Жол бойында қарақшылық жасағандар ұзақ мерзімге сотталды

Тасқала ауданында сақтандыру компаниясының мекенжайына қарақшылық шабуыл жасаған облыстың үш бірдей тұрғыны ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырылды.

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталмыш оқиға Тасқала ауылының шетінде, Орал-Озинки жолы бойында орын алған болатын. Қаскүнемдер сол дүңгіршекте шетелдік валюта ауыстырылатынын, соған байланысты ірі көлемде ақша жиналатынын білген. Дүңгіршекті тонау үшін бетперде, қолғап, скотч алып, алдын ала мұқият әзірленген. Қарақшылардың біреуі жол бойында қалған да, екеуі дүңгіршекке басып кіріп, оның иесін ұрып, байлап тастаған. Содан кейін барлық ақшаны, жалпы көлемі 1,5 миллиондай теңгені алған да, табандарын жалтыратқан. Оқиға орнынан бұйымдар да қолды болған. Бұл кейін қылмысты ашуға жәрдемдесті. Мәселен, жәбірленушінің ұялы телефоны сол ауылдағы үйлердің бірінің ауласынан табылған. «Beeline» және  «Activ» ұялы байланыстарының бірліктерін қарақшылар өз туыстарына сыйға тартқан.

Қарақшылардың үшеуі де ҚР ҚК 179-бабы 3-бөлімі бойынша айыпты деп танылды. Тасқала аудандық сотының үкімімен олардың біреуі қауіпті деп танылып, 10 жылға жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге кесілді. Қалған екеуі 8 және 7 жыл бойы жалпы режимдегі колонияда отыратын болады. Үшеуінің де мүлкі тәркіленеді.

Сотталушылардың апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылып, үкім күшіне енді.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз