Жарқын болашақ бүгінгі жарқын істерден бастау алады - Д.Құсайынов, БҚО

Елбасымыздың «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес жарқын болашақ бүгінгі жарқын істерден бастау алады. Бұл туралы БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов мәлім етті.

Оның айтуынша, өңірде 765 мемлекеттік мәдениет ұйымы жұмыс жасайды. Мәдениет саласы қызметкерлері Елбасының Жолдауында айтылған міндеттерді орындауға жұмыла кірісіп, өз жұмыстарын барынша абыроймен атқарып келеді. Жолдаудың «Нұрлы жол» деп аталуының өзі бақытты болашағымызға бағыт сілтеп тұрғандай әсер қалдырады.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттің алдағы өмірін, келешегін айқындайтын «Нұрлыжол - болашаққа бастар жол» Жолдауын кеңінен насихаттау, өнер арқылы ел жастарының бойындағы патриоттық құндылықтарды нығайтуға ықпал ету мақсатында «Жасай бер, мәңгі Қазақстаным!» атты акция-концерт өткізілді.

Биылғы жыл елімізге айтулы оқиғалар - Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы мен Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы маңызды оқиғаларды атап өте отырып, мәдениет саласының барша қызметкерлері егеменді еліміздің гүлденуі жолында аянбай атсалысып, еңбек етіп келеді.

Өткен жылдың соңғы айлары және биыл көптеген мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылды. Мәселен, Ескендір Хасанғалиев әндерін орындаушылардың VII халықаралық «Атамекен» ән фестивалі, «Арман жырым - Ақ Жайық» атты республикалық ақындар айтысы, Астана, Алматы, Атырау қалаларында, облыс және аудан орталықтарында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның «Жайықтан ұшқан аққу-жыр» атты шығармашылық кеші өткізілді. Республикалық деңгейдегі мәні бар бұл шаралар көрермендердің көңілінен шығып, халықтың ыстық ықыласымен бағаланды. Бұл шаралар егемендігіміздің алтын қазығы - елдік, бірлік жолында және мемлекетіміздің болашағы баянды, ертеңі кемел болуы үшін халыққа қалтқысызқызмет жасаудың ерекше үлгісі болды.

Сонымен қатар «Ауғанның от-жалыны» атты патриоттық әндер, «Ғасырлар үні» атты фольклорлық ансамбльдердің, «Туған жер, сені қосам әуеніме» атты әуесқой композиторлардың облыстық байқауларымен қатар халықтық театрлардың фестивалі және «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» атты облыстық фестиваль, хор ұжымдары мен вокалдық топтар арасында «Елім менің» облыстық байқауы жастарды патриот болуға, өз Отанын шын жүректен сүюге, өзіне және өз халқына сеніп, қоғамға қызмет етуге тәрбиелеу арқылы ұрпаққа ұлағат болары анық.

Астана қаласында Батыс Қазақстан облысының мәдениет күндері өтті, әдеттегі қалыптан тыс Конгресс-холда қазақ драма театры Иран Ғайыптың «Мәңгілік елдің Алтын Адамы» спектаклін сахналады. Бірлікке, ынтымаққа баулитын қойылымға елордалық көрермен жоғары бағасын берді. Қойылымға Қазақстанның  Еңбек ері, ҚР халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбіш Кекілбаев, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Несіпбек Айтов қатысып, ізгі тілектерін жеткізді.

Бұдан басқа М.Горький атындағы орыс драма театрының сахнасында А.Островский атындағы облыстық драма театрының труппасы В.Шекспирдің «Двенадцатая ночь», Т.Габбенің «Город мастеров» қойылымдарын көрсетіп, өз шеберліктерімен халық жадында жатталып қалды.

Облыстық қазақ драма театрының жанынан жастар театры ашылып, өзінің алғашқы шымылдығын Қанат Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» атты комедиясымен ашқан болатын. Бұл жалынға толы жастық жігерлері бар студенттер мен жастардың қоғамға қызмет етулерінің лайықты көрінісі деуге болады.

Биылғы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толып, «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы республикалық деңгейде мерекеленді. «20 қайырымды іс», «Мың бала», «Менің Қазақстаным», «Өз мамандығымды мақтан тұтамын», «Шаңырақ» атты республикалық және облыстық байқаулар Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен қорытындыланды.

Тарихи кезеңдерді өскелең ұрпаққа ұғындыра отырып, халық арасында кеңінен насихаттау, қазақ елі, жері туралы ұлтжандылық, туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілік рухын көтеру мақсатында Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының "Қазақстан ардагерлер" қауымдастығы төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлмен «Жастығын жалын шарпығандар» атты кездесу кеші өтті. Шараға Кеңес Одағының Батыры, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының "Қазақстан ардагерлері" қауымдастығы төрағасының орынбасары Николай Кремениш, ҚР Елтаңбасы авторының бірі Мәлібек Жандарбек қатысқаны үлкен мәртебе болды.

Батыс Қазақстан облысы бойынша «Ұлы Жеңістің 70 жылдығына - 70 ізгілікті іс» атты шара ұйымдастырылды. Акцияны өткізудегі басты мақсат ұрпақ тағдырын ойлаған асылдың сынығындай ардагерлерімізге әр уақытта құрмет көрсету, олардың ерлік істерін кейінгі ұрпаққа үлгі ету болды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «70 жылдыққа -70 ізгілікті іс» шарасы аясында мәдениет саласының ардагері, әнші, әуесқой композитор Еділбай Меңдешевтің «Асқақтай бер, Оралым!» концерттік бағдарламасы, «Өлең сөздің кестесі» облыс айтыс ақындарының конференциясы өткізіліп, көпшіліктің ыстық ықыласымен бағаланды.

Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының Қырымның Керчь қаласында өткен «Боспорские агоны» халықаралық антикалық өнер фестивалінен бас жүлдеге қоса үздік режиссура мен «Үздік әйел бейнесі үшін» аталымдарын иеленіп оралуы ел өміріндегі елеулі оқиға болды.

«Облыста мәдени шаралар лек-легімен өтіп жатыр. Соның ішінде атақты әнші-композитор, Қазақстанның халық әртісі Ескендір Хасанғалиевтің 75 жасқа толуына орай Орал мен Қаратөбедегі шығармашылық кеші ерекше әсер сыйлады. Ал ақын, Қазақстан халық жазушысы, Мемлекеттік және «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдығына орай туған жерінде қос бірдей ескерткіш, мәдениет және өнер орталығы ашылды. Мұның өзі ел мерейін одан сайын өсіре түсті.

Еліміздің бейбітшілігі мен тұрақтылығын сақтау, халқымыздың ынтымағы мен бірлігін насихаттау мақсатында мәдениет саласының қызметкерлері өткізілген шараларды ел мүддесімен ұштастырып, жұмыстана беретін болады», деп түйіндеді ойын Д.Құсайынов. 

http://inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз