ВЕРНУТЬСЯ

     Тәкаппар теңіздері тебіренген,

Көздерім қуанады соны көрген.

Таулары жауларына айбат болып,

Жолдары жондарыңда өрім өрген.

Даласы дана қалпы ойға кеткен,

Қаласы қазынасын айғақ еткен.

Түркия түбегейлі мұратымен

Тарихқа бір нүктені қойған ектем.

Кетуі мүмкін емес құрыш түбі,

Сақтапты ұлт боларлық ғұрыпты ұлы.

Мешіттер құдіретті сенім беріп,

Әуен боп әлдиледі түрік тілі.

Өзімнің сағындырды сағым белім,

Тап қазір тәуекел дер шағында елім.

Тілі мен діні есіме түскен кезде

Сыздайды күзгі бұлттай жаным менің?

Жүрегім, сен ауырма, сыздап, тегі,

Сұрасаң, бар түріктің ізгі-ақ тегі.

...Сәлем деп қалды қайран Анадолы,

Қайткенмен бір ұлылық біз жақта еді!