ВЕРНУТЬСЯ

    Осыдан
жиырма жылдай бұрын қазақ әдебиетінің ұлы көшіне біраз даңғаза-дабырмен жамырай
келіп қосылған бір топ жас талантты замандастар ортасынан бұйра бас, қара торы,
өңді өспірім жігіт бірден жұрттың назарын аударған еді. Асықпай, айшықтап шешен
сөйлейтін барынша білімдар жігіттің биязы мінезі мен дәлелді пікірлеріне
әркім-ақ ден қоятын.
 Кейбір өрекпіме тұрғыластарымыз өзгені
тыңдаудан гөрі өзінің ішіне сыймай жүрген ойларын жариялауға асығып жар салып
жатса,  бұл ерекше байсалды мінезбен бұрын
біз естіп-білмеген кейбір кітаптар мен авторларды алдымызға көлденең тарта
бастаушы еді, сонда біздің арамыздағы небір даукес-білгіштеріміз де бәсеңсіп
қалатын. Оның үстіне,  бұл жігіттің сонау
алыс түкпірдегі, түрікмен даласымен шектес жатқан шағын ауылдаң Маңғыстау
түбегінен келгендігі де біз үшін біраз қызғылықты жағдайдай көрінетін.
 Ол қазақ жерінің өзге аймақтарына ұқсай
қоймайтын осы түбектегі өмір, тірлік, салт-сана туралы, ежелгі аңыз-әңгімелер, ата-бабалар
тағдыры жайында, даланың қым-қуыт бояулары төңірегінде қызыға, қызына
әңгімелейтін, сол сәтте бізге ол туған жерінің шежірешісі секілді көрінетін-ді.
Ол кезде Әбіштің баспадан алғашқы өлеңдер жинағы шығып, баспасөзде алғашқы мақалалары
жарияланып жатса да, мұны білетіндер келешекте әдебиетте ол өзіне тиісті сөзін
айтады ғой деп сенер еді.
 Шынында да Әбіш Кекілбаев осы жылдар ішінде
тынымсыз, табанды еңбек етіп, талантын әр қырынан таныта білді. Өлеңдер жинағынан
басқа повесть, әңгімелердің, сыни еңбектерінің бірнеше кітабын шығарды. «Аңыздың
ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» аталатын романдар жазды. Г. Мопассанның «Өмір», «Пьер
мен Жан» романдарың Л. Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романының тарауларын,
шет ел авторларының әлденеше пьесаларын, әңгімелерін қазақ тіліне аударды. Мұның
бәрі әрине, аз еңбек емес. Бірақ мен Әбіштің қаламын оншалық жылдам деп айтпас
едім. Ол бағзыдан сыр шертетін көне көз шежірешілер секілді асықпай, баппен
жазады, бәлкім, қиналып та жазатын болар. Ең жақсысы - оның қаламынан шыққан дүниелер
оқушыны да, сыншыларды да немқұрайлы қалдырған емес, оның творчестволық
ізденістері әрдайым ден қойдырып, кейде әр түрлі талас пікірлер де тудырып жүр.
Ол шығармалардың орыс, неміс, венгер, болгар, чех, эстон тілдеріне аударылуы да
кездейсоқ құбылыс емес.
 Әбіш Кекілбаевтың шәкірттік үйрену дәуірі
пәлендей ұзаққа созылған жоқ. Өзінің алғашқы өлеңдері, мақалалары, әңгімелері арқылы
ол творчестволық мүмкіндігінен хабар берсе, кейінгі жылдары жазған шағын
көлемді повестері автордың жазушылық қарымын, өзіне тән қолтаңбасың қалыптасқан
стилін айқын танытты. «Бір шөкім бұлт», «Дала балладалары», «Бір уыс топырақ»
кітаптарына енген прозалық шығармалар онын творчестволық мұрат-мақсаттарының
ауқымын анықтап, оның стиліндегі эпиктерге тән байсалды баяндау, философиялық,
психологиялық тереңдіктерге бару, кең тынысты, бейнелі, иірімді тілдік
құралдарды пайдалану секілді ерекшеліктерін байқатты.
 Кекілбаевтың творчестволық жолы қазақ
әдебиетшілері өз халқының өткені мен тарихтын, көмескі беттерін жапатармағай жаза
бастаған тұсқа сәйкес келді. Романтикалық ерлік өнегелерге толы сол бір құпия
заманаларға үңіле отырып, өздеріне қажетті материалдар мен шабыт көзін тапқан
базбір авторлар қаламынан туған ондаған романдар мен повестерді қазір
сыншыларымыз жанрлық жағынан іріктегенде бірде тарихи, бірде
тарихи-этнографиялық, бірде хроникалық деп атап жүр. Ал шынында, соның көбісі
өткен өмірді құрғақ қызықтайтын арзан экзотика, беллетристикаға айналған этнография
дәрежесінен аспай жатты.
 Прозашы Әбіш Кекілбаев, біздіңше, тарихқа
басқадай жолмен барды. «Күй», «Ханша-дария хикаясы», «Шыңырау», «Бәсеке» атты
повестерінде автор ежелгі аңыз-әңгімелерді шебер пайдалана отырып, өткен күннің
жарқын да қаһарлы бейнесін, моральдық бейнесін жасайды, бүгінгі күннің
көкейтесті мәселелерін қозғайды. Москваның «Молодая гвардия» баспасынан шыққан
Ә. Кекілбаевтың «Дала балладалары» (1975) кітабына жазған алғы сөзінде
Әбдіжәміл Нүрпейісов былай дейді: «Ол өзінің шығармаларында атақты тарихи
тұлғалар есімін саудаға салмайды. Ол өз халқының өткен тұрмысын әспеттеу,
әйтпесе мансұқ ету секілді мінезден де аулақ. Адам өмірінің әлеуметтік сыр-сипаттарын
философиялық, психологиялық тұрғыдан терең көрсетуі  бұл повестердің шыншылдық қасиетін ерекше
көтере түскен.
 Ә. Кекілбаевтың көркемдік палитрасының қуаты
мен қасиеті де осында - ол ежелгі аңыз-әңгімелерді бүгінгі күннін елегінен өткізіп,
тарихи-философиялық тұрғыдан екшеп отырады, сол аңыз-әңгімелерден күллі адам
баласына ортақ адамшылық тамырларды тауып отырады. Өткен күндер шындығына
бүгінгі күннің жарық сәулесін түсіреді. Кекілбаевтың суреткер ретіндегі
ерекшелігінін бір парасын осы төңіректен іздеуіміз керек. Демек, сыншыларымыздың
оның «тарих пен бүгінгі күннің маңызды мәселелерің» (Ш. Айтматов) ұтырлы
қозғап, «әлеуметтік ірі идеяларды өзек ететінін» (Ә. Нұрпейісов) «адам баласының
болыысы мен оның іс-әрекетінің себеп-салдарын іздеп, үнемі ой толғайтынын» (А.
Руденко-Десняк) атап көрсетуі шындыққа әбден сай келеді.
 «Күй» повесін - ежелгі тайпалар арасындағы
талас-тартыс, араздық туралы, қатыгездік пен надандық жайлаған замандағы кейбір
ұсқынсыз әдет-ғұрыптар туралы жазылған шығарма дейміз. Ата-бабадан мирас болып
келе жатқан абырой-атақ, ар-намысты қайткенде аяққа таптатпау, дұшпан сөзін
бастан асырмау секілді ежелгі ұғымдарды арқаланған батырлар мен дуалы
ауыздардың барша өмірі ру намысын жыртудан аспаған заманның кескінін көреміз.
Автор қазақ даласы мен түрікмен құмдарының ғажайып суреттерін салуға құнарлы
тіл де, ұтырлы детальдарды да таба біледі, бірақ осынау күн нұрына шомылған зеңгір
аспан астын мекендеген екі бауырлас жұрт ол кездерде өзара сыйыса алмай, ұғыса
алмай талай тауқыметті бастан кешіріпті. Талай замандар бойы осы далада зорлық-зомбылықтың
неше алуан түрі: алып кету, шауып кету, жер дауы, жесір дауы патшалық құрған.
Жаулықтың тамыр жайып кеткені соншалық, жазықты мен жазықсызды айырып жату
мүмкін емес-ті. Жұрт аузында «кек қайтару» деген қатал сөз бар. Осы сөз елдің
есін алып, ішін мұздатқан, кеудеде шер-шемен боп қатқан. Тіпті аза-қаза үстінде
де еркек атаулы қарына қанжар байлап жүруді әдет еткен. Той-томалақта ән айтып,
домбыра шертуді ұмыта бастаған. Түрікмен рубасы Жөнөйіттің қатал қабағынан
жақыны да, жаты да қорқады... Жөнейіттің інісі Көкбөрі де қан аңсаған
қатыгездің өзі, мұның да бар өмірі жортуыл үстінде өткен.
 Екі тайпа ел осылай жаулықта өмір сүріп жатты.
Жәнейіт хан болса, өз ісінің дұрыстығына әсте шүбәланып көрген жан емес.
Жамандықты балалатып отырып,  бұл өз
халқының даңқы мен дақпыртын асырдым деп біледі, ата-баба аруағын қорламауды
қатты қадағалайды, өзін ел намысы мен әділеттің жоқтаушысы санатына қосады,
осының бәріне ол шын көңілімен иланады. Ғасырлар бойы жасап келе жатқан
әдет-ғұрыптан аттап өтіп, адамшылыққа қиғаш көрінетін әрекет құрсауын бұзып
шығуға шалдың шамасы жоқ. Жөнейіт даланың қатал заңдарының құлақ кесті
құлындай. Қартайғанына бір қынжылса, тайпаласында бас көтерер батырлардың
азайып бара жатқанын көріп тағы күйзеледі. Аттың құлағында ойнап, қанжар мен
қылышты қапысыз қатар сермейтін үлкен ұлы қыршын кетсе, төңірегіне тебелеспен
аты шыққан ортаншысы да бүгінде жат жердің топырағын жастанып жатыр. Ал кенже
ұлы Дәулеттің - елдің бәріне сүйкімді көрінетін сері жігіттің - бала жастан
қолына дутар ұстап, ән-күйге әуес болғанын Жөнейіт мүлдем түсіне алмас еді. Осы
ұлының көкірегіне жауға деген өшпенділік отын тұтату үшін Женейіт оны Темір
бабасының моласының басына түнетуге алып барады. Ұрыс-керіске әуел бастан икемі
жоқ талантты бозбала әкесінің айтқанын істеймін деп ақыры мерт болады...
 Женейіт қартайған шағында алыс-жұлыспен өткен
өмірінің пәлендей опа бермегеніне, адам баласының өшпенділікпен, кекшілдікпен,
ызақорлықпен, жікшілдікпен баянды өмір сүре алмайтынына көзі жете бастайды.
Бірақ қапа-қайғыға белшесінен батқаң ыза-кектен ақылынан алжасқан кәрінің бұдан
әріге өресі жетпейді. Қолға түскен күйші қазақ та осы жөнінде қинала ойлайды.
Бұл да адам баласының айуандық істер үшін емес, өз нәсілін көбейтіп, тыныштықта
өмір кешу үшін жарық дүниеге келгенін күй тілімен марапаттайды. Өзінің көңілі құлаған
осы ақиқатты Жөнейіттің де көкірегіне құюға тырысады. Сөйтіп, екеуі де домбыра
үніне - екеуіне де түсінікті бола бастаған жойқын күй сазына - құлақ түреді.
 Рас, өшпенділік тек қана өшпенділікті тудырады
екен. Осыны ұққан Жөнейіт қатты толқып, бұрынғы иланым-сенімінен айрыла
бастайды, жапанда жалғыз қалғандай беймаза халді басынан өткереді. Ыза-кекке,
қайғы-қасіретке, қарғыс-налаға толы домбыра үні Жөнейіттің тынышын кетіреді,
енді бірде құдай алдында да, адам алдында да түк жазығы жоқ, Дүйімқараның
зорлығына ұшырап, лажсыз пенде болған осынау сырт пішімі аса жұпыны, бейшара
домбырашыға кәдімгідей жаны аши бастайды. Қайғы-қапа соңынан мәңгі көз жұмуға
бет алғанда да ол әдеттегідей көкжебенің ысқырығын, көк семсердің суылын естімейді
- домбырашы қазақтан немересі Құрбан үйренген сол зар ызыны келеді құлағына...
Қазақ, орыс, шет ел сыншылары тарапынан талай жылы сөз естіген «Күй» повесінің
мазмұны мен идеялық пафосы, міне, осындай.
 Өткен күндердің ащы шындығын көрсету арқылы
келешекке де жарық сәуле түсіруге болады. Ә. Кекілбаевтың тарихи тақырыпқа
жазған повестерінің өзекті ойы, біздіңше, осындай. Осыған назар аударған
сыншылар, сонымен қабат, қазақ жазушысы көтеріп отырған адамгершілік мәселелер
ұлттық тар шеңберде қалмай, жалпы адам нәсіліне ортақ мұраттармен үндесіп
жататынын ескертеді. Мысалы, Л. Теракопян былай деп жазады: «Өткен өмірдің көне
беттерін аша отырып, тарихи шындықтан ауытқымаса да, Әбіш Кекілбаевтың бұл
повесі бүгінгі күннің көкейтесті мәселелеріне жауап береді. Бұл шығарма адам
бойындағы творчестволық бастау көзін, өзінше ойлау хұқын әспеттейді». ГДР-дің
«Фольк унд вельт» баспасында екі рет қайта басылған совет жазушыларының
таңдаулы повестері туралы жазған мақаласында белгілі неміс сыншысы Герберт
Кремпиен де осы жайларға назар аударады: «Адайлар мен түрікмендер арасында
жүздеген жылдарға созылған алауыздықтан хабардар ететін осы оқиғалар көшпенді халықтарда
бұрын тарих болмады деген қауесетті жоққа шығарады, мұндай қауесет бұрын
қазақтарға да таңылып келген еді... Сонымен қатар, Орта Азия даласында өткен
кішігірім қақтығысты суреттеу арқылы да үлкен қоғамдық мәні бар гуманистік
хикая жасауға болатынын дәлелдейді. Қазақ жазушысы ертедегі ұлттық тарихқа
үңілсе де, бүгінгі заманда мысалы, Африка халықтары үшін айрықша мәні бар өте көкейтесті
жайларды қозғайды».
 Ә. Кекілбаевтың жазушы ретіндегі ең сүйікті тақырыптарының
бірі - әділет пен сүйіспеншілікке, адамшылық пен қайырымдылыққа қарама-қарсы
суреттелген көпшілікті өлшеусіз қасірет-қайғыға, алапат ойран-сұмдықтарға
бастайтын шегі-шеті жоқ билік пен қарақан басының қамын күйттеген сол билік
иесінің ештен кеш болса да, райынан қайту кезеңі, рухани қайыршылық көріністері
оның көпшілікке белгілі «Ханша-дария хикаясы» повесінде жан-жақты
сипатталады.  Бұл повесть Шыңғыс хан
туралы көне аңызға құрылған: өз кеудесінің желіне өзі семірген Ұлы әмірші
таңғұт елін түп-түгел қырып тастаса да, осы елдің ханшасы гүрбелжін сұлудың
аппақ тәнінен сусындай алмай, ақыр соңында әйел қолынан мертігеді. Автор көне
аңызға философиялық мән-мағына қосып, өркөкірек адам рухының қайсарлығын
дәріптейді: халықтарды қанға бояған айналасына қаһар шашқан әміршілердің
әлсіздігін жер бетіне зұлымдықтың ұрығын еккен әрбіреудің Әлінің қылышынан
бәрібір қашып құтыла алмайтынын, ондай қанқұйлы жауыздарды аспандағы алла емес,
адам қолының өзі жазалайтынын айтады.
 Ал жазушының «Шыңырау», «Бәсеке» атты
повестері ондағы оқиғалар мен әлеуметтік ой-пікірлер жағынан біздің заманымызға
жақын тұр. Мұнда да Ә. Кекілбаевтың о бастағы философиялық, аналитикалық
суреттеу тәсілінен айнымағанын көреміз, дегенмен,  бұл жолы ежелгі аңыз-әңгімелердің бірін таңдап
алып, соны өзінше байытып жатпайды, қайта керісінше - өткен ғасырда қазақ
аулында өткен бірер қарапайым оқиғаны тілге тиек етеді де, соны шебер реалистік
мәнерде трагедиялық коллизиялар дәрежесіне көтереді, сөйтіп, бүгінгі күннің қажетіне
асарлық адамшылық, этикалық мәселелерді күн тәртібіне қояды.
 «Шыңырау» повесіндегі құдықшы Еңсептің тағдыры
аса қайғылы.  Бұл - өзінің тауқыметке
толы қысқа ғұмыры ішінде жапан түзде талай құдық қазған, талайдың мейірін
қандырған, өзіне осыншалық бейнет пен зейнет болған осыншама қауіп-қатерге толы
еңбегіне ерекше қадір-қасиетпен қараған адамның тарихы. Бірақ ол заманда Еңсеп
секілді адамдардың еңбегі көбіне еш болатын, ақыры ол да өз өмірінің ішіндегі
ең терең шыңырауды қазып жүріп қазаға ұшырайды.
 Ал «Бәсеке» повесінде дала шонжарының ару қызы
феодалдық заманның қанды құрсауынан құтыла алмай, есірік біреудің қолына
түскені баяндалады, «Шыңырау», «Бәсеке» повесінде кейін суреткердің біздің
заманымызға арналған шығармаларында айқынырақ көрінген қолтаңбасы бар еді, ол ерекшеліктер;
композиңиялық шымырлық, тұрмыстық және этнографиялық детальдардың дәлдігі,
терең психологизм, кейіпкерлердің әрекет-қимылдарын жан-жақты талдап көрсету, кейде
сатиралық, кейде жеңіл күлкі шақыратын сыпайы, сұлу баяндау тәсілі деп білеміз.
 Осы аталған повестердегі көркемдік-эстетикалық,
әлеуметтік-философиялық қасиеттер «Аңыздың ақыры» атты күрделі романда әрі
қарай жалғасып, дами түсті. Ә. Кекілбаевтың тарихи балладалар циклі, біздіңше,
осы романда өзінің толық көркемдік шешімін тапқан.  Бұл шығармалар, сөз жоқ, суреткердің
творчестволық өсу жолындағы маңызды белес болып қалмақ.
 «Аңыздың ақыры» романында автор тағы да өзінің
бұрынғы қалыптасқан байсалды, қазып айтатын баяндау тәсіліне ерік береді, мұнда
жалпы сюжет, оқиғаның жотасы анық көрінгенмен, бірінші кезекте адам жанының
алуан иірімдері, терең психологиясы, пейіл-мұрат, мінез-құлық, ішкі драмалық коллизия,
сырт көзге онша байқала бермейтін, бірақ іште қайнап жатқан ой-сезім, сөз бен
әрекеттің арбасуы тәптіштеледі.
 Тарихта болған дерек пен творчестволық қиял, фольклорлық
бастау мен реалистік баяндау осы шығармада ерекше жымдасып кетеді де, халықтың
әр қилы аңыз-әңгімелерін өзінше қызғылықты түсіндіретін автордың көркемдік
философиялық конңепңиясы барынша толық, барынша айқын танылады. Шыңғыс
Айтматовтың осы арада фольклорды игеру жөніндегі ойлары маңызды көрінеді, ол әр
түрлі мифологиялық желілерді бүгінгі күн талаптарына лайық пайдаланудың
артықшылығын атай отырып: «Талантты қазақ прозаигі Әбіш Кекілбаев мифологиялық
системалар мен структураларды игеру арқылы өткен мен бүгінгінің маңызды мәселелерін
қозғай білген. Бұл кітап - ойшылдықтың жоғарғы сатысынан қарағанда да,
аңыз-әңгімелер мен бүгінгі күннің өткен мен бүгінгі күндер тәжірибесінің
қорытпасы, осы компоненттердің барлығы (әрине, мұның ішінде прозаиктің таланты
да бар) қосыла келе, біздің пікірімізше, бұл шығармалардың мазмұнын ғана
байытып қоймай, оның көркемдік қасиетін де арттыра түскен»,- деген пікірі аса қисынды
көрінеді.
 Ә. Кекілбаевтың повестері жөнінде осы айтылған
пікірдің «Аңыздың ақыры» романына да түгелдей қатысы бар. ГДР сыншысы З.
Кляйнмихель Ә. Кекілбаевтың тарихи шығармаларының негізін құрайтын
аңыз-әңгімелер мазмұнын бірер сөзбен айтып беруге болатынын орынды ескертеді. «Аңыздың
ақыры» романының оқиғасы да Самарқан шаһарінің жолбасшылары туристерге күнде
айтып беріп жүрген, Темірланның сүйікті тоқалы Бибі ханым салдырған атақты ғимараты
жөніндегі хикаяға негізделген секілді.
 ...Ұлы әмірші алыс жортуылға аттанып кеткен.
Ерін сағынған жас әйел қосағы қайтып оралғанша, ғажайып күмбезді көк мұнара
салғызуды ойлайды. Осы мұнараны салушы жас шебер сұлу ханшаға өлердей ғашық
болады да, егер тілінен бал татқызбаса, мұнараның күмбезі әрі қарай
қаланбайтынын шарт етіп қояды. Бұған ашуланған ханша қиқар шеберге өзінің ең сымбатты
күңін сыйлыққа ұсынады. Бірақ анау қасарысып көнбейді.  Бұл кезде әмірші де жауын женіп, атының басын
кері бұрған екен дейді. Әмірші астана жұртына келмес бұрын жас ханша жас
шебердің тілегін орындауға ыңғай танытады. Әйелі салдырған ғажайып мұнараға
әміршісі бек риза болады, бірақ ханшаның бетіне түскен ыстық таңбаны көріп,
қаһар шашады. Ханша «қылмысын» мойындайды, шебер дарға асылады...
  Бұл
аңыздың әр түрлі вариациялары бар, бірақ бәрінің түйісетін жері осындай. Жазушы
ескі аңызды қайта жаңғыртып, қайта баяндап қоймайды, оған терең философиялық
мән-мағына қосады, аңыздың әлеуметтік сыр-сипаттарын ашады, ешбір заманда
өзгеруді білмейтін адамгершілік мәселелерді қозғайды, адам тағдырының қым-қуыт
жолдарын көрсетеді. Романның бас кейіпкері - ұлы Әмірші «Күй» повесіндегі
Жөнейітпен, «Ханша-дария хикаясы» повесіндегі Шыңғыспен іштей де, сырттай да
біраз үндесіп жатады, бірақ  бұл
шығармада шексіз билік пен билік құмарлықтың адамшылық философиямен әсте сыйыспайтындығы
айқынырақ, тереңірек суреттеледі. Әміршінің атақ-абыройға, шексіз билікке қолы
бірден жетпеген. Әмір әскерінің көп сардарының бірі бола жүріп,  бұл да жасында талай қуғын-сүргінді,
қауіп-қатерді басынан өткерген, күштінің қысымын көрген, тұмсығы тасқа тиген.
Бірақ табиғат бұған бала жастан қайсар мінез, зор дарын асқан өзімшілдік пен бірбеткейлікті
сыйлапты. Ол бала жасынан өзінің атағын шығарып, елдің есінде қалуды ойлайды.
Осы мақсатына жету үшін мына алдамшы дүниеде бір-ақ жолдың - билік пен мансап жолының
бар екеніне ерте көзі жетеді. Көздеген жеріне төтелеп бару үшін Әмірші өзінің
бар күш-жігерін, амал-айласын аямай жұмсайды. Айналасындағы бағынышты
адамдарының іші-сыртын, пендешілік осалдықтарын түгел зерттеп білген Әмірші
халқына да қырын қарайды, халқын үміт пен үрейдің арасында ұстаса ғана қара
тобырды қаһарлы қалың қолға айналдыруға болады деп олайды. Басқарудың әр түрлі айла-тәсілін,
саясаттын, сан түрлі шиырларын меңгерген Әмірші қара басынын мүддесін қорғау
үшін арам, адалды айырып жатпайды, ақырында ол ақылды да көреген, бірақ қайырымдылық
дегенді білмейтін қара жүрек қанапезерге айналады. Жарты әлемге билігін
жүргізген әмірші енді өзінің әрбір жорығы, әрбір әрекет-қимылы, аузынан шыққан
әрбір сөзі аңызға айналып, досын қуантса екен, қасының зәресін ұшырса екен деп
қиялдайды. Қыруар елді тітіреткен айбынымен, ақылымен, батырлығымен тірлігінде
әлемді аузына қаратса, келешек ұрпақтар оның атын дақпырттап әкетуін қалайды. Ерінің
ерлігі құрметіне жас тоқал салдырған, көкке мойнын созған көгілдір мұнара мұның
атағын келер нәсілдерге айғақтап жеткізеді деп сенген. Рас, ол кезінде
халықтардың басында әңгір таяғын ойнатқан, талай алтын тақтардың талқанын
шығарып, талабы асқан өзінің туа біткен турашылдығы, даралығы, даналығы жөнінде
төңірегіне нелер ертегілерді таратып жіберткен. Айдарынан жел ескен айбарлы
Әмірші туралы осы ертегілердің мәңгі жасайтындығына да оның көңілі әбден сенулі
еді.
 Әйткенмен, махаббат мұнарасы туралы аңыз осы ертегілердің
бәрінің белінен бір-ақ сызып, бір адамның атағын асыру үшін құрбан болған
бейшаралардың тағдыр-тарихын біздің заманымызға дейін жеткізді.
 Автор бас кейіпкеріне басы жоқ, аяғы жоқ қара
бояуды баттастырып жаға бермейді, оның іс-әрекеттерін төтелеп даттай да
бермейді, автор адамшылық қасиетті, адамның жеке басын аяққа таптайтын зорлық
пен зұлымдықтың, билік құмарлықтың шірік философиясын әшкерелеуге назар
аударады. Қаншалық қаһарлы, қайратты болғанмен, Әміршінің өзі де, шынтуайтқа
келгенде көрсоқыр, қатыгез догманың кесік құлақ құлы, ол өз ниетіне өзі
кіріптар болған біреу. Ол өзгелерді қайғы-қасіретке ұшыратумен бірге, өзі де
шектеусіз биліктің құрбаны болады.
 Әміршінің күйреуі - романнын соңында заңды
құбылыстай әсер етеді. Өйткені ол өзінің бойындағы барша қайрат-жігерін, ақыл-парасатын,
әуре-сарсаңға толы тынымсыз өмірін түгелдей өзімшілдік пен өркөкіректікке,
өзгеден артық туысын дәлелдеуге жұмсайды. Автор осы күйреудің философиялық,
әлеуметтіқ адамшылық негіздерін жан-жақты, нанымды суреттейді.
 «Әбіш творчестволық жолындағы алғашқы асудан
аптықпай өтті. Ол енді қалыптасқан, есейген жазушы ретінде өзінің көркемдік-творчестволық
екінші асуына, менің пікірімше, ең басты биігіне қарай беттеуі керек» - деп
жазған еді Ә. Нүрпейісов. Шынында, әрбір шын жазушының творчестволық жолында
ертелі-кеш осындай бір кезеңнің кездесетіні рас. Бұдан әрі ондай автор бұрыннан
белгілі жолымен жүре бермейді, өйткені ол жол өзін-өзі қайталауға, таптаурын
вариаңияларға, бұрын пайдаланған материалдар мен тәсілдерді машықты түрде жаңғыртуға
әкеліп соғар еді. Ә. Кекілбаев осыны сезген болуы керек. Үш-төрт жыл үзілістен
соң ол жаңа повесть, әңгімелерін жариялады, 
бұл әңгімелер автордың творчестволық ізденістері мен дарынының жаңа
қырын ашып, белгілі дәрежеде тосын дүниелер секілді болып көрінді.  Бұл шығармаларда автор әдеттегідей есте жоқ
ескі заман тақырыбын күйттемей, бүгінгі күннің көкейтесті адамшылық
мәселелеріне ден қояды, творчестволық көкжиегін бұрынғыдан да кеңейте түседі, бұрынғы
бірде байсалды, бірде көтеріңкі стильдің орнына шымыр да серіппелі көркемдік
баяндауға қол артады. Ұзақ диалог, астарлы юмор, әр қилы сезім бояуларын
жеткізудегі тілдік нәзік иірімдер, өмірдің трагедиялық жақтарын жан-жақты ашып,
өмірдің ұсқынсыз жақтарын әжуалау, әшкерелеу - осы повесть, әңгімелерге тән
қасиет. Ә. Кекілбаевтың әңгімелерінде көрінген әлеуметтік объектілер
психологиялық анализге түседі.
 «Бір шоқ жиде» повесінің эпиграфына И.
Буниннің «Кім женінде айтсақ та бәрібір емес пе? Жер бетіндегі әрбір жұмыр басты
пенде жайында айтуға әбден болады»,- деген сөзін келтіруі тегіннен-тегін емес.
Шындығында,  бұл повестердің кейіпкерлері,
былайша қарағанда, қарапайым, елеусіз адамдар.  Бұлар - Әбіштің тарихи балладаларында
кездесетін қаһарлы қаһармандар секілді, адам қақпақылға салуға шамасы жетпейтін,
зор шындықтар мен идеяларды арқаланбаған, пәлендей ерекше мінез, дарындары да
жоқ, алдарына пәлендей ірі міндеттер қоймаған қатардағы адамдар.
 Дала төсінде қиыншылыққа толы адал өмір кешкен
момын кәрі Тілеу («Бір шоқ жиде»), құлан жортқан құла түзге ирек-ирек жол
салып, далалықтар үшін жаңалық болып көрінетін мамандықты игерген Жақан
(«Автомобиль»), өмір ағымына еріксіз еріп кетіп, жеңілтектік кесірінен
жалғыздық зардабын тартқан сұлу Зуһра («Шеткері үй»), баласының соңына еріп
қалаға келген кәрі кемпірдің көзбен көріп, көңілге түйгендері («Құс қанаты») -
осының бәрі - бүгінгі тіршілікті әр қырынан көрсетіп, рухани әлемдегі
психологиялық, әлеуметтіқ этикалық, моральдық өзгеріс-қозғалыстарды көркемдік
шындық аясында суреттеуге негіз болған. Автор кейіпкерлер өмірін қарапайым
баяндап шығады,  бұлардың күнделікті
күйбең тірлігінде ерекше оқиға, ерекше қақтығыс байқала бермейді, бірақ осындай
сырт көзге елеусіз көрінетін өмірде қиыр-қиыр мағыналардың, қатпарлы
ой-сырлардың мол екендігі де сөзсіз. Аталмыш повестердің беттерінен ауыр
қиналыстардан соң ақиқаттың ауылын іздеп тапқан кейіпкерлердің шытырман іздерін
іздеп табасыз. «Бір шоқ жиде» повесіндегі Тілеу шал, мысалы, туған жер
алдындағы парыз бен қарызды жете түсінген, жеке адамның өмірі келте болғанмен,
жер бетіндегі тірлік әуенінің мәңгі үзілмейтінін жақсы білетін, сондықтан айналасындағы
әулетінің, жақын-жұрағатының қу құлқынның құлына айналып, күнәкарлықпен күнін
өткізбеуін қалайтын кісі. Ол ғасырлар бойы жасап келе жатқан дәстүрлер мен
мұраттар адам баласының тыныштығы мен қамсыз тұрмысына қызмет етсе ғана құнды
деп білетін тілеуқор кісі.
 Ал «Шеткері үй» повесіндегі Зуһраның жеке
бастық өмірі де адам қызығарлық емес. Айнала ағымға талғау-таңдаусыз ілескен әйел
ақырында жағаға шығып қалғанын өзі де сезбей қалады. Бір кездегі алаңсыз,
албырт сұлу енді келіп тағдырдың тәлкегіне ұшырағанын көргенде, қатты опынып,
күйінеді, бірақ Зуһра кеш қалған еді. Ол өлген күйеуінің аруағы алдында, жалғыз
ұлының алдында, қала берді туған-туыс, көңіл қосқан еркектерінің алдында әбден
күнәға батады. Оның ендігі серігі қасындағы қарғылы иті секілді еді. Ақыр
соңында сол ит те далаға лағып кетеді. Зуһра, шынында, ешкімге залал жасамаған,
бірақ ешкімге қайырымдылық та көрсетпеген әйел. Қайырымдылықпен өткен өмірдің
ғана мән-мағынасы бар екен. Жер бетіне жақсылықтың ұрығын ексең, белсенді,
берекелі емір сүру деген, әне, сол. Әйткенмен, осыны түсініп, осылай өмір сүру
әркімнің қолынан келе бермейді екен...
 «Құс қанаты» повесіндегі кемпірдің басынан
өткергендері аз емес. Алыстағы ауылда, құм-белестердің ортасында дүниеге келген
ол бала жасынан ашты-тоқты, қиын-қыстау тірлік кешеді, кейін күйеуі өліп жесір
қалады, бірақ қайғы-қасіреттің шылауында кетпей, қапаналаның бәрін дала
әйелдеріне ежелден тән көнбістікпен, қайсарлықпен қарсы алады. Майданда қазаға
ұшыраған ерінің артында қалған жалғыз тұяғы - ұлын аман-есен адам қатарына
қосуды ол өзінің осы өмірдегі ең зор аналық мұраты деп біледі. Сол ұлы ержетіп,
семья құрған шағында белгілі азамат қатарына қосылған кезінде де, анасы оның
қасынан қалмайды, оның қазіргі тұрмысын, ой-мүддесін, жүріс-тұрысын,
дос-жарандарын, құдай қосқан жарын, тіпті қартайған шағында тап келген бейтаныс
қала тіршілігін өзінше танып, өзінше түсінуге жұмылады.
 Қазақ прозашылары ауыл жайында көбірек құлшына
жазып жүр. Солардың көпшілігінен адамшылық асыл мұраттардың тұрағына айналған,
небір романтикалық жақсы ойлардың қозғаушысы болған әрдайым сағына, зарыға еске
алатын ауылды көруші едік. Ондай шығармаларда кейде ауыл қалаға қарама-қарсы
қойылады да, барша жамандық пен күнәкарлықтың балалап жатқан жері қала ретінде
суреттелетіні бар. Ә. Кекілбаев повестерінде мұндай қарама-қарсылықтар
кездеспейді. «Құс қанатындағы» кемпірдің ұзын көйлегі мен ақ кимешегіне көше
жүзінде таңдана қарайтындар табылар, кемпірдің өзі де шәһар тұрмысына бірден
үйреніп кете қоймайды. Баласының үйіне темір шүмек бойымен ағып келіп жатқан
ыстық-суық су да, қаланың ортасындағы көк базарда «алыңыз, алыңыз!» деп айқай
салған пысықай саудагер-майдагерлер де, қамшы тастар жердегі дүкендерде бой
түзеген сылқым сатушылар да кейуанаға алғашқы күндері тосын қызықтай көрінеді.
Кейуананың тұмысындағы байқампаздығы мен аңқаулығын, ақыл-парасатын автор әдемі
нәзік юмор тілімен сипаттайды. Автор ауылда өскен қазақ әйелін қала ортасына алып
келіп, ғасырлар бойы қалыптасқан далалық мінез-құлықтың жаңа қоныста сынға
түскенде, бәрібір о бастағы тұғырдан ауытқымайтындығын, алаңсыз адамшылық пен
қарапайым қайырымдылық әсте жоғалып-жіңішкеріп кетпейтіндігін нанымды
сипаттайды.
 Өзге замандас жазушылары секілді, Әбіш
Кекілбаев та өзхалқының ежелгі әдет-ғұрып, дәстүр-тағлымдарын егжей-тегжейлі,
кейде қызыға суреттеуге құмбыл, ол көшпенділер өмірінің қазір ұмытыла бастаған
этнографиядық детальдарына ерекше мән береді, бірақ арзанқол экзотика жетегінде
кетпейді, сол детальдардың әлеуметтік- философиялық мән-мағынасына үңіліп,
халық өмірін, адам жанының ішкі иірімдерін ашуға тырысады.
 Ә. Кекілбаевтың прозасы, жалпы алғанда, өмір
құбылыстарына байсалды ой-парасат көзімен қарауға шақырып, өткен мен бүгіннің
ажырамас, диалектикалық бірлігін тереңірек түсінуге көмектеседі. Бұл проза
қазақ тілінің ауызша, жазбаша озық өнегелеріне арқа сүйейді, содан да ол
философиялық интеллектуалдық мағыналарға бай болып келеді.
 Қазір Әбіш Кекілбаев творчестволық дер
шағында. Соңғы жылдарда ол ерекше өнімді еңбек етті. Бәлкім, ол өзінің
творчестволық жолындағы ең жауапты кезеңіне келген болар. Әбіштің алдындағы
асуларды алып, жаңа биіктерге қарай ұмтылатынына біздің сеніміміз кәміл.
 
 ГЕРОЛЬД  БЕЛЬГЕР