Жолдағы жылдамдық өлшеуіш камералар жарқылсыз түсіретін болды

Бұл туралы бүгін тілшілермен өткізген баспасөз мәслихатында БҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Талғат Ахаев мәлімдеп, БАҚ арқылы халыққа алдын ала ескертуін жеткізді. Себебі бұл жүйе осы аптадан бастап іске кіріспек.

2009 жылдан бастап Орал қаласының аумағында алты «Red Speed» жылдамдық өлшеу құрылғы жұмыс істеп келеді. Облыстық ІІД-нің процессингті орталығына қосылған бұлар жылдамдық шегінен асырған көлікті суретке түсіруде. Қараша айында осы жылдамдық өлшеуіштер жаңа «Мираж» жүйесіне жетілдірілуде.

«Мираж» жүйесінің ерекшелігі мұнда инфрақызыл прожектор бар. Оны ереже бұзған, яғни жылдамдық арттырған жүргізуші байқамайды. Яғни, бұрын «Red Speed» жүйесі жол ережесін бұзу фактісін фотоға жарқылмен түсіріп алған болса, енді «Мираж» жүйесі суретке жарқылсыз түсіретін болады. Сондай-ақ бұл жаңа жүйе бір бағытта алты жолақта келе жатқан көлік құралдарын қатар қамти алады (20-250 км/сағ дейінгі аралықта). Бұрынғы «Red Speed» жылдамдық өлшеу жүйесі көлік камера алдындағы датчиктен жылдамдықты асырып қиып өткен жағдайда ғана фотоға түсіріп, жазып қалатын болса, «Мираж» жүйесі сол жылдамдыққа шектеу қойылған жолдың барлық аумағындағы ереже бұзу фактісін тіркейді. Яғни белгі қойылған жерден бастап камераға дейінгі жерді түгел қамти алады. Камера датчигін қиып өтерде ғана баяулап, одан өткен соң қайтадан желмен жарысатындар сабасына түсетін болды.

«Енді жол ережесін бұзған адам өзінің жылдамдық режимін бұзғаны үшін аталған жүйе суретке түсіріп, жазып алғанын байқамай да қалады. Сондықтан, автожүргізушілердің жол жүрісі ережелерін бұзбай, жылдамдық режимін сақтауын сұраймыз» дейді БҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Ахаев.

Нұрлыбек РАХМАНОВ
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз