ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКІЗГЕНДЕРІМІЗ: Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан ақын А.Жұмағалиевтің 100 жылдығын ел болып атап өту - парыз

Алдағы жылы көктемде Ұлы Отан соғысында көзсіз ерлікпен қаза тапқан қаһарман ақын Абдолла Жұмағалиевтің туғанына тура жүз жыл толмақ. Ендеше, оның 100 жылдығын ел болып атап өту - кейінгі ұрпаққа парыз.

Қазіргі Сырым ауданы Жосалы ауылдық округінде кіндік қаны тамған Абдолладай албырт ақынның ат жалын тартып мінген күнінен бастап-ақ әдебиеттің жолына түспеуі мүмкін емес-ті. Қоңыр мектебінде бастауыш білім алып, кейін Орынборда, ел астанасы болған Қызылордада оқуын жалғастырған жалынды жастың арманын аялап, қиялына қанат бітірген сол кезде, яғни 1932 жылы жаңадан ашылған өзіміздің Орал педагогикалық институты еді. Осы институтқа оқытушылыққа келген, кейін академик атанған Қажым Жұмалиев естелігінде: «Арықша, талдырмаш келген, қабағы тез түйіліп, тез ашылатын, қимыл, жүріс-тұрысы тез, өзінің шапшаңдығымен абайыңды аударатын үлкен көз қара бала бірінші кездескенде маған пәлендей әсер еткен жоқ», дей келіп, Қазақстан Жазушылар одағының тапсырмасымен Оралда өзі ұйымдастырған әдеби бірлестік жұмысы нәтижесінде Абдолла Жұмағалиевтің облысқа танымал жас ақындардың біріне айналғанын жазады. Сол кездегі Қасым Аманжолов, Хамит Ерғалиев, Сағынғали Сейітов, Жәрдем Тілеков сынды әдебиет әлеміне жаңа енгендердің барлығының дерлік тырнақалды туындылары облыстық «Екпінді құрылыс» (қазіргі «Орал өңірі») газетінде жарияланды. Сонымен қатар 1934 жылы Оралда «Біздің еңбек» атты альманах шығарылған. Қажым Жұмалиевтің жобалауынша, Абдолланың баспа жүзін көрген алғашқы өлеңі Қызыл әскердің 16 жылдығына арналып, «16-дан асқанда» деген тақырыппен осы жинақта жарық көрген.

Артынша Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға ауысқан жас ақынның таланты одан сайын ашыла түсті.  Әдеби ортамен етене араласқан Абдолланың жалынды жырлары «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» сынды еліміздің орталық басылымдарында жарияланып, соғысқа дейін-ақ ақын ретінде елге танылып үлгерді. ҚазПИ-ді бітіргеннен кейін Қызылордада ұстаздық қызмет атқарып, Алматыда қазақ мемлекеттік баспасында редакторлық етті.

Әбу Сәрсенбаев, Қалижан Бекқожиндей қатар жүрген қаламдас достарының  айғақтауынша, Абдолланың мінезі албырт, өзі арманшыл, романтик еді. Ағылшын ақыны Байронмен «ауырып», шығармаларын аударды. Өмір бойы басы шырғалаңнан арылмай, талай жердің дәмін татып, ақыры Грекия төңкерісіне қатысып, сол елдің батыры атанып өлген Байрон соңына мәңгі өшпес туындылар қалдырды. Көп сұлуға көз сала жүріп, кәріс қызы Александраға (Шура) үйленген Абдолла да ел басына күн туғанда, «Ту ғып ұстап көтеріп жүрегімді, Сапар алыс, жол жүріп кетіп барам!» деп қан майданға аттанып кете барды. Ақыннан ұрпақ қалмағанға ұқсайды, әкесі Жұмағали Күшкеев, анасы Әлима, қос інісі Ғайнолла мен Шайдолла жұрт қатарлы қоңыр тұрмыс кешіп жатты.

Абдоллаға тән қасиет алған бетінен қайтпауы, өмірге де, тіпті өлімге де даяр қайсарлығы болса керек. Оған майдан газетінде тілші болып, жұмыс жасап жүре беруіне болатын еді. Алайда ақын тағы бір замандасы, жазушы Дмитрий Снегинге сыр шерткенде айтып кеткеніндей, болашақта «терең мазмұнды шығарма жазу үшін» алдыңғы шепке асықты. Егер қанқұйлы соғыста Абдолла тірі қалғанда, қазақ әдебиеті қабырғалы өкілдерінің біріне айналары анық еді.

Мәскеу түбіндегі Волокалам тас жолын атақты Панфилов дивизиясы қорғағаны мәлім. Міне, осындай қысылтаяң сәтте негізгі күштің шегінуіне мұрша беруі үшін Иван Дунай, Әбіл Құндыбековпен бірге жауды тосып, жолда қалған қазақ ақыны арыстанша айқасты. Тіпті жанындағы жауынгердің «Енді жөнелейік» дегеніне көнбей, «Жазбаша бұйрық келмей, шегінуге хақым жоқ», деп, ауыл шетіндегі үйдің шатырына бекініп алып, қара құртша қаптаған басқыншыларға автоматынан оқ жаудырумен болды. Ақыры қас дұшпанға берілмей, сол үйде өртеніп кете барды. Қалың жауды құртқаны өз алдына, қаншама қаруластарының өмірін сақтап қалды десеңізші.

Қазақ ақынының батырлығы жайында командирі, гвардия капитаны В.Григорьев 2-гвардиялық атқыштар корпусының «Советтік гвардия» газетінің 1942 жылғы 6 желтоқсан күнгі нөмірінде «Қаһарман қаламгер» деген мақаласында таңдана, тебірене жазды. Қандыкөйлек серіктері Павел Кузнецов, Иван Нарцисов ақын өліміне жаны қинала, қалам тербеді. Өкініштісі, қаруластары мойындаған ерлік, аласапыран кезеңнің әсерінен бе, елеусіз қалды.

Абдолла туралы сөз еткенде, Оралдан бастап жастық шағын бірге өткізіп, үнемі үзеңгілес жүрген Қасым Аманжолов туралы айтпау мүмкін емес. Ғабдол Слановқа 1942 жылы 22 мамырда майданнан жазған хатында: «Абдолладан хат-хабар бар ма? Корей келін күйлі ме?» деп сұрайтын Қасым досының ерлігін естіген бойда қатты толқыды. Сөйтіп Қиыр Шығыста 1943 жылы «Ақын өлімі туралы аңызын» жазып, Абдолла атын асқақтатты, өлеңнен өлмес ескерткіш қойды.

Әрине, өмірден арманда кеткен ақын есімі мәңгі өшпек емес. 1945 жылы-ақ замандас-достарының қолдауымен тұңғыш жыр жинағы, 1962 жылы бір томдығы, 1985 жылы Әбу Сәрсенбаевтың құрастыруымен «Өлмес өмір дастаны» атты кітабы жарық көріп,  туған жерінде мерейтойлары аталып өтіліп келеді. Жосалы ауылдық округінің әкімі Қобыланды Ғабдешевтің айтуынша, осы өңірден шыққан кәсіпкерлердің демеушілігімен ақынның 100 жылдығына орай шаралар ұйымдастырылмақшы. Жалпы, Абдолланың туған жері округ орталығы Қоңырдан он сегіз шақырым жердегі Былқылдақ екен. Былқылдақ десең, Былқылдақ. Былқылдақ атты көлі бар, сулы-нулы, қырқалы-құйқалы, құмдауыт жердің табиғаты керемет, сонда шыр етіп, дүние есігін ашқан жанның әсершіл болмауы мүмкін еместей. Кезінде Абдолланың ата-бабалары, Қалқаман Таналар мекен еткен жер қазір «Талап» АҚ шаруа қожалығының меншігіне айналыпты. Дегенмен округ орталығындағы негізгі көше мен мектеп-балабақша кешені А.Жұмағалиев атында. Ақын әрі батыр есімін еншілеген мектеп ғимаратының жобалау-сметалық құжаттамасы дайын, енді қаржы тезірек бөлініп, күрделі жөнделсе, мерейтой алдында дұрыс болар еді. Осы білім ордасында тарих пәнінен дәріс берген Жанболат Ақшолақовтың сөзіне қарағанда, 1924 жылы Қоңыр бастауыш мектебі ашылғанда, оның алғашқы шәкірттерінің бірі Абдолла болған. Демек, биыл ақын мектебінің отау тіккеніне 90 жыл. 1955 жылы Ұлы Жеңістің 10 жылдығына орай Қазақстан Жазушылар одағының қозғау салуымен араға үш жыл салып барып, 1958 жылы Карл Маркс атындағы сегізжылдық мектепке А.Жұмағалиевтің есімі берілген. 1967 жылы аталмыш білім ордасы орта мектепке айналды. 1979 жылдың қыркүйегінде күтпеген жерден облыстық партия комитетінің ұйғарымымен ақын есімімен атауға тыйым салынады, тек жерлес жазушы Мұқадес Есламғалиұлының орталық басылым беттерінде («Правдаға» дейін) өз ойын батыл білдіруі арқасында ақын аты аман қалады.

Өткен өтті, енді қайта түлейтін мектептің алдына ақын ескерткіші орнатылса,  бүкіл ауылға айбар беріп, абыройын асыра түсер еді. Сонымен қатар мерейтой кезінде ас беріп, атшабыс өткізу сынды бір күндік емес, тәлімі мың күндік шараларға баса мән берілсе дейміз. Ақынның әдеби мұрасын зерттеу тақырыптарына айналдырып, кітабын қайта шығарып, оның атында саябақ, көшелер ашсақ, Абдолла оқуларын ұйымдастырсақ, сол оңды емес пе!? Осы орайда сырымдықтар серпіліп, Орал педагогикалық институтының бүгінгі белбаласы - М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті үнсіз қалмай, зиялы қауым ұрпақ зердесін жаңғыртуға үлес қосса, құба-құп дер едік. Қоғамдық ұйымдар мен жергілікті билік орындары ақын есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында тізе қосса, алынбайтын асу болмас. Ең алдымен ерлігі Ұлы Отан соғысы кезінде елеусіз қалып, бірде-бір орденге ие болмаған А.Жұмағалиев елі тәуелсіз атанған кезде «Халық қаһарманы» сияқты құрметті атақ алуға әбден лайық. Екіншіден, ақынның ғасырда бір келетін 100 жылдық тойын республикалық көлемде ұйымдастыру. Бұған ҚР Мәдениет министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы қарсы бола қоймас. Аудан, қаладан экспедиция ұйымдастырып, ақынның қаза тапқан орнын (memorial.kz сайтында, неге екені белгісіз, Алматы қалалық әскери комиссариаты арқылы 1941 жылы әскерге алынған А.Жұмағалиевтің қайтқан жылы 1944 деп көрсетілген, демек, бірізділік жоқ) анықтап, өмір деректерін толықтырса, еш артықтық етпес еді. Үшіншіден, облыс орталығы Орал қаласында А.Жұмағалиевке жөні түзу көше беріп, мүсінін орнату. Кезінде қалада өңірден шыққан Кеңес Одағы Батырлары мен Даңқ орденінің толық иегерлеріне бір-бір көше берілді. Батырлығы мен ақындығын қоса алғанда, Абдолла Жұмағалиевтің ешкімнен кем түспесі анық.

Қорыта айтқанда, академик Қажым Жұмалиев: «...Абдолладай өз өлеңінің күшін сезінетін, оны соншама беріле оқитын бір де ақынды кездестіргенім жоқ. Бұл жағынан ол басқалардан анағұрлым оқшау тұратын еді. Ол шын мәнінде зор талантты, үлкен ақындыққа құлаш ұрып, көп үміт күткізіп еді. Бірақ ол бойындағы бар қабілет, дарынын сыртына шығара алмай, ерте кетті», деп бағалаған ақын атын ардақтай білген абзал.

                                               Ғайсағали Сейтақ, ақын,
                                               Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

http://www.inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз