де анағұрлым төмен болар еді» деген тұжырым айтты. Сондықтан шағын кәсіпкерлікті дамыту мәселесінде барлық аудандарды бірдей қарап, жұмыс қарқынын талдау керек. Жалпыға бірдей ортақ шаруаны қолға алу қажет. Мал басын көбейту, егін шаруашылығын өркендету мәселесі күн тәртібінен түспеуі тиіс екендігін атап өтті.

 Жиында жекелеген ауылдық округтердің әкімдері өз ой-пікірлерін ортаға салып, негізінен жергілікті жерде кәсіпкерлікті дамытуға кепіл мүліктің болмауы кедергі келтіріп отырғандығын қадап айтты. Сондай-ақ, Шыңғырлау, Бөкей ордасы, Қазталов аудандарының әкімдері, «Даму» қорының, «Атамекен» Ұлттық палатасы жергілікті филиалының өкілдері сөз алып, ұсыныстарын білдірді. Өңір басшысы орынбасары М.Кәрімовке аудандарда шағын және орта бизнесті дамытуды кеңінен насихаттау жұмысын жолға қоюға тапсырма берді.

www.zhaikpress.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз