ВЕРНУТЬСЯ

      Жемісті, жақсы иісті бұл бәйшешек,
Аралайық, пайдасын көрем десек. 
Ұғымды,
милы жастың ойын қозғап,
Ұқтырар
талай тәлім, талай есеп.
Ерінбей тамам гүлін аралаңыз,
Болса да кейі ұсақтау, кейі кесек.
Тікенсіз гүл, жылансыз кен болмайды,
Тікеннен жиіркеніп жеміс жесек.
Жақсы мінез, жаман ой айқындалар,
Осыны ұғайық
деп ентелесек.
Тәтті жеміс, нұрлы
гүл керек қылмас
Боққа төккен саламға тойған есек.
Ойлансын ұлан болса сөз ұғарлық,
Ақылдың шолғыншысы - ойқұмарлық.
Таза талап талпынып ойды айдаса,
Байқалар - кернеу таса, жоқ пен барлық. 
Азат ақыл ойланбай мида жатса,
Шіріп, тозып
тартқызар ол бір зарлық.
Сырын сынар талапты ер табылғанда,
Бұл бақшада мысал көп ой қозғарлық.
Өкініштің үлкені - ойы тарлық,
Ондайда ақыл болмас жұбанарлық.
...Жауынан қолға түскен бір тұтқынды
Өлтіруге бір патса қылған жарлық.
Өлімге бұйырылғанның
қандай күні?
Мейірім, ынсап
төзіне салшы мұны.
Ол тұтқын ел зарлатқан залым емес,
Намыс үшін жан қиған - жалғыз міні.
Жауының
батыры емес, патсасы емес,
Жігерлі қара солдат, ардың құны.
Қол-аяғы шынжырлап
бекітулі,
Ол кезде азат емес бір тал қылы.
Байлаудан босануға жоқ тәсілі,
Жан шыққанша азат қой жалғыз тілі.
Қарғап, сілеп, жамандап, боқтай берді,
Мені өлтірген патсаның жоқ деп құны.
Патса сонда сұрады бір уәзірден:
«Солдаттың бөтен тілін ұқпадым мен.
Өлерде өзеленіп нені айтып тұр,
Ол елдің тілін анық білуші ең сен». 
Уәзір айтты:- Жылап тұр кешу сұрап,
Жалыныш жақсы сөздің бәрін құрап.
«Әлі жетіп тұрғанда ашу кешкен 
Артық» дейді, бұл сөзін тұрмын ұнап.
Бір уәзір түрегелді анау шеттен:
«Айттың,- деп,- өтірікті не себептен?
Патсаны қияпаттап
боқтап отыр,
Онысын жасырасың қай ниетпен?»
Патса айтты: «Солдатты жөн азат қылған, 
Ана уәзір ой салды маған тыңнан.
Ыза билеп тұтқынды өлтірмек ем,
Амал тауып қайырды ашуымнан.
Бірің жөн, бірің теріс жауап айтып,
Бұл сөзбен екі уәзір өттің сыннан.
Зиянды,
улы шынның сыртын бояп,
Күндестік қанжарыңды алдың қыннан.
Түзу жолға бастаған жалған артық.
Бұзықтыққа
сеп болған мұндай шыннан». 
Білмеймін, мұны қандай құлақ тыңдар,
Ойласаң - тәтті жеміс, нұрлы гүл бар.
Жазасызға жаны ашып есіркейтін
Көңілі
ояу, көзі ашық елде кім бар?
Шын шын бар, қате шын бар, улы
шын бар
Әлгі айтқан өтірікте қандай мін бар?
Елді сынап, өз мінін елемейді
Өлі жүрек, өзімшіл, күншіл мұндар!
Адамнан артық жәндік жаралмаған,
Дейді жұрт: «айуан жоқ иттен жаман».
Бұл туралы менде
бір бөтен ой бар,
Анық ұқсаң, айтайын, достым, саған.
Адамның айуаннан айласы мол,
Қит етсе қиянатқа қояды қол.
Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек,-
Бұл төртеуін кім қылса, шын адам сол.
Қанеки ондай адам, қай жерде
бар?
Көбінің сыртында бал, ішінде зәр.
Жарық алып әлемді араласаң,
Ондай жан неше мыңнан біреу шығар.
Әйтпесе өзге адамнан ит ілгері,
Достықты ит ұмытпайды, артық жері.
Қолыңнан сорпа жалап өскен күшік
Өлгенше есігіңде жүргендері.
Түнде тыным көрмейді қораға үріп,
Шарқ ұрады
ауылды шолып жүріп.
Кетпейді дәмін татқан досын тастап,
Қуалап анда-санда қойсаң да ұрып.
Тоқтамас өзге ауылға сыйласа да,
Кек қылмас иесі ұрып, қинаса да.
Жүз жылдық дос бір күнде жау болады,
Көңіліне бір қылығың сыймаса да.
Қарызы бар еді деп мойын бұрмас,
Сол күні-ақ дұшпаныңмен болар сырлас.
Бұрынғы жақсылықтың бәрін ұмытып,
He қылса, бір зияны тимей тұрмас.
Өкпелесе не сөзге, немесе асқа,
Жау шығады дос, жақын қарындасқа.
Ит иесін қаппайды құтырса да,
Адамның шын досы жоқ иттен басқа.
...Біреудің асыраулы иті болған, 
Күшігінен тамақты
берген қолдан.
Сол адамның тап-тату жақын досы
Араз болып кетіпті достық жолдан.
Пәле салып
жамандап күнде-күнде
Өшігіп, дұспан болып кеткен мүлде.
ЬІза менен күншілдік ойын билеп,
Өлтіргелі келіпті айсыз түнде.
Арсылдап иті үрген қараңғыда,
Иесі жер шалады барады да.
Бұғып жатқан дұспанын көзі көрмей, 
Итті ұрады
бір таяқ алады да.
Қанжар ала жүгірген жауды көріп
Қашады қатты аттанды салады да.
Мына жақтан
жүгіріп ит те келіл,
Тастайды әлгі жауын жарады да...
Алаңдамай тыңда да сөзімді тос, 
Айтылған сөз емес қой қалжың мен бос.
Дос деп жүрген кісіңнің көбі дұспан,
Шын досың - жақсылықты ұмытпаған дос.
Бір ханның кеудесіне жара шыққан
Оған ем табылмапты тамам жұрттан.
Айтқаны қате кетпес бір балгерді
Әкепті естіген соң даңқын сырттан.
Ол айтты:- Бұл жараның емі бөлек,
Табылса, алғызыңыз
құнын төлеп.
Маңайында
қаз-қатар үш меңі бар
Он бестегі
баланың өті керек.
Хан елге сүйікті екен әділетті,
Сондықтан елі әлгіні іздеп кетті.
Бір кедейдің баласы сондай екен,
Баласын, ата-анасын алып кепті.
Ел жалынды ата мен анасына, 
Көп мал ал деп баланың бағасына.
Жүз мың
ділдә алды да кедей сатты,
Шыдадым деп баланың қазасына.
Хан сұрады
қазыдан мойнын бұрып: 
-        Емдеген дұрыс
па - деп - кісі өлтіріп?
-        Жас ұлдың ата-анасы разы болса,
Дұрыс,-
деді - кітапқа қарап тұрып.
Сол балаға бір жендет келіп қалды,
Өлтіргелі қанжарға қолын салды.
Дәт айтуға патсадан бала тілеп,
Мына сөзді айтуға рұхсат алды:
- Ата-анасы
көтерер бала назын,
Зорлық көрсем, құтқарар әділ қазым.
Қайғымды шағатұғын ханым даяр,
Бір пәлеге кез келіп болсам жазым.
Ардақтаған ата-анам малға сатты, 
Қазы бұзды ұялмай шариғатты.
Хан мені өз
жаны үшін құрбан қылды,
Енді кімге айтайын мұң мен дәтті?
Үшеуі де аямай оқпен атты,
Маған да емес пе екен жаным тәтті?
«Адамда әділет
пен мейірім бар» деп, 
Естілер мұны білмей неге шатты?
Хан қайтты мұны есітіп ескі беттен, 
Құшақтап сол баланы сүйді беттен: 
«Жазасыз қыршын жасты қинағаннан,
Жөн еді
біздей залым өліп кеткен».
Мұнан қандай гүл тердік, оқығандар, 
Құр жазуға қарама, сырын аңғар.
Бірі өлтір
деп баласын малға сатып,
Бірі өлімге шыдаған неткен жандар?
Ана жыл әскер шығып, оңнан-солдан
Соғысып жердің жүзі қанға толған.
Сол кезде Америка деген елде
«Уолдер Белдет» дейтұғын бір бай болған.
Оққа ұшқан, жараланған сансыз әскер,
Соғысқа Америка тіпті алыс жер.
Жараланған әскерге жәрдем қыл деп,
Уолдер Белдет жіберген талай дәрігер.
Ешкімді алаламай қара деген,
Бәрін де өз
бауырым деп сана деген.
Дәрі, азық, күтушіні түгел беріп,
Ешбір нәрсе қалмасын шала деген.
Неше жүз автомобиль, арбаменен
Жіберсе де көңілі бір сенбеген.
«Салақ қарап жүре ме, әлде қайтер,
Жарайды-ау өз көзіммен көрсем»- деген. 
Сол оймен жүріп кетті кеме мініп, 
Қайтпақшы
емдегенін көріп, біліп.
Көз жеткісіз
теңіздің ортасында,
Бір қазаға кез болды, кеме сынып.
Кеме суға кетерін пайымдаған
Кемеші желқайықты дайындаған.
Уолдер Белдет қайыққа өзі мінбей,
Жас бала, кемпір-шалды уайымдаған.
Сондайларды құтқарып жел қайықпен,
Сол құтылса,
өлейін мен-ақ деген.
Сыймай қалған бір әйел бебеу қағып.
Әрі-бері жүгірді қайтем деп мен.
Кеменің
суға батар кезі жетті,
Әлгі әйелге жаны ашып рахым етті.
Суға батпас белбеуін соған беріп,
Уолдер Белдет ерлікпен суға кетті.
Отаршы елдер ағызар әскер қанын,
Алмақ болып аз елдің жер мен малын.
Жаны
ашымай жастарды оққа байлап,
Аяу қайда жас бала, кемпір-шалын.
Мұны ойласам жүрегім болар жалын,
Өнерлі ел өнерсізді құл қылғанын.
Көктен түскен періште деп білемін,
Ойласам Уолдер Белдет ердің
халін.
Тумақ, өлмек -
тағдырдың шын қазасы,
Ортасы - өмір, жоқтық қой - екі басы.
Сағымдай екі жоқтың арасында
Тіршілік деп аталар біраз жасы.
Жоқтық, барлық - жоғалмақ араласы,
Үш еріксіз болады мағынасы.
Нажағайдай жарқ етіп өшпек болса,
Өмірдің он тиындық жоқ бағасы.
Таң атса,
батыр, бай, бағлан, ел ағасы
Өнерпаз, ойшыл, білгіш, ғұламасы
Мақтанып жердің жүзін жалмаса да,
Кәрілік пен өлімге жоқ дауасы.
Енді өмірдің қызықты қай арасы,
Өлімді ойлап сіңе ме ішкен асы?
Оны ұмытып, өлместей өзеленер,
Әлі тірі жүргендей түп атасы.
Адамзат - айуанның арам, қасы,
Жанның да,
ақылдың да дұспандасы.
Жанды сурет сияқты қуыршақ боп,
Жаралыстың ойнаған тамашасы.
Менменсінген кердеңнің көрген қасы,
Ішімді күйдіреді сол ызасы.
Жер тәңірсіп, кісімсіп желіксе де,
Төбесінен бір түсер жайдың тасы.
Өмірдің өкінбейтін бар айласы,
Ол айла - қиянатсыз
ой тазасы.
Мейірім, ынсап,
әділет, адал еңбек,
Таза жүрек, тату
дос - сол шарасы.
Ақыл деген өлшеусіз
бір жарық нұр,
Сол нұрды тән қамы үшін жан жұмсап жүр.
Тағдырдың қиын, сырлы сиқырымен
Жан тәнге, ақыл жанға матаулы тұр.
Жан тыныштық
таппайды тән қамын жеп,
Тән бұзылса, тұрағым бұзылар деп,
Ыстық, суық аштықтан сақтау үшін
Зұлымдық
пен Айланы қылады деп. 
Айуан етін, терісін, сүт пен күшін, 
Ара балын,
су балық,
жер жемісін,
Құс денесін,
жүнін, жұмыртқасын 
Сақтап жүр ғой дейсіз бе адам үшін?
Олардың да
ойы бар өсіп-өнбек,
Кімге оңай өмір өтіп, оты сөнбек?
Адамның таза ақылы жанды қимай,
Амалсыз қиянатқа о да көнбек.
Сөйтіп ақыл бере алмай адал көмек,
Зұлымдықпен адамды адам жемек.
Адал еңбек, ақ пейіл, мейірім жоқ -  
Осы болар таза ақыл елді демек.
Сондықтан
адам - залым, әлемге жау,
Ебін тапса, қоймайды ешкімді сау.
Жер білсе адамзаттың бұл қылығын 
Үстінен бәрін төгіп тастар еді-ау.
Олай қылмай, билесе бәрін ақыл,
Еш қиянат қылмаса зорлық, тақыл.
Таза еңбекпен тағдырдан пайдаланса,
Адамды сонда адам деген мақұл.