ВЕРНУТЬСЯ

 
   Қабағынан қар жауған 
Қараңғы бұлт жоғалды,
Қасқара алмай бет ауған
Қаһарлы жел де оңалды,
Көшейін деп қыбырлап,
Ел қыстаудан қозғалды-
Жаралы жүрек жыбырлап,
Жазылмай жалғыз сол қалды.
Қырдан ойға дүбірлеп,
Жас балар шуласты,
Күншуақта күбірлеп,
Кемпір-шал да сырласты.
Қыз-бозбала бір бөлек,
Әзілдесіп дуласты-
Өліп қалған сұм жүрек
Оятсам да тұрмас-ты.
Бетіме жылы тиеді
Күнгейдегі күншуақ,
Жан жылыны сүйеді,
Жанға рақат осы уақ,
Өлі жердің сүйегін
Тірілтті шайнап жапырақ-
Жаралы менің жүрегім,
Жайнай алмас ол бірақ.
Күн нұрымен көгеріп,
Жауқазын шықты жалбырап,
Жер жүзіне өң беріп,
Қызыл гүл бітті албырап,
Тоң еріді, қар кетіп,
Жан-жануар балбырап-
Қайғылы көңіл тырп етіп,
Қабағын ашпас салбырап.
Қолдағы малға төл еріп,
Жандыдан өсіп жан шықты,
Жаңадан Құдай жан беріп,
Неше түрлі мал шықты.
Қатып қалған желіннен
Қаймағы бар бал шықты-
Қайғылы біздің көңілден
Қайғырған сайын қан шықты.
Жер жүзіне нұр жауып,
Күн жылынды, шөп өсті,
Бие байлап, қой сауып,
Буаз малдан төл өсті,
Жанған оттай жалындап,
Жайлауға қарай ел көшті-
Жанбақ түгіл, жабырқап,
Жаралы жүрек қайта өшті. 
Көкорайға қонғанда,
Қозылар ойнар дүркіреп,
Жаздың күні болғанда,
Жаңбыры жауар күркіреп,
Жаралы біздің көңілге
Бір тамбайды сіркісеп.
Таянды ғой өлімге,
Қақырық басты кіркіреп.
Амандаса келісіп,
Бір бағланды сойғызар.
Кель деп аяқ берісіп,
Қымызға әбден тойғызар.
Тері жадырап жайылды,
Дене балқып, бой қызар.
Қайғы менен уайымды
Ойлауды да қойғызар.
Бағлан етін балқытып,
Біріне-бірі жн десіп,
Шаттанысып, шалқысып,
Кем-кетігін теңесіп,
Әзілдесіп аз сөзге
Қылтың етіп, егесіп,
Сөз қылар екен сол кезде
Біз байғұсты не десіп?
Адал кісі еді-ау деп,
Алғыс айтып алғай ма,
Аз-кемді о да жеді-ау деп,
Әйтпесе, сөгіп қарғай ма?
Ақылды болса кешер-ақ,
Алладан сауап алмай ма,-
Адал еді десер-ақ,
Тәңірі алдына бармай ма?
Мен бір тілсіз көлікпін,
Басыма соқпа, дауың жоқ.
Тепкілеме, өлікпін,
Шайтаннан басқа жауым жоқ.
Қызығып сендер ұмтылар
Қасыма ерген қауым жоқ.
Жазамды кешіп, ұмытыңдар,
Жазадан, сірә, сауың жоқ.
Мен кеттім де, сен қалдың,
Зияным енді тие ме,
Неңді жұттым, неңді алдым,
Кешсеңші жалғыз Иеңе. 
Сағант да сауп керек қой,
Кім сенеді дүниеге?
Осыны білген зерек қой,
Жолықпасын киеңе.
Жоқ болса ақың өзімде,
Қалғандарды зарлатпа.
Өтірік болса сөзімде,
Оныма менің алдатпа.
Ақың болса бет алып,
Көп жетімге қарғатпа.
Өлгенге Өтірік дау салып,
Қайыңды талға жалғатпа.
Өлген жанның моласын
Тепкілемек өнер ме?
Онымен қайтіп оңасың,
Ойласаң, пайда келер ме?
Өзімнен басқа өр кім бар,
Бәрін де жеңдім дей берме.
Алдыңда қиын бір күн бар,
Аптығып, асып, елерме.
Ақыңт болса басымда,
Осы күнде мені өлтір.
Отырмын ғой қасыңда,
«Өзіңнің жазаң» деп өлтір.
Жазам болса, тартайын,
Қолыңнан келсе, әне, өлтір.
Обалымды артайын,
Қызықсаң, босқа және өлтір.
Ол қолыңнан келмесе,
Ойнақтама, дулама.
Ойлашы өзің, ендеше,
Соған көңілің тола ма?
Өйтсең, қатын болғаның,
Еркек олай бола ма?!
Ол емес қой оңғаның,
Мұнымен кісі оңа ма?!
Біреудің мінін кешірсең,
Саған да Құдай кешеді.
Бәрін де қылмай, есірсең,
Төбеңді әлі-ақ теседі.
Көңілі жұмсақ адамның
Күрмеуін Алла шешеді.
Рақымсыз, бейілі жаманның
Орыны дайын деседі.
Мен досыңмын, жау емес,
Еліре берме, қайта ту.
Жүрегім дертті, сау емес,
Сол себептен сөзім - у.
Ащы деп алмай қоймаңыз,
Аңсағанда керек су.
Абайлап артын ойлаңыз,
Алды ғой алдап өңкей қу.
Мен өтермін, кетермін,
Жоқтарсың мені бір кезде.
Жәрдемі тимес, нетермін,
Білгенім осы бір сөзде.
Мақсатың қайсы десең кім,
Осының түбін шын көзде.
Бар ақылым - осыным,
Айтарым жоқ тіпті өзге.
Мақсатың болса орынсыз,
Сілкініп жүріп сыға бер.
Жолдасың болса тойымсыз,
Көзіне құмды тыға бер.
Қызығып жүрген ісің кім,
Ерте есептеп ұға бер.
Сенісіп жүрген кісің кім,
Жалмауыз болса жыға бер.
Мен жау болсам, кім досың,
Байқадың ба оны өзің?
Өзгелерден сен шошын,
Жау десең де, мен - көзің.
Түбінде менде айла жоқ,
Аллаға дайын мінезім.
Тойымсыз қудан пайда жоқ,
Шын жақындық бұл сөзім.
Аллаға айла қылушы ем,
Жау жықпасын туды деп;
Сескеніп, ерте-ақ білуші ем
Ішкізер қулар уды деп;
Жазалы қылмас Құдайым
Айланы ақпен жуды деп;
Деуші едім өстіп шыдайын,
Құрытпас па екем қуды деп.
Мен көргенді көрмейді-ау
Қайратты өңкей батырым.
Қайтейін, тоқтау бермейді-ау
Қу, залым деген кәпірің.
Ұқпаған соң лажым не
Жан досым мен жақыным.
Ұққаның болса, қамын же,
Оңдасын Құдай ақырын.
Қу менен сұм биледі
Берекелі байымды,
Бәрімізді ұндай иледі,
Сіңіртпей ішкен шайымды.
Күйдірген соң шыдатпай,
Көре тұрып жайыңды,
Кім айтады мен айтпай,
Сендерге енді уайымды?!