ВЕРНУТЬСЯ

Қаратауды қапталдаған қара жолдың бойында,
Жаңбыр жауса, су қалқыған ақ тақырдың ойында,
Қақырайған қара нардай қайқы өркеш биік тұр,
Жаңа түріп жібергендей бас бұйдасын мойынға.
Сол биіктің шақыр-шұқыр тасын басып абайлап,
Өрмелесең, күдірейген өркеш тұсын маңайлап,
Қалақ тастан қалай-солай қалай салған көп төмпек,
Көре қалсаң - қоя берер жүрек сыздап, қан ойнап.
Сол төмпектің оңашалау жел жақ бетте шетіне,
Жата кетсең, аяқ созып, ақырғы рет есінеп,
Көкірегіңде көптен түйнеп келе жатқан ет жүрек
Жүре берсе өз-өзінен сөніп, семіп, сетінеп.
Жан-жағыңда қыбыр-қыбыр көзге таныс тіршілік
Жон арқаңа жыбыр-жыбыр оттай ыстық нұр сіңіп,
Жатсаң, шіркін, жайбарақат, өткен-кеткен маңыңнан
Атыңды атап, бетін сипап, қойса, шіркін, күрсініп.
Тағдыр найсап тәйтіктенбей, тап осындай тапса ақыл,
Табылған іс болар еді-ау ол да, шіркін, мап-мақұл,
Қашанғы біз тозған доптай ойдан-қырға домалап,
Болмақшымыз борбайының арасында қақпақыл.
Жүрек неме сыр алдырып, сыздайтынды шығарды,
Еске салып өткен-кеткен қанбай қалған құмарды.
Оған бола өкінудің өзі де енді есерлік,
Ең дұрысы - есің барда күдер үзген сыңайлы.
Болды, болды - ендігінің бәрі дақпырт, бәрі өжең,
Түк те емес, тәубаң болса, таудай бақыт, дәрежең.
Қатпар-қатпар көкірегіңе бас сұғайын, тыншытшы,
Қайран менің Қаратауым - қатып-семген кәрі әжем...
                                                                                          1998.