ВЕРНУТЬСЯ

          Білмей тұрмын не дерге:

тамырымда бір ағыс

асыр салып,

денемде

шапқылайды қуаныш.

Жаны көрмей даланы,

жалыққандай шеңберден

жүрек кетіп барады

жұлқып шығып кеудемнен.

Бір жатады, бір тұрып -

кірпіктерімді аядым.

Өз-өздері бұлқынып,

билеп тұрды аяғым.

Мынау дала, мынау бақ,

жасыл шалғын жағалай.

Көк аспанда Күн аунап

жатыр аппақ баладай.

Жеті мүшем - соны ұғам -

жеті жақта жүр менің,

қайсысының соңынан

жүгірерге білмедім.

Басқара алмай денемді,

сезімменен арбасам.

Менде жай жоқ, мені енді

өзің жинап алмасаң!

1984