ВЕРНУТЬСЯ

     Ой келеді жауған кезде жаңа қар,

Жаның қалай тебіренбей қала алар?

Соққан боран,

Жауған қарға қарамай,

Салады адам жаңа-жаңа қалалар.

Жылдар өтер,

Алынады жаңа асу,

Бірін алсаң,

Алдан шығар жаңасы.

Бірте-бірте келе жатыр жақындап

Қалалар мен "алалардың" арасы.

Жылдар өтер,

Жаңарады бар асу,

Бірін алсаң,

Алдан шығар жаңасы.

Бірте-бірте бара жатыр алыстап

Адамдар мен адамдардың арасы.

Ғасыр - жылдам,

Түрлі-түрлі қатерден

Сескенесің.

Бейхабарсың қатеңнен.

Қатыспауы қаттылық қой адамдар

Қатар тұрған пәтер менен пәтерден.

Өтер-кетер қилы-қилы замандар,

Аударылар түрлі-түрлі календарь.

Әрқайсысы планета сияқты

Ай мен жерге көпір салған адамдар.

Көңілімде бір үміт, бір нала бар,

Қанат жайып келе жатыр қалалар.

Есейгенде кетпес пе екен жат болып,

Қалаларда бірге ойнаған балалар.

Ұсақ-түйек сәттілік не береді?

Маған үлкен қуаныш керек еді.

Күннен түскен сәуледей сезімдерден

Көктем туып, көңілім көгереді.

Туған далам, төсіңде бұлғаңдаған

Бұлағыңмен бетімді жуғанда анам,

Туралық пен мөлдірлік тұнған маған.

Сол сезіммен жырлаймын тұлғаңды әман.

Аз нәрсеге бабалар алданбаған,

Маған да үлкен бақыт бер, туған далам!