ВЕРНУТЬСЯ

      Анам Жәмила 101 келіп дүниеден озды. 2004 жылы 11 желтоқсан
күні. Бір ай бұрын, дәлірек айтсам 15 қараша күні Астанадан алыстағы Жаңақорған
ауданының жырақ түкпірінде жатқан Келінтөбе аулында төсек тартып әлсіреген шешемнің
көңілін сұрап, екі күндей қасында болып қайтқан едім. Арада жиырма бес күн өтті
ме, өтпеді ме, жеңгем Қыз-сұлу телефон шалып: "Апам дүниеден озды,
сембінің кешінде", - деп қайғылы хабар айтты. Төбемізден тас түскендей
болды. Көңлімізге о кісі жүзден асып әлі жасай беретіндей, төзімі темірден
жаратылғандай, төсекте бірер ай саржамбас болып жатып-жатып тұрып кететіндей
сезілуші еді. Астананың түстік шығысына салған жаңа коттеж үйге көшіп кіріп,
бас-аяғымызды жинай алмай былыққан қарбалас кеште есеңгіреп жүріп жолға
жиналдық, есеңгірегендей болып маңайдағы дос-жаранды іздедік. Аэропортқа
зайыбым екеумізді бір топ кісі шығарып салған, ішінде Әбіш Кекілбаев бар.
Үйіріліп тұрған кісілердің арасына сөз аралатып: "Апам марқұм төрт патшаны
көрдім деп айтып отырушы еді", - деп едім. Кекілбаев аяқ астынан сөз
тауып: "Не деген берік, қажырлы кісі!.. біз болсақ бір патшаға сыр беріп
жүрміз, ол кейуана төрт патшаны мүжілмей басынан өткерген, жүз жыл жасаған!",
- деп басын шайқап жұртты ду еткізді. Зайыбым екеуміз Шымкентке ұшатын ұшаққа
отырып кете бардық, әлгі ұйлығысқан дос-жарын соңымыздан, ал хош айтып, қол
бұлғап қала берді. Ұшақ ішінде, бұлт арасымен келе жатып, анам марқұмның
басынан төрт патшаны қалай өткергенін бейнелі сөзбен баяндап қағазға
түсірейінші деп ойладым. Алыс қиырға күн салып қараған жолаушыға ұқсадым. Адам
көп жасайыншы деп көп жаса-майды. Жаратқан иенің пәрменін орындайды. Босатқан
дәм-ырзығын татып өтеді. Баяғыда, студент кезімізде, ұстазымыз Мұхтар Әуезов:
"бәлі, мен өзім қос бірдей қоғамдық формацияны - феодализмді, социализмді
бастан өткерген адаммын ғой", - деп сөз арасында айтып қалған еді. Сол
айтқандай, жастық өмірін сонау жасыл белестің арғы қабағында қалған
феодализмнен бастап, қызыл төңкерісті көріп, социализм дәуірін кешіп кеп, мына
қазақ баласы ұлт ретінде тәуелсіздік алып, капитализмнің
нарық машақатына топ ете түскенін көрген ел анасының бастан кешірген өмірін
кезең-кезеңімен баяндап берсем ғой. Бәлкім, біреуге тасқа жанығандай қажыры
өнеге болар, бәлкім, тастай берік төзім иесін тани түсер. Өмір сүре білудің өзі
үлкен өнер. Сол өнердің күнгейі мен келеңкесіне зер салып, көкірек көзімен
қарап тәлім алар. Құрығанда, кейінгі буынға сабақ болар тірі сөзі қалар. Ендеше
тәуекел еттім. Анам марқұмның көзі тірісінде әрқилы көңіл қалыбында отырып
үзіп-үзіп айтқан әңгімесін бір желінің бойына тізіп, оқырманға қайта әңгімелеп
беруге тәуекел еттім. Қабыл алыңыз.
 
 
Сталинді қалай көрдім
 
"- Біссімилла деп бастайын сөзімді!"
Мұны айтқан әппақ қозының ұлпа жүнінен басқан жайнамазын
жинап, төрт бүктеп басына қойып, намазға жүгінген қалыбын сақтаған Жәмила анам
еді. Алыста қалған жастығын, келіншек күнін көз алдына қайыра елестеткендей
болып, үні іріп, тосылыңқырап отырып қалды. Соңына айналып ұзақ жолға күн салып
қараған жолаушыға ұқсады. Әжім торлаған дөңгелек жүзі, көз шарасы айқын жанары,
шаршылап салған ақ жаулығына жартылай жасырынған маңдайы - анықтап қараған
көзге уағыңда толып туған ай секілді аса ажарлы, қымбат бұйымдай, салтанаты
бай, біртуар келіншекті елестетті. Ананың мына отырысынан сонау бұлым-бұлым
көкжиекке сіңе түскен Қаратау қыратындай жастық дәуренін сағынған, қою, мұңлы
кейіп елестеді. Әйтсе де қажырлы жан желге берік қара ағаштай жылдар салмағына,
ғасыр тауқыметіне қайысып морт сынудан ада; іштей қатая түсіп, жүрек басына
шүкіршілік тәубасын үйіріп тіп-тік болып үйіліп отырысы ерекше. Дәтке қуат
іншәлла, дейтін сыңайы сезіледі.
"Сонымен атам қазақтың өткен ғасырда басынан өткізген тауқыметін,
қызыл төңкеріс дейсіз бе, ұжымға ұйысу дейсіз бе, жекетұр жасау дейсіз бе, одан
берідегі аққалпақ көтерілісін, адам басы арзандаған қан-жоса қырғынды,
Голощекин қол қойған мүйіз салығы мен тұяқ салығын, қаратабан жұтты,
ашаршылықты, одан берідегі үндеместер үкідей үрпитіп бір түнде ұстап алып
кететін зұлмат жылдарды тәспінің тасындай жіпке тізіп жазып жүрсіңдер ғой.
Әсіресе өзің "Абақты", "Таразы" деп аталатын кітаптарыңда
біраз термеледің. Өзім естігенімді емес, көргенімді айтамын: Сұлтанмахмұд
ақынның айтқаны бар емес пе: анау жерде татар тұр, өзгелермен қатар тұр, анау
жерде қазақ тұр, қастарында азап тұр деп. Қазақ десе - қай-қайсымыздың көз
алдымызға азап елестейді, бұ қазақ баяғыда азып-тозып жоғалуға тиіс еді, тозақ
тұрғындарына ұқсап әлі күнге ел боп елбіреп, жалауға ұқсап желбіреп жүргеніне
танданамын кейде. Дүрілдегеннен-дүрілдеп сендерше ұлы Отан соғысы, бізше гәрман
соғысы басталар алдында, біраз жыл бұрын Сарыұлы Досжанның шаңырағына бұратылып
түскен келіншекпін. Отағасын жасының
орта жастан асқанын сылтау етіп соғысқа алмаған. "Екі тау арасыңда жатқан
"Ынтымақ" колхозының жаны мен малына иелік етіңіз, тозып кетпесін,
заманында облыс бәйгесінің алдын бермеген сәйгүлік ақалтеке тектілердің тұқымын
сақтаңыз" депті. Осы кезде төрт жылдай мылтық асынып, шинель жамылып,
неміспен атысқан кісілерді "соғыс ардагері" деп астына көпшік қойып,
бөркін қазандай ғып, төрге шығарып аспандатады келіп. Мейлі де! Әйтсе де тылда,
ел ішіндегі құқай соғыстағыдан еш кемдігі болған жоқ. Бастың аяқ, аяқтың бас
болғаны емей немене, қысы-жазы бел шешпейміз, елдегі ақсақ-тоқсақ, некен-саяқ
еркектер көктем шыға өгізге жер-ағаш, соқа тіркеп жоннан жер жыртады, ақ егіс
салады, қыстың қамын жеп, шалғысын қайрап, өзен, бұлақ қабағынан шөп шабады.
Әлгілердің бейнетінің ауырлығы сонша: сорғалаған тері жүзін жуып, көйлек,
дамбалы былжырап денесіне жабысып шай ішкізбеуші еді. Белінен бел қалмайтын.
Әлі күнге есімде - елде екі Әуелбек есімді кісі болатын, бірінен-бірін айыру
үшін майданнан жарақат алып оралғанды "мәңбас Әуелбек" деп, ал,
азаннан кешке дейін қиқулап ат үстінен түспей жылқы бағатын ұзынтұрасын
"ұзын Әуелбек" деп атайтын. Бар шаруаның басында екеуі жүретін.
Әлгі мәңбас Әуелбек күні бойы шалғымен шөп шабамын деп қара
саны қақсап, белі сырқырап түнемесіне ойбайлап аһ ұрып ұйқы бермеуші еді
жарықтық. Көп ұзамай әйелі де төркініне кетіп қалды. Жанынан безген не деген
жанкештілік десеңші! Әлгі шөпші қайнаға түнемесі бебеулеп көз ілмей шығады, таң
алагеуімнен бозторғаймен қосыла оянып, шалғысын шыңдап, тасқайраққа жанып,
өткірлеп алып өзен бойына қайта домалайтын. Жығылып-сүрініп шөп шабуға кетіп
бара жатып жан дауысы шыға айқайлайтын: "Келін, бесті қымызыңды соңымнан
жеткізіп тұрарсың, шашылып қалған сүйегімді жинастырып аларсың!" - дейтін.
Нақа бір жау қуған сүргін қан қызыл майданға аттанып бара жатқандай еді. Соңына
бұрылып қарай-қарай жөнелетін, жарықтық.
Әлгі сөзді естіген кісіде жан қала ма.
Күніге желіге тізіп, жүзге жуық құлын байлаймыз, бұл дегенің
күніге кемі - асауы бар, көнбісі бар, үрпісі шіреген жүз биені белді бүгіп,
білекті түріп екі мезгіл сауып шығу деген сөз. Сауыншы аз. Жас әйелдер асау бие
теуіп өлтіреді деп жылқышы ауылдан айналып қашады. Әкең болса аттан түспей
түздің шаруасымен жүреді: қарашаның сүмелегі саулаған күз күніндей қабағын
ашпай ел жата оралады, айтатыны - "аудан сайлаудың әзірлігін сұрап өкпені
қысады-ай!.. ол аз десең - ауданнан үзеңгі қағысып, сыбағадан құр қалғандай
санақшылар шығыпты!.." "Қасқыр жарып өлтірген, жылан тиген жылқыны
бас-басымызға бөліп салатын көрінеді... Мәңбас Әуелбектің протез аяғы сынып,
дәрігерге кетіпті... Ай, аудан мен екі тау арасына тепектеп көрінген белсендіге
жәркеленші боп бүйтіп қор болғанша пәшеспен атысқаным жүз есе жеңіл еді
ғой",- деп алдына қойған асты шайнап жұтуға шамасы келмей қылғынып кеп,
ықылық атып омалып отырғанын көргенде... күні бойы асаудың бауырына кіріп, бие сауып,
үрпі созғаным тарс есімнен шығып, өкпе, нала, бәрі-бәрі ұмытылып отағасының
қабағына жаутандаймын. Қабағындағы қалың мұңды ыдыратсам деймін.
        - Байғұс-ау,
бүйтіп колхоз төрағасы болып шөре-шөре кішімтайлы хал кешкенше аудан
басшыларына малын да, жанын да өткізіп, мойын босатып шықпайсың ба?
        - Жасың асқан
деп соғысқа алмады, шалғыны алып шөп шабам ба, әлде ұзын Әуелбекке ілесіп жылқы
бағам ба, қайтемін?..
        - Жазған-ау,
өзіме қосылып асау үйретіп бие сауыс, шөпшілерге, егіншілерге қымыз қажет деп
Бейсенбек арбакеш арбасын салдыратып күнде келеді, артылғанын ауданға тасиды.
         - Әйелінің
етегіне оралып сауыншы боп кетіпті деп кер ауыздар сөзге қалдырады. Айта берсең
- қасқырды жамандағандай боласың. Айтпа маған "бие сауыс" деп!
Көзі шатынап осылай бұрылып қарағаны-ақ жаман еді, ыңғуырдай
өңменіңнен өтіп кетеді.
   - Өзің емес пе ат
үстінен түспей өлетін болдым деген.
         - Амалым
құрыған соң айтамын. Аудан әктептері семізді жайратып сойып, қымызға кекірелеп
тойып жүргендей көреді, нақа. Құйшы қымызыңнан, сатып алатындай телміртпей!
Аз айт, көп айт, күңде көретін көрешегіміз осы. Әкеңді аптасына
бір көреміз, онда да аттың жалы, түйенің қомында дегендей. Ішіміздегі тас
түйнектей болған ыза, өкпе, нала, реніш, сағыныш секілді сезімді кімге айтып
басарымызды білмейміз. Жабулы қазан секілдіміз.
Әкеңмен аздап жүз шайысып қалғанда айтып-айтып кеп: "Маңайыңның бәрі
жоқ-жітік, аш-арық, сіңіріне ілінген сілімтіктер әншейін, арқа төрінде аршамен
тісін шұқып, алшаң басқан Жанұзақ бидің қызы едім!" - деп бұрқылдаймын,
қайнап-қайнап басыламын содан.
Төсекте әні үзіледі, міне үзіледі деп жылдар бойына жар-жамбас
болып жатқан ауыр науқасты күткендей, жұрттың көңілін бұрқ-сарқ тасытып көптен
үздіккен жеңіс күні де келіп жетті. "Жер жастанады" деген кеңес елі
әлсіреп, тоз-тозы шыққанымен, қайта тұрып кетті, аяғының астындағы қара жерден
қуат алып күшейіп жүре берген періштеге ұқсап, бара-бара пәшестерге бой бермей,
соңынан сүркіле салып қуып барып, өз ошағына апарып көмді. Өзі тұтатқан отқа
күйіп өлді байғұстар. Жеңіс күнінің ертесіне-ақ арқа-басымыз кеңейді. Бұралған
келіншектердің бетіне қан жүгірді. Алыстан, аудан жақтан түсетін қасқа жолдан
шандатып желе жортып келе жатқан арбалы, аттылы жолаушылар көбейді. Көп үйдің
бықсып жанған ошағы қайта тұтанды. Көңілдегі көп күдік жуылғандай болып ақ
жаулықты шаршылап тағып, күміс сырғамды салып, ауыл сыртына ертеңді-кеш шығып
ап батысқа кетіп, із-түзсіз жоғалған қайныларымның қарасын "келіп
қалар" деп күн салып қарайтын әдет жамадым.
Қымыз - ішкенге дәру. Жүз түрлі кеселді үзетін қасиеті бар.
Жүз түрлі бейнет пен бапкер қолдың арқасында сылап-сипаумен, сапырумен дүниеге
келеді. Кәдуілгі жұпар иісті, сары мейіз сусын ішкеннің таңдайына жұғып ұзақ
тамсаңдыратыны содан. Ендеше қулық ұстап, асау құлынды бас білгі иіп, саусақты
икемді етіп сауыншы болудың мың түрлі машақатын бір ауыз сөзбен баяндап
берейін.
"Қасымда жылқышы қайным Сейілбек бар. Тақымы дымданып,
қиқу салып ертеңгісін үйір-үйір құлынды биені құрықтап, желі басына айдап
келеді. Бас білгі мама биелер желіден үркіп қашпайды, бауырына тығылған құлынды
керісінше, бас иесіне икемдеп, бас шұлғып үйіріле қалады. Бар пәле жаңа
құлындаған жас байталда. Үйірдің ол шеті мен бұл шетіне ұйтқи ығысып, жібек
жалды құлыншағын сынапша сырғытып ұстатпай қинайды. Мұндайда Сейілбектің жыны
қозады-ай. Құрығының басына шалма іліп шалт бұрылып енесінің бауырына тығылған
құлдыраң немеге тұзақты тастап үлгереді. Жебеше атылып барып құлақ шекеден
басады. Жібек жалынан қата ұстап, қалшылдап-дірілдеп желіге тұқыртады. Жанары
шатынап, білегінің тамыры білеуленіп, ноқталап үлгереді. Шырылдап араға
түсемін", - дейді Жәмила анамыз.
"Буындырып өлтіремісің! Қойсаңшы құлынды тұқырта
бермей!"
"Атасына нәлет, қатынды жастан, малды бастан үйретіп үлгермесек
- жыны басылып болмайды!"
Езуінен көбік көрінеді Сейілбектің. Көзіне қан құйылыпты.
"Шырақ-ау, жас құлынның не жазығы бар? Тыпыршып
қолды-аяққа тұрмай шаршатқан енесі емес пе, басын ұстап жіберші!"
Сол білегіме шелегімді іліп, оң қолымды алға ұмсындыра
созып, исінген байталдың бауырына еңкейемін. Жануар қытықшыл ма, қолымды шабына
апартпай шаршатады. Теуіп кете жаздайды.
"Атасына мың нәлет! - дейді жылқышы Сейілбек дырау
қамшысын білегіне орай ұстап, - тегі, болмаса тұқыртып байлаймын да өгіз
өріммен қамшылап аламын".
"Шырақжан, шатағыңды кейінге қалдыршы, құлдығың
болайын! Қорыққан, шыбын жаны көзіне көрінген биенің сүті қайтып кетеді.
Ашуыңды басшы..."
Бір жағынан шабына қол тимеген биенің қытығын қашырамын,
келесіде - дүлей күші мен жыны бір басына жетіп артылатын Сейілбектің ашуын
басамын деп шаршаймын. Жылқышының ащы дауысы еш сембейді. Таң алагеуімнен
басталған жұлқыс, құрық салу, бұғалық тастау құлынды тыпырлатып әкеліп желіге
байлау ет пісірім мезгілге созылады. Сәске түсте жүз қаралы құлын желіге
тәспіше тізіледі. Көмекші келіншек былыққан үй шаруасынан мойны босап,
қолғабысқа келеді. "Көмекші" деген аты дардай, әйтпесе шаруасы шағын.
Тізіліп тұрған мама биелердің ең жуасын таңдап, теріп сауған болады, онда да
жарты сүтті желіде қалдырады. Қиын шаруаның тізгінін өзім ұстап жүремін.
Әрі-беріден соң сүйегім сынғандай боп белім сырқырап, білегім ұйып, саусағым
қарысып жылқының сауырына еңкейе алмай, бір тізерлеген күйі отырып қаламын.
Құлақ-шекем шыңылдап, көз алдымнан сары сағым жүзеді. Сол сағымның арасына бір батып, бір шығып
Сейілбек қайным ышқынған асаудың жалына жармасып жатады. Бейне қан боп ұйысқан
қою жалға азу басып ытырылған жолбарысқа ұқсайды. Бірін-бірі ала алмай шайнасып
жатқан тағы мен адамның суретін көне кітаптан көргенім бар еді. Сондағы суретке
келеді.
Көзіме сорғыған ащы терді жаулығымның ұшымен сүртіп қайыра
түрегелем. Қалайы шелектің дыбысын шығармай, даңғырлатпай, тандайымнан лық-лық
еткен жұмсақ үн лекітіп, тыпыршыған жас байталға тақай беремін. Сауырынан сипап
қытығын жоям, құлыншағы құлдыраңдап шұрқырай кісінейді, ол шіркіннің бас жібін
босата қоям. Бауырына енген құлынды көріп жас неме иісіне еміреніп тұра қалады.
Бір үрпіні құлынға беріп, келесісін ақ дәкемен сүртіп, ұшынан созып сауа
түсемін. Хош иісті ақшыл сүт сыздықтай құйылады. Құлын мүшелі байталдың июі қандай
жылдам болса, суалуы соншама тез. Оншақты мәрте үрпіні созып, сүтті сарқып
бітем. Жылқының бауырынан сытыла беріп, белгі жасаймын: "Құлынды желіге
әкет, желінен қақтап сорып үздігеді", - деймін. Жылыстап жеткен Сейілбек
үрпіге тістей қатып жабысқан жібек жалды сүйрей тартып, тұқырта байлайды.
Шелектегі сүтті шүпілдеген шараға, қауаққа құйып, желі басына
қайта келемін.
Күн тас төбеге өрмелеп желкені шоқ басқандай күйдіре түседі.
Желідегі аш өзек құлын шырқырай кісінейді. Келесі биеге... одан келесіге... күн
түске тырмысқанша алғашқы сауым адалап үлгермесе - биенің сүті қайтып кетеді.
Желіні сыздаған жылқы тыпыршып тұрақтамайды. Мұндайда я дереу құлынды босатып
емізеді, я өзен суына жалдап салқындатады. Сүт қызуы биенің денесін өртеп
жібереді. Күн иыққа көтеріле алпыс-жетпіс биені сауып бітемін. Желі шетінен Сейілбектің
қарасы көрінеді. "Атасына мың нәлет! Айғыры күрек тісін қадап иығымды
жұлып жіберді. Биелердің өшін алды сөйтіп. Жылқыдан кетем, екі қолға бір жұмыс
табылар", - дейді екі иығынан демалып, аяғының басына қан түкіреді.
Мұрты жаңа тебіндеген өспірім жасты іштей аяймын. Былтыр
көктемде әскерге кетемін деп жер тепкілеп жылағандай болып еді, әлде жастығы,
әлде түнімен таңасырып  ішкен бесті
қымыздың мастығы - ылғи оттығына шоқ салған самаурындай сақырлап қайнайды да
жүреді. "Мынау не енді! Екі ортада алаөкпе боп айғыр тістеп, байтал теуіп
өлесі болдым, бұдан мылтық асынып пәшес солдатымен жекпе-жекке шыққан көп
оңды", - дейді. Көйлегінің иығы солайымен  
қопарылып қалыпты, жалбырап жүр. "Тігіп берейін", - деп үйге
шақырамын. Жантайып жатып жан шақырса, дастарқаннан дәм татса - бұрқ-сарқ еткен
ашуы басылып, сабасына түсер деп ойлаймын. Өзімнің де оңып тұрғаным шамалы.
Екі қарым ұйып қала береді, сүт шүпілдеген шелекті шайқап
төгіп ала жаздаймын. Ашытқылы меске құямын. Түске дейінгі сүтті қорықпай еркін
ашыта беруге болады, ашуы ішінде; түстен кейінгі саумал ашушаң шадыр келеді. Байқап
баптамаса бықырып ашып дүниені бүлдіреді. Көмекші келіншек дастарқан жайып
самаурын кіргізеді. "Қарағым, қауақтағы қымызды ындыны құрып жететін арбакешке
артып шөпшілерге жөнелт... тандыр нанын көбірек жабарсың... жоңдағы егіншілер
қаталап қалмай тұрғанда екі мес қымызды қайнымның көлігіне теңде,
шырағым"... деп жарлық жасап, мегзеп, нұсқап, қақсап отырып ішкен шай-шай
болып жарыта ма. Не ішіп, не жегенімді білмей қалам. Мына жақтан өспірім
Сейілбек мөңкиді. "Қаталаса қаталасын, арам қатсын, мына ми қайнатқан
аптапта мес арқалап жүре алмаймын", - деп басы қисаяды. Оныдағы "шырағым...
қарағым..." деп епке келтіру оңай емес. Өйстіп әрі итеріп, бері жығып,
местегі қымызша шайқалып шытынап отырғанда түс ауып, күн екіндіге ойысады.
Биелердің екінші сауымы басталады. Күн батып, қас қарайғанша шұрқыраған
немелерді сауып, құлынын босатып үлгермесе - желі басы анық майданға айналады.
Я құлын біткен қылғынып құлайды, я мама биелер дүркірей еріп, сынапша сырғып ауыл
үстін көтеріп кетеді. Жондағы егіншіге қымыз жеткізіп үлгерген Сейілбектің
қарасы көрінеді. Даусы жер астынан шыққандай жылқыны үркітеді.
"Торы биені байламай сауған жөн, желіге маталып өледі! Күрең
қасқа байталды босатып қоя бер!.. Жарытып сүт бермейді!.. Ары қайтар - ана қу
аяқты!.. Мына желаяқты шідерлеп бермесем, сауырына қол жуытпайды!.. Қайтар бері
- иттің малын!" Тарғыл үні жер жарып құлақты қажайды. Әрі-беріден асау биелер ащы дауысқа
құлағын қайшылап, тыпырши дірдектеп су боп ағып терлейді, құлын шіңгірлейді.
"Бұл дүние дүбірге толып бара ма" дегендей, тау иығына аппақ дөңгелек
ай көтерілгенше биелерді босатып қоя бермесе - құлынын тойғызып, әрі оттығып үлгермейді,
аш жылқының желіні тартылып кетеді. Саусағым талып сырқырағанға қарамай -
үрпіні үзбестен созамын, толған шелекті көмекші келіншек үйге тасып әуре, сонадайда
асаумен алысқан Сейілбек үні жер жарады.
Ала жаздай ұлы бейнет еш өзгермей, түгесілмей, тәспі
тасындай тізіліп келеді де тұрады. Бейне, диірменнің бақалағы секілдіміз.
Жайлау тозып, биелердің сүті қайтып, мизам түсе ылдиға
көшеміз ғой дегеңде оқыс хабар жеткені. Аттан түспей жүрген әкеңнің жанында
намазшам көлеңкесіңдей арық торының үстіңде салақтап ауданның өкілі жетті. Алыс
жолдың бейнетінен шәпкесі қисайып кетіпті. "Кеңірдегімнен жанай пәшестің
оғы тиген", - дейді, қырылдап сөйлейді. Төрге өтіп төсеніш көрпеше үстіне
қирай жығылды. "Атқа отыруға әл-дәрменім жоқ, ертеңгісін сүйегімді жинап
алыңдар", - деп көпшікке қисайды. Әкең: "Мына өкілге қымыз құй, жақсы
хабар алып жетіпті",- дейді. "Жақсы хабар - пәшестің беті қайтып
шегіне жосып бара жатқаны, ай біздің Стекеңмен беттесуге ешкімнің дәті шыдамас,
сұсы басты жарықтықтың", - деп әрәдік басын қақшаң еткізіп көтеріп алады
өкіл. "Стекең" деп отырғаны - халықтар көсемі Сталин. Әлгі өкіл жатса
да, тұрса да Стекеңе айтуы жоқ ұзақ өмір тілеп, ұлы көсемге пайғамбардай
сыйынып ауыз жаппайды. Мәскеуде осы күзде жойқын көрме ашылады-мыс, сол ашылу
рәсіміне ел-елден тылдағы еңбек озаттары бас құрайды, бұйырса - ауданның
алдыңғы қатар сауыншысы Жанұзаққызы Жәмила - сіз барып қаларсыз, басшылардың
ұйғарымы осылай, деп ішкі қалтасынан қатталған қағаз алып, мұның қолына
ұстатқаны. Отағасының оқыс үні шығады.
"Құйсаңшы - бесті қымыздан көні кеуіп келген өкіл мырзаға,
ыстық шайға аузын күйдірмей!"
"Қымыз жақпайды, отағасы, үш жыл соғыста жүремін деп
орыстың арағы қарнымның бүрін алып кетіпті, ағарған сынапша сырғып ішімде тұрмайды".
"Қымыз жақпайтын кісіні бірінші көруім, ой, алла-а-ай",-
деп әкең басын шайқап таңқалады ғой.
Әлгі ауданнан келген өкіл ұсынған қағазды оқып шуласамыз.
Базарбай екінші сыныпта, Ділдаш біріншіде, сен әлі мектепке бармаған кезің,
қолдан-қолға өткізіп бұрышына Сталиннің суреті басылған сары қағазды айналдырып
қарағанымыз болмаса Базарбай ежелеп, Ділдаш әрбір әріпке сүріне жығылып еш
түсіңдіріп болмады. Ақырында төте оқудың ликбезін тауысқан әкең ежелеп, ежіктеп
біраз жерге барды. "Әкел бермен, көсемнің суреті басылған қағазды қор қылдыңдар
ғой умаждап", - деп өкіл жұлып алып, әлгіні судыратып оқып берді.
"Жеңіс мерекесіне орай ашылатын выставкаға шақырамыз,
ЖанұзақоваЖәмиланы."
"Осы-ақ па?" - деді сауатсыздықты жою мектебін
бітірген әкең күйініп.
"Осы-ақ", - дейді өкіл көзі бозарып.
"Көшелі сөз жазылған екен деп әр әрпіне сүріне жығылып
жатсам, көсемнің суретін не болса соған баса беретін болыпты-ау бұл
заманда".
"Өйтіп Стекең жарықтықты қорламаңыз, ұсталып
кетесіз!" - деп өкіл сазара түседі.
"Қойыңыздар енді! Неғыламыз? Шұрқыраған сауын жылқысын
желіге қаңтарып ит өлген жерге қалай жөнелемін. Қол қысқа, ақша жоқ! Балалардың
мектепке баратын уақыты жақындап қалды", - деп қалың уайымның шетін шығарайын
өзім де. Мына сөзді естіп аудан өкілі сексеуіл бұтасындай морт сынады. Шегір
көзі суалған көл табанын елестетеді. Ой, аллай-и-и деген!
"Колхоз шаруасы қараң қалса да бірсігүні сізді поезға шығарып
салуым керек, балтай-шалтайды білмеймін, тапсырма солай. Сіздің орныңызға
күйеуіңіз бие сауады... үйге қарайды... жолға ақша табады... тапсырма солай!..
Жолдас озат сауыншы!... Стекеңнің бір ауыз пәрменіне былай деп көлденең сауал
қою кәттә күпірлік болады, озат жолдас, бұл қағаздың саяси астарында үлкен мән
жатыр, жолдас"...
Қойшы әйтеуір, аудан өкілі "жолдас, жолдас..."
деген сөзді тау басына айналдарып жүріп, ызғарының қаттысы-ай, сенің әкеңді ат
үстіңде аспаңдап кеткен жерінен колхоз төрағасы қызметінен уақытша босатып, бие
саууға жекті... Сейілбектің титықтап шаршаған пошымынан шошып,
көмекшілікке, анда шап, мында шап - қиын шаруаға ұзын Әуелбекті бекітті.
Алдынан шыбын жорғалатпады, бет қаратпады. Шіркіннің шыдамы түйе сіңіріндей
берік пе, екі тәулікке қымыздан татып алмай, аз ғана қара шаймен жүрек жалғап
отырып жылқышы ауылдың былығып бітпейтін шаруасын бір өзі ыңғайлады.
Жондағы егінші, ылдидағы шөпшіге сусын сұрап қалайы флягін
салдыратып жеткен Бейсенбек арбакештің алдынан шығып қырына алды. "Жондағы
егіншілер жақында орақ науқанын бітіреді, ал, ылдидағы шөпшілер дегенің баяғыда
тарап кеткен... "шөпшілер ішеді" деп флягтеп тасығанды үйіңде шәниіп
жатып өзің ішкенсің!... Үкіметке қарсы са-ботаж жасағансың!... Ісіңді тіркеп,
пұртекілдеп сотқа өткіземін", - деген кезде байғұс арбакеш еңіреп, өкілдің
аяғына жығылды. Еркектің ботадай боздағанын көріп жағамды ұстадым. Әкең дырау
қамшысын суырып алып қонышын сабалады. Жаманшылық шақырып ошақ басындағы Ақтөс
тазы тұмсығын көкке шаншып ұлыды. "Ашуыңды бір жолға қи, байғұстың
бала-шағасын жылатпа!" - деп араға түсейін. Түн ортасы ауа әлгі өкілдің
ызғары бұрқ-сарқ сабасына түсті. Бейсенбек арбакеш шөпшілерге апардым деп ай
бойы тегін ішкен қымызының өтеуіне колхозға ақысыз-пұлсыз бір жыл қара жұмыс
істейтін болды. Колхоз қазынасына, жетім-жесірге деп ортақ қазанға ақта өгізін қоспақшы.
Және бірер мүше сыбағаны ауданға жеткізбекші. Бәле қайда - бассаң аяқ астында
дегендей, бір ай тегін ішкен қымызы арбакешке анық бәле болып жабысты.
Апта өте, ырғалып-жырғалып Мәскеуге апаратын көгілдір поезға
отырдым. "Ырғалып-жырғалып" деген қазақы сөз, қазіргі балалар
түсінбеуі мүмкін. Үстімде аппақ қардай көйлек, енемнің көзі деп сандыкқа тығып
жүрген қынама қамзолды кидім, әлгінің қос өңіріне алтын жіппен өңіржиек тіккен,
түнемесі шамша жарқырайды, басымда ақ жібек шашақты орамал, аяғыма ыңғайлы мәсі
сұққан едім, "мәсі - ескіліктің киімі", - деп аупартком хатшысы қонышына
зер салып тіккен шоңқайма кигізді. Қолымда өрмектен жаңа шыққан тоқыма қоржын.
Аупартком хатшысы: "Қоржындағы мейіз, құрт, қауынқақ, өзге де тәтті-құттыны
төгіңіз, жолазықты шабаданға салыңыз, қазақы 
қоржынның бір басына Ленин, Сталиннің кітабын, келесі басына аудан
көрсеткіштері жазылған қағазды салыңыз", - деп кеңес берді. Кейінше
ойлаймын ғой: сонша алысқа көсемнің кітаптарын арқалап неге сорладым, аудан көрсеткіштерінің
қаншалық қажеті бар еді... зіл қағазды екі иығым тесіліп көтеріп... барғанша -
қағаз арқаладым, қайтқанша - қағаз арқаладым.
Бірді айтып бірге кете беремін. Мәскеуден оралғанда "апа!"
деп, құлдырандап алдымнан шыққан өзіңе уыс көмпит ұсына алмай, Стекеңнің
"Ленинизм мәселелері" деген кітабын базарлық қып бергеніме әлі күнге
дейін іштей қысыламын.
Көгілдір поезд қиян көкжиекке жете алмай ұзақ селкілдеді.
Байқағаным: қазақ атам ұшы-қиырсыз жазық  даланы иеленіпті. Орыс ағайын қолдың
саласыңдай тұтасқан қалың жыныс орманға орын теуіпті.
Бесінші тәулікте үлкен қалаға жеттік деп мәлімдеді. Бір қолымда
тоқыма қоржын, бір қолымда іші босаған тақтай шабадан, вагоннан аттап түскенім
сол еді, шүлдірлеген балалар "апалап" кеп алып жөнелді. "Күтіп
алындар, қаланы аралатыңдар", - деп дәу басшылары айтқан болар, бәлкім. "Апа,
апа" дегенінен өңгесін түсінбеймін, мақұл деп, айтқанына мөнтеңдеп ілесе
беремін.
Біраз оқиғаны ұмытып үлгеріппін. Қазіргідей үш нәрсесі көз
алдымда. Адамның көптігі сонша, қойша ығысып кетіпті. Осылай жылжып келе
жатқанына көз салсаң - жүрегің көтеріледі. Көшенің ана жағында тұрып мына
жағыңдағы адаммен айқайласып сейлесетін Жаңақорғаңдай емес, құмырсқаша қаптаған
адамға көз салсаң, бейне қарақошқыл көше жер бауырлап қыбырлап бермен ығысып
келе жатқаңдай көрінеді. Екінші байқағаным: жердің бетіне сыймаған халық жердің
астына түсіп күн көреді екен. Аюдың үңгіріндей үңірейген тесікке түстік те
кеттік, "ай, еңді жарық дүниені көру жоқ қой, сірә" деп ойлағам. Жер
астынан гүрілдетіп поезд жүргізіп қойыпты. Ол поезда жұрт тікесінен тіке теңселіп,
иін тіресіп тұрады. Үшінші таң қалғаным: үлкен шәрдің адамдары біз секілді
жайласып отырып емес, тіке тұрып ас ішіп, аяқ босатады білем; түнемесі бірер
сағат үйіне еніп мызғып алмаса  - өңге
уақытта көше кезіп теңселіп жүрген енапат бір халық. Қалай ғана аяғы
сарсылып қирап қалмайтынына таңым бар. Бірді айтып бірге кетемін.
Одандағы халықтар әкесі 
-  Сталиңді қалай көргенімді айтайын.
Өстепкенің ашылу рәсіміне ел-елден, жер-жерден көп халық
жиналыпты. Күн жанып тұрған ыстықта елтірі қоқима құлақшынын басынан
тастамайтын осетин, шешен дейсіз бе, ала тақиясы шекесіне қонжиған өзбек,
беліне қызыл шүберектен белбеу байлаған татар, қысық көз кәріс, шалбарының екі
ұрты делдиген украин дейсіз бе, өзім естіп-білмеген ұлт өкілдерін көріп бас
шайқаймын-ай. Дүниеде қазақ пен орыстан өзге халық барын соңда көрдім.
Біреуінің ширатылған мұртын, келесінің тілін бұрап сөйлегенін, жер сызған
көйлегін қызықтап ойым орнықпай тұрғам. Өстепкенің ішіңдегі үлкен алаңда қойша
иірілген біздерді қызыл жіп керген шекара сызығынан еш аттатпайды. Қаптаған
қызыл жағалы ағайын. Күн тас төбеге шығып алып шақырайып жеп барады. Сүмек
терді саусақпен сыпырамыз. Өстіп тұрғаңда "келе жатыр" деген сөз
самалша желпіп өтті. Алаң төріне көз тіге қалыстық.
Арғы жақтағы терең түкпірден аппақ китель ақ шалбар, ақ кепка
киген бес-алты еркек қарсы беттеп адымдап келеді. Жүрегі құрғыр атша тулайды.
Жанарым жасаурады. Қатарласа ығысқан еркектердің қайсысы Сталин екенін ажырата
алмай әбден сасайын. Қасымдағы татар жігітінен сұрайын. Әлгінің жанары атыздай
боп, сұқ саусағын ерніне көлденең басып, демің ішіңде болсын дегеңді мегзейді.
Әлгі аппақ киімділер, бейне, айдан түскен адамдар секілді. Жүріп-жүріп кеп
қапталдаса қиыс бұрылып, алаңдағы сәкі етіп жасаған биікке көтерілді. Көтерілер
кезде бәрі ығысып ортадағы орта бойлы, мығым денелі, мұртты кісіге жол берді.
Жүрегім: "Сол Сталин", - деді.
Әлгі кісі биікке шығып алып, жүзін жұртқа бұрып, оң қолын
жайлап жоғары көтерді.
Жанымдағы осетин ба, азербайжан бе, есімде жоқ, зор дауыспен:
"Жасасын Сталин!"-деп айқайлап жіберді. Әлгінің үні денемді
дуылдатты. Жұрттың бәрі сол сөзді ду еткізіп көтеріп әкетті, дүрілдеген
дауыстан құлақ тұңды. Екі көзім халықтар әкесінде. Әр тұстан саңқылдаған дауыс
шыққан сайын көрер көзге зорая түскендей болып, оң қолын иығынан асыра көтеріп,
айдан түскен ақ әулиедей жанарын кең ашып тұра берді. Бейне, атын атаған сайын
аруақтанып аспаңдап бара жатқаңдай!
Осы көріп тұрғаным өңім бе, түсім бе деймін іштей.
Түсім болса - жанымдағы сапырылысқан, дуылдасқан халықты
көріп: "О, тоба!" - деймін бе. Өңім болса - әулиедей халықтар әкесі
неғып үндемейді... оң қолын басынан асыра ұстаған шалғыға ұқсатып тұра бере ме
өстіп. Аптап күн шыжғырған үстіне шыжғыра түседі. Жанындағы ақ кителді, көзілдірікті
Берия болар, бәлкім Хрущев, бәлкім Каганович, қолдарын сарт-сұрт соғып еш
басылып болмайды ғой!
Бір мезетте көсем көтеріп тұрған қолын сылқ түсірді.
Жұрт құлаққа ұрған танадай тынышталды. Басынан кепкасын
алды. Оң қалтасынан орамалын суырып маңдайын, самайын сүртінді. Қасымдағы
грузин бе, әлде осетин бе, мұртты кісі талып жығылды. Әлдененің шалығы тиді,
әлде тосын әсер пақырды мұрттай ұшырды. Сыптығырдай екі солдат жетіп кеп әлгіні
көтеріп ала жөнелді. Халықтар әкесі қағазға қарамай қою үнмен орысша сөйледі.
Сөзінің бірін түсінсем, бірін түсінбеймін. Кейінше тілмәш жігіттен сұраймын,
газет бетінен ежелеп оқимын. Санама сіңгені төмендегіше болды.
"Тылдың ержүрек тарландары! Тылдағы майдан оқ бораған
алдыңғы шептен ешбір кемдігі болмады. Тылы мықты елдің жауынгері мықты,
пәшестерді көріне апарып тықтық. Бізге бұл күңде қарсы беттеп келетін ешбір
дұшпан жоқ. Тылдағы большевик еңбекшілерге ризамын, аузындағысын жырып майданға
жіберді, солар ішсін, солар жесін деп солда-тына жөнелтіп жатты. Қаншама өтеуі
жоқ заемға жазылды, тапқанын қалтаға түйіп, "ұшақ, танк" жасауға деп
әскери комиссариатқа өткізді. Мұндай ерлікті әлі еш ел жасаған жоқ.
"Қолбасшының көрегеңдігі", "жарағымыз сойқан еді", "оқ
теспейтін бронға айналдық" деген марапат сөздер айтуға ғана жеңіл. Шыңдығы
сол, халқымыз жұмылған жұдырыққа айналды, ішкі серіппесі қатайды. Ішкі серіппені
тегеурінді берік еткен - патриоттық рух еді. "Ура, жолдастар!" деген
кезде - манағы манағы ма, сығылысып иін тіресіп тұрған жұрт дауыл күнгі теңізге
айналды. Біреуінің көзінен сорасы ақты, келесінің айқайлап ұран айтқаннан даусы
қарлықты.
 Сізге өтірік, өзіме
шын, дейді Жәмила анамыз пәске кідіріп, аздап толқыған сыңай танытып, әуелгіде
ойлағам: жазып алған қағазын судыратып оқып
шығар деп. Жүректен шықпаған сөз жүрекке жетпейді. Ешқандай қағазға қарамай,
бөтен нәрсеге назар жықпай, нақа қабырғаға көр шеге қаққандай әр сөзіне ерекше
дәм беріп шегелеп айтып шықты. Ерекше қайран қалғаным: әлгідегі "большевик
жолдастар" деген әшейінде сүріне жығылатын сүреңсіз сөз халықтар әкесінің
аузынан шыққан кезде ерекше ырғақ, саз, мәнге ие боп, құлаққа майдай сіңгені.
Шешеңдік - еш мүдірмей сөйлеп шығу емес, ауыздан шыққан сөздің реңін ашып,
нәшін келтіру екеніне сонда көзім жетті.
Жанымдағы кісілердің бірі жылап, бірі "Сталин,
Сталин" деуден даусы қарлығып, типығы жетіп, сәкі үстіндегі көсемнің алмас
жанары осылай бір қарап шыққанда, өртке шалынған қамыстай лап кетуі - маңайдағы
жұрттың пейіліне, зердесіне әсер етті. Аруағы асып төгілді.
Алдымызда иықтасып тұрған қызыл кепкалы милиционер балалар
болмағанда бар ғой мына халық күн көсемнің көзіне түсемін,
нұрына шомыламын, қолынан ұстаймын, маңайласып тәу етіп
қаламын, назарына ілігемін, деп бірін-бірі тапап, жаншып өлемін-ата ұмтылатын
түрі бар. Есі шығып, жанары алақтап, ойы орнықпай тұрған алпауыттарды көріп
қайран қалып жағамды ұстайын. Қазақ даласының қиыр түкпірінен қоржынымды иыққа
асып жеткен қарапайым қазақ әйелімін, сауыншымын, алдында ғана "Тылдағы
ерен еңбегі үшін" деген медаль алғам. Менде тұрған не бар. Көргенімді
айтып куәлік беремін-дағы!
Кейінше, елге оралғанда "апа, арманыңыз жоқ, тірі
Сталинді көрдіңіз, сізден тәу етіп, теберік алуға келдік", - деушілер
көбейді. Мына өмірден жолы болмаған, пұшайман халдегі мүскін мүсәпірлер, я
аспандаған алпауыт өкімет балалар қарамды көргеннен бұрылып келіп, қолымды алып
сәлем беріп жатады. Тілдескісі келеді. Сұрайтыны: Сталинді қалай көрдіңіз?
Шырағым-ау, халықтар көсемін Мәскеудегі жойқын өстепкеге
барған кезде бір сағаттай сыртынан бағып, аз-кем сөзін тыңдадым, өз ортасынан
деңгейі биік, басына бағы айналған көсем кісі-ау деймін. Халық - бала, халық -
дана. Сол дананың пиғылын танып, шәлдуар баланың айтқанын  істеу бір кісіге аз жүк болып па. Кітаптағы
суретін күнде көріп жүрсіңдер ғой. Сол суреттегіден егіз тамшыдай айнымайды
десем күпірлік болар. Екі иығынан зілбатпан ауыр жүк басып тұрғаңдай - тұрқы
шағын, еңсесі жаншыла езілген, көзқарасы солғын кісінің аруағын көтеріп аспаңдатып
жіберген қасындағы серіктері ме деп қалдым. Бір-бірінен айнымайтын аппақ қардай
кителі, ақ шалбарлы, сірескеннен сіресіп сықиып тұрысы - осы жұртқа жол
көрсетіп, ақылды сөз айтуға әдейі арнап айдан аяғы салбырап түскен пайғамбарлар
секілді. Періште ме деп қаласың. Кәдуілгі жұмыр басты, екі аяқты пенде қалпынан
құдіретті, қасиетті пайғамбар рөліне көтерген мына халықтың қалтқысыз сүйіспендігі,
риясыз сенімі, "аһ" ұрып бас июі ме әлде! Денемді ду-ду қыздырған
әлдебір тосын әсерден айыға алмай тұрғанда халықтар әкесі сөзін бітірді,
кәдуілгі пендеге ұқсап қалтасынан орамалын алып, кепкасының күнқағарын сүртті,
қою мұртын бармағымен басып тұрып жанындағы сидиған орақ тұмсық, мұртты
серігіне оқыс бұрылып:
- Қалай ойлайсыз, Анастас Иванович, осыным дұрыс па? -
деді.
Орақ тұмсық өзге нәрсені ойлап тұрыпты, аяқ астынан сасып
қалды, апалақтаған күйі:
    - Ләппай тақсыр?
Сөз бар ма оған! Сіз ешқашан туралықтан айып көрген жоқсыз!
    - Тура сөйлеймін
деп туғаныма жақпағанмын. Өзімшілдік, өркөкірек, өктемсу мінезінен арылып
еңбекші бұқараға бір қадам жақындай түссек қана ісіміз оңады. Солай емес пе,
Анастас Иванович!
          - Әлбетте,
дұрыс айтасыз, Иосиф Виссарионович! Сұсының 
қаттысы-ай!
Серіктері манағы сірескен қалпынан лезде арылып, жыланға
арбалған торғайдай, қозғалақтап, сеңдей соғысып, қипалақтап қалды. "Ләббай
тақсыр" десіп жатқаны әмбеге аян. Пыр-пырлап ұшқан томашадай торғай боп,
қауырсыны ұша қалбақтағаны. Жұрт аңтарылған күйі. Күн жон арқадан шақырайып
шыжғыра түседі, сүмек боп терлеген не сән. Лауазымды серігі: "Соғысқа
жанын берсе де рухын бермеген, жаңа бесжылдықты қарқыңды бастаған сүлейлер мен
сойқандар бас қосқан айтулы өстепкенің ашылу лентасын халықтар әкесі Сталин
жолдас қияды!"  деп көсемді алға шығарды. Алақанын сатырлата
соғып жіберді, жұрт іліп әкетті. Үлбіреген қыз иіле түсіп жастық үстіндегі
қайшыны ұсынды. Сталин жолдас биік сәкіден ырғала басып, жайлап түсіп, бірер
аттап, қайшыны лып қолына алып, көлденең тартылған лентаны қиғаны сол.
"Жасасын Сталин жолдас!.. Жасасын жасампаз
Ленин!.." деп жиналған жұрт дүр ете түсті. Тұла бойымнан төмен қарай
жылжып шоқ өткендей сезілді. Не кереметінің барын білмеймін, ортадан кішілеу,
пәкене, жүзі солғын, әйтсе де жанарында жасыны бар көсем кісі осылай бір
қарағанда жұрт үстінен толқын жүріп өткендей сезіледі. Қарадай есеңгіреп есі
шыққан, тосын әсерден оғаш мінез танытқан момындар сеңдей сығылысып көсем
кісіге кимеледі. Қызыл жағалылар бір-бірінің қолынан мықтап ұстап
кесе-көлденеңдеп, тастабандап ілгері аяқ бастырмайды.
Алып елді алақанында ұстаған, диірмен тасындай дүниені дөңгелеткен
жарықтық жымиған үстіне жымиып әрәдік жайлап мұртын сылап қояды. Тап
суреттегідей. Күлімсірегені керемет, шуақты. Қасындағы серігі көңілі босап
кемсеңдеп орамалын алып, көзін сүртіп жатыр. Шуақты күлкісіне сары майдай еріп
бой-басы босағаны қаншама. О, Құдайдың құдіреті! Мұншама нұры жүрекке жететін
жылы жымиысты көргені осы! Кейінгі патшалардың уағында жарықтықтың соңына сөз
ілестіріп, әрі итеріп, бері жығып дегендей, айтпаған сөзі қалмай "тас
жүрек қатыгез!", "миллиоңдаған адамның қаны мойнында!",
"жеке адамға табынудың тұғыры!" деп, "момындардың арасынан халық
жауын мыңдап, миллиоңдап атқызып үлгерді" деп...
"Кеңестер одағын қойшы, ол жұмсаған үндеместер дүниенің
төрт бұрышын қан жоса етті!.." деп жазып жатты, төрткүл дүниедегі
тирандардың - тираны деді. Ал, мынадай майда жүрісті, шуақты жымиысты, нұрлы
кісіні ондай жаманшылыққа, жамандауға ешқашан қимаймын. Сенгім келмейді. Сене
алмаймын. Тиран, жауыз, жәһіл адамның көзі шоқтай қызарып, аспандап алақ-жұлақ
етіп тұрмаушы ма еді... Құдай-ау, мына кісінің құдіреті қай жерінде? Сол өстепкіде,
Мәскеудің ой-шұқырын аралаған кезде, кейінше, апта өте көгілдір поезбен ұзақ
селкілдеп елге қайтқан кезде, елге оралып келгесін де... ойлап-ойлап... көз
алдыма суретін сан өткеріп:
"Жоқ, мына кісінің жәһіл жауыздығы, қатыгез қаталдығы,
пышақпен осып жіберсең - қан шықпайтын қаныпезерлігі өзінің бойында емес, басқа
жақтан, жаратқан иенің пәрменімен жеткен әлде бұйрық, әлде әмір, әлде нұсқау.
Жердегі көп күнәлі пеңделерін тәубасына келтіріп, құдайына қаратып алу үшін
құданың құдіреті әміршінің адам ойына келмеген жарлығына айналып, құлдық
ұрғы-зып қудалайтын көрінеді ғой. Сол бір қан қызыл қырғын зұлматқа Сталиннің
еш жазығы жоқ деп ойлаймын. Ол жоғарының жарлығын орыңдаушы ғана. Ол жарлықтың
аты:
"Жазалаңдар!"
Жоғарыдағы жаратқан ие неге олай деп жарлық берді, менің
миым еш жетпейді, келешекте, кейінгі ұрпаққа ғұлама дегдар кісілер,
зерттеушілер, ғалымдар көп шұқынып шешіп бере жатар, айта жатар. Әлгідей күн
шуақты, мүләйім мұртты кісі жәһіл жауыз тиран болуы мүмкін емес".
 
Қонаев
 
Ұлы Отан соғысынан кейін жүдеген, тозған елдің иығы бірден
көтеріліп, жыртығы бүтінделіп, жарқырап жүре берді деп ойлайсыз ба. Мүлде олай
емес, әрине. Көп отбасының бас иесі майдан даласынан оралмай, шаңырағы ортасына
түсіп, сорлап қалды. Сорлағаны емей немене, ата-енесінің қабағына қарап, қолына
жылы су құйып отырған жас келіндер бір түнде құбыла өзгеріп, мінез шығарып, я
түнгі жүрісін көбейтетінді шығарды, я қит етсе "төркініме кетіп
қаламын" деп етегінен ұстаған сәбилерін ұлардай шулатып жатты. Тоқал
тамның басына шығып, малдас құрып, батып бара жатқан шоқтай қызыл күнге қарап
сақалынан жасын сорғалатқан қарияны көрдім. Соғысқа кеткен жалғызының бір
киерін басына жастап жатып: "А, құдая, жал-ғызымды жалмағанша мені алсаңшы
атауыңа!" - деп кемсең қаққан кейуананы жұбаттым. Тәнге түскен жара
жазылар-ау, ал елдің, әсіресе үлкендердің, сәбилердің жүрегіне соғыс салған
жара ешқашан жазылмасын сонда сездім. Ашынған, "аһ" ұрған көршінің,
ауылдастың көңілін аулап ерте тұрып жұмысқа шығамыз, колхоз басқармасы қайда
жұмсаса - сонда жүреміз қыбырлап, кетпендеп егін саламыз, шөп орамыз, тепеңдеп
жылқы қайырамыз, сауын сауамыз... бейнетке етіміз өліп кеткені сонша - айына,
жылына демалысқа шығу, шипажайға бару, ем-дом алу дегенді ұмытқалы қашан. Тау
ішіндегі екі колхозға Бибіш есімді бір фельдшер қызмет көрсетеді, оныдағы
майданға жөнеліп бара жатқан, иығы жарқыраған комаңдирге жоға-рыдан арыз айтып:
"Өлтіресіңдер ме енді, ел ішіңде қызылша шықты!" - деп аудан басшысы
составтан түсіріп алып қапты.
Өмір деген зырқыраған поезд секілді. Біреулер жармасып мініп
жатыр. Біреулер түсіп қап жатыр. Діттеген, ойга алған межесіне жете алмай тезек
дүниенің тезегін теріп адасып жүргендер қаншама!
Өстіп сабылып жүргенде ел ішінде елеулі оқиға болды. Кеңес
одағының жоғарғы төралқасына депутат сайлау керек, ел ішінде сайлау өтеді
десті. Ат үстінде желе жортып, ел үстіне шолжаңдап үйренген белсеңдінің құдайы
берді.
"Сайлау өтеді" дегенді желеу етіп нешеме атқамінер
ат арқасын жауыр етті, қаншама қағаз жазылып, ойға, қырға жөнелтілді. Ол жағын
айырып, біліп жатқан біздер жоқ. Депутаттыққа кандидат болып Дінмұхаммед
Ахметұлы Қонаев ұсынылады деді. Есімде қалғаны: естіген кезде "жарықтықтың
әкесі молда ма, былайғы жұрт Мұхаммед пайғамбардың атын айтуға қорқып жүргенде,
діншілдерді комсомолдар қырына алған кезеңде - қорықпай, үрікпей "Мұхаммедтің
дінін ұстар" деп есімін қойғаны ерлік екен", - деппін. Отағасы:
"Не болса соны айтамын деп жүріп ұсталып кетесің сен!" - деп кейіді.
Әлгіде ғана қымыз ішуге бас сұққан белсенді қайнаға: "Келін, дүниеде біз
білмейтін керемет көп қой, одан да қымызыңды құй!"- деп кеңес берді.
Сонымен шағын ауылдың түңлігі желпілдеді. Сайлау науқанына
әзірлік жүріп жатты. Әзірлік деген не тәйірі, белсенділер аяңдап әр үйге кіріп
әлгі Мұхаммед пайғамбардың есімін алған кісінің қызметі, жүріс-тұрысы, туған
жылы туралы әңгіме айтып, ет жеп, шай ішіп шығуды әдетке айналдырды. Әлі
есімде, сол жылғы күз кереметтей масаты пүліштің үстін сипағандай әрі жылы, әрі
жұмсақ, егіс, бақша іші сиыртаңдай сары мейіз шуақты еді.
Ол кезде отағасы "колхоз басқармасы" деген
лауазымды, мөрді, кеңсені майданнан жаралы боп келген інісі Сәрсенге өткізіп
біржола жылқыға беті ауған. Құрығы киелі жылқышы болған. Тау арасын жарып аққан
Құланшы өзенінің қабағын аршып, ашып, жарқабаққа қайла салып арық қазып, суды
биікке көтеруші еді. Сол биіктен атқан оқтай ғып қойнауға түсіріп, жерді
жерағашпен жыртып, жүгері, қауын, қарбыз егетін. Соғыстан кейін елде астық
болмады. Өзге жұрт тісін тісіне басып, кебек пен күнжітке қарап отырғанда
біздің қазанымыздан жүгері ботқа, жүгері салма үзілмейтін. Тамызда иісі танау
жарған әдемі әңгелек жеп, іші өрттей қызарған қарбызға қарын шермитіп жүрген
біздің үйдің балаларына ел қызығушы еді.
"Павел" деген мал дәрігері болды. Әкең әлгі орысты
Пабыл дейтін, нақа бір құрдасындай әзілдесіп, қалжыңдасьш жүретін. Шілденің ми
қайнаған ыстығыңда әлгі Пабыл орыс жонда отырған үйімізге түсіп, қымыз құйған
сабаны басына киіп алардай болып, сусынға битін салушы еді. Мәйкісіне дейін
шешіп тастап, ел-сел боп терлетіп, бесті қымызды жерік асындай көретін.
- Әй, Пабыл, - дейтін сенің әкең
әңгіме отын қыздыра түсіп, - әуел баста адам баласының бәрі ағайын екен, сенің аталарың
сәл тентектеу болып сүндетке отырмай кетіпті, ал, біздің аталарымыз момындау
болып мұсылманшылыққа бет бұрыпты; айырмамыз сол ғана. Мына қымыз ішуіңе қарап
сені қазаққа жақыңдатып отырмын.
    - Солайы солай
ғой, - дейді Пабыл қазақша тілін төсеп, - Үшайрықтың басында жылан шағып өлген
торы құнанды, Тоқпақсалды сайында жардан жығылып өлген жирен биені ауырып өлді
деп актілеп, есептен шығарып бере ме деп жағынып отыр ғой десем, бір атадан
тараған соң сыйлап жатыр екенсің ғой, - деп ол дағы тілмен шағады.
 - Әй, Пабыл, әйтеуір
жардан итермейді ғой деп сыйлаймын - 
сыйласам!
 
- Әне бір мәтел ме, мақал ма, бірдемені құлағым шалғандай
болып еді, - дейді Пабыл орыс зерен толы қымызды басына бір-ақ төңкеріп.
     - Ол қандай
мәтел? Мен айтыппын ба ол сөзді? - дейді әкең ежірейіп.
     - Сол бір мәтелің
жатсам, тұрсам есімнен шықпайды.
     - Ол не сөз ішіңе
сыймай отырған?
      - Қымыз сыйған
ішіме ол сөзді сіңіре алмаймын ешқашан.
      - Айтсаңшы,
ішіңді тесіп бара жатсадағы сол құрғырыңды!
     - Омай, ұмытып
қалдың ба... орыстан досың болса, жанында айбалтаң жүрсін деген сөзді айтқаның.
     - Әй, Пабыл, ол
бұрынғы қазақтың сөзі, мен қазіргі қазақпын. Айырмасы жер мен көктей. Көңіліңе
алма аталарымыздың сөзін. Сен ұмытпай тұрғанда жирен бие мен торы құнанды
актілеп шығарып бер есептен. Санаққа түсіп кетіп жүрмесін. Орыс болсаң да
достыққа берік, көңіл жықпас жолдас боп кеттік. Шыны солай-әй! - деп әкең
өзеурейді.
Сол мал дәрігері Пабыл орыс жондағы малшыларға, Құланшы,
Ақүйік бойына келе жатқан сайлаудың өкілі, үгітшісі болды. Аттан түспей қиқулап
жүргені әлі күнге көз алдымда. Бұрынғы бұрынғы ма, сайлау жақындаған сайын
тақымы дымданып, қоқиланып ат басын бұруы жиіледі. Тамағы құрғағанша сөз
сөйлейтін әдет жамады. Сөзшең боп алды. Орысша, қазақшаны араластырып ат басын
еш ірікпейді.
Көп ұзамай малшылар қыстауға құлады.
Пабыл орыс дәрігер айтатын: "бұл сайлау - зор саяси науқан.
Саяси науқан болатыны - шет ел бізге қарап отыр, неғылар екен деп. Елдің қарап
отырғаны - Жоғарғы кеңес депутаттығына анау-мынау я малшыны, я диқанды, я
жылқышыны ұсынып отырған жоқпыз, елдің сөзін сөйлейтін мынау деген лауазымы
үлкен үкімет адамы, Ленинагор, Балхашта өндіріс ошағының отын лаулата жаққан,
білгіш инженер, білікті маман, келешегі ел тұтқасын ұстайтын адам депутаттыққа
каңдидат болып ұсынылмақшы. Ол кісінің есімі - Дінмұхаммед Қонаев" деп
айтып төгілдіргенде бар ғой, қыстауға құлап, аядай кеңсеге үйіліп бас құраған
малшы қауым бас шайқасып таңқалады. Мал дәрігері Пабыл орыс: сұрақтарың бар ма,
ағайындар, мынау отырған ауданнан келген өкіл, мына кісі облыстан ат басын
әдейілеп бұрған, білмейтін нәрселеріңді сұрап алыңдар, - дейді даусын зорайтып.
Қанекей, кімде қандай түсінбейтін гәп бар?!
Мәңбас Әуелбек қалпағын көтереді.
- Депутатымыздың жасы нешеде?
     - Біріншіден:
Қонаев әлі депутат емес, депутаттыққа кандидат, екіншіден: ол кісі 36 жаста.
    - Жас қой әлі,
біздің Ділдабай бригадирден көп кіші.
    - Әй, ол кісіні
салыстыратын адаммен салыстыр, әйгілі қолбасшы Рокосовский, Жуков секілді
кісілермен салыстыр, о несі-ай, қайдағы көжесін жылап ішіп жүрген бригадирмен салыстырғаны!
- деп Пабыл орыс налиды бұл жақтан. Өзімді де со шамада түлен түртті!,- дейді
Жәмила анам. Жайыма қарап отырмай. Сауал қоюға оқталдым. Аузым қышыды ма, нем
бар десейші қыстырылып. Құдайым-ай! Артқы орындықта отырған едім, шошаң етіп
қол көтеріппін. Облыстан келген өкіл ажырайып бой-басыма қарады. Жанында отырған
Пабыл орысқа басын екшеді.
   - Жолдас белсенді,
әлгі Қонаевтың әкесі діншіл ме? - деппін орнымнан көтеріліп.
Облыстан келген өкілдің жанары атысып кетті, парт болып
қызарды.
  - Не деп тұрсыз,
сайлаушы жолдас?
  - Аты-жөніңіз кім
өзіңіздің?
Облыстан келген өкіл мен ауданнан ат басын бұрған өкіл,
бейне, қара ағаштың бұтағына қонған аш қарға секілденіп бірінің сөзін бірі
қосарлана қайталап қарқ-қарқ ете қалғандай сезілді. Сөздері түрпідей тегі.
Сасып қалдым. Қазақшаға судай Пабыл орыс жұмсарта тіл қатты.
   - Бұл Жанұзаққызы
Жәмила, Сарыкеліні, колхоздың озат сауыншысы, жақыңда Мәскеуге барып көрмеге
қатысып қайтты, "Тылдағы ерен еңбегі үшін" медалі бар, қазір жондағы
егінді жинасып жүр.
    - Жинасса
қайтейін, озат болса неғыламыз! Өзінің саяси сауаты қалай? Маңдайымызға ұстаған
жалғыз депутаттыққа кандидатты "діншіл ме" деп мұқатқаны жаныма
жақпайды-ай! Осы отырған колхозшылардың саяси сауатын көтер деп қашанғы
қақсаймын, жолдас төраға! Мынау не еңді, бас десе - құлағын көрсеткен өңшең
дүдәмал дүмшелер, дінге сенетіндер...
Қосарлана дүрсе қоя берген өкілдердің ызасын басып, ашуын
тежеуге Пабыл орыс жалынып-жалпайып жанын салғаңдай кейіпте. Сүмек боп терледі.
Көлдей орамалымен келідей басын сүрткіштеп әуре.
   - Жолдастар,
мырзалар, бұл келіншек байқамай жазатайым сөйлеп кетті. Депутатқа кандидаттың
аты-жөнін, мансабын түкпірлеп түсінгісі келіп отыр. Бұл өзі озат сауыншы,
екпінді колхозшы, тақауда Мәскеуге барып көрмеге қатынасқан, Сталинді көрген...
- деп жорғалатып, сөзінің тігісін жатқызып өліп-өшті. Өзеуреген өкілге
жалтақтайды.
Әлгілер аңырайып тіл-ауыздан қалды. Таппа тиылды. Бейне
ағындап жүзіп келе жатқан бекіре балық оқыста тұмсығы тасқа тисе өстіп
бұлталақтап, бағытынан жаңылып қалады деуші еді. Бұлардың басын тасқа тигізген
әлгі Пабыл орыстың қапелімде оқыста аузынан шығып кеткен "Сталинді
көрген" деген сөзі еді.
    - Озат жолдас,
әлгі сауалыңызды қайталаңыз, - деді ауданнан келген қауын бас өкіл.
     - Қонаевтың әкесі
діншіл ме деуімнің мәнісі баласының есімін неге әрі "дін", әрі
"мұхамед" деп қосақтап қойған?
          - Оның
мәнісін білмейміз, озат жолдас. Сіз әуелі сауал қоярдың алдыңда саяси
сауатыңызды көтеріп, газет оқып, арғы-бергіге көз жеткізіп алсаңызшы!
Сауалыңыздың түп төркіні теріс. Маңдайымызға ұстаған депутатты, тойыс,
депутаттыққа кандидатты "діншіл ме" дейсіз! Оны біз тексермейміз.
Жоғарғы жақ, большевиктер партиясы елеп-екшеп елгезерден өткізген, Қонаев
жолдас партияның сын өткелі, қиын кезеңінен сүрінбей өткен адал коммунист,
бойына, ойына, ісіне еш көлеңке түсірмеген ірі басшы. Ірі басшыны депутаттыққа
ұсыну біле-білгенге ұлы мәртебе, зор абырой, таудай биік сенім. Сол сенімге біз
ғана лайықты болып төбе көрсетіп отырғанымызды үғасыз ба, озат жолдас, ұқпайсыз
ба?..
Қазір айтсам, бәрі өтірік секілді.
Өкілдің, бастықтың біраз сөзін ұмытып қалыппын. Әйтеуір сол
күнгі жиналыс,   жиналыстан кейінгі
ұзын-ырға әңгіме менің төңірегімде өрбіді. Мына жұрт түстен кейін ықтасын іздеп
маңыраған қой секілді әлгі қауын бас өкіл мен қара ағаштың бұтағына қонған аш
қарға секілді өкілдің әуеніне төңкеріліп, айтқанына сеніп қоғадай жапырылғаны,
айдарынан жел ескені. "Саяси сауатсыз, "саяси сауатсыз..." деген
сөз желді күнгі өртше лаулады. Пабыл орыс үстелді тоқпақтады, гүлеген жұрт әзер
деп жөн сөзге иланып, іңір қараңғысына ілесіп үйді-үйіне тарасты, әрәдік
"саяси сауатсыз" деген жел сөз құлағыма түрпідей тиеді.
Отағасы ашуланды. Әшейінде жұрт жүз сөз айтқанда бір сөз
айтып қарап отыратын көнтерілі, кеңқолтық, маңғаз әкеңнің үйге келгенде көрдім,
тұз көзі шатынап кетіпті, қамшысын білеулей ұстап қолынан еш түсірмейді. Жон
арқамнан ысқыртып ала ма деп қорықтым. Әшейінде жоғалған малын іздеп келе
қалатын ұзын Әуелбек, қымызға "жерік" мәңбас Әуелбек ұшты-күйлі.
Аяқ-қолым жерге тимей ұшып жүрген секілдімін. Сөкті жуып, майға шылап,
былбыраған майсөк жасадым, дастарқан жайып, гүжілдетіп самаурын әкелдім.
Майсөкті әкең сүйсініп жейтін. Дастарқанның шетін жөндеп жатып көзімнің астымен
қараймын. Әкең сегіз өрім қамшысын қолынан әлі түсірмепті. Осы мезет сыртқы
есік сықыр етіп ашылып аллалап жүретін Жалғасбек қайнаға үйге сап етіп енгені.
Жүрегім атша тулады. Әкең малдас құрып отырған күйі маналы бері ішіне беріш боп
қатқан ашуын бір-ақ шығарды.
     - Пәдәріңе
нәлет-ау, - деді бұзау тіс сегіз өрім қамшыны білемдеп ұстаған күйі, - жайыңа,
байыңа қарап қана неге отырмайсың? Депутатқа, өкілге жуықтап нең бар осы! Өріп
алайын ба мына бұзау тіспен? Сені құтыртып жүрген менің белімді бүгіп, терімді
сыпырып, тақымымды ойып жүріп тапқан қазанындағы батпан құйрық қой, сол батпан
құйрық несібе-ырзық болмаса көрер ем - қара сирақ боп жонда бидай орып
жүргеніңді бір-бір шара үн үшін! Ә, сені ме! - деп қамшысын көтерді де, "ой,
алла-а-и-й" деп дастарқан жиегіне жайғаса бастаған Жалғасбек қайнағадан
қысылды - қатынын сабап жатуға - дырау бұзау тісті есік жаққа ытырып жіберді.
Жалғасбек қайнаға екі ауыз сөз айтса - бір ауызы алланың аты,
"алла-ай-и-и-и!" деген сөзді отырса да, тұрса да сан мәрте қайталады.
"Алла-а-а-и-и-и" деп майсөкке шүйліккен. Бал татыған, таңдайда
үгітілген майсөкті өзіне таман тартып ап бөксеріп бара жатқан пірәдәр қайнағаны
оқты көзімен ата қарап, ағаш қасықты қолына алды. Атқақтаған жүрегім соңда ғана
орнына түсті.
Аптаның соңыңда, сайлауға аптадай қалғанда аты-жөні жер
дүниені дүңкілдеткен Қонаев елге келіпті деп естідік. Әуелі ауыл-ауылды
араламайды екен, аудан орталығыңда бір мәрте жиын өткізеді екен де астанаға
қайтып кетеді-міс деген сөзді естідік. Артынша ауыл-ауылды аралайды екен, әйтсе
де ешкімнің үйіне бас сұғып дәм-тұз татпайды екен, сырықтай сыпа сері сұңғыла
сыралғы кісі көрінеді деп жонда астық бастырып жатқан жұртты қарадай үрпитті.
Екі күн өте, әлі есімде, қырмандағы астықты қаптап үлгергеніміз сол, қалың
нөсер құйып берді.
Нөсердің қалыңдығы сонша - тамшысы саусақ тірегендей сезілді.
Сабанды, астықтың қалдығын жинап үлгере алмай қалдық. Ауданнан хабар үзілді,
дауыс беретін жерге таң алагеуімнен үймелейміз ғой деп отырғанбыз. Уәйім жүрек басын
ұстап еш босатпайды.
"Дауыс беретін жерге бозторғай шырылдамай тұрып жетіңдер,
ұйықтап қалғанды, басы ауған жағына қаңғып кеткенді аямаймын, жаздайғы
еңбеккүнін қырқам да тастаймын", - деп басқарма Сәрсен қайнаға түн
ортасында... жоқ, түн қараңғысыңда... жоңдағы қосқа кеп бас сұқты.
Өзінде өң жоқ. Бейне, келіге сап қауызын ұшырып түйіп алған
жүгері собығы секілді. Қостағылар "көз шырымын киімшең жатып алайық, мына
белсенді басқарманың мінез жаман, пәрмені қатты екен" деп қарадай
үрейленді. Тамағымыздан ас өтпейді.
Бозторғай шырылдамай төсектен тұрып, ылдиға жеткізеді деп
бөлінген полуторка мәшинеге, оған сыймағанымыз Бейсенбек қайнағаның арбасына
үймелеп, үкіше үрпиіп, я аруақ, жолымызды бере гөр деп іштей тәубелеп, ылдиға
төмеңдейміз деп тұрғанбыз.
Жон басынан тас домалатқандай сезіңдік.
Жон басындағылар ылди шүңейттегі сайлау ушәскесіне допша
домалап жеттік.
Алдымыздан түн қараңғылығы сөгілмей жатып "алла-а-а-о-и-и"
деп қарауыл қайнаға шықты: "памдат, құтпан намазын белсенділер төбе
көрсетпей тұрғанда қосып оқимын, олар көрсе - діншіл неме неғып аяққа оратылып
жүр деп төбемді теседі, еңбеккүнімді қырқады", - деп жылайды байғұс. Бірді
айтып бірге кетемін.
Қонаевты көргенімді айтайын.
Қаратау иығынан таң пердесі түріліп, ақ сейсеп нұр ағыл-тегіл
құйыла бастаған. Жоннан түскен егіншілер, ылдидан, құм ішінен ілдебайлап түйе
арбамен жеткен түйешілер бас қосып амандасып, қауқылдасып жатқан. Көріспегелі
көп айдың жүзі, біреу құдасын тауып, келесісі құрдасын танып, амандық-саулық
сұрасып мәре-сөре болып дуылдасып кетті. Бұ қазақты қойсаңшы! Дастарқан десе
дүниені ұмытады. Сол екі арада дастарқан жайып, дәм-тұз татып, өткен-кеткен
аруақтарға дұға оқып алайық десіп, ушәске маңын тойханаға айналдырып жіберді.
Балам, тыңда!
Дөңгеленген дүниеде неше түрлі халық бар деп естимін. Орыс,
татар, еврей, шешен, неміс дегендей. Солардың басына іс түсіп, қиын халге
ұшыраса - ұлт боп қалар тамырдәрісі не осы деп ойлаймын. Мысалға, еврей халқын
дүниеге шашып тентіретіп жіберсе, соғыс, зұлматтың зобалаңын шексе, түптің
түбінде не сақтап қалады десем: Мұса пайғам-бардың уағызы, санасына мықтап
сіңірген діні сақтайды екен; шешенді түптің түбінде жер бетінен жойылып кетуден
сақтайтын қатты ұстаған мұсылман діні; немісті - "бәрінен артықпыз,
ерекшеміз!" - деген тастай қатты рухы; жапонды дүниеге шашып жіберсең -
жинап алатын жүрек басыңдағы будда құдайы, құлшылығы; ал, біздерді, қазақтарды
дүниеге тентіретіп жіберсе - түптің түбінде басын біріктіріп, жойылып кетуден
сақтайтын ұлттық дәстүрі, мол дастарқаны ма деп ойлаймын.
Сол айтқандай, ушәске басындағы тойға бергісіз мәре-сәре
дастарқанға үймелеп жатқанбыз. Ұзыннан жайылған ақ сұрып дастарқанға біреу
бауырсағын, біреу ірімшігін, біреу  тандыр
нанын, құрт, майын төгіп, сары майдай сақтап әкелген қазы, шұжығын турап,
"ал, ағайындар, алыңдар!.. ішіңдер!.. жеңдер!.. дауыс беруге диланып алыңдар!.."
деп мәре-сәре болып жатқаңда, сағынысып қауышқан ағайындар таңғы дәм-тұзға
осылай қол созғаңда...  мәшине дүр еткені.
Иә, иек артпадан мәшине дүр ете түсті.
Қаратаудың таңы қандай әдемі, шығыс жақ жуған дәкеше ыдырап,
ерекше хош иіс аңқып, аппақ нұр мына белес-белден бері қарай лықылдай құйылып
шырайын ашқанда. Жұрт реңіне қан жүгіріп ерекше қауқылдасқаңда. Кәрі-жас жағалай
дөңгелене тізе бүгіп, бір атаның баласындай елжірей ұйысқанда. Ауылдың
қарапайым қазақы дәм-тұзына еміне қол созысқанда... Қыр астынан әуелі әдемі көк
мәшине қылт етті. Сырғып кеп тоқтай қалған әдемі көліктен әуелі ырғып-ырғып
сыптығыр жігіттер түсті. Я жерден өніп шыққаны, я аспаннан аяғы салбырап
түскені белгісіз, бірер қызыл жағалы аяғы-аяғына жұқпай олар-дағы жетіп үлгеріпті.
Әдемі көліктің терең түкпірінен сыптығырдай ұзын бойлы кісі көрінді, мәшинеде
екі бүктеліп қалыпты. Сыртқа шығып, белін жазды. Епті ауыздар:
- Қонаев кеп қалды! - деді. Бәріміз дастарқанға осылай қол
созған күйі аңырайып омалып қалыппыз.
- Тұрыңдар, озаттар, Қонаев көкелерің келді, - деді  әлдебір 
өктем дауыс.
Дүрк етіп түрегелейік. Әлгі өктем үннің "Қонаев"
дегені қарадай суық үрей шақырсадағы, "көкелерің" деген сөз аз-аздап
ішімізді жылытты. Әлгі әдемі мәшинеден түскен ұзын кісі кең адымдап келіп осылай
үймелеп отырған, тұрған бізге қаратып қоңыр үнмен: "Сәлеметсіздер ме,
бауырлар!" - деді. Ие, дәп солай. "Здрасти" деген жоқ,
"армысыздар" дегенін естімедім, ұмытпасам... шынымды айтсам...
құлағымда қалғаны... сол... "сәлеметсіздер ме, бауырлар" болыпты.
Жағалай төніп бір-бірлеп бәрімізге қол беріп амандасып шықты. Алақаны үлпадай
жұмсақ, үгітіліп тұрған жүгері шашағы ма деп қаласың.
Жылы алақанынан адам жанына енетін айтып болмас әсерлі
толқын жүгіріп өтті. Состиып тұрған біздерге, өңшең таяқ жұтқандай сіреспелерге
жан бергісі келді ме... кім біледі... әлгі ұзын келісті сирек кездесетін кісі
қазақшалап былай деді.
   - Таңғы
шайларыңызға ортақпын, жолдастар. Алыс жолдан әлгіде шаршап жеттім. Жоспар
бойынша сіздердің алдарыңызға, кездесуге апта бұрын келуім керек еді, жол бұзылып,
мәшине жүрмей, оның үстіне тығыз шаруалар қолымды байлап кешігіп қалдым,
сайлаушыларыммен кездесуге құмартып үлкен сезіммен, биіктеп жеткенім осы!..
Танысайық, аманаттарың болса - оны қысылмай, ұялмай айтыңыздар!
Баяғы осыдан біраз бұрын аудан, облыстан өкілдер саулап
жеткен жалпы жиналыста келденеңнен сауал қоямын деп қарадай жазықты болып,
аузым күйгені есіме түсіп... шалдан таяқ жей жаздағаным ойыма оралып... осылай
тұрған жерімде тырс етіп үндей алсамшы. Басқарма қайнаға "бірдеме десеңші!"
- деген кісіше бұрылып, маған қарайды. Үлкен кісінің қасындағы мығым денелі
бастық шырқ үйріліп тықыршып бағады. Шетте таяғына сүйеніп тұрған Жалғасбек
қайнаға өз-өзінен уілдеп: "алла-а-а-о-и-и-и" дейді. Мына сөзден
үймелеп тұрған өкіл, өкілсымақтар төмен қарап жердің жарығы болса - қазір-ақ
еніп кетуге бейіл. Бұл не деген құдайдың тірі жазасы деп түңіліп тұрғам. Үлкен
кісі өзі тілге келді.
 -  Ендеше өзім бірер ауыз сөйлейін, жолдастар.
Ұлы Отан соғысы бітті, жеңіс біздің қолда. Отан иығы көтерілді.Енді соғыстан
кейінгі бесжылдықты жақсы аяқтап келеміз. Жақсысы сол: мал басы күрт өсті,
өндіріс ошақтары қайта жанданып жана бастады. Соғыс кезінде бықсып өшіп тынған
көп зауыттар қайта істеп өнім бере бастады. Сталин жолдас, Шаяхметов жолдас
бесжылдық жоспарды ойдағыдай, тіпті артығымен орындайды деп үлкен сенім артып
отыр сіздерге. Енді сол үлкен сенімге күдік келтіріп алмауымыз керек қой,
жолдастар. Ортақ қазанға неғұрлым мол астық құйып, мал өнімдерін көп беретін болсақ
- қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк деген сөз, жолдастар.
Өзім ойлаймын: үлкен кісі саясаттың басында отыр, саясаттың
басында отырған кісілер әрдайым өстіп төбеден тас домалатқандай сөзін мығым,
кесек, жұмыртқадай ғып төгілдіреді. Баяғыда халықтар әкесі Сталин өстепкені
ашқан кезде дәп осылай нығыз, жұмыр, зілді етіп көсемсіген. Көсіле сөйлеген.
Айтқанына біреу түсініп, біреу түсінбеген.
Қонаевтың сөзі түсінікті шықты.
"Халықтар әкесі Сталин жолдас басқыншы жауды жеңдік,
әйтсе де ол мүлдем түп тамырымен жойылған жоқ, басбағып бұғынып отыр, - деді
астанадан суыт жеткен үлкен кісі, - жау жоқ деме - жар астыңда, бөрі жоқ деме -
бөрік астыңда деген қазақ, аңдысқан тап жаулары тамырын тереңге жіберген
арамшөп секілді".
"Ол арамшөпті жұлып түгесу керек қой", - деді
шетте тізе бүккен мәңбас Әуелбек қыстырылмайтын жерге қыстырылып.
Үлкен кісі сөзінен жаңылып бөгелістеп қалды. Мұны үлкен
кісінің соңынан ілесе жеткен аудан, одан берідегі ұжым басшылары мүлде бөтенше
қабылдады. Қабылдаған жоқ-ау, нақа араларына бөгде мақұлық еніп кетіп үркіткеңдей
қарадай үрпиісті. Арпылдасып дүрсе қоя берді момынға.
"Әй, жайыңа неге қарап отырмайсың?..", "Сенен
пәтуа сұраған жан болсайшы тегі!..", "Аузың қышып бара жатса имперализм
агенттерінде нең бар, қадірлі депутатымыз туралы пікір сабақта!".,
"Әй, сені қошқар бағуға бекіткен ем, құлақшының жарбиып мұнда неғып
жүрсің?" - деп колхоз төрағасы мәңбас Әуелбекке тікенекше қадалып, оқты көзбен
атты. Момын байғұс ел-сел боп терледі.
Мәңбас Әуелбек қарадай састы, сасқаны сол, басындағы құлақшынын
алып тері сорғалаған бетін, желкесін сүртеді кеп. Астанадан келген лауазымды
кісі жұдырығын аузына кептеп жөткерінді.
"Қойындар, жолдастар, - 
деді күлімсіреп, - сауал қойған кісінің жазығы жоқ, білмеген нәрсесін
білгісі келеді. Жолдастар, аңдысқан жауды қалай жеңеміз деген заңды сауал
туыңдап отыр. Ол жаулардың қорқатыны екпіңді еңбек, диқан егінін жауын-шашынға
ұрындырмай дер кезіңде жинап алса; қойшы күзгі күйекті уағында, сапалы салса; құрылысшы
мектеп, клуб құрылысын ертерек аяқтаса - империализм жауларына соққы деген сол.
Қаншалықты ұйымшыл, пәрменді, белсеңді бола білсек, коммунистік партияның
маңайына ұйыған сүттей үйірілсек - соншалық мықтымыз. Жау жағадан алуға
жүрексінеді. Айтпақшы, әлгіде естідім, осы ұжымның сегіз жылдық мектеп құрылысы
неге созылып кеткен", - деп колхоз төрағасына байыппен көз салған еді.
Басқарма төмен қарап:
     - Ағаш, шифер
түспей жатыр, - деді көмескілеп. Ошарылған жұрт бірауқым үнсіз қалды.
     - Түскен шифер,
тақтайға ат қора салып алған, - деді мына жақтан мәңбас Әуелбек.
   - Ей, жайыңа
отырсаң неғылады! Ат қора да, ат та өкіметтікі, керек десең мына мен де
өкіметтің адамымын. Үйіме тасып әкетті деп пе ең ағашты? Неге соңымнан қалмайсың
күстаналап! Осыдан жалғыз қошқар жоғалсыншы, ит жеккенге айдатайын!
   - Қойыңдар, - деді
үлкен кісі, - мыналардың өнбес дауын доғарып, әлгі мектепке қаңдай жабдық
жетіспейді - жазып бер, қол ұшын жалғап тапқызып берейін, - деді үлкен кісі бір
шекелей шуақтана күлімсіреп. Төраға дереу қойнынан дәптерін суырып әлденені
шұқынып жаза бастады. Сол төрағаның шұбатып тізіп берген тізімін титімдей шегесіне
дейін тапқызып беріпті, тіпті Қонаевтың пәрменімен бұл ауданға вагон-вагон
ағаш, таскөмір артығымен түсіпті... соның арқасында сегіз жылға созылған сегіз
жылдық үшкілдің құрылысы бітіпті... ел егісін уақтылы жинап, қой-ды күзекке
салып, берекесі кіріп, көп-көрім ауқаттанып қалғанын мына көзіммен көрдім дейді
Жәмила анамыз.
"Сол жолы астанадан ат арытып жеткен Қонаев қара шаруа
- қалың жұрттың "тәңір жарылқасын-ай!" - деген батасын алды, сол бата
биік кісіге майдай жұғып жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланды", - дейді
Жәмила анам сонау соңында қалған бұлым-бұлым бұлдыр белдерге күн сала қараған
кісіге ұқсап.
    - Апа, әлгіде
аузыңыздан "биік" деген сөз шығып кетті, әдетте кісіге қаратып я
үлкен, я ұзын, я иықты екен деп сипаттап жатады, сіздің әлгі сөзіңіз қай сөз? -
дейміз орта жолдан қыстырылып.
   - Жоқ, балаларым,
"биік" деген сөз Қонаевқа құп үйлеседі, - дейді Жәмила анамыз ақ
жібек кимешегін түзеп қойып, бір тал шашын шашау шығармай, - жай ғана үстел баққан
лауазым иесі, я бойы сорайған сырықтай кісі болса, я кәупиген денесі ірі келсе
- әлгідей ауыл арасының өсек-аяң шөра-шөре қиқым сөзіне ілік іздеп басшылардың
шаңын қағып, сілкіп алар ма еді! Я ызғырын төгіп қаһарланар ма еді! Кім біледі.
Бір ауыз майда сөз шықпады аузынан. Ауылдың топырыққа батқан мырың, мазасыз,
мардымсыз белсеңділерін тұқыртқанда не шығады деді ме, жарықтық, осылай
шуақтана жымиып күлді де қойды. Биік болмаса сөйте ме. Сол кезде ойлағам:
"әй, бұл кісі маңдайы жарқырап, жанары шоқтай жанып болайын деп тұр екен,
жердегі қарапайым тырпыл-тырпыл тіршілік иелеріне биіктен қарап, билік айтса
болғаныдағы" деп ойлағам.
"Айтқаным келді, ол кісі елді қырық жылға жуық басқарды,
екі тізгін, бір шылбырды қолынан түсірген жоқ, тәйірі!".
"Ол кісіге "биік" деген сөз құп
үйлеседі."
Осы сөзді айтқан Жәмила анамыз көрер көзге кәдімгідей зорайып,
биіктеп, төбе басына шыққаңдай көрініп еді. Төбе басына шыққан кісі төмеңдегіні
неғылсын! Әй, соларды қойшы!.. Бірін-бірі кекетіп, мұқатып, көзге шұқып,
тілдеп, міндеп, кінәсін іздеп жүре тұрсын... дүние дүние болып жаралғалы
пенделер пендешіліктен құтыла алмай келеді, ал, ел билеген биік кісілер жұрт
алдына жарқ етіп шығады да, темірқазық жұлдызы секілді ұзақ маздап жанады. Жол нұсқайды.
Жақсыға салысып жақсы болуға жетелейді".
Еңді есептеп қарасам, Жоғарғы Кеңеске депутаты болып сайланар
кезде сол Қонаев атамыз 36 жаста екен, осы күні отыз алты жастағылар көжесін
жылап әзер ішеді, алдағы жүрер жолын соқыр тауықтай әрең болжап көреді, ұлтының
ұзақ сапарға шыққан керуен тізгінін ұстамақ түгілі - қарақан қамын ойлап өзі
бір жаққа, елі бір жаққа - маңып кетеді. Сол кездегі кейуана көзімен шет
аймақты аралаган биік кісіні тағы бір мәрте көргісі келіп іштей сағына ма,
қайдам!
Ой, дүние жалған десеңші!"
                                                           Хрущев
 
Алпауыт елдің басшылары туралы азды-көпті көргенімді айтсам
- мені бір сойқан еңсесі биік лауазым иесі, я болмаса заманның маңдайалды
дегдар кісісі деп ойлауы мүмкін. Мүлде олай емес. Қарапайым ғана қазақ
әйелімін. Ең болмаса жиын-тойда қамзолыма жарқыратып тағып жүретін орденім жоқ,
соғыс жылдары сауыншы болған ақ тер, көк тер бейнетіме - "Тылдағы ерен
еңбегі үшін" деген медаль ғана өзіме бұйырғаны. Олдағы кейінгі кезде
қалтамның бұрышыңда жүріп таттанып тозыпты.
Баяғыда ел билеген бір патша уәзірлеріне "ел-елді
аралап жаман адам тауып келіңдер" дегенде - әлгі алыпкел, шауыпкелдері қой
бағып жүрген иіні жыртық мүсәпір қойшыны "әй, жаман адам осы
болар-ау", - деп хан сарайға дедектетіп сүйреп әкелген екен. "Аяз
би" ертегісінде баяндалатын сол "жаман адамнан" басқа, мінекей,
тоқсаннан асып, жүзді алқымдадым, "мен жаманмын" деген кісіні
таппадым. Әркімнің кеудесі Алатаудай. Қайыр тілеген қаңғыбас та, базар кезген
саудагер де, тіпті көше жиегіндегі қайыршы да көкірегін кісіге бастырғысы
келмейді, өзімшілдігі өз басына үйіп-төгердей жетерлік, намысына тисең -
"мен кімнен кеммін, тек жолым болмай жүрген пақырмын!.." - деп көзі аларып
шыға келеді. Қысқасы, дүние дүние болып жаралғалы өзімшілдік те кісімен қосыла
жаратылған ба деп ой-лаймын. Өзімшілдік - кісінің көлеңкесі.
Қайталап айтайын, алпауыт елдің басшыларын көруге, сондай
бір себептен-себеп туып иінін келтіруге ең әуелі жаратқан ие жар болып жолымды
ашты деп ойлаймын. Әрнәрсенің себебі болады. Жаратқан ие айтыпты ғой: пенделер
бір-бірінен көреді, бәрін өзім жасаймын деп. Сол айтқандай-ақ, әлгідей
патшаларды көруге біріншіден алла тағала себепші болды деп ойлаймын. Екіншіден:
кішкентайынан талабы таудай, әлгі айтқан өзімшілдігі бір басына жетерлік жазушы
баламның арқасы.
Жазушы балам болмаса - ара қашықтығы тура мың шақырымдай
көне Қаратау ішінен әуелі түйе арбаға, сосын отарбаға отырып ит өлген жердегі
Алатау баурайында жатқан Алматыны көрер ме едім, көрмес пе едім. Сол балам оқу бітіретін жылы "үйленемін,
кел де кел!"- деп елге хат жазыпты. Шалдың қатты мінезі белгілі.
"Балам әуелі алдымнан өтіп, пұрсат сұрап, ауылдың үлкенінің алдын кесіп өтпейтін
майлық-сулығы бірдей ауыл қызына үйленбеді, недәрә айтқанымды істемеді"
деп қитықты да қалды. Басы қисайған жағына құламай тынбайтын айтуы жоқ қасарыспаның
өзі. "Енді неғыламыз", - деймін ертеңгілік шай үстінде. "Барсаң
- өзің барып қайт, қасыңа қайныларыңның бірін ілестіріп, қаладағы шөп желкеге
үйленеді екен деп шүлен таратпаймын, тырп етіп қозғалмаймын", - деп шал
шалқаяды.
Амал жоқ, басқарма Серсен қайным екеуіміз тізбектеліп жолға
шықтық. "Мал төлдейтін мезгілде мына қызталақтың шаруа тауып бергенін
қарай гөр!" - деп Сәрсен қайнағам әзер қозғалады. Алматыдағы әрнәрсеге
ұрынып "жазушы болам" деп жүрген ұлды сыртынан сыбап ұрысады. Мал төлдейтін
уақытта жолға шығамыз деп кім ойлаған, тоқыма қоржынның екі басына құрт пен
майымды сықап салып поезда селкілдеп келеміз. Сәрсен қайнаға тор көз себетпен сыраны
үйіп алып жол бойына сіміреді, қалғып-мүлгиді, ұйқыдан ояна салып басын
шайқайды: "Қызталақтың ит әуреге салғанын қарашы!" - деп танауының
астынан күңкілдеп, кейіп, сырасына қайыра жармасады. Бір тәуліктен аса
селкілдеп қар жамылған аппақ таудың бауырына сұғына ендік.
Жазушы балам мен болашақ келінім гүл ұстап қарсы алды. "Әй,
мыналарың не!.. Гүл көтеріп жүретін әртіс деп пе едіңдер мені!.. Бұған шыққан
ақшаға сыра алсандар ғой шөлімді басар едім, түйенің қуырдағын жегелі шөл
кетпей қойды", - деп Сәрсен қайнаға қарадай шатқаяқтайды. Қойшы, әйтеуір,
Сәрсен қайнаға бар, қыз жағынан үйіліп жеткен құдалар бар, сабылып жүріп тойды
өткіздік. Балам мен келінім орыс кемпірінің үйіне пәтерге шықты. Қарап отырмай
сөзімді созып алдым. Бұл тұсты қысқартып тастаса да әңгіменің мағанасы
кемімейді.
Сонымен, аз айт, көп айт, той өтісімен себет толы сырасын
көтеріп Сәрсен қайнаға елге қайтты. Балалар: "Сіз жата түсіңіз, келінге
жол көрсетіңіз" ,- деп мені алып қалды. Ертемен келін оқуына тыпырлайды,
балам қызметіне тыпырлайды. Төрт қабырға бағып жалғыз қалам. Аулаға шығам.
Тауығын жемдеп, есігінің алдыңдағы гүлін шептеп жүрген орыс кемпіріне
жақындаймын, елдегі Пабыл орыс қазақша шүлдірлеуші еді, мына кемпір орысша
шүлдірлеп есімді шығарады, тегі түсінбеген кезде қасы-көзімен ымдап, мегзеп,
қолын сермеп әлдене айтып әлек.
   -  Бабай есть?- деп қолымен иегін сауып, беліне
дейін төмеңдетіп шорт кеседі.
   -  Бабай бар, - деймін, - әйтсе де беліне түскен
сақалы жоқ.
   -  Курица есть? - деп тауықты мегзейді.
   - Лошадь есть,
корова есть, - деймін кәдімгідей орысшаға теселіп қалған кісіше.
    - Баранчук бала
хороший, сноха - стиляга, - дейді әлгі кемпір бөксесін бұлтындатып олай-бұлай
жүріп.
    - Сноха хорошая,
баранчук хороший, - деймін іштей толқып, мына түріммен енді ай жатсам орысты
жаңылдырар тіл үйренер қауқарым бар-ай!
Орыс кемпірімен күніге салғыласып Алматыда жатқан ай ішінде
кәдімгідей шүлдірлейтін тіл үйрендім. Тәуба деп қоямын. Бала болмағаңда
астананы, иығыңдағы ақ қар, көк мұзды көрер ме ем, көрмес пе ем. Көше
жиегіңдегі арықта тас бұлақтай су ырғып ағады. Көшедегі мәшине қиқымдай,
жазатайым қағып кете ме деп қорқасың. Бір күні балам жұмысынан ерте оралды.
Сүмек боп терлепті. Жаз шығып қалған уақыт. Көйлегі денесіне жабысып қалыпты.
Ертеңгісін жұмысқа шығарында ауылға қайтатын поезға билет алып келем деп
дәмелендіріп кеткен. Қараймын: билет туралы ұмытып үлгерген секілді, ауылға қайтуым
жайлы ләм деп жақ ашпайды. Ашу қысып, ұмытшақ ұлды осыла-а-ай бір жерлеп, жекіп
алуға оқталамын. Ол неме алдымды орайды.
     - Апа, ертең
Алматыға Хрущев келеді, сол кісіні көріңіз, елге жыр ғып айтып барасыз, - дейді
алып-ұшып.
     - Әй, мазағың ба
сенің, Хрущев қайда, біз қайдамыз! Біз әншейін қарға үркітер тұлыпқа
айналғамыз.
     - Ой, апа-ай,
қайдағыны айтады екенсіз, - дейді балам аспай-таспай, - жаңа естідім, ертең түс
әлетінде қалаға Хрущев келеді-міс, жұрттың бәрін көше бойына шығарып көсем кісіні
қарсы алуға тізілдіріп қадап қояды. Сіз де жүріңіз, мүндай жақсыны көретін
заман зәуіде бір ұшырасады.
     - Омай деген,
елге қайтар билет әпер, шалым түсіме еңді, қабағын қарс жауып қамшысын білемдеп
ұстап алыпты, ренжісе өстетін, қайтар тезірек, ел аралап қыдырмалап жүретін
Хрущев емеспін.
Балам сасады, өзім бастырмалата түсемін. Сол екі арада қақпа
қағылады, ашылған есіктен білегіне қызыл шүберек байлаған өкіл еніп келе
жатады... "Кейуана, - дейді - балтай-шалтайды қойып ертемен тұрып ұзын
көшенің бойына шығасыз... мерзімді уақытта атқан жебеше зырқыраған эскордты
көресіз... Эскорд ішіңде өңшең үлкен лауазым иелері қоршаған көсем кісі
отырады, оң-солындағы халықпен қосылып қол бұлғап тұрасыз... балтай-шалтайға
ауыз ауыртпай-ақ қойыңыз, шеше!.."
"Кеңестер одағын ашса алақаныңда, жұмса жұдырығыңда ұстаған
Хрущевті көрсем - көрейін, елге барған соң жыр ғып айтып беремін ғой. Әйтпесе
Қосүйеңкі сайынан аттап шықпаған Ажар абысыныма немді айтып барамын?..
Ертеңгісінен қыт-қыттаған тауық елде де жетеді, аула сыпырған, көшенің қоқсығын
терген тазалық иелерінен өзге түкті көрмеймін. Күзеткенім төрт қабырға. Құрысын-ай,
бүйтіп келін жұмсап қол ұзартқаны бар болсын!.. "қазіргінің келініне келін
болсаң ғана жағасың" деген сөзді Сәрсен қайнағам таптап айтып той өтісімен
жоғалған еді, бәлкім, іші бірдемені сезді білем".
Бірді айтып бірге кетемін.
Алматыдағы балам үлкен оқуды бітірген 1964 жылғы маусым
айының басы. Ертеңгісін ерте тұрып өңіріне алтын жіппен өңіржиек, оқа, өрнек
салған жеңсізімді, аяғыма әміркен мәсімді киіп, басыма шаршылап ақ жағалауымды
салып, ағылған жұртқа ілесіп орталыққа шығатын ұзына көшенің бойына жетейін.
Көше жиегіне ақ кенеп арқан тартып қойыпты. Қаптаған қызыл жағалы.
"Арқаннан еш ас-пандар!.. қанекей, қаз-қатар тұрындар!.. Айдалаға маңып бастарың
ауған жағына кетіп қалмаңдар!.. Барыңдар... тұрыңдар... дар... дар!.."
деген қатқыл үннен құлақ тұнады. "0б-боу, жаратқан ие жар бола гөр", -
деп ішке өтуге қам жасап иығымды көтеріп бірер аттап кідіремін. Қызыл жағалы: "Бұдан
артық жүруге болмайды" - деп алдымда кескестейді.
Үлкен қалада қызыл жағалының соншама көп болатынын сол жолы
көрдім. Бастары қалай құрала қалғанын бір құдайым білсін. Аяқ бассаң - қызыл
жағалыға маңдайыңды соғасың.
"Кейін шегініндер!.. Ентелемеңдер!..
Күлімсіреңдер!.." деумен күн түске тырмысты. Шай ішпесем басымның сақинасы
ұстайтын, шекем солқылдап алып барады. Мана әлгіде адам секілді жетелеп келіп:
"Осында тұрыңыз!.. Бір айналып соғамын!.." деген келін зым-зия.
Шақырайған күн желкені тесіп барады. Шаштары аппақ бірер шөп желкеден:
"Әй, шайларың бар ма?!" - деп сұраймын. Әлгі шөп желкелер қос
қолдарын қанатша жайып, бастарын шайқап: "Бабышка, не понимает", -
деп орысша былдырлайды. Елден келгелі пәтер иесі орыс кемпірінен нан сұрап
жейтін орысша үйрендім ғой деп мәзденіп жүргем, ол үйренгенім мына тікесінен
тік тұрған шыбыш сирақтардың кәдесіне аспай қалды. Неғыларымды білмей састым.
Қиналып тұрған түрімді көріп аяды білем, жастау бір қызыл жағалы орындық әкеліп
қойды. "Апа, мыңда тізе бүгіңіз, ауырып тұрсыз ба?"- деп бәйек болып
жатыр.
Орындыққа отырып жатып ренішімді білдірем.
    - Әй, әлгілерінді
жер жұтты ма? - деймін.
    - Ойбай, апа, бұл
жерде қисық сөйлеуге болмайды.
    - Енді келмей ме
келетін болса осынша жұртты шаруасынан қалдырмай!
    - Ойбай, апа, тырс
етіп үндемеңіз.
    - Еңді күн астында
шыжғырылып өлеміз бе! Қалай ғана қарасы батты әлгінің!
     - Ойбай, апа,
"қарасы батты" дей көрмеңіз, қазір-ақ келеді заулатып, үлкен
кісілердің жүрісі бір демде, көзді ашып-жұмғанша!.. Қисық, қыңыр сөйлесеңіз
үндеместер ұстап әкетеді. Өзіңіз ғана емес, балаңыз, отбасыңыз арылмас бәлеге қалады.
Тырс етпеңіз! Гәбіңіз ішіңізде болсын!
"Ал, еңдеше сыбағаң осы, жарықтығым! Күн астына иіріп көнтулақша
кептіргенімен тұрмай, қит етсең - ұстап әкетеді дейді-ай, әдірәм қалғыр, ол келмей
қитықса, мен кетіп қап қитығайын" деп ойлап орнымнан көтеріле бергем.
Қызыл жағалылар кесе-көлденеңдеп шеңберден шығарар болмады, әлде тәртіп солай,
әлде әлгіде аузымнан қапияда шығып кеткен сөзім үшін кінәліге санап, еш
тыншытпай жауаптайтын секілді. Ауылдағы Пақыриддин мағзүм "адамның басы -
алланың добы" деп әрдайым әлдекімді сыртынан сыбап, сөгіп, зығырданы қайнап
отырушы еді, жарықтықтың; ал, мен айтар едім: мына лауазымды көсемдерге адамдарды
ойыншық қылып, үйілтіп, күнге қақтап тізіп қою түкке тұрғысыз нәрсе.
Осы мезет маңдайы тершіп, танауы желпілдеп келінім келе
қалғаны. Көзіме оттай басылғаны!
"Шөлдеп қалдыңыз ба, апа", - деп құтыға құйып шай әкеліпті,
кесесі, бауырсағы өз алдына, қолы қолына жұқпай алдыма орамал жайып, әлгілерін
төгіп, кесемен қызылкүрең шайын ұсынады бипаздап. "Жұмыс жаққа жүгіріп барып
келе қояйын" деп келінім кетіп қалды.
Шыныаяқ шайдан жіпсіп шыға келдім. Терім кеңейіп төңірекке
қараймын. Бесін уағы боп қалған секілді. Әлгіде шыбыш сирақ шөп желкелерге
сөйлеймін деп дәретім бұзылғанын білемін. "Еңді қайттім қарағым-ау,
бөстегімді көтеріп, үйге барып бесін намазын қаза қылмай алла тағала алдыңдағы
парызымды орыңдасам неғылады-ай". Осыны ойлап, белімді басып түрегеліп,
жаулығымды түзеп, жылыстап жөнеліп кетуге бел буамын. Қызыл жағалылар өре
түрегелгені - тақалары тарсылдап, жез түймелері жарқылдап, олай-бұлай жүгіріп
теңселіп кеткені. Алла-о-о-ои-й!
Жаймашуақ мамыражай мезгілде дауыл тұрғандай, ағып жатқан
дария астынан ойылып иірім пайда болғандай астан-кестені шыққан бұл не дүние
деп іштей таңқаламын баяғы. Сол екі арада "келе жатыр... келе жатыр"
деген сыпсың сөз шығады. Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды. Тіземді басып,
сықырлай тұрып, жұрт қараған жаққа көз тігемін. Ұзын көшенің құйымшағы ой жақта
болатын, біздер тау жақта, бірсыдырғы дөңестеу жерде тұрғанбыз. Құдай басқа салмасын,
милисаның қызыл көз мәшинесі қүлапәре ұшып келеді. Әлгілер дауыс күшейткіш
арқылы айқайлап әлденені үйіп-төгеді. Не дегенін еш түсінбеймін. Арқан
кергіштен ұстап көз тігеміз кеп, төменгі жаққа.
Дауыл тұрар алдыңдағы ішін тартқан тыншу шақ секілді, маңайдағы
кісілер көше бойы құлаққа ұрған танадай тым-тырыс бола қалды.
Кісі кәдімгідей қобалжиды екен. Сілті тұнбасы тап осылайша
түбінен тұнушы еді. Қараймын: төбесінде айқыш-ұйқыш қондырғысы бар үсті ашық
мәшине қүлапәре құйындай ұшып келеді. Қасымдағы кісі: "Киноға түсіретіні
ол", - деп түсіндіріп жатыр. Сол екі арада жұрт шу ете түсті. Шатырлатып
қол соғып жатқандары қаншама. Үсті ашық үлкен қара мәшине заулап төнеді.
Ішінде, дәлірек айтсақ - артқы отырғышта қызыл-шырайлы жалпақ бет кісі
күлімсіреп отырған, тұсымыздан өте бере оң қолын көтеріп көстеңдетті кеп.
Серігі сірескен қалпы. "Сәлемдесіп жатыр, ура-а-а!.."-деңдер деп, үні
қалтырап әлдекім қапталдан дауыстайды. Қолындағы гүл шоғын әлгі үсті ашық
мәшинеге лақтырып, "уралап" дауыстап жатқандар қаншама кісі.
Сол екі арада мәшинедегі жалпақ бет, басын ұстарамен қырғызған
үлкен кісі тұсымыздан зу етіп өте шықты.
Ертеңгісіннен, ертеңгісіні несі, кешелі бері аяққа, ауызға дамыл
болмай, сенделіп келіп, төрт көзіміз түгел жолын күтіп тұрғанда қасақана көзге
ілмегенсіп, тұсыңнан зу етіп өте шыққаны-ақ қиын екен. Гүлдесте лақтырған,
сәлем мезіретін жасаған жұрт көзі боталап қала берді. Бәзбіреуі жын соққандай
алақтап: "Қайсы, қайсы?" - деді. Көңілі құрғыр біртүрлі қоңылтақсып,
жан әлеміңнен құйып өткендей үңірейіп қалады екенсің. Жұрт дәкеше ыдырап сөгіле
бастады.
Қақсап ауырған аяғымды санап басып үйге қарай бұрылдым. Сол
екі арада келінім жетіпті ентігіп. Жүзі өрт сөндіргендей албыраңқы.
    - Апа, өтіп кетті
ме? - деді.
    - Өтіп кетті.
    - Трамвайдың
жүретін жолын үлкен кісіні күтеміз, арыз-шағымымызды айтамыз деп жұрт бөгеп
тастапты. Кісі өтіп болмайды. Айналып жетемін дегенше уақытты оздырып алдым.
Әттеген-ай, ертең үлкен кісіні көрдіңіз бе деп сұраған кісіге немді айтамын?
Ай, жолым еш оңғарылмайды.
     - Өкінетін ештеме
жоқ. Ертеңгісінен аяғымыздан тік тұрып шаршағанда зу етіп өте шыққан мәшинеде
шәниіп шіреніп отырған қызыл шырайлы қазан бастан өзгені шырамыта алмадық. Қол
бұлғап үлгермедім! Сол шығар әлгі...
       - Қант пен шай
қымбаттайтын болыпты, әлгіде естідім, апа!
       - Ай, ессіз
қалғыр, өзі келмей тұрғанда удай қымбат еді, өзі келгесін бағасын өкірткені
несі-ай, шырқыраған шыбын жан шығып-ақ кетсін дегені ме?!
Көше жиегіне шығып, ағаш-ағаштың арасымен үйге қарай аяңдап
келеміз. Қапталымда келінім, реңі пәс. Әр кез күңкілдеп қояды. "Ай,
алдымызды арыз, шағым ұстаған жұрт бөгеп аялдамада қарадай тұсалып қалдық.
Әттеген-ай!.." - дейді өкініп. "Иесіз қалғыр, қант пен шайды қымбаттатпай
кідіре тұрса неғылады?.. Ауылда ақша орып, тиын пайлап жүр дей ме екен, айлық
беретін есепшіні айында, жылыңда әзер көреміз... Ауыл адамына таңдыр нанға қарын
кептеп, шаймен итергеннен өзге қауқар қайдан болсын!.." Ашу иектесе өстіп
сөйлеп кететін әдетім. Келінімнің өз мұңы өзіне жетеді. "Бастығым өл,
тіріл - Хрущевті көріп қайт деп жұмысымнан ерте босатып еді, кортеж өтетін бас
көшеге аяқ іліктіремін дегенше өтіп кетіпті... Неғыларымды білмеймін", -
деп сасқан сыңай танытады. Қарап тұрып қайран қаламын. "Ау, келінжан,
"көрдім... қол бұлғадым..." дей салсаң болмас па? Ызғытып бара жатқан
тақыр бас көсем "көрген жоқ оллаһи-біллаһи" деп куәлік берер
деймісің?"- деп кейіп қоям. Әркімнің өз мұңы өзіне жетеді. Менің мұңым - қант
пен шайдың қымбаттағаны, алдында ғана кездеме, қысқы, жазғы киімді
қымбаттатқан, оның алдыңда тұзды!.. Ау, мына тақыр бас, мес қарын патша
алжығаннан сау ма?.. кешегі халықтар әкесі Сталин соғыстан кейін жыл сайын
жұрттың күнделікті тұтынар тауарын сатылап арзандатып, елдің кәдімгідей
арқа-басын кеңейтіп, тынысын ашқаны есімізде. Американы аз жылда қуып жетіп,
басып озамыз деп жұдырығымен ауаны түйгіштеп, қоймай өңештеп еді. Енді
келіп-келіп қарапайым қауымның арқасына зіл қара-тас - тұрмыс тауқыметін арта
бергеннен бірдеме шыға ма? Әлде халықтың тесік өкпесі сырылдап орта жолда
омақасып құлаймыз ба?"
Қарап отырып күйесің, күйген соң ғой - сөйлейсің өстіп. Келінімнің
гөй-гөйі көсем кісінің дидарын еш көре алмадым-ау деп өкінеді. Өйдәйт деген!
Өмір деген осы: біреу табан жолын таппай қырға қарап меңірейді, келесі кісі
қашан еңіске түсемін деп ылдиға өңмеңдейді. Қырғи қабақ, қайшыласқан тіршілік
соқпағы осы ендеше.
Келінім екеуіміз тіркесіп-ұшқасып үйге жетеміз. Қара саным
ұйып еш көтертпейді. Келе жертөсекке құладым. Келінім жүгіріп жүріп шәйнекті
шоққа қойып, дастарқан жайып, сүт қатқан қызыл күрең шайды ұсынады. Қолыма алғаным
болмаса, өңешімнен бір жұтым жылы су өтпей қор қылады. Сол екі арада жұмыстан
ұлым келді, қазитте істеп жүрген кезі. Ерте кетіп, ымырт үйіріле оралады.
Қолынан, қолтығынан қазит түспейді. Аяқ киімін шешіп, қолын шайып, дастарқан
жиегіне тізе бүккен.
   - Апа, көрдіңіз бе?
- дейді қитығыма тиіп.
Көнім кеуіп, терім тарылып, жарылуға шақ отырғам.
   - Хрущевті көрдіңіз
бе, апа?
   - Ойбай, көрдім...
көрдім... енді өл деймісің?!
    - Қалай
көргеніңізді айтыңызшы,- деп қарап отырып жынымды қоздырады ғой.
    - Зу етіп өте
шықты тұсымыздан. Қызыл шырайлы, қымыз құйған мес секілді, шикіл сары кісіні
көзім шалды. Ауылдағы мәңбас қайнағадан еш аумайды. Шіреніп, шалқайысы тегі
бөтен.
    - Ойбай, апа,
менен басқа кісі естімесін мына ойқы-шойқы сөзіңізді. Деміңіз ішіңізде болсын,
бүлк етпеңіз, мына шайдан қылқ еткізіңіз.
    - Енді өлсек те
шынымызды айтып өлейік те!
Балам шайнап отырған нанына түйілді ме, қылғынып қалғаны әлі
көз алдымда. Жанары бағжиып кетіпті. Кәдімгідей есейіп қалғанын осы жолы
сездім. Ішім жылып қоя берді.
       - Апа, сіз ауыл
арасының, қант пен шайдың шындығын айтып отырсыз. Қала халқының шындығы өзгеше.
Осынша халықты қыбырлатып, қолын бос қоймай жұмыс тауып беріп отыр бұл үкімет.
Мұның үстіне аңдысқан жау алмай қоймайды дегендей, ана батыстағы Америка, мына
бүйірдегі Қьггай "қайтсек шалып жығамыз, қайтсек алып жығамыз" деп
қару-жарағын кезеп олар отыр. Қит етсек, қапы қалсақ алқымнан  алып қылғытып жұтпақшы. Жаңа қоғам құрып
тырбанып тіршілік істегеніміз оларға еш жақпайды. "Енді неғыламыз" деп
бас қатырады біздің басшылар. Олар қару жасаса - біз де жасаймыз; олар жер
серігін аспанға ұшырса - біз де ұшырамыз, сұрапыл мол қаржы дүлей соғыс жарағын
әзірлеуге жұтылады. Дүние байлықтың бір пұшпағынан тартсаң, келесі пұшпағы
жыртылады. Мұның үстіне шетел жаулары арандатып, алауыздық өртін, тұтатып билік
басындағылар мен халықты бір-біріне қайшыластырып, бітіспес жау еткісі келеді. Шынына
үңілсек: билік басындағылар халықтың қасы емес, досы, күні-түні ойлағаны осы
жүрген өзіміздің қамымыз деп, - 
байырқалатып біраз сөздер айтып тастады. "Тәуба!...Тәуба!..." деймін іштей, - әкесіне ұқсап жай сөйлесе де
жөнін тауып, ақылдың аулына ат басын бұрып сөз сабақтайтын мінез ашыпты. Бұл да
болса қазит ашып, кітапқа қарағанның арқасы. Айында-жылыңда бір қазит ашпайтын
мәңбас Әуелбектің баласы жүр ғой, әне, екі иығын жұлып жеп, бас десең -құлағын
көрсетіп, ауыл көшесін екі аяқты дөңгелекпен шаңдатьш, шапқылап. Алматыға әкеліп,
пәтерші орыстың аядай екі бөлмесіне қамап ішпысты етіп, арқандап байлағандай болып
жүр деп кейігенім - астамшылық шығар. Үлкен қаланы аралап, көшесінде алшаң
басып жүргенім түптеп келгенде осы жаман баланың арқасы. Жүр ғой әне Сәрсен
қайнағамның әйелі үй шарасына белшеден батып, қала түгілі көрші үйіне бас
сұғуға мұршасы болмай етегіне сүрініп..."
   - Апа, ауылды
сағынып жүргеніңізді сеземін, сезген соң бірсүгіні поезға салып қайтарайын деп
билет алдым, мінекей,- деп сиыр тіліндей сары қағазды қолыма ұстатады. Жүрегім
атқақтап қуанып кетем. Қуанғаным сол: балам қалаға келгелі көп жетіліп қалыпты.
Сөзі қараны ғана емес, ханды тоқтататындай. Тәуба!.. Тәуба!..
Ертесіне елге жүремін ғой деп, буынып-түйініп, буыншақ
түйіншектерімді ұмытып кетпеуді ойлап, жинастырып, қолдан тоқыған қоржынға
салып, әлектеніп жатсам түс әлетінде жүгіріп ұлым жетіпті ентігіп.
Табалдырықтан аттай бере: "Апа, жүре қалыңыз, - дейді, - стадионға көп халық
жиналып жатыр, бас редакторға кіріп, жалынып жүріл сізге де кіруге рұхсат алдым!.."
Қапелімде ештеме түсінбеймін. "Жаулығымды шаршылап, кең етек қазақы көйлектің
етегіне сүрінбей-ақ үйде отырайын, топтаяқ ойнайтын жер неме керек, жұрт
аяғының астында қалармын-ай",- деп шегіншектеп, "еш жерге барғым жоқ",-
деп сылтау айтып көремін баяғы. Балам көнетін емес. "Хрущев келеді, тамам
жұрттың алдына шығып сөйлейді",- дейді. "Орысшасын түсінбеймін,
тұлыпқа иіген сиырдай сыртынан қарағанға мәз боп неғыламыз",- деймін
шатқаяқтап. Балам дегбірді таусып көнетін емес, жүр де жүрдің астына алып,
қызметтегі құрметін дестелеп айтып, жұмыстағы келінге мән-жайды айтып телефон
шалып, шала бүлініп сыртқа шығайық.
Такси шақырып келтіріп зырлатайық. Ығысқан көп халықтың
тобына еніп, иірімге жұтылған жаңқауықша бір батып, бір шығып, тұншыға жаздап
ортасы шүңейт, дүниенің адамы сиятын шүңейт мекен-жайдың ішіне енейік, шұқынып
жүріп ағаш отырғышқа шөмигеніміз сол еді. Әлгі шүңейт көгалдың ортасына биік
сәкі орнатып, үстіне кенеп жауып көлеңкеледі.
Күн сол мезгілде сексеуіл шоғын маздатқан ошақтай жанып
кетті.
         Шекемізді,
желкемізді шыжғырып есеңгіретті.
Түске жуық ақ қалпақты, ақ кәстөмді, ақ шалбарлы төпелтек
кісі жер астынан шыға келді. "Астапыралла!"- деппін. Маңайында
алыпкелі, шауыпкелі, барыпкелі, шабарманы, аларманы, атарманы өріп кетті...
аяғына кигенін шола алмадым. Қарап отырып, о тобалап жағамды ұстадым. Алып
сарайда тізе бүгіп отырған мың сан адам ере түрегелді. Тіземді басып тұра
алмадым. Енді түрегелем ғой деп баламның қолына жармасып ем, жұрт жел тиген
қоғадай жапырылып отырып жатты. Төбемізден шақырайып күні құрғыр тесіп барады.
Бой-бой болып сүмектеп терлегенімді айт. Оң бүйірімдегі балам шұбыр терге
түсіпті, күн жеп кіртиген көзі ашыған айраңдай.
Хрущев ағзам түйір-түйір дауыспен сөйлеп жөнелді. "Түйір-түйір"
дейтінім - үні бірде саңқылдап ашылып, бірде көмескілене құмығып әзер-мәзер
естіледі. "Тауариш" деген сөзін түсініп қаламын. Әлгі ағзам көзіме,
соғыс кезіңде ішіп алса қолын сермелеп сөйлеп кететін кәнтөж Ділдабайға ұқсап кеткені.
Ол байғұс соғыста үш жыл жүріп, неміспен атысамын деп, елге оралғанда қазақшаны
мүлдем ұмытып үлгеріпті. Өзі солай айтатын. "Қазақшаны ұмытып қалдым,
менімен орысша сөйлесіңдер",- деп бір орысы жоқ түкпірдегі ауылдың жаман
кеңсесінде шырт түкіріп отырушы еді. Жарықтық-ай десеңші! Сенің әкеңнің мінезі
қатты болатын, кеңсеге бір шаруамен кірсе - әлгі Ділдабай қарсы ұшырасып:
"Тауариш... тауариш... қазақша не знайт!"- деп шүлдірлейтін көрінеді.
Әкең жоғалған сәуріктің хабарын сұрайды, әлгі біргәдір "тауариштен"
өзге сөз айтпайды; сенің әкең қитығып тұрып-тұрып ылдиға қашан көшеміз дейді; әлгі
кәнтөж Ділдабай: "тауариш-тауариш" деп басын шайқайды. Әкең сол екі
арада саптама қонышынан дырау қамшысын суырып алып, әлгі біргәдір қайнағаны
өріпті кеп... өріпті кеп... Арқасына қамшы батқан Ділдабай біргәдірдің қазақша тілі шығып жүре
беріпті. "Ойбай, Досеке, ендігәрі орысша сөйлемеймін!.. Жоғалған сәурік те
табылар, ылдиға кешікпей көшерміз!.." деп жорғалап жөнеледі. Жұртқа қазақшаны
қамшымен есіне түсірген ғой сенің әкең. Бірді айтып бірге кетемін. Аттың басын
еш ірікпеймін.
Сонымен баяғы Ділдабай айтқан "тауариш" сөзін
құлағым шалғанда айпара сарайдың терең түбіңдегі көгал үстіне құрылған сәкіде
самбырлап сөйлеп тұрған көсем кісінің дауыс ырғағы, жұдырығымен ауаны
түйгіштегені кәнтөж қайнағаны елестеткені. Бұл кісінің үстіңде аппақ шағаладай
кәстөм-шалбар. Баяғы Ділдабайдың иығынан мақтасы шыққан күпәйке, басынан
күнқағары сынған кепкасы түспейтін. Оның алды-артын қоршаған алыпкелі,
күзетшісі, шауыпкелі түгілі көжесін әзер тауып ішетін. Бірде шөлдеп келген
байғұсқа ағаш зеренмен қымыз ұсынып отырғам, екі зеренді бірінен соң бірін басына
бір-ақ төңкерді; үшінші ыдысты ұсынған кезде:
"Жеңгей-ау, тіске басар бір түйір нан берсеңші!.. Тісім
сақырлап кетті ғой", -  дегені әлі
күнге құлағымда.
Қырғын көпшілік алдына шығып "тауариш-тауариш" деп
сөйлеп тұрған көсем кісі әрі-беріден әлдекімге жекіп ұрысып ала жөнелгені. Сол
кездегі үлкеңді-кішілі пәпкі ұстағанның қанын ішіне тартып сұрланып қорыққанын
айт. Нақа жанын алуға жаратқан ие мүңкір-нәңкір періштесін аспаннан ақ киіңдіріп
осы шүңейтке түсіре салғаңдай ғой. Кесем кісі қүдды көктен аяғы салбырап түскен
мүңкір-нәңкір. Ішіп алған кісіге ұқсап әлдекімді әлдеқалай төңдіріп боқтап ала
жөнелгені. (Лас сөзбен әлдекімді сыбағанын жанымда отырған балам айтты). Парт
болып қызарып, күзді күні ағаш басына қонған аш қарғаша қарқылдады. Былайғы
жұрт үрпиісті. Әлем жерде алған шүңейт сарайдың жартысына жуығы қызыл жағалы
болатын, біразы әлгі сөзден үркіп дүрк көтеріліп, маңайына алақ-жұлақ етісті.
Былайғы қарапайым халық төмен қарап тұқшиған күйі. Күн болса
аяусыз шыжғыра түседі. Сорпаланып терледім. Ойлаймын: әдірам қал-ау, тыныш қана
қара нанымды жеп, қара шайымды ішіп үйімде отырсам неғылады, жастарға ілесіп желпілдегенім
жараспады. Иін тіресіп автобусқа енерде әлдекім аяғымды оңбай езген. Осынау
жарты әлемдей сарайдың қақпасына қыстырылып тынысым тарылған, өкпем қабынған.
Көсем кісі әрәдік орамалмен мандайын, желкесін сүртіп көп
сөйледі.
Баламнан сұраймын: неғылмайсың деп кейіп жатқанын.
Мұхиттың арғы жағындағы капиталистерді, шығыс бүйірдегі
қағаз жолбарыстарды ықтырып жатыр дейді балам. Капиталист деп тұрғаны самсаған
сұмдық дүлей қаруы мол Америка, қағаз жолбарыс деп сынағаны іргедегі Қытай
көрінеді. Олармен неғып ызғысып, ырғасып тұрғанын итім біліп пе. Шекем сынып
алып барады, шай ішпесем өстеді. Балама үйге жеткізе гөр деп жалынамын ғой
сыбырлап.
Түс ауа қала шетіндегі пәтерге сүйегім шашылып әзер жетіппін.
Келінім байғұс тоқ шәйнекті демдеп шайын әзірлеп қойыпты. Ал, сораптайын... ал,
ел-сел болып жан шақырайын... Өңешім күйіп қалғанын ертесіне бір-ақ білдім. Жер
төсекке жамбастап жатып баламнан сұраймын. "Қағаз жолбарыс" дегені не
пәле деп.
- Өзіңнің күші аз болса да ауыз толтырып күпініп, өз ішіне
өзі жел үріп жүретіндерді айтады, апа. Қытай осының алдыңда ғана Америкамен
ащыласып, араздасып қалған. Америка айтады: атом қаруын қолданып быт-шыт қыламыз,
шаңын шығарамыз деп. Қытай қырсығады: біз де қарап қалмаймыз, бомбы тастаса -
тастаймыз, атысса - атысамыз, суға батса - батамыз дейді-әй. Жойқын соғыс өрті
тұтана қалса - Американың халқы түгел күйіп-жанады, қытайлықтар үштен бірін
ғана жоғалтады дейді. Осыны естіген америка алпауыттары іштен тынып кірпіше
жиырылады, аяқ астынан көгеріп-сазарады. "Апырай-ә, дейді мұны есітіп отырған
Жәмила апа, - адамның аласы ішіңде, аңның аласы сыртында, күпініп, ішіне жел
үріп сөйлегеңді қағаз жолбарыс дейді екенсіңдер... Қағаз жолбарыс бізде, өз
ішімізде өріп жүр емес пе?". "Апа, қайдағыны айтып неғыласыз, май шелпекті
үзіп жеп, жас еттің сорпасын үрлеп ішіп жайыңызға отырсаңыз жау ала ма
сізді."
Күні бойы төрт қабырғаға қамалып ішім пыса ма, кім білген! Қарап
отырмай тағы тілім қышиды. "Көсем кісі неғылмайсың деп жұдырығын түйіп,
ышқына сөйледі" деп сауал қоямын. Балам қолындағы кесесін дастарқанға
түсіріп ала жаздайды: "Апатай, - дейді ұлым, - ол кісінің жұдырық
түйгенінде, шамалап, жұқалап мұхиттың арғы жағындағы елге кіжінгенінде
шалқайған жауларын сөзбен мүжігеніңде не тұр, тәйірі.
"Ау, осыншама жұрттың алдына шығьш аш қарғаға ұқсап қарқылдауының жөні
қанша?!" "Ойбай, апа, ел көсемін қарғаға теңеу -  қылмыспен тең, ұсталып кетесіз!" "Турасын
айтқан кісіге де зауал төне ме, балам". "Төнгенде қандай, ең әуелі
төте шапқан кісілер оңбай омақасады, турасын айтқан тұралайды".
Екеуміздің қысыр кеңесіміз ұзаққа созылмады. Келін бұрыштағы
көгілдір экранды қобдишаны іске қосқан. Арғы түкпірінен манағы сайын сахарадай
кең сарайда, шекені шыжғырған күн астыңда жұдырығын аспанға білеп, жеңін түрініп
сампылдап сөйлеген қасқа бас көсем кісі шыға келді. Шошып кетіп:
       - Астапралла,
өзің сақтай гөр, - деппін. - Е, теледидар, жарықтық-ай, мана шекемнен күн өтіп,
бүйірімнен апам түртіп бір сөзін естісем, бір сөзін естімей әбден қор болып
едім. Қазір ұғып, түсініп, қойын дәптеріме түртіп алатын болдым,-  деп қуанады балам.
  - Е, Стекеңді
жамаңдап тұр ма, халықтар әкесінің есімін көп айтты ғой, түге.
        - Сол Стекең
көп нәрсені былықтырыпты. Пәлен миллион адамды жалаңаяқ қарға айдапты, оққа
байлапты, пәленбай кісіні із-түзсіз жоғалтып жіберіпті. Жеке адамның басына
табыну елді тып-типыл етті, жүнжіпті, төменшік етті, еңіретті, көз жасын көл
етті дейді мына сөйлеген көсем кісі. - Қойшы-ей, ел ішіндегі пияншіктер,
парақорлар емес пе әлгі ұсталғандар.
   - Жоқ, апа, жеке
адамның басына табыну жылдарында ел ішіндегі оқыған, сауатты, зиялы қауым
өкілдерін сүт бетінен қаймақ сыпырғандай шетінен іркіп істі етіпті. Бірін
айдап, келесісін атып дегендей, ізін сұйылтыпты сөйтіп. Өзіңіз айтып отыратын
едіңіз: соғыстың алдында сайдың тасындай небір сыпайы, сырбаз, сері мінез
серкелер жиналысқа бас қосқанда кеңсе алдындағы кең сайға сыймай тұрушы еді
деп. Лениннің томын қолтығына қысып, ленинше шапшаң сөйлеп жедел басып сыныпқа
енетін Тойлыбай деректірді бір түнде ұстап жоқ етіпті. Сәрсен ағамнан кейінгі
мықты колхоз төрағасын пәрілік ақ егісін табиғат апаты - бұршақ соғып құртты
деп пүртекілдеп, актілеп үштіктің қаулысымен айдап жіберіпті! Герман соғысынан
қаштың деп жіңішке кеселі бар, жігіттің арғымағы дейтіндей және бір боздақты
талтүсте ұстап алып кетті деп күңіреніп айтып отыратын едіңіз. Құлағымда
қалыпты. Тіпті ел ішінде кітап ашып қара танитын молданы да
"құдайшылсың", "діншілсің" деп құйрығына қоңырау байлап,
осы елден қашып құтылғаңдай еткені жанға батады. Сайып келгенде ауылды жерде
кеудесін көтере ұстайтын, көкірегінде сәулесі бар бір де бір адам қалмаған ғой.
Төңірдей табынып сыйлаған Сталин көсемдерің сол ма тып-типыл еткен.
      - Алда ғана
сарынға ергіш, елп еткіш жампозым-ай, - деп шаршылап басыма салған жаулығымды
түзеп әлектенем. Соғыстан кейін Мәскеуге барған сапарымда, үлкен өстепкіде...
тап осындай қол созымдай жерде... үстіне аппақ кителін, аппақ шалбарын, ақ
қалпағын киіп, сахараның ақшыл сағымы секілденіп биік сәкі үстіне шыға келгенде
жүрегімнің атқақтап", соққанын айт. Күлімсірегені қандай керемет! Миығынан
күліп тұрып, мұртын бас бармағымен сырғыта басып: "Жолдас екпінділер!..
Озаттар!.." дегенде оқыс әсерден еңіреп жылап жіберген кісілер болды.
Табанының астына төселіп жата кеткісі келген ханзадалар мен бекзадалар қаншама!
"Тауариш" деген сөзді шырайын ашып, нанға бал жаққаңдай өзгеше дауыс
ырғағымен бипаздап сөйлеген кісіні өмірімде бірінші көруім. Тағдыр тәлкегін
қара енді! Қапырық күн астыңда тамам жұртты жинап алып бір тал шашы жоқ қасқа
басынан сорғалап тер аққанша, дауысы қарлыққанша сейлеген мына көсем кісі:
"Арттарыңа бұрылыңдар! Үңдеместі соңыңа салған, бір-біріңді
аңдыстырған, абақтыға жапқан, елден аластаған, атқан, асқан сол - халықтар
әкесі Сталин",- деп көнетоз сырнай үніне салып салмақтағанда бар ғой жұрт
бір-біріне үрке қарасты.
"Алдарыңа көз салыңдар! Американы 20 жылда қуып жетіп,
басып озбасақ - алпауыттың шаңын жұтып, есігінің алдын сыпырып, жетім баладай
кішімтайлы хал кешеміз әлі",- деген сөзге көп кісілер қарадай таңқалды.
Көрмеде қаңтарулы қалған аттай шырқ айналды.
"Аяқтарыңның астына қараңдар! Жүгері егіңдер, бесжылдықты
үш жылда орындаңдар, аспанмен таластырмай, бір қалыптан шыққандай бес қабатты
темір бетон үй тұрғызыңдар, қара нанға қанағат қылыңдар!.. Макаронға салмақ салыңдар!.."- деген
әңгімеден мезі болғаны бар, мезі болмағаны бар жиналыстан бірсін-бірсін
бөстегін көтеріп жылыстап шығып жөнелгеннің қарымы мол деседі.
Біздің елде бастықты сынайтын қауқар қайдан болсын.
Басшының, редактордың, көсемдердің өкшесі қисық деген кісімен шәт-шәлекейі шыға
ұрсысып, жаудай жағаласып балам жүр ғой. Қалада, Алматыда. Басшының, көсемдердің
кепиет-қасиеті жұқса - сол балама жұқсын деп, келінімнің жолашарға жасаған
кеспе көжесін тойғанымша ішіп, үнді шайына ел-селім шыға терлеп, ертесіне етегі
шұбалған шапанымды, әміркен мәсімді киіп жолға шығайын. Пойызға жармасып
жатқандардың қарымы мол. Қоржынымды сүйреп жүріп, қалың кісінің арасынан
жолымды әзер тауып, "қалып қоям" ба деп қорқып едім. Уағында
жетіппіз. Вагоныма, отыратын жеріме дейін жеткізіп салып, жайғастырып, "ал,
хош, апа!.." деген балама үлкендерден естіген батамды беріп жатырмын.
Балам уайымдайды: "Апа, шай керек болса - кондукторға айтыңыз, өзі әкеліп
береді, поездан түсіп қап жүрмеңіз!"- дейді. "Ау, поездан түсіп
қалатын қап деймісің, әлде қоржын болыппын ба, отырғызған жеріңде отыра
беремін",- деймін баламның уайымын сейілтіп. Сол екі арада поезд
қозғалады. Балам жүгіре басып түсіп қалады. Әйнектен бүйірін күн қыздырған,
басына аппақ қардан тәж киген әдемі тау көрінеді, мезгіл өткен сайын
сырғығаннан сырғып сол келісті таудан қашықтай беремін. Сағымы сары мидай жазық
сахараға сіңемін".
"Поезд дүрсілімен барып келіп, барып келіп жантайып
жатып өткен ғасырдың алпысыншы жылдар елесінен жырақтай түсемін. Өзім де,
естелік еліне айналам! Беу, жалған-ай!.. Бүгін бар адам ертең жоқ, естеріңнен
шығып кетсем зәуде - естелік елінен іздерсіңдер мені де!
 
 
 
 
Назарбаев
 
"Әуелі памдат намазымды қаза қылмай, дәретім барда оқып
алайын. Намазды қаза қылу - жақын адамды ренжіту, я болмаса кісінің жүрегіне
жара салу, бейпіл сөйлеп, астамшылыққа бару секілді иман аулынан қашықтатып,
маңайыңдағы дүние көзіне өзіңді-өзің жиіркенішті еткенің деп біл. Шамам
жеткенше намазыма берік болғым келеді, әйтсе де көршідегі доқтыр бала:
"Апа, көп еңкейе бермеңіз, қан қысымыңыз бар, басыңызға қан құйылып
кетеді",- деп үркітеді. Қайдам. Біреудің ажалы судан, біреудікі оттан,
өзімдікі қай жағымнан кеп қалады деп жалтаңкөз болып жан тәтті деп сіресуге,
тегі, жүрегім дауаламайды. Бұйырған дәм-ырзықты тататын шығармын.
Әкем Жанұзақ төте оқуы бар, көкірегі ояу, сауатты кісі еді.
Көне кітаптарды сандығынан алып, сыртынан бала еркелеткен адамдай сылап-сипап
отырып, өзінен кейін өнегелі сөз қалсын дей ме, Қаратаудың кірпік үйірген қысқы
кешінде, малды жайғап, қораға қамап, қоржын тамның түкпіріндегі сексеуіл
қаластырған қам кесекті пештің іргесіне төсенішті қалың төсетіп, малдас құрып
отырып кітап ашатын. Ас-суымызды жылдам әзірлеген біздер дастарқанды жайып
жіберіп, үстіне жас бауырсақ төгіп, апалы-сіңлілі екі қыз, бір ұл бармыз,
"шайды көкеме өзім құямын!" - деп таласқандай болып, әкемізге кесемен
ыстық-ыстық шай жағалатушы едік, қайткенде үлкен кісіге тақау отырып қалуға
тырысып бағамыз. Әкетайымыз қызыл күрең шайды баппен сораптап, шекесі жіпсіген
соң барып бір шетіне жіп байлаған көнетоз көзілдірігін құлағына іледі.
Көзілдірік құлаққа ілінді дегенше, қалпақтай қалың кітап парақтап ашылды
дегенше - кереметтей ертегі әлемінің қақпасына енгендей болушы едік; әйнек
сыртында қасқырша ұлыған жел, иықты басқан түн түңлігі, кісіні бүрістірген қыс
суығы заматында ұмытылып, қайталанбас сан түрлі кемпірқосақ бояуындай қиялға
берілуші едік. Әкеміз қоңыр дауыспен құлқуалланы созғандай өлең бе, жыр ма,
әлде көне мақамды сарын ба, соншалық ажыратып жарытпаймыз, күңіренте жөнелгенде
сырттағы жел де ішін тартып тына қалғандай, самаурын ызыңы саппа тыйылғаңдай
сезіліп, шешеміз қазан-аяғын салдыратуды қойып, аяғының
ұшымен басып қызмет жасайтын. Әлгі аядай бөлмені толтырып күңіренген үні бала
қиялды беймәлім-сахара төрінде иықтасып түрегелген тау басына шығарып, көкбұйра
толқыны төңкерілген асау өзен жағасына жеткізіп, жетелегеннен жетелеп не қилы
елге сапар шектіруші еді. Өмірі ұмыта алмаймын. Кітап бетіндегі маржандай
тізілген сөзді оқи-оқи әкеміз де бұл дүниеден ірге ажыратқан кісіге ұқсап,
жанарының жиегінен жасы сорғалап, ас-ауқатқа қол созуды мүлде ұмытып, көрер
көзге зорайып аспандап, алып боп кеткендей көрінетін. Әлден уақытта барып,
шамның майы таусылып сығырайып бара жатыр ма, езілген еңсесін тіктеп тілге
келуші еді. Қоңыр үні тап қазіргідей құлағымда.
    - Балапандарым, -
дейтін сусып түскен көзілдірігін қолына алып, еңсесін жинап, - естеріңде
болсын, осы күні мал ортақ, жан ортақ деп төбені тесіп бара жатқан балшабектердің
қиқуы ақылыма қонбайды, бұл қазақ нәсілі қазан төңкерісіне дейін сауатсыз,
дінсіз, дымсыз болған деген сандыраққа еш сенбеймін. Баяғы әз-Жәнібек, әз-Тәуке
заманынан дүниенің білімін жинаған, кітап жазған дегдар кісілеріміз болған,
соның бірі - емшілік шипагерлік баянның жеті кітабын жазған Өтейбойдақ
Телеуқабылұлы, екіншісі мына керемет хиссаны қалдырған Шапырашты Қазыбек бек
Таусарұлы. Үш түн бойына тамам жұртты жинап оқып тауыса алмай отырған хисса осы
Қазыбек бек бабамыздың "Үйсін ұғылан" деп аталатын кітабы.
Құлағымда қалған әке сөзіне жас кезімізде оншалық мән беріп,
ақылға салып жатпаушы едік. Қазір жер шетіне жеткендей хал кешіп, базардан
қайтқан кісідей, иығымызға асқан тіршілік қабында нелер бар, нелер жоқ деп
байырқалап, таразылап тыныс алып отырғанда қай-қайдағылар еске түседі екен. Әлгі
хиссада сұлу зайыбынан айрылған батыр жігіттің бармаған елі, баспаған тауы
қалмаушы еді. Айтайын дегенім: қазақты бұрын басқа жұрт кісі қатарына қоспаушы
еді ғой. Көрінген төрімізге шығып басынатын. Қазақ жүрген жер азап қой әлі
күнге. Төрімізге шығып алған кәріс бар ма, орыс бар ма, шешен бар ма, қарашай
бар ма, түрік бар ма, ең арғысы көршіміз әзербайжан, "еліңе барып
қайтпайсың ба?" - десең, ойбайын салады: "көрмей жүрген қайбір ел
ол!.." деп, кімнен қанша пайда түседі деп мөлиіп санағаны - тиын-тебен,
құран кәрімі - ақша, бас қоятын құбыласы - пайда!.. Ел болып етек жиғанымыз,
кісі қатарына қосылғанымыз, "несін айтасың қазақпыз" деп, ұялмай
қазақша сөйлей бастағанымыз - мына Назарбаевтың тұсында.
Көргенімді баяндап берейін.
Қартайған кісіге уақыт сұмдық шапшаң өтеді. Алматыда, жазушы
баламның қолында тұрып жатқан кезім. Жамбыл көшесі мен Нұрмақов көшесінің
қиылысына, дөңестеу жерге түскен, иілген жақ секілді бес қабатты кірпіш үйді
уағында Ғылым Академиясы салғызыпты, көршілеріміз кілең қазақтар, кітап ашқан,
кітап сөзімен сөйлеген ғұламалар тұрады. Біздер бұл үйге 87 жылы пәтер
алмастырып көшіп келдік. Бір-біріне қаластырып салған қабырғасы берік үйдеміз,
астымызда қазақтың салт-дәстүрін зерттеген Халел Арғынбаев деген кісі,
үстімізде Есіктен алтын адамды тапқан Кемал Ақышев есімді ғұлама, қазан-аяғымыз
араласып дегендей, ұшыраса қалсақ әлгілер: "Ой, апа, қалайсыз?"- деп
қолымды алып сәлем береді. "Жақсымын, жақсымын", - деймін әлгі
балаларға. "Отыра беріңіз балаңыздың қолында, от жақпайсыз, су
әкелмейсіз", - деп көтермелейді әлгілер. "Отырмай қайда барайын,
отырғызып қойған соң", - деймін. Көктемгі жылымық кез ғой деймін, ішім
пысқан соң кішкентай немере қызымды шуақтатайын деп есік алдына, аулаға
шығамын. Тақтай отырғышқа тізе бүгемін. Шаршылап салған үлкен кимешекті
жаулығыма қызыға ма, әлде өзім секілді қысыр әңгімеге зәру ме, күңде қасыма
қараторының әдемісі Күләш есімді келіншек келіп отырады. Ұмытпасам - әкесінің
аты-жөні Әмір, күйеуінің есімі Сағымбек. "Осында оқитын қызыма
келіп-жүрмін, студенттер шулап сабақ оқытпайды деп жатақханаға жатпай, осында,
ғалым танысымның бір бөлмесін жалдап тұрып жатыр", - дейді. Әлгі Күләш
аузын ашса - жүрегі көрінеді дейтіндей ақкөңіл, сөзшең, іші-бауырыңа кіріп
тұратын бесаспап әйел. "Әу" дегеннен бұрыннан таныс абысындай болып
кеттік. Бір шәугім шәй ішуге кейде біздің үйге бас сұғады, кейде оның пәтеріне
кіремін. Ыдыс-аяғын салдыратып жүріп салдырап айтып бәрін жайып салады. Көктем
кезі жылт еткен мезгіл, қар кетіп жатыр, ұмытпасам, әлгі салдыраған Күләшім аяқ
астынан жоқ болып кетті. Сөйлесетін қара таппай біртүрлі қоңылтақсып,
үйге сыймай жүргем. Бала мен келін пәпкілерін құшақтап ерте кетеді, кеш келеді,
түрлеріне қарасаң дүниенің шаруасын тындырып жүрген секілді. Қойшы әйтеуір,
1999 жылдың наурызы, айдың түгесіліп қалған уағы. Кәдімгідей жетелеуге жарап
қалған немереммен тіркесіп-ұшқасып аулаға шыққанбыз, үйреншікті орыңдыққа отыра
бергенім сол еді, "апа, қалайсыз?" - деп жер астынан өніп шыққаңдай
баяғы Күләшім жетіп келді. Қауқылдасып, хал-жай сұрасып жатырмыз.
"Ой, апа, бес кісі болып Астанаға барып қайттық,
Шамалғандағы... Абай мектебінде... 9,10 сыныпта осы күнгі Президентіміз Нұрсұлтан
Әбішұлымен баяғыда бірге оқығанбыз деп сөз ретінде айтушы едім ғой: сол кісінің
алдын көрдік", - дейді нақа аузын буған бір қап сөздің жібін шешкендей.
Ағыл-тегіл әңгімеге тойғызды. "Қой, үйге жүр, патшаның алдын көрген
келіншекгі дастарқан басында отырып тындайын", - деп әлгі Күләшті үйіме ертіп
келдім. Асханада даңғырлап жүрміз. Шәйнекті газға қойып, үстел үстіне аппақ
дастарқан жайып, мұздатқыштан қазы-қартамды алып турап, бауырсақ төгіп,
құрт-майымды жағалатып қойып жатырмын. Дәмді мәслихаттың ұйтқысы қою шай мен
қазақы дастарқан ғой, шіркін.
Күләшім көрген-түйгенін көз алдымнан тәспінің тасыңдай өткізіп
жатыр дейсің. Әр кезде сөзінің арасына қыстырып: "Ой, апа-ай! Ауылда жүріп
көп нәрседен қалып қойыппыз. Жолдасым екеуміз баяғыда КазПИ-ді беспен бітірген,
көзі ашық, көкірегі ояу ауыл зиялысы секілді едік, сартылдаған пойызға мініп
тәуліктен астам жол жүріп, Сарыарқаның төсіне орнаған жұмыртқадай әппақ қалаға
аяқ іліктірген кезімізде кәдуілгі кең балақ шалбар, кенересі делдиген қалпақ киген
ауылдың кеңқолтық қазағы болдық та қалдық. Пойыз қалаға ертеңгісін ілігеді.
Таңғы шайымызды ішпестен сұрау салып жүріп Президент резиденциясын тауып алдық.
Тапқанымыз бар болсын, алдымызды сірескен қызыл жағалы көлденеңдейді:
"Арнаулы рұхсат қағаз керек, - дейді сыптығырдай сұлу жігітгер, - рұхсатсыз
шыбын өткізбейміз". Елде жүргенде бірге оқыған қыз-бозбала бас қосатын
"Құрдастар" қоғамын құрғанбыз, төрағасы Бәйбеков Қыдырғали. Әшейінде
ауыздыға сөз бермеуші еді. Фарзина, Бану, Қыдырғали, өзім, Сағымбекпен - бес
кісіміз. "Әй, қоғамның төрағасы, бір амалын тапсаңшы, ит арқасы қияннан
келдік, Нұрекеңмен ұшырасып қайтайық, - десем, әлгі бел санап жүрген төрағамыз
сойған түлкідей ырсиып күледі. "Қайдан білейін",- дейді қалпағын
қолына алып қаққыштап. Жыным қозып кетті. Әлгілерді шұбата ілестіріп орталық
поштаға ендік. Жеделхаттың сарғыш қағазын алып... осылай да осылай... сыныптас
құрбыларың өзіңмен ұшырасуға зар болып үй айналып тентіреп жүрміз... қайтсең де
қабылда!" - деп сықита жазып, бесеуіміз иректете қол қойып поштаға салдық
та жібердік. Түс ауа тізбектеліп тағы жеткенбіз. "Жеделхат үлкен кісіге тиді,
оқыды, қабылдап қалар", - деген хабар алдық. Ауызғы бөлмеге орындық
қойғызып, ошарылып, әні күтеміз, міне күтеміз. Бір мезгілде: "Үлкен кісі
үштерде қабылдайды, кетіп қалмаңыздар", - деген хабаршы жетті. Сірескеннен
сіресіп күтіп отырмыз. "Ой, апа-ай, мына жентті тарының талқанына сары май,
жаңғақ қосып жасапсыз ғой, тіл үйіріп барады", - деп Күләш әрәдік
ас-ауқатқа тамсана шүйлігеді.
"Сонымен үлкен кісі тіркесіп-ұшқасқан бесеуімізді кешкі
сағат сегізде қабылдады". Қабылдар алдында қызыл жағалылар документті
бір-бірлеп сұрап алып, ұзақ сүзіліп тексерді, ішке өткерді. Кең сарайдың кіре
берісіңде үсті-басымызды тағы тінткілеп шолып шықты, құжатымызға бір, жүзімізге
бір қарап кәдімгідей көз жеткізді. Сыптығырдай сұлу жігіт келіп соңына
ілестірді. "Былай жүріңіздер, мүнда бұрылыңыздар!" - деп қаздай
қалықтатып әкеп алтынмен аптаған кең дөңгелек залға енгізді. Аяқ басқан дыбыс
тас домалатып жатқандай жаңғырығып естіледі. Атлас тысты орыңдыққа жағалай
құйрық бастық, күтіп отырмыз. Кенет қарсы беттегі әдемі жарма есік ашылып
нұрлана жымиып... маңдайы жарқырап...өзіміздің Нұрсұлтан еніп келе жатты.
Жапа-тармағай дүрк көтеріліп, қол алысып, төс қағысып, амандасып жатырмыз.
"Әй, мен жалт-жұлт еткен көзінен қорқамын, былайырақ отырайыншы",
- деп әзіл аралаттым, өзгелер ду етіп күлді.
"Шындығында Нұрекемнің көз жанары ешбір жанға ұқсамайды,
алыстан бір қарағанда айтатын сөзінің бәрін айтып қойғандай болатын".
"Көп күттіріп қойғаныма ренжімеңіздер, күнтізбедегі
шаруа көп еді, бас бұрғаным осы", - дейді Нұрсұлтан күле тіл қатып.
"Ой, неге ренжиік! Қайта елден топырлап жетіп, мемлекет
шаруасынан бір пәс бөлгенімізге ұялып отырмыз".
"Сағынған соң көрейік,
тілдесейік дедік".
"Көріспегелі аттай қырық бір жыл болыпты, қарттық
шіркін қыр астынан төбесі көрініп, аяғымыздан шалып жығып жатыр".
"Өзің түк өзгермепсің, баяғы жүген, құрық тимеген асау аттай
шиыршық атып отырсың", - деймін шынымды ашып.
"Ауылдың халі қалай?"- деді Нұрекем бір қолын бір
қолының үстіне салып, еңсеріле бұрылып.
"Ауыл баяғыдай, мешіт әлі бітпей жатыр, басшылар
жекешелеңдіруді бастады, бәрі - бардак, басшысы кім, қосшысы кім, біреуді-біреу
біліп болмайды".
"Ауыл әкімі не бітіріп жүр", - дейді Нұрекем.
"Осы жұрт дүние-мүліктің соңынан қуып кетті, жаңа әкім
сайламасақ ауыл ит тартқан терідей тозып барады".
"Кімді қоямыз әкім етіп?" - дейді Нұрекем.
"Байбақтинов деген бала бар, еті тірі, сөзі мығым,
әкімдікке сол лайық", - деймін мына тұстан қыстырылып.
Нұрекем айналайын мандайы жарқырап ойланып отырып қалады.
Құлағы бізде болғанымен, қиялы алыста қанат қағып жүргенге ұқсайды. Әлден
уақытта ойының тізгініне ие боп, ошарылып қалған бізге бұрылады. Қоңыр үні
құлағымда қалыпты.
"Үйде Сара жоқ, шақыра алмадым. Осы жерде әңгімелессек
деп шештім. Нендей сауал, қандай өтініш бар, бәрін жасырмай айта беріңіздер.
Мешіттің құрылысына қосқаным деп 100 мың доллар бергенмін, қай қорқаудың
көмейіне майлы кемік болғанын біле алмаймын. Ал, мынау конвертте 5 мың доллар,
"Құрдастар" қоғамының жарғылық қорына көмегім болсын, ал, мынау
шапандарың, құр қол қайтпаңдар, - деп қолымызға бір-бір конверт ұстатты".
"Бұл қазақшылықты қойсаңшы! Ауылдың жай-жапсарын,
мешіттің, мектептің ахуалын түгел жайып салып ақылдасып алған соң, "жаңа
әкімді өздерің сайлап алыңдар" деген ұлы ниетке ризалық білдіргеннен
кейін... сыпайы, сұлу қоштасып, шығып кететін жөніміз бар ғой. Омалып отыра
беріппіз. Бас-басымыздың майда-шүйде қиқымдай ұсақ шаруасын айтып шаршатыппыз.
Қазір ойласам, жерге кіргендей болып ұяламын. Ай, етектен тартқан қазақшылық-ай
десеңші! Қыдырғали гәрманда оқып жүрген баласын сондағы Қазақстан елшілігіне
қалдыруға көмек беріңіз деп күңіренсін; Фарзина байғұс әлдебір күдікпен істі
болып ұсталған қызын босатып беруін сұрап боздап отырып алды; Бану келіншек
жоғарғы оқуды бітірген қызына Астанадан жұмыс сұрады... Сол арада айналайын
Нұрекем дереу көмекшісін шақырып алып әлгілердің айтқан өтініш, шағымын қағазға
түрткізіп алды. Жетім торпақ секілді әркімге сүйкеніп жүрмесе ішкен асы бойына
сіңбейтін бұрынғы ауыл әкімі... кейінгі ауыл кеңес хатшысын орнынан алып, елге,
жерге кәдімгідей иелік ететін есті кісіні сайлап алуға уәде бекіттік. Шетсіз,
шексіз алғысымызды айтып тауыса алмай, ал, хош дедік!"
"Сол күні Астанаға барып қайтқан Күләштің сөзі кәдімгідей
толқытты. Дастарқан мәзіріне қойған тәуір дәм-тұзды мейірлене жеп, ішіп,
шекесінен жылтырап көрінген терді әлсін-әлсін сүрткіштеп кеш түсе бір-ақ
көтерілді. Үйден шығып бара жатып Күләштің жағы сембейді. "Бірге оқыған
Қайрат ішкіліктен ісіп-кеуіп ол жатыр, ай өліп қалатын шығар!.. Рая осында,
қалада, дәулетті кісіге тұрмысқа шыққан, оныншы сыныпта жүргенде Нұрекемнің көз
құрты еді ғой!.. Қантай сұлу ертеректе бақилық болды. Кеңес есімді баланы
"қытай" деуші еді, о шіркін де қатынымен бір ажырасып, бір қосылып
жүр деп естимін ері мойнына кетіп..." Осыны айтқан Күләштің әңгімесі еш
түгесілмейді, көзге көрінбейтін кісі жеңінен тартып сүйрелеп бара жатқан
секілді, төменгі қабаттағы басқышқа сіңіп кеткенше дабырлап сөйлеп бара жатады.
Ойхо-о-ой, дүние жалған деген осы!
Әлгі әңгімеден кейін екі-үш ай өтті ме, өтпеді ме, дөп
түсіріп айта алмаймын. Апақ-сапақ уақытта намазшам көлеңкесіңдей ұзарып баяғы
Күләшім қайыра есік қағады. Самай шашы бұрқырап, жүзі өртше алаулап, ентігіп
сөйлейді.
- Баяғы ауылға әкім етіп сайлап алған Байбақтинов келді үйіме,
- дейді Күләш етегіне сүрініп кіріп келе жатып, - Президент бір топ ауыл
үлкендерін өз резиденциясыңда қабылдамақшы екен, күні ертең!.. Қабылдау
тізіміне енгізген бір кейуана аяқ астынан ауырып қалыпты!.. Бір ақсақалымыз
аяғын кетпенмен шауып алып ауруханада жатқан көрінеді... еңді сол үлкеңдердің
орнын толтыратын, көзге көрінетін кім бар дегенде аузым
қышып сізді атап едім!.. Ертең Президент қабылдауына барасыз, құдай қаласа,
алла бұйыртса!
Мына оқыс хабарға не дерімді білмедім, аузыма жөңді сөз
түспеді. Біраздасын, ентік басқасын барып айтқаным:
- Ақкөңіл сіңлім-ау, мына апаң Алматы түбіңдегі Жетісу елінің
жасы үлкендеріне үш қайнаса сорпасы қосылмайды, мұның үстіне Қаратау мен
Сырдария арасын мекендеген қияндағы қызылордалық боламын, баланы паналаған
қаланың жатыпішерімін! Сендерге керегі - я еңбек ардагері, я соғыс мүгедегі
болар, - деймін.
Қаладағы қызынаға бола жиі-жиі шауып жетіп кеп тұратын
әңгімешіл, балажан Күләш бастырмалатып болмайды.
- Үлкен кісі адамның жер, суына қарамайды деседі. Көшелі сөзге
ұста, ел кейуанасы деуге келетін, көпті көрген, көкірегі терең түгенше деген
кейуана бар деп Байбақтиновты көндіріп қойып ем, - дейді, - әлі тізімдегі
кейуананың бірі аяқ астынан ем қонбайтын ұмытшақ кеселіне ұшыраған ба, қазір
көргенін қазір ұмытып қалады дейді. Президенттің алдына барған кезде әлгі
кейуана Нұрекеңнің есімін қайта-қайта сұрап, анық масқарамызды шығара ма деп
қорқады. Сөзінен, кісілігінен адасып қалмаған сізді құп көріп, кейінгі... осы
ертеңгі баратын кісілер тізіміне енгізіп еді!..
"Беу, дөңгеленген дүние-ай, жақсы адамдар жер бетінен түгесілген
күні өз-өзіңнен төңкеріліп кетер ме екенсің! Сол жақсы адамдардың арқасыңда
маусымның басында Президент қабылдайтын үлкендердің тізіміне ілініп, етегіме сүрініп,
дөң басыңдағы алтын сарайға жеткенім, сірә, есімнен кетпес. "Етегіме
сүрініп" деген сөзді бекер айтпадым, өйткені сол қабылдауға жазылған
жиырма шақты ақсақал, кейуана кісілердің ішіңдегі жасы үлкені өзім екем. Бір
қолтығымнан әкім бала Байбақтинов, бір қолтығымнан Әмірова Күләш қолтықтып алып
септесіп, ия, алла, керсеткеніңе шүкір деп, сырты аппақ қардай, іші сары
алтыңдай, мұнтаздай кең сарайға келіп кірдік. Еңсемді көтеріп, басымды
шалқайтып сарайдың төбесіне қарай алмадым, тайып кетем бе деп аяғымның астынан
көз алмаймын".
Аяғымыздың асты былқылдаған қалы кілем.
Жоғары лып көтеретін гүп сандыққа міңдік, сүрініп-қабынып
ұзақ жүрдік, ақырында қолына ақ қолғап киген солдат балалар алдымыздан қақ
жарып есік ашты. Кілем деп басып келе жатқаным мәрмәр тас болып шықты.
Келісті кең сарайдың салтанаты керемет. Күләшті бір пәске
жоғалтып алдым, әкім баланы әлгі солдаттар: "Сізге кіруге болмайды",
- деп топтан сүзіп алып қалыпты. Тайғанап жығыла жаздап таяғым ұшты,
көзілдірігім сусып кеудеме түсті. Жіппен байлап алғаным ақыл болыпты. Сәл болмағанда,
қасымдағы ақсақал ұстап қалмағанда - үлкен сарайдың кіре берісіңде шашылып
қалатын едім. Сүйегімді тәулік жинап түгендей алмас еді.
"Келе жатыр!"- деген сөзді құлағым шалды. Аппақ
қолғап киген бірер солдат қолтығымнан лып көтеріп, қуыршақтай ғып орындыққа
әкеп отырғыза қойды. Көзілдірігімді кеудемнен тауып ап, көзіме киіп, сығырайып
қараған кезім. Я, Жаратқан Ие, көрсеткеніңе шүкір деймін! Маңайыма жарқыратып
шам жаққаңдай сезілді.
Президент жылдам еніп жақындап келіп сәлемдесті.
- Ой, апа, жасыңыз нешеде? - деді.
- Тоқсанның үстіңдемін, балам, жүзге жуықтадым. Көзім нашарлап
бет-жүзіңді анықтап көре алмай тұрмын, балам!
Президент қасындағы көлеңкеше ілесіп жүрген көмекшісіне
бұрылды.
- Мына кісінің көзін емдетіңдер, жақсы көзілдірік әперіндер!
- Дидарыңа қанып, батамды берейін деп келдім, шырағым!
Осы мезет суықтау кісі сап етіп жетіп кеп, құлағыма сыбыр
етті.
"Кейуана, тыныш отырыңыз! Сізден сөз сұраған ешкім жоқ!
Қазір Президент сөйлейді!".
Бұрындары құлағым бірде ашылып, бірде жабылып түк естіртпеуші
еді, бұл жолым жаратқан ием септесті ме, Президент баламның даусын анық
естідім, кәдімгідей қадалып, қазақы тілмен құйқылжыта нақыштап сөйлеп жөнелді.
Құйып алар құлақ болса біраз шаруаның басын шалып, түбірін аршып, жағалай
отырғандарға түсінікті ғып айтып берді.
Сөзінің мағынасы теңіз түбіңдей терең бе деп қалдым.
Айналайын, бұл өкімет әулие ғой. Талай заманды өткердік,
патшаның патшасын көрдік, жерді айналып келдік деген кезбелерден естідік: ешкім
жұмыс істемейтін қарт кісілеріне зейнетақы беріп, "сіздікі дұрыс!"-
деп алақанға салып әлпештемейді екен ғой,
жұмыс істемеген кісіге, әр үйдің бұрышында омақа боп үйіліп, келіге ұқсап
шошайып отырған кәрілерге тегін ақша әкеліп ұстатпайды ғой!.. "Өзің үшін
дүние жидың!.. Өз тамағың үшін өліп-өштің... Ұрпақ өсірдің!.. Енді бізден не
аларың бар!" - деп өңменінен итеріп, үлкендерін қыр асырып қуып жатқан
қаншама елді естиміз! "Бәрібір өліп қалады", - деп үлкендерін ең ауыр
жұмысқа салып қоятын кәріс ұлтының салты анау! "Үлкендерді, алжығаны бар,
алжымағаны бар - ақсақал, қарасақалын жинап қарттар үйіне қамап қоятын гәрман
деген ел шығар!.." Айтты-айтпады, қартайсақ та жөнімен қартаюға көңіл
бөліп жүретін жүрек жұтқан ақпейіл, алакөңіл мына біздей ел бар!"
Сол ұшырасу үстінде екі бірдей нәрсе есімде қалыпты. Бірі:
Нұрсұлтан баламның жүзінен ниеті көрініп тұрды. Жүзінен ниеті көрінген кісі
жарық дүниеде қор болмайды. Шындығы шырайынан сезіліп, нұрлана білген кісі жер бетіңдегі
жаратқан иенің жіберген елшісі - пайғамбар секілді.
Екінші есімде қалғаны: Шамалған жақтан келген бір кісі
"пенсиям аз, пенсиям аз!" - деп құлақты қасып жеп қойды, түге. Сол
мезетте Нұрсұлтан балам сөйлеп тұрған сөзін үзіп: "Ақсақал, балаларыңыз
бар ма?"- деп сұрады. Әлгі кісі: "Иә, бар, бес балам бар, бәрі
жоғарғы оқуды бітірген", - деп жауап берді. Нұрсұлтан балам сөз аяғын жерге
тигізбей: "Қазақта қартайған ата-анасын балалары асырайды, сол салтпен
сізді де балаларыңыз бағып-қақсын", - деді қолмен қойғандай етіп.
Шамалғаннан келген кісінің көмейіне құм құйылды, өкпе, шағым сөз саппа тыйылды.
Кең сарай іші бірауқым күмбірлеп тұрды.
Беу, дөңгеленген дүние-ай!.. Біраз сөзін ұмытып қалыппын,
біраз көрген қызықты естен шығарыппын, қартайған кісіден не сұрап жарытасың!
Бір қолтығымнан ауыл әкімі Байбақтинов, келесі қолтығымнан Күләш сүйемелдеп,
сүйегімді қиратып алмай үйге жеткізіп салғаны есімде. Немере қызым: "Әже,
қарныңыз ашты ма?"- деп алдымнан нан ұстап жүгіріп шыққанын білемін.
Шаршағаннан шағын бөлмедегі жастық тастаған төсегіме сүріне жығылыппын. Төсегіме
бас қойып жатып ернімді жыбырлатып: "Тоқпын, тоқпын, құлындарым!" -
деппін. Мойнымызға бұршақ салып жүріп тілеп алған Президентіміз, Нұрсұлтандай
баламның дидарын көріп, дегенін естіп тірі сөзіне тойып қайттым!.. шылауына
ғайып ерен, қырық шілтен періштелер ілессін!.. Халқының назарында жүрсін!..
Тіккен туы құла-масын!..
Аумие-е-е-ен! Жаратқан ие, қасиет қонған әулие-әмбилер жар бола
гөр!"
Осымен жүз бірге келіп бақилық болған анам Жанұзаққызы
Жәмиланың әр жылдарда, көзінің тірісіңде өз аузымен айтып берген төрт патшаны
қалай көргені туралы дәмді әңгімесін бір сөзін де өзгертпей, тыныс, ырғағын
бұзбай, нақышын тауып баяндап берудің сәті түсті.
                                                                                       
                                       2005 жылғы, ақпан