Жолдар жөнделіп, әуежай ашылмақ

Орал әуежайындағы ұшу-қону жолағының құрылысы толықтай аяқталды.  Қазанның 15-інен бастап әуежай алып ұшақтарды қабылдауды бастайды. Бұл жақсы жаңалық және өңірдегі жол жөндеу жұмыстарының барысы жайында  «Қазақстан-Орал» телеарнасында БАҚ өкілдерімен тікелей желіде өткен брифингте мәлім болды.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Әскербек Жақсығұловтың айтуынша, жергілікті жолдардың 22 пайызының қатқыл жабыны болса, өзгесі қиыршық тасты, топырақты болып келеді. Өткен жылы 6 ауданды облыс орталығымен байланыстыратын қатқыл табанды жол болмады. 2014 жылы 7,2 млрд. теңге бөлініп, соған 60 шақырым жолға қайта құру және күрделі жөндеу жұмыстары жасалған. Соның нәтижесінде Шыңғырлау, Қаратөбе аудандарының орталықтарын облыс орталығымен байланыстыратын қатқыл табанды жол салынды. «Әлі 4 ауданның орталықтарын, соның ішінде Қазталов, Жаңақала, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарын Оралмен байланыстыратын сапалы жол салынған жоқ. Биыл облыстық, аудандық жолдар құрылысына 5,5 млрд. теңге қаржы бөлініп, оған 100 шақырым жол жөнделмек. Сондай-ақ биыл Жаңақала ауданының орталығын облыс орталығымен жалғайтын жол құрылысы аяқталмақ. Бұл бағыттағы жол құрылысы аяқталу қарсаңында», — деді Әскербек Жақсығұлов. Биыл Ақсай – Шыңғырлау, Аңқаты – Сарыөмір, Чапаев – Жаңақала – Сайқын, Орал – Кирсанов, Жымпиты-Қаратөбе бағытындағы жолдар жөнделуде.

- «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша елімізде жол-құрылыс жұмыстарын нығайту, жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Осы бағдарлама аясында ел Астанасын барлық облыспен сапалы жолдар арқылы қосу межеленген. 2020 жылға дейін республика бойынша 7,5 мың шақырым жаңа жол салынып, 200 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылады. БҚО бойынша биыл республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге 6,8 млрд. теңге бөлінді. Соның ішіндегі бастысы — Орал-Тасқала-Саратов күре жолын қайта жаңғырту жұмыстарының басталуы. Жоба бойынша 100 шақырым жол жаңғыртылып, жол 2-санатқа аударылады. Шекара аймағында қосымша 6 жолақ салынады. Жолдың жаңғыртылуы еліміздің, облыстың Ресей аумағымен алыс-берісті, тауар айналымын күшейтеді деп күтілуде, — деді брифингте «Қазақавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ-ның БҚО филиалы директорының орынбасары Ерлан Қажымов. Оның айтуынша, биыл бұл жобаға 3 млрд. теңге бөлініп, оған 17 шақырым жол салу жоспарланған. Қазір жол жаңғырту жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. Облыста Чапаев — Жалпақтал — Қазталов бағытындағы жолды күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Аталмыш жобаға 2 млрд. теңге бөлініп, оған 15 шақырым жол күрделі жөндеуден өтуі тиіс. Қазталов-Жәнібек күре жолына күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Биыл бұл жолдың 4 шақырымы жөнделеді, оған 500 млн. теңге бөлінген. Одан басқа кейбір жолдар орташа жөндеуден өтуде. Орал-Теплое жолының 28 шақырымын орташа жөндеуге 540 млн. теңге бөлініп, толықтай игерілген. Подстепный – Федоровка жолының учаскелеріне өткен жылы басталған жөндеу жұмыстары жалғасуда. Мұндағы жұмыстар да аяқталуға жақын. Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жолаушы көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бекжан Тоғжановтың айтуынша, Орал қаласындағы көше жолдарын жөндеуге 3,6 млрд. теңге бөлінген. Қомақты қаржыға 16 көшенің жолын жөндеу жоспарланған. Оның ішіндегі 13 көшенің жолын жөндеу өткен жылы басталып, биыл жалғасуда. Үш жаңа нысан бар. Бүгінде Алматы, Еуразия, Чкалов, Шоссейный көшелерінің жолдарын жөндеу аяқталған. Есқалиев, Некрасов, Лермонтов, Байтұрсынов, Сарайшық көшелері жолдарының құрылысы аяқталуы жақын. Орал әуежайына бастайтын С. Датов көшесінің жолы жөнделді. Қаланың жаңа 7,9-шағын-аудандардағы кварталішілік жолдарды жөндеу басталды. Мәскеу көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі жол аралығы жөнделуде. – Жайық өзені арқылы Подстепный ауылы бағытындағы және Деркөл өзеніндегі Селекционный ауылы бағытындағы көпірлер жөнделуде. Жайықтағы көпір құрылысы аяқталып, жұмыс комиссиясы қарады. Деркөлдегі көпірде де көп жұмыс істелді. Мердігермен тірек бөліктері ауыстырылды, бетондау жұмыстары жүргізілді. Енді оны асфальттау жұмыстары басталды. Мердігер жұмыс кестесінен озық келеді. Қазан айында көпір құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылады, — деді Б. Тоғжанов. Брифингте «Қазақавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ-ның БҚО филиалы директорының орынбасары Ерлан Қажымов Орал әуежайындағы ұшу-қону жолағын қайта құру жұмыстары толықтай аяқталғанын мәлімдеді. Жобаның құны — 6,3 млрд. теңге. Қайта құру жұмыстары 2014 жылы басталды. Жоба бойынша құрылыс жұмыстары екі кезеңмен жүргізілді. Өткен жылы бірінші кезеңде 3,8 млрд. теңгенің, биыл 2,5 млрд.теңгенің жұмысы жоспарланды. «Биыл 1 қыркүйектен бастап құрылыс жұмыстарына байланысты ұшақтардың ұшып-қонуы тоқтатылды. Енді құрылыс жұмыстары толығымен аяқтала келді. Ұшу-қону жолағының құрылысы 100 пайызға бітті. Қалғаны навигациялық жүйені орнату, жарық-белгі беру жабдықтарын, трансформаторлық стансаны қондыру жұмыстары ғана. Қазанның 15-іне дейін осы жұмыстарды аяқтап, 15-інен бастап әуежай арқылы қатынас басталады деп отырмыз»,- деді Ерлан Қажымов.

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз