ВЕРНУТЬСЯ

          Кейбір ісім дұрыс та емес шығар,

қылығым да көрінер егесқұмар.

Қайткенде де қанымда жоқ нәрсені

істеймін деп жайым жоқ кеңес құрар.

Сырығындай сыңарсыз көктеректің

қақиюмен көп жанды өкпелеттім.

Жаман көрсем - жасырмай, пайдам үшін

жоғымды бар, барымды жоқ демеппін.

Өкпелеткен шығармын жақсыны да,

мүмкін содан шықпадым бақ шыңына.

Жақсы болып көріну - мақсат емес,

ар аттамау - мен үшін басты мұра.

Жүргеніммен тайсалмай, асқақ ірең,

өмірде тек арымнан жасқанып ем.

Талпынбадым тақтарға, тыңдамадым

жүрегімнің үнінен басқаны мен.

Көзімді арбап алдағы арман-ағын,

тастарына соғылдым жар-жағаның.

Жүрек кейде жаңсақтау басқан шығар,

жүрегімді мен бірақ алдамадым.

Ішек-сілемді қатырып күле білдім,

қорсылдамай, жыласам, шын егілдім.

Қылмысым да бар шығар, ақпын бірақ

мен алдында арым мен жүрегімнің.

1984