«ЖЕРҰЙЫҚ» - ТАТУЛЫҚ ҮЛГІСІ

«Еліміздің негізгі байлығы – ынтымақ, достық. Осының негізін салушылар – біздің ата-бабаларымыз.

Біз осы дәстүрді бұзбай, нығайтуымыз керек. Біз күнделікті әр ұлттың үнін, даусын естуіміз керек» деген Елбасымыз бар әлемге ұлттар татулығының үлгісін көрсетуде. Корей этномәдени бірлестігі  мен қоғамдық келісім кеңесінің ұйымдастыруымен №6 ЖОББМ-ның акт залында аудан әкімі М.Түсіпқалиев пен Қазақстан Халықтары Ассамблиясының мүшесі, облыстық корей этномәдени бірлестігінің басшысы М.Пак және зиялы қауым өкілдері мен интернационалдық достық клубының мүшелері «Жерұйық» кинофильмін көруге жиналды. Алғаш сөз алған Марат Бақтығалиұлы Елбасы саясатының басым бағыттарының бірі бірлік, бейбітшілікті насихаттап, туған жеріміздің гүлденіп көркейе беруін тілесе, Максим Валерьевич бұл шараның мақсатына тоқталып, фильмнің негізгі мазмұнына шолу жасады. Корей этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары А.Ким Сталин заманында қазақ жеріне қоныстандыру саясатының құрбаны болған өзге ұлт өкілдері кәріс, неміс, түрік, шешен және тағы басқа да ұлттардың ауыр азапқа толған өмірі, бауырмал қазақтың оларға бір үзім нанын бөліп беріп, төріне шығарғаны туралы өткен тарихтан сөз қозғады. 1937 жылы қазақ жеріне қоныс аударған ата-бабаларының ұжымдастыру, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, соғыс сияқты небір зобалаңға тап келсе де, қазақ жұртымен біте қайнасқан  өмірінің шежіресін шертті. Осыдан кейін туған жерінен амалсыз көшіріліп әкелінген ұлттардың тағдыры суреттелген «Жерұйық» фильмі басталды.

  «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген ұлы Абайдың сөзімен басталатын көркем фильмде діні де, ділі де бөлек өзге ұлт өкілдерінің тағдыры қазақ жұртымен бір арнаға тоғысып, талай қиындықты бірге көргені суреттеледі. Бүгінде 130-дан астам ұлт пен ұлыс, түрлі дін өкілдері тұратын қазақ елінің берекесі мен байлығы бірліктің арқасында ғана болатыны баршаға аян.

 

http://zhaikpress.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз