ВЕРНУТЬСЯ

    Әбіш КЕКІЛБАЕВ
    Абылай хан.
Халықтық-қаһармандық драмалық дастан.
    Режиссері Б.АТАБАЕВ. 
    Қазақтың М.Әуезов
атындағы академиялық драма театры
 
            Қазақ хандығы құрылғаннан бергі үш
ғасыр бойы жан-жақтан анталаған жауларын жайқап, елдің қонысын, өрісін
кеңейткен ұлы хандардың ішінде Абылайдың орны ерекше. XVIII ғасырда Солтүстік
батыстағы Ресей мемлекеті де, Шығыстағы Қытай империясы да, үш жүз жыл бойы
соғысып, қазақ жеріне кіре алмаған Жоңғар мемлекеті де, тіпті оңтүстіктегі
Бұхар, Хиуа, Қоқан хандықтары да заманға сай әскер ұстап, алысқа ататын
винтовка мен зеңбіректерін зіркілдетіп тұрғанды. Қазақ жауынгерлерінде қанша
қаһарман болса да мұндай қару-жарақ жоқ еді. Абылайдың жас кезінде күллі қазақ
күш біріктіріп жоңғар басқыншыларын Ерен Қабырғадан әрі асырып тастаса да, екі
ұлы мемлекеттің - Қытай мен Ресейдің қыспағында қалды. Таққа отырған Абылай
енді қара күшпен емес, асқан ақылдылықпен елді, жерді сақтаудың әрқилы амалын
табуға мәжбүр-тұғын.
            Тарихты терең білетін көрнекті
жазушымыз Әбіш Кекілбаев ел басына күн туған сонау қилы заманды, бір пьеса
емес, бірнеше томдық романға лайық оқиғаларды шетінен тізіп баяндамай, үлкен
философиялық ой-тұжырыммен көз алдымызға келтіріпті. Сахнада сөз таласы ғана
емес, адам тағдырлары арқылы діттеген ойды жеткізе алмаса, көрерменді қызықтыру
қиын. Драматург осы жағына айрықша көңіл бөлген. Негізгі идея ел тағыдыры, жер
тағдыры бола тұра басты кейіпкерлердің жеке тағдырлары да кең қамтылған.
            Әуелде біз Сабалақ атымен жүрген
Абылайды жас актер С.Сәлімжановтың бейнелеуінде көреміз. Жүрек оты лапылдаған
жас батырды байқамасақ та жігеріне ақылы сай болашақ ханды тану қиын емес.
Сабалақ  ұрыс майданындағы жекпе-жекте
Жоңғар ханы Қалдан Шеріннің батыр ұлы Шарышты өлтірген болатын. Қапыда тұтқынға
түскен Сабалақтан Қалдан Шерін жеке жауап алғанда қайтарған жауаптары болашақ
Абылай ханды көз алдымызға елестетеді. Жоңғар ханы да ақымақ емес, кіммен
сөйлесіп тұрғанын алдын-ала байқайды да, жас батырды өлімге қимайды, бәлкім,
түбінде онымен одақ болуды да ойлаған шығар...
            Осы көрініске қоюшы режиссер Болат
Атабаев та, жас актер С.Сәлімжанов та баса назар аударып, күш салғаны анық
байқалып тұр.
            Абылай хан бейнесінде Тұңғышбай
Әл-Тарази көрінгеннен бастап сахна байи бастайды. Әрқилы адамдармен
сөйлесуінде, әр адамның пейіл-пиғылын болжауында, ақыл таразысына салып, шешім
қабылдауында терең ой мен асқан айлакерлік бар. Белгілі сахна шеберінің
жүрістұрысынан, қол сермеуінен, тіпті, таққа отыруынан да ішкі жігер мен
парасаттылықты, кейбір іс-оқиғаларды алдын-ала болжай білетін даналықты
сеземіз. Тұңғышбайдың  «Құдай берген»
дауысының өзінде қаншама күш-салмақ бар! Кейбіреуге айқай көптеу көрінуі
мүмкін, бірақ ол заманда айқайсыз, бұйрықсыз іс біткен бе? Әсіресе, кейбір
кертартпалардың Абылайды басқа жағынан сүріндіре алмай, арғы тегін қазбалауға
тырысқаны сонау қиын-қыстау кезеңде ашу-ыза тудырмай қайтсін! Хан, тіпті,
тақтан таюға да әзір, бірақ халық қамын ойлаған ел дақсылары мұндай ағаттыққа
жол бермейді. Абылайдың әкеден қалған таққа мұрагер емес, халық арасынан шыққан
жан екендігіне режиссер Болат Атабаев көпшілік сахналарын аса шебер пайдалану
арқылы көрерменнің көзін жеткізеді.
            Бұл арада Әмір Сана тағдырына тоқтала
кеткен жөн. Сабалақ Қалдан Шеріннің тұтқынында жүргенде оған сұлу Күлпәш
(арт.Д.Жүсіп.) көңілі кетіп қолұшын берген-ді. Әмір Сана - Сабалақтың Күлпаштан
туған ұлы екенін аңғарамыз. Кейін ол ержетіп, Қалдан Шерін өлгеннен кейін таққа
таласушылардың бірі және бірегейі болғаны тарихтан мәлім. Бірақ қалмақ ханының
басқа балалары оны ығыстырып, шеттетге берген соң (бәлкім, шешесі айтқан шығар)
Әмір Сана Абылайды іздеп келіп паналайды. Қазақ-қалмақ дауының бір сүресі сол.
Қалмақ жағы Әмір Сананы қайтар дейді, Абылай оған көнбейді. Бұл жағдай қазақ
шонжарларының да алауыздығын тудырады. Қалмақ шабуылынан қорыққан шонжарлар
Абылайға жауыға бастаған соң, хан Әмір Сананы Ресейге өткізіп жіберуге мәжбүр
болады, өйткені, қалмаққа қайтарса, оны өлтіріп жіберуі сөзсіз. Осы көріністегі
Абылай қаһарлы хан ғана емес, мейірімді әке екенін актер мен режиссер аса
нанымды бейнелеген.
            Қалмақ ханының қызы, қазақ ханының
әйелі Топыш бейнесін драматург күрделі оқиғаларға араластыру арқылы сәтті
шығарған. Актриса Қ.Тілеуова ақылды да адуынды ханшаның есте қаларлықтай
бейнесін жасай алған. Аз көрінсе де драмалық оқиғадан алып тастауға болмайтын
Қалдан Шерін (арт. Т.Мейрамов), Дауашы (арт.У.Сұлтанғазыұлы) Дәулетбай
(арт.Ж.Медетбеков), Әбілмәмбет (арт.Қ.Тастанбеков), Шарыш (арт.Ж.Толғанбаев),
Ботахан (арт.Ә.Кенжеев), тағы басқалар жалпы спектакльге ажар беріп тұр.
Т.Аралбай ойнап жүрген Кейуана, Б.Тұрыс бейнелеген Диуана осы спектакльдегі қос
қазық десек артық айтқандық емес. Себебі, соншама күрделі оқиғаларға
философиялық тұрғфдан баға беру, кезең, заман туралы толғаныс, халықтың
қиял-арманы осы екі кейіпкердің аузымен айтылып тұр. Бұл екеуінсіз сахнада
жүріп жатқан сұрапыл оқиғалардың мән-мағынасын біреу түсініп, біру түсінбеуі
мүмкін. Сценографиясы, киім үлгілері көркем (суретші Е.Тұяқов), көпшілік
сахналары жалпы формаға бағынатын спектакльдің соңғы көрінісі кімді де болса
тебірентпей қоймайды. Ел мен жердің бұрынғы, қазіргі, ертеңгі тағдыры жөнінде
терең толғаныспен айтылатын, күш-қайратқа толы, кең құлашты ән залда отырған
жұртты дүр сілкіндіріп, ойына ой, жігеріне жігер қосады. Осы көрініс спектакльдің
идеялық, патриоттық рух-қуатын сан есе арттыра түскендей.
 
 Бек ТОҒЫСБАЙҰЛЫ