ВЕРНУТЬСЯ

      Арғын деген не себептен аталғаны туралы
орыстың жазушылары әр түрлі сөз айтады. Соның ішінде қисындысы түрік орхонский
надпистағы ұлығ Ерген деген сөз сықылды көрінеді. Бұрынғы заманда осы ұлығ
Ерген деген тап мағол жұртының күншығысында жүрген, оны қытайлар баягу депті.
Себебі қытайда «ра» әрпі жоқ, және сөздің аяғындағы әріпті тастап айтатұғын
әдеттері бар. Баягудың ортасына «ра» қосып, ақырына «нун» әрпін қосса, Байергун
болады. Байергун һәм улұғ Ергун екеуі де ұлұғ арғын дегенге келеді, бұлай
болғанда біздің арғын түріктің қытайша ху-ху, бізше ұйғыр атанғанынан, қытайша
гауу-гуй, бізше қаңлы, яғни арбалы атанған табынан шыққан Байергун деген
табынанбыз.
      Бергірек заманда шежіреде арғынның
білінетұғыны - Шыңғыс ханның үлкен баласы Жошы менен онан кішісі Шағатайға ел
бөліп бергенде, солардың қол астында арғинут деп аталады. Арғинут дегені -
арғындар деген сөз. Әмір Темір хан заманында және арғинут атанып, осы Шыңғыс
тауы менен Тарбағатайда жүргені анық. «Шыңғыс ханның өз тұсында арғын аты неге
аталмаған?» деген сөз туралы орыстың жазушылары әр түрлі сөз айтса да, ақырында
«арғын Шыңғыс ханға соғыспай қараған шығар» дейді. Менің ойымша, ол кезде
арғындар найман ханына қарайды. Себебі Аристов сөзінде бұрын қара қытайдың
алғашқы ханы Амбахан тұсында Байергун, яғни арғын айтылады да, найман жоқ. Және
Аристов айтады: «бұрын баярген яғни арғын күшті еді, Шыңғыс тұсында найман
күшті болып, екі ханға қарап тұрды. Керейлер өз алдына бір ханға қарап тұрған
еді» дейді. Және Шыңғыстың баласы Шағатай қол астындағы елді айтқанда, «арғын
наймандарменен Еміл, Қаратал, Нұра өзенінде жүрді» дейді. Осы сөздерден мағлұм
болды - бір кезде арғын күшті болып, найман оған қарап, бір кезде найман күшті
болып, арғын оған қарағандығы.
      Және менің ойымша, біздің осы орта
жүздегі арғынның атасы Әбілғазы ханның шежіресінде айтылатұғын Ойрат арғын аға
деген кісінің нәсілі болса керек. Оның мәнісі мынау: Шыңғыс ханның кенже баласы
Толу үлкен хақан болған кезде, ойрат атанған елден Арғын аға деген кісіні
Хорасан деген жерге хан қойған, сол мұсылманша 440 жылы, орысша 1262 жылы еді.
Он жылдан соң Арғын аға өлген соң, Толудың баласы Мәңгу хақан Арғын ағаның
орнына өз інісі Һөләку, яғни қазақша Әлеке ханды жіберген. Бұл Арғын аға ойрат
табынан дейтұғыны бұрынырақ мағолдар ұйғыр, татарларды жеңіп қуғанда, жерін
қимай отырып қалғандар қалмақ ойрат атанғандықтан Арғын аға сондағы қалмақ
атанып қалған елдің ішіндегі Байергун яки ұлұғ арғын атанған арғыннан болса
керек. Бұл сөзді Әбілғазы кітабынан сөз көшіріп алған орыс жазушылары байқамай
кеткен болса керек деп ойлаймын. Жердің жүзіндегі әр түрлі түрік нәсілді
елдерде жүрген арғын, арғинут атанғандар арғы арғын халқынан болса да, дәл осы
орта жүз ішіндегі арғындар осы арғын ағаның нәсілі болар. Себебі Арғын аға
деген аты да дәл келеді және біздің үлкен атамыз Құнанбай хажы мархұм «Арғын
аға - хан болған кісі екен» деуші еді.