ВЕРНУТЬСЯ

      Иса Байзақов домбырамен де айтады,
домбырасыз да айтады. Иса өлеңді жазып та шығарады,жазбай да шығарады. Ол
домбырасын тастамай жүріп оқып, рабфак бітірген, орта дәрежелі білім алған адам
болатын. Иса даңқты ақын болу үстіне қазақ театрының алғашқы іргесін қалаушылардың
бірі. Ол Қалибек, Серке, Елубай, Әмірелермен бірге қазақ сахнасының пердесін
тұңғыш ашқан актер, әрі алуан спектакльдерде белгілі

рольдер
ойнаған.Осылай өнердің әр саласында бір көрініп,жалтылдап шыққан Иса, кейінірек
өзінің туа біткен өнері - ақындық жолына бірыңғай түсіп кетті.

    Иса жастайынан жетімдік көріп, қаршадайынан
жалшылық азабын тартып жүрген кезінде-ақ, домбырамен айтатын ақпа ақын болған.
Сол тұстарда атақты Құдайберген ақынмен айтысты.Бірақ, Иса сол өзі айтысқан Құдайбергенді
ұстазым деп санайтын.

«Сұрасаң менің
атым Құдайберген,

Халқыма айтқан
сөзім ұнай берген»,-деп бастайтын Құдайберген ақын «желдірмемен»

төккенде дауыл соққандай
соғады екен. Иса атақты «Желдірмені» сол Құдайбергеннен алдым дейтін. Демек,
Иса өзі ұстазым деген Құдайбергенді өмір бойы ұмытқан жоқ. Кейде тіпті асыңқырап
та мақтайтын. Әйтсе де Исаның жыр айту,домбыраны әралуан ойнақы тарту
манерасында Құдайберген стилі бар екені рас.Осыдан өзге Исаның айтысқа түскенін
мен өз басым көрген емеспін (мен 1900 жылы туған Исаны 1925 жылдан білемін).

Исаның ертерек
кезде «Оқымаған ақынмен» айтысқа түскенін Мұхтар Әуезов күлкі ретінде айтатын.
Оқыған Иса «Оқымаған ақынға» өлеңмен:

-        Жер неге домалақ? Ол неге айналып тұрады?

-        Электр шамы
қалай жарық береді?

- Терезенің әйнегі неден жасалады?-деген сияқты сұраулар беретін көрінеді. Өмірде мұндай сұрақты естіп көрмеген «оқымаған ақын» тұра қашатын керінеді. Бірақ Иса осыған қарамастан (айтысқа көп түспегеніне қарамастан) асқан импровизатор еді.
Сондықтан онымен жарысқа түсуге көп
ақындар беттемейтін.Иса
сахнаға әуелі домбырасымен шығып,алдымен «желдірмеге» басатын... Біз Исамен мәжілістес болған сайын, оның
«желдірмемен» бастауын тілейтінбіз.
Жүз естиік, мың естиік,бірақ
«желдірмеден» жалыққан қазақты көрген емеспіз.Ақын сахнаға шыққанда
да залдағы жұрт бір ауыздан:

-        Желдірме!

-        Желдірме!- деп
айқайлайтын.Өйткені
«желдірме» Иса айтқан сайын жаңғырып гүлденіп отыратын. Он бір буынмен
айтылатын бұл сарындағы
сұрапыл екпін жеті буынды жүйрік
термеден де асып кететін.«Желдірме» жыр айтушыны сынау үшін,

жаратылыстың өзі арнап жаратқан бір сұмдығы сияқты. Ол «желдірме» алдымен айтушыны өзімен сайысқа шақырады. Домбыра ұстаған жанның жүректілігімен қатар жігерін
сынайды.Ол үшін оның өкпесін сығып, кеудесін жаншып көреді. Әуен жоғарылағанда биік шыңырауға тартып айтушының тынысын да қысып көреді.

Мінеки, осындай сыннан өткендерді ғана «желдірме» құдіретті қанатымен көтеріп,
даңқтар мұнарасына шығаратын.

     «Желдірме» сынынан Құдайберген өтіпті деп есітеміз.
Ал, «Желдірме» сынынан Иса айтқан сайын жарқылдап өтетің. Ел сол үшін қуанып қол
соғатын. Одан өзге «желдірмені» ел қызыққандай желдіртіп айтқан бір жанды
көрген емеспіз.Иса осыдан кейін сахнаға домбырасыз шығатын. Күңгірт залдан
жап-жарық сахнаға қараймыз. Алдымызда орта бойлы, бұйра шашты, екі көзінен шоқ
шашыраған, енді ұшуға қомданған қаршығадай Иса тұрады. Көнелеу болса да бүгінгі
күннің костюмін киіп, галстугін таққан Исаны

қазақ ұғымындағы
«халық ақынына» ұқсатуға болмайды.

-        Міне, енді тағы да алдарыңыздамын,-дейді
Иса театр толы халыққа жымия қарап.

-        He бұйырасыздар, қандай тақырыпқа айт дейсіздер?-
дейді.Сонда:

-        Қыздың сұлулығын айт!

-        Еркектің ерлігін айт!

-        Қазаққа революцияның не бергенін жырла!-
деген дауыстар жамырай естіліп жатады.Иса қолын көтеріп, жұртты тыншуға шақырады.
Содан кейін сәл түйсініп алады да бастап кетеді. Осындай, әркім атаған тақырыпқа
табанда шығарған өлеңдерін ақын, кейін қағазға түсіріп газеттерде жариялағанын,
жинақтарына қосқанын білеміз.

     Исаның осы сипатты импровизаторлығы
(сахнада тұрып, жұрттың тапсырмасын тақпақтап орындайтындығы) өзгелердің біріне
де ұқсамайтын.Исаның «Он бір күн, он бір түн» деген поэмасы да алдымен
импровизациялық түрінде айтылды.Атақты үш ұшқыш әйелдің ерлік сапары аяқталған
күндері еді.Қазақстан Жазушылар одағында облыстан келген халық ақындарының қызықты
бір кеші өтті. Оған Мұхтар, Сәбит, Ғабит

сияқты жазушылар
да қатысты.Ақындар өзара қағысып, жыр қазаны қайнай бастаған тұста, кезек Исаға
тигені. Ол тағы да өзін «Желдірмемен» қыздырып алған соң, қау-

малап отырған
достарына қарап әдеті бойынша жымиды да:

-        He айт дейсіңдер?- деді.

-        Кеңес өкіметінің үш қанатты қызының он бір
күн, он бір түн қонбай, батыстан шығысқа ұшқанын айт!- деді Сәбит.

-        Сәбит! Мені қиынға айдағың келген
екен,жарайды,- деп Иса күле жауап берді. Аттың артқы айылы қаттырақ
тартылғандай, домбыра да қаттырақ бұралды. Қыздар жорығы табанда дастанға
айналып жырланды. Біз ақынға ілесуге,шама жеткенше жазып алуға тырыстық. Соның нәтижесінде
бір түнде думан үстінде туған жыр,кейін Исаның кітаптарына поэма болып кірді.

    «Сүйінбай айтыс үстінде Саурықты, Жамбыл Сұраншы
батырды жырлапты»,- деп есітеміз.Ал ,Исаның табанда жырлап, дастан тудырғанын көзімізбен
көріп, құлағымызбен естідік. Бұл да Исаның өзге тұстастарына ұқсамайтын сипаты еді.

     1939 жылы жаздың басында Киевте Тарас Шевченконың
125 жылдығы тойланды. Жылдың әдемі мезгіліндегі өткен бұл ғажап той бүгінге дейін
ұмытылмайдьг. Ұлы Украина ақынына одақтық және Украина Жазушылары одағының бірлескен
салтанатты пленумдары арналды.Онда Горькийден кейінгі совет әдебиеті
классиктерінің бар кезі болатын, ең қартымыз А. Серафимович, Ф. Гладковтардан
бастап А. Толстой,

М. Шолохов, А.
Фадеев, Н. Тихонов, Н. Асеевтер түгел барды.Салтанатты мәжіліс Днепр
жағасындағы Украин ССР Жоғарғы Советінің сәулетті, күмбезді сарайында ашылды.
Президиумда жоғарғы аталған даңқты жазушылар түгел отыр. Ақын тойы бүкіл совет
халықтарының мейрамына айналды. Шевченконың қалың бір томдығын қазақша шығарып
барған біз де жұрт қатарлы көзге түстік. Тарас Шевченко біздің елде болғанда

қазаққа арналған
жырлары туралы қосымша баяндама жасадық.Бір күннен кейін жиналыс басқарушы
жолдас:

- Сөз Украина кобзарьларына
беріледі,-деді.Көзі жоқ екі жігітті сегіз шекті дөңгелек

қобыздарымен
біреу жиын алдына жетелеп шықты. Дуылдаған дауыс үй шайқағандай. Біздің көзімізге
Шевченко заманының бір кесегі көрінгендей болып кетті. Әрине бұл екі кобзарь ұзын
жолдың шаңымен бірге ығып бара жатқан қайыршылар емес. Әйтсе де екі көзсіз
мүсәпірдің қатар тұрғаны бір түрлі жанымызды күйзелтіп жіберді.Қобыздарын бірге
тартып, оған бірге үн қосып машықтанған жас кобзарьлардың саусақтары қимылдағаннан-ақ
әсем, сырлы күй сыңғырлап жөнелді. Кейде тамылжып тұрған көркем

әуенге араласа мұң
естіледі. Екі жас ұлы ақынның бір бәйітін бір қоңыр дауыспен құйқылжыта бастады..."Мен
дір етіп домбыра үні шыққан жаққа қарадым. Бірінші қатарда отырған Иса тіпті өзіне
ұқсамайды. Қаны қашқан, сұп-сұр ол көзі жасаурап, ана дөңгелек қобыздар үніне
сай домбырасын бұрай бастаған екен, лезде қос ішекті баптап алды да, мына
кобзарьлар тұрған мінбеге беттей берді. Жұрт ду қол соқты да, шапшаң тыйыла
қалды. Иса домбырасын бандураша шалған бетімен екі жастың қатарына жетіп барды.

Мен кобзарьлар
жырын да анық естімеген едім, оларға қазақша қосылып, безілдете бастаған Иса
өлеңін де анық естігем жоқ. Дәл сол мезетте олардың қандай сөз айтқандарын
естудің қажеті де болған жоқ.Қазақ ақынының асқан сезімталдығы мынан-

дай зиялылар
тобын сілтідей тындырды, естерінен тандырды. «Ғажап», «Ғажайып» деген сыбырлар ғана
естіледі. Адамдар жүрегін қақ жарып туған құдіретті өнер лезде көптеген жерде
бір ұлы оқиғаға айналды. Мынау үшеу жер басып келген адамдар емес, жаңа ғана ақ
қанаттарын жайып көктен түскен періште секілді. Олар ғайыптың хабарын әнмен
айтып тұрған сәуегейлер секілді,бүгіннен бастап адамзат тілмен сөйлесуден
тыйылып, тек әнмен түсінетін болған секілді. Ауыз біткен ашылып қапты. Көз
атаулы ыстық бұлаумен тұманданған. Мен өзімді өзім ұстай алмай,еріксіз өксіп
қалдым.Мен Иса қуатынан алған осы әсерімді елге қайтқан соң талай адамға
айттым. Кейінірек Москвадан көшіп келген достарға да айттым.Әсіресе, Виктор
Шкловский мен Григорий Рошаль таң-тамаша қалып тыңдады. Осы екеуі менімен кездескен
сайын, импровизаторды қашан көрсетесің деп тынбай сұрайтын-ды. Бірақ Иса көпке дейін
қолға түспей қойды. Сол күнге дейін, жасы

қырықтан асқанша
Алматыдан баспана алып үлгірмеген ақын, көбінесе ел аралауға кететін.Ал соғыс
жылдары ол біздің (Жазушылар одағын айтамын) ең мықты үгітшімізге айналды.
«Желдірмесінен» кейін оның майдан жайында табанда төгіп шығарған өлеңдері қанды
соғыстан жақсы хабар күткен елді қатты сергітеді. Ақын жырымен жылағанды
жұбатады, шаршағанға дем береді.Сол сапарларда қанша поэмалар табанда айтылып,
жазылмай қалғанын кім білсін...

     Мен қазақ мінезін көрсетіп, әйелімнің ұл
туғанын мерекелемек болдым. Қуанышыма өзіміздің қазақ достардан Сәбит Мұқанов,
Мұхтар Әуезов,Құрманбек Жандарбековтерді шақырдым. Ал москвалықтардан Г.
Рошаль, оның әйелі - белгілі кинорежиссер Вера Павловна Строева, әдебиетші Виктор
Шкловский, біздің бір бөлмемізде тұратын досымыз жазушы Лина Львовна
Войтоловская, тағы басқалар шақырылды. Шілдеханамыз

9 июньде өтетін
болды... Ал жетінші июньде оңтүстіктен оралған Иса Байзақов телефон соқты.

-        Әбділда, мені іздегенің рас па? Келдім сағынсаң,-
деді күліп.

-        Қазір жетіңіз, ағатай, үйде күтемін,-
деп мен қуанғанымды жасырмадым.

-        Ассалаумаликум,
Айеке!- деді Иса.

«Тума бауы берік болсын,

Әбділдаңа серік болсын

Оны азсынсаң, Айеке,

Келінің тағы жерік болсын»,-деп сыртқы есікті ашқан апамды құшақтап көрісті.

Күнге, шаңға тотыққан Иса бұрынғысынан да
ысыла түскендей екен. Сусындап болғанша

мен оған іздеген себебімді айтып та үлгірдім.

-        Енді шілдехана
өткенше үйден шығармаймын,- дедім.

-        Шығармасаң
тіпті жақсы. Мен де ұйқымды
қандырып алайын,- деп Иса шапшаң көнді.Сол күні екеуміз моншаға түсіп
қайттық.Содан кейін Исекең біздің үйден шыққан жоқ.Екі күн, екі түн тынықңан
сақал-мұртын қағып,таза киінген
ақын, беті албырап, көзі жанып кетті.
Осы мезгілдің ішінде оның домбырасы да,тыныққан тәрізді еді, мен жұмыстан қайтқан сайын қос ішектің құдіреттене
түскенін сеземін.

-        Тамаша ғой,
аға, домбыраң,- десем:

-        Тақымым тисе ала қашқалы тұр,- деп о да қызу жауап
берді. Расында да «ала қашардай», шыбынның қанаты тисе ішектері сөйлеп кеткелі тұр.Қонақтар аталған сағаттан кешікпей түгел жиналып қалды. Бәрі жайғасып отырып болған соң мен түпкі бөлменің есігін айқара ашып:

-        Импровизатор,
Иса ақынға құрметті,-дедім.Атыла
шыққан Иса кілт кідіріп,
қонақтарға бас иді. Отырғандар да бір
кісідей тұрып, ақынға құрмет
көрсетті.Бұрын сырттай құмартқан
импровизатор деген сөздің өзін
тәңірінің атындай сыйлайтын

орыс достарым, ақынның сырт көрінісін де тамашалап қапты. Ойлағандарын
жасырмай айтатын өңшең шабыт иелері
ақынға қызыға қарап тұр.

-        Адам емес
қыранға ұқсайды.

-        Шабыт бейнесі
осылай көрінуі керек!

-        Мен Пушкин
жазған импровизаторды көріп
тұрғандаймын,- десті олар.

Біз дәмге кірістік.

-        Біз қымбатты
ақынға өзіміз тақырып беріп тыңдағымыз келеді. Иса жолдас оған қалай қарар екен?- деді Рошаль, ақын шай
ұрттауға кідірген кезінде.

-        Пожалуйста,-
деп Иса өзі орысша жауап берді.

-        Онда  менің тақырыбымды қабылдаңыз,-деді Вера
Павловна, ақынға барынша нұрлана және
сүйсіне қарап.Иса да орнынан тұрып көрікті әйелге бас иіп ырзалық етті.

Вера Павловна қайта сөйледі:

-        Пушкиннің
«Египет түндерінде» атақты сұлу және асқан ақылды
деп санаған әйел патша өзіне ғашықтарға ұлы мәжіліс үстінде тіл қатыпты:

-        Маған ғашықпын
деушілер көп-ақ. Ондай ғашықтарға
қоятын шартым бар.

Түнде құшағымда
болып ләззат алғандар таң ата басымен
қоштасады. Осындай саудаға
ырза қайсыңыз барсыз десе, қалың топтың ішінен даңқты қолбасшы үш батыр «ырзамыз!» деп бірінен
соң бірі шығыпты. Бір кешкі ләззат үшін өлімге
бастарын байлапты. Сонда осы ұлы патша атанған
сұлу Клеопатра қандай әйел?

-        Түсіндің бе,
Иса?- деп Мұхаң ақынға кеудесімен
түгел бұрылды,- өзі ақылды патша бола
тұра сүйікті қолбасыларына бұзық шарт қойғаны
қалай? Соны ойланғайсың.

-        Жарайды,- деді
Иса жалғыз сөзбен.Содан соң Вера Павловнаға
саусақтарын көрсетіп: «Минут пять»,-
деді.

Орнынан тұрып кеткен Иса домбыраны әралуан бұрап терезенің алдына барды, сырттан

баққан кісіге, ол қазір келетін біреуді күтіп тұрған сияқты.Мен шетте отырғанымды пайдаланып,
еңкейіңкіреп ақынның қырын тұрған бейнесіне қарадым. Маңдайының жіңішке әжімдерін көтеріңкіреп,
көздері де кішірейген секілді, тіпті алысқа қарайды,
әлденелерді анық көре алмай тұрғандай үңілді. Қиналып тұр ғой, айта алмай қалар ма

екен?.. деген күдікпен сескене бастағандаймын.Расында да
тапсырылған тақырып ақынның әдеттегі айтып жүргендерінен тіпті шалғай.
Ол бұл жолы Пушкин тақырыбымен және
ұлы ақынның аса білгір және жүйрік оқушыларымен кездесіп отыр. Тым болмаса Клеопатра туралы жалпы сөзбен болса да дидактикалық бірдеңе айтса жарар
еді,- деймін ішімнен.

-        Ұлы ақындық шабыттың бес минуты үшін,-
деп Григорий Львович сыбырлап қана бокалын
көтерді.

-        Иә, сәтін
түсіре гөр,- деп мен іштен күбірлеп тартып жібердім.         

-        Таптым,
жолдастар!- деді Иса қуана бұрылып, жаңа ғана тозақ басқандай сұрланған жүзі алқызыл тартып, екі бетінің ұшында
қан лыпылдайды. Ұсақ әжімдерден түк қалмапты.

-Құйыңдар, мен де
ішемін бес минут үшін!

Мен стаканды
жартылай толтырдым. Отырғандар бір кісідей ұшып тұрып ақынмен бокалдарын соғыстырды.Иса
домбырасын шындап бұрай бастады.Табанда айтылған ақын жырын барлық
ынта-ықыласымызбен тыңдадық. Ол жерде барынша зерек тыңдау, бір сөзін жібермей
ұғыну, әсіресе,Мұхаң екеумізге қажет болды. Өйткені, қазақша

білмейтін
достарға оны орысшалау ақын поэзиясының ұтымды қырларын, жұқа, нәзік жерлерін аңғарту
біздің міндетіміз еді. Сондықтан Иса «Ә!» деп бастағаннан біз зейінімізді
салдық.«Таптым!» дегені рас екен. Иса өзінің бұрыннан естіп, осыны жазсам деп,
ойланып-толғанып жүрген жырындай төкті. Әншейінде кібіртіктеп,ыңылдап бастайтын
Мұхаң да бұл жолы ағыл-тегіл орысшалады: ол жырдағы ақын суреттеген

адам мүсіндерін
айнытпай айтады. Сөздердің екпін-лептерін аңғартады. Әлде қандай нәзік

елестейтін бояу,
дыбыстарды, ишараттарды жеткізуге тырысады. Бәріміз бір кісідей тұрып Исаға да,
оның жырын осыншалық әсем аударған Мұхтарға да қошамет көрсеттік.

Жазып алуға
үлгірмегенімді жаңа ғана ескерттім. Шынында да ол мүмкін емес еді. Бірақ

сондағы Иса даусы, Мұхаңның шабытпен орысша баяндаған
үні менің құлағымнан әлі
кеткен жоқ.Сондағы барлық естігендерім бүгін де көкейімде түгел сақтаулы сияқты.

Ендеше Иса былай жырлады деуіме әбден сияды:

«Ду-думан ұлы патша ордасында,

Болмаған ондай жиын сол ғасырда.

Жинаған батырларын, ақындарын

Қалдырмай
жортағын да, жорғасын да.

Ортада күндей жарық патша қатын,

Жұрт сүйіп Клеопатра қойған атын.

Көк теңіз, қызыл теңіз жағасында

Асырған бар патшадан салтанатын.

Өзі жас, кең маңдайы ақ сәулелі,

Ақылды ән-жырға бай, асқан сері,

Қол
бастап, жауын жеңіп қайтқаннан
соң

Осылай жинайды екен туған елін.

Сұлуға сұңғыланың бәрі құмар,

Мұндайда жарқ етуден кім тартынар?

Жас сұлу бірімізді жар етер деп,

Ерлердің күні туды бағын сынар.

Талайлар ғашықтығын айтқан бұрын,

Батырлар, ақындар да шаққан мұңын.

Сұлудан біріне де жауап болмай,

Бәрі де амалсыздан күтті ақырын.

Айтармын өзім бір күн жинап елді,

Деп берген уағданың күні келді.

- О, халқым,- деп падиша сөз бастады,

Үстінен алтын тақтың тұрып енді.

Елім бай, патшалығым асқан мықты,

Тойтардым сырттан келген қастандықты.

Жеріме жасын атқан өрт майданда

Жауымды батырларым айдап шықты.

Алдында тұрмын, міне, қалың топтың,

Жарқырап шам-шырағы
жақсы үміттің.

«Жарым бол жан берісер» деушілер көп,

Ішінде бас құраған осы жұрттың.

Тілері бәрінің де махаббатым,

Демеймін бірін алыс, бірін жақын.

Қымбатқа
құшағымды ұсынамын -

Кім, кәне, тартынбастан төлейді ақын?

Көнгенді жар етемін жалғыз-ақ түн,

Түн бойы берілемін соған бүтін.

Күн шыға басын кесіп жоғалтамын

Айтыңдар соған көніп, щығатын кім?

Лезде ашып тастап көңілін мұңнан,

-        Мен!- деді
кәрі батыр, тұрды орнынан.

Тартынып тар кезеңде көргенім жоқ,

Бүгін де айнымаймын өз жолымнан.

Көп көрдім, өмір
үшін көп соғыстым,

Ұрандап
қан майданға талай түстім.

Көк семсер - кекті болат қында жатыр,

Қызығын көріп болдым қайран күштің.

Ырзамын өміріме көп жасаған,

Қимайды қу тірлікті итжанды адам.

Ең соңғы ләззәтімді татып өлем -

Қойныңды
аш, сұлу патшам, енді маған.

Майданда орнататын заман ақыр

-        Мен!- деді
атып тұрып, ең жас батыр.

Лап етсе кең дүниені күйдіргендей

Ішімде ғашықтықтың оты жатыр.

 Қайралған
жүзіндеймін ақ семсердің,

Алыссам басын алдым талай ердің.

Жауыма жағаласқан салдым әлек,

Намысын жібермедім туған елдің.

Ғашықпын, арманым жоқ сенен басқа,

Қыранмын қиналмаймын түссем тасқа.

Жас жанды құшағыңа
ал, құрбанға шал,

Кеттім деп өкінбеймін қыршын жаста.

Аруағын лирасымен шақыртатын -

-        Мен!- деді,
тұрды орнынан батыл ақын.

Ішімде лапылдаған жатыр жалын -

Жарылса жанар таудай атылатын.

Қосылып
алтын лирам сұңқылдаған,

Жан едім жар іздеуден бір тынбаған.

Ғашықтық құмарлығын жырладың деп

Ақын деп атақ берген жұртым маған.

Сүймесем, сені патшам, күйіп өлем,

Одан да сені бір түн сүйіп өлем.

Алдында бас идірді, қол қусыртты,

Құдіретті
кеудемдегі құйын өлең.

Ұсайтын түндө сұлу
жанған шамға

Жарқ етіп, жалт қарады үш адамға.

Еңкейіп алдарында иді басын,

Содан соң сөз бастады жиын жанға.

- Айтып ем сынайын деп ғашықтарды,

Көп ғашық көріне алмай қашып қалды.

Қатал сын қандай жеңіл ашып берді,

Мені оңай құшпақ болып асыққанды.

Ырзамын үш досыма жаннан кешкен,

Ант етем - ерліктерің қалмайды естен.

Жарым деп біреуіңді атаймын да,

Қалдырмай
естіртемін ертең кештен.

Деп сұлу жұртқа салды көзін тікеп,

Ғашықты талай жалған алды бүктеп.

Қуанып
келер кешті күтті халық

Үшеудің кімі алса да әділдік деп».

                                                                                           Әбділда
Тәжібаев

Автор: