Зәуре АМАНБАЕВА, «Болашақ» тіл орталығының директоры: «Қазақтың тіл игеру қабілеті ерекше»

Осыдан бес жыл бұрын Оралда «Болашақ» тіл орталығы ашылған болатын. Бүгінде орталық жұмысы жүйеленіп, ел арасында танылып үлгерді. Біз бұл орталыққа бас сұққанымызда, кішігірім мектепте, ағылшын мектебінде жүргендей әсер алдық. Себебі мұнда сабақтар тек қана сол тілде өтеді.

Халықаралық IELTS стандарты бойынша білім беретін орталықтың басшысы Зәуре Аманбаева – мектепте мұғалімдіктен университет деканына дейінгі жолдан өткен тәжірибелі басшы. Филология ғылымының кандидаты Зәуре Жиенәліқызы қазір ағылшын тілінің әдістемесін халықаралық CELTA деңгейінде оқытушы сертификатына ие. Бірнеше тілге жетік ол жыл сайын шетелге шығып дәрістер беріп, халықаралық емтихандардан өзінің де, ертіп апарып өз шәкірттерінің де білімін сынаумен келеді. Биыл маусым-шілде айларында Оксфорд университеті жанынан халықаралық деңгейдегі мұғалімдер дайындайтын орталықтан дәріс алып CELTA халықаралық тренері сертификатын алып келді. Бір ай бойы шетел азаматтарына (немістер, испандықтар, португалдықтар, ауғандықтар, пәкістандықтарға) ағылшын тілінен дәріс берді. Орталыққа халықаралық білім деңгейі бар мұғалімдерді жинаған. Не бары бес жыл жұмыс істеген орталық шәкірттерінің алды ағылшын тілінен аса жоғары білім көрсеткішін көрсетіп, Назарбаев университетіне, шетелдік оқу орындарына түсуде.

- Бұл салада мемлекеттік-жеке меншік серіктестігі жұмыс істей бастаса, біз соған қосылар едік. Ондай балабақшалар бар, ал мен мұғалімдер даярлағым келеді. Жақсы мұғалімдер даярланса, олар кейін мектепке барып, көптеген балаға ағылшын тілін үйретер еді. Сол кезде қазіргідей әр жердегі бір кішкентай тіл оқыту орталықтары керек емес болар еді. Бұрын әр жерде теледидар сататын кішкентай дүкендер болатын еді ғой. Кейін үлкен техникалық супермаркеттер ашылғанда, жаңағы кішкентай дүкендер керек емес болып қалды. Себебі халықта сапаға қарай таңдау мүмкіндігі пайда болды. Бұл салаға да сондай өзгеріс қажет-ақ. Менің арманым – халықаралық деңгейдегі ұстаздар дайындау, жетілдіру, — дейді Зәуре Жиенәліқызы.

- Бізге келетін балалардың 90 пайызы қазақ мектебінен. Мектептер ағылшын тілі сабақтарында аударумен айналысады. Қателік осы жерден басталады. Оқушыларды сөйлеуге үйрету керек. Аудару деген қазіргі заман талабына сай Кембридж университеті баспасымен бірге шығарылған мектеп оқулықтарында жоқ. Себебі сабақ ағылшын тілінде өтуі тиіс. Білім және ғылым министрінің бұйрығымен Қазақстан мен Кембридж университеті бірігіп оқулықтар шығаруда. Бүгінде ондай оқулықтар 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін дайындалды. Кітап бар, ұстаздар дайын емес. Бәрі емес, алайда жаңа әдістемемен жұмыс жасай алмайтындар баршылық. Ең алдымен тілдік деңгейді көтеру керек, содан кейін әдістемені жетілдірсе болады. Сондай-ақ барлық мектеп бірдей оқулықпен оқытпайды. Сатылық жүйе жоқ. Кейбір мектептер ағылшын тілін бекітілген бағдарламадан шыға алмай 2-сыныптың оқулығынан бастайды. Бала 1-сынып бағдарламасын өтпегесін, әрине, қиналады. Кейбір ата-аналар балалары мектепте бұл пәннен нашар баға алып жүргесін біздің орталыққа әкелуде. Амал жоқ, бізге кейде еуропалық әдістемені қоя тұрып, мектеп бағдарламасына тоқталуға тура келеді. Оқу бітірген жас мамандардың барлығы бірдей ағылшын тілін жетік білмейді. Сондықтан алдымен еуропалық бағытта білім бере алатын ұстаздар дайындағым келеді, — дейді «Болашақ» орталығының директоры Зәуре Аманбаева.

«Болашақ» орталығы тек мектеп оқушыларын емес, ересектерді де оқуға түсуге арналған және шетелге жұмыс істеуге баруға арналған халықаралық емтихандарға әзірлейді.

- Еліміздің үштұғырлы тіл саясатын қолдаймын. Қазақ баласы шетелге шыққанда, тілден қиындық көрмеуі керек. Біздің ұлттың тіл игеру қабілеті ерекше. Осы ұлттық ерекше қабілетін неге дұрыс пайдаланбасқа? Университеттің «Аударма ісі» факультеті деканы болып отырған қызметімді тастап кетуімнің себебі – аударманың болашағы жоқ деп санаймын. Тоқсаныншы жылдары еліміздегі шетелдік компанияларда аудармашы болуға бәрі ұмтылды, себебі сұраныс болды. Қазір оларға аудармашы керек емес.

Компанияларға жұмысқа орналасып жатқан қазақтың қыз-жігіттері ағылшынша еркін сөйлейді. Бүгінгі мектеп оқушыларының да талпынысы ерекше, — дейді Зәуре Жиенәліқызы.

Орталыққа қабылданарда оқушыға ерекше талап жоқ. Алдымен тест тапсырады. Жас ерекшеліктері және тілді игеру деңгейіне қарай топтап оқытады. Келешекте ағылшынша еркін сөйлеу үшін бастауыш сыныптан үйрете бастаған дұрыс дейді мұндағы мамандар. Кей ата-аналар баласын 11-сыныпта әкеледі екен.

Мұнда оқыту ақысы орташа табысты отбасына ыңғайлы. «Ақша табуды мақсат тұтып отырған жоқпыз, жастарға білім беру – басты мұрат» деді орталық директоры. Оның айтуынша, орталықтың өзгелерден ерекшелігі мұнда ата-аналар жиналыстары өткізіліп тұрады екен. “Баланың қабілеті тартпаса, ниеті болмай, тек ата-ананың күштеуімен жүрсе, ата-анасына айтамыз”, — дейді.

Шәкірттер деңгейден деңгейге көшерде Кембридж емтихандары арқылы сыналады. «Ынтасы бар бала бәрібір игереді. Мәселен, Милана Муксенова деген шәкіртіміз – қаладағы №35 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы. Осы орталықтан білім алып, биыл жазда менімен бірге Оксфордқа барып, 4 тілдік дағдыдан IELTS емтиханын тапсырды. Ағылшын тілінің барлық іскерлік дағды түрінен 7,5 деңгейін көрсетті. Ал Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Ғазиз Сәкен 8,0 деңгейін ақтап шықты», — деді сөз арасында орталық директоры.

Ағылшынша-қазақша сөздіктер әлі аса сапалы емес. Сондықтан біздің елде бәрі сөздікті орысшадан жаттайды. Қазақша ойлап, оны жаттаған сөздігі бойынша ойша аударады. Мұндай қиындықтан аулақ болу үшін сабақ бірден ағылшынша өту керек екен. Ағылшын-ағылшын сөздігін пайдаланып бірден сөйлеп үйренеді. Аудармаға үйреніп кетсе, емін-еркін сөйлеуі қиындау болады. Баланы кішкентайынан аптасына 2-3 сағат болсын сөйлеу дағдысына тәрбиелесе, одан қор болмайды. Мұндағы мамандар кітап көп оқитын, яғни ана тілінде тілдік қоры мол балалар ағылшынша да еркін сөйлеп кететінін айтты. Орталық жыл бойы жұмыс жасайды. Тіпті баланың жазғы демалысында да тілдік білім алуын үзбеуге болады. Ай сайын отыз шақты бала бір деңгейден екінші деңгейге өтіп, емтихан тапсырады. Көрсеткен білім деңгейіне байланысты орталықтан сертификат алады. «Бізге ағылшыннан тілдік білімі бірінші деңгейімен келіп, кетерде 5-6 деңгейде сөйлеп кететін балалар көп», — дейді орталық басшысы. Мұның өзі – аталмыш орталық ұстаздары еңбегінің жемісі. Ең бастысы, баланың өз келешегіне деген сенім алуы – нағыз жеңіс.

Нұрлыбек РАХМАНОВ

http://oraloniri.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз