ВЕРНУТЬСЯ

               Астанаға көшіп келгелі жеті жыл болыпты. Қыста қасқырша
ұлыған желі, жазда шекені тескен аптап ыстығы, жұтқанда жүрегіңе жететін жұпар
самалы, күлгенде айдың бетінен түскендей әппақ тісі қаланған бойжеткені, тоңып
секірсе де, тойып секірсе де сыр бемейтін бір сөзді бозбаласы көңілге тоқтық
ұялатады. Алыс-жақын кісілер: «Қалай... Астананың ауа-райына үйреніп
жатырсыздар ма?» - дейді. Үзіліп бара жатқан науқастың көңілін сұрағандай
кепте. «Үйрендік-үйрендік», - дейміз. Әрине, алғашқы кезде қиындау болды.
Тосырқадық, тоңдық. Әйтсе де жүрегі жылы адамдардың кең пейілі бауырына тартты.
              Алатау
баурайына орнаған Алматыға бала жастан келіп, бозбалалық, жігіттік, жігіт ағасы
болған жылдарды түгел сол қалада өткіздік. Енді ел ағасы болғанда «тәуекел» деп
қоныс аудардық. Жалпы, көшпенділік қанымызға сіңген, көшіп жүріп есейеміз, көшіп
жүріп елге, жерге сіңеміз. Кеседей апорт алмасын тістегенде сүті шыққан
Алматыда, іншалла, бес баспана ауыстырыппыз; Астанаға келген соң да құйрығымыз
қоныс таппай - үш жерге көшіп үлгердік. Төртінші мәрте тәуір баспана бұйырып,
ақыры қарашаңырақ болып, ел ағасы атанып, «іншалла, орнығайық осымен!» - деп
жаңа қонысқа зәкір тастадық.
            Алматыны
ойласақ - жастықтың жап-жасыл қызғалдақты көктемі елестейді. Астана - сабырлы,
сары күзіміз болар, сірә.
            Енді
әдебиеттің әңгімесіне келейік. Кешегі өткен асыл ағалар айтушы еді: әдебиет пен
өнері ұлы болмаған жағдайда ұлт ұлы болып есептелмейді, үлкен өнердің үлкен
таза мінезі болады деп.
            Сол
ағалардың сөзін тыңдадық, ғибратын алдық... содан ба - пешенемізге жазған
жазушылық кәсіпті, мінекей, елу жылдан астам уақыт бойы айналдырып келеміз. Бір
іспен өне бойы шұғылданған кісі сол істің шебері, кәсіпкері болады. Жазу
шеберлігі көз ұшында бұлдырап жеткізбейтін көкжиек секілді, бірде жақындап,
келесіде қашықтап діңкені алып біраз шаршатты. Әйтсе де шеберліктің белгілі бір
межесіне, көркіне, көркемдігіне қол жеткізіп үлгерген секілдіміз.
            Дүниеде
сағыныштың өзі сары, қызыл, алжасыл, көгілжім түсті болады. Бізге бұйырғаны -
сары сағыныш, бақпақ гүлі секілді үлпілдеген үп етпе нәзік сөздің, тірі сөздің
бояуы мен нақышы. Өңгесі - сұқ саусақты сүйел етіп, көз майын сарқып, қиялды
қалықтатып, қағазға үңілген көнтерілі, бейнетқор мінез ғана. Екінші сөзбен
айтсақ: шығарымпаздық - мінезімізге айналды. Ертеден қара кешке жазамыз.
Әдебиетіміздің ақсақалы Мұзафар Әлімбаев: «Дүкенбай - жерге жатып жазатын
жалғыз жазушы», - депті естелік кітабында. Мейлі ғой. Мәселе қалай... қай
ретте... нені... қайтіп жазып ұқсатуда емес, барша гәп - әдеби кейіпкердің жан
әлемін қалай «сөйлетуде» болар. Сөйлетеміз деп жүріп сөйлемпаз болып үлгергенге
ұқсаймыз.
            Кейіпкер
мінезі, бейне, гүл қауызы секілді, мейірімің шыңдап түссе - күн шуағын
сіңіргендей ашылып, құлпырып сала береді; келесісі - оқыс оқиға, күндізгі
арпалыс, түнгі құштарлық үстінде; үшіншісі - кереғар қақтығыс кезінде;
төртіншісі - жақыныңдай жаймашуақ сырласу сұхбатында; я болмаса, дауылдай
ұйытқыған беймаза уақытта барша бояу-белгісімен көрініс тауып жатады. Айналып
келгенде - адамның жүрек түбіне тереңірек үңілу ғой!
            «Жердегінің
бәрі уақыттан қорқады, ал уақыт пирамидадан қорқады» - жазушы Абд-эль Латифаның
сөзі; «жазушы - адам жанының инженері» - Горькидің сөзі; «Өмір сүрудің өзі
өнер... жақсы кітаптың өзін-өзі көркейтіп тұратын мінезі болады» - бұл да
жазушының сөзі. Жазушысы жоқ ел - жады жоқ ел.
            Жадымызды
көркем сөзбен тірілтіп жаңа шығарма жазамыз.
            Қолыңыздағы
кітап бүгінгі қазақ елінің елордасы - Астанада ұшырасқан, сырласқан, ой
бөліскен, бір нанды бөліп жескен жаңа кейіпкерлердің тіршілік тынысы... жан
аурасы... ертеңгі күнім не болады деген ұлы уәйімі... құштарлық сезіміне мас
болуы... мына нарық заманында өз орнын, өзінің ырзық-несібесін іздеуі... ананың
асыл бейнесін сағынуы... жә, жазылғанның бәрін тәспідей тізіп айта берсек
қызығы кетіп қалады.
            Лозаннада
менеджмент институты жылма-жыл бәсекеге қабілетті елдердің экономикалық,
идеологиялық, моральдық, эстетикалық деңгей-дәрежесінің өлшемдерін жинақ етіп
шығарып тұрады. Сол жинақта сауаттылықтың өзі әлденеше сатыға бөлінеді. Қара
танитындар бар да, өз ойын көркемдеп, я нақтылай хатқа түсіре білетіндер бар.
Дүниеге шығармашылық көзбен қарайтындар бар да, өзгенің айтуымен, жетегімен
қара көбейтіп жүргендер бар. Әлгі Лозанна институты осы «творчествалық сатыны»
егжей-тегжейлі ескереді.   
Сауаттылықтың ең асыл көрсеткіші - әр адам өз өмірінің
сапасы туралы нендей мәлімет ұсына алатындығына байланысты. Адам капиталының
сапасы - оқыған, зерттеушілік қабілеті мол, өмір сүруге өз көзқарасымен
қарайтын, атқарылған істің пайдалы әсер коэфициентін ұлғайтуға мүмкіндігі мол
кісіні - бұл заманда адам капиталы деп атайды. Технологиялар индексі - яғни
ақпараттық, коммуникациялық, инновациялық көрсеткішті салыстыра есептеп шығаратын
көрсеткіш. Нақты өнімді сапалы, әрі дүниелік стандартқа сай, асқан шеберлікпен
орындап шығару бар да, сапасыз тауарларды үйіп-төгіп шығара беру бар (бұған жазылған
әдеби-көркем шығарма да жатады). Айырмасы жер мен көктей. Ұлттық жігер, яғни
ұлттың бойындағы заман талабына сай алғырлық, өзгеріске бейімділік, өз-өзіне
сын көзімен қарауға, мақсатқа жетуге жұмасалатын жүрек оты осыған жатады. Бұл
қасиетті базбір ғалымдар «пассионарлық қасиет» деп түсіндіріп жүр.
Жер шарындағы ұлттар мен ұлыстар бірдей емес, біреуінің
заман ағысына сай жігер-күші жойқын, сапалы болып келеді; енді бәзбір ұлт
ұйқылы-ояу жүреді. Жапония, Сингапур, Швейцария тұрғындарын идеялар елі, пассионарлық
- жүрек оты мол деп аңыз ғып көтере дәріптеп, үлгі тұтатынымыз тегін емес.
            Әрине,
бәсекеге қабілеттіліктің өлшемі жылдан-жылға көбейіп келеді. Менеджмент,
ақпараттық қызмет, шығармашылықпен айналысатындар пайызы қанша?.. осыған дейін
есептеліп, таразы басына түседі.
Жазушылар арасында: қамсыз, мұңсыз қарттыққа жету - өмір
бойы жақсы жазу деген аксиомаға табан тірейді.
Өмір бойы жақсы жазу үшін үнемі іздену, өзіңді-өзің аямай
қамшылау, ілгерілей түсу қажеттігі туындайды. Бейне шыңға өрмелеген альпенист
секілдісің.
            Қолыңыздағы
жеті хикаят осы заманғы кейіпкерлердің жан әлемін әр қырынан қарастыру, әрқилы
бояу-белгімен көркемдеу, шығарманың ұнасымы, жарасымы, ішкі ырғағы, сөз, сөйлем
нәші оқырман көңіл-күйімен құп үйлесіп шығып жатса - мақсатымыздың орындалғаны.
Қабыл алыңыз!