ВЕРНУТЬСЯ

     Қалайша қырда өскен боп түс көрмейіп,

Қалайша өзіме-өзім күш бермейін?

Таңғы нұрға тапшы екен батыс балкон,

Күннің нұры түседі түстен кейін.

Қара жерден жайқала,

шаншыла әрі

Шыға алмадым.

Аңсатты таң шуағы.

Тыңайтқышты топырақ -

мекенімде

Билемеді жаңбырдың тамшылары.

Айтылмады әңгімем желге менің.

Жапырағым жетпеді жерге менің.

Жағадағы қайықтай балкондарда

Жалғыздықтан қалтырап, тербелемін.

О, адамдар!

Сәулесін бетіме Күн

Түсірмейді,

Солды енді от реңім.

Ұрығымды жиып ап осы күзде

Кең далаға шашыңдар,

Өтінемін!

1976 ж.

Дауыстар:

Сыңғырлы,

Сүйкімді,

Дауыстар:

Мың түрлі,

Сиқырлы.

Бөледі

ойымды,

көңілімді.

Бұзады

тыншымды,

ұйқымды.

Самал жел,

Шашымды тарама,

Думанды бақтарды арала!

Жапырақ түн бойы жана ма?

Жайдары жаз өтіп бара ма?

Дір еткен...

Шық қонған гүл шығар,

Гүлдерді тербетіп Күн шығар.

Жырласын жаз барда жапырақ,

Жаз өтер, олар да тыншығар.

Күрсінді...

Күрсінген тау шығар.

Дауыстар еместей таусылар.

Қараңғы,

жарықтың...

бәрінің

өзіне лайық даусы бар.

Тыңдаймын...

Ұйқы да жау сынды,

Сүйемін мазасыз маусымды.

Адам мен табиғат даусына

Қосайын өзімнің даусымды.

Жаратпа, жасаған, мұңсыз ғып,

Жаратпа тірлікті тілсіз ғып.

Шаршатпас мені бұл дауыстар,

Шошытар -

Мезгілсіз үнсіздік.

Ұшуда тыраулап тырналар,

Ұшатын осылай жылда олар.

Өзінен бергендей бір хабар

Сөйлейді

сәулелер,

жылғалар.

Сөйлейді

Жүрегі ояулар.

Ақындар бәрінен ой аулар.

Сөйлейді

шөптер мен

жұлдыздар,

Сөйлейді суреттер,

бояулар!