ВЕРНУТЬСЯ

       Шынында да бұлар қызық екен! Мынау ызғындай жұрттың ішінде қолына мылтық үстамай, қалам үстаған бірен-саран кісі кездессе, қай-қайсысын да ғұлама деп дабырайтады. Ғұлама дегеннің қарқарадай сәлдесі болар еді, жалтыраған иір мойын құманы болар еді. Ертелі-кеш ел сыртына барып шабынып дәрет алар еді. Сосын жарықтық әр қайсысы атан түйеге жүк болғандай қалың кітапты жайып салып, ішінен күбірлеп, бір-бірлеп парақтап ашып оқып отырар еді. Ол өзі ешкімнен ештеңе сұрамас еді? Қайта жұрт одан сұрар еді. Ғұлама кісі сақалын салалап қойып, бипаздап жауап қатар еді, Сауалына жауап алған адам маңдайы жерге жеткенше иіліп, ұйып тыңдар еді. Бұлардың ғалымы қызық! Өзі ештеңе білмейді. Бәрін жұрттан сұрайды. Былтыр бас ұлыққа еріп келген екі көзіне қоқан арбаның екі дөңгелегіндей әйнек байлаған бір ұзынтұра күні бойы індігештің ауызын бағып, тышқанның суретін, қоңыздың суретін, кесірткенің суретін салып, «мынаны қазақтар не дейді?», «башқұрттар не дейді?» деп көрінгеннің шалғайына жабысып әбден мазалап бітіп еді. Сау болғыр, бас ұлықпен бірге кетіп құлақты тынышытты. Әйтпесе, жылда бұлар қоңыз қоздатып, бақа боталатып отырғандай, «Бұлардың еркегі қайсы, - ұрғашысы ңайсы?» деп әбден миды ашытар еді. Оны да бұлар: «өсімдіктер мен жан-жануарлар жайында білмейтіні жоқ үлкен ғұлама» деп дабырайтқан. Ата сақалы аузына шыққанша түйені қалай қайытатынынан хабарсыз жүрген ол не қылған данышпан екенін ит білсін! 
Сол қауға бастарың үш ұйықтаса түсіне де кірмейтінін талай нәрсені тақымын таралғы, алақанын сойыл қажап тастаған барымташы басымен өзі білетініне Қотыр батыр бір күдірейіп қояды.
Онсыз да мақтаншақ кісіні одан сайын масаттандыра түскісі келгендей енді бұлар жатқан үйді әлгі бір шимайшы неме көп айналсоқтайтынды шығарыпты. Сереңдеген неме баяғы Мәмбет мырзаға еріп қырға келетін Сартайлақты қасынан бір тастамайды. Екеуі бірінің аяғы біріне шатысып қалардай болып, бір жертеледен екінші жертөлеге кіріп сүмеңдеп жүргендері. Екеуі де ұзын сирақ, екеуі де шимайшы, екеуі де әр нәрсені бір сұрап жұрттың құлағын жауыр қылатын әдеті. Екеуін құдай тауып қосқан. Бұлардың бір жақсысы қастарына әлгі сумақай башқұртты ертпейді. Не де болса, өздері былжырақтап бірдеңе түсіндірген болады. Сартайлаққа еріп келгіштеп жүріп, әлгі шет жерлік шимайшы да бұларға үйір болып алды. Ағылшын дейтін жұрттың адамы дейді. Арғы түбі саудагер керінеді. Мына жаңа өлкемен қалай сауда жасап, қандай бұйым әкеліп, қандай бұйым әкетудің жай-жапсарын білейін деп келіпті. Оның үстіне сурет салады.
Келген сайын амандық жоқ, саулық жоқ:
- Солай тұра қалыңызшы, салып ала қояйын, - деп жабыса кетеді.
Ханзаданың суретін саламын деп талай қағазды шимайлады. Қотыр батырдың суретін салам деп талай қағазды шимайлады. Онысымен қоймай, қолындағы парағын:
- Ұқсай ма, ұқсамай ма? - деп тұмсықтарының астына әкеп қайта-қайта тыққыштайды.
Ұқсаса, ұқсайтын шығар. Әйтеуір, ханзаданың мойнының қылқиып кеткені рас.
Әлгі шимайшының салмайтыны жоқ. Қотырдың саптама етігін, дойыр қамшысын, жалбағайын салғанда мәймите қояды. Ханзаданың үсті-басындағы киімінен де ештеңе тастаған жоқ. Әр қайсысының әр параққа бөлек-бөлек суретін салып, астына бұдан атын сұрап алып жазып қояды.
-Бұл не керек? - деп сұрайды Қотыр батыр.
Ғылымға керек. Мұндай нәрсе ғылым үшін өте-мөте маңызды, - деп шүлдірлейді Сартайлақ.
- Сонда сенің ғылымың менің ауы салбыраған іш киімімнен гөрі маңыздырақ ештеңе таба алмағаны ма? - деп мөз болады Қотыр батыр.
Онысына әлгі екі серең аяқ шамданудың орнына қосыла күледі.
Не де болса, олар келгенде маңайларына татарлар мен башқұрттарды жуытпай, құр құлақ отырған Ералы ханзада мен Қотыр батырдың құдайлары бір беріп қалады. Жан-жақтарында не болып, не қойып жатқанын да солардан естіді. Сөйтсе, бас ұлық пен Мәмбет мырзаның былтыр күзде іздерінше суыт аттанып кеткені тегіннен-тегін емес екен. Баяғыда бұларды Уфадан шыққаннан бастап өкшелейтін башқұрттар әбден желігіп алса керек. Содан қазір бас ұлық пен Мәмбет мырза қастарына қалың қол ертіп, екеуі екі жақта ереуілші башқұрттармен алысып жүрсе керек. Қазір бүкіл Башқұртстан түтанып тұр дейді. Мұндағы жұрттың аш-жалаңаш отыруының себебі де сол көрінеді. Былтыр күзде Мәмбет мырза бұларға алты жүз шана қыс киім жіберсе, Ай өзенінің жағасында башқұрттың Құлеке батыры тонап алыпты. Жақында үт айында Саянтөс дейтін қыстақтың халқы осындағы орыс өскеріне азық-түлік жинап жүрген Мәмбет мырзаның қасындағы қолға тиіпті. Тілмаш бір түннің ішінде бүкіл қыстақты өртеп жіберіпті. Ертеңіне тағы да сондай екі қыстақ өртеліпті.
Олардың әңгімесін тыңдап отырсаң, жағаңды ұстайсың. Былтыр желтоқсанда осындағы бастық түден тұрткендей сақылдаған сары аязда бес жүз кісіні сапқа тізіп терістікке қарап аттандырған. Бірақ, олар ертеңіне бес адамның өлігін, жүз елу адамның сүлдесін арқалап қайтып оралған. Қақшаңдаған қу шүнақ аяз қойсың ба? Бірер қырдан аспай жатып, баудай түсіпті. Бірақ ол сорлылардың қайтып келіп те тапқан абыройлары шамалы. Чемодуров мырза ауызынан ақ көбік атып айқайды салсын кеп! Араға екі күн түспей жатып айғыр топ адам тағы да сақылдаған сары аязда жолға шыққан. Басқа сол жолға шыққан жеті жүз жетпіс үш адамның бес жүзі жолда үсіп өліпті, сексені аяқ-қолдан айырылыпты. Сөйтсе, олар Жайықтың арғы бетіндегі бір орыс шаһарына киім-кешеқ азық-түлік әкелуге жұмсалыпты. Енді, міне, бар қорлары таусылып келеді. Жан-жақтан қайыр жоқ. Башқұрттар мұндайларды биылғы қыста аштан қатырамыз, сосын бұл араға өздері де жоламайды деп жүрсе керек.
Ханзада мен Қотыр батыр іргелерінде осындай сұүмдықтар болып жатқанынан да бейхабар екен. Төсектері салулы, оттары жағулы, тамақтары пісірулі - қайдан білсін!
Қыс, айтса айтқандай, қатты түсті. Сыртқа аттап шығуың мүмкін емес. Алақандай терезеден тыста құтырынып тұрған қарлы құйынға телміре қарап қадалып отырғаның.
Мұндай қыста, мұндай аштықта жұмыс қайдан өнсін! Былтырғы қазылған ордың көп жерін күртік көміп тастады. Маңайдан қорек таба алмаған аш қасқырлар сол күртік ңардың үстімен қорғанға кіріп жылы түтін шығып жатқан мүржалардың ығына тығылып, түні бойы ұлып шығатынды көбейтті. Ондайда сақшылардың оғынан тоңқалаң асқан бөрілер таң атқанша орындарында жоқ болып шығады. Қайда құритындарын әлі күнге дейін ешкім анық айтып бере алмайды...
Ол қыста қу құлңынның істетпегені бар ма! Желтоқсан туа-ақ жазда қаптап-қаптап, қаттап-ңаттап жиып қойған айғыр жал азыңтың түбі көрінді. Жұрт боғұлдар мен мешерлердің бастарына жастанып жататын теңдеріне телмірді. Оның да қарасын құртқасын, азын-аулақ көлікке көз аларту көбейді. Талай адам ойыңтан балық ұстаймыз деп мұздын астына кетті. Талайлар қопа кезіп, қабан аулаймыз деп жүріп, жүтпаға түсіп жоқ болды. Талайлар қансонарда қоянның жымын қуалап жүріп, қорқауларға жем болды. Азын-аулақ тірі қалғандардың өздері көктемге күп боп ісіп зорға жетті.
Ералы ханзада енді жер-көкке сия алмады. Таң атса болды, ұятты қойып, Чемодуров мырзаға барып ат сұрайды. Онсыз да басы қатып жүрген неме қабағын тарс жауып біраз түксиіп отырады. Сосын күңк етіп көмекшісін шақырады. Өкшесі мыжырылған қисың табан етігінің қонышын жүре түзеп көмекшісі көрінеді. Оған бастық иегімен меңзеп ханзаданы көрсетеді. Қисық табан етік сүйретіле басып сыртқа бастайды. Сыртқа шыққасын сыз топырақты өкшесімен қайзалап жаншып біраз тұрады. Онысы - ойланғаны. Сосын қайтадан орнынан сырп-сырп көтеріліп ат қораға беттейді. Ат қораға жете беріп қақпаны бір теуіп қалады. Әлгінде ғана бастықтың алдында мүләйімсіп тұрған қисық өкше ат қораның қақпасының алдында сыз балшыққа қарш қадалып қаздия қалады. Қақпадан танауы кержиген шалғы мұрт казак басын қылтитады. Көмекші манағы бастығына ұқсап, ханзаданы иегімен нұсқап, желең шинелінің жағасын бір тартып қойып, жертөлесіне тайып тұрады. Енді кертік танау казак кергиді. Ханзада мен Қотыр батырға алара қарап, теріс айналып, ауланың түкпір жағына қарай зекіре тіл қатады. Сосын ол да желең шинелінің жағасын бір тартып қойып, дік-дік басып әлде бір жаққа тайып тұрады. Көп үзатпай ер-тоқым салынған екі ат жетектеп, бес атты казак көрінеді. Жетеуі ерге қонып, қорғаннан шығып, күн шығыс жақтағы қара жалдарға қарай шоқыта жөнеледі.
Көз ұшында - көк нілге бөгіп бұлдырап жатқан көк белестер. Көшіп келе жатқан ел, жол шығып келе жатқан жолаушы түгілі, босып келе жатқан аң да көрінбейді. Маңайдағы індердің суыры мен борсығына дейін құрып кеткен. Аш қорғанның қайласы мен күрегі қыстың көзі қыраудың өзінде тоңды ойып, төбелерінен түсіп, кекелеріне көрістірген. Мынандай құлазыған кеңістікте қыбырлаған тірі жан түгілі шаң көрудің өзі мұң.
Ханзада қанша қадалып қарағанмен, кеше де солай, бүгін де солай. Бедірейген белестер бүлк етпестен бұк түсіп жатып алған.
Ханзада сонда да күдерін үзбейді. Қара жалдың басына шығып қылқандай мойыны үзіліп кеткенше, кеңірдегін созып, көкжиекке қарап телміреді де тұрады.
Мамыр өте бере ту-ту алыстан көз ұшынан бозарытқан бірдеңе кәрінді. Сағыныштың мелдір шығы көлкештеген жаутаң жанардың алдынан өзөзілдей азғырған әлде бір әдемі елестер бұлдырап қоя береді.
Мамыр өтіп, маусым да орталап келеді.
Қасқыр талаған жылқының қаңқасындай терістіктен . түскейге құлай салған мыж-мыж Мүғаджардың шығыс бұйірін о жер, бұ жерден тесіп аққан жыланшық өзендерден бастап сонау ен Ырғыз, ту Торғайға дейінгі ұланғайыр өлкенің биыл қүйқалы жылы. Алабөтен ақпандата кірген ызғарлы қыс күнгей мен күн шығыстың сумаңдаған қызыл желіне көпке дейін бой бере қоймай, киіздей тұтасып тегіс түскен қар кешеге дейін көбесі сөгілмей бұтін жатты.
Мұғаджардың жыра-жықпалының көлеңке беті мен Қарақұмның қара томарлы қалың түлейлерінің сәуле жете алмастай терең түкпірлерінде сараң қатын сақтаған қозы қарынының құрышындағы сарқынды майдай сарғайып кеткен сұр қарлар әлі ұшырасады. Ондай қалың қар қойсын ба, сәуірдің аяғында жер мен көк айырып болмастай боп ңалқыды да кетті. Алатағанақ жазықтарда оқшау біткен кемер таулар шалқар айдынындағы шашыранды аралдардай қылтиып-қылтиып ұзақ уақыт еу ортасында тұрды.
Телегей теңіздің тартылғаны жуырда ғана. Салқын топырақ біразға дейін бойы жылымай, күйті келмеген қақсал інгендей бедірейіп жатты да қойды. Бірақ, салқар аспанның шаршы төріндегі алтын баулы қазығының сар жібек бұйдасын шұбалта созып желіп жеткен Сарыатанның ыстық қоламтадай пәрменді бауыры нені шыдатпақ! Алғашқы күндерде-ақ ылғал бауырайлардан бықсыған бу ұшып, аптаның аяғында кезеріп жатқан көн топырақ түбіттеніп, келесі аптаның басында жер-жаһан қызға қарайтын жасқа жеткен жас өспірім бозбаладай бой сәндеп, мұрт сылайды. Дүр көтерілген жаңа тіршілік қауырт, қарқынды өрбиді. Жүлгелер мен өзектердегі күнге қураған қақпа шекпенді қайыршыдай бұғежектеп тұрған тал мен шілік үлде мен бұлдеге оранып таранып шыға келеді. Тыр жалаңаш тыртиып жатқан таңқы етек құмақтар көк масатыға бөленіп көкіректеріне гүл қадапты. Әншейінде жоғалған түйедей айдалада жападан-жалғыз маңқиып-маңқиып тұратын аңғал-саңғал жақпар биіктердің өздері қартайғанда қатыны өліп, тоқал іздеп, амалсыз сақал-мұртын күзеп, жасанып шыққан мөужір еркектердей жасыл мен қызылды аралас жамылып, әсіре әлеміштеніп алыпты.
Жер бетінің қай пүшпағында көк орай. Өз-өзінен жасанып-сыланған осынша әдемі дүние көпке дейін құлазып бос тұрды. Әуелі қиқулап ұшып құс келеді. Елсіз айдындар азан-қазан боп, бауырын төсей қонған майса мамықты емірене құшып бақты. Көде түптері, тал бұтақтарына ұя орнап, жұмыртқа төгілді. Жарық дүниені қаздардың қаңқылы, аққулардың сұңқылы, үйректердің сусылы, бұлдырықтардың былдырықтары билеп алды.
Күн жылығасын қара жердің қойынынан тек көк қана өрбіп қоймай, құрт-құмырсқа, жөндік атаулы да жапатармағай өріп кетті. Індерінің аузында селтиіп-селтиіп шықылықтап отырған саршүнақтарды, балпақтарды, борсықтарды көріп, арасалаңдап аш қасқырлар жортты. Ұялардағы уыз жұмыртқаға айыр тілдерін жалаңдатып жыландар сумаңдады. Жапан дүзде де еңсесін жазбайтын бұқпантай тасбақалар бармақтай басын сүңқаң еткізіп бір шығарып, сумаң еткізіп қайта тартып ала қойып, бір жүріп, бір тоқтап, олдеқайда тарбаңдап барады. Тышқан құлақ, ши тірсек кірпілер сидаңдап шауып келе жатады да, әлденеден секем алып, тікенінің бәрін тікірейтіп бұрісіп жата қалады.
Сонда да мынау ұлан-асыр өлке әлдекімдерді күткендей. Сәңкиген кемер биіктер, деңкиген қара жалдар, шалқиған кәусар көлдер бәр-бәрі сонау күнгей жаққа көздерін сататындай. Сонау алыс-алыс қара бұйраттардың ар жағынан олардың аңсай күткен біреулері келе жатқандай. Олар аяқ баспай тұрып, мына дүниенің ажары түгенделіп, базары қызбайтындай.
Мамыр өтіп, маусым түсе, даланың ажары әбден шаршысына толады. Жетілмеген желеқ піспеген шеп қалмайды. Алқаптарға алқызыл қызғалдақтар қаптап, шеңгелдерге дейін гүл атады. Алыстан үлбіреп тұрған ақшылтым, көкшілтім, қызғылт, сарғылт үйме төмпектерге емпеңдеп жетіп барсаң, кәдімгі қарағанның, төріскеннің, құсқанбастың, түйесіңірдің тікен-тікен бұталары болып шығады. Ауаның нілі көбейіп, көкжиекке қаспақтанып мұнар тұнады. Тіс сағынып балбырап тұрған түзге алдымен тақымы ұзын тағылар жетеді. Қалың өскен көк шалғынды көрпедей бұркеніп, бүлкілдетіп киіктер мен қарақұйрықтар жосып келе жатады. Бірақ, мынау көлкесір дүниенің бәрібір ортасы толмайды. Мынау ұлан-асыр думандата женелгелі тұрған елкенің бәрібір алаңы басылмайды.
Соны сөзгендей күндердің күндері түскейдегі айқай жалдардың бастарына қылт-қылт қарайғандар көтеріледі. Көтеріледі де айқай қыранның басында аз-кем ат үсті мәжіліс құрып, бір қатары сонау тұтасып жатқан ту Ырғыздың түбектеріне тартса, екінші біреулері Мүғаджардың сілемдеріне бет түзейді.
Найзаларын салақтатып, айбалталарын жалақтатып, жау түсірердей боп келе жатқан бұл шоғыр - көш басы, шолғыншы топ. Мал екеш малдың жайын да бес қаруың беліңде жүріп бекем қамдамаса болмайды.
Қауқылдасқан қалың дүрмектің көбі қыл иек шал-шабыр. Ат үстар жастардан басқасы кілең көре қалғандар мен біле қалғандар. Ауыз жаппай жалпылдап сөйлеп келеді. Биылғыдай өртеніп тұрған отқа тіл-көз тимесе екен деп, «тіфә-тіфә» түкірініп қойысады. Көш басын қайда тіреген дұрыс деп таласады. Қауқылдаса-қауқылдаса теңірек түгел көрінетіндей айқай биіктің басына шығады. Найзаларын шошаңдата отырып, қай көшті қайда шөгеретіндеріне пәтуаласады. Атқосшы жастарды арттағы көшке жұмсап, өздері ілгері тартады.
Ауыл қондыруға лайық ажарлы тұстарға келгенде біреу-міреуі аттан түсе қалып, қанжығасынан қазық алып қағып, басына белбеуін не қамшысын іліп таяқ шаншып, тіпті болмаса, белуардан келетін ен шалғынның басын түйіп: «Біздің ауыл осы араға кідірсін» деген белгі жасайды. Сосын аттарына қонып, басқа ауылдар түсетін орын іздейді.
Жер құйқасы қалыңдаған сайын қарқ-қарқ күлкі күшейіп, аттың жүрісі өнеді.
Көш басы шоғырдан кейін түскейдің жолынан шұбырып мал көрінеді. Мал шетінде тұғыр мінген малшы-жалшы мен тай мінген бала-шаға. Олар малды көш жөні мен отынан, суынан қалдырмай жайбарақат жайып жеткізу үшін ерте кеткен. Бірнеше отардың арасында қазан-ошақ, төсек-орын артқан бірер түйе. Күн шамал, ылғал болса, қауқитып күрке тігеді. Күн ашық болса, түнектегі мал шетіне құрт-құмырсқа, жылан-шаян жорғаламасын деп шырқ айналдыра қыл арқан тастайды да, соның ортасына киімшең- киімшең қисая-қисая кетіседі. Іштеріндегі ең ересегі түнде мал өрсе, біліп жату үшін қолына қошқар байлап жатады.
Олардың жол азығы да осы отардың өзінде. Қарындары ашса - қой сауып, жұмырларындағы ащы айранға сүт қосып, қойыртпақ ішеді. Кештеу туған саулықтардың желінін қақтап уыз қатырады. Іштері пысса - қошқар сүзістіреді. Ауыздарын жаппай ертегі айтысады, жұмбақ айтысады. Дауыстары ашықтары шырқатып ән бастайды.
Қойым жайып келемін бозғанаққа, өзім тойып келемін қағанаққа, Ауылыңның тұсынан ән шырқасам, баяғы айтқан уәдең бар ма, жоқ па?!
Мұндай ұзақ көші-қонда, әсіресе, қойшылардың құдайы береді.
Жарық ерін, жалақ ауыз қойшы тек қойыртпақтың ләмі мен қойдың жәйін ғана біліп қоймай, күні бойы талай-талай қиялға батады. Төңірегіндегі қыбыр-жыбыр тіршілікке зер салады. Қазаққа табиғаттың талай сырын қойшының таяғы мен қой торының аяғы ашып берген.
Жарық ерін, жалақ ауыз қойшы тек қой ғана бақпайды, ой да бағады. Қойың от жерге тап болып, бір жүлғаны бір май болып, тыныш жайылып жатса, шалқаңнан түсіп, ойға батпағанда, не істейсің! Қазақтың талай дастанын, ертегісін, жұмбағын, әндері мен жаңылтпаштарын осы қойшыекеңдер туғызған.
Далиған даланың қақ төрінде таяқ құшақтап талтайып тұрған қойшының көңілі кезеген, көзі көреген, жүрегі сөзеген. Өйтетін де реті бар. Жұрт қыста сары қидың табына таптанып, жазда салқын көлеңкеде шалжиып рахаттанып жатқанда, аяз бен аптапқа қақталып, табиғаттан тәлкек көретін кім? Қойшы. Әншейінде жұрт алдында сыланып-сипанып сырбаз сөйлейтін бай мен бардың тышқақ қозысының құйрығына шыбын қонса, қамшысын ала жүгіріп, ауызынан ақ ит кіріп, қара ит іиығып, ашуын қайтаратыны кім? Қойшы. Адамнан келер тауқыметтің де ауырын тартатын қойшы. Пәтуасыз дүниенің асты-үстінің сырына ондай жетік адам жоқ.
Сөйткен неме қысы-жазы мал шетінде жападан-жалғыз жарылып кете жаздап тұрады. Көзі көлденең қарайғанды шалыс жібермейді. Алыстан шаң көрінсе, жау екенін, мал екенін алдымен аңғарып, алдымен хабар беретін де сол. Алыс-жақынның хабарына алдымен құлақтары түрік жүретін де сол. Өйткені, өткен-кеткен айдалада тұрған қойшыға соқпай кетпейді. Мал іздеп жүрсе, жоғының хабарын содан сұрайды, дау іздеп жүрсе, жан-жақтың хабарын содан сұрайды. Хабар сұрап тұрып, біраз хабар шашып кеткенін өзі де аңдамайды.
Сейткен неменің әңгімесін асықпай тыңдайтын қараға қарқ боп қалатын кезі - елдің осындай жазғытұрым қыстаудан көктеуге, көктеуден жайлауға, күзге салым жайлаудан күзеуге, күзеуден қыстауға көшетін түсы. Ондайда ауылдағы тайға тақым сала алатын бала біткен: «Көшпен бірге ірметіліп жүретін қыз емеспіз ғой» деп малшылармен бірге мал айдасады. Қойшы-жалшы әңгіме-дүкенге сонда бір жарып қалады. Қазақтың талай баласы жер сырын, ауа райын, мал жайып, оттың ретін, жолдың қамын осындай көші-қон тұстарында қойшылардан білген. Ата-аналары айта бермейтін талай қитұрқыны да солардан естіген. Былапыт сөз, қиямпүрыс қалжың, мал мен жанның еркек-ұрғашысының білмей болмайтын жағдаяттары дәнеңеден хабары жоқ балғын саналарға осындай сапарларда мәлім болған. Мұндай көштер тек жаңа аяқтанған жас төлдің ғана тақымын созып, борбайын ширатып қоймай, талай жас ұрпақтың да көзін ашып, көңілін тереңдеткен.
Қой айдағандар көш басшылардан нысана қылған ойға құлап, қос тіге бере, биік жалдың басына ұбырып-шұбырған тізбек-тізбек көш те көтеріледі-ау ақыры! Түйдек-түйдек тізбектердің алдында қалы кілем, оймыш текемет қоршаған сары атанға жайғасқан бәйбіше бастаған үлкен үйдің көші жүреді, отаулардың көштері рет-ретімен соған ілеседі. Әр кешті жүрісі жайлы атан бастаса, шаңырақ артқан қара нар тамамдайды. Түйе қапталындағы көбежелерден, терек бұтағындағы ұядан мойын созған қызыл шақа балапандардай иектері ңызарып, сәбилер қылтияды. Көштің екі жақ қапталы шоғыр-шоғыр желең аттылар. Шолпылары сылдыраған қыз-келіншектер.
Ұзақ жолдан шаршап-шалдығып келе жатқан сарсыл көш қонатын жерлерін, қүйқалы шалғын мен айдын көлдерді кергенде қайта сергіп қоя береді. Жабыр-жұбыр үн мен ду-ду күлкі қайта естіледі.
Елсіз өңір ен қызыққа енді батады. Анадайдан: «Кімнің ауылы?» дегенде, «Пәленшенің ауылы» боп мен мұндалап көрініп тұратындай көтеріңкі орындарға, пытыханасы көп қалыңнан қашық, шуаш сіңді суаттардан аулақ, жал бұйраттар мен қыраңдардың самал соғар қыр арқасына, сай қуалап аққан өзен, бұлақтардың тұнық басына таман, әрине, ақ үйлі бай ауыл қонады. Ондай салтанатты ауылдардың үстін шаңдатпас үшін қолат-қолаттың қалтарысына шаруа бабымен отыратын қара үзікті малшы-жалшы ауылдар қонады. Тіршіліктің қызылды-жасылды ажарлы жағы жарқылдап жал басына шығады да, көң-тезек, ыс-шуашпен байланысты күйелеш жағы жарбиып тасаға тығылады.
Қыс қысылып, енді, міне жаз жазыла бастаған көшпелі дәурен бәрібір көңілді, бәрібір шат-шадыман.
Алқара көк дөңбек жоталарды сауырлай тоқтаған көштердің түйелері арқалары босап, жайылысқа шыққан тұстарында шымқай ашық ауаға шым-шытырық кесте төгіп керегелер жайылды, аспандап шаңырақтар көтерілді, шүпірлеп уықтар шаншылды. Сол бір шым-шытырық қызыл күрең көп сызықтың өз әшекейі аздай әлекей-күлекей баулар байланып, қызылды-жасыл басқұрлар тартылды, қос қадталға кереге сыртынан шымырулы ши ұсталып, оның үстін уыздай аппақ үзік, туырлық қымтады. Әлгінде ғана жым-жылас бос жатқан түлдыр кеңістікке әлде бір алып самұрық құс қонып, судыратып ақ жұмыртқа тегіп кеткендей. Ширатылып түтін ұшып, кәук-кәук ит үрді. Өрістен түйе боздап, көлдеуде жылқы кісінеді.
Жаз шаршысына толып, ен жайлауға ел көшіп қонғанша қалдырылған талай шаруаға қол енді босайды. Қоңсы қонған ауылдар бір-біріне барып қонысқүтты айтысады. Қыста аяқтанған балалардың тұсауы енді кесіліп, көктеуде туған балалардың шілдеханасы енді жасалады. Былтыр жазда өлгеннің де, күзде елгеннің де, тіпті қыс басында өлгеннің де асы ертең тап осы сар жұрт сары жайлауда беріледі. Ұзатылған қыздың айттырулы жеріне де, үйенетін жігіттің қайынына да хабаршы енді жөнеледі. Шешілмей келе жатқан шерменде даулардың кесегі айтылатын келелі жиындар да енді өтеді. Бәрін де шілде түскенше бір жақты қылмай болмайды. Одан кейін сонау сона тоңатын қоңыр күзге дейін күн ысып кетеді де, қонақтың да, қонақ иесінің де шырқы бұзылады. Бұған дейін қозы әлі піспей келді, ісек әлі іспей келді. Ағарғанның да уызы тарқамай, қымыз бен шүбаттың уыты жетілмеді. Жылқының иықта жалы, жіліншікте майы тұтаспады. Палуанның қайраты енді тасып, жүйріктің арыны енді өршиді. Шырыны кетпеген шепке жайылған малдың шырышы көп жас еті бәске жеуге болбыр, жүрекке тимейді.
Бәрінің де дер кезі енді келеді. Оған дейін күн-түн демей әлгі айтқан келелі шаруалардың керегін қамдай берген дұрыс.
Жаңа тігілген үйлер, ту сырттарынан қарағанда, іргелерін белдеуге дейін сәңките түріп, көл кешкелі тұрған қоқи қаздай қызыл сирақтанып алған.
Жан-жақтан шалғын исі, көк жуаның иісі, су бойындағы жалбыз исі аңқиды.
Үйге сиып отыра алмайсың. Жүгіріп сыртқа шыққың келеді де тұрады. Сыртқа шықсаң - қалың біткен бидайық пен еркек желді күнгі көл бетіндей өз-өзінен бұлықсып бұлқынып жатқаны. Қақалып тығыз өскен майқара жусан, мортық, ажырық, ебелек қырықтыңтан қаймыққан семіз көбенің жөн арқасындай қараптан-қарап дір-дір етеді. Көз ұшындағы айтақырлар мен көлдеу тұрандар көктемдегі қар суынан әлге дейін шалқып жатыр. Жел жоқтың өзінде түнба айдын бойжеткен киіп шыққан көк шәйі көйлектің қатармалы етегіндей білем-білем әжімденіп апты. Жан-жағынан анталай тап берген көп жылқыдан үріккен қаз, үйрек көл айнала шүйіп, қайтадан қонар оңаша іздейді. Көктеуде отырғанда-ақ жал-құйрығы күзелген тойнақы құлын-тайлар бүйірлері жылтыңдап, айдынды кешіп-кешіп барып, кенет аяқтарының астынан шоршып түскен ақ шабақтан шалғы тиген майса құрқтай жапырыла жалт беріп, жағаға қарай шалп-шалп безіп береді.
Тау сілемдері - бидайдай бытырап, қадала жайылып жатқан отар-отар қой. Шыбынсыз жазда құлақтарын кесіп алсаң да, білместей болып, кенедей жабысып жатқан бауырсақ құлақ мақұлықтарға «шәйіт» деуден де қол босап, ерігіп қалған қойшылар бәрі үлкен төбенің басына жиылып, бір-бірінен қойыртпақ ішіп, жұмыр татыспақ жасап, отыра қалып тоғыз құмалақ таратып, тұра қалып, қазан доп лақтырып, жата қалып белдесіп мәре-сәре.
Жайбарақат жайылып жатқан жабағы жүндері жолда қырқылған сақа қойлар. Ал биылғы қозы қолат-қолаттың тасасындағы қойшы ауылдардың желкелеріне иірілулі. Күп басы, су аяғы тоғыттардың маңында да солар. Не төрт аяғы бірдей маталып қырқылып жатыр, не кесер бастарына дейін суға батырылып, тоғытылып жатыр. Қырқылғандарын әнеу күнгі көш басшы болған қыл иектер аралап көріп, қол-аяғы серейген ұзындарын, құйрықтары төңкерілген үлкендерін, сүйек бітімі, ет алымы дұрыстарын, маңдай тұсы дөң келгендерін, жүні ақ, бозғылттарын, ай мүйізді ор қасқаларын қошқар қылмаққа бөліп ап, қалған еркек қозыларды мықындарын таянып, алақандарына түкіріп, жаланып тұрған тартқыштардың алдарына көлденең тосады.
Екі беттеріне шып-шып қан теуіп, мұрттары жылтыраған мосқал еркектер бейшара тоқтыларды тырп еткізбей тақымдарына қысып, жеңдерін шынтақтарынан асыра түріп алған қайыс қара білектерін жас телдің ұлпа таңына сүңгітіп, әлде бір нәрсені сипалап тауып ап, умаштап тұрады да, оқыс жұлқып қап, құйрығынан бір қағып тұрғызып жібереді. Әлгінде ғана қарматпаймын деп қолды-аяққа тұрмай тызақтап баққан пысықай мақұлық қапелімде не болғанын түсіне алмай, бөксесі көтертпей, сонда да жан дәрмен қиралаңдап безіп бара жатады. Оған қырықтық басындағы ұйып қалған белдерін жазып, шақыр-шұқыр қырықтық қайрап тұрған еркектер тістерін ақситып қарқ-қарқ күледі.
Жаңа қоныста дәулетінің бас-аяғын бір шолып шығайын деп шаруа аралап жүрген бар мен байдың соңындағы көп қошаметші енді көл маңында үйір-үйір үйездеп жатқан жылқыға беттейді. Ол жақта шіңкілдей кісінеген тайдың үні мен сықылықтай күлген баланың үнінен құлақ тұнады.
Тан атты-ақ бала біткен қолдарына жүген ұстап, жылқыға қарай жүгіреді. Қарына құрық ілген жылқышыларға, «ағатайлап» жата қалып жабысады. Қазір жұрттың күні түсіп азды-кем дәурендеп тұрған боқтампаз немелер реті келгенде қолқашы балалардың үйіндегі жеңгелері мен олардың болашақ енелерін сырттан бір сыбап тастап, бір-бір тай ұстап береді. Құйрығын теуіп құтырына шапқылап жүрген бір-бір тай. Майса құмаққа топтоп домалап түсіп, май құйрықты бір сипап қойып, қашып бара жатқан тайдың соңынан тызақтап жаяу қуып бара жатқан бір-бір бала. Құнан шыққанша, дөнен шыққанша жүген, ноқта кермей келген шу асауларға тақымы тегеурінді бозбалалар қонжиыпты. Қайраты тасқан жануарлардың аспандаған арынын тез қайтармаққа қайда құм, қайда су болса, соған салып, шағылға малтықтырып, шалқарды кешкізіп, әбден діңкелетіп бағады.
Жылқыны көре келген үлкендер тақымға алғаш түсіп, мөңкіп жүрген қыл құйрықтардың құлқын бақылап, қайсысынан жорға, қайсысынан жортақ, қайсысынан тұлпар, қайсысынан тұғыр шығатынын топшылайды. Сақалдар тынымсыз шошаңдап, мұрттар мігірсіз ширатылады. Шарт-шүрт қол алысылып, бәс тігіседі.
Ауылдардың да маңы абыр-сабыр. Анадай жердегі тепсеңге тартылған желі жақтан саумал аңқиды. Бастарын ақ орамалмен тарс таңып алып, қолдарына көнек ұстап, сыңар тізерлеп, бір-бір биенің желініне жабысып алған мосқал сауыншы еркектердің бежерімді тұтымынан үрпі ауырып кеткенде басын құрық, аяғын шідер тартып, дымы құрып, өзер тұрған жануар тісін ақситып, көзін алартады. Ешкемердей емінсек екі аяқтылар соның өзіне шаңқ-шаңқ ақырып қояды.
Үйлердің алдындағы жаңа қазылған жер ошақтың қызыл топырағын күл-күйе көлкештеп үлгере қоймапты. Тай қазандарда бырқ-бырқ құрт қайнап, орта қазандарда буы бұрқырап ірімшік пісіп жатыр. Арасына абайсыз түсіп кеткен сұрдің соңы жалқы жілік сарсуға араласып, әдемі хош иіс шығарады. Соның бәрін місе тұтпай, табақ қаптың түбінен қақпыш бірдеңе тауып әкеп, күлге көміп, етегіне бір сүртіп алып, жұрт көзін ала беріп, жасырып қайзалап отырған жерік өйелдің былайғы дүниемен шаруасы жоқ, бар есілдерті етегіндегі жаңғыз тал боршада.
Ақ үйлердің ой жақ бетіне, қашқақтатып тіккен ас үйлердің маңы шыптадан көтеріп самсатып қойған кіл өре. Өрелердің үсті жайылған қойдай бытырай шашылып жатқан ақ ірімшік, сары ірімшік, көкше құрт, тұздақ құрт, ежегей, сарсу, балқаймақ. Көлеңкеде күрс-күрс мес шайқалады. Үй ішінде пыс-пыс саба пісіледі. Ас үй маңынан күңірсіген тоқтық исі аңқиды.
Соның бәрінен аулақ самиян биікке тігілген ақ үйлердің маңы да жабыр-жұбыр дауыс. Шүңкіл-шүңкіл қатындар сөйлеседі. Сылқ-сылқ қыздар күледі. Күнгей бетке шыпта төселіп, жүн сабалады. Көлеңке бетке қазық қағылып, өрмек құрылады. Әйелдер үршық, қыздар көрпе құрайды. Осыдан биылғы жабағы жүн қолмен иіріліп бітіп домалақ-домалақ жіп болғанша, сосын сол домалақ-домалақ жіп келептеліп боялып шыққанша, боялған жіп өрмек боп құрылғанша, ол өрмек тоқылып бітіп, алаша кілем боп төселіп, бау, басқұр, төсекқап, аяқ қап, қоржын боп кереге басына, уық қарына ілінгенше шуылдаған пақырларға тыным жоқ.
Жер түбінен борбай созды боп көшіп келген ауыл ірге басып отырмай жатып, бітіп болмас қыбыр-жыбырға кірісті де кетті. Әсіресе, балаларда тыным жоқ. Үйдің маңын шаңдатпаңдар дейтін үлкендерден қашып анадай-анадайдағы көгалдарға барып шілдік атады, қашпа топ ойнайды. Тақыр мен тастақ ұшырасса, деңгелетіп шеңбер сызып, асық атады. Бұта-бұтаның түбін тінтіп, ұя тауып, құсқа тұзақ құрады. Түн баласы ақ көш, ақ сүйек... У да ду.
Осындай ырду-дырдуға онша еліге қоймай қамырыңқы жүрген жаңғыз Бопай ханым ғана. Етжеңді әйел биыл таралып, нұрлы көзінің маңайына әжім жүгірейін депті. Көз тастасында да, қимыл-қозғалысында да әлде бір салғырттық бар. Ашық іргенің алдына бетіне жүқа шымылдық жауып көлденең қойылған сүйек бас бесіктің ішіндегі сәби әлденеше қыңқылдап, ешкім құлақ аса қоймағасын, шірене тебініп жылағанда барып орнынан тұрды.
Есіктен алау-далау кіріп келіп, төр жақтағы қалы қалта толы көп асықтың шетінен етегі толғанша көсіп алып, сыртқа қарай қайта жүгірген торсық шеке, томаға көз Қожахметке де ләм-мим үндеген жоқ.
Сыртта қуыршақ ойнап отырған жеті жасар Зылиха әлдеқайда асығып-үсігіп бара жатқан ағасынан қалмаймын деп, дедектеп орнынан тұра беріп еді, Қожахмет:
- Қыз ертпеймін! Өлсең өле қал! - деп тұмсықты бір сорқ еткізді де, өкшесі жалтырап желкедегі үлкен ауылдың балалары жиылып ап асық ойнап жатқан ақ тақырға қарай зымғап берді.
Зылиха біраз жер тепкілеп көріп еді, онысына қинала қойған ешкім болмаған соң, атып тұрып, о да жүгірді. Айқайды салып барады. Қайырыла қояр Қожахмет жоқ. Қасындағы Тұяқ біраз жерге дейін жалтақтап барды да, соңдарынан тұлымшағы желпілдеп томпаңдап келе жатқан қыз баланы аяп, амалсыз кідірді. Көк шалғынға малтығып, өкпесі өше бастаған Зылиханың қасына қайтып оралып, аптығын басқызып, қолынан ұстап, жетедей жөнелді.
Улап-шулап аламан-асырды салып жатқан көп балаға барып қосылған Қожахмет артына бұрылып, Тұяққа «болсаңшы енді» дегендей қол Бұлғалай беріп еді қасындағы байпаңдап басып болмай келе жатқан борпаяқ қарындасын көріп, «қап, бәлем, сені ме?» дегендей жұдырығын көрсетті.
Ашық іргеден бәрін көріп отырған Бопай тентек Қожахмет жаққа ашу аралас жымиып:
- Қап, сенің өзіңді ме! - деп жұдырығын түйіп қойды. Бірақ оны кім көріп жатыр?! Көтермекіл ойнап кеней айтып, ұтқаны ұтылғанына арқалатып мәре-сәре болып жатқан көп шуылдақ қай іргеден қай шешенің қарап отырғанын не қылсын! Әне жалба-жұлба алпамса біреу қонжиып Қожахметтің арқасына мінді де алды. Ханзадамыз Сары Арқадан тері-терсек артып шаһарына қайтқан Хиуа саудагерінің көк есегіндей тірсегі майысып бұкеңдеп барады.
- Қап, бәлем, өзіңе сол керек!
Жазалы болып қалған ағасын көріп, Зылиха Тұяқ ұстап келе жатқан қолын жұлып ап, алақанын шапалақтап құдайы берді де қалды. Оған Тұяқ ілігіп бірдеңе деп жатыр. Ерке қыз есіріп алған. Басын шайқақтатып, алақанын шапалақтап, секіре басады. Ызақор ағасынан төмпеш керіп қалмаса жарар еді. Абырой болғанда, қасында, әйтеуір араша түсер Тұяқ бар.
Тұяқ өзі бір мың болғыр, жүрегі жүп-жұқа бала. Оңқай асықтай орала кетеді. Әнеу күнгі бұлар осында қонғанның ертеңіне-ақ кіндік әкеме сәлем беремін деп жаңғыз тайын тепеңдетіп жетіп келген. Осыдан енді ала жаздай осы ауылда болады. Қиян пұшпақтағы қиғаш бұлақтың басында жападан жалғыз сенделуіне алты ай қыс та әбден жеткілікті. Жер аяғы кең жазда дырдуманға араласып көңіл көтерсін!
Ханның Тұяққа деген ниеті о бастан белекті. Оның үстіне баяғы Дөурен биік оқиғасынан кейін қаршадай балаға қызыр көргендей табынады. Бір мүшелге енді шығып тұрған балғын көкірек сәбиді құдай әуелден артық парық жаратқан. Басы ханның өзі боп бұл тұқым иіліп-бұгілген сайын ол шалықтап шалыс баспай, татаусыз тал жібектей есіледі де тұрады.
Осы үйдің бала-шағалары езіне әбден бауыр басып апты. Қожахмет ол келгенде тіптен құдайы береді. Бүгін таңертең Айшуаққа тай жуасытқызып баулығалы жылқыға жүргелі жатыр еді, Қожахмет қояр да қоймай алып қалды. Бесіктегі Әділге дейін ол кіріп келгенде ыржың-ыржың ербеңдеп қоя береді.
Әне қасына Тұяқ барғасын Қожахмет арқаланып қасындағыларға бірдеңе деп өжеңдей жөнелді. Осы баласының өзі алдындағы екі ағасынан гөрі әупірімдеу ме қалай! Олар судай сіңіп, тастай батып жүре беретін жерге бұл қапелімде иліге үйренісе қоймайтын сияқты.
Соны ойлағанда Бопайдың көкірегі бір шаншып өтеді. Есіне анадағы кектеуден кешердегі жиын түседі. Биыл бұлар көктеуді Дөдік құмда өткізген. Жабағы жүн қырқылып, тай-құнан күзеліп, сандарына таңба басылып, қысырақтардың алдына үйір түсіп, қозыны енесінен айырып, жайлауға көшуге не керектің бөрі істеліп болғасын, ел жақсылары бір жерге жиылып көші-қон жайын әңгіме ететін. Ертең жайлауға барғанда кімге қайдан қоныс тиіп, кім кіммен қозы сыбай болатынын ақылдасатын.
Бұрын үш жүз Қаратауда тоқайласып тұратын тұста құрылтай атқарған бұл шаруа қазір іргелі ауылдардағы ноқта басы тойлардың еншісіне тиді. Мұндай жиынның көші-қонды ақылдасумен қоса ауыз түгендесуге де тигізер септігі мол-тұғын. Оның тұсында кімнің ауызы кімге қисаятыны, қай бидің қай сұлтанға тізе қосқалы жүргені айтпай-ақ белгілі болар-ды. Ала қыстай әр қайсысы әр шүқырға тығылып, оңаша түтін түтетіп келген қазақ ауылдары мен әр қайсысы әр құмақты паналаған қазақ руларының көмейі мен көкірегінде не өзгөріс бары сондай жиындарда аңғарылатын. Уыз қымызды үрттап қойып сөйлеген билердің ауыз ләмінен биылғы жер ыңғайын білмегенмен, ел сыңайын оп-оңай-ақ тани қоятынсың.
Сондықтанда ма, биылғы ноқта басына Әбілқайыр ала бөтен шашылды. Былтыр орыс ұлығы тойына шақырғанда Нұралыдан жеті нарға баса артып беріп жіберген таңсық тағамдарды соғым басы тойдан соң көп шаштырмай тартыңқы ұстатып еді. Сонда бір ойлағаны бар екен. Құдайға шүкір, биылғы қыста Бұхар мен Хиуаның Бұларға дегенде қолы ашық болды. Адам ата бойынан екі тарапқа да әлденеше рет қалашы барып қайтты. Базардың қоюы мен қаймағын түптей кетерткізгендерін былай қойғанда, жол-жөнекей салынған хан сыбағаның өзі шаш етектен. Күн шығыстан қызыл шағылға малтығып, түнделетіп қонтайшының хабаршысы да талай соқты. Ол да құр қол сомпиып жетіп келмей, қытайдың жерік асы мен бұлды дүниесін, Тәшкеннің өріқ мейізі мен өзге де базарлығын жүктеген бірер түйе жетелей келетін.
Обалы не керек Мәмбет мырза сөзінде тұрды ғой. Бұл әулеттің еңсесін Жәдік тұқымынан бір еліге болса да, биіктетіп берді ғой. Уфаға жетпей жатып, артынан: «Жаздық, жаңылдық... Енді ол тентектік болмайды. Бізден де елші ерте кетіңіз. Патшаханымға тағы да яғына бас ұрып, бодан сұраған мына хатымызды ала барыңыз», - деп қос етек боп далақтап шауып жеткен Сәмеке адамдарынан қасына сыңар кісі жолатпай, тек қағаздарын ғана алып, бәрін тырқыратып кері қуыпты. Абайсызда Әбілқайырдың иығын тағы оздырып алғанын кеш аңғарып, ақылы кеш кірген Сәмекенің ақ жолтай елшілері желтоқсанның суығында иманды ауыздары сылп етпей үсіп-шашырап елдеріне оралды. Бәрінен де жандарына шоқыншық неменің: «Бұл хаттың хабарын әлбетте Әбілқайыр адамдарынан естіп білерсіз», - деген сазарыңқы жауабы қатты батты. Онысы аз болғандай, олардан ай кейін ат сабылтып барған Ұлы жүз елшілерін қол қусырып қабыл алып, Петерборға ерте кеткені екі жыл бойы іргеден ши жүгіртіп илікпей қойған қиқар ханға еруліге қарулы деген осы болды деп істелген әдейі астамдық еді. Оны басқа білмесе де, қас-қабақтың астарына қанық Сәмеке әбден түсінді. Оны басқа сөзбесе де Әбілқайыр сөзді. Біреуі төрінде теріс қарап жатып қуарды, біреуі төрінде шалқалай керіліп отырып қуанды. «Иә, шоқ, иә, шоқ!» - деді. «Қап, сауап болғанын қарашы», - деді.
Күйеуінің қабағын алты қырдың астында жатып танитын сүңғыла ханым ақ тамағын сүйкімді бозбалаға алғаш аймалатқан балғын бойжеткендей лып-лып балқып қоя берді. Терезелерінің теңеліп қана қоймай, төбелерінің төтен биіктей бастағанын алғаш рет сонда аңғарды. «Иә, сәт! Иә, аруақ, бергеніңе шүкір!» - деді. «Төуба, тәуба, тап осы бетіңнен танба!» - деді.
Тағдырдың жылы шырайын бір байқаса, «тағы да бере түс» деп талтайып жатып алар Әбілқайыр ма! Тіл алғыш жігіттерінің терлігін құрғатпай тентіретіп, түн баласы солардың ауызына қарап құлағын тосады да отырады. Тәшкенде тақ мініп отырған бауырына астыртын адам жіберіп, жоңғардың сонау арғы қалыңында не болып, не қойып жатқанынан сыр тарқызады.
Бопай ханым жан-жаққа жіберген жансыздары айтып келген хабар Әбілқайырдың енді-енді жазылып келе жатқан қабағын аша түспесе, баса түспегенін байқап жүр. Күйеуінің көп жылдардан бері бұрынғы қызыл шырайынан айырылып, желдеген шанаштай ала тағанақ ақсұрланып бара жатқан жүзіне қайтадан қан ойнайтынды шығарды. Сызы мол ала көзі шырадай маздап, айырықша қунақ жүр. Әсіресе, торғауыт тараптың хабарын қүныға тыңдайды. Оның да реті бар-тын. Баяғыда Мәмбет мырза қазақ арасына келгенде көресіні ол осы торғауыттардан көрген. Сәмеке мен Батыр солардың қолымен от көсеп, жел қуық жұртты бұған қарсы ереуілдетпек боп, қанша жерден қақпан құрғанын ойлағанда әлге дейін зығырданы қайнап қоя береді. Сәмеке мен Батыр мықты болса, сол торғауыттармен енді тізе қосысып көрсінші... Міне, Аюке хан өлгелі он жылдай болып барады. Торғауыт арасына хандарының ңазасы тұсында түскен ала бұлік өрши түспесе, басыла қояр түрі байқалмайды. Марқұм Аюке баяғыда парсы жорығынан Еділді бойлап астанасына қайтып бара жатңан Петр ағзамды Қара жар деген қалашықта кемесінен түсіріп алып, жабағы жығып жал тосып, қолына қымыз ұстатып, қойнына қыз салып қонақ еткен. Әйелі Сыбан Раптаның қызы, Дармабала соны айтқанда әлге дейін аузының суы тамып-тамып кетеді дейді. Қалмақ ханы сонда патша қасына үш ұлын бірдей ертіп барып, ішіндегі үлкені Шерін Дөндікті орныма мүрагер қой деп өтініпті. Сөйткен еңбегі рәсуа боп, көзі жұмылмай жатып, астындағы тағы ағайынның таласына түсіпті. Аюкенің немересі Дөндік Омбыны хан сайлаймыз деп ел шіреніпті. Сол кездегі Еділ бойын билейтін орыс ұлығының ауызы марқұмның інісі Назардың баласы Доржыға қисайыпты. Шырқ үйіріліп келгенде шөп бәрібір сол Шерін Дөндікке түсіпті.
Ол бұған жақсы болды. Басына күн туып отырған қазақ жұртына оның ішінде Кіші жүзге әңгір таяқ ойнатып, шығыстағы үлкен ұяласы, жоңғар қонтайшысының сойылын соғып кете ме деп қорқып еді. Құдай тізгініне қуат бермеген Бұлғақ мойын неме өз басымен өзі қайғы болғаны. «Маған бұйырмаған көтен боғымен піссін», - деп Дөндік Омбы Еділден арғы ен даланы еркін жайлап, теріс айналып ол кетсін. «Ұлығының айтқанын тыңдамады, тақты маған қимады», - деп ер-тоқымын бауырына алып Назардың Доржысы бұл жүрсін. Оған тентек баласы Лобжы қосылды. Өгей баладан ши шықса, тізгінді өз қолыма алып алам», - деп байынан қызығы қанбай, қызылы сембей жастай қалған Дармабала сұқсыр Сарытау маңында әлеңкідей жаланып тағы тұр. Дөнданай күн кешкен торғауыт ханы айнала қамап алған арландардан ықтап қазақтарға «не көмектерің бар?» дегендей көзін күнде сатады. Оған қол ұшын бергеніңе орыс патшасының оң қарамаса, теріс қарамайтынын баяғыда Мәмбет мырзаның тұсында аңғарған. Бірақ, ол найза желектетіп жауға аттанардай заман ба еді! Ералыжандар Уфадан Петерборға қарай аттаныпты деген хабар шығысымен-ақ бұл торғауыт жаққа құлағын түріп қойды. Доржы мен Лобжының мұрынынан бұрынғысынша ақсары бас құрт ыршиды дейді. Шерін Дөндік сол баяғы алақ-жүлақ қалпы дейді.
Көптен бері қару үстамай ақсаусақтанып алған Әбілқайыр алақанына сонда бір түкірді. Оған керегі де Осы еді. Жайыққа дейінгі ен жазыққа жарбиып қонып алып, қазақтың жылқысының тақымын жаздырмай отырған Доржы мен Лобжыдан баяғы Мәмбеттің тұсындағы өшті қайтаратын рет бұдан былай келе ме, жоқ па! Аржағындағы ханымен сиыспай, орыспен ала көз боп, сүтке тиген күшіктей жиіркенішті жүрген екі немені Жем мен Темір бойынан дүркірете қуып, Жайықтың маса-сонасы көп мазасыз сағасына апарып бір тықты. Темір, Қобда арасындағы Самал дөндерге Есет пен Бөкенбай ауылдарын қазық қылып қағып, Жем бойына Бопайдың тентек төркіндерін тезектей төгіп кетті. Оған Уфа мен Петербор риза болмаса, ренжіп жатпаған сияқты.
Жемнен бергі қатқыл мен Асмантай-Матайдың бытқылына қойы мен түйесінің ауызы енді жетіп, тас кенедей қадалып ап отырған шақар Адай ауылдарының айтуынша, үш жыл бойы оқтын-оқтын Күйкен беттен сеңсең бөріктерін селкілдетіп түрікмендерді айдап сап, өздері омалған баладай тырп етпей отырған торғауыттар биыл тағы қимылдай бастаған сияқты. Шамасы, арыдағы Дөндік Омбы мен берідегі Доржының арасына ат жүгіре бастаса керек. Екеуі бірігіп қалтылдақ қайық мінгендей қалт-құлт жүрген Шерін Дөндікті теңкеріп тастамақ болар. Әбілқайырдың ендігі қиялы ертең Сары Арқаға барғасын Орта жүз руларының сыңайын байқап ап, ерсе, бірігіп қол жиып барып, Жайықты қосып, Еділден де ат жалдап бір өтіп көрмек. Сонда Шерін Дөндік Еділін бермегенімен Жайыққа дейінгі жайбарақат Жайдақты әке-кекелеп өзі-ақ ұсынар еді. Дөндік Омбы мен Доржыны Еділден түріп қуып тастаса, ар жағында не істейтіндерін өздері білсін! Бұған десе, сосын әлгі шерменде Шерін Дөндіктерін үйтіп жесін! Мұндай қауырт қимылды орыс ұлықтарының алдынан өтпей, қалмақ ханының қолқасын абайламай құлақ асып қойған аңғалдық деп ақталатындай асыға істеп алғандары жөн. Соның өзімен-ақ ұзын аққан Жайықтың арнасынан су ішіп, адырына мал жаяр еді.
Ана жолы Петербордан елшілік хабарын өкелген Құттымбет пен қасындағы башқұрттарды қанша тінткілеп сұраса да, патша сарайы бұның торғауытқа баса көктегеніне тап пәлендей апши қоймаған секілді. Былтыр күзде Ор сағасына барып қайтқан Нұралыға орыс ұлығы бұл турасында бірдеңе айтып жүре ме деп қыпылықтап еді, ол сау болғыр да ештеңе демепті. Ол тап биыл жазда да не дей қояр дейсің! Ар жағындағы башқұрттармен ақ түйе бас боп жатыр деседі. Бер жағындағы торғауытқа топалаң тисе де, қайырыла қояр мұршаны қайдан табады?!.
Торғауытқа түсер тор, құрылар тұзақтың маңына Жәдік тұқымын өлсе де жолатпайды. Орта жүздің Жәнібегі мен шақшақ Бөкенбай сияқты батырларының ғана ауызын алып көреді. Олар ыңғай беріп жатса, бәлкім, нем кетеді деп Батыр мен Барақтан сыр тартар. Ереміз десе ертеді. Одан бұл ұтпаса ұтылмайды. Сол арқылы оларға жалпақ жұрттың алдында озып тұрған орасан бағын мойындатқызып алады. Баяғы башқұрт шапқыншылығынан кейін Сәмеке тесектен бас көтермейді деп еді, ыңырсып жүріп, ақыры дүниеден кетіп тынды. Қазір Орта жүзде хан жоқ. Бас таққа жерік көңілі, кім біліпті, осы жолы мүддесіне жетер. Орыстың ұлығы бастапқы қарқынымен келгенде, бұл шаруаны да ендігі бір жақты қып қояр ма еді, қайтер еді... Ар жағынан башқұрт құтырып, қиыны келген істі қиындатьга тұрғаны ғой. Осындай қысталаң кезде ұтылап қимылдап, торғауыттың жарты жерін тартып алып, қара қазақтың алдындағы абыройын тағы бір мықтаса, әлгі дәмесіне де бүгін болмаса, ертең жетіп қалар...
Осыны ойлаған Әбілқайыр алыс жақынмен арада ат құрғаттырмады. Сонысы өзір зая кетіп керген жоқ. Баяғыда Сәмекенің башқұрт шаппақ ниетін біліп қойып, Таймасқа астыртын ат жүгіртіп еді, бір ұпайын үш ұпай қып қайтарды. Жәдік балалары мен башқұрт арасын жауықтырды. Патша алдында абырой алды. Сәмекенің өз ордасындағы беделіне нұсқан келді. Басқаны қойып, Барақ пен Батырдың өздері ол жанжалдан ешқандай араласы жоқ адамдар боп көрініп теріс айналып кетті. Өш алмаққа келген башқұрттардың жол-жөнекей шақшақ Бөкенбайдың жазықсыз ауылын жапыра шапқаны нағыз жығылғанға жұдырық болды. Уфа ұлығы араласып, башқұрттардың шақшақтан тұтқын қып кеткен үйлерін түп-түгел еліне қайтарғаны Орта жүздегі Әбілқайыр беделін асыра түсті. Оның үстіне орыстың іргеге келіп Ор бойына қала тігіп жатқаны, Әбілқайыр, Нұралы, Ералы есімін патшаның атымен бірге атап, зеңбірек атып, аспан жаңғырықтыра айқайлағандары олардың да құлағына жетпей жатыр дейсің бе?!
Патшаның бексауытты қолы қолтығында тұрғанда мұның қас-қабағына қарайламай болмай қалғанын талай жау түсінген секілді. Басқа басқа, қонтайшының өзі талай рет елшісін емпеңдетіп есігінен сығалаттырмады ма!..
Естіп жатыр, оның да тап пәлендей айдарынан жел есіп тұрмаған сықылды. Сыбан Раптан өлгесін таққа отырған Қалдан Шерін өз ордасын бөрі тигендей бөрліктіріп алыпты. «Әкемді у беріп өлтірдіңдер», - деп Аюкенің елшілер мен өгей шешесі Сетержепке қиғыруды салыпты. Төрт елшіні дарға асып, өгей шешесін үш қызымен қоса астарына қазық қағып өлтіріпті. Сетержептен туған Шона Доба Еділ бойындағы торғауыттарға зытыпты. Бір кезде қазақ даласын қанқасап қылған көкжалың қазір Еділ бойының ен тоғайында қасқырдай сүмең қағып жүрсе керек. Баяғыда Мәмбет мырза осында келетін тұста жоңғар мен қытайдың елшісі жарысып ақ патшаға барыпты. Екеуі де: «Одақ бола көр!» деп қол жайыпты. Орыс екеуіне де ыңғай танытпай отырса керек. Былтыр Петербор барғандар айтып келді, шүршіттер торғауыттағы Шона Добаны Қалдан Шерінге айдап салып жүрген көрінеді. Ендеше, құба қалмақ пен қара қалмақтың арасына қара мысық жүгірді дей беріңіз, тап қазір екеуі де бірін-бірі аяқтан шалмаса, қол ұшын бере алмайды. Оның үстіне қытайдың дүмпуі тіпті күшейіп кетіпті. Қалдан Шеріннің келмей жатып Ұлы жүз бен Ташкенттің тізгінін Жолбарыс пен үйсін Төле биге ұстата салып, бұл жақтағы әскерді сыпырып-сиырып еліне әкетуі тегін емес екен. Шерін Дондобаға отыз мың қол бастатып Халқаға аттандырған жорығынан нәтиже шықпапты. Жер қайысқан ауыр қол жат жерде жайрап қапты.
Азын-аулақ аман қайтқандары ызалы қонтайшының ай пплтасынан мерт тауыпты. Мұндай жағдайда Қалдан іпсріи қазақтармен қайтып үстассын! Оған бұлардың жау жағадан алғанда бөрі етектен дегендей жармаспай тура тұрғандары керек. Сонда кімнің көңілін ауламақ? Жолбарыс, сірә өз қолында. Сәмеке ақ жамылып ақыретте жатыр. Орта жүзде хан жоқ. Тақ түл. Оның үстіне орыстың алды Ор бойында. Ендеше солардың одақтасы Әбілқайырдың көңілін ауламағанда кімнің коцілін аулайды?! Ертең қазақтарға бас хан осы болып кететін шығар депте дәметпейді дейсіңбе! Жуырда келіп іиггкен сығырағы Бұның құлағына алдағы жазда тумаластарының тұтқындағы әйелдері, құлдар мен күндері дүние-малымен түгел қайтып келетінін сыбырлап кетті. Сөз арасында Ташкендегі Жолбарыстың жағдайын айтып жалпаңдайды. Төле екеуі шаһар маңының өзбегі мен тәжігіне қамшыларын қаттырақ сілтеп жатқан секілді. Базарға да барған қазақтардың басқанынан жер ойылатындай дейді. Түйе екеш түйесіне дейін егін көрсе, тап-тап беріп, шұқшыңдаған дихандарға күн бермей тұрса керек. Салықтың салмағы да жыл санап артып, хандық, билік те батпандап бара жатқан тәрізді. Саудагер, диханның, қожа, молданың арасында күңкіл көп көрінеді. Бірақ, қонтайшы оларға дес бермей қыңқ дегізбей отырған жәйі бар.
Мұны естігенде Әбілқайыр мен Бопай бір қозғалақтап қалды. «Әй, соларды өшіктіріп қайтеді? Базарға сәскеде келіп, бесінде қайтатын айдаланың айдамал қазағының көңілін аулағанша, күні-түні қол астындағы қастық ойласа қанжары, достық ойласа құшағы жақын жұрттың көңілін ауламай ма? Жас кезіндегі ауызынан қолы бұрын қимылдайтын асығыс мінезі әлі қалмай жүргені-ау. Үш жүздің тентегі мен телісіне тиырым тапқан үйсін Төле төренің еркелігіне тосқауыл бола алмағаны ғой!».
Ымыртта келіп сәріде аттанатын қонтайшы хабаршысынан бауырына бәсіктік жайын мықтап айтып бағады. Арсы-күрсі неме құлағына ілсе жарар еді...
Ілмес дейсің бе! Қанша тентек дегенмен, Бұл дегенде қайырылады. Қаңтарылады. Ол Тәшкенде отырмаса, тап іргесіндегі Ордабасына барып жиын құра алар ма? Тұсынан асып, ту Аңырақайға жетіп, ойран сала алар ма?! Қонтайшының басқа бір қарғылы төбеті отырса, Мәмбет мырза Орта жүз сұлтандарын иліктіре алмай, қанжығасы қоңылтақсып қайтқанда уайымдап жата алмай, Құттымбетті жұмсап қолқа салғанда Ұлы жүздің төрт құбыла төрт биінің қолдарын қойдыртып, мөрлерін басқызып, хат алып, Аралбай мен Оразкелдіні жер түбіндегі Уфаға шапқылатар ма? Қанша дегенмен, кешегі қиын күндерде, қос өкпеден бірдей қысқан Жәдік тұқымы мен Торғауыт зобалаңының уытын қайтарған, бүгін кеп еңсесі биіктегенде, айбынын айдындай түскен Тәшкендегі бауыр Жолбарыстың, Хиуадағы құда Жолбарыстың, арал хандығындағы күйеу Мұсаның, інісі Барақтың жетегіне көп желіге қоймаған наймандағы құда Күшіктің қарындастығы болды ғой.
Кіндік байланыс кейде қанат, кейде кісен деген осы да! Батырдан басқасы кісендік жасамады. Батыр да енді көріп алсын! Баяғы Дәурен биік басындағы бетіне түскен шіркей шамалыда кете қояр дейсің бе! Оған да жұрт бұдан былай абайлап-абайлап ерер...
Осының бәрі патшаның қабағы жылып, елшілігін хан көтеріп қарсы алғандығының арқасы. Петербор барып қайтқандарды қайда ас, қайда жиын, қайда айт болса, сонда жұмсап, орыстың астанасында не көріп, не қойғандарын жырлатып қойды. Орыс бергеннің үстіне өзі де қосып, жемсауларын да біраз майлады. Қыста сонау Жаңадария, Қуаңдария, Адам ата бойларын қыстаған жалпақ елден талай естиді; жұрт арасында иіні жылтыраған біреу керінсе: «Немене, Петербор барып келіп пе ең?» дейтін мәтел тарапты.
Құдайға шүкір, түтіні тік ұшып, иті оңға жүгіре бастаған сияқты. Енді тек мына жаз жақсылығымен шығып, орыс ұлығы сөзінде тұрып, жаңа шаһарына шақырып, жарқыратып той жасаса, Әбілқайырдың қуғаны жетіп, ңашқаны құтылды, айтқаны келіп, атқаны тиді дей беріңіз.
Құдайға шүкір, қазір өзі құлақдар жерде, ақ патшаны білмейді, қалған билеушілердің тап бұлай талабы жанып тұрғандары шамалы. Ине жұтқан тазыдай Ханбалық пен Петербордің арасында кезек қыңсылап қонтайшының жүрісі анау. Екі бұйірден күнде түртіп, екі тақымнан күнде шымшып кетіп отырған көп күндестен қорлық көріп торғауыт ханының отырысы мынау!
Ағалары келіп, алдары босағанмен, тақтан күдерлерін тірідей үзіп шашалып ішіп, қақалып жұтып Жәдік тұқымының отырысы анау...
«Тәубә, тәубә!».
Жатса да, тұрса да, Әбілқайырдың ішінен, Бопайдың сыртына шығарып сан қайталап айта беретіндері осы.
Мұндайда ел ауызына құлақ, ел қабағына көз тұрмей болмайды. Әбілқайырдың биылғы ноқта басы тойға әлдеқашан өлген әкесіне енді ас беріп отырғандай құрыш қалдырмай құйып, пұшпақ қалдырмай төгіп ағыл-тегіл ақтарылғандығы да осыдан.
Биылғы ноқта басы тойға дарияның арғы бетіне еткен елдің ат сабылтпағаны жоқ. Кермедегі көліктерінің таңбасын түгендетіп еді, исі Жанарыстың келмегені жоқ деуге болады. Жеті ру түгел... Бай ұлы түгел... Әлімнен Шектінің бірер атасының ғана таңбасы көзге түспейді. Шөмекейдід де бірер биі өтірік-шынды сылтауы мен «тойы қүтты болсынын» аралас айтыпты. Бекарыстан қыпшақтың әліп, керейдің ашамай, арғынның көз, найманның шөміш таңбалары да ұшырасады. Бірақ олар қадау-қадау. Арғы қалыңнан емес, бергі шет-шепір көңілдес, қоңсылас ауылдардан.
Көрмедегі аттардың санындағы айқыш-ұйқыш таңбалар Әбілқайырдың басындағы айқыш-ұйқыш хәлді де танытқандай. Бір кезде теріс аунап бұлтарып кеткен ауылдар қайта үйіріліп келе бастаған. Бірақ тегіс оралып болмаған. Әсіресе, күні кешеге дейін жорықтас, жиындас жүрген Бекарыс таңбаларының сұйықтығы жанға батады-ақ. Ол ну жынысты қара орман қып қайта үйірілту үшін әлі де көп қам, көп қаракет керек. Олар жоқ жерде қазақтың қай жиынының сәні, қай жорығының сәті түсіп еді. Олар араласпаған іс жартыкеш, олар қатыспаған мәжіліс бос дәлдүріш әңгіме. Қазақтың іргесін мықтағысы келген кісі әуелі осы қалыңның ыңғайын табу керек. Жәдік тұқымының ақылы жетпей тұрып айдынды, қайраты жетпей тұрып айбынды көрініп, ортадан ойып орын ала беретіндігі де сондықтан, Бекарыс балаларының көптігінен. Оның үстіне қазақ деген қауым боп қайта біріккенде, алғашқы шаңырақты солар әкеп тіккен, алғашқы қазанды солар әкеп көтерген. Еділ асып қайтып табысқан Жанарыс пен Алатау жамбастаған Ақарысты бірін аға, бірін іні қып, тізерлесе қалғанда бәрібір төрден өзі шыға келетіндігі де сондықтан. Ол қалыңды соңына түгел ерткен Өз Тәукеден басқа адам сірә жоқ. Енді бұл ең болмаса, сол ұзын етек, шұбал жең, мол шапанның бір шалғайын қымтанып бармаса, ертең орыс ұлығының алдында жүдеубас көрінері сөзсіз. Сары Арқаның биылғы салқынында осыған күш салмай болмайды. Ондай қалыңды маңына топтау үшін тіптен үлкен дәреже, тіптен үлкен бақ керек.
Кім біліпті, ақ патшаның мына оң ыңғайы сондай дәреженің шеті, сондай бақтың алды шығар.
Ендеше, жаңа қаладағы биылғы жиынның қамын қазірден бастап ойластырғаны жөн.
Биылғы ноқта тойының арғы астары да осындайдан өрбиді.
Той үстінде Әбілқайыр әдепкі байсалды қалпын жоғалтпай, әркімнің әрбір сөзін қалт жібермей тыңдап, әрбір қимылын қалт жібермей аңғарып, мақұлдар жерін қаза жібермей мақұлдап, даулы жеріне шүйліге кетпей, аса кең, аса ілтифатты отырды. Қашан да күйеуінің оңқай-солақайын тапжылтпай танитын Бопай меймандарының қай-қайсысы да ризалар ықлас, құлық таба білді. Ол күнгі жиылғандарды бұлар сынаса, олардың бұларды да сынай келері сірә белгілі. Басы сәл озған адам бір мойын омыртқасын кеміпін, бір енін ішінде үстамаса, қаумалаған қарындасты қарап тұрып жерінтіп алары оп-оңай. Тым елпеңдеп кетсе, бірдеңесін алдап алғалы тұрғандай тіксінтіп алатыны тағы бар. Ортадан шығар - су төкпес жорға мінез кез келген уақытта табыла бермейді. Тізгін иесі еркектікі бір жен. Кейде әйел мен баланың шәлударлығы алтын басты азаматтың асқар таудай абыройын төгіп жатқанын қайтерсің! Бақ қонған кісінің өзі болғаннан гөрі серігі болу көп қиын.
Соның бәрін баяғыдан бері түптеп біліп болған Бопай ханым ол күнгі дастарханның басында мама қаздай байпаңдап-ақ бақты.
Меймандардың бұлардың қонақасына әрі ырза боп, әрі таңырқап отырғаны ә дегеннен белгілі болды. Ырза болатын да, таңырқайтын да жөні бар. Дастархан үстіндегі дәмнің дала қазақтары үшін кебі таңсық, көбі жат. Оның үстіне қайсысының қайдан келгенін естігенде көздері тіптен атыздай болады. Жұрт арасындағы: «Әбілқайырдың иығы аса бастады» - хабардың растығына иланып ұйып отыр. Әйтпесе мынау шар тараптың таңсық тағамы мына дастарханның басында тап осылай ию-қию тоқайласар ма еді? Бұның бәрін үндемесе хан құм арасында керуен тонап жимаған болар. Шартараптың бұған құлай бастаған бөлекше ықлас, бөлекше ілтифатының белгісі шығар.
Бұл жиында Бөкенбай, Есет, Телебай, Алтай, Керелбай, Серке, Арал, Әжібай сынды шүйделілер жоқ. Олар мұндай опыр-топырмен бірге қайдан жүрсін! Ішек қырындысын ашысар сұбхатқа оңаша келеді. Көппен бірге отырып көсіле ақылдасатын бұл не құрылтай, не тұрымтай емес. Мұндайға маңайындағы ру басыларын жіберіп, өздері өзір әліптің артын баға тұрмақшы.
Ноқта басында сөз алып мәслихат қыздыратындай бұл үйге батымды адам табылмай, дастархан үстіндегі әңгіменің көбі таңсық тағамдар төңірегінде өрбіді. Бірақ, Әбілқайырға керегі сол еді. «Таңсық тағам айтылса, таңсық базардың да айтылмай қалмайтынын іші сезіп отыр. Ал, таңсық базар тап бүгінгі мәжілісте айтылсам екен деп, көптен бері көмекейін қышытып келе жатқан құзырлы әңгіме еді. «Иө, шоқ», - деп іштей қопаңдаған Әбілқайыр лақ ете қалмай, сабыр сақтай тұрғанды дұрыс көрді.
Бопай да ақ-қарасы аймаласа жайнаған әдемі көзін ибамен жүгіртіп, алаулап қан тебінген жұмыр мойынын кербездене қиғаш бұрып: «Ауыздары қыза түссін. Тыңдап алайық, хан ием», - деген емеурін танытады.
Хан: «Жә, оған бола қысылма! Үндегелі отырған өзім де жоқ», - дегендей жұрттың кеу-кеуіне құлықтана құлақ тосып, Бүлк-бүлк күліп қояды.
Дегенмен, мінез шіркін қандай кер зынданға тықсаң да, қарғып шықпай тұра алмайтын жаннан безді қиқар кісідей ғой. Ноқта тойы хабарының исі шығысымен ентелеп ертелетіп жеткендердің бірі Сырлыбай еді, нарттай жүзі албырай қызарып алдымен сөйлеген де сол болды.
-Осының көбі - орыстың тағамы. Жарықтық өзі қатындарының ұстаған асы тәтті болатын ырысты халық білем, - деп күлгені.
- Ендеше, Итжемес құрлы шамаң бар, Ел ішінен бір орыстан түскен күң тап та, некесін қиғыз. Қайбір қалың малым шығын болады деп қорқасың.
Сырлыбай абайсызда ұлпа тақымнан шаққан сары шаяндай тілі ащы немеге ажырая қарай беріп еді, Айбастың ұлы Арыстанбай екен.
- Тіліңе шоқ түскір сен екенсің ғой! - деп алдындағы үйме бауырсаққа күректей алақанын көсей ұмтылды.
Үй ішіндегілер ду күліп жіберді.
- Расында да обыр Итжемес осы күні берген қымызыңды ішінде қылшық жоқ па екен деп үрлеп ішетін болыпты деседі ғой.
- Қатынының ширақ екені рас.
- Апырай, шынында да, Арыстанбайдың ақылының жаңғыз Сырекем үшін емес, бөріміз үшін де жаны бар екен-ау.
- Ендеше қатын мұдарларың бітетін болды. Орыс іргеңе көшіп келді ғой.
Бұны айтқан жашіас Баймұрат. Шеке тамыры әдеттегісіндей білемденіп тұр. Жирен мұрты да тікірейіп апты. Тек шүңірек көздің түбінде ғана өзөзіл ұшқын жылтырайды. Әлгі айтқанының өзіл екенін, кекесін екенін ажыратып болар емес.
Не де болса, уытын қайтарайын дегендей төр жақта кекірейіп отырған сыз қабақ Бәйімбет сыңар езуін Бүлк еткізіп:
- Ендеше сен жаритын болдың. Орыстан тақым сыбағаны алдымен алатын сен едің ғой, - деді.
Жұрт оқыс мырс ете қалып, ошарыла тоқтады. Көк желкесіне дейін күреңітіп кеткен Баймұраттың әлгі сөз жанды жеріне шық ете қалғанын бірден сезіп, бірдей сезіп тоқтасты. Баяғыда Мәмбет мырза келгендегі қылығын бетіне басқан мына қалжыңды дәукес батырдың басынан асыра қоюы екіталай. Сый төрде тағы бір сойқан шығып кете ме деп қипақтасты. Әбілқайыр мен Бопайдың іштері де бір-бір бүлк ете түскен. Дегенмен, Баймұрат Бұл жолы шыдағысы келген құлық танытып бірден шаңқ етпеді. «Елдігің қайда, мынаған табалатып қоясыңдар ма түге! Неге тойтармайсыңдар?» - дегендей отырғандарға алақтай көз тастады.
Соны сөзген Бопай ханым:
- Жә, жақсы жігіттің тақымы қашан да салымды емес пе?! Сендер өйтіп менің інімнің несібесіне іштарлық етпеңдер, - деді жұмсақ үнмен наздана жымиып.
Бөйімбет те орайы келгенде ушықты қалжыңның кәрінен жасқанып:
- Апырай, қарына тартпағанның қары сынсын деген осы екен-ау. Бопай Баймұратқа бізден гөрі бір табан жақын екенін сөздіріп тастады-ау. Бәсе, со жолы ол неге бәрімізден ала бөтен қитықтанды десеқ хан балдыздық базынамды көтерер ме екен деп жасап жүрген қыры екен
ғой, - деп жеңілген боп кеңк-кеңк күлді.
- Солайы солай. Апамыздың бауыры жұқа болғанда, жездеміздің сауыры неге қалың болмайды?! Ойынымды кетере алмас десін бе, Баймұрат та жөнін біліп еркелеп жүрген шығар, - деді байұлы ауылдарының адамдары жамыраса сөзге араласып.
Күреңітіп отырған Баймұрат шаруасы түгенделгендей ұйып қалған аяғының белтірлігін ағытқан боп шалқалақтап бір күліп қойды.
Енді жұрт өзілге шаптырмай байсалды әңгімеге көшті.
- Хан ием, сонда мынау жаңа шаһарларында оскерден басқа не болады екен?
Манадан бері сараң сөйлеп, сұйық күліп, қалыс отырған Әбілқайыр жұрттың жабыр-жұбырын басқысы келгендей күлімсіреп сәл үнсіз отырып барып тамағын кенеді.
Қамшы тастасып, емпеңдескен дәукес билердің әдетіне басып, ет тураған табақшыдай сарысы мен қарасы аралас түссін деп сөз сылап, сумаңдап кетпей, әңгіменің байыбын ғана қамтып, қара жоңқалай сөйлейді.
- Неге тек қана әскер болсын? Жұрт аңтарыла тоқтады.
- Ол қаланы әскер ұстау үшін салып жатқан жоқ. Әскерді қаланы ұстап тұру үшін алып келді.
«Мынау қай жаңылтпашы?» - дегендей жұрт бір-біріне қарасты.
- Жаңа шаһар, ең алдымен қырдың елімен сауда-саттық жасайтын базар ашу үшін орнап жатыр.
Сөзін тағы үзіп, маңайындағыларға көз қиығын салып еді, «құлағымыз сенде» дегендей телміре қалысыпты.
- Ол базарға тек орыстың саудагөрі емес, орыстан да арғы көп жұрттардың саудагерлері келетін көрінеді. Кейбіреулері осы күннің өзінде сонда жүр дейді ғой.
- Сонда олар туды-бітті көрмеген мына бізге не зәру, не қымбат екенін қайдан біледі?
- Оны білмесе, саудагер бола ма? - деп көп ішінен біреу асыға тіл қатты.
Хан: «Иә, рас», - дегендей басын изеп:
-Біздің керегімізді тасып әкеп жүрген Үндінің, Қытайдың, мына тұрған Тәшкен, Бұхар, Хиуаның саудагерлері де енді сонда жосылатын болады.
- Қап, мынасы сауап болған екен. Ала шапандылардың өзімізді бір, түйемізді екі мазақ қылатынынан қүтылдық десейші...
Мұндай қыстырма қалжыңға хан ашпыған жоқ. Үнсіз езу тартты.
- Мұнысы жақсы екен. Олар мына біздің көршілеріміздей емес үлкен ел. Бірде бату, бірде тату боп қырық құбылып отырмайды ғой.
- Қол астына алғасын, мұқтажың мен мүддеңе өзі қам жемес пе?
- Сонда әлгі әскері не бітіреді?
- Базар күзетеді дейсің бе?
Хан Бұл жолы қабағын шытынды.
- Ол бізге жүмсалатын әскер емес. Бізге қарсыларға жұмсалатын әскер.
- Сонда бұдан былай торғауыт пен жоңғар қоқаңдағандарын қоятын болғандары ма?
- Қойдырамыз дейді ғой.
- Жұрт сенер-сенбесін білмегендей бір-біріне қарасты.
- Шынында да, Мәмбет мырза келіп кеткелі не торғауыт, не жоңғар тышқақ лағыңа тиді ме?
- Рас-ау! Өзіміз тиіспесеқ олар тиіскен жоқ.
- Өзің тиіскенде қуа келіп, қиқу салмағаны іргеңе тақап тұрған іріден сескенгені.
Жұрт бұған ойланайын деді.
- Сонда орыстың мұндай кеңдік жасайтынындай не көздегені бар?
Әбілқайыр бұл жолы жұрттың бетіне жағалай бір-бір үңіліп шықты. Ар жағында қитұрқысы жоқ аңғал сұрақ, бірақ адал сұрақ.
Ешқайсысының жүзінен әжуа, көзінен кекесін көрмеді.
- Отыңа, суыңа тимейді. Малыңның шетінен керегінше ақшасын беріп сатып алады. Хиуа мен Бұхараға қиятын жүн-жұрқаң мен тері-терсегіңді орысқа да қиятын шығарсың?
- Әлбетте.
- Ендеше, қотаныңа салар салмағы өзір сол ғана. Одан басқа орыс қызығатындай нәрсе өзіңде де жоқ қой.
Жұрт үнсіз.
- Қош, - деді біреуі әңгіме бұнымен тынып қалмасын дегендей.
- Жеріңнен қорғасын, темір табылып жатса, оны тасып ап, оқ, мылтық, ыдыс-сайман қып өзіңе қайтарады.
- Е, бұнысы дұрыс. Өз қолыңнан келмейтіңді өзге істеп берсе, несі жаман!
- Содан басқа салар салмағы жоқ па?
- Неге болмасын, бар! Жұрт ошарылып қалды.
- Бұдан былай орыстың шек-шебіне тиіспейміз. Оларла тиіспейді.
- Жарайды.
- Бұдан былай орыстың боданындағы елдерге тиіспейміз. Олар да тиіспейді.
- Мақұл.
- Жеріміз арқылы өтетін керуендеріне тиіспейміз. Қайта баратын жеріне жол бастап апарып тастаймыз. Ол үшін тиесілі ақысын аламыз.
Тап бұл қисынға ешқайсысы түсіне қоймады. Жаттан қарымта қайырады, есесін алады деген миға сіңсе сіңер, ал қызмет етіп, ақы алады деген сіңе қоймас. Бірақ әлгіден бері үйреніп қалған ауыздың бірі:
- Жарайды, - дей салды.
- Қолымыздағы орыстың тұтқындарын, жетім-жесірлерін еліне қайтарамыз.
Бір қатары желкелерін қасиын деді. Тегін малшы мен тегін отыншыны қимай отырғандары.
- Қолдарындағы біздің тұтқындарды олар да қайтарады.
- Е, онысы дұрыс екен. Жұрт гу ете түсті.
- Шарты осымен бітті ме?
- Жоқ.
Хан иығындағы сусып бара жатқан желең шапанын бір тартъш қойды.
- Екі халықтың арасындағы бұл пәтуаның кепілі ретінде өр тайпадан бір-бір аманат сұрайды.
Жұрт сілтідей тыпа қалды.
- Сұрағанда да, өздеріңдей ел жақсыларының баласын сұрайды.
Жұрт көзі шарасынан шығып барады. Жұртпен бірге Бопай да аңырайып қалыпты. Бұл - оның да естімеген әңгімесі еді.
- Сонда қалай, бауырымыздағы баламызды қалай қиып ұстата саламыз?
- Ел мен ел арасы түгілі, ру мен ру арасындағы дауды тыю үшін де талай перзент бітуажа богх кетпеуші ме еді...
Жұрт бәрібір селк етпеді.
- Сонда ол баламыз өмір бақи солардың қолында кете ме?
- Неге, аманат мерзімі біткесін елге оралады. Орнына басқа бала аманатқа барады.
- Бұндай шарты қаншаға дейін созылады.
- Қашан бір-бірімізге сенісіп кеткенше.
- Е, е, е...
Көбі: «Гәпке енді түсіндік», - дегендей бастарын изеп қойды.
- Сонда ол балаларымыз орыс боп кетпес пе екен?
- Жоқ, тәйірі. Қазақ салтымен ұсталып, қазақ салтымен күтіледі. Мәселен, біздің Ералыжанның мұсылманша оқуын үздірген жоқ. Қазір жаңа шаһарда Бұхара ахуны Мансұр Абдрахман ұғлының алдын көріп
дәріс алып жатыр.
- Ханзаданың жөні бөлек қой. Ол аманат емес, елші ғой.
- Жоқ, - деді Әбілқайыр жұлып алғандай. - Ералы Петерборда елші еді, енді мынау жаңа шаһарда аманат.
Жұрт басын түгел көтеріп алды. Бопай селк ете түсті.
- Аманат деген тұтқын емес. Елші де бір, о да бір. Орыс мемлекетінің сыйлы мейманы. Күтімі, амандығы, тәрбиесі ақ патшаның мойнында. Аманаттың амандығына бастарымен жауап беру - олардың қатты ұстанар қағидасы.
Үй ішіндегілер ханның мынау ширығыңқы дауысынан сескенгендей жасқана сауал қойды.
- Сонда Ералыжан елге қашан оралады?
Бұл арада Бопай құлағын тұре түсті. Мына сырды ханымның да білмейтініне жұрт іштерінен аң-таң болды.
- Қашан орнына жаңа аманат барғанда...
- Ол қашан белгілі болады?
- Алдымыздағы жиында.
Жұрт одан арғы сауал тергеу сияқтанып кетерін сезіп, аяқтарын тарта қойысты.
- Е, солай де! - деп тағы да шыдамсыз Сырлыбай сөз бастап келе жатыр еді, тағы да Арыстанбай жолын кескестеді.
- Біздің езіміз сенен артық болмағанда, баламыз балаңнан артық болар деймісің, хан ием. Көрерміз. Берерміз.
Басқа ешкім ештеңе деген жоқ. Меймандар бата жасасып сыртқа шыға бастады. Жұрт кермедегі аттарына аяңдады. Хан олармен үй сыртында қол алысып қоштасып жатып, Арыстанбайға:
- Сен тағы бір айналып соқсаң қайтеді? - деді.
- Жарайды, хан ием.
Бопай үн-түнсіз бытырай шашылып бара жатқан жұртқа қарап құр сүлдері сұлқ тұрып қалған.
Қашан қонақтар қара үзіп кеткен соң барып, қасына келіп:
- Үйге кірмейміз бе? Не ғып тұрсың? - деген Әбілқайырға аң-таң әпірейе қарады.
Содан Бопай сең соққан балықтай есеңгіреді де жүрді. Шаруаға қарасуға да құлқы болмады. Көштің қамын төлеңгіттер мен қызметшілер өздері толғап, өздері шешті. Нияз сұлтан баскөздік етті.
Ханым соқпа тиген адамдай селсоқ. Бірақ жатып қалмады. Таңертең ербиіп орнынан тұрады, күн бойы қалқиып тұрып жүреді, кешке қарай ештеңе істемесе де, қалжырап тесегіне қисаяды. Өз халіне өзі де түсінбейді. Бұл не уайым ба, қасірет пе, өкініш пе, өкпе ме, ыза ма... Ол арасын кім білген. Әйтеуір, қуаныш емес. Әнеу күнге дейінгі сүйек-сүйегінің бәрі қауырсыннан бетер жеңілейіп, өз-өзінен қалықтап ұшып кетердей боп, елпілдеп жүретін қунақ, сергек күйіне үқсамайды.
Бопайдың мынау шерменде кейпін Әбілқайыр да көріп, біліп жүрсе керек. «Бірақ, осы сенікі не күйзеліс?» - деп іш ашысып сыр сұрау дағдысында жоқ. Өзі де іш ашпайды. Ішіндегісін біліп қойсаң: «Қайдан білдің?» деп тағы сұрамайды.
Содан болар, ертең көшеміз деп түйе тіздеп отырған күні бесін ауа сау етіп түсе қалған үш мейманды ол мейманханаға бастамай, Бопайдың отауына бастады. Онысы - әйеліне «бүгінгі мәжілісте сен де боласың» дегені.
Әдепкі сыпайылықты бұзбай жылы жарқын отырғанмен, іштей түйықталып алған Бопай көпке дейін мынау бейсаубат меймандардың тұр-түсіне де, жүріс-жөндеріне де назар аудармапты. Берілер қонақасы беріліп, көрсетілер құрмет көрсетіліп жатыр. Жолаушылар да алдарындағы дастарқан жиылып, үй-ішінің саябырсығанын тосқандай, жол-жөнекей жүріп өткен жерлерінің биылғы от алысын ғана сөз қылып, одан арғыға баспай, жайбарақат отыр.
Қолға су қүйылып, тоқ басытқы қымыз ішілгесін де меймандар әңгіменің тетесіне көшпей, кібіртіктей берді.
Хан олардың лебізін тосып, езі сөз бастамады. Үнсіздік созылыңқырап бара жатқанын байқап:
- Ал, меймандар жүріс жөнін айта отыралық, - деді.
Бопай сонда барып бойын жиып алды. Жолаушылар өзінен тартынып отырғанын сезіп, «шыға тұрайын ба» дегендей күйеуі жаққа көз жүгіртіп еді, «қылп етпе» дегендей үнсіз тұқыртуды ұқты.
Ханым манадан бері ас-су беріп отырған үш мейманының жүзіне енді дұрыстап қарады. Үшеуі де бейтаныс. Екі жағындағы үздік-создық сөйлеп отырған мосқал еркек пен түбіт иек боз бала жігіт қазақ. Киім киісі, сөз саптасы арғын ішінен екендіктерін сөздіргендей. Ал, ортасындағы қайта-қайта «аллалап», көмірдей қара сақалын байыппен сипап отырған шоқты көз қыр мұрын жігіт «өйтеуір, мұсылманмын, бірақ қазақ емеспін» деп тұрғандай. Қиғаш қасы, тайпиып кетпей, тік құлағын кең маңдайы, аққүба жүзі, сопақша беті мен сүйір иегі, шалғысы қайқимай қаймыжық жұқа еріндерін көмкере құлаған құндыз мұрты, үркек аттың құлағындай сәл нәрседен ойнақшып тұрған қусырылыңқы жүқа танауы бұл тарапқа беймәлімдеу алыс өлкелердің бірінен келе жатқанын аңғартқандай. Бұл табалдырықтан аттағалы бата тұсындағы «аллауакпарынан» басқа сес шығарған емес.
Соны кірмей жатып сөзген Әбілқайыр сыр мінез емес жылқының сыртында тұрғандай ширығып сақ отыр.
Сөйлеп отырған биқасап шапанның үстінен ақ шәйі сәлдені бұқаршылап қырық қиғаштап жатпай, қыр салтыпен, шыршықтап орай салған қоңқақ мұрын бітіккөз күйек сақал еркек.
Меймандарының жүзіне үңіліп отырған Бопай көп сөзді қаза жіберіпті. Ендігі әңгіменің біріне түсінсе, біріне түсіне алмай, құм кешкен жорғадай біраз малтығып барып, гәпке кейіндеп қаныға бастады. Ортадағы тосын қонақты адыстан келе жатыр деп отырған тұспалы дұрыс боп шықты. «Стамбул», «ер түрік», «паша», «ғазауат» деген сөздеріне қарағанда сонау жер түбіндегі түрік елінен келе жатқан пірәдар секілді. «Қырым», «Қап тауы», «ноғай», «шеркеш», «қабарда», «Сұлақ бойы» дегендеріне қарағанда біраз жерді шарлап шыңқан түрі бар. «Түрікмен», «Хиуа», «Бұхар», «Ғазна» деп іргелеткенінен бұл маңайға келгеніне де біраз болғанын аңғарды. «Исі мұсылман», «көпір», «ғазауат» дегеніне қарағанда тегін жүрген жоқ. «Қазақ жұртынан да жиырма мыңдай кісі дәметеді». Мынау әскер сұрап отыр ғой
- Ар жақтан Еділ бойы, Орал тауы мұсылмандары, бұл жақтан Тұранды жайлаған көп ел, Қап тауы мен Қырымдағы пайғамбар үмбеті, күнгейдегі тұркі мен қызылбас тізе қосысса, Ресейге бұл жақтан аяғын тартуға тура келеді. Түрік патшасы бұл жайында бізден оылайғы Қытай, үндімен де, өзінен арғы ағылшьда,
олиманмен де іш байласыпты. Ендігі бар гәп - осы жақтың мұсылмандарында. Пайғамбарымның жасыл туының астында жиналып: «Дін үшін, тіл үшін, жер үшін
қан төгеміз, өліспей беріспейміз!» - деп шықса, қол үшін берер ағайын табылады деп отыр. Башқұрттың қимылына да Бұлардың араласы бар білем. Енді солай
қарай асам дейді.
Хан құптаған да, сақтанған да нышан танытпай салғырт сөйледі.
- Анада осы Орта жүзге Қылмақ Абыз адам жіберіп, көмек сұрапты деген қаңқу шығып еді. Ол не хабар?
- Ондай әңгіме рас. Ертең жайлауға шыққанда ат құрғатпай іргемізді башқұрт тоздырар түрі бар.
- Олар ездері бірдеңе бітіре алып жатыр ма екен?
- Не де болса, бері беттеген қалың әскерді кідіртті. Башқұрттың жылқысына, ағаш үйіне, арқан-жібіне, жылы тоны мен ас-жеміне арқа сүйеп келген іштің әскері тау-тауда, сай-сайда аштан, аяздан, айбалта, найзадан
қырылып жатса керек.
- Сонда орыстар оларға еш қайран қыла алмағаны ма?
- Олар аянып жатыр дейсің бе? Башқұрттың талай қыстағының күлін көкке ұшырыпты. Қатын-балаларын тірідей үйітіпті. Соны істеп жүргендердің арасында баяғы Мәмбет мырза да бар дейді.
Үй-іші жар басына кеп тірелгендей аңтарыла тоқтады. Сәлделі қазақ:
- Оңай болса, Ордың бойына жер қайысқан әскермен келген бас ұлық былтыр күзде кеткеннен башқұрт арасынан қайтып орала алмай жатар ма еді!
- Ор бойындағылардан не естігендерің бар?
- Олардың да жағдайларының жарқырап тұрғаны шамалы білем. Жаңа шаһардан Уфаға жеткенше жайрап жатқан орыстың өлігі деседі ғой. Қыс қатты болып, тамақтары таусылып, босып кеткенінің бәрі орта жолда үсіп қырылса керек. Шаһарда қалғандары аудағы балықты сүзіп, індегі борсықты қазып талшық
айырыпты. Аржақтағы әскермен арпалысқан башқұрт бұл жақтағы шағын қол өздері-ақ аштан қатады деп көп қарайлай қоймаған, әйтпесе, әлдеқашан індігештерінен шығармай тапап тастамас па еді.
Мына әңгімеден Әбілқайыр тіксініп, Бопай шошынып отыр. Бірақ екеуі де сабыр сақтады. Тап сол арада сылаң сақал бейтаныстың тостағандай үлкен көзі манағыдан да бетер шоқтана түскендей көрінді.
- Соған қарағанда, орысыңның да жаны мұрынының ұшында білем. Өздері аржағындағы төріскей, күнгей, күнбатыс көршілерінің бәрімен араз екен ғой. Борбайын созып, кең көсіліп отырған жайдақ жағы осы біз бет
білем. Енді, міне, бұл жақтан башқұрт тулап...
Әбілқайыр тамағы құрғақсып жөткірініп қойып еді, сумақай сәлделі «әңгімені жақтырмай қалды ма» дегендей сөзін бітірмей көзін қыдыртып кетті.
- Жәнібеқ Бөкенбай сонда не сәлем айтады? Ханның сауалы қатқыл шықты.
- Не сәлем айтсын. Мына мейманды апарып сөйлеткіз. Өз құлағынан тыңдап алсын. Жайлауға жеткенше ойлана келер. Біз де ойлана барайық деді.
Әбілқайыр ілгері қарай бір изеліп:
- Жөн, - деді. - Сонда қалай, орыстың биыл бізге қарайласардай жағдайы жоқ болғаны ма?
Сөзшең мейман иығын қиқаңдатты.
- Жә, оны көзбе көз, ауыз ба ауыз сәйлеспесек... Бұл арада неғыл дейміз. Менің айтарым, ертең көш-жөнекей Ордағы шаһарға елшілер жібермекпін. Бір жағынан баламның аман-саулығын біледі. Екінші жағынан, орыс өкіметінің ауыз ләмін аңдиды. Үшіншіден, орыс ұлығынан жағдайды түсіндір деп елші шақыртпақпын. Оған да мұршасы жетпей жүрсе, онда...
Хан тоқтап барып қайта сөйледі.
- Әлгі айтылған әңгіменің рас болғаны.
- Батырларға айта барар басқа сәлеміңіз жоқ па?
- Тіршілік болса, көп ұзамай көрісерміз. Ор бойына менің адамдарыма қосып, олардың да кісі жібергені жөн секілді.
Бопай мына әңгімелердің тұсында ұйқыдан шошып оянған адамдай анадан бергі бой күйездігінен құлан таза арылды. Енді күйеуінің әр сөзін, әр қимылын қөңілден таса қалдырмай, байыппен тыңдай бастады.
Бейуақ келген қонақтар ертеңіне таңсәріден асығыс шайланып, қымызданып шұғыл аттанды. Әбілқайыр кермеге дейін бірге барып шығарып салды. Бірақ олар табалдырықтан бері аттап кіргеннен әрі аттап шығып кеткенге дейін бір қалпынан ауытқымай, елпілдемей де, кергімей де, ұстамды отырды. Ханның кешегі айтқан хабарларын қалай қабылдағанын анық аңғара алмаған үш мейман көздерінің астымен бір-біріне қайта-қайта қарағыштап, аң-таң аттанысты.
Бопай Әбілқайырдың осы бір сабырына қашан да қайран. Кермеден үйге жеткенше көңілінде әнеу күнгі іюқта басы тойда қордаланған томырық өкпенің тоңы жібіп, оның орнын ылғи пышақтың жүзіндей сын үстінде жүретін күйеуіне деген аяныш иемдене бастады.
Әбілқайыр сол күні көшті еру қылды. Тіздеулі түйелер тұрғызылып, алысқа айдалмай, ауыл маңына тұсап жіберілісті. Мырзатайды шақырып ап, Бөкенбайға жұмсады.
- Таймасқа ма, Алдарға ма - біреуіне өз атынан кісі жіберіп жайлауға жеткенше хабар алмас па екен, - деді.
Байбекті алдына кіргізіп:
- Сен жүріске қамдан. Көшті күтпе. Қасыңа қалаған төрт-бес кісіңді ерт ішінде Итжемес те болсын. Ор бойына барып қайтасың. Қамданып болып кел. Қалғанын сонда түсіндірем, - деді.
Бопайдың іші сөзеді. Әбілқайыр қайда кімді неге жұмсап жатқанына ел сұқтанбасын деп, мыналардың сапарын осы кезге дейін кідіртіп-кідіртіп келіп, енді кешпен әдейі қабаттастырып отыр. Не де болса, түндегілердің әңгімесі ханның көңіліне күдік кіргізді. Әнеу күні мұндай ширығыңқы емес, жұмсақ, бипаз еді. Кептен бергі жазық жатқан маңдайына екі қастың арасынан екі білем ай сызық жүгірткен анадағы ақсақалдардың аманат жайындағы аңтарылысына қоса жаңағы жолаушылардың жұмбақ келісі мен жұмбақ кетісі болып тұр.
Хан іштегі қыжылын сыртқа сөздірмес үшін түс қайта атқа мініп көштен бұрын жөнелгелі жатқан мал жағына соқты. Бұнда бұрын ондай әдет жоқ еді. Мұнысымен де елдің көзін алдарқата тұрмақ. Өзін жайбарақат көрсетпек. Елді жайбарақат ұстамақ. Қашан кешегі сөздердің анық-қанығы айқындалғанша ел көңілін ұйтқытар қыдырма қаңқуларға бөгесін бола тұрмақ. Сол арқылы жұрт кезінде шығыңқы жүрген иығын қайта жықпай тік ұстамақ. Жаңа аяқтанған жас төл елдің алдымен осыдан екі-үш күн бұрын жөнге түскен. Қырқылған қойлардың өзі де жолда барады дейді. Көш солардың шаңы басыла орнынан көтеріледі. Ал ұзын аяқ қатқыл тұяқ жылқы айдамалы малдын алдын, артулы жүктің үстін шаңдатпай төрт-бес күн кейіндеп қозғалады. Қарулы қайратты еркек кіндік соңда қалады. Соның бәрін өз көзімен елеп-екшеп шыққан хан көшін кетер қоныстан салтанатпен көтеріп, жетер қонысқа салтанатпен шөгермек.
Көш жөнекей хан жақсы-жайсаңымен ілгері кетті де, ханымына көңіліндегі түйткілін қапысыз ойлап-толғауына мүмкіндік пен уақытты молыңан берді.
Бопай тынықпақ боп түйеге мінсе де, сергімек бп жорғаға мінсе де, күздікүнгі сімсік тұмандай тұмшалап алған жібіскі ойлардан бәрібір құтыла алмады. Әсіресе, анадағы көшердің алдында келіп кеткен күйек сақалдының әңгімесі көңіліне қатты орнап қалыпты. Патшадан қағаз кеп, одақты мықтадым деп, қара жердің өзінде қайықтың үстінде тікесінен тік тұрғандай тізеңді қалтыратқан көп күдік, көп кұманнан аршылам деп жүрген Әбілқайыр мойынына тағы бір жүк түскелі тұр. Кепіегі көмір сақал, қүндыз мұрттың жүрісі тегін емес. Енді сорлының басын қазақтың өз дауы аз болғандай жасыл тулы мұсылман дүниесінің ұлы талқысына салар болса, талай көкіректе кемді күн қалғып кеткен ңызыл құрт қайта тіріледі. Тірілгенде де дүрілдеп тіріледі. Оны құртар қимайы орыстың тегеуріні бола ма деп еді. Оны да жан-жақтан жарыса тиген шапалақ шайқалақтатып тастаған түрі бар ғой. Күні кешеге дейін арбасының алдына түсіп жүгіріп келген башқұрт тархандарының мынадай мінез шығарғанына, ана жақта өз хандарымен өздері арпалысып, торғауытқа топалаң тиіп жатқанына қарағанда, орыс патшасынан да қауқар қаша бастаған сияқты? Өлген еркек патшаның тұсында елді бетіне қаратпастай мыңты болып алыпты десетін еді. Қатын бастаған көш оңған ба... Қайтадан босаңсытып алғаны ғой, сірә...
«Апырмай, сонда, ең болмаса, башқұртқа әлі жетпегені ме?.. Әлде бұл көлденеңнің ұйтқыма әңгімесі ме... Әлгі Ор бойындағы шаһардың хәлі мүшкіл деді-ау... Балық сүзіп, тышқан аулағандардың ортасында Ералыжанның күні не болып жатыр екен».
Бопай ханымның көкірегіне әлдебір шаншу қадалып тұрып алды. Былтырғы Нұралылардың дырду әңгімесіне семіріп, қыстай баласын сағынғанмен, ол тап бұндай қиындық көріп жүр ғой деген күдік ойына кіріп-шықса, не дейсің! Былтырғылардың әңгімесіне қарағанда, орыс қосынында ит басына іркіт төгіліп ағыл-тегіл болып жатқан секілді еді. Олар бүйтіп жалап-жұқтап қалады деген кімнің қаперінде бар? Башқұрттардың бас жасаулығын да естіген. Бірақ, олардың қылығын қиқар інінің мықты ағаға жасаған еркелігіндей шалдуар бірдеңе санаған. Ол бүйтіп шайқалтып тастады дегенге әлі сенбей келеді. Егер ішінде өз баласы болмаса, түндегілердің башқұрт жайлы айтқанын өр бұта асқан с.айын екі есе ұлғайып отыратын көшпенділердің көкіме лақабы санап, құлағына да ілмес еді. Ералыжан... Аманатқа қалғанын айтпадың деп, талағы тарс айрылып жүрсе, ол мынандай қарыны тойып ішер астың өзіне зарығып мүсәпір болып отыр екен ғой!..
Ханымның көңілі босап, тостағандай үлкен көзі тас қайнардың бастауындай шып-шып толып шыға келеді.
Тағы да күйеуі есіне түседі. Күйеуінің баяғыда Найзакескеннен қайтқан сәті есіне түседі. Ауылға жеткенше ат үстінде нық отырып, үй сыртында да атынан нық түсіп, табалдырықтан нық аттаған Әбілқайыр төрге жете беріп, артына бұрылмастан соңындағыларға «бара тұрыңдаршы» дегендей белгі берді. Бопайдан басқа жұрт лүркіреп қайта шығып кеткен. Олардың сырттағы тыңыры алысқа ұзаңқырап кеткен соң барып, хан құс төсекке дүре құлаған. Жұмық кірпіктерін ашпай, тісі ақсиып, шалқалай құлаған. Жалма-жан қасына жүгіріп жеткен Бопайдың тізесіне сүлқ тастай салған қолы да қан-сөлсіз, былқ-сылқ... Шеке тамырлары адырайып шығып кеткен... Беті құп-қу шүберектей... Кезерген еріні мен ентігіңкі демі ғана кеудесінде жан барынан хабар сөздіргендей. Бұндай хәлді ол тек сонын алдында ғана, үйіне антқа ұсталатын Тұяқ кіріп келгенде бастан кешкен-ді. Енді, міне, бауырынан шыққан баласы да сондай дүдамал сапарға аттанғанда қайта шамырығып қоя берген жүйкенің шыдамы осыған ғана, өз төріне жетіп жығылғанға ғана жетті. Сырттай қарасаң, кессе қан шықпайтындай ұстамды Әбілқайырдың іштей қайтып мүжіліп күйзелетінін білетін өзір тек бір ғана Бопай.
Ол мұндайда балгер де шақыртпайды. Ұшықтамайды да. Осылай жанынан бір елі шықпай, алақаны мен қос шекесін дамылсыз уқалай береді. Үй маңынан ешкімді жүргізбейді. Ауыл сыртынан ешқайда дыбыс шығартпайды. Бала-шағаға дейін аулаққа қуып салады.
Солай екі-үш күн жатқасын барып Әбілқайыр есін түгендейді. Орнынан тұрып, бас көтеріп отырады. Пәлен күннен бері тыйырым болып қалған жұртқа бас сүқтырады. Сосын атына мініп, шаруасына кіріседі.
Соның бәрінде де, күйеуінің неден күйзеліп, неден күйрегенін Бопай өзі болжап, өзі білетін. Ералыжан кеткен жолдың да қаншалықты өткелек екенін Әбілқайырдың сол жығылысынан сөзген. Екеуін бірдей аяп үн-түнсіз жас төккен. Содан жарты жылдай сүлесоқ жүрген Әбілқайыр Мәмбет мырзаның Сәмекенің елшісін орта жолдан кері қайтарған хабарын естігенде барып шираған. Артынан көп ұзатпай қол жиып торғауыт аттанған. Содан бері оның не сөзінен, не қабағынан жадаулық сезілмеген-ді. Орта жүзден келген меймандарды шығарып салып, керме басынан қайтып келе жатқанда Әбілқайырдың екі аяғы бір-екі рет бір-біріне шалысып кеткендей болған. Төрге жетіп тағы да құлап түсе ме деп қорқып еді, абырой болғанда, құдай сақтады... Соған қарағанда, түнделетіп келіп-кеткен хабаршылардың сараң сөздерінің ар жағында таудай зіл жатыр. Әбілқайырдың тағы да басы талқыға, ары таразыға түсіп жүрмесе, жарар еді...
Қалай екенін өзі де білмейді. Әбілқайырдың уайымы шыққанда Бопай балаларын да ұмытып кетеді.
Ол бұның тағдырын әуелде де осылай ойда жоқтан ойсырата килігіп еді. Соны ойлағанда әлге дейін екі беті ду қызарады. Ол қашан... сонау... арттарында қалып қойған Қызылқұмның да ар жағында жатқан айдаладағы елсіз тау Бөкенінің жыра-жықпыл кеп сайының бірінің ауызында болған оқиға-тұғын.
Бопайдың бала кезде құрыспасы бар-тын. Бірде алты жасында ма, жеті жасында ма түйенің бақалшағын бөпе қып, шүберекке орап, қуыршақ ойнап отырып, оң жақ аяғының сіңірі тартылып, бебеулетіп алып бара жатқасын, үйге симай, сыртқа атып шығып, белдеудегі әкесінің атына қарғып мініп, құла дүзге шаба жөнеліпті. «Ойбай, мынаған не болды? Бірдеңе қаққаннан сау ма?» -деп соңынан қуғандарға жеткізбей, құйғыта беріпті. Қашан ат өзі тоқтағанша тізгінді тежемепті. Сөйтсе, ұлы шағылдың арасында жер бауырлап, құм топырақты қарш-қарш асап, жылап жатқан ағасы Бөгілінің үстінен шығыпты. Жарадар Бөгілі мынау жер астынан жік шыққандай тосын көрініске сенбей, өзін бірдеңе иектеп кетті ме деп қорқып, екі көзін тарс жұмып ап, бетін басып, қарындасын қасына жолатпапты.
Атынан түспей тұрған бала қыз күні бойы жер бауырлап жылжып, қос тізесін әрі жер сыдырып, әрі ыетық құм күлбіретіп көресісін көріп жатқан бауырына:
- Көке, атқа мінгес! Бірақ орыныңнан тұрмай, ердің артына қолыңды созып, асылып мін, - депті.
«Мына келіп тұрған не қызыр, не сайтан шығар. Не де болса, айтқанын тыңдайын. Онсыз да, бәрібір, айдалада ит жемеспен өлетін болдым ғой», - деп, қыз баланың дауыс ыңғайына қарап жобалап, дәу де болса, ерінің арты осы түс шығар деп қолын құлаштай қармап, орнынан ышқына көтерілгенде әлдене сарт ете қалыпты да, көз алды қара тұманданып қайтадан құлап түсіпті. Сәлден кейін есін жинаса, қасында сол баяғы қарындасы жер тізерлеп отыр дейді. Қасындағы шылбырын салбыратып тұрған көшелі қара кер - әкесі Сүйіндіктің ауыл арасына мінетін аты. Таңғалған Бөгілі орнынан атып тұрса, қос тізесінің қан қақсағаны болмаса, басқа еш жері ауырмайды дейді. Түн ортасында соңынан әлдекімдердің дүрсілдете жетіп келіп, тымағын көзіне кигізіп, дәу күрзімен жауырын тұсынан бір соғып, астындағы атын аударып өкеткенде, неге екені белгісіз, соққы тиген жерден көп төмен бел омыртқасы күтір етіп омырылып кеткендей болған. Содан мана сәскеде есін жинаған. Сөйтсе, шынында да, жауырын тұсында бір ауыр зіл бар да, ал бел омыртқасы қан қақсап шыдатпай барады. Құм қызып келе жатқанын керіп: «Ең болмаса кеше езім бұрылған үлкен жолға жақындап жығылайын. Өткен-кеткен біреу-міреудің кезіне түсермін», - деп жер бауырлап тырмыса жорғаласа да, онша көп ұзай қоймапты. Түнде бұны аударып әкеткендердің опыр-топыр іздері анадай жерде сайрап жатыр...
Аң-таң Бөгілі ердің артына жайдақ мініп, қарындасын алдына алып ауылға оралыпты.
Содан Бопай «аруағы бар, арқасы құрысып қалады» атағы шықты. Шынында да, кей күндері қарап отырып елегізеді. Елегізсе болды, не арқасы құрысады, не қолы ұйыйды, не жіліншігі қақсайды. Сол күні біреу не мертіккен, не сынған боп шығады. Қашан соның қасына барып, жарақатын сипағанша, көңілі орынына түспейді. Әсіресе, сүйек жақын, ет жақын адамдарына зақым келгенде от басқандай жер-көкке сиып отыра алмайды. Қашан ондай адам хабаршы жібергенше, не өзі іздеп келгенше, басының сақинасы ұстап, тіпті астан-судан қалады.
Қыр қазағы мұндай «аруақты» адамдарды әрі сыйлайды, әрі сескенеді. Бойжетсе де, жан-жақтан ешкім құда түсе қоймады. Үш бірдей ұлдың ортасындағы бай жердің бағылан қызы шартараптан кеп жататын жүріс соқты меймандардың аузынан «мертік» пен «сынықтан» басқа сөз шығара алмай «пұшайман» болады. «Бізді пәленше мертігіп сол жіберді» - деп дабырлап жеткендерден басқа аттарын ақ тер, көк тер қылмай-ақ сипай қамшылап, қара құрым айғыр топ боп бабымен келіп, бабымен құда түсер біреу-міреулер қашан табылар екен деп көп күтті. Ең соңында, «әй, ондай сөзді естуден қалған шығармын» деп күдерін де үзе бастап еді. «Құдалық» деген сөзді, шынында да, естімей кетті. Тіпті мынау төрелер ауылына сол бір үрдісті сөзді ешкімге үздіктіре айтқызбай өз аяғынан келді.
Иә, ол бір ұзын хикая... Кейбіреулер бұның иығын оздырам деп дабырайтып айтар, дақпырт. Кейбіреулер бұның шамына тием деп шымшылай айтар шындық. Ол есіне түскенде бұл, расында да, жалданбай жабыланып, айдынданбай аласарып қалады...
Иә, со бір жылы сегіз ауыл ғана адайда жолы үлкен есептелетін. Қосай балалары сырға да, қырға да жақындамай, қыс жайлаған Қызыл құмынан шыға алмай, қүба шөлдің Бұхар асар пұшпағындағы үріккен жылқыдай үйіріле топылған Бекентауда қалып қойды. Оның срының не екенінен әлі бейхабар. Шамасы, сол жылы да ел ойраттың ойда жоқ көп килікпесінің біріне ұшырап, жаз жайлауға көше алмай қалған секілді. Әйтеуір, сол жолы да әкесі мен Бөгілі ағасының ауылда жоғы есінде. Әйтеуір, сол жолы да тызақтап үйге симай жүргені есінде. Інісі Құрманқұлды қайта-қайта сыртқа жүгіртіп. «Қарашы, ағаң аңнан қайтып келе жатқан жоқ па?» - деп отырғызбағаны есінде.
Содан бір уақытта Құрманқұлдың:
- Бопай апа, ағам келе жатыр?- деп айқайлағаны.
Дауысы тарғылданып әжептарқы шықты. Бұл да орнынан атып тұрып сыртқа жүгірді. Көз ұшындағы Бөкентау кешқұрым көк нілге малынып, тау емес жай әншейін көк жиектің мүнарындай аласарып, жұмсарып, жүқарып кетіпті. Ал одан бергі жайылып жүрген мал мен жанның бәрі батар күннің жарығында алаулай қызарып, ұлғайып ұзарып алған. Тау беттен ауылдыңтап іргесіне жетер-жетпес боп екі серейген сырық көлеңке құлапты. Біреуінің қылқандай ұшында құлағын қайшылап бос ат келеді. Екінші көлеңке - інісі. Алдына салақтатып бірдеңе өңгөріп алыпты. Арқарға да, бөкенге де келмейді. Адам секілді. Иә, адам... Жетегіндегі бос ат соныкі болар. Бұл кім болғаны? Тау арасынан арқар аулай кеткен бауыры абайсызда адам атып алып жүрмегей. Неше күнгі тұла бойында сіресіп тұрып алған зіл соған көрінбегей... Қараптан-қарап елегізген жүрегінің алаңы соған көрінбегей...
Бопай тұла бойының оқыс жеңілейіп бара жатқанын аңғарды. Сонда мынау кім болғаны? Пәлен күннен бері бұның қақ сүйегінің бәрін қақсататындай қай сүйектесі мынадай күйге жетті екен?
Ол аңтарылып тұрғанда Мырзатай да жетті. Құрманқұл жүгіріп барып атының басын ұстады. Ағалы-інілі екеуі біреуді былқ-сылқ көтеріп ішке алып өтті. Бауырларының соңын ала үйге кірген Бопай оң жақтағы төрге таман сый төсекке шалқалай құлаған жас жігітті көрді. Өңі сілтіден шыққан сүйектей боп-боз. Екі шекесінің білемденіп көк тамыры шығып тұр. Жерден қазып алғандай шүйдесі, мойыны топырақ-топырақ. Қиылып әдемі шыққан қүндыз мұртқа да шаң отырыпты.
- Бұл кім?
- Кім екенін білмедім... Арқарлы сайға барсам, су бойының қалың жалбызын дар-дар жыртып бір құла ат жүр. Үстінде ері, басында жүгені. Жөткірініп сыбыс қылдым. Жауап қатқан ешкім жоқ. «Бұл не ғажап»? - деп біраз аңырдым. Құла ат құлағын қайшылап, жүлге бойынан атып шықты. Бірақ қашпады. Едірейіп тұрды да қойды. Құла ат айналсоқтап кетпей жүрген жердегі жақпар тастың көлеңке түбіне барсам, шалқасынан түсіп біреу жатыр. Аттан құлаған дейін десем, тұла бойында жарақаты жоқ. Ұйықтап жатқан адам секілді. Сай бойының сызынан аулақ бөктерге біткен бөлек-жақпар
тастың келеңкесіне сұлапты. Әрі-бері жеткірініп көрдім сес жоқ. «Әй, кімсің? Басыңды көтер. Жөніңді айт!» - деп бірнеше рет дауыс қылдым. Қыбырсыз. Мынау не жылан, не бұйі шағып алған адам емес пе?» - деп жақынырақ бардым. Ісінген, қара талақтанып кеткен ештеңесі жоқ сияқты. Ұйықтамас бұрын сай бойынан жалбыз жұлып алып астына тәсепті. Жалбызға
құрт-құмырсқа үйір емесін біліп төсеген. Қипақтап біраз тұрдым. Әлгі адамда қыбыр жоқ. «Ау, саған не болған?» - деп бетіне үңілдім. Самсаған қалың кірпіктерін өзер қимылдатып, көзін аша алмай ыңырсыды. Мына күйінде далаға тастап қайдан кете алайын! Артында жақпар тастың қасына жақындатып қойып, былқ-сылқ денені ердің алдына өңгөріп, тізгінімді қолыма ала беріп ем, манадан бері құлағын қайшылап, тісін ақситып үнсіз тұрған құла ат күмбірлей кісінеп, суды кешіп етіп, қасыма жақындады. Өз тізгінімді тастай беріп, қармап қалып ем, жүгеніне қолым тиді. Содан оны да жетектеп алып, ауылға тарттым. Менің бар білетінім осы.
Мырзатайдың мына сөзі оң жаққа кеп сұлаған бейтаныс мейманның беймәлім сырын одан сайын жұмбақтандыра түсті. Ауылдағы қатын-қалаш пен азғантай еркек кіндік оның жүзіне өрі үңіліп, бері үңіліп, бәрі де бастарын шайқасып, танымайтын болып шықты.
Мейман сол баяғы сұлқ қалпы үнсіз жатыр. Еріні езеріп кеткен. Жұрт жалма-жан тамырын ұстап көріп, кеудесінде жаны бар екен десті. Енді бәрі Бопайға бұрылып: «Сен болмасаң, біздің қолымыздан не келуші еді. Еңкейсеңші. Қарасаңшы» - дескендей аңтарыла қарасты, Бопайдың бойын бірнеше күннен бері буып келген зіл жым-жылас. «Апырау, мынау бұның сүйегін жер түбінен сырқыратардай кім болды? Көзімнің алды шайдай ашылды ғой. Не де болса, дерті кеуде тұсында. Бір иығы бір иығынан аласа ма қалай? Сол жақ иығын көтеріңкі ұстап жүрген-ау шамасы. Қазір де басын солай қисайтып, тіреуіш қылып жатыр».
Бопай жер төсектің қасына тізерлей отыра кетіп, бейтаныс мейманның көкірегін ашты. Үстіндегі сауытын сыпыртып, кеудесін түгел жалаңаштатты. Апай төс қайратты адамның кеудесі. Қолдарының бұлшық еті де білеу-білеу. Садақты көп тартса керек сол жақ бұғананың басына қос елі мүйізгек біткен бе қалай. Екі жақтың да еті қалпақтай. Кенет кезі оң жақ қолтықтан түймедей көз тыртықты көрді. Шорланып біткен. Бірақ, ескіріп үлгермеген, жаңа жарақат. Үстіне тартқан сорма мақтаның орны былайғы денесінен бөлініп, әнтек ағарып қапты. Оң жақ иығына қол апарып еді. Ол да қалпақтай боп дүрдиіп тұрғанмен, сол жақ иықтан гөрі болбырлау, секілді... Қардың бұлшық еті де түтіліп кеткен бе, білем-білем түйіншектері бір-бірімен тұтаспай, ыдыраңқы тұрғандай. Қос қолын созып жіберіп, екі жақтың саусақтарына үңілді. Сол қолдың саусақтары баданадай да, оң қолдікі - таралыңқы... «Мынаның оң қолын семік шала бастаған болмасын...».
Бопай алдында ұзыннан сұлап жатқан бейтаныс еркектің бет-аузына үңілді. Қыр мұрынының жұқа танауы қусырыңқы. Қасы қалың, бірақ жіңішке. Сопақтау жүзінің шықшыт сүйегі шығыңқы. Бірақ қазірдің өзінде тістесіп қасарысып жатыр. Кең маңдайындағы сызық біткеннің бәрі қастың арасына жүгіріпті. Аузын ашып көріп еді, үстіңгі тістері маржандай - әрі ірі, әрі сұлу. Ал астыңғы тістері жалпиып жаттағанданып кеткен.