ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКІЗГЕНДЕРІМІЗ: Рейхстагқа дейін жеткен жауынгердің бірі - жаңақалалық Қуаныш Досанов

Жер жүзін тітіренткен Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, ерлік көрсеткендердің бірі - Жаңақала ауданы Мәстексай ауылында тұрған Қуаныш Досанов.

1913 жылы дүниеге келген Қуаныш Досанов әскерге 1938 жылы шақырылды. Ұлы Отан соғысы басталған күні Буг өзеніне 23 шақырым жердегі шекара бойында 6-армияның 300 атқыштар полкінде еді. Сол күні таңғы сағат 3-4 шамасында неміс ұшақтары шекараға жақын бөлімдерді тұтқиылдан бомбалады. Күтпеген шабуылдан абыржу басталды. Елең-алаңда полк командирі, полковник Ушаков мұның қасына екі жауынгер қосып, өз көлігін беріп, шекара бойын барлауға жібереді. Аспаннан торыған неміс ұшағы төбеден оқ жаудырып, жүргізбей қояды. Жүргізушіге оқ тиіп, қаза болады. Және бір солдат жараланады. Бұлар жолдан адасып, орман ішіне кіріп кетеді. Босып жүрген әйелдер мен балаларға кездеседі. Олар Соколя ауданының адамдары екен.

-Түнгі сағат 2 шамасында украин ұлтшылдары аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мулявкодан бастап барлық басшыларды тұтқындап, айдап кетті. Біз солардың отбасымыз,- дейді олар.

Қ.Досанов серігімен бірге 13-шекара заставкасына жетеді. Олар Буг өзенінен өтетін көпір аузына қорғаныс құруда екен.

-Сендер мына аласапыранда бәрібір өз бөлімдеріңді таба алмайсыңдар. Бізбен бірге болыңдар. Немістер көпірсіз өте алмайды. Қызу шайқас болатыны даусыз. Өткізбеуіміз керек,- деген застава командирі, лейтенант Лопатин бұларды да ұрысқа әзірлейді. Неміс фашистері күттірмей-ақ шабуылын бастайды. Қуаныш немістің танкісін алғаш осы жерде көреді. Олар көпірге жақындаған жау танктерін өртеумен болады. Бір танкіні лейтенант Погорелов көпір үстінде өртеп, жолды бітеген. Немістер оны өзенге құлатып жол ашуға тырысады. Осы жан алып, жан беріскен шайқаста бұлар жаудың 14-15 танкісін жойыпты.

-Мен Лизам үшін ешнәрседен тайсалмаймын. Ол перзентханада, түнде ұлды болдық. Отан үшін жан аямайық, жолдастар! - деген застава  командирінің  орынбасары Погорелов сол күнгі шабуылдаған немістің тағы бір танкісін жарып, өзі де құрбан болады. Күш тең емес. Көпірді жау ақыры басып алады. Батыс Украинадағы армиялар да қиын жағдайда қалған еді. Өйткені немістерге қолдау көрсеткен украин ұлтшылдары байланыс сымдарын үзіп тастаған еді. Бұлар ұрыса отырып шегінеді. Шығын екі жақтан да аз болмайды. Әскери тактиканы тиімді қолданған 8-механикалық корпус Луцк, Ровно, Грубешов бағытында неміс әскеріне ойсырата соққы береді. Танк дивизиясының командирі, генерал Ромбел 500-ге тарта жауынгерімен  тұтқынға түседі.

Буг өзенінен шығатын тас жолдың бойы. Оның да майдан үшін стратегиялық маңызы өте зор-ды. Қанды қырғын. Дала қан сасып, адам өліктері жиналмай жатты. Осы ұрыста қаншама қандыкөйлек жолдастарынан айырылғанын Қуаныш Досанов өзегі өртене отырып әңгімелейтін.

-Артымыздан қосымша күш, қару-жарақ келмей қалды. Немістер бізді қоршауға ала бастады. Оң қанатымыздағы  Батыс әскери округінің қолбасшысы Павловтың армиясы табанды қарсылық көрсетпей, Минскіні жауға беріп қойды. Біз қоршауда қалдық. Осы шайқаста ерекше ерлік көрсеткен майор Бычков болды. Соның арқасында қоршауды бұзып шықтық,- деп жазады өз естелігінде Қ.Досанов.

Мұнан кейін жаңақалалық жауынгер 62-армияның құрамында соғысады. 1944 жылы 9 сәуір күні қатты жарақат алып,  госпитальға түседі. Сол жылы 9 қараша күні 1-ші Беларусь армиясына қолбасшы болып Георгий Жуков келеді. Берлинді, Рейхстагты алу 8-армияға тапсырылады. Бұл кезде жау Висла өзенінің арғы бетінде күшті бекініс  жасап, қорғанысқа көшкен еді. Желтоқсан айы. Күн боран, үскірік суық. Өзен толық қатпаған. Арғы бетке өту өте қауіпті. Алайда құрамында Қ.Досанов бар 220-полктің 6-ротасына қиын тапсырма беріледі. Боранды пайдаланып, өзеннен өтіп, жар астына бекініп, шабуыл басталғанда, тұтқиылдан қолдау көрсетуі керек. Бұлардың екі адамы суға кетіп, өзеннен әупіріммен өтіп, бекінеді. Боран ашылады. Неміс бекінісі бұлардан 120 метр, тым жақын. Немістер күн ашылған соң өзен бойын  бақылауға алады. Түнгі патрульдің бірі бұларды байқап қалады. Бұлар да оны тұтқындап үлгіріп, тылға жіберіпті. Таң ата немістер әуеден минометпен атқылап, ұшақпен бомбалап, сілікпелерін шығарып, құртып жіберу үшін шабуылға шығады. Бұлар немістің 7 танкісін жояды. Бірақ өздерінің де күші сарқылып, шығыны көбейеді. Рота командирі Турба өледі. Арттан көмек келген кезде ротадан 6 солдат қана қалады.

Қуаныш Досанов есін санбатта жияды.  Бұл ұрыс туралы Жуковтың кітабында  жазылған. Соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, 600 километр жерді жаяу жүріп өткен кіші политрук Қуаныш Досановтың көрген құқайы тек бұлар ғана емес.

17 сәуір күні Берлинге шабуыл басталады. Көптеген қаланы жаудан тазартқан 8-армия 25 сәуір күні немістің орталық аэродромын басып алады. Осы аэродромда екі ерекше бронды ұшақ қолға түседі. Аэродром коменданты, полковник Н.Ганстың айтуынша, оның үлкені Гитлерге, кішісі генерал Кребиске қашуға арналып дайындалған ұшақ екен.

79-гвардиялық дивизия Берлинге үш көшемен кіреді. Берлинде 400-ге жақын қорғаныс баррикадасы болса, соның 84-і осы көшеде болыпты. Екі оттың ортасында қалған  немістің әйелдері, балалары мен қарттары ақ жалау көтеріп өте бастайды. Арасында неміс армиясының жансыздары да болыпты. Олар біздің әскердің шоғырланған жерін дәл көрсетіп,  біраз шығынға ұшыратады. 

Көше қан сасыған. Бораған оқ бас көтертпейді. Рейхстаг. Бекінісі мығым. Алдырар емес. Қайта-қайта шабуыл нәтиже бермейді. Терезесі алдында өлген адамдар үйіліп жатыр. Өз бөлімінен байланысы үзілген Қ.Досанов артынан жеткен Р.Қошқарбаевтардың полкімен ұрысқа қайта араласады.

-Шабуыл алдында бізге кіші сержант Пятницкий деген жігіт келді. Өзін 3-батальон командирі Нестеровтың байланысшысымын деп таныстырған ол Рейхстагке ту тігу тапсырмасын жеткізді. Ту дегенде есіме түсті. Мен 21 сәуір күні бір метр қызыл матаны әзірлеп, планшетіме салып қойғанмын.  Соны алып, өзіміз паналап отырған бомба шұңқырының үстіңгі жағындағы Рейхстаг терезесіне ұмтылдым. Біреуі көтеріп, туды бекіте бастаған кезімде жарылыс болды. Ту бекіді ме, жоқ па, білмеймін. Есімді 1945 жылдың 9 тамызы күні госпитальде жидым,- деп жазыпты майдангер өз естелігінде.

Сөйтіп соғыстың басынан аяғына дейін қан кешкен жерлесіміз І топ мүгедегі болып, елге оралады. Кейін тілі бірте-бірте түзелгенмен, құлағы естімей қалады. Ал санындағы бомба жарқыншағы жер қойнына өзімен бірге кетіпті. Қуаныш Досановтың ерлігі елеусіз қалмай, бірнеше орден, медальмен марапатталды.

Соғысқа дейін де, одан кейін де мұғалім болып, ел қатарлы ғұмыр кешкен Қуаныш Досановтың ұрпақтары да жоқ емес. Солардың бірі, БҚО қазынашылық департаментінің бастығы Дархан Қуанышевтің айтуынша, атасы 1982 жылы дүниеден озыпты. Соңына естелік дәптерлерін қалдырған майдангер есімі ұмытылмақ емес.

http://inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз