ВЕРНУТЬСЯ

        Алғашқы қала жердің қай түкпірінде орнады деп тарихшылар әлі
күнге таласуда. Әңгіменің төресі осы ма, тәйірі! Ең бастысы, адам баласы, халық
және өркениет - өмірдің аса күрделі, кезеңді әрі мазмұнды оқиғалар толқыны
дүркіреп өткен тұсқа қала салады, әлі де салына бермек. Солардың ішінде
өткеннің, бүгіннің және келешектің тағдыр тоғысындай болған - жаңа астаналардың
жұлдызы ерекше жарқырайды. Бұл астаналар белгілі бір уақыт пен кеңістік
үзігінде сол халықтың өркениетке қосқан қомақты үлесін әйгілеп тұрады.
        Дәуірдің
көркем суреті мен айшықты образы екі-үш штрихтан көрініс табады. Мысалға, Хеопс
пирамидасы, Ақ үй, Версаль, Кремль, Бәйтерек аталған кезде  - солардың тұрған жері көз алдымызға
дөңгеленіп келе қалады. Бұлар әлгі қасиетті орынның маркісі, тәбәрігі, символы.
Ғажайыптың баршасы дарынды-дегдар кісілердің күсті алақаны, қанатты қиялы
арқылы дүниеге келген!
        Астананы құру
- ұлт тарихының жаңа мәтінін жазу. Барша ұрпаққа жаңа мәтін жазу бұйыра
бермейді. Екі мыңжылдықтың тоғысында Еуразия кіндігіне жаңа астана құру туралы
шешім қабылдап, сол Астананы қысқа мерзім ішінде жарқыратып   дүниеге әкелген -  ержүрек, білімпаз, еңбекқор,         пассионарлық - жүрек оты мол тұлғаларға
арналады бұл хикаят!
 Бірінші
баспалдақ
          Жазмыш
формуласы балалықтан басталады. 
         Санжар-екеңнің балалығы қайбір оңған. 
        Төрт жасында анасы
Күләнда қайтыс болыпты, әкесі Мәлібек темір жол обходчигі, баяғы жол қараушы,
мойнынан дорбасы, иығынан балғасы түспей үйелмелі-сүйелмелі қос жетімегін адам
етем, жеткізем... деп жүріп екінші мәрте отбасын құруға қолы тимепті. Соғыстан
кейін басы бос,көңіл қосатындай әйел кезікпепті. Жан-жағына қарап, ес жинауға
мұршасы болмапты.
          Жол қараушы.
Иығында зілдей жолқапшық, қолында бір басы жұмыр, келесі басы жылан тіліндей
айыр ауыр балға. Күніге ерсілі-қарсылы жосып өтіп жатқан бірде жолаушы, бірде
жүк поезына жол бере аяңдап, он алты шақырым қашыққа жүріп қайтады. Екі
разъездің арасы сегіз шақырым, баруы сегіз, қайтуы сегіз. Сүрініп жығылмай,
сынапша сырғып өкшелеп жеткен составқа соғылмай, әр қадамыңды санап басып, я
асығыс, я жаңылыс баспай, он алты шақырым сапар шегу - сіңіріңді созады.
Аялдауға, қиялдауға болмайды. Ойға шомып, жаңсақ басып - соңынан өкіріп жеткен
жүрдекке соғылған кісілер болған. Ұйтқыған боран, сүмектеген жауын, аптап ыстық
жол қараушыға кедергі емес. Белгілі уақыт, дағдылы кестеге мойынсұнып, мойынды
екі иықтың арасында тығып, бүкең-бүкең жолға шығасың, рельстің түйіскен тұсына
үңіле түсесің, із кесесің.
          Иығы түсіңкі
әкесіне жаны ашыған кішкентай Санжар:
        - Әке, темір
жол тайқымайды, осынша сүмек боп дірдек қаққанша «бардым... көрдім...» деп орта
жолдан қайтып келсең қайтеді, - деуші еді.
          Теміржолшы Мәлібек
жалпақ алақанын аударып-төңкеріп отырып миығынан күледі. Екі иығы селкілдейді.
Жауырыны еңкіш еңгезердей кісі үнсіз жылап отырғандай елестейді.
        - Болмайды,
балам.
        - Неге
«болмайды», разъезд дүңгіршегіне барып қайттың ба, жоқ па, қалың тұман ішінен
кім қарап тұрады.
        - Бар пәле
болтта, балам. Қапшық ішінде шығыршықты болт бар, әлгі болтты келесі разъезд
басындағы қарауылға өткізіп, соның нөмірлі болтын қапшыққа сап әкеліп разъезд
бастығына өткізесің. Сонда ғана он алты шақырым жол жүргенің, рельске үңілгенің
есепке алынады.
          «Апырымай»,
- дейді ішінен кішкентай Санжар, бұл үлкендерден қулық артылмас, артылса -
әлдеқашан айға ұшып кетер ме еді. Жер үстінің ұңғыл-шұңғылын түгел есептеп қаперге
алып үлгергенін қайтерсің. Кейде әкесі ауырып қалады, бірде ауданға шаруамен
барады, сол кезде зілдей жолқапшықты томашадай Санжар мойнына іліп жолға
шығады, жол қарайды. Әкесіне қолғанат бала қайда қашып құтылады.
          О, құданың құдіреті!
          Жолаушы
поезы разъезге кідірмейді, сарқырап аққан тау өзеніне ұқсап сорғып ағып өте
шығады. Жол бойындағы өңшең қарадомалақ жол қарап жүріп, жолаушы лақтырып кеткен
жартылай желінген алма, өрік тауып алады. Құмырсқа шіркін жабылып жатады.
Жалма-жан жерден көтеріп ап, шырынға үймелеген жәндікті қағып-қағып жіберіп
жалма-жан ауызға салады. Құмырсқадан жырып жеген жеміс неткен дәмді десеңші!
          Қарадомалақ
бала - табиғат перзенті. Дүниедегі не қилы жәндік жер ананың, ұлы иенің
өсіріп-өрбіткен мақұлығы. Күн астында қыбырлаған жан иесін бір-бірінен бөліп
қарау, даралау - қасиетті кітапта күнә деседі. Қыбырлаған тіршілік  ұлы Иенің жер бетіне жіберген елшісі,
ырзық-несібесі деп танимыз.
        Шүйкедей
ауылдың қауын бас молдасы - со заманның жанарын ашып-жұмған дегдар ғұламасы осы
сөзді сан қайталайды.
          Жылдар
жылжып, көктемді күз алмастырады. Кеңістік пен уақыт, бейне, қабырғадағы
шықылдаған аспалы сағат. Бірінсіз бірін елестете алмайсың. Көжиектен аппақ нұр
ажыраған кезде ұйқыдан ояна салып, керзі етікті шұлғаусыз киіп, ит тістелеп
жұлмасы шыққан құлақшынды шекеге іліп, жалғызаяқ жолдың шаңын бұрқылдатып
мектепке жүгіреді.
          «Мектеп»
дегені жер еңбегін ойып жіберердей дүрсіл қағып поезд өткен сайын - бақсының
тақиясындай селкілдейтін қалқима әншейін. Разъездің іргесі. Мұғалім ағай көбіне
бірінші мен екінші сыныпты, үшінші мен төртінші сыныпты қосып оқытады. Сенбі
күндері атына мініп аңға шығады. Әуелі өзінің арқалы ақын боламын деп бола
алмай, ғылыми атақ қорғаймын деп қорғай алмай қалғанын балаларға ұзақты күн жыр
ғып айтады. Сосын барып әңгіме тақырыбын «Ана тілі» мен «Математикаға» бұрады.
Ағайы барлық пәнге әмбебап, таудан аққан сары желдей аңқылдайды.
        Төгілдіріп
дестелеп сөйлеп-сөйлеп келіп: «Әй, маубастар, сендерге су тегін ақыл айтамын,
құлақтарыңа құйып алыңдар», - дейді төндіре түсіп. Балалар жамырап қоя береді.
        «- Айтыңыз,
ағай, су тегін ақылыңызды айтыңыз!»
        «- Ең
құрығанда үш адамға бастық болуды ойлаңдар, - дейді ағайы, - бастық болмадың
бар ғой, құр әншейін суішкіліктің соңынан сүмеңдеп кетесің, сосын үш адамға
бастық болмасаң - бұл қазақ бұрылып сәлем бермейді саған».
        «- Бастық болу
үшін не істеуіміз керек, ағай».
        «- Бастық болу
үшін көп оқу керек, жақсы оқу керек. Олай етпесең есек арбамен отын тасып, көң
аударып, кесек құйып кетесің».
          Ағайының
сөзі құлағына сіңген осы Санжар жас кезінен кітап көрсе тас кенеше жабысады,
қағазға шұқшиюын шұқшияды. «Балғаны арқалап келесі разъезге жүгіріп барып қайтпадың»,
- деп әкесі ренжиді. «Құдықтан су тартып, от жаға салмапсың», - деп ағасы
күңкілдейді... Ит тартқан терідей жұлмаланып жұтылып жатқан уақыты зая. Таң
атса - күн батады. Я есек көкпар шауып тақымы қызбайды, я қызық кітапты сарқа
оқып мейірі қанбайды. Анда шап, мында шаппен, алашапқын алыс-жұлыспен өмірі
өтіп бара жатады. Әйтсе де «Әліппені» алғаш оқытқан мұғалімі санасынан еш
жуылмайды. Үлкен иенің елшісі - періштедей болып шаршап келіп жанарын жұмса-ақ
көз алдына сурет боп елбіреп, желбіреп тұра қалады.
          Мына Санжар
ақ топырақты бұрқ-бұрқ кешіп жүгіріп мектепке келеді. Алдыңғы партаға құйрық
басып, ақын болам деп бола алмай, ғалым болам деп қорғай алмай, арпалысып
жүріп, қиян түкпірдегі шүйкедей ауылға «сенімсіз кісі» аталып, жер ауып топ ете
түскен «қиын кісіге» құлақ қояды. «Ең болмаса - су тегін ақылымды құлаққа құйып
алыңдар!.. ең құрығанда -     
 үш кісіге бастық
болыңдар...», -  деп әлқиссасын бастайды
шаршаған ұстазы.
          Сөйтіп
жүргенде шалбарының тізесі ойылды, көйлегінің қолтығы сөгілді. Сөгілмес пе
еді... қырсық көк есектен.
        Екі бау көк
құрақты қоржын етіп теңдеп, көк есектің арқасына көкқарғаша жарбиып мініп желе
жортып келе жатқан. Көлденең көсілген шойын жолдан кесіп өте бергені сол. Есегі
құрғыр қос рельс ортасына сілейіп қалды. Я ілгері, я кері аттап баспайды. Жон
арқасынан жалма-жан домалай түсіп көлік басындағы ноқтасын білегіне іліп, ал
кеп тартады... жүрмейді, ал кеп әйтшулейді... тастабандайды. Сол екі арада өкірген
жүк поезының қарасы көрініп қалады. Есегі құрғыр тұрған орнынан табандап
табжылмайды.
          Жан шығып,
ес кеткендей қарбалас, жүрегі атқақтап аузына тығылып, жон арқасына суық тер
құйылады.
          Есекті
рельстің шетінен шығарып ылдитөмен жібермекке жұлқылап тартады, қырсық мақұлық
тастабандап кері шегінеді. Жүк поезы өкіріп тақап қалады.
          Болмаған соң
көксоққанды қарама-қарсы жаққа, қос рельстің ортасына, тұп-тура төніп келе
жатқан поезға қарай қос қолдап итерді-ай!
        Көз алдына тұман
тұтқандай. Көк қырсық кері шегініп кетіп ылдитөмен шатқаяқтай құлайды. Тұяғы
тайып бұл көкеңді ілестірген күйі төменге домалайды. Өкірген ауыр состав
құлағының түбінен дүрсіл қағып өте шығады. Жүргізуші-машинист жұдырығын
көрсетіп: «Ә, сені ме!» деп боқтап барады.
          Санжар
біраздасын домалап жатып есін жиды, басын көтерді.
        Адамдар да
есек мінез: қырсық кісіні ырқыма көндірем десең - барша қимыл-қарбалысты
керісінше жаса; алдыға сүйресең - кері кетеді, кері итерсең - алға итінеді,
тіршілігі егіз тамшы. Өз өмірінде есекке ұқсаған кісілерді көп ұшыратты. Теріс
қарап сиетін кісәпір, қырсықтарды көп көрді; көрген бойда - діттеген межесінен
кілт бұрылып, қыңырайып, теріс қарап сөйлейді, сонда ғана әлгі  «есек мінез» ыңғайға жығылады. Кесірге
керісінше әрекет жасаған құп. Өмірлік жиған тәжірибесі осы!
          Шүйкедей
ауылдың оқиғасы аз, шындығы шағын. Дүниеде шеңбері кең  ауқымды шындық іздеймін десе, бас айналар
биік-биік арманға басқыш қоямын десе - оқу керектігін ерте түсінді. Оқымаса,
деңгейі төмен, ақылы кем болса - бала кезгі поезға соғыла жаздаған есекке ұқсап
билік иесінің алдында құлақ қақпай жерге қарап, өзі құралпы пенделермен
иықтасып... тістесіп... тебісіп... кетісіп... дегендей, өзінен пәстеуді тапап
кете жаздап,
          ауылдың о
жағы мен бұл жағына шаңдата жосып,
          жоғарыдағы үкіметке ыза-кегі қазандай
қайнап,
          төмендегі
өзі құралпыға танау шүйіре қарап,
          мына
қисық-қыңыр заманға өкпелеп, «жолым болмады» деп - өтері кәміл.
        Жолы болғыш
кісілер қандай болады өзі? Осы да өмір болып па!
        Таң
алакеуімнен тұрып, аяғына керзі етікті сұға сап, үстіне жеңі қысқа күртешені,
басына ит тістеп мақтасын түткен құлақшынын киіп аулаға шығады. Сынық мүйіз ала
сиырды босатып табынға қосады, тірсегі тірсегіне түйіскен үш тұсақты қақпаны
ашып сыртқа айдайды. Асығып-үсігіп ас үйге еніп, кешеден қалған нарынды жеп,
шәйнектегі суық шайды шүмегінен құрқылдатып жұтып, кітап салған шүберек сөмкені
иығына асып мектепке жүгіреді. Мектеп ауыл шетінде. Жүгіре жөнелген бұл көкеңді
өкпе тұстан шыққан оқыс дауыс қалт кідіртеді. Жалт қарайды. Дуалды кеуделеп
қарап тұрған көрші шал: «Әй, бала, бері кел, - деп қолын ербеңдетіп шақырады
кеп, - мына шөмеле шөпті қора бұрышына тасысып жібер».
        «Көке,
сабақтан кешігем ғой!»
        «Қой, ә,
сабағың ешқайда қашпайды, кешеден құяңым ұстап, қарадай жер тіреп қалдым...
қолқабыс жасайтын бала әскерде... кемпір ауру!..»
        Қарап тұрып
белі шойырылған шалды аяп кетеді. Жалма-жан сөмкесін атып ұрып, айырды қолға алып,
қураған шөпті шаншып, аяғы-аяғына жұқпай тасиды келіп. Шөп қиқымы жағасынан
көйлегінің ішіне түсіп қышытады. Секундтың тіліне ұқсап зыр қағады. Шөмеле
жуығарақта таусылып бітпейді. Ащы тер көзіне құйылады.
        «Уһ» деп соңғы
айырды түйрегенде: «Таудай бол, балам, кешқұрым кеп қорамның ішін сыпырып шық,
батамды беремін», - деп шал соңынан айқайлап қалады.
          Мектепке
жүгіріп жеткенде - қоңырау шалынып, сабақ басталып кетеді. Есікті ашып кіруге
рұқсат сұраған мұны көріп мұғалім сұрланады.   
        - Әй, таң
атпай жатып кіммен төбелестің? Түтеленіп түріңнен түр қалмапты!
          Бұл көрші
шалдың шөбін тасыдым деуге намыстанады.
        - Көйлегің
толы шөп-шалам. Терге малшынып тұрсың. Мал қораға түнегеннен саумысың-әй?!
          Көрші шалдың
үстінен өсек айтқандай болмайын деп тырс етіп үндемейді. Бәтеңке тұмсығымен
еденді түрткілейді.
        - Ай, мына
түріңмен адам болмассың! Оқу оқиын деп жүрген сен жоқ, көше кезіп, қалтаға
түсіп шпана болып кетесің әлі! Айтпады деме! Отыр орныңа!
          Иығынан зіл
жүк түскендей сезініп, сүйретіліп кеп шеткі партаға құйрық басады. Жүзін төмен
салған күйі сөмкесінен кітабын, ұшы сынған қарындашын суырады. Маңындағы
құрдастары көз жанарымен атып, сыпсыңдай тіл қатып, іштерінен «шоқ-шоқ» айтып
мәз. Еңсесін езген ауыр ойдан құтылып кете алмайды. Қолы қысқарып қалған ауру ғаріпке
көмектесем деп алған алғысы, жеген сыбағасы осы болғаны ма?..»
          Пәлі, осы да
өмір болып па?
          Түнімен
майшам түбінде бүгіліп отырып, қызыл қарындаштың ұшын жалап қойып сурет салады,
одан озса кітапқа қадалады. Не кереметінің барын кім білген! Кітап бетін
парақтаса болды - қиял көтеріп аяғын жерге тигізбей қалықтатып әкетеді. Небір
ғажайып өлкенің ой-қырын көз алдынан өткеріп, құс секілді қалықтап ұшып
жүргендей сезінеді. Тым төменде... жер мен көктің арасында... белінің құяңы
ұстаған шал: «Келіп кесегімді жинап бер!..» - деп қол бұлғап шақырады, мінезі
қиын мұғалімі жұдырығымен ауаны түйгіштейді. «Әй, сен адам болмассың, - дейді
төменнен айқайлап, сабақтан қашып, құсқа ұқсап ұшып жүргеніңнен шошынамын!..» Бұл
көкең аяғын тепсінген сайын жерден ажырап, қауырсынға ұқсап, қалықтап ұша жөнеледі.
Кітап бетінен жан бітіп қыбырлап өріп шыққан кісілермен... кішілермен шүйіркелесіп,
тілдесіп жүріп ішінен өрекпіп: «Тезірек есейсем... тау мен даланың түкпір
шетінде кім бар екенін көрсем...», - деп, қиялына құрық жалғайтын дерт жамады.
Басы ауған жағына жығылады.
          Шүйкедей
ауылдың бастауыш мектебін тамамдап, ары қарай оқуын аудан орталығында
жалғады.  Жағдайы төмен жетім балаларға
арналған интернатқа орналасты.
          Интернаттың
қара наны, күріш көжесі, жүгері ботқасы, шиқылдаған іші түскен темір кереуеті
туралы мына өмірде жазушылар көп жазды.
        Жазылмаған -
кішкентай жандардың көз нүктесі. «Көз нүкте» деген нендей кеп екенін түсіндіріп
өтелік. Үш жасында шешесінен, он төрт жасында әкесінен айырылып тас жетім
болған бұл көкең ағаш орындыққа шегеленіп сағаттар бойы мөлиеді, есеп шығарады,
сурет салады. Белі сырқырап, құйрығы тесіліп әбден шаршаған кезде жанындағы іші
түскен кереуетке сылқ түсіп құлай кетпейді. Іштегі тиегі, төзім серіппесі
жібермейді. Со мезетте тым жырақта, кейде жақындап, кейде қашықтап мөлдіреп
тұрып алатын әлдебір нүктені тауып алады. Сол көзге көрінбейтін нүктеге
сағаттар бойы қадалып сарсылады. Ой орманы ішінен адаса жаздап көп сауалға
жауап іздейді. Көш құлаш ой тізгінін түйетін тұс сол - көз нүкте!
          Осынау
қым-қуат сабылған тіршілік көшінен өзгешелеу сүрлеу іздеуге мұршасы жете ме,
сірә?
          Бұл өмірдің
мәні - асханаға кезекші боп қарын шермиту... көрші сыныптағы көзі тостағандай
сүйкімді қызға хат жазу... доп қуу... құрбылары не істесе - солардың сарынына,
жырына ілесіп жортақтау ма?.. әлде бұл өмірдің одан басқа ойға тоқитын...
мысқал болса да ерекшелеу... селт еткізер бөлекшелеу өзге өрнегі табыла ма?..
Көрінбейтін көз нүктеге қадала-қадала... құрбылары жүгіре жосып сүркіл салған
доп қуудан қалады, көрікті қызға хат жазылмайды, аштан-аш, жападан-жалғыз
сірескеннен-сіресіп отырып күнді батырады. Қараптан-қарап жалғызсырап құлазып жабығады.
          «Осы да өмір
болып па тәйірі», - дейді түңіліп.
 Екінші баспалдақ
       Есте жоқ ерте
заманда жаналғыш әзірейіл періште біреудің бетіне қараған жалғыз ұлын ажал
шеңгеліне қысып, шыбын жанын көзіне көрсетіп қинап жатқан көрінеді. Етінен ет
кесіп ап жатса бір сәрі ғой, әрі-беріден: «Ә, сені ме!» - деп жүндей түтіп
жұлмалап зар еңіретіпті. Қаққанда қанын, соққанда сөлін алардай болып ызғарын
төгіпті. «Бұл азаптан құтылғың келсе - анаңның жүрегін әкеліп бер», - деп әрі-беріден
тепсінген кезде - жер тербетіліп, ай теңселіпті. «Мақұл, - депті бейбақ ұл,
-анамның жүрегін әкеліп берсем босатып қоя бересің бе?..» «Сен көр, мен көр,
өзіңмен ешбір шаруамыз болмайды, шешеңнің жүрегін әкеліп алақанымызға салсаң
жетеді!»
        Басқа түссе - баспақшыл. Бейбақ бала: «Мақұл»,
- деп келісімін беріп, кері бұрылып, аяғы аяғына тимей құстай ұшады.
Жүгіргеннен жүгіріп ел шетіндегі қарашаңырағына жетеді. Анасын құшағына алып
ботадай боздап тұрып басынан өткен оқиғаны мағлұм қылады. Мына суық сөзді
естіген бейбақ шеше: «Балам, ал жүрегімді, сен аман болсаң болғаны», - деп
келісімін береді. Шырқыраған шыбын жанын жарық дүниедегі анасының жылы алақаны,
адамгершілік ұстанымынан, ұлы сезімінен артық санаған безбүйрек, қаны қарайған
ұл - әлгі сөзді құлағы шалған бойда «құдай беріп қалды» деп ойлайды. Өзін жарық
дүниеге әкелген, ақ сүт беріп асырап өсірген анасының тұла бойын қызылала қан
қылып кеудесін жарып, жұдырықтай жүрегін жұлып алыпты.
        Жұлып алған
жүрек уысында... Дүние төңкеріліп бара жатқандай, жарық күн сөнгендей опасыздыққа
барғаны ойында жоқ; алақ-жұлақ кері бұрыла салып, жаналғаш әзірейіл періште жатқан
үңгір қайдасың деп құлапәре дедек қағып, құйындай ұшып келе жатады. Құйындай
ұшып келе жатып әлдебір тасқа сүрініп кетеді. Мұрттай ұшады. Тұмсығымен жер сүзе
құлайды. Сол мезетте... уысынан шоршып шығып кеткен шеше жүрегі... топыраққа
аунап жатып жұдырықтай жүрек дір етіп тілге келіпті.
        «- Құлыным-ай,
бір жерің ауырып қалған жоқ па!» -
        Ана бейбақтың
теңіздей терең, шегі-шеті көрінбейтін аналық сүйіспендік сезім - дүлейінің
сықпыты әлгі. Шыбын жаны үшін өзін құрбан еткені... кеудесінен қопарып, жүрегін
жұлып алғаны... қызылала қан қылғаны зәредей қаперінде жоқ... Кек сақтамаған
қалпы... қатыгез ұлды кешірген сыңайлы... «Әйтеуір сол бейбақ тірі жүрсінші...
Әйтеуір соның мал-мүлкі түгел болсыншы!..» деген ізгі ниет, ұлы мейірім
жетегінде ақыреттік сапарға барып-келіп бүлкілдеп жатқан шеше жүрегі сөйлеп қоя
берген ғой.
        «Бір жерің
ауырып қалмады ма?»
        Бұл жерде бар
гәп әзәзіл жалмауыз қанішердің: «Шешеңнің жүрегін әкеліп бер!» - деп кісінің
сай-сүйегін сырқыратар жосықсыз қатал үкім шығарғаны емес; әлгі «ләббай тақсыр»
деп құлдық ұрып жәркеленші қалпы құстай ұшып шешесінің жүрегін алып келуге
ұмтылған дәңгісарлау, дүмбілез дүдамал ұлдың қаныпезер қылығы да емес.
Әңгіменің түп төркіні - шешенің жалғыз перзентіне деген түпсіз терең
сүйіспенділігі мен өлшеусіз махабатында. Ғазиз ананың шын кешірімшілдігі мен
ұлы мейіріміне қарадай қайран қаласыз!
        Кешегі күңгірт
заманнан сары желдің уілі секілденіп бізге жеткен ескі әңгіменің мегзеуі,
мазмұны - ғаріп ананың артында қалған көзінің ағы мен қарасындай перзентіне
деген өтеусіз, өлшеусіз сүйіспендігі ғой. Ғасырлар белесінен құлағымызға
құлазыған көмескі үн үзіліп-үзіліп жететіндей сезілер.
        «Бір жерің
ауырып қалған жоқ па, құлыным».
        Дүниеде ерекше
қасиет дарыған, үкілі үмітпен туған көріпкел білгіштер болады. Солардың сөзіне
құлақ салсақ: ет бауыры езіліп, бір-бірін көрмесе тұра алмайтын, бірін-бірі
соншама жан-тәнімен құлай жақсы көретін кісілер тағдыр айдап ірге ажырап
қашықтап кетсе, алты айшылық алыс сапарда шалдығып жүрсе - бірінің басына
төнген қауіп-қатерді жер түбінде жүрген екіншісі аян беріп ғайыптан сезеді,
ішкі түйсігімен, сыртқы био-толқынымен болжайды дейді. Сезімі айрықша
өткірленіп жүрегі сыздап сезіп-білетін көрінеді.
        Осындағы
«сезімі өткірленіп» деген сөзге тоқтала кетелік.
        Дүниеде
қаншама адам болса - соншама тағдыр талайы, жазмыштың ирек жазуы, жазмыш формуласы.
Маңдайға жазылған жазмыштың ирек жазуы бармақ басындағы бедер-сызық секілді,
бірін-бірі ешқашан қайталамайды. Жер бетінде миллион, миллиард адам болса -
солардың мінез қалыбы, жұлдызының жану-жанбауы, тұрлауы мен тұрғысы соншама.
Кісі бойындағы ауыс-түйіс банкісі, тіршілік талайы, ой, қиял қабілеті әрқилы
боп, бірде бірін-бірі түсіне алмай, түсінбек түгілі бір көргеннен кірпідей
жиырылып, қарадай жауығып, атасының кегі кеткендей кеңірдектесіп жататыны;
келесіде сезім сәулесі жараса үйлесіп, шүйіркелесіп, сүйіспендік дертіне ұшырап
бір-біріне ұмтылатыны тіршілік заңы. Табиғатына тарта туғаннан.
        Биокомпьері
бай, телекинездік аурасы мол, кісінің ойын емеуріннен оқып-тоқып біле қоятын
қабілет иелері болады. Сезімі өткір деп соларды айтады.
        Көріпкелдік -
өткір сезімді кісіге қонады.
        Өткен ғасырдың
қырқыншы жылдары Семей елінің Қайнар ауылында, Мансұр есімді ел сыйлайтын
кәрияның қара шаңырағында өзгеше оқиға өткен. Хикаят желісіне «қан жүргізетін»
осынау оқиғаны баяндап берелік.
        Жер дүниені дүңкілдетіп, апшыны қуырып, ер
азаматты жіпке тізіп алып кетіп жатқан соғыс уағы. Күн екеш күннің өзі кешкілік
қанға малынғандай болып қызарып бататын көрінеді. Қырық төртінші жылдың мамыр
айы. Қайнар ауылының көк түтіні бірде тік шаншылып, келесіде жер бауырлап,
жатып шығып, сырт көзге тіршілік тынысы үзілмегенін сездіргендей. Пошташы
шалдың жалпылдаған тымағын, тепектеген көлігін көрген жұрт қарадай үркеді.
Қаралы қағаз алмаған отбасы кем. Табақтай ай тас төбеде ағарып тұрып-тұрып
бозғыл тартып, бояуы оңған кезде бозторғай шырылдайды, үйді-үйге жан бітіп
қыбырлайды. Қамшыкесті көлігін тепектетіп ауыл шетіне ілінген пошташы шал
Мансұр ақсақалдың үйіне ентелей кеп тізгін тірейді. Жіппен жалғап байлаған
үзеңгісі шірене-шірене үзілуге қалған. Көлігінен домалай түсіп, дорбасын
қолтығына қысып үйге сүңгиді. Үйдегілер қарадай үрпиеді.
        Ақай жоқ,
тұқай жоқ, пошташы шал төрге таман жорғалай озып, малдас құрып дөңгеленіп отыра
кетіп қос алақанын жайып бетін сипайды, құлқуалласын аңыратып қоя береді.
Мансұр ақсақалдың тамағына түйір-түйір жас кептеледі.
        -
«Ойбо-о-о-ой, жалғызымды жалмап келіп отырсың ба? - деп кимешекті қайыстай қара
кейуана шөмішті алып пошташы шалдың тізесін ұрады. Шалдың тізесі ағаш протез
боп шығады. Жаны көзіне көрініп ойбайын салып шаңқылдамайды, әйтсе де аузындағы
құлқуалласынан жаңылады. Сол екі арада үй іші ұлардай шулайды. Көршілер
сүрініп-қабынып кіріп кеп қозы жамырағандай көрісіп жатады. Мансұр ақсақалдың
тас түйін болып жұтқыншағына тірелген ащы өксік, шерлі жасы көз шарасынан
тамбай тұрып алады.
        - «Жалғыз ұл
майданда оққа ұшты дей ме қағазда».
        - «Ұшты-күйлі
жоғалды, таппадық, қаза болғандар қатарына  жатқыздық депті!».
        - «Жатқыздығы
қалай? Тірі адамды жатқызады, өлі адамды «жоқ» деп соңына нүкте қоя салады,
бәтшағар-ау».
        - «Ғаскер
генералының сөзі әлгідей болса неғыл дейсіз? - деп пошташы шал азар да безер, -
генерал қол қойған қара қағаз мінекей, дерегін таппадық, өлдіге санадық деген
жазуы әнекей!..», - деп ағаш тізесін сықырлата басып, жылыстап шығып кетуге
айналады.
        Мал
жамырағандай ызы-шу желпілдеткен қаралы үй көпке дейін тыншымайды. Біреу
ботадай боздап «ой, бауырымдап» кіріп келе жатады, біреу қаралы үйдің ошағын
бықсытады, келесі ақсақалдың ұлына бәсіре етіп бағып жүрген қорадағы жалғыз
тоқтысын алып ұрып пышаққа жығады.. Бәсіре тоқты боршаланып қазанға түседі.
Ауыл үйдің молдасы түн жарымы ауа былбырап піскен тоқтының басын тықырлап
мүжіп, сырттан шот алғызып, бастың шүйдесін ашып, саусағын сұғып миын ап жейді.
Бәкісін сүртіп қалтасына салады. Қолын жайып қоңыр үнмен құлқуалласын ұзағынан
қайырады. Таң бозара жұрт үйді-үйіне тарасады.
        Осы мезет.
        Төргі бөлмеде,
үлкен ағаш төсек үстінде сабылысып кіріп-шығып жатқын көршілерге назарын
салмай, ауыл молдасының күңірентіп оқыған құранына қолын жаймай, көптен бері
нәр сызбай, тас мүсінге ұқсап сазарғаннан сазарып қайыстай қара кейуана,
Аймұхаметтің анасы - есі ауған кісідей шаншылып отырған. Бірауық талығып кетіп
қолтығындағы көпшікке қисайған. Жұрт тараған таңсәрі, ошақ оты өшкен. Маңай
марғау тыныштыққа ұйыған. Әлден уақытта қисайып жатқан балбал кейуана басын
жастықтан оқыс жұлып алады. Арғы көмейінен біртүрлі құлазыған үн шығарады.
Кернейден өткен азынаған жел үні секілді.
        «Аймұхамет
құлынымның «апа» деген ап-анық даусын естимін, қыр астында ат шалдырып жүрген
секілді»,-дейді кейуана.
        Былайғы жұрт,
үй иесі Мансұр, қызметші келіншек: «Мынаның шыны ма, өтірігі ме» дегендей
бастарын жастықтан жұлып-жұлып ап аңырайысып қарайды. Балбал тасқа ұқсаған
кейуанаға жалтақтайды.
        «Апа» деген
ұлымның үнін қазір ғана естідім», - дейді қаралы кейуана.
        Аз айт, көп
айт, осы оқиғадан кейін көпке дейін Мансұр ақсақалдың фәнилік серігі - балбал
кейуана қайғыдан қаусап, сөгіліп, еш оңала алмайды. Ұйқысы ұйқы емес. Ас ішіп
жарытпайды. Шаруаға қайрылмайды. Я ұйқылы екені, я ояу екені белгісіз, көзін
тарса жұмып көпшікке қисайып жатады-дағы бозала таң алдында, торғай шырылы
естілер-естілместе басын жастықтан қақшаң еткізіп жұлып алып маңайына үрейлене
көз тігеді. Үні жер астынан шыққандай естіледі.
        «Құлынымның
«апа» деген даусын құлағым шалады».
        Бір көргенге -
суретке басқандай - берісі Бөрілі, әрісі Жидебай бойының сүт бетіне тұрған
таңғы қаймақтай уыз дәмді табиғат көрінісі көңілден, көзден еш жуылмайды. Әуелі
баялыш, тобылғы, шие жапырағына мөлдіреп шық тұрады. Күн көзі шырадай жанған
кезде жапырақ дегдіп жүзін жуады. Көбелек қолшатыр - қанатын жайып, бозторғай
шырылы сыбызғы шалғандай құлақта үзіліп тұрып алады.
        Құнанбайдың
атасы Кеңгірбай егделене келе жол басына шығып төбедей үйіліп отыруды әдет
қылыпты. Бұлдырап көсіліп жатқан күнбатысқа күн сала қарап: «Беу, жалған-ай,
үйір-үйір жылқыны, келе-келе түйені, маңайымда шулаған жақын-жұрағатымды қияр
едім-ау, керегедей тобылғың мен бұратылған бұйра жусанды о дүниеге қалай алып
кетермін!» - деп көңілі бұзылып, қабырғасы сөгіліп отырып қалады екен.
Табиғаттың суреті - магия, арбаушы күш. Жүзді алқымдаған ақсақалды арбап алған,
көзіне сурет, жүрегіне қан бүлкілі боп сіңген табиғат сұлулығы о дүниенің
көрінде де тыныш жатқызбас-ау! Кеңгірбай кәрия маңайын сипалап, түгін тартсаң
миы шыққан топырақты уыстап иіскеп, есеңгірегендей кепке еніп, күндердің күні
отырысы тояттаған бүркітке ұқсапты. Осы сурет, кәрінің сүйегіне, жастың мінезіне
сіңген құдіреттей күш жүре-бара сары сағынышқа айналыпты. Туған жерден жырақтап
кеткен ұлының уақыт өте сүйегіне сағыныш уы өтіпті. Үлкендердің маңдайына ұлы
уәйім тереңдей сіңіп әжім сызыпты. Майданға, батысқа аттанған біраз ұлдың
хатының басын: «Ауыл орнында ма? Қозы-лақ көкке ілікті ме?»-деп төгілдіруі
қызық еді. Алыстың дәм-тұзы тартқан Аймұхаметтің соңғы хатында: «Түсіме құданың
құдіреті шиесі малынған Қарауылдың жап-жасыл шоқысы еніпті»,- жер деп шетінде әлгі
айтқан суретті бір көруге зар болып жүзі сағыныштан  сарғайып неғып жүр десейші!
        Көк жүзінен
сабалақ бұлтын дүркірете қуып көктем өтеді. Селеу басын қуратып, сары желін
сабылтып жаз келеді. Жұрт суішкілік қамымен ойға, қырға жөңкіледі. Ақсақалдың
үйінде жаназа кезінде қайыстай қара кейуананың майданда оққа ұшқан ұлы туралы
«үнін естідім», -  деген сөзі бірте-бірте
ұмытыла бастайды. Жалғыз ұлынан айрылып қайғыдан қан жұтқан шерлі кейуана не
демейді, ақылы ауысқан... ойы ортайған... бір дем ары, бір дем бері болып жүріп
айтқан сандырақ сөзі шығар деседі... Қаралы қағаздың кепиеті жел боп тиді ме
деп болжайды.
        Со жылғы қыс
аса қатты келіп үй-үйдің есігін тырмалап аш бөріше ұлығаны есте қапты. Әй,
қалың қардың жатысы жаман, биыл көктем шықпайтын-ақ шығар деп жіңішкенің
үзілгелі бет алған шағында... бір күндері күн көзі жылт еткені, сіре қардың
көбесі сөгіліп қоя бергені. Қар жамылған жон үсті ел-селі шығып терлегені.
Мансұр ақсақал шидем шекпенін жамылып ауыл сыртын төңіректеп жүрген уағы.
        «Тайыншаны
сойып, ботқа жасап, елді жиып молда шақырып, жалғыз ұлыма ас беремін», - дейді.
Үлкеннің бір ауыз сөзі бұл елде ешқашан жерде қалмайды, айтты-бітті, ауылдастар
бір атаның баласындай білек сыбанып, біреуі мал сояды, келесісі ошақ ояды, бас
үйітеді, үшіншісі үйді-үйді аралап ауылды асқа шақырады, төртіншісі отын-су
жеткізеді; көптің аты - көп емес пе, үлкендердің айтқанын со заматында
дөңгелетіп әкетеді. Асқа жиналған жұрт семіз тайыншаның етін пісіріп тау ғып
үйіп, сәбізін мол турап, баптап басқан палауға мелдектеп тойып, қолдарын майлыққа
сүртіп, тістерін шұқып бөксесін лып көтеріп дастарқаннан кері шегініп, алыс
майдан шебінде шейіт болған боздақты еске алысып;
          «Оқ тиіп
опат болмағанда ғой қатарымызда малдас құрып осылай отырмас па еді», - десіп;
          «Өз алдына
түтін түтете алмай кетті, жарқылдап жүріп қимылдаған кезде қай шаруаны да дөңгелетіп
әкететін жігіттің нары еді», - десіп, жанарына жас үйіріп;
          ауыл молдасы
төр жақтан тамағын кенеп құран аятын кернейлетіп соза бастаған мезетте
          қыр беткейден
көздері шалады. Солдат шинелінің етегі жалпылдаған жалғыз жаяу түсіп келе
жатады. Даладағы кісілер демдерін ішіне жұтып, көздерін сүзіп үңіле қалады.
Үйдегілер: «Ол кім екен?» - десіп сыбыр, күбірге кезек береді. Қиырдан ығысып
келе жатқан әлдебір қорқынышты құбыжық көргендей еркектер жағы ежірейісіп, біраздасын
барып естерін жиып: «Ой, мынау майданнан жараланып бір жамбастап келе жатқан
Аймұхамет қой, жүрісінен жыға танып тұрмын» - дегені. Былайғылар сенерін де,
сенбесін де білмей өрт көргендей шу ете түседі.
          - Не
сандалып тұрсың-әй!
          - Жаназасын
әлдеқашан шығарып, құдайы асын адалдап беріп жатқан кісі көрінен тұрып дорба
арқалап келе жатыр дегенге кім сенеді!
          -
Маңдайыңдағы көз бе, әлде без бе? Көкпар тартысып, құлын тайдай тебісіп өскен
Аймұхамет құрдасымды танымасам алжасып-ақ кетейін! Дәп сол өзі , еңкіштенген
жүрісі, танауы делдиген күлісі...
        - Қатым
құранына Мансұр байқұстың құнан қойын алып үлгерген молдадан ұят болды-ау!..
          Дегенше
болған жоқ жаяулатып, иығындағы дорбасы салақтап әр жерден бір басып келе
жатқан жалғыз қара ауыл іргесіне ілігеді. Тура беттеп салып келеді. Жүрісі
жіті, мінезі кіді. Осы мезет үлкен үйдегі кейуана дауыс сап жіберді. Көрмей,
білмей жатып-ақ жүрегінің лүпілімен сезеді. «Ойбауырымдап» аһ ұрып
сүрініп-жығылып сыртқа ұмтылды. Үні ірімтіктеніп алапты көшіреді. Асқа
жиналған, майлы палауға мелдектеп тойған үлкендер жағы маңайын сипалап, қарадай
қарманып, бірі бөркін, бірі қамшысын іздеп жердің жарығы болса еніп кетуге
бейіл - күрік болған тауықша азаланып бір отырып, бір тұрады. Тірі жүріп осынау
тіршіліктің көп нәрсесін ұмытқан пендеге не жосық! Аяқ астынан ұмытшақтар еліне
айналады.
        Әлгіде ғана
ошаққа май тамызғандай маужырап еңкейген күнді көкжиек іргесінен алабажақ бұлт
жұта бастапты. Ағаш қадаға қанын сорғалатып ілген өкпе-бауыр секілді. Маңайын
өрттей қанық бояуға малады. Үлкендер жағы жайсыз көріністен ішін басып
жөткірініп түршіге қалады.
        Үйден сүріне
басып сыртқа сытылған, басына қарқарадай кимешек салған, кеменің желкеніне
ұқсаған кейуана - ана жіті басып емпеңдеп тақап қалған Аймұхаметтің анасы: «Аһ,
құлыным!» - деп құшағын ашты. Көкірегі қарс айрылғандай ащы үн шығарды. Төңкеріле
басып, өлдім-талдым домаланып тақап келген жаралы жауынгер әш-пұш дегенше болмай
анасының құшағына жұтылады. Кейуананың көкірегі шерге, мұңға толып қапты. Алыс
сапарға шыққан кеменің жел керген желкеніне ұқсап желбіреп... теңселіп... аһ
ұрып... жер алапты көшіріп жоқтау айтып аңырағанда - жұрттың бәрі босады. Тоқтау
айтып тәубаға шақырар адамның болмағаны ит қорлық екен. Кәрінің тісіндей елде
қалған бірен-саран құрбы-құрдас бой-бой болып егіліп олар жүр. Балалар жағы:
«Өлген адам, құдайы асын берген кісі қапелімде қайтадан тіріліп кепті», - деп
үрпиісіп үдереді. Ақсақалдың қатым құранға деп атаған құнан қойын қоймай жүріп
үйіне жетелеп жеткен молдекең неғыларын білмей жер шұқиды.
        Аймұхамет
батысқа еңкейген күн астында, Одер қалашығын алу шабуылында, кіші бесін
уағында... оқыстан оққа ұшып... оңбай жараланыпты... Домалақ жердің арғы
қабағында қалқиған Қарауыл етегінде жерошаққа нан жауып жатқан кейуананың оқыстан
жүрегі шаншып ауыратыны осы мезет. Сонда қалай?.. Ұлының жанын алғалы келген
әзәзіл ажалдың суық лебін жер түбінде жүрген ананың жүрегі қалай сезген?.. Қай
құдірет кімге не деп сыбырлап аян берген?.. Жұмбақ жауабы әзірге табыла қоймасы
белгілі.
        Қара санына
снаряд жарықшағы бойлап сіңген Аймұхамет қаны көп кетіп, есі шығасылы-кіресілі
болып жатқанда, жорық палаткасында дәрігерлер сүйрелеп жүріп операция үстеліне
жатқызып пышаққа түседі. Жарықшақ бұлшық ет клеткаларын улап, шіріп, гангренаға
айнала бастайды, тереңдеп сіңген жарықшақты жылдам сылып тастамаққа - қолы
жеңіл хирург екі сағат сүмек боп терлепті. Түс көрген кісіге ұқсап талығып жата
беріпті. Есінен танып жатып... салқын сыз иісті о дүниенің есігін: «Ашыңдаршы!»
деп әлденеше мәрте күбірлепті, әрі итеріп, бері итеріп - ашқыза алмай
діңкелепті!
        Аласұрып
жатқанда құлағына анасының даусы еміс-еміс талығып жетеді. «Құлыным!» - депті
әлгі үн үздігіп, - о, дүниенің қатты жабылған қараңғы есігін жұлқылап қайтесің!
Қайт кері!..» Осы үн, әлгі құлазыңқы қатқыл ана дауысы бұ дүниенің қан сасыған,
атыс-шабысы, тарсыл-гүрсілден ес кетіп, жан шыққандай әбден зәрезап болып
түңілген,
        жарық дүниеден
күдер үзген,
        тәтті өмірінің
дәмі кеткен,
        «көп көрген
жаныңды алсаң - алшы!» - деп жар жиегінде ажал ернегінде қалтылдап құлағалы
тұрған жалғыз ұлды жарық дүниеге қол бұлғап қайыра шақырып алған - шерлі ананың
әзіз үні дейді. Жоқтап жылаған ышқынысы. Бір дем ары, бір дем бері, барып-келіп
жатып ажалдың апан аузына жұтыла жаздаған жалғыз ұлға жер түбінен қол созғаны,
ажал тырнағынан ажыратып алғаны... анасының елес-сұлбасы құтқарғаны.
        Шеше мен
перзент қиналған кезде жер түбінен бір-біріне жанұшыра көмекке шақырған ғылымдағы
телекинез бе, әлде аян беріп ара түсу ме? Тайғанақтау жар ернекке жеткен кезде,
тығырыққа тірелген мезетте - ана мен баланың жандары жалғасып, табысып кетеді
деген рас сөз бе!.. Әлде жазмыштың формуласы солай түзілген бе?!
        Осы жұрт жапатармағай өлдіге санап, қара
қағазға иланып, жаназысын шығарып, құдайы асын беріп жатқан кезде батып бара
жатқан күннің бетінен түскен адам секілденіп - алыс майданнан жас солдаттың
жаяу-жалпы қайтып оралғаны керемет. Жұрт жиналып, үлкен үйге үйіліп, аруаққа
бағыштап құран оқып қол жайып, бет сипаған мезетте - шерлі шешенің екі бүйірін
таянып шаншылып отырып: «Жоқ, құлыным әлі тірі», - деп бет бақтырмай қасарысып
ішкі сезімге, берік сенімге табан тіреп сірескені ғажайып. Дөңгеленген дүниеде біз
білмейтін құпия ғажайып сыр толып жатыр. Соның бірі - жанның бірге жаралуы,
бірін-бірі өліп-өшіп жақын тұтқан, бірінсіз бірі жеке дара жүре алмайтын
адамдардың жан бірлігі, жазмыштың формуласы туралы жіліктің майы секілді
мәйекті оқиға осы.
         
                                             
Үшінші баспалдақ
 
          Үлкен жолдың
бойында орын тепкен шағын ғана тоқал там. Тозығы жеткені сонша - бүгін болмаса
ертең жерге сіңіп кетердей  еңкіштене
түскен. Тоқал тамның есігі күнбатысқа қараған, оң жағында қос терезелі үй
иесінің қара шаңырағы - от жағып, түтін түтеткен жылы ошағы. Жапырайған қисық
мұржадан таң алакеуімнен сұйық түтін бұрқ етер, малды жайғап есік алдын
сыпырып, еңкіш есіктен бас сұққан отағасы сәрілік шайға тізе бүгер. Тетелес
ағасы дастарқан жайып күрең шай ұсынар, әжік-күжік әңгіме басталар.
        - Ақтөс тазы
мен кішкентай Санжар іші пысады, күн көтеріле бала мен ит қолды-аяққа тұрмай
безектейді, - дейді тетелес ағасы әкесіне мұңын шаққандай сыңаймен, - тазы ғой
төбе басында шошайып қарауыл қарап қылт еткен түлкі мен қоянды алыстан шалып
ұстап жеуге дағдыланды. Ал Санжар тамның басына шығып балбал тасқа ұқсап күн
ұзаққа табжылмайды.
        - Ит шіркін
ішқұста болып қаңғып кетпес, мына бала тіл-ауыздан қалып, омақаша үйіліп отырып
қияли боп қала ма деген қаупім бар.
          Осыны айтып
жол қараушы Мәлібек суыған шайын қылғына жұтып, дастарқан жиегін сілке қайырып,
өз батасы өзінде, сықырлай тұрып сыртқа сытылады. Жол қапшығын иығына асып
соңынан ілесе шыққан ересек ұлына дауыстайды.
        - Байқа, бала
қиялданып отырып тамнан құлап кетпесін.
          Там басында
шошайып шашын ұстарамен қырғызған, көйлек, дамбалы күнге оңып дәкеше ыдыраған
қарадомалақ бала ұзақты күн малдас құрып отырар. Көз ұшындағы ирек сағымға,
сағымға ұқсас жөңкілген бұлтқа, арлы-берлі дамылсыз сабылған поезға күн сала
қарар. Сонадай жерде ұшқасып-тіресіп өтіп бара жатқан жолшылар саусағын
шошайтар.
        - Ана бала я
елден асқан данышпан болар, я көжесін жылап ішетін мәңгібас шығар.
        - Ойын баласы
болып ойға-қырға еш аттап баспайды, балбал тасқа ұқсайды.
        - Бәтшағардың
көзінен қорқам!
          Осылайша
әжік-күжік әңгімемен жолшылардың қарасы үзілер, екіндіге күн еңкейер, көлеңке
ұзарып, көз байланар. Бала шіркін өз қиялын өзі ермек етіп, мына мидай жазықтың
қиыр шетінде шаңға көміліп жатқан тарих дүбірін күн қыздырған тақырдан, жалғызаяқ
жолдан, уілдеген желден, жусан бүрінен, құс қанатының суылынан тыңдап үйренген
қарадомалақ - бірте-бірте осынау даланың бетінен кіндігі үзілмеген жаны жалғас
сыңарына айналды.
          дала
сағымының сары бояуын көзіне сіңірді;
          бір дем ары,
бір дем бері уілдеп үзілмейтін жел уілін түсінетін халге жетті.
          Көкірек
көзінде құба дүз даланың бұратылып аққан өзені, иілген сәмбі талы, көк жусанның
қышқылтым иісі сіңген балаға дала иесінің, дала пірінің назары түсті, айдалада
шошайтып кісікиік қылмай, кісілерге қосайын дегені болар, бәлкім; көкірегіне
өнер дарытты. Ол өнер: даланың мың құбылған бояу сырын, тіршілік сарынын, сәуле
сызығын ақ қағазға түсірсем деген ұлы дәме болатын!
        Өмір сүруді
бірде азап, бірде дозаққа айналдыру осы жүрген өзімізден, өз мінезімізден.
        Темір жол
бойындағы шағын ауылдың әр үйі, әр көшесі бала жастан көзіне жылы ұшырайды,
алыстан қараған кісіге Санжар бала үйдің төбесіндегі пеш мұржасына ұқсайды.
Әудем жерден жолшылар тырнадай тізбектеліп өтіп бара жатады. Иықтарында
құрал-жабдығын салған дорба.  Арнайы
тігілген брезент спецовкасын киіп алған. Бейне дала бетінен елеусіз жылжып өтіп
бара жатқан көлеңкелер секілді.
        Жылдар жылжып
өте берді.
        Көрінбейтін
көз нүктеге қадалайын десе - дүрсілдеген жүрісі жайсыз поезд селкілдетіп,
әрнәрсенің тұсынан ала қашып, алаңдатып, құлапәре құйғытып ойын орнықтырмайды.
          Дүниенің
осыншалық кеңдігіне қайран қалады ғой!
        Шүйкедей ауыл,
одан асса ақ топырақ арасындағы аудан орталығы, одан асса төбесінен құм жауып,
жазда аңызақ желі, қыста ызғырық аязы өкпені қысқан облыс орталығын көрген
қарадомалаққа - тескен таудан өтіп, бас айналғандай құз іргесін кемерлей
жүйткіп, бірінің иығына бірі мінгескен алып тауларға тақағанда - бет алдынан
көз нүктесі ызым-ғайып жоғалып, көз жетпес мігірсіз көкжиек,
          алжасыл ағаш
иықтасып,
          тұнып өскен
қызғалдақ,
          сары сәске
сағымы -
          перде
тұтқанда барып басы кеудесіне домалап қалғып кетіпті. Қисаятын бос орын таппай,
екі бүктетіліп отырған күйі, шай ішетін шағын тапшанға маңдайын төсеп көз
шырымын алған болды. Не кереметінің барын кім білген! Поезд күн бойы
жүйткігеннен жүйткіп қалың тауды артқа тастап, құба дүз жазыққа шыққанда күн
қызыл иектеніп пәске кідіріп тұрды-тұрды да көкжиекке еріп сіңді. Қасқа
маңдайға күміс қағына ұстаған ай көтерілді. Сол ай терезе әйнегінен сығалап
түні бойы жолаушыға ілесті де отырды. Я қалып қоймайды, я озып кетпейді.
Қанжығаға ілінген күміс қалқан секілді.
           Маңдайын
тақтай тапшаннан алмаған күйі құс ұйқыға шомған. Ай сәулесіне ілесе әйнектен
түсіп Күләнда шешесі төбесіне төніпті. «Құлдығым, қалайсың?» - деп жып-жылы
алақанымен басынан сипайды. Қарадомалақтың үні шықпай, тамағына түйір-түйір жас
кептеледі. Анасына деген сағынышы уыз сары түске айналып кілегейленеді. «Оқу
іздеп осынша сабылмай-ақ облыс орталығына түссең нетеді, құлдығым?..»
          Кәмелеттік
аттестатты төрт бүктеп төс қалтасына салып, салдырлаған көк поезға отырып үлкен
қалаға оқу іздеп шығудың алдында шүйкедей ауылдағы жесір кемпірдің кесегін
құйды.
          Бозторғай шырылдай төсегінен ытқып тұрады.
Көйлек-дамбалшаң сыртқа сытылады. Қақпаға сүйеген - жуып, тікшитіп қойған басы
табақтай кетпенді иығына асады. Ауыл шетіндегі алаңқайға жылдам басып жетеді.
Алаңқайда ұра ғып қазған қазаншұңқыр, ағаш қалып. Екі жауырыны бүлкілдеп лай
илеп, сабан қосып, кетпендеп екі-үш мәрте аударып, балшықты «пісіреді». «Пісуі
жеткен» балшықты ағаш қалыпқа салып, лып көтеріп, тірсегі-тірсегіне тоғысып
алаңқайдың шетіне апарып төңкеріп қалады. Иі қанған, қалыпталған, кесек қалпы
қос-қостан тізіліп түседі. Осы қимыл түске дейін сан қайталанады. Меже -  мың. Әр қалыпты төңкерген сайын қос кесектен
түседі. Дәл осылай бес жүз мәрте бүгіліп, балшық илеп, қалыпқа сап, мықшыңдап
алаңқайға тасып, дөңгелетіп тізе берер. Ащы тері көзіне құйылар.
          Күн тас
төбеге жеткенде көлеңкелі күркеге құлай кетіп жан шақырады. Шалап жұтады,
қатқан нанды қытыр-қытыр кеміріп талғажу етеді. Кешке дейін жалаңаш
қабырғасынан күн көрініп имеңдеп, сан мәрте иіліп, бүгіліп балшық илейді,
қалыптайды, дедек қағып  кесек тасиды.
Күн көкжиекке қызылиектене - балшығы түгесілген қазаншұңқырға жаңа кетпендеп
топырақ төгіп, сабан шашып, су құйып ертеңгі кесекке балшық бөктіріп қоймақ
ләзім. «Піспеген балшық» кесек боп жарымайды. Жалаң аяғымен кешіп, кетпендеп
аударып, қас қарайғанша иін қандырады.
          Күнде осы
тіршілік дөңгелегі қайталанады.
          Айдың
соңында жиырма мың кесек күнге кебеді. Жүгіріп жүріп кесекті текшелеп жинап,
сорғалаған терін саусағымен сыпырып, белін жазып, аяңдап жесір кемпірге келеді.
Жесір кемпір кесекті күн көтерілгенше санайды, күн ауған соң тағы санайды, қас
қарая жаулығының ұшындағы түйіншекті шешіп, орауын жазып жүз теңгені он рет
есептеп қолына ұстатады.
          Ай бойғы
ғазауат бейнет - белін үзіп, сүйегін сырқыратып, тасқаяқтай тоғысып, көзі
кіртиіп жүріп тапқан жүз сом ышқырының ішінде тігулі... салдыраған поездың ең
арзан көпшілік вагонына аяқ іліктіріп, өлдім дегенде шеткі орындыққа тізе
бүгіп, мөлигеннен мөлиіп отырған кішкентай қара бала - Санжар.
        Поезда келе
жатқан Санжар түсіне енген анасының елесіне не деп жауап берерін білмей терең
күрсінді. «Оқу іздеп осынша алысқа сабылмай-ақ облыс орталығына түссең нетеді,
құлдығым?..» деген сауалға не десін енді. Жан әлемін ащы түтін жайлағандай
тұншыға күбірлейді. «Жолың болсын, құлдығым, аруақ қолдаған бала едің», - деп Күләнда
шешесінің елесі ерін ұшымен күбірлеп шегініп-шегініп жоғалып кетеді. Есін
жиғандай болып басын көтергені сол еді. Көз алдына аппақ нұр тартылады.
        Бұлар мінген
поезд қар жамылған аппақ тауға арқасын сүйеген қалаға ентелей еніп келеді.
           Қисық
аяқтана басып жүріп жатақхана іздегені... қиқымдай талапкердің арасынан әзер
жол тауып денсаулығын тексерткені... саябақтың сымтеміріне өрмелеп ішіне ырғып
өтемін деп қызыл жағалыға ұсталғаны... шашын он екі өрім етіп өрген өрік
секілді уылжып піскен қызға балмұздақ әпергені еш қызық емес; қызығы - құжат тапсыруға
кезекке тұрғаны.
           Өңшең
көгенкөз талапкер иінтіреседі, көйлегі терге ылжырап денесіне жабысады.
Әңірейген кең залдың оң бұрышындағы құжат қабылдап отырған келіншекке кезегі
жетеді. Қобыраған қағазын ұсынған. Келіншек шоқ басқандай ыршып түседі.
        - Бала, мына
аттестатыңды екі түрлі себеппен қабылдай алмаймыз, - дейді.
        - Е, неге! -
деді Санжар, үстіне салқын су шашып жібергендей түршікті.
        - Біріншіден:
аттестатыңның қазақша беті толтырылған, орысша беті толтырылмаған, - деді құжат
қабылдайтын әйел әр сөзін тақтаға жазғандай ғып. Есіне енді түсті: мына Санжар
аттестат әкелетін мектеп директоры ауданнан кешіккен соң, сіріңке қорабы
секілді автобусқа отырып кеңшар орталығына директорды өз аяғымен іздеп шыққан.
Басқарманың үйінде арақ ішіп отырған жерінен тапқан. Директор мұны көре сап:
«Оқуға баратыныңды ұмытып кетіппін, қазір жазып беремін, - деп сөмкесінен бір
буда толтырылмаған аттестат алып, ішінен су жаңасын суырып, қаламсабымен
сусылдатып жаза бастаған. Әлден уақытта дауыстап: - Костюмімнің қалтасынан
мөрді әпер, - дейді. Ағайының жалма-жан қолын ұзартады. Ағайы мөрді ала сап,
аузына тосып, үрлеп жіберіп, көк параққа сарт басады. «Ал, шәкіртім, жүре бер,
жолың болсын», - деп аттестатты қолына ұстата салады. Асығыста орысша бетін
толтыруды тарса есінен шығарыпты. Сорлатқанда негізгі құжатын қабылдамай
шаршатты. - Екіншіден: аттестаттың шеті жыртылған, әлдекім үзіп шолтитып
тастаған.
           Алда ғана
қырсық-ай! Есіне енді оралды. Әлгіде топырлаған қарадомалақтар кезегінде тұрып
ыстықтап, пысынап ызасы кеп қолындағы бүктеулі қағазды бір тістеп ап түкіріп
тастаған. Жаңа аңғарды - әлгі тісімен тістеп жұлып алғаны - аттестаттың бұрышы
болып шықты. Жұлып алғанымен қоймай түкке алғысыз нәрседей түкіріп тастағанын
қайтерсің!  Қырсық бір айналдырса, шыр
айналдырады.
        - Әй, бала,
неғып сілейіп тұрсың? Айттым ғой екі себептен құжатыңды қабылдамаймыз деп!
        Жас әйелдің
жіңішке үні құлағына шыңылдап естілді. Ыстықтан балқып тұрған денесіне салқын
су шашып жібергендей түршікті. Жер төңкеріліп бара жатқан секілді. Сілейген
күйі не істерін білмей, құлақ шекесіне оқыс соққы тигендей есеңгіреген күйі
тәлтіректеп кері шегінді. Топтан жырылып шығып есік алдында отырған жардай
жігітке жақындады. Әлгі жігітің алдына «жауапты хатшы» деген жазу ілінген.
Судан шыққан суыр секілденіп солбырайып, сүлеленіп жақындаған бұл көкеңе жардай
жігіт есіркей, мүсіркей тіл қатты.
        - Бала, еңсең
түсіп кетіпті!
        - Ғажайып
сәулетші болсам деген ем.
        - Ол баланың
аттестаты жарамсыз, - деді желке тұсынан құжат қабылдайтын келіншек, - орысша
жағы толтырусыз, әрі ұшын жыртып тастапты!
        Жардай жігіт
Санжардың ұсқынына сынай, міней көз тікті.
        - Әй, Дәмеш, -
деді төрдегі құжат қабылдайтын келіншекке дауыстап, - бұл бала бәрібір оқуға
түсе алмайды, түссе құлағымды кесіп берейін! Енді еліне барып аттестат
ауыстырып келу қайда бұған. Меселі қайтпасын, құласа емтиханнан құласын, Құдай
есіркесін ала салшы бір жолға құжатын!
        Әлгі жардай
жігіттің сөзіне құлақ асқан келіншек бұл көкеңді алдына келтіріп - құжатын
қабылдай салды. «Емтихандық парақ» деген жазу басылған қағазды қолына ұстатты.
          Осы мезет
Санжар құдай бар екен деп ойлады! Есік алдындағы жардай жігіттің аяушылығын
туғызған, мұның аузына «болам» деген тірі сөзді салғызған періште шығар бәлкім.
Анасының баяғы түсіне енген   елбіреген,
елжіреген сұлбасы құлағына тақап кеп: «Қарғымның аруақ қолдайтыны бар», - деуі
тегін болмас-ау, сірә!
        Қиқымдай қалың
емтиханның бірінен болмаса біріне сүрініп - мойнын ішіне алып домалап құриды
ғой деп жобалаған - қарғаның балапанындай қарадомалақ жазбашадан төрт,
ауызшадан бес алып. «Әй, осы жолым құлап қарасы батады ғой»,- деп жобалаған
қатал профессордың алдынан сүріне жаздап бойын тіктегені жадында қалыпты. Әлгі
профессор терлеп-тепшіп ақ құманынан көк шай ішіп, қасындағы қылқи мойын
ассистентпен сөз ұзартып сөйлесіп отырып, сірескеннен сіресіп мұның жауабына еш
құлақ салмайды. Бұл көкең білгенін самбырлап айта түседі. Мүдіруге мұрша жоқ.
Әлден уақытта қатал профессор терлеп-тепшіп отырды-дағы:
        - Түгін
қалдырмай жаттап апсың ғой, - деді мырс етіп.
        - Таңғы сағат
бестен тұрып жаттадым, ағай.
        - Жаттаған
нәрсе санаға ем болмайды, бала, бір айдан соң 
ұмытып үлгересің! Ал, мына формуланы жазшы! - деп алдындағы ақ параққа
электрдің қуат күшінің басқы әрпін жазады: бұл көкең арғы жағын сарт түсіреді;
қысым заңы, тартылыс заңы, кернеу заңы, Ом заңы, Квант заңы - басқы таңбасын
зырқыратып шаппа-шап түсірген мезет - шәкірт бала әлгі заңның аяқ жағын сарт
еткізіп жаза салады. Ұстаз басын келтіреді, бала аяғын құп үйлестіреді.
Осылайша қайым айтысына түскен ақындарға ұқсап қарсыласып біраз ырғасты.
Оқытушы алдындағы қарғадай баланың зеректігіне көз жеткізді, көңілі иланды.
Біраздасын барып:
        - Төрт қоямын,
- деді, - одан арғыға аттап баса алмайсың, мандымайсың,
бала.
        - Ағатай,
арманым үлкен сәулетші болу. Бір балым жетпесе - ауылға қаңғып кетем, поезға
түсіп өлем.
        - Өйтіп
қорқытпа!
        - Әке-шешем
қайтыс болған, тас жетіммін, ала жаздай кесек құйып тапқан ақшама әзер жеткем!
        - Міне, қаптаған жетімек!.. көзіне көк
шыбын үймелегендер өңшең!.. үлкен оқуды өстіп жүріп жаулап алғысы келеді...
кілең жалаңаяқ - босяктар!.. - деп жерге қарап түңілгендей болып қатал
профессор қасындағы ассистентіне қарады, жалпақ алақанын бата жасайтын кісіше
жайып жібергені. Жанарын ашып-жұмды. Жанындағы жарбимасы суып қалған көк шайды
кесеге құрқылдатып кеп құйды. Профессордың көңілі жібіді ме, әлде басқа ойы
болды ма, әлден уақытта келідей басын шайқап, мырс етіп күлді. Бұл көкеңнің
емтихан парағына «бес» бағасын қойып берді. Профессордың иығы көтеріліп
қоқиланып, төбесінен қарағаны ерсі.
            Санжар бала
бұл күнде жасөспірім жасына жетіп үлкен қала -  
Астанада мемлекеттік Сәулет-құрылыс университетіне түсті. Жыртық үйдің
құдайы бар дегендей ғой: «Осы бала күндердің күні бір жерден шығар, қол ұшын
берейік, қолтығынан демеп жіберейік», - деген жан баласы табылмады. Аяғы аяғына
тасқаяқтай тоғысып жүріп оқу орнын өзі іздеп тапты, өзі құлшынды, қиқымдай қалың
конкурстан көпірден өткендей құлап қалмай әзер өтті. Сол-сол-ақ екен, сиясорғыш
қағазына ұқсады. Кітапхананы екінші баспанасы етіп, елдің ең соңынан қалып,
қарауылмен қосыла жауып шығып жүрді. Лекцияға алғашқылардың бірі боп еніп,
салақұлаш сауал қойып сабақтың  ең
соңында қалатын әдет тапты. «Алғыр бала» атанды.         
          Тағдыр -
әжім секілді маңдайға жазылған жазу. Жазу иесі жарық дүниеге келмес бұрын,
атаңның ағзасы, анаңның қаны арқылы қосылып сүттей ұйып сүзіліп, тек құрап
келешек күндердің ғажайып формуласын түзеді. Артық-кемін өмір тезі өзі түзеп
епке келтіреді. Тағдыр жазуы, қазақша - жазмыш, пенденің өмір бойғы
бағдаршамына айналып, басын төрге сүйресе, табалдырыққа сүріндірсе - текке
тартады. Жазмыштан озмыш жоқ. Жазмыш формуласы ешбір пенде өзгерте алмайды.
          Кейіпкеріміз
тағдырының қай соқпағымен жүреді?.. қай асуға бұрылады?.. түптің түбінде нендей
межеге жетіп үлгереді - осы Санжардың маңдайынан (әжім астында көзге
көрінбейтін) жазмыш жазуынан оқимыз енді.
          Үлкен
қаланың ұлттық кітапханасы білім іздеген көгенкөз жастарға лықа толы. Соның
бірі Санжар.
          Алғашында
кітап теңізін көріп қарадай түршікті, мұндайда қорыққан мен қуанған бір деуші
еді. Жүрегі көтерілгендей болып, қай кітапты қолына аларын білмей, сөредегі
қаз-қатар тізілген томдарға көзі сүрініп, көңлі толып сілейген күйі қаңтарылып
қалыпты. Кешегі ауылды жерде емге табылмайтын, естігені болмаса, ұстап көрмеген
классиктер томы тізіліп тұр. Сұрапыл сырын ішіне бүккен дегдар данагөй кілең!
Кеше ғана баспаханадан шыққан, алтын әріппен, сүттей сұлу қағазға басылған,
кешегі биліктің шыңына шыққан, бүгінгі күні өтіп бара жатқан ақсақалдардың
«Естеліктері», «Ұлағатты сөзі», «Аманаты» иінтіреседі.
           
                                 
                      
                              Төртінші
баспалдақ
 
        Жоғарғы дәрежелі
стипендияға қолы жеткен күні - иінін бүтіндеп, арзан поезға билет алып елге
барып қайтуды ойлады, әкесін, шешесін көрген кісілерге сәлем беріп, батасын
алып қайту ғанибет шаруа ғой... Арзан билет алуын алды, елге баруын барды.
Разъезд бойындағы шүйкедей ауыл қайыршының шапанына ұқсап жұлмасы шығып тозып
кетіпті. Көз көрген біраз кісілер төбеден түскен капиталистік нарық қатынасына
шыдай алмай, аудан орталығына, жекжат-жұрағатына пана іздеп қоныс аударыпты.
        Бозбала өзін
жұртта қалғандай сезінді.
        Шешесінің
қабірі пәсейіп, үстін шөп басып кетіпті. Шөбін жұлды, күрек әкеп қос
төмпешіктің топырағын үймектеді. Кейінше жұмысқа тұрып, қалтасына қаржы түссе -
қайта айналып соғып анасының басына қыш кесене соғуды ойлады. Әсіресе оқыс бір
оқиға есінен шықпайды.   
        Шүйкедей ауыл.
Тоқал там. Таныс үй, көзтаныс көршілер. Әкесінің көзін көрген кәрияға соға
кетуді ойлап, солай бұрылды. Тоқал тамның есігі сарт ашылып, май сасыған
күпәйкі, жыртық құлақшын киген, қылқи мойын қара жігіт мұның сәлеміне сұп-суық
қолын ұстата салды. Әлдеқайда жүгіріп бара жатып, аяғын басып қағып кете
жаздады. «Ә» деп қолын сермелеп, жөндеп жауап беруге де мұғдары жетпей, бұрыла
салып, үй төбесіне қолын шошайтты. Осы үйдің үлкен кісісін іздеп келе жатқан. Жаңа
көрді... көзтаныс кәрия омақадай үйіліп үй төбесіне шығып кетіпті. Төске балға
соққандай үні шыңылтыр естіледі. Әлденеге қапаланып, ызалана селкілдеп, қолын сермелеп
сөйлеп отыр. Там іргесіне тақап келіп, қос қолын төсіне қойып иіліп басын екшеп
дауыстап сәлем берді.
        Үлкен кісі
төбеде, Санжар төменде, дауыстары жер әлемді алып әш-пұш дегенше төмендегіше сұхбат
өрбіді.
        - Мәлібектің
оқымысты қарасы сенбісің-әй?!
        - Менмін, ата!
        - Алда ғана
жаман қарам-ай, танымай қала жаздаппын. Зіңгіттей жігіт бопсың! Киімің таза,
үстің бүтін, осы сен оқымысты десе оқымысты шығарсың!
        - Батаңызды
алғалы келдім. Төменге түссеңізші! Неғып отырсыз шошайып?
        - Қарамды
батырып қашып кететін жер іздеп отырмын.
          Ауыл кәриясы
тамның басында, бұл жерде.
        - О не
дегеніңіз, ақсақал!
        - Күн өткен
сайын қапалық жеңіп барады.
        - Сонша
түңілуге не себеп, ақсақал!
        - Түңілмей
қайтесің. Ананы қарашы, - деп оң қолының сұқ саусағын сілке лақтырды - әлгіде
сені қағып кете жаздаған сүмелектің басын екі иығына тығып аяғына ілесіп бара
жатқан жүрісі жаман. Жаңа әлгіде үстіндегі көрпесін жұлып, жұлқылап жекіп әзер
оятқам. Қолынан жетелеп апарып құрылысқа кіргізгем. Жұмысқа шыққанына үшінші
күн, нақа бір қызыл жағалы абақтыға айдап бара жатқан секілді. Ұсқыны жаман.
Жас күнімізде, жұмыс десе жанып сала беретін едік. Бұл күшігің: «Бастық
жекіді... ауыр жұмысқа салды... алақаным ойылды»,-деп қыңсылайды келіп. «Ау, біреудің
балапандай қызын құда түсіп, бұзаулы сиыр өткізіп алып бер дедің - алып
бердік», «өз алдыма жеке үй салып беріңдер» дедің - салып бердік, енді масыл
болма, кемпір-шалдың зейнетақысын аңдыма, өз басыңды, әйеліңді өзің асыра
дейміз; жоқ!.. Қайта қосымша шығыны көбейді, әне кетіп барады... әй, пәдеріңе
нәлет-ау, жұмыс киіміңді, қаңылтыр қалпақты, шай құйған термосыңды ұмытып қайда
ғана қисықаяқтанып барасың! Бірер сағаттан соң «қарным ашты» деп ұлып қайтып
келесің ғой!-деп там басындағы ақсақал қақылдап жөтеліп, біразға дейін сөзге
келе алмай жан тері шығып терледі. Ентігіп қалды.
        - Е, жүре-бара
пыситын болар, - дейді төмендегі Санжар қапелімде шалды не деп жұбатарын
білмей.
        - Он бала
өсірдім, немере-шөберені қосқанда бір қауым ел. Біреуі келіп: «Қалайсың көке,
үкіметтің сығып берген зейнетақысы жетіп жатыр ма?.. жылы-жұмсағыңыз түгесіліп
қалған жоқ па?» - деп бірде-бір хал сұрамайды. Ұшыраса кетсе баяғы Қоқан
ханының зекетшілері секілді «анау жетпей жатыр... мынау түгесіліп қалды... бер
де бердің» астына алып айналып келіп жаныңды шырқыратады. Ана қисықаяқтанып
бара жатқан кенжеміз, оңашалап, қарашаңырақта, қолымызда ұстасақ - ентеңгі күні
қолымызды жылы суға малады деп ойладық.
        Осы мезет
жоғарыдағы үлкен кісінің жанары шатынап жан дауысы шықты.
        - Ана немере
құриды-ай! Тентек балдар құдыққа тастап жіберген мысықты ала алмай шаршады.
Құрығың не қолыңдағы, пәдеріңе нәлет-ау!.. Құрық салатын құлын ба еді мысық
саған. Бейәдеп жүгермектің бірін әкеп түсір, я өлі, я тірідей мысықты солар
алып шықсын шұбалтып.
        Осы мезет
дарбаза шиық ашылып екі-үш қара домалақтың бірін жетелеп, екеуін қолтығына
қысып қызыл орамалды келіншек сырттан еніп келе жатады. Ақсақал там төбесінде
отырып ойбайын салады.
        - Балабақшаға
бер, қолды-аяққа тұрмайтын тентегіңді ошаққа түсіріп аламын. Кеше аурулы жатқан
кемпірімнің үстіне секіріп сүйегін қаусатып кетті. Қаптағы ұнды шашты.
Жайнамазды жыртты. Пәледен машайық қашыпты, күні бойы тентектерді қарауға
титтей де мұршам жоқ, кірпігім кірпігіме ілініп әзер отырмын.
       
Тіркесіп-ұшқасқан келіншек үлкен кісінің жалынышты сөзін құлағына
қыстырмады. Әлгі үш қарадомалақты үй іргесіне әкеп, үйіп-төгіп тастай салып лып
беріп қақпадан шығып жөнелді. Әлгі қарадомалақтың бірі тұра сап жүгіріп келіп төменде
тұрған Санжардың балағына жармасты. «Әуп-әу-пе, көтер»,-деп қос қолын көкке
сілтеп аспандатады, жанын қоярға жер тапқызбайды.  
        - Қапа
болмаңыз, ақсақал,-дейді төменде тұрған Санжар төбедегі кісінің көңілін аулап.
        - Қалай қапа
балмайын! Он ұл тәрбиелеп өсірдім, өз қолдары өздеріне жетті. Оны жабылып
жалғыз менің жағдайыма қараса алмайды. Зейнетақымды өзіме бұйыртпайды.
        - Шаш етек
шаруадан босамайды-дағы. Бәлкім мына тас түскендей нарық заманына бейімделе
алмай жатқан шығар. Қымбатшылық өкпені сығып ол тұр. Базар нарқы аспандап
кетті. Біраз балалар базар жағалап жүр. Ой, мына күшік қайтеді-ей,-деп Санжар
костюмінің қалтасына жармасқан қарадомалақты кері жасқап әлектенді.
        Там
төбесіндегі кәрия сояудай қолын батысқа сілтеді. Тамағын кенеді.
        - Әне, ауыл
сиырлары қаптап былтыр ғана кетпендеп еккен көк талға жайылуға беттеді. Бақташы
қалтақ шал нәлеті қайда жүр екен, ә! Әр үйден айран сұрап, қарнының тойғанына
мәз боп қаңғып жүр-дағы! Енді қайттім! Әлгі бақташы немені үйінде қыл шылбырлап
ұстасын деп қатын әперген де өзім. Енді міне, я малға қарап жарытпайды, я құда
түсіп зорға алып берген қатынына ие болмайды. Басының ауған жағына кетіп
қалады, - деп үлкен кісі қаптап жайылған ашқарақ сиырға там төбесінен айқайлай-айқайлай
үні бітіп, жөтеліп тұншықты. Шәт-шәлекейі шыққан шалды Санжар іштей аяп кетті.  
        Тұра жүгіріп
жасыл баудың бүйіріне сұғына кірген табынды қайыруға жөнелді. Аяқ асты
бұрқылдаған ақ топырақ. Белшеден кешіп жүріп басы ауған жаққа қаңғитын қара малды
«шәйт-шәйттеп» қайыра бастады. Алақандай тілін көстеңдетіп тал жапырағын жұлуға
ұмтылған жалмауызды жасқады. Ащы тікенекке жайылып іші кепкен сиырға бұратылған
көк тал кәмпит сорғандай. Бау ішіне бір дәніксе тістей қатып шықпай қояды.
Туфлиі топыраққа милықтай батып, көйлегінің етегі ышқырынан шығып делдиіп, күн
астында борсасы шыға терлеп шаршады. Сол екі арада бойы метрден сәл-ақ асатын
қалтылдаған бақташы шал домаланып жетті.
        Шыпыртқысын
ысқырта сілтейді. Қайтару бермей әр жаққа шашыраған сиырлар шақылдаған
кішкентай шалдан өлердей қорықты, тұяғы сыртылдап, танауы шулап, әп-сәтте
бастары құрала қалды. Зәрлене ысқырған шыпыртқының үні қарадай үрпитті.
Құйрығын шаншып, ақ топырақты бұрқ-бұрқ кешіп, бақтың қақпасынан сып-сып шығып
лезде іздері сұйылды.
        «Өзімнің де
бейнетім зор, терім сор бейшарамын» деп іштей қапаланған Санжар үсті-басын
қаққыштап әлек. «Жоқ жерден бейнетке килігіп жүрем. Өз жөніммен жүре бермей,
тамның басында шошайып отырған шатақ шалмен тіл безесіп нем бар еді, қаңғып
жүрген аш сиырды қуып әлектенер қай жөнім қалды. Өзіме де осы керек!»
        - Әй, оқымысты
бері кел, - дейді там басындағы шал алапты кешіріп,-бір ауыз тілдесіп кет.
        Санжар
кежегесі кейін тартып, ілби басып тоқал тамның іргесіне тақайды.
        - Осы жерден, мына баспанадан басымның ауған
жағына қашып кетсем деймін.
         Қартайғанда жылы ошағыңыздан безіп, жұртқа
күлкі болайын деп пе едіңіз. Сабыр сақтап, тәубаға келіңіз!
        - Күн сайын
бейнетім қалыңдап барады.
        - Бәлкім балаларыңыз
келіп қол ұшын берер, бәлкім күн өткен сайын күнкөрісіңіз жеңілдер.
        - Әй, қайдам,
жақсы күнді күте-күте төзімім жұқарды, бейнетім қалыңдады. Басымның ауған
жағына қаңғып кетемін бе. Баспана табылар, осынша бейнет кешіп, тер төгіп еңбек
сіңірген кісіні үкімет далаға тастамас. Құдайына қараған қайырымды кісі
табылар. Қанша ғұмырым қалды дейсің. Қатқан нан, бір шәугім жылы су, астыма
төсейтін алаша болса... - деп шоқша сақалы дірілдеп, жүзі бозғыл тартып
кемсеңдеп жылауға айналды.
        Бұл көкең
«жолымнан қалмайын» деп тоқал тамнан аулақтап кеткісі келді. Күн сәске түске
тырмысты. Қаңтарылып біраз уақытын өлтіріпті. Онсыз да қарап жүрмей кәрияның
көңілін аулады, сиыр қайырды, шүйкедей шағын ауылдың шаңын бұрқылдатып,
айналшық шөбін жеген түйедей айналып текке жүріп алды.
        Адам ойы
түгесілген бе. Өмір қайшылықтан құралған. Біреу - басын екеу ете алмай, бір
перзентке зар болып ішінен жидіп жүр; келесі - бала өсіргеннің жобасы осылай
деп кішкентайларды қиқымдай өргізіп, я жөні түзу тәрбие бере алмай, я жөн
білетін кісіден жол сұрамай, шақшадай басы шараға айналдырып, барлы-жоқтың
арасында шөре-шөре хал кешіп шаршаулы. Осы өмірде шаршамай жүрген жан
таппайсыз.
        Неге екенін,
қай сайтанның шалығы тигенін кім біліпті, тамның төбесінде аш қарғаға ұқсап
қарқылдап отырған кәрия нілдей бұзылады. Құбылаға қарап отырып құбыла өзгереді.
Жүзі жуған шүберектей бозарып, шоқша сақалын сауып, бір шекелеп отырып ойланып
қалады. Сабау секілді саусағымен жейдесінің түймесін ағытып жіберіп жүрек тұсын
сипалады. Ауа жетпегендей тұншығып біразырақ теңселіп бебеуледі. Артынша малдас
құрып шөмиген жерінен буынын сытырлатып ербиіп тұрып бір-екі аттады. Там
басынан сүйретіліп түсуге қам жасады. Сүйеулі тұрған сатыға кебісін дөп сала
алмай біраз әлектенді. Әлден уақытта барып табаны жерге тиді.
        Етекте,
көлеңкеде ербиіп тұрған Санжарды жаңа көргендей сығырая қарады.
        - Үлкен ұл
қалашылап, базаршылап кетіп еді. Кеше күттік, келмеді. Ертеңгісін жолына бала
жүгірттік, жоқ. Әлгіде сүзіліп кеп жолға қараймыз, ызым-ғайып. Ойнап жүрген
тентектерге алданып әлгіде байқамаппын. Алыстан шұбалған шаң шықты, әлгі шаңнан
жүрегім оқыс шаншып ауырғаны.
        - Шаңдатып
келе жатқан үлкен ұлыңыз шығар, ауылға асығып.
        - Жоқ, ол
бәтшағар осылайша алай-түлей жүрмейтін. Бір пәле болмаса игі еді. Жүрегім тулап
әкетіп барады!
        Осыны айтып
ақсақал етегіне сүрініп, алақ-жұлақ асатаяғын іздеп әлектенді. Тамға сүйеп
қойғаны есіне түсті. Ақ таяқты қолына алып аттата сермеп, жел қуған ебелекше
аула сыртына емпеңдей ұмтылды. Түрі бұзылып күбірлеп барады: «Шаң, шаң», -
деген үні еміс-еміс құлаққа шалынады.
        Сөйткенше
болған жоқ әлгі шудаланған шаң ішінен әуелі тележка сүйреткен «Белорусь»,
соңынан бастық мінетін жеңіл көлік сытылып шыға берді. «Ойбауырымдаған» өзгеше
суық сұмқыл үн маңайды желпілдете жөнелді.
        Жол тосқан
қарақшыдай қалқиып тұрған Санжардың жон арқасынан суық тер құйылып кетті. Жер
астынан шыққандай жаман үн құлағына жетті білем, қалбаңдап бара жатқан қара шал
аяғы аспаннан келіп, шалқалай құлап түсті. Таяғы бір жаққа, тақиясы келесі
жаққа ұшты. Санжар үлкен кісіні қолтығынан демеп тұрғызып жіберуге ұмтылды.
        Базаршылап,
қалашылап қайтып келе жатқан үлкен ұл әлде өзі аздап жұтып алған... әлде
жүргізуші жұтқан... ол арасы әзірге беймәлім... үлкен жолда көң тасыған тележка
мен бұлар мінген жеңіл көлік соқтығысып қалыпты. Шетелдік көлік майысыпты,
ішіндегі кәрияның үлкен ұлы басымен кабина есігін соғыпты... әлде кабина есігі
кісілерді соққан... анық-қанығына ешкім көз жеткізбейді. Үлкен ұлдың бет-жүзі
қызылала қан. Қанды көріп кәрияның жүрегі тас төбесіне шығып талып жығылады.
        Бақыт -
кісінің өзіне-өзі көңілі толып, шүкіршілік қылуы. Әлгіде тоқал тамның басында
кең дүниені алақандай қушитып... он перзенттен тараған пәленбай немере,
шөберені көпсініп... таусылып бітпейтін бейнеті мен уәйімнен сарсаңға түсіп, шаршап,
сағы сынып жіңшкеріп жүдеген үлкен кісінің қайғысы қара аспандай: «Алла-а-о-ой,
азаматымды алғанша шүйкедей ғана шатақ шалмен көмейіңді тығындасаң
неғылады!»-деп әрі-беріден сақалынан бора-бора көз жасы сорғалаған кезде -
көрген жұрт шыдап тұра алмады, қара жер тітіреп, аспан астын бұлт алғандай
сезілді.
        Ақсақал
былайғы кезде күнделікті шаш етек шаруаның жетегінде жүріп, көзіне көрінбей
келіп, босағасына бұрылып, дастарқанына түсіп жатқан береке басы - қара нанның,
қара шайдың қадіріне жетпей... әлгі ырыс-несібені кептер секілді басынан
байқамай ұшырып алғанын кеш түсінді.  
        Ырыс-несібе,
бейне, ақ кептер, оп-оңай ұшып келіп, оп-оңай ұшып жоғалады.   
        Маңайындағы құжынаған көпке, бірі «аталап»,
бірі «көкелеп» шалғайына жармасып жібермейтін қарадомалақтарға көңілі толмай,
елемей, ескермей, «ища-ай!» деспей жүргенде - бақыт деген үлкен сөзді жүрегіне ұйытып
үлгермеді.
        ...Елге, үш
күнге демалысқа келген Санжар қайтар күні, жолға шығар алдында - көзтаныс
кәрияға сәлем бере шығайын деп қоңсы үйге бұрылды. Ашық қақпа, оң қапталда
ұйыса біткен қарағаш, жас тал, жапырағы жап-жасыл, қайдан жиналғаны белгісіз,
бұтағына көп қараторғай қонақтап апты, құлақ тұндырардай шуласады. Тоқал тамның
алды қараң-құраң көршілер, ақ таяққа сүйенген, таяғын артына көлденең ұстаған
сақылды кісілер. Жүрегі жаманшылық сезгендей шаншып ауырғаны.
        Санжардың
буыны дірілдеп, ілгері басқан аяғы кері кетіп, жүрісі өнбей шаршады. Біраздасын
барып есін жиғандай болып, тоқал тамға еңкейіп енді. Қайғылы халді іштей
түсінді. Жұрт қатарлы тізесін бүгіп, қолын жайып күбірлеп бата жасап, төрде
отырған молдаға құран оқытты.
        Келген ізімен
кері жылыстап шығып жөнелді. Ой-хо-ой, дүние деген!
        Көкжиекке ери
сіңіп бара жатқан күн ұзақ-ұзақ қараған көзін суыра тартар; жыңғыл тоғайы
үстінен лықылдай соққан жусан иісі кенезесін кернеп кетер; кең дүниенің
боямасыз сұлулығын жүрек лүпілімен сезінер - тақуалар көздерінен сорасы ағып
жылап отырып жыр ғып айтатын о дүниенің жұмағынан осынау туған жері жүз есе
артық! Артық болмаса - әлгі тақуалар жарық дүниеден тістей қатып неғып кеткісі
жоқ. Суға кетіп бара жатқан адамға ұқсап тал қармап, өлмеуді ойлап дәрігір
жағалап жүгіріп жүргені. Ендеше әркімге бұйырған өмір арбасы жер үстінің
шаң-топырақты жолын кешіп қиқалақтап жүре тұрсын!  
        Санжар
ертесіне аудан орталығынан ең арзан пойызға отырып Астанаға жол алды.
        Домбыраның қос ішегіндей созылған теміржол
бойында, мігірсіз қиыр далада шошайып тоқал там қалды.
 
                                               Бесінші баспалдақ
 
           Сирек
кітапты жазғызып алып, оқу залының қуысына тізе бүгіп, бас көтермей үңіліп
отырған. Ту сыртынан тыриған арық, көзі танадай, шашы жалбыраған кісі төніпті.
Алғаш көзі түскенде - көрінен тұрып кеткен аруақ па деп, жон арқасы шымырлап
кетті.
          Арық кісі
жымиған кезде - көзіне сойған түлкі елестеді.
        - Қорықпа,
балам, рұқсат болса тізе бүгейін, - деп суық жымиып жанындағы бос орындыққа
отырды. Өзге кісі естімесін дегендей сыбырлап қана сөйледі. 
        - Уақыт -
жойқын ағысты өзен, мен де өзіңдей студент болғам, ғылым қорғағам, осы күнгі
кеудесіне нан піскен үш-төрт академиктің докторлық диссертациясын ертеректе
өзім жазып бергем. Айтайын дегенім бұл емес. Келешекте сен де кітап жазасың,
ғылым қорғайсың. Уақытқа тәуелді нәрсе жазсаң - уақытша болып қалады. Әлгіде
сөреде қайысып тұрған кітаптың біразын уақыт - өзені жуып әкетеді. Жазған
кітабың өлмеуі үшін үш нәрсе қажет. Бірінші: тіршілік туралы өзіндік консепция
- көзқарасың, өмір пәлсапасы шығарманың өзегіндей болып өріліп жатсын. Екінші:
кейіпкердің бойына шақ шындығы болсын. Үшінші: көркемдік бояу кемел түссін.
Өңгесі бәлду-бәлду бәрі өтірік әншейін, бүгін бар, ертең жоқ, уақыттың
шөп-шаламы ғана!
          Әлгі көрінен
тұрып кеткен аруақ секілді - қу сүйек кісі сөзін үзіп, маңдайына түскен шашын
салалы саусағымен кері тарады, қылғына жұтынды. Жұтынған кезде тамағынан күн
көрінді. Саудыраған сүйекке қайра тіл бітті.
        - Айтайын дегенім бұл емес, балам. Бақандай
он том, романдар топтамасы «Жан-Кристофтың» авторы, фрнцуз жазушысы Ромен
Ролланды білесің, естуің бар. Айтпақшы аштан-аш, көктемгі аш күзенше бүгіліп,
ертелі-кеш кітапхана қуысында бұғынып, көзің кіртиіп оырысың сол Жан-Кристофқа
егіз тамшыдай ұқсайды екен, - деп әлгі саудыраған қу сүйек кісі селкілдеп кеп
күлгені. Санжардың қарап отырып іші мұздады.
        - Жиырмадан
асқан, шоқ боп жанған Ромен Роллан Италияда оқып-тоқып, Рихард Вагнер, Фридрих
Ницше секілді алыптардың ілім-білімін мейлінше мол сіңіріп Парижге келсе -
астан-кестең, жұрт көшеге шығып кетіпті, бастың аяқ, аяқтың бас болып былыққан
заманы, дүние сілкінгендей сезіледі. Жас жазушы бас салып қаламға жармасады.
«Дүниені құтқаратын - өнер, өнерді ту ғып желбіретейік!» - деп уағыз айтып,
кітап соңынан кітап шығарады. Естіп отырмысың. Өнер, өнерпаздар туралы жылына
екі-үш кітап жазып үлгереді. Өстіп арпалысып жүргенде, дүниенің шетінде отырып,
дүниеге ақыл айтқан данагөй Толстойдың су жаңа брошюрасын оқиды. Төбесінен тас
түскендей болады. «Бетховен сазы жалаңаш сезімді оятады, жастардың сұйық
жүріске түсуіне сеп, Шекспир пьесаларының желісі желбуаз өтірікке құрылған,
таңдай қағып тамсанатын түгі жоқ, ортақол ғана жазғыш». Мәс - саған! Дүниенің
өнегелі өнерін ұстады деген неміс Бетховен, ағылшын Шекспир әлгідей болғанда
қалған ұсақ-түйек мына біздерге не жорық, не жосық! Өнер-өнер деп өліп-өшкен
Ромен Роллан екі күндей бос мойын болып басы мәңгіріп жүріп-жүріп үшінші күні
қадалып отырып жер шетіндегі Толстойға хат жазуға отырады. Неге бұлай?..
        - Әлгі
әңгімешіл қу қаңқа аздап кідіріп, жұдырығына жөткірініп, демін алып сөзін әрі
сабақтайды. Арғы бір кеудесінен жайсыз бір сырыл естіледі. - Лапылдаған жас
жазушы шығыстағы ақылманға «неге бұлай?» - деп үзілдіріп, ұзын сөзін иіп келтіріп
хат жазады. Поштаға барады. Конверт сыртына маркі жапсырады. Ресейге жөнелтіп
жібереді. Апта өтеді, көктем жылжып, жаз жетеді. Хаттан күдер үзеді. Бір күні
көшеден келсе - үстелінің үстінде жуан хат жатыр. Ашып жіберіп, өз көзіне өзі
сенбейді. Жалпақ дүниеге ақыл айтып, жол көрсеткен Лев Толстой ақсақалдан.
Французша, сықасқан отыз сегіз парақ. Әр сағаты алтынмен бағаланатын, әр сөзі
сиқырлы сурет, өмірі өлшеулі дегдар кісі өзімшілдік, өктем, өгей, көзапара
мінезді жеңіп хат жазыпты, алғашқы сөзі - Cher trere - бауырым - деп қарындашын
ет жүректің қанына малғандай ғып жауап жазыпты. Сол хатты оқығаннан кейін Ромен
Роллан: «Екінші мәрте жарық дүниеге қайта келгендей болдым», - деп мойындапты.
Көтеріңкі сөзбен айтсақ ұлылыққа, қазақы сөзбен айтсақ - дүниеауи шындыққа бір
табан жақындай түстім, көкірек көзім ашылды деп мойындапты... Иә, балам, бұл
жерде сәуегейлік танытып Толстой жаны Ролланға ауысты, транссубстанациялық хал
кешті деп неғылайын... - деп әлгі сүлеленген арық кісі жұтқыншағынан күн
көрініп тағы жөткірінді, пәске кідірді, шаршап қалған сыңай танытты.
        - Сіз кімсіз?
- деді Санжар сыбырлап қана.
        -
Библиофилмін, дүниеде оқымаған кітабы қалмаған, дүниенің ілім-білімін тоқыған,
күнкөріс үшін оншақты диссертация жазған, газет төсеніп, кітап жастанып
ұйықтауға дағдыланаған Кітапбаймын.
          «Болса -
болар» деп ойлаған бұл көкең. Осы жасыма дейін кітап сөзі өтіп кеткен қиялиді
көрмеп ем, мойны қылқиып, көзі кілмиіп отырысы соған ұқсайды. Ілуде бір ұшырасатын
қызыр Ілияс осы болар, сірә. Енді ғана кітапқа дендеп шұқшиятын кезде өзімнен
өткен шұқыншақтың жолығыса кеткенін қайтерсің! О, тоба деген!
        - Кітапбай
аға, астына түсіп кафэден шыныаяқ шай ішсек неғылады. Кеше ғана жастар
газетінен қаламақы алғам. Қалтамның түбі тесік, бәрібір түсіп жоғалады.
        - Асхананың
асы жақпайды. Кітапханадан таяқ тастам жерде екі бөлмелі үйім бар. Сонда барып
ішемін. Ал мен жүрейін. Ауыз ашатын уақыт тақапты.
          Осыны айтып
сүлеленген арық тырақы кісі орнынан тұрды. Көтерілген кезде буын-буыны түгел
сытырлады. Енді сәл қозғалса саудыраған қу қаңқа сүйек солайымен шашылып
қалатын секілді. Зәресі кетті. Әйнек сыртынан кірпік қоюлап, іңір үйірілді.
        - Маған не
ақыл айтасыз, ағатай. Мына кітаптың күллісін оқуға уақытым жоқ, мұршам
келмейді. Оқымайын десем - ішімдегі от-жалынды қайда жұмсарымды білмеймін.
Емтиханды кілең беске тапсырып, жоғарғы степендия алмадым бар ғой, базарға
жалданып я жүкші, я көше сыпырушы болып кететін едім. Артымнан келетін жәрдем
жоқ. Жолы болмай жүрген жалғыз ағам: «Бірдеме тапсаң - салып жібер, баспана
құрайын, үйленіп алайын, кесек құйып тапқан ақшам тамағымнан артылмайды», - деп
хат жазып жатады. Неғыларымды білмеймін.
        - Ақылым - ана
Толстой ақсақалдың француз жазушысына жазған хатын оқы. Ең бастысы әр нәрсенің
түйінін ізде, өз шындығыңмен жүр, - деді де әлгі кітап ілімі соққан
Кітапбай-екең кері шегініп, келген ізімен жылыстап жоғалды.
          Келуі қандай
елеусіз болса - кетуі де сондай, сағымша сұйылып, қараңғылыққа жұтылып жоқ
болды.
          Дүниеде көз
көрмеген, құлақ естімеген мұндай да керемет болады екен-ау деп ішінен іріді.
«Іріді» деген сөзді осы жерде «қобалжыды», «көңілі өрекпіді» деген сөздің
орнына қолданып отырмыз.
          Санжар
бекінді.
          «Бұдан былай өмір шиырында я адасса, я
болмаса жүдеп шаршаса осында келіп әлгі Кітапбай-екеңнен кеңес сұрайыншы,
алдынан өтейінші» деп ойлады. Көз алды бұлдырап, құлақ шекесі шыңылдап өзегі
талғанын жаңа сезді. Ертеңгісіннен нәр татпағаны есіне түсті. Кітап қызығы
баурап, есін алып, әлгі сүлеленген қу қаңқа сүйек айтқандай - кітаптың кепиеті
ұрмаса неғылсын-ай!
 Алтыншы баспалдақ
        Кейіпкеріміз
үшінші курсты кілең беспен тәмәмдап, жазғы демалысқа шығар алдында декан
ағайына келіп жолықты. 
          Деканы
суретшілікті Мәскеуде оқыған, шетелдік ірі компанияда істеп шеберлік арттырған,
жанып тұрған от деуге келетін оқымысты кісі. Осылай тақай түсіп-туралап қараған
кезде көзіне қараған жан шыдап тұра алмайтын, жанары алмас, бәсі бөтен, алды
кең азамат еді.
        - Жайшылық па?
-деп сынай-міней қарады, - костюм-шалбарың күнде өтектегеннен жылтырап кетіпті.
Үстіңнен зәк иісі шығады, не бүлдіріп жүргеніңді итім біліп пе?
        - Вокзалға
барып жүк поезынан тақтай, шифер түсірген едік, ақшаға жалданып... Костюм сатып
алуға ақша жинап жүрмін, курстас жігіттер би кешіне кезектесіп киіп, үстінен
күнде өтектеп жылтыратып жіберді әбден... Рұқсат берсеңіз алдағы төртінші, бесінші
курсты қосып оқып, бір жылда бітірсем деймін. Соған алдыңызға жүгініп келіп
тұрмын.
          Декан ағайы
мұның епетейсіз, жүдеу, солбырайған сықпытына ұзақ сүзіліп қарады. Жай қараған
жоқ. Сынай-міней - лазерь сәулесіндей назарының таразысына салып салмақтады.
          «Осынау
аузынан сөзі, үстінен бөзі түскен қарапайым қораштау қарадомалақтың арғы бір
аңғарында көзі ашылмаған бұлақ жатқан секілді. Пенделердің көбінің көкірегінде
көзі ашылмаған бұлақ бүлкілдеп-буырқанып ағып жатады. Кейбірі бұл өмірден өз
орнын таппай басын әрнеге соғып адасып өтеді, кейбірі жыл сайын жаңа қырынан
танылып, өзгеше мінез ашып, тағдыр биігіне баспалдақ қойып биіктеп барып-барып тұлғаға
айналады. Көр де тұр, мына бозбаланың балағының биті, талағының өті бар
секілді...»
           Иегімен
мегзеп орындықты нұсқады. Дәп осы қарадомалақ жұма күні кешкілік кітапхана
түкпірінде талығып отырып қалғып кетіпті, үстеліндегі электр шамын қағып
құлатыпты деп естіген. Өзгелерге ұқсап дискотекаға барып, шахмат, дойбы ойнап,
бикештерді биге шақырып мәзденбейді, айдан түскен адам секілді дүниеге өзгеше
көзбен қарайтын тегі бөтен тұйық бала деп естіген.
        - Мына нарық
заманы ешкімге оңай болып тұрған жоқ, су, жылу, жарық аспандап кетті, теңге
жылма-жыл құнсызданып барады. Өзімше әрекет жасап киімімді бүтіндесем деген ойдамын,
ағай, - деді кәдуілгі ересек кісіге ұқсап.       
          Көпті көрген
декан әлгі сөзден таңқалды. Көзілдірігін алдына қойды, жанарын орамалымен
сүртті.
        - Теңгенің
құнсыздануын қалай тоқтатуға болады?
        - Ол үшін
бюджеттің теріс сальдосын азайту керек, ағай. Ішкі жалпы өнім өсіп, халыққа
қажетті өндіріс ошақтары лаулап жанғаны жөн. Тауардың өзіндік құнын
өршітпеуіміз керек. Ал біздің экономикамызды жегі құрттай көзге көрінбей жеп
бара жатқан нәрсе-экономикадағы голланд ауруы.
        - Тоқта-тоқта, бала, - деп деканның жан
дауысы шықты, - сен осы экономика факультетіне ауысып үлгергенсің бе? Айтшы
жасырмай!
        - Жоқ,
сәулетшілік-құрылыс факультетінде оқып жүрмін. Сәулетшілік өзімнің стихиям.
        - Айтып тұрған
голланд ауруың не енді?
        - Нарық
экономикасының классиктері Самуэльсон, Робертсон секілді авторларды оқып алғам.
        - Ал ана
өзіңнің төл пәндерің - сопромат, жоғарғы математика, Лобачевский геометриясы
курстарын оқып үлгеріп жүрмісің, қасқа-ау?!
        - Біршама оқып
алғам. Кензо Танге, Альбер Альто, Оскар Нимеиер сызба-эскиздерін бірінші курста
басыма жастап жатып оқығам. Дүниелік сәулетшілікте бес ордер болған. Алтыншы
ордер - үлгіні өзім ойлап тапсам деп армандаймын кейде.
          Декан
ағайдың таң қалғаннан астыңғы жақ сүйегі түсіп кетті. Жалма-жан алдындағы қызыл
түймені басты. Хатшы қыз лып енді. Кеудесіне ауа жетпегендей қолын ербеңдетіп,
сөзін үзіп-үзіп: «Шақыр әлгіні!.. бол!.. жылдам!..» - деп өзеуреп өңмендеді.
        Дүние
теңселгендей болып, жүрген кезде жер ойылып кетердей аударылып-төңкеріліп
жоғарғы математика профессоры енді. Жүрек тұсын уқалап ауыр-ауыр тыныстап әлек.
          «Қиын адам» деген лақап есім иеленген, студент
әулеті бетіне қарсы келмейтін, төбесін көргеннен айналып қашатын, «қиын адам»
ту сыртында тұрған мұны байқамады. Профессор ағайы деканмен сыпайы сәлемдесті.
        - Өңшең
мандымайтын миғұлаға интегралды теңдеулерді үйретемін деп күнім өтіп өлуге
айналдым. Миғұлаларды оқуға қалай алғансыңдар осы?.. Ақша төлесе - болды деп,
үррит-соқпен қабылдай беріпсіңдер?..
          Декан ағайы
сырықтай қолын сермелеп әлгі профессорға ымдап, мегзеп бірдемені ұқтырған болып
жатыр. Самайынан сора тері сорғалайды. Жанары қиғаштанады, галстугін шешіп орындыққа
лақтырды.
        - Мына баланы
білесіз бе, мәртебелі профессор мырза?
          Профессор
жалт бұрылып, отырған орындығынан әлгіде түрегеліп, ту сыртында, бұрышқа таман
ығысып тұрған Санжар-екеңнің қиқы-жиқы көріксіздеу пошымына сүзілді. Басын
шайқады. Мұз қатқандай қабағына күншуақ жүгірді. Мырс етіп күлді.
        - Е, бұл бала
интегралды теңдеулерден озып, спектрлі анализге көшін қондырған. Саңлауы бар.
Түйсігі түзу. Басының шаригі түгел. Тек қана сабақ соңында ұйықтап қалатын
ауруы бар. Аты-жөніне таң қалам осының. Мәлібеков. Па, шіркін! Қазақ та ат
қойғыш қой, әрі бек, әрі Санжар секілді қолбасшы болсын дегені ғой. Бұл
көкеңнің иінінен жыртық костюм түспейді. Аяғындағы бәтеңкесі қырық жамау. Па,
шіркін, қазағым-ай! Балаға ат қоюға келгенде алдыңа жан салмайсың ғой!..- деп профессор
ағайы дабырлап барып басылды.
          Декан ағайы
есін енді жиғандай болды.
        - Бара бер,
бала, тойс, Мәлібеков, төртінші, бесіншіні бір жылда бітірем деген арызыңды
қалдырып кет. 
          Санжар-екең
бұрылып, жайлап басып деканаттан шығып кең залға бет түзеді. Кеудесін кере
терең-терең тыныстады. Осымен темір жол жағалап жүгірген балалық шақ, мұрты
жаңа тебіндеген бозбалалық, жоғары оқу орнының студенттік күндері тамам шығар
деп түйді ішінен. Бұратылған бикешпен биледі, бозбастардың қыздырма сөзінен аса
алмай сыра, арақ ішті. Іш сарайы жидігендей болып, запыран тастап лоқсыды,
құсты. Қала өміріне икемсіз жастың көрешігін көрді, көңлімен сезді, енді баяғы
Ахмет Байтұрсынов жарықтық жазғандай: «Ел бүгіншіл, тірлігім ертең үшін» деп,
ақылды дегдардың жол көрсеткеніне ілесіп, басын тауға да, тасқа да ұрып,
ұрынып, ертеңгі үшін жығылып-сүрініп шаруа тындыратын,
          көзге
түсетін,
          білім
мұхитына сүңгитін,
          зиялы қауым баспалдағына аяқ салатын кезеңге
келмек!   
          Бұрынғыша құрбы-құрдастарына ұқсап
жатақхана мен университет арасына балағымен шаң сыпырып қатынап, кітап
қолтықтап, өзінен төменгіге жорта қоразданып, лауазымы биік кісіге жорғалай
жалпақтап күн өткізбепті. Тағдыр жазуының мүлде жаңа парағын ашады. Жазмыш
жазуынан оза шабады. Нартәуекел!
        Қасиетті
кітапта айтады: пенделер бір-бірінен көреді, бәрін өзім істеймін деп. Пенделер
бір-бірінен көре берсін, күндесін, аяғынан шалсын, шатпақтассын, шабылсын.. бұл
көкеңе ендігі жерде бәрібір... балалық, жастық қош болғайсың!.. ендігі сүрлеу-соқпағын
мүлдем бөтен полюстен іздейді.
 
            Жетінші
баспалдақ   
 
        Ымырт үйірліп,
қарабарқын аспанға жұлдыз шашылған мезетте Санжардың жүрегі қатты шаншып
ауырды. Ерекше ерсі салмақ түсті ме деп ойлады. Далада, Президент паркінің кіре
берісіндегі жайдақ орындықта отырған. Терістіктен қоңыр самал желпи соғады.
Тамбай қалған көз жасындай болып көк жүзіне әуелі қос жұлдыз мөлт етті.
Аспанның жуған шүберектей бұлттан ада екенін жаңа сезді. Ұзамай әлгі шүберекке
таққан күміс моншақ - жұлдыз жамырады.
        Санжар дәп
бұлайша, ертеңгісін торғайдан бұрын оянып, асығыс жуынып, шала киініп оқу
орнына жүгіріп, қалың лекцияны қалғып отырып тыңдап, тамамдаған соң арзан
студент асханасынан түстік ішіп: түстік дегені - ішінде түйір еті жоқ борщ, нан
котлеті, нанға салмақ салауы жиі, содан сәулетшілер шеберханасы, сызба залы,
аяғы аяғына жұқпай жүгіріп кітапханаға тартып бара жатады - иә, тор шеңбер
ішіндегі зыр қаққан тиын мақұлығы секілді - дәп осылай жүгіре берсе көп ұзамай
титықтап, тырапай асатынын іштей сезді. Пашпырты біте ме сөйтіп?!
        Тырапай асқан
кезде ғой:
        дос-жарандары:
«Апырмай, алғыр жігіттен абайсызда айрылып қалдық қой!»-деседі; көп болғанда
көгенкөздер: «Алдымызды орап болмаушы еді, зорығып тынғаны, тырапай асқаны
мақұл болды,»-деп мәзденер. «Осы құдайда көз жоқ, я отбасына, я отанына
мысқалдай септігі жоқ жалқау масылдарды алмай, арпалысып жүрген Санжар сүлейдің
аяғын аспаннан келтіргені қалай!»-деп жаны ашитын жақсылар табылар-ау. Әйтсе де
суішкілігін адалдап тыпырлай бергенге жетпейді. Өлі арыстаннан тірі тышқан
артық.
        «Не істеуім
керек?» - дейтін бұрынғылар. Бұл: «Қалай ілгерілеймін?», - дейді тістеніп.
        Бұрынғыша
қалыбынан, сызығынан табан аудармайтын тиын секілді зыр қаға ма?.. әлде
жүректегі оты, бойындағы қажыры кемімей тұрғанда өзге полюске із салады ма?..
Суішкілігін мына нарық заманының кәсіпкері боп, бизнес бұлағынан айырады ма?..
Кәсіпкерлік - арзан алып, қымбатқа сатар алыпсатарлық емес, түнеукүні жолығып
бірер ауыз тілдескен компания өкілі айнып кетпесе - дөңгеленген дүниені көзінде
ұстайтын, дүниелік ірі бәсекелестермен іскерлік алыс-беріс бітім жасайтын аты
белгілі компанияға тәуекел етіп менеджер-үйлестіруші болмақ. Түнеукүні мекен-жайын
алған, байланысқан. Санжардың ойынша - заман кәсібі сол. Заманының жұлдызы
оңынан туған оңтайлы шаруасы, түсініп, тереңіне сүңгіп істің көзін тауып істей
білсе - табыс көзі.
 
                                                                   
***
 
        Сәулет-құрылыс
униветситетінен шыққанда ымырт жамыраған бейуақ еді. Сарыарқаның төсіне орнаған
алып қала жыбырлаған жауын құрттай болып, самаладай жарығы шашырай құйылып
жатты. Әсіресе аспан ашық кеште Бәйтеректің басынан қараған кісіні ғажайып
әсерге бөлейді. Қаланы қақ бөліп ағатын Есіл күміс қағына ұстағандай
жылтырайды. Сол жағалауда Ақ Ордадан басталып батыстағы Хан Шатырына дейінгі
сәулет кешені қолдың саласындай құп үйлесіп салтанатты көрініс берсе, оң
жағалаудағы бір-біріне иінтіресе, сығылыса салынған бірде биік, келесі пәкене
үйлер шахмат тақтасына келеді. Көшелері шахматтағы ат жүрісіне ұқсайды.
        Құс ұя
салатындай зау биікке шығып ап кеудесін кере-кере тыныстады. Кезекші қыз мұны
елден келген кеңқолтық қазақ деп ойлады.
        - Басыңыз айналса
дереу төменге түсіңіз, кафеге кіріңіз!
        Осыны айтқан
қызға назарын жығып еді, сүті жаңа толып келе жатқан жүгері собығындай, аппақ
қаланған тісін ақситып күлгені-ақ қарадай ішін өртеді. Жүрегі лүпілдеді.
        - Басым айналған жоқ, кафеге екеуіміз
барайық, қарындас.
        - Жұмыс аяғында болмаса, қазір аттап шыға
алмаймыз.
        Қыздың
бүкпесіз ашық мінезі ұнады, жанары көк төсінен ағып түсер жұлдыз секілді жайнаң
қағады. Бұл көкеңнің көкейіне жегі құрт түсті. Қалтасы жұқа болса да тәуекел
еткісі келді.
        - Ендеше жұмыс
аяғын күтейін.
        - Бірінші
қабаттан күтіңіз. Құрбы қыздарға сездірмеңіз. Ал жақсы,-деп көрікті қыз өзге
көрушілерге жол сілтеп бұрылып кетті.
          Санжарға
бойжеткеннің ашықтығы ұнады. «Сіз кімсіз?.. жайыңызға жүріңіз!.. қолым бос
емес!..» дейтін шығар, күнде көріп жүрген, күнде емес-ау, я көшеде, я оқу
орнында ұшырасып қалатын қыздар көзінің астымен үрейлене қарап, үрке қашқақтап,
кірпідей жиырылып жөн сөзге келмеуші еді. Жөн сөзге келе қалғанының өзі
күнделікті шырма-шату шаруа жайынан, дәріс қиындығынан асып жарытпайтын, асқан
күнде - жастық желікпен ауыздан шығып кететін әулекі әзіл, сорпасы татымайтын
оспаққа ұласып сезім ұшқыны тұтанбай жатып өшіп тынатын. Мына қыздың «мақұл»
деп көне кеткені қызық.
           Лифтімен
төменге түсті, аздап жүрек лүпілін басып, Ерболат Төлепбай қылқаламынан шыққан
панноның жиегіне тізе бүкті. Құмырсқа илеуіндей құжынап жатқан жұрт аяғы
басылыпты.
           Бүгінгі күн
аса қызу, нәтижелі өтті; университет деканының қабылдауына енді. Ол кісі үнсіз
тыңдады. Мінезі қиын кісі қарадай жер тепкілеп ойбайын салмады, қырсығына
қыңырайып отырып алмады. Тегінде декан ағайы сырты суық болғанмен, іші май
тоңғысыз жылы, иманды кісі болатын.  
        Сопромат-қарсы
тебу пәнінің профессорын шақырып алды. Екеулеп қос бүйірден сүлікше қадалып
емтихан алғаннан бетер: «Төртінші, бесіншіні қайтіп оқисың?.. сызба-нобайыңды
көрелік!.. өзіңді аспандатып әкетіп бара жатқан ненің екпіні?.. суішкілігіңді
қалай айырмақсың?..» деген сауал астына алып біраз састырды. Сүмек боп терлеп
шығып аздап тыныс алайыншы деп Бәйтеректің басына әлгіде көтерілген. Көңіл
қобалжуын басқан.
        Сыңқ етіп
күліп Бәйтерек басында ұшырасқан қыз қасына тақады.  «Есімім - Жәннәт»,-деп сүйріктей саусағын
ұсынды. Қапелімде Санжар не дерін білмей сасқалақтап орнынан ұша түрегелді.
        - Осында
келгелі екі жыл болды. Бәйтеректің басына шығып көрмеппін. Ірі құрылыс
компаниясының өкілі «офис осы маңда, кешкі тоғызда келерсің»-деген. Әрі уақыт
ұтайын, әрі биікке шығып биіктейін деп бұрылған едім. Қолым бүгін ғана
босады... 
        Бастырмалатып
бара жатқан бұл көкеңді бойжеткеннің сыңғыр еткен үні тұсады.
        - Есіміңіз
кім?
        - Санжар
        - Мінекей
таныс болдық. Сағат түнгі тоғыз болып қалыпты. Әлгі айтқан компанияны тезірек
тауып алмасаңыз кешігесіз. Аузын ашса - іші көрінеді деп сіз секілді кісілерді
айтатын болар. Таныспай жатып барша қыры-сырын, картасын жайып салған сіздей
кісіні тұңғыш көруім.
        Осыны  айтып Жәннәт қыз қарсы алдында көзін төңкеріп
кідіріп қалды. 
        Санжардың ойы
алай-түлей. Қазақ десе өзімізге тиеді. Ойындағысын жайып салатын, «артық
айттым, кем түстім» деп әліптің артын бағып бүгежектеп тұрмайтын көзі ашық
қызды көрсек - ішімізден «айылын жимайтын қыз екен... бәлкім беті ашылып
қалған... бәлкім жүре-бара басыма әңгіртаяқ ойнататын болар» деген қияли ойдың
жетегінде кетеміз. Сырын ішіне бүккен, әрі биязы, әрі үркек қызды көрсек «тымпи
ойнағандай тымыраюы жаман, ай, мұнымен тіл табысып жарымаспын» деп кірпідей
жиырылып сырт айналамыз. Әйтеуір бұл қазаққа жағу қиын.
           Бозбала,
қатар-құрбының көбі осылайша бұйығының көңіл құлпын аша алмай, ашықтың табиғи
мінезін дөп баса алмай, өзге ұлттың шөп желкесіне ұрынып жатады. Тамыры терең
ұлттық рухы қабыспаған соң я орыстан, я кәрістен, я жақұттан қалыңдық таңдаған
жігіттеріміз жүре-бара тамыры нәр тартпаған, жапырағы қураған ағаштай боп - көбіне
жүре-бара зайыбымен ажырасып жатады.
          Бір пәсте
қырық құбылған көңіл күйімен қобалжып тұрған жігітті Жәннәттың өзі икемдеді. О,
құданың құдіреті!
        - Кешір, Санжар,
күткізіп қойғаныма,-деп Жәннәт қыз мұның ып-ыстық қолынан ұстады. - Кафеге
барсақ барайық деп ойнап айтып едім. Ойынымды шын көріп жолымды сағатқа жуық
күтеді деп ойламаппын.
        Санжар
ыңғайсызданып қалды. Өмірінде бірінші рет қыздың жолын күткені, әлгіде ғана
ойша әдемі бір жоспарлар құрып, «қолтықтасып қатар жүріп... арзандау кафэге бас
сұғып, сырласармын... саз тыңдармын... арасында әлгі жолығатын кісілерге
жолығармын. Бәлкім көз қылып құрбыларыма ертіп барармын» деп іштей жоспарлап қойған
еді. Қиялмен болса да қоштасар кезде бойжеткеннің жүзін жуған әңгелектей
домалақ бетінен шөп еткізіп сүйіп алармын деп дәмеленген. Әттең-әттең!..
          Бой-басынан
жаңа пісіп сарғайып келе жатқан әңгелектей әдемі әтір ескен қызды қимай есік
аузына дейін шығарып салды. Қоштасар кезде Жәннәт бойжеткен жалт бұрылып
қарады.
        Санжардың
бойынан тоқ өткендей сезілді.
        Күншығыс
елінде мәртебелі еркектерге бабымен әйелше қызмет қылатын гейша-жолбикені әкеп
таныстырады. Жолбикені биге, әнге, ас-ауқат пісіруге жас кезінен баулып, арнайы
мектепте оқытады. Бойын сылап балиғатқа жеткен гейшаны көшеге шығарған кезде - осылай
жалт қарағанда еркекті сүріндірсе-ол гейшаны «пісуі жетті» деп бағалайтын
болған. Әлгі Жаннаттың қолын ұсына беріп мөлт еткен жанарын төңкеріп қарағаны -
кісі өлтіретін қарас. Сүрініп барып бойын тіктеді.
        - Енді қашан
кездесеміз?
        - Оны өзің
білесің, қашан іздесең де Бәйтеректің басындамын,-деп Жәннәт еріп бара жатқан
бойын тез жинап, жүгіре басып қараңғылыққа жұтылып жөнеле берді.
          Қыз соңынан
сүзіліп қараған Санжар: «Ғашық болу деген осы шығар,-деп ойлады,-әдемі қыздың
әтір иісі танауын жарып жібере жаздады, қарағаны пышақ жүзіндей, әр сөзі қолмен
қойғандай... Құданың құдіреті! Аты мен затына сай ғып қалайша құп үйлестіріп
келтірген!
        Жіті аяңдап
келіп, Бәйтеректен таяқ тастам жердегі ірі компанияның табалдырығынан аттаған
кезде - күні бойғы көңіл түкпірінде жоспарлап, «осылай істесем былай болып
қалар-ау» деген ой-арманы, жаңа піскен әңгелектей Жәннәт қызбен кездесу әсері,
тындырсам ғой деген тағы бірер шаруа жайы асфальтқа түскен құмырадай быт-шыты
шыққанын бір-ақ сезді. Көңілдегі көрікті ойды базардағы нарық бұзды дегеннің
кері келді.
           Компания
қызметкерлері уақытпен санаспай жұмыс істейтін, күндіз күлмейтін, түнде
ұйықтамайтын, кілең екі иығын жұлып жеп жұлқынған, жағадан алып, төске өрлеген
өрім жастар. Өндіршегі сорайып, әр жерден аяғын аттата басып, ұялы телефонмен
жүгіріп бара жатып сөйлеседі, жүгіріп жүріп қағаз толтырады, келісім шарт
жасайды. Тоғыз қабатты зәулім үй осынау алқын-жұлқын қимылдан теңселіп тұрғандай
сезілді. Компания Президентінің қабылдауына кірмек болып хатшы қызға таянған
еді, жасырын дүрбімен көріп тұр ма, ауыз ашқанша болған жоқ, Президент
кабинетінен пәпкі қолтықтап жұлқына шыққан көмекші жігіт: «Сіз пәлен деген
бөлмеге, Вице-ге барыңыз, сол сөйлеседі», - деді өз-өзінен дігірлеп апшыны алды.
        Вице-нің
көмекшісі бөлім бастығына сілтеді.
        Бөлім бастығы
тоғызыншы қабаттағы сарапшыға жіберді, сарапшы мұнымен лифт ішінде сөйлесті.
        - Қолыңыздан
не келеді? - деді жүзіктің көзінен өткендей сарапшы бозбала қылғынып тұрған
галстугін босатып, бұл көкеңнің бас-аяғын тінте сүзіп. Танауын шүйіре қарап.
        - Бәрі келеді.
        - Ағылшынша
ағып сөйлеп Шанхай шебері мен Лондондағы «Миттал стил» президенті Миттал Нивас
мырзамен тілдестіруге сөзіңіз, төзіміңіз жете ме?
        - Жүк вагоннан
көмір, цемент түсіру, құрылыс шаңырағының құп үйлесер нүктесін табу, жаңа құрылыстың
жұмыс-есебін шығару, сол ғимаратқа қанша қыш, цемент, лай, қол күші кететінін
бір демде есептеп шығару деп ойлағам.
        Сарапшы
әлдебір қағазды бірінші қабаттағы менеджерге тапсыра салып лифтіге жүгірді, бұл
көкең көлеңкеше ілеседі. Жоғарылы-төмен сырғыған лифт ішінде тілдеседі. Бейне
жоғарылы-төмен сырғыған сынап секілді. Санжар ғой «осындай да жойқын жүгіріс
болады екен-ау» деп іштей таңқалады.
        - Қай оқуды
бітіргенсің?
        - Әлі оқимын.
Сәулет-құрылыс университетінде. Жұмыс істей жүріп бітіремін деп ойлағам.
        - О-о-о! Оксфортты, Гарвартты бітірген,
Болашақ бағдарламасымен оқып келген білімпаздар бізге жарамай жатады. Компютер
түзілімінің королі Билл Гейтс келіп батасын берген. Интернетте шұқиып отырып-ақ
кез келген елдің файлына еркін ене алатын шоқжұлдыз бар, ол шоқжұлдыз мына
сенің ұсқыныңа қарап «сварщик» деп ойлауы мүмкін. Әй, қайдам, конкурс-бәйгеге
түсіп шаң қауып қаларсың!
        Жоғарыдан
төменге сырғып келе жатқан сарапшының «ұсқының» деген сөзі бүйіріне шаншудай
қадалды. Намысы тұтанды.
        Мұндағы біреу
- шоқжұлдыз, біреу-вице, екпінімен қалбақтаған қарапайымды тапап кете жаздайды.
Сонда қалай? Құйысқанға қыстырылған тезек пе екем! Сау сиырдың жапасына ұқсап
жағына пышақ жанығандай сөзшең сарапшымен самбырласып жоғары-төмен түн жарымы
ауғанша сырғып жүргеніме жөн болсын. Бұ шіркіндер адамға ұқсап ішін ашса, жөн
сұрасса тағынан түсіп қалады ма!? Бәрі де өзім секілді студент аудиториясынан
өсіп-жетілген, айылын жиятын жер бұл емес!
          Санжар аяқ
астынан ашу қысып көтеріліп, қалшылдап кетті.
        - Жаналғыш
әзірейлі болса да жолықтыршы шоқжұлдызбен, сауалына жауабым дайын! Мінекей,
сағатқа жуық уақыт өтті, кран басына өрмелеген сварщикке ұқсап сенделіп әлі
жүрмін. Өл де бар маған! Алысқанмен алысам, шабысқанмен шабысам. Билл Гейтспен
қорқытпаңыз. Ол да өзім секілді оқып жетілген бозбала. Артықшылығы - заманының
қызыл түлкісін тазы боп шалып ертерек дәулет жинап үлгергені. Жүздеген
жеңілдетілген жоба жасап сатуы. Мектепте жүріп-ақ компьютерден қазақ тілін
жеңіл үйрететін программа жасағам, жүлде алғам. Программист бола алам!
          Сарапшы таң
қалғанынан қолтығындағы пәпкесін түсіріп ала жаздады. Есік алдында тершіген
маңдайын сүртіп, аз-кем бөгеліп тыныс алып, ес жиғандай кепке енді.
           Шетел компаниясымен бәсекелес, әріптес тасы
өрге домалаған Президенттің назарына іліккен ірі компанияның басшысының екпіні
үй жыққандай екен. Офисінің өзі аспанмен таласады. Аяқ асты былқылдаған кілем,
сақшысының өзі шіреніп ерін ұшымен әзер тіл қатады. Аспандамай қайтсін,
аспандағы жұлдыздың өзіне қол созған сүлейлер кілең. Компанияның атын «Самұрық»
деп бекер қоймаған секілді. Айтса-айтқандай: компания Президенті шетелге
іссапармен әлгіде жедел ұшыпты, орынбасары Премьерге  есеп бергелі жөнеліпті, бөлім бастығы
шетелдік әріптестермен салғыласып саммит өткізіп жатса керек... бұл көкең амал
жоқ - айналып келіп айналшық шөбін жеген түйедей маналы бергі сынапша сырғыған
сарапшы-менеджердің алдына жүгінді. О, құданың құдіреті!
          Әлгіде ғана
арлы-берлі қағаз тасып, Санжарды әрі итеріп, бері жығып дегендей, анда сүйреп,
мұнда сүйреп өзін әбден сілелелетіп шаршатқан сарапшы бозбаланың алдына доп
секілді қайыра кеп топ ете түскеніне қайран қалады ғой.
      
Сарапшы-менеджер кірпі етіп қойған шашын саусағымен тарап-тарап жіберіп
бөлме төріндегі үстеліне жетті де «Хрусталь» суынан стақан толтырып сіміріп
сап, орындығына сылқ құйрық басты. Қос алақанын бір-біріне шарт соғып
джунгли-тоғайдың жабайы Мауглиіне ұқсап дауыс салып қышқырып жіберді.
        - Беу,
дүние-ай! Мына көр азаптан көз көрмес, құлақ естімес жаққа қашып жоғалғым
келеді! Ақпан айының қалай өткенін білмеймін. Келіншегім: «Долларың да, екі
иығыңды жұлып жеген долбарың да өзіңе»-деп төркініне кетіп қалған. Пәтердің
төбесінен көршілер су ағызыпты, ақысы төленбеген телефонды қиып кетіпті!.. телевизордың
каналын тағы үзіп тынған!-деп көзі бозарып отырды-отырды да қарсы алдына келіп
мөлиіп үнсіз тұрған бұған сұғын қадады, - ал әкел арызыңды, өмірбаяныңды,
айтпады деме - басшыдан келген тапсырманы орындамадың бар ғой, жарты күн
ұстамаймын! Ұсыныс жазып қуам да шығам!.. шәпкіңді теріс айналдырып жіберем!..
        - Ау, ағатай,
әуелі тапсырма беріп көрсеңізші қарадай қорқытпай!
        - А, солай ма?
- деп сарапшы-менеджер ұмытқан нәрсесі енді есіне түскендей ұша түрегелді,
кірпі шашын саусағымен тарады, қолын сілки мегзеп жарты қабырғаны тұтас алып
тұрған әйнек терезеге бұл көкеңді жетелеп әкелді.
        - Көріп тұрсың
ба?
        - Ие, көріп
тұрмын төбесі көкке тік шаншылып салынып жатқан Хан Шатырын. Ағылшын Норман
Фостер сызған нобай-сызбасын.
        - Соның
негізгі балка, арка, ұстын ұстайтын темір блоктардың сызбасын сызып, қанша
метр... неше салмақ көтереді... сымтемірдің сорты... ұзындығы... жуандығы...
қанша тұратыны... тұтастай алғанда сымтемір мен блокқа жұмсалатын шығынның
тиынына дейін шағып есептеп, бағасын дәл шығарып апта аяғында алдыма әкелесің.
Тапсырма сол, көкешім! Тындырмай келмейсің!
        Басқа кісі, я
оқымысты, я сәулетші инженер болса - осыншалық қиын бейнет, айтуы жоқ алапат
шаруадан шақшадай басын шарадай қылмайын деп  басын ала қашар еді. «Мен түгілі осынша
құрылысты апта ішінде есептеп шығу Норманның өзінің қолынан келмейді, жүз
қаралы сәулетші-сызбагер әулеті болмаса», - деп жан дауысы шығар еді. Отыра
қалып маңдайын тоқпақтар бәлкім. Әлі университет бітірмеген, білгіш қатал
ұстазының тоқпағынан шекесінің о жер, бұ жерінің іскені жазыла қоймаған бұл
бейбақ... ақысыз-пұлсыз!.. ешқандай жазбаша келісім-шартсыз, бейне,  көзін тарса жұмып, шешініп салып шыңырауға
сүңгіген көзжұмбай сүңгігіш сүлей секілденіп, іштей ширығып тас түйін бекінеді.
Ештеңеден беті қайтып көрмеген қайсар, бірбет мінезінен жаңылмады. Көзжұмбай
тәуекелге табан тіреп, мізбақпаған күйі.
        - Мақұл, - деді.
       
Сарапшы-менеджердің таңқалғаннан жанары шапыраштанып, әнтек шалқайып, не
дерін білмей қарадай састы. «Мұндай да ішкі серпіні мықты бозөкпе болады
екен-ау», - деп іштей ғажайыпқа тірелді. Аузына жөні түзу сөз түспей қиналды.
        - Тек қана бас сәулетші Норман Фостердің өзіне
тіреп компания атынан қатынас хат жазып беріңдер!
        Санжар атағы
жер жарған «Самұрық» компаниясының атынан алапат жойқын Хан Шатыры кешенінің
Бас сәулетшісінің атына жазылған көлдей қатынас хатты пәпкесіне мұқият салып
сыртқа шыққан кезде... Сағат таңғы алтыны соқты. Алқызыл алау нұр жарықтық
көкжиектен жаңа-жаңа ажырап жер әлемді тосын бір жылы шуағымен қуантқалы
домалақ жердің көкжиегіне иек артыпты. Табиғаттың тартылыс күші жас жігіттің
жүрегіне түсті.
 
           
 
 
Сегізінші баспалдақ
 
        Бүгін Астананың зиялы қауымы дүрлікті.
Дүрлігетін жөні бар.
        Дүниелік
сәулеткерлікте түрлі ағымдар қатар дамиды. Структурализм, хай-тек, символизм,
тарихшылдық, авангард ағымдары бірде бір-бірінен алшайыса қашықтап, келесіде
жер мен айдың тартылысындай бір-бірімен жақындаса қатар дамып, дүниені зәулім
кешенді ғимараттарға толтыра бастайды. Жер бетіндегінің бәрі уақыттан қорқады,
ал уақыт пирамидалардан қорқады. Уақыт құйынына қарсы тұрып төтеп беретін
Астана пирамидасын салғалы ұлыбританиялық сәулетші Норман Фостер қазақтарға еті
үйреніп, тонның ішкі бауындай болып алды.
        Кеше ғана:
«Астанаға ат ізін салады екен», - деген сөз жұртты елең еткізді.
        Енді бүгін:
«Несін айтасын, ұшып келіп қапты», - десті.
        Норман Фостер
осы күнгі индустрия жетістігін сәулеттік тұрғыдан игеру, ғимаратты талғамды
ету, эстеттендіру үрдісі хай-тек ағымының атышулы королі. Атақ-дәрежесінің
көптігі жағынан Гиннес кітабына енген томашадай ғана қасқа бас, кемиек, ақсары
кісі.
        Қала мэрінің
орынбасары атақтының жолына жығылып-сүрініп қарсы алуға шығыпты. Май тоңғысыз наурыз
күні шуақ төгеді. Тасқыаяқтай тоғысқан тілмәш пен тілшіні былай ысырып, алып
ұшақтың биік баспалдағынан түсіп келе жатқан мәртебелі мейманды қол созымға
келе бере - қала мэрінің орынбасары құшағына күреп алды. Шағын кісінің
қабырғасы күтірледі. Бойы екі метрдей кеуделі, көрікті орынбасардың қасында
ағылшын сәулетшісі бала секілді, «солға жүріңіз» десе - солға, «оңға жүріңіз»
десе - оңға құлдыраң қағады. Орынбасар әлгіде ғана қонағына шоқ гүлін ұсынып
тұрып:
        - Баспасөз
мәслихатын өткізесіз бе, жоспарыңыз қалай? - деген еді.
        - Менде
алдын-ала сызылған жоспар болмайды. Президентпен ұшырасып бірер ауыз тілдессем,
қала сәулетшісімен дөңгелек үстел үстінде сұхбат құрсам жетеді, - деген.
        - Әуелі
Президент қабылдауында болып шығыңыз, сосынғы тізгінді қолға өзіміз аламыз, -
деді қала мэрінің орынбасары. Қарқылдап күліп қонағының арқасынан қағып еді,
қонағы желді күнгі қоғаша қалтырады.
        Тілмаш қыз
«тізгінді» деген сөздің ағылшынша баламасын таба алмай, бірде «былайғы ұсақ
шаруаны» деп, келесіде «асау жылқыдай қолға үйретіп аламыз» деп, айдалаға
қаңғымалап кетті. «Ештеңені түсінсем бұйырмасын»,-деп лорд Норман Фостер мырза
иығын қисаңдатты. «Осы тілмаш қызға қаншама мемлекет қаржысын жұмсап -
«Болашақ» бағдарламасымен шетелге оқытып алдық-ау, алда ғана ит
шенеуніктер-ай», - деп орынбасар әлдекімді сыртынан сыбай боқтады.
        «Қала
сәулетшілері күні ертең қонақ үйдің сырсұхбат залына жиналсын,-деп мәртебелі
мейман қол орамалымен қасқа маңдайынан жылтырап моншақтаған терін сүртті, -
әзірге өзімнің сызбам бойынша қабырға көтеріп жатқан Хан Шатырын көріп
шығам...»
        Хан Шатыры
қаланың көркі, тәбәрігі!
        Жазық даланың
бетіне қазақтың бөркін әкеп қоя салғандай, ішінде алапат гипермаркет - сауда
үйі, гольф алаңы, фитнесклуб, әлденеше бассеин, шығыс базары өзінше бір әлем.
Күн сәулесі тәуліктің он екі сағат бойына еселей түсіп тұратын, жел қай жағынан
ұйытқи соқса-дағы қарсы тебер қабырғаға кезікпейтін, өне бойын ұршықша үйіріп
орнатылған желдеткіш науа шатырдың ішіне желді үрлей соғатын - алып құрылыс бас
айналдырады. Жазда ашылып, қыста жабылатын түніке-шатыры қолшатырға келеді.
Кірген кісі аяғын алшақ басып, жүзін көкке көтерген кезде көк аспан тәрізді
шыны шатырдан мың сан жұлдыз жамырап қоя береді.
        Төбеден түскен
болат арқандар шашыраған күн сәулесі секілді.
        Қай жағынан
қарасаң да кеңдікті, шексіздікті сезінесің.
        Әлгінде
ғана... Ақ Ордаға барар алдында, қонақ үйде Норман Фостер галстугін тағып жатып
айнаға қараған еді. Жалтыраған қасқа басы піскен асқабаққа ұқсап орасан
үлкейіп, көз жанары ұңғысына шөгіп, қарадай үрпитті. «Кішігірім елдің
президенттері қайырылып сәлем беретіндей ұсқыным бар еді, сол ұнасымды ұсқынды
әлде «Боинг» ұшағы, әлде опасыз уақыт жұтып қойған ба, тәйірі! Шаршағаннан
болар» деп өзін-өзі іштей жұбатып, асығыс жиналып, сүрініп-қабынып дөң
басындағы Ақ Ордаға жеткен, ішіне енген. 
        Қашаннан
таныс-біліс, пікірі мен пікірі түйіскен мәртебелі Президенттің қолын қысу,
сәлемдесу, шүйіркелесу - ол да бір ғанибет шаруа. Кісінің көкке көтерілетін
көрікті шағы осы болар, сірә, деп толқыған іштей.
        Ойхо-о-ой,
дүние деген! Әлем - нәзік. Демократия - нәзік. Өмір - нәзік. Сұлулық - нәзік.
Тәуелсіздіктің әрі еңселі, әрі қасиетті ескерткіші мына Хан Шатыры, ана алып
Пирамида, төбесімен көк тіреген Бәйтерек болар-ау, сірә!
        Ендеше
қасиетті, еңселі тәуелсіздік халқымен қосыла мың жасасын деп тілейік. Осы сөзді
Президенттің аузынан естіген ұлыбританиялық мейман төбесі көкке бір елі
жетпегендей мейманасы тасып, қуанышты хал кешіп, жүрегі аблығып, көңілі
өрекпіген кепке еніп, бірауқымда Ақ Ордадан арқаланып шықты.
        Ішегінің
шұрылдап, қарны ашқанын жаңа сезді.
        Өзінің
Астанаға келу орайына, мәртебелі қонаққа арналып жайылған қонақасы дастарқанын
көргенде жанары жасаурады.
        Қол шайып кеп,
төрге жайғасып отырғаны сол. Қарсы алдында тау боп үйілген балық пен уылдырыққа
аш күшігенше шүйіліге түспекші еді. Бұ қазақтарды қойсаңшы!
        «Тост
сөйлейміз», - деп қала мэрінің орынбасары қазықша төсі қайқайып, дыбыс үдеткіші
қолында: «Мырзалар, лорд Норман Фостер мырза!.. ханымдар!.. әкімдер!..» - деп
сарнап қоя бергені.
        Мәртебелі
қонақ жаңа ғана аузына салған тіл үйірген дәмге түйіле жаздап қылғынды.
Орынбасардың ащы ішекше шұбалған ұзын сөзі жуғарақта түгесілмеді.
        «Норман Фостер
мырза пэр атағын алған, лордтар палатасының өмір бойғы мүшесі, хай-тектің көзі
тірі классигі, Токиодағы Миллениум мұнарасын, Париждегі Помпиду орталығын
сызған, Рейхстагты қайта қалпына келтірген, Лондондағы қамсыздандыру компаниясының
штаб-пәтерін қияр үлгісінде үйлестірген, Франкфурт қаласындағы 259 метрлік банк
ғимаратын қиялдан қағазға түсірген», - деп бірауық тізбелеп шығып, азғана су
ұрттап, әрі қарай соза түседі. Мәртебелі мейманның ішегі шұрылдап, осынау мырың
сөзге ит жыны келеді. «Апырмау, Foster Assosiates фирмасының дүниеге әкелген
сызба-нобайын санай берсек - түн ортасы ауып, таң атады ғой, ас ішіп, аяқ
босатып, әл жинап алуға пұрсат бере ме бұл сөйлемпаз мырзалар!» - деп
шанышқысын шықырлата түседі.
        Дастарқан иесі
күллі шығыс дүниесін жағалап кеп... Пекиндегі жыл сайын алпыс миллиондай адамды
қабылдай алатын алапат үлкен әуежайды ауызға алғанда... шыдамы таусылды,
шыныаяқтағы лимон сөлін құрқылдатып кеп сімірді. Жанында тізе бүккен
сәулетшілер мәртебелі мейманға оқыс бұрылып қарады. Бұл көкеңнің көзі аларып
оларға қарады.
        «Мәртебелі
мейман сөйлесін, тост көтерсін» деген тірідей жазасы тағы шықты бүйірден.
Шанышқысы екен десе, жоқ, тісін қышырлатыпты. «Ау, осылай кісі есіп сөйлей бере
ме екен, ас ішуге жиналдық емес пе?.. сөйлейтін жер іздесе - әнекей, радио бар,
теле бар, одан қалды қаншама мәжіліс залдары қаңырап бос тұр!..» деп зығырданы
қайнап отырса, қас қылғандай атарман... аларман... шабарман жігіт кеп үн
үдеткішті мұның тұмсығының астына тіреп әлек. Жаны ышқынып кетті.
        - Мырзалар-ау,
әлем әлі болып-толған аяқталған нәрсе емес, әлі де кемелдендіре түсетін
тұстары, жетілдіретін жері көп. Мырзалар, кім аз сөйлеп көп ойланса - сол кісі
сәулетші болады, сәулетшілік - сұлулыққа бір табан жақындау. Бір-бірімізден
кемел сұлулық іздейік!
        Норман мырза
осыны айтып дыбыс күшейткішті тастай салып шанышқыға, ас пышағына шүйлікті.
Шұрқырап әкетіп бара жатқан «іштегі жыланның» үнін өшірмекке қам қылып
алдындағы шұжықты қарбыта асап, түйіліп бара жатқан соң - шие сөлін сіміріп
жаны жай тапты. Жанындағы зиялы қауым, қала мэрі әлгіде айтқан сөзін түсінбеді
ме, бір-біріне аңтарыла қарасып, бас шайқасып күбір-күбір тілдеседі.
        - Түсінбедік
қой.
        -
Сәулетшіліктің сұлулыққа қатысы қанша?
        - Өркениет кемелденбей көктей солады дегені
тегі асыра сілтегендік!
        Ертесіне, таң
алакеуімнен төсегінен тұрып, жуынып-шайынып, сәрілік кофесін ішіп диланған
Норман Фостер аяқ астынан оқыс оқиға килігетінін, сол оқиғаға куә боларын тегі
болжап-білмепті. Тегіс жерден сүрінді. 
        «Сүрінді» деу
аздау ма, қалай. Омақаса жаздап әзер-мәзер бойын тіктеп алды. Есін жылдам
жиды.   
        Басынан бастап
баяндап берелік. «Интерконтиненталь» қонақ үйінің мәжіліс залы. Көгілдір шыны
қаптаған қабырғадан кісі жүзі көрінеді. Батыс, әрі түстік беттегі терезеден күн
шуағы құйылады. Кең залға кіріп келгенде байқады, кілең қара көздер.
        Астананың
шөпке ілігер, сорпаның бетіне шығар ығай мен сығай сәулетшілері түгел жиналып,
үйіле тұнжырап жолын күтіп қалыпты.
        Төралқа
үстеліне жеңіл көтеріліп қол қусырып, басын изеп сәлем мезіретін жасады.
Сәулетшілер дүрк көтеріліп құрмет көрсетті. Артынша орындарына жайғасып тынши
қалысты. Ұйыған тыныштықты мейманның қаздай қоңыр үні бұзды.
        - Келешек осылай
қарсы беттеп сөйлегеннен-ақ шамы жанып, газы қосылып, теледидары көрсетіп,
лифтісі көтеріліп жүре беретін ақылды үйлерде, ондай үйлер Астананың
табалдырығынан аттағалы тұр,-деп Норман Фостер сөзін сабақтап алып,
сәулетшіліктің қыры мен сырына ұзақ тоқталды. Әрбір ұлттың зайырлы дәстүрін
сақтай отырып, үрдісті үдете дамытудың бұлақ көзін ашып, жарық пен кеңістікті
құп үйлестірудің жаңаша үлгісін сыр ғып жайып салды. Бірауқымда барып шеберлік
мектебінің дәрісін тамамдап: «Сауал қойыңыздар, жауап беруге әзірмін», - деді
сәулетші.
        Сол бұрыштан
орта бойлы, жазық маңдайлы, жанары өткір, қыр мұрынды бозбала қол көтерді,
«есімім Санжар, осындағы «Самұрық» компаниясының сарапшы-менеджері болам», -
деп таныстырды өзін.
        Әуелгіде
бозбаланың айтқанын тілмаш тілін сындырып былдырлап аударып көріп еді, кібіртік
қағып, тілін шайнаған ағылшыншасы ұнамады ма, сөз тігінін Санжардың өзі алды,
ағылшынша шешілді. Ағылшыншасы көп-көрім екен, мәртебелі мейман әр кезде басын
екшеп сөз қыстырғаны болмаса - демде түсініп, пікірі мен пікірін, ойы мен ойын
үйлестіріп үлгерді. Тілі төселіп қапты.  
        Сәулеткерлік
мәртебесі биіктеп шабыт көтерген бозбала алып-ұшып тұрғандай. Еуропа, одан өтіп
Азия құрлығына ғасырмен қосыла жасайтын ғажайып ғимарат құрған, аузымен құс
ұстаған шетелдік әріптесінен именетін емес. Әуелгіде сауал қоюға оқталып қолын
көтеріп еді. Астананың Бас архитекторы: «Сөйлей берсін бе... әлде сауал
қойғанын елемеген болып өткеріп жіберейін бе!..» - деп қызара бөртіп орынбасары
бір, мәртебелі мейманға екі жалтақтап тосылып қап еді... мәртебелі мейманның
өзі зал түкпірінен жел шайқаған сәмбі тал секілді солқылдаған бозбалаға жымиып
басын изеді.
        - Мәртебелі
Фостер мырза, ақылды үйлер, жазда ашылып, қыста жабылатын қолшатыр секілді
сарайлар туралы айттыңыз, ал солардың түп атасы қазақы киіз үйден шыққанын
дәлелдеймін!
        Бас архитектор
аузын алған шиқандай қызарып түкпірдегі Санжарға дүрсе қоя берді.
        - Әй, бала!
Қайдан шыққан таскенесің өзің? Сәулетшілер короліне бетінен алып солай сөйлей
ме екен? Қазақы киіз үйің не сандалып тұрған?
        - Фостер
мырзаның Гонконгте, Шанхайда, Лондонда орнаған әрқилы құрылыс слайдымен
танысқам, солардың кеңістік геометриясы қазақы киіз үйдің белгі-бөлшектерін мол
қамтыпты. Табиғи ортаға, жарық пен кеңістікке үйлесімі солай!
        - Кеңістік
геометриясы деген не пәле ол?
        - Қазақы киіз
үй сәулетшілікке сорпасы қосылмайды ғой!
        - Бұл баланы
дөңгелек үстелге бекер шақырғансыңдар!
        Осыны айтып
қала әкімінің орынбасары, Бас архитектор орысшалап, екі жақтап Санжарға киіп
сөйлегенде, өре түрегелген мезетте - дөңгелек үстелге бас қосқан лауазымды
кісілер үдере шуласты. Жамырай тіл қатысты. Бәрінің... бәрінің болмаса да -
көбінің Санжарды атарға оғы жоқ. Жазықта көсіле шауып келе жатқанда алдынан
жыра кезіккен сәйгүлікше шапшып секіргені. Осы мезетте тілмаш қыз Норман Фостер
мырзаға жаңағы бозбала алдына көлденең тартқан сауалды ағылшынша аударып
үлгерген еді.
        Сәулетшілер
королі, хай-тек үрдісінің корифейі қасқа маңдайын жалпақ алақанымен көстите
сипап қойып, суық жымиып, саусағын шошаң еткізіп сөз сұрады. Дөңгелек үстелге
бас құраған білгіштер саппа тиылды. Зал ішін тыныштық кернеді.
        - Өз басым бұл
мәселені көптен ойланып жүргем. Осы сапарда киіз үй ұстасымен кездессем деген
дәмем бар. Индеецтің шошақ шатырын, эскимостың жаппасын, маңғұлдың арба үстіне
орнатқан қараүйін қарастырғам. Әйтсе де қазақы киіз үйде өзгеше құпия сыр бар
секілді,-деп Фостер мырза сойған түлкіше ыржиып күлгені.
        - Табиғи
ортаға үндестік қазақы киіз үйден қалған. Ол кеңістік, уақыт, табиғат секілді
үш субъстанцияға бірдей табан тірейді. Ажырата алмайсыз!
        - Ай, мына
бала бәрін бүлдірді! - деп орынбасар үстелін солқ-солқ жұдырықтады. - Мәртебелі
мейманды қинамай, арқадан қағып, мақтап, марқайтып шығарып салу емес пе
міндетіміз! Жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты деген осы болар, сірә!
        - Әкім мырза,
қазір бәрін жуып-шаямыз, ол баланың аузына құм құямыз,-деп жәркеленші
сәулетшілер сыбыр-күбірді күшейте түсті.
        - Желкелеп
шығарып жібереміз бе, қайтеміз!-деп Бас сәулетші жалтақтай қарады. Қап-қара боп
түтігіп кетіпті.
        - «Кілең
ұлтшыл, жындыкеш, теріс қарап мөңірейтін мондыбастарды жинапты, басымды
қатырды, өздерінде ешқандай кісілік жоқ»,- деп Президентке бір ауыз сөз
жеткізсе -пашпыртымыз бітті дей беріңіз!
        - Қайтеміз?!
        - Сұмырай неме
ағылшынша біледі екен, масқарамызды шығарып ішек қырындымызды ашып салса
қайтеміз?
        - Фостер
мырза,-деді Санжар оңы мен солынан үдеп бара жатқан бостекі, бейәдеп сөзден
үрке шошынып, - күні ертең киіз үйді көрсетіп, ұстасымен ұшырастыруды өз
мойныма алайын. Түпкі ойым: дүниелік сәулетшілікте бес ордер үлгісі бар,
алтыншы ордер етіп киіз үй үлгісін ұсынсақ деген дәмеде жүргем! Несіне
жасырайын!
        - Түсінем,
түсінем, жас сәулетші мырза, ертең менің аудиенцияма келіңіз, сағат он бірде...
күтем... сыр ашып сөйлеселік сонда, - деді хай-тек үрдісінің королі өз-өзінен
қысылған сыңай танытып.
        Жиналған
қауым, әкім, сәулетшілер, Бас сәулетші, беделді газеттің журналистері мәртебелі
мейманға бір-бірден сауал қоямыз ба деп дәмеленіп, әуреленіп, сан ойлап, онысын
ағылшыншаға аударып, әлектеніп келіп еді. Сырсұхбатқа бөлінген уақыт шолтаң
етіп бітіп қалды. Норман Фостер мырза сағатына қарап, басын шайқады. «Уақытым
бітті», - деп орнынан қопарыла қозғалды.
        Әкімнің
орынбасары ызалы. Парт болып шиқандай қызарды.
        «Алда ғана ит
сүмелек-ай, ана бозбала сәулетші бәрін бүлдірді, жалғыз өзі дөңгелек үстелге
бөлінген уақытты жеп бітті, арадан сұғынып кіріп, мәртебелі мейманға сауал
үстіне сауал қойып ауыз жаптырмады. Алдымызды орап кетті. «Жер астынан жік
шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей, қайдан ғана сап ете қалған жік еді
бұл?.. Бұл сұмырайдың қайда істейтінін біліп алып, құйрығына қоңырау байлап індетпесем
- ішкен асым бойыма сіңбей қалсын-әй!»
        Осыны ойлап
төралқада жардай болып отырған қала әкімінің орынбасары сұқ саусағын сырт
еткізді. Сымға тартқандай сыптығыр көмекшісі жетіп келді. Жетіп кеп қожасының
аузына құлағын тосты, бүгіліп, басын екшеп елпек қақты.
        «Бұрыштағы
ағылшынша, орысша сұңқылдап сөйлеп мейманның мазасын алған ана шіби қораз
секілді шілбигеннің аузына құм құй!.. қайда істейтінін сұрап ал!»
         «Құп балады,
басеке,»-дейді көмекшісі.
        «Қоя тұр!..
Шетелдік қонақтың көзінше мілиса шақырып елдің құлағын көтерме, абай бол, арты
көрінетін ісіңнен ши шығып жүрмесін!»
        «Құп болады,
басеке. Әйтсе де мәртебелі мейман көзінше о пәлені қалай сыртқа сүйреймін.
Ойбайын сап мұқым дүниені төңкереді, жер жиһанға жаяды: аузыма қақпақ шегелеп
жатыр деп. Отырсам опақ, тұрсам сопақ етті деп дүниеге дабылдап, абыройымызды
айрандай төгіп жүрмесе.»
        «- Төккізбе!
Алды-артыңды ойлап істе!»
        «- Құп болады,
басеке.»
        Осымен әрі
тарт, бері тарт ырың-жырыңның әңгімесі тамам.
        Сырсұхбат
диологке бас қосқан қонақтар, ығай мен сығай сірескен журналистер, тілшілер,
елшілік өкілдері, өзге де лауазым иелері «уақыт біттіге» санап бір-біріне
қарасты. Әкім орынбасары мәртебелі мейманға қарады. Мәртебелі мейман сол
қолының білегіне салған күндіз-түні жанып тұратын бириллиант тасты сағатына көз
қиығын салды. Орынбасар орнынан көтеріліп, көпшілікке қарап басын иіп:
«Сырсұхбат мәслихатын осымен жабық деп жариялаймын,»-деді. Жиналған жұрт дүрк
көтерілді.
        Сыртта, наурыз
айының орта шені - қала ақ қар, көк мұз құрсауынан арылмай тұрса-дағы көктем
бұлты ойда жоқта ойнақтап шығып күн күркіреген сыңайлы. Күн күркіресе қыстың
көк сауыты көбесінен сөгіледі. Көк сауыт сөгілді дегенше - жан-жануардың
арқабасы кеңейіп сала беретін әдеті.
        Санжар
дөңгелек үстелдің шетінде оңаша ойға батып тұрған еді. Әкімшілік жігіттері
құйын көтерген нөсер бұлтынша үйіріліп, жанына алай-түлей болып жетіп келді.
Әкім орынбасарының көзтаныс көмекшісі білегінен ұстап: «Былай жүріңіз! Сөйлесетін
сөз бар сізбен», - дейді төбеден тас түскендей етіп. Санжар не дерін білмей
састы.
        «Мәртебелі
мейманға регламенттен шығып сауал қойып басқосуды бұздыңыз», - дейді орынбасар
көмекшісі түсін суытып, - сізге қатаң түрде ескерту жасап, бұдан былай
сәулетшілер кеңесіне қатыспасын деген пәрмен бар!..» 
        Мына сөзді
естіген Санжарды түлен түртті, ашуы бұрқ етті.
        «Өз басым
ешқандай тәртіп бұзған жоқпын! Керісінше, Норман Фостер мырзаға қазақ жерінде
ұлттық архитектура болғанын дәлелдеп бақтым...» «Қалайша? Омай деген!.. Бұл
қазақта қыста жеркепе, жазда киіз үйден басқа не болды дейсің тәйірі! Жоқтан
бар жасап жүрген «Жас қазақ» ұйымының белсенділері, сондай содыр оппозицияның
мүшесімін десеңші! Ха-ха-хи-хи, жас қазақ болғаныңа», - деп әлгі сымға
тартқандай сыптығыр  көмекші білегінен
қармай ұстап бұрышқа дедектетіп сүйрелей жөнелгені.
        Санжар парт
болып қызарып, білегін жұлқа тартып босатып алды: «Қазақтың киіз үйінен садаға
кет! Ұлтының рухын есікке сүйреп, өзгеге жәркеленшіп жалпақтаумен күн өткізген
бейшаралар,-деді қалшылдап,-я білімі жоқ, я кісіге аяушылығы жоқ бәлеқорлар!..»
        «Кеңеске
қатыстырмаймын!.. тіліңді тарта сөйле!..», - деп қасарысты әкімнің көмекшісі.
        «Кеңеске
қалайда қатысамын! Норман Фостермен тең иық тілдесе алам. Кишо Куракавадан бата
алғам!..»
        «Пә-әлі! Мына
өтірігіңді әкім естісе ғой - дереу дәрігер шақыртып жындыханаға жөнелтеді,
көкешім!..»
        Табан астында
тұтанған дау кісіні дауылша көтеріп аспандатып әкетті. Қатты шыққан дауысқа
жұрт елеңдесті, көбінің көзінде айтылмаған сауал қалды. Сыртқа ығыса шығып
жөнеле бастаған жұртта ес жоқ.
        Осы мезет
оқиға күрт өзгерді.
        Дөңгелек
үстелдің қадірлі қонағы, хай-тек үрдісінің королі Норман Фостер мырза әлгідегі
сырсұхбат үстіндегі уәдесі есіне түсіп, жас сәулетші Санжарды іздетіпті.
        «Келісті
қазақы киіз үйінің ұстасын таныстырамын, кездесу ұйымдастырамын деген...
іздеңдерші! Жолықтырыңдар!..» - депті. Есімі дүниені дүңкілдеткен сәулетші:
«Жолықтырыңдар!.. іздеңдер...», - деп бір ауыз сөз айтқан соң жан қала ма, зал
ішін құйын кеулегендей алай-түлей болды да кетті, жер төңкеріліп бара жатқандай
сезілді. Әр сөзін әлгіде шегелеп «қатыстырмаймын, қатыспайсың», - деп тұрған
әңгүдіктеу көмекші келсаптай жұдырығын жан қалтасына жасырып, желі кеткен
резеңке допқа ұқсап пыш басылды. Сасқалақтап қалды. Санжар бозбала тұсына іздеу
салып, лып етіп жетіп келген тілмаш қыздың соңынан ілесті. Бикештің бөксесі
жорға құнанның жоны секілді, көз алдында ұршықша үйіріліп бұлт-бұлт етеді.
Бұлтылдаған бөдене бөксенің соңына ілесіп келе жатып, әлденеге сүрініп омақаса
жаздады. Етпеттеп барып бойын тіктеді.
 ***
Ертесіне ғой,
қонақ үйдің «Люкс» бөлмесі осыншалықты кең болады деп ойламапты. Жаңғақ
ағашынан жасалған үлкен үстел, қапталдағы қос кресло, үстелге иін тіресе
қойылған былғары тысты орындық, оң қабырғадағы айналы кітап сөресі, шкаф
алдында тұрған манағы мәртебелі сәулетші - айпара кең бөлмеде ертегідегі қаңбақ
шалға егіз тамшыдай ұқсады. Басын изеп, қос қолын алдына сілке лақтырып сәлем
мезіретін жасады мейман.
        - Өмір -
нәзік, сұлулық - нәзік, жас дос, сол нәзікті эстеттендіру бізге бұйырған, - деп
тап сағынып көріскен замандасын жаңа көргендей мұны жүзінен шуақ шаша қарсы
алды, - ұлы даланың бөлшегіндей болған киіз үйді көрсетіңіз! Кеше дөңгелек
үстел үстінде уәде бергенсіз.
        - Лорд Фостер
мырза, қызметіңізге әрдайым әзірмін!
        - Ендеше
бір-бір шыныаяқ кофе ішіп алайық та ұлы даланың пирамидасына тартайық!
        - Лорд Фостер
мырза, киіз үй пирамидаға еш ұқсамайды. Ол қазақы бөрікке келеді.
        Ерін күйдірген
кофе ішіп, жүрек жалғап алған соң, тілмаш қызды ортаға алып, төменге түсіп,
күтіп тұрған жеңіл жүйрікке отырды.
        Астананың
кіндік тұсына, Республика даңғылының құйымшағына орын тепкен Президенттік
мәдениет орталығына тізгін тіреді. Осынау ғимарат нендей үй екенін тілмәшінен
сұрап білген лорд - мәшинеден шығып, маңайына байыппен қарап, орталықтың
нұсқасына көз сұғын қадады. Маңдай әжімі жиілеп басын шайқады. Таңданғанын
жасыра алмады.
        - Париждегі
Помпиду орталығын сызған кезімде сәулетші әулеті «мұнай өңдеу зауыты» деп
келемеж қылған. Әттең орталықтың орын тепкен жері ойпаңдау, қым-қуыт көшелердің
қиылысқан тұсы екен. Мына ғимаратты әрі оңаша, әрі дөңес жерге қондырса ғой -
жанып кетер еді,-деп қасқа басын шайқап тұрып алды, - архитектураның құдіретті
болмағы табиғи ортасын байытып, көркейткенінен!
        - О, не
дегеніңіз, лорд Фостер!
        - Ғимараттың
нобай-нұсқасын Президенттің өзі сызыпты деп естідім, сәулет сызбасында ешқандай
мін жоқ, тек орналасқан жері болмаса. Жарық пен кеңістікті ұтымды пайдалансақ
қана табиғатқа тақай түсеміз. Гонконгтегі банк ғимаратын сызғанымда көне
қытайдың фен-шуй дәстүрін еркін пайдаландым. Сәулет өнеріне ұлттық дәстүрді
мол-мол сіңіруге болады.
        Осыны айтып
мәртебелі мейман ауыз жаппай сөйлеген күйі ішке енді. Мұражайдың орталығын
алған кең, бай ұлттық дәстүрлер көрмесіне өтті. Көрменің дәп ортасында он екі
қанат киіз үй, жұмыртқадай сыртқы көрінісі, ішкі ұлттық безендіру үлгісі -
сәулетшінің жанарын «әу» дегеннен арбап алды. Сұлулыққа магнитше тартылды. «Бұ
не деген ғажайып сиқыр!-деп таңқалады,- алғашында америка индеецтерінің төбесі
шошайған күрке үлгісі деп ойлағам. Мынау өзгеше конус, жазда салқын, қыста
жылы, микроклиматы қоршаған ортаның көшірмесі, салқындату, желдету, жылыту
табиғи қалыптан, қалыбы бөтен хай-тек үлгісі осы ғой, жарқыным!
        - Қоршаған
ортаны эстеттендіру десеңіз, лорд мырза, қателесесіз, мұны табиғатпен үндесу,
табиғаттың бөлшегі деп қараған ләзім!
        Мәртебелі
мейманның маңдайынан тер моншағы жылтырады. Көзілдірігін алып Санжарға ұзақ
сүзіліп сықсия қарады.
        «Сөз жоқ, мына
бала әлі-ақ бір жерден тесіп шығады, хай-теккке сын айтпақ түгілі осы күнгі көп
сәулетшілер көжесін жылап ішіп, суішкілігін әзер айырып жүр. «Бетің бар, жүзің
бар» демей, аузына келгенін айтып салатын бірбет, бірмойын, тура шап мінез
иелерінің әдетте жолы бола бермейді. Сәулеткерлікке шындап бет бұрған кісі екі
нәрсені үйреніп алғаны жөн, бірінші: туа бітті дипломат, кісімен тіл табысып
сөйлесудің шебері болмақ, екінші: шаршамайтын, болаттай берік төзім қажет. Шарт
кететін, морт сынатын мінез сәулеткерлікке келмейді. Аяғында оңбай
омақастырады, орға жығады. Мысалға, дала кеңістігі қай-қай биіктікті әп-сәтте
жұтып қояды».
        Ұлы далада биіктік
қуып абырой таппайсың!
        Осы арада,
қазақы киіз үй алдында дүниелік сәулетші лорд Фостер мырза мен бозбала
Санжардың арасына ойда жоқта шайтан кеп килікті. Көзге көрінбей кеп көңілге
кірбің, жанарға перде тұтып, лездің арасында араға ала мысық жүгіртті.
Кикілжіңге тізгін босатты. Есіп сөйлеп тұрған қадірлі қонақ тақырыбын 180
градусқа өзгертті.
        - Астанаға
ақылды үйлер қажет, технологияны бел тұтса ғана -сәулет эстеттенеді, жазда
ашылып, қыста жабылатын шатыр, табиғи желдеткіш шығынды барынша төмендетеді.
Бұл елге шығыны шығандаған сәулет келмейді! Кедей елге кербездік не жесін!
        - Қателесесіз,
лорд мырза! Уақыт құйыны қазақы киіз үйге соқпай кетпейді, жұлдызбен жүздесу,
күннің шығысын, батысын басбағып отыру, жарық пен кеңістікті жүз пайызға
қабылдау - киіз үйден қалған. Киіз үй нобайымен эстеттенген құрылысты көптеп
саламыз. Астанаға еуропалық ақылды үйлер келмейді.
        - Сіздерге
хай-тек үлгісі құп үйлеседі!
        - Біздерге
этноавангард, киіз үй үлгісі қолайлы!
        - Үйлеседі!
        - Үйлеспейді!
        Мына сөзден
хай-тектің көзі тірі классигі лорд Норман Фостер шарт кетіп, бұлқан-талқан боп
ашуланып қызара бөртіп жер тепкіледі. Бұрқ еткен ашуын шығарарға себеп таппай
қан қысымы көтерілді.
        Маңайында
шұбап жүрген атарман, шабарман, жәркеленші топ шүйлігіп кеп бозбала Санжарды
түтіп-түтіп, түгімен жұтып қоя жаздады. Көзге шұқып, шуласып кеп: «қайдан
келген пәлесің!.. осы қазір табаныңды жалтырат!.. мәртебелі мейманнан тап қазір
кешірім сұра!.. кешірім сұрамадың бар ғой - көзіңе көк шыбын үймелетіп, ит
қосып қуып, әкеңді танытып жібереміз» десті... «Қызметтен, оқудан қуыласың,
тегі Астанада жер басып жүрмейтін етуге құдіретіміз жетеді!»
Тоғызыншы баспалдақ
         Кісінің бұл
дүниеде пұшайман болып, мүсәпір халге түсуі оп-оңай. 
        Кеше ғана
университет есігін серпе ашып, нық адымдай ішке еніп, қаһары қатты деканның
алдында именбей сөйлейтін Санжар... аса ауыр пәннің профессорына іркілмей жауап
беріп, былайғы қатар-құрбылары қойны-қонышын жасырын жазба мен сызбаға
толтырып, құбыжық көргендей шошынып дірілдеп тұрғанда - «бестік» бағасын алып
шығатын Санжар...өзге жұрт жұмысқа тұрмақ түгілі есігін ашып сығалай алмайтын
«Самұрық» компаниясына қызметке кіріп, еңбек кітапшасын аштырып үлгерген
Санжар... аяқ астынан ит тартқан терідей боп шетке шығып қалды. Осылай да
осылай, қазақы киіз үйді көрсетіп қана құйрығын қысып, суішкілігін қамдап қарап
жүрмей, атағы дүниені дүңкілдеткен мәртебелі мейманның жағасына жармасқандай
болып «білім таластырды», «бой жарыстырды»... мейлі ғой, білігі асып бара жатса
бір сәрі, қайдағы киіз күрке секілді қирауға бет алған киіз үйді мақтап
мәртебелі мейманның қан қысымын көтеріпті, сөзге келіп қапты... дескен сөздер
желді күнгі өртше қаулап желп-желп етті. Қала әкімі қап-қара боп түтігіп
көмекшісін шақырып алды.
        - Әй, ананың
аузын жап дегенім қайда саған! Не бітіріп жүрген жүгермексің?
        - Ескерту
жасағам. Әйтсе де демократиялық азаматтық қоғам құрып жатырмыз деп ауыз
жаппаймыз, шетелдік әріптестің алдында әпербақан мінез танытып жату әбес екен,
Киікбай Биікбаевич!
        - Осы сенің
миың айналып қалған ғой деймін. Әрнәрсені сол қалпында, ақты ақтай, қараны
қарадай қабылдайтының қалай? Айтайын: демократиялық қоғамда кімнің қалтасы
қалың, лауазымы жоғары - солар демократияның түп иесі, жемісін жейді.
Кәкір-шүкір, қиқым-сиқым, кедей-кепшік бостандыққа қол жеткіздік деп аузына
келгенін айтып төбемізге шығып ап сұрқылтайдың сыбызғысын шалса ондай
демократияның көк тиындық құны жоқ! Тең құқылы қоғам кітапта ғана жазылады.
Біліп қой, социализм де, капитализм де барға қызмет етеді, жоқты жоғары
көтермейді! Ал ана сәулетші сұмырай баламен айналыс, қызметтен қуасың ба,
омақастырасың ба, өзің біл, әйтеуір екіншілей көсемсіп, кеуде көтеріп, балақтан
алып төске өрлемейтін ет бәтшағарды!
        Осындай ұсқыны
бөтен пәрмен алған көмекші... екі жоғары оқуын іштен түсіп, сырттай тәмамдап,
жақында үшінші университетке құжат өткізіп үлгерген көмекші... жыланның жер
бауырлап жылжуынан пиғылын сезетін жырынды әккі көмекші: «Ә, сені ме!.. қанды
басың бері тарт!» - деп алақанын ысқылап қуана құнжыңдап телефон құлағына
жармасты.
        Жоғары жақта
лауазым биігінде отырған «Самұрық» компаниясының президентіне шықты, о шіркін
шетелде іссапарда жүр екен, қалта телефонын сұрап ап індете іздеу салып тауып
алды. Қала әкімі Киікбай Биікбайұлының атынан сөйледі, ол кісі айтпаған түйеден
түскендей ірі, суық сөздерді таудан тас домалатқандай үйіп-төкті. Қалыңдатып
нар көтере алмастай зілдендіріп жеткізді, жер түбіндегі іскер жігіттің үрейін
алып үрпите сөйледі.
        Келесі кезекте
сәулет-құрылыс университетінің атынан ат үріккендей, атты кісі қайырылып сәлем
бергендей, нешеме жоғары оқудың академигі, қаншама лауазымның тізгінін қоса
қабат ұстап жүріп жоталы жойқын тақырыптан қорғап алып, етектегі елден зау биік
мансап креслосына бір-ақ секірген ректорға шығып, ұзақ сөйлесті. «Мейлі, жоғары
жақ мұқит толқынындай төңкеріліп төбесінен төніп келе жатсын. Төзімін темір ете
түседі! Көрсін бұл көкеңнің әуселесін, сезсін ызғарын».
        ...Шаршап,
діңкелеп жатақханаға әзер аяқ іліктірген Санжар жүрісі өнбей, бөлмесін таппай
біраз уақыт сүйретіліп жүріп алды.
        «Жатқан жыланның
құйрығын басып, қарадай шошытып не жыным бар», - деп іштей қапалық жеді. «Өзім
білемін» деп бетпақ бәлеқор кісілермен өжеңдесіп өшіктіре бергенше лауазымды
адамды жағалап, соның ығына есіп, неге пана тұтып жүрмеймін? Руымнан оза шыққан
кісіні тауып, қолына су құйып, неге ғана ықтамаймын? Осы қазақ 21 ғасырдың
алғашқы жартысында баяғы ру-ру, жік-жікке бөлініп, ата қуып текетіресуден еш
табан жазбай келеді. Биік креслода отырғандар: «Жерге, руға, жікке бөлінбейік,
қазақты көгертпей жүрген рушылдық»,-деп өңеш созып даурықса-дағы, былайғы
тіршілікте өз руы дегенде бүйрегі бүлк ете қалады, жан сарайы жылып сала
береді. Руына, ағайынға қарап басы қисаяды. Енді осы сырды сезе жүре, біле тұра
- несіне жасырады, бұл көкеңнің қырға қарап текке мөңіреп жүргеніне не жосық!»
        Шетелде
іссапарда жүрген «Самұрық» компаниясының президенті Астана қаласының әкімі
Киікбай Биікбайұлының атын естігенде қарадай шошып түседі. Күншығыс елінде,
Токионың жүз жиырма қабаттық зәулім қонақ үйінде күндізгі сабылыс жүгірістен жан
шақырып демалып жатқан. Сонау Еуразия кіндігінде сары дала мұхитының төсінде,
жыланша иретілген Есіл өзенінің жағасына орын тепкен ақшаңқан алып қалада таңғы
сағат бес кезі, жұрттың қалың ұйқы құшағында жатқанына қарамай бірінші
орынбасарына жалма-жан телефон шалды.
        «Ау, қандай
кісіні қызметке алғансыңдар?»
        Компания
президентінің үні жер астынан шыққандай күңгірлеп аса суық естілді. Жон арқасы
тітіреп түршіккендей сезілді.
        «Не бопты?..
Еш қаперімде жоқ, мәртебелі Президент... Бюджеттің теріс сальдосын жоямыз
деумен есімізден танып кеттік, мәртебелі...»
        «Жемге
тоймаған шілбиген әтеш секілді белгісіз сәулетшіні алыпсыңдар, ол неме есімі
дүниені дүңкілдеткен Норман Фостер мырзаға бүйірден сауал қыстырып аш кенеше
жабысыпты... тілдесіпті... дей ме, әйтеуір қала әкімі «абыройдан жұрдай болдық»
деп маңдайын тоқпақтап ол жатыр.»
        «- Иә-иә,
мәртебелі президент, ол неме туралы компромат жетерлік, күні ертең май
құйрықтан бір теуіп құтылғалы отырмыз.»
        «- Аты-жөні
кім өзінің?»
        «-Есіме түсіре
алмай отырмын, мәртебелі президент, қайдан білейін арты осындай оқиғаға
соғарын. Ол пәлені жұмысқа қабылдаған кадр басқармасының бастығы, өз басым
естіген де, көрген де емеспін, президент мырза!»
        «- Ендеше кадр
басқармасы шықсын телефонға!.. Не деген жауапсыздық, бассыздық десеңші. О неме
қайдан оқып-тоқып жетіліп келген қаптесер білгіш?.. Болашақ бағдарламасының
бабы келген дүлдүл тұлпары боп жүрмесін...»
        Арада екі
минөт өтті ме, өтпеді ме, жер шетіндегі компания президентіне түн жамылып
жатқан сахара төсінде, планетаның арғы қапталында шырт ұйқысынан оқыс оянған
кадр басқармасының бастығы безектетіп телефон шалды. Мұхиттың арғы жағынан
жағаны сүзген жойқын толқынға ұқсап астаң-кестеңі шығып сөйлеген президент басқарма
бастығының екі аяғын бір етікке тығып бүрістіріп әкетті. Осыдан компания атына
зәредей теріс пікір айтылсын, айтпады демеңдер, талқаныңды шығарып, «суф» деп
үрлеп желге ұшырып жіберемін деді. Мына сөзден жарты Астана дүрлікті. Атышулы
«Самұрықта» алты вице жұмыс істейтін. Басқарма бастығы жетінші виценің міндетін
қоса атқарып жүрген, аса жырынды, жанып жүріп шаруа тыңдыратын, ең қауырт
шаруасы - әрбір қызметкердің үстінен жанға сездірмей компромат - оқ өтіп кетер
осал жерін іздейтін, компания Президентінің «ішкі қаржы қалтасы» деген жанама
есім жамаған, жайсаң жігіт еді. Бастығы ашуланып мұхиттың арғы жағынан дүрсе
қоя берген кезде жан қала ма. Алты виценің бас-басына таң алакеуімнен телефон
шалып шықты. Әдейі ұйтқытты!
        Таң алдында,
бұлтсыз ашық аспанда күн күркірегендей оқыс оқиға өрбіді.
        Сым арқылы
есімінен ел үрпиетін ілкі жақсылар біріне-бірі жалғасып, бәсеңсіп басталған
әншейін хабарды үдере үлкейтіп, дауыл тұрғандай етіп, оқиғаның бас-аяғын
бастырмалатып әкетті... «Бастырмалату» - осы қазақта сирек қолданатын сөз.
Сирек те болса, бейне, таудан тас домалатқандай биіктен етекке ұшқан жай ғана
тас - жолындағы үлкендеу қойтасқа соғылып, қойтас ботатасты, ботатас пілтасты
ысырып ылдитөмен құлаған кезде - екпіні күшейіп, жойқын пәрмені үдеп, көз
ұшындағы етекке жеткенше сел құлағандай жолындағыны түгел жайпап, жер дүниені
қарап қып кетер. Ел-сел етер. Мұхиттың арғы жағында іссапарда жүрген бастықтың
ызалы пәрмені былайғы кісілерді үррит-соқ қып, сеңдей тоғыстырды. Ақырғы пәрмен
- баяғы Санжармен жоғарлы-төмен лифтіде жылжып жүріп танысқан, «резюмесін» алып
қап, жетінші вицеге кіргізіп, сарапшы-менеджер қызметіне алған жігітке жетті.
        Сол екі арада
сарапшы-менеджерге қатаң сөгіс беріліп; соңынан жұмысынан босатып,
қаңғалақтаған, әр тасқа бір соғылып жүріп жан сақтаған - Санжарды қызметтен
қуып қана қоймай құрылыс-сәулет университетінің ректорына «қуыңыз» деп хат
жазатын болды. Жатақханадан шығарып, тіпті Астанада жан бағып жүре алмайтындай
етіп, құйрығына шала байлап, аластауды қала мэрінің алмас қылыштай жарқылдаған
алақұйын көмекшісі өз мойнына алып, сөз түйіндеді.
        Бұл мезетте
кейіпкеріміз Санжар таң алакеуімнен төсегінен тұрып, жылдам киініп, «Самұрық»
компаниясының ең қауырт, аса қиын тапсырмасы 
- аспанмен таласа салынып жатқан Хан Шатыры құрылысының тұтас тұғырына,
зау биіктегі шаңырақтан күн сәулесі секілденіп шашырап түсетін жүзге жуық болат
сымтемірлердің көлемін есептеп шығару тапсырылған - соны есептеуге көтергіш
кранға барып аяқ салған еді. Көтергіш кран аспандатып барып-барып бозбаланы Хан
Шатырының төбесіне шығарды.
        Несіне
жасырады, әуел бастағы нобай-нұсқаны сызған Норман Фостер мен оның әйгілі
әріптестері болған соң - қабырғалы құрылыстың жұмысшы -сызбасы түгелдей
ағылшынның ұзындық, көлем өлшемімен хатқа түсіпті. Ал ағылшынша өлшемді қазақ
ұлттық өлшеміне түсіретін кісі таппай құрылыстың Бас прорабы жаны шыға
қиналыпты. Көп шаруа тұйыққа тіреліп тастабандап тұрып қалыпты! Мысалға дейміз
ғой: ағылшынның құрғақтағы 1 милясы біздің 1609, 34 метрге тең; 1 футы біздің 304, 8
милиметр, кәдуілгі қарыс өлшемі. Алаң өлшеміне келсек - 1 шаршы дюйм біздің 6,
4516 шаршы сантиметрге тең; көлем өлшемі де ізіне түсіп шұқшиюды қажет етеді, 1
текше дюйм біздің 16, 387 текше сантиметрді ұрады. Осыншама шырма-шату өлшемді дәл
есептеп, құрылысшы инженерге алақанға салғандай ғып қазақшалап бермесең бар ғой
- алып құрылыс ұстыны сағат тіліндей теңселіп кетуі кәдік.
        Таң атып келе
жатқанда астында тұрап шалқайып зау биікке қараған кісінің басы айналғандай
шатыр шаңырағына жарқанатша жарбиып көтерілген Санжар қарап отырып ғажайыпқа
қалды.
        Баяғыда суатқа
құлаған ақбөкен үйірінің көз алдында жарқ-жұрқ етіп, сытылып қашқанын көріп
еді.
        Таңалакеуімде
ақбөкен суаттан шығып жоса жөнелгенде, бейне қайрақ тасқа жаныған ақ семсер
секілденіп, біресе оңға, біресе солға - қиғаштай салып, енді бірде жантайтып
жел ескен қайыққа ұқсап,
        ақыр соңында
шығып келе жатқан күнге -
        ноқат боп
сіңуші еді,
        күнге найзағай
болып қадалатын.
        Халық әні еске
оралады: «Ауылым көшіп барады таудан асып, таудан асқан бұлтпенен араласып».
Неткен ғажайып сурет десеңші!
        Шығып келе
жатқан күнге ноқат боп сіңген ақбөкен жарықтық қазір қайда жосып жүр десеңші!..
Осыны ойлап Санжар көз ұшындағы биікте қабырғаға жабысып жарқанатша жарбиып
отырған.
        Зау биіктен
етекке шашырап түскен жүзге жуық болат арқандардың шаршы дюймін шаршы
сантиметрге, текше дюймін текше сантиметрге, одан асса текше метрге айналдырып
өліп-талып отырған Санжарды төмендегілер қалта телефоны арқылы тауып тілге
келді, сөйлесті.
        - Санжар
Мәлібекұлы, сіз сол сымтемірдің көлемін, ұзындығын есептеп түгел тамамдап
табанға бір-ақ түсіңіз... тапсырма солай... сосын бірден есеп айырысамыз!..
        - Жүзге жуық
болат сымдардың ұзындығын, салмағын кешке дейін есептеп бітіре алмаймын, я
шайтан, я дию емеспін!..- деп зау биіктегі Санжардың жан дауысы шығады, -
ешқандай үлгермеймін, сонша жанығардай дүние төңкеріліп бара жатыр ма!?.
        - Санжар
Мәлібекұлы, сізді компанияда көп ұстамаңыздар деген жоғарыдан пәрмен жетті, -
дейді төменде құмырысқадай болып көрінген құрылыс инженері, үні  бітіп қақылдай жөтеледі.
        - «Көп
ұстамасын» десе - несіне арамтер боламын, өздерің-ақ қиын түйінді есептеп
шығарыңдар!
        - Айналайын,
Санжар-еке, Сәке!.. бұл шаруаны сізден басқа жан баласы жуық арада тындыра
алмайды. Университет бітіріп жатқандар бас десең - құлағын көрсетіп, еш сызба
сыза алмайды, болашақты бітіріп келгендер «әуелі ғылыми атақ қорғап аламыз» деп
олар жанына кісі жолатпайды; жалғыз еврей тауып едік, Израильден оқып келген,
осы шаруаға қыруар доллар сұрайды, оның үстіне істеген ісі ұлттық менталитетке
ешбір сорпасы қосылмайды. Шаршап тұрмыз, Сәке!
        - Жоғарыдан
түсіріп алыңдар өзімді. Бастықтарың «көп ұстамайық» деп пәрмен берсе, «есеп
айырысамыз» деп төменнен дігірлеп тұрсаңдар - еш қолым жүрмейді, басым
істемейді!..
        Төмендегі
инженер жігіттің жөтелі үдеді.
        - Айналайын
Санжар-еке, құлың болайын, осы шаруаны дөңгелететін маман іздеп бармаған жерім
жоқ, құрылыс қаңқасы құрып қалғыр құйтақандай осы шаруаға тіреліп тұр.! Жоспар
орындалмай Премьерден сөгіс алып пашпыртымыз бітетін түрі бар! Басымыз қатты,
миымыз көже болды әбден! Жоғарыдағылар қайдан білсін - көр-азапқа түсіп
жатқанымызды. Олар милаға, ярдқа, дюймға, фунтқа түкірмейді, «жоспарды
орындамадыңдар, қыруар қаржыны желге ұшырдыңдар» деп бетімізге түкіреді!
        Зау биікте
басы айналып, өлшегіш аспапты сан мәрте бұрап есеп шығарып, көзі бозарып,
жарқанатқа ұқсап жапырайып отырған Санжар төмендегі инженер байғұсты аяды. Адал
жүріп, асқар алатаудай іс тындыратын момын жігіттің жан айқайын түсінеді.
«Жоғарыда отырып төбеден түскендей дігірлеп, үкілеп пәрмен беруге үйренген,
ертегідегі ұртоқпақ секілді серілерге өкпелеп - тонымды отқа тастамайын,
тапсырылған шаруаның үдесіне шығайын» деп бекінді.
        Бекінуін
бекініп ап жүрегі қобалжып оқыс ойға берілгені.
        Әр адамның
жарық дүниеге келгенде тегіне, хромосомына, генасына қосыла салынатын жазмыш
жазуы деген болады, ол жазу атадан балаға, баладан ұрпаққа көшіп ауысып жүреді.
Мұны машайық софылар «Алла тағаланың бұйрығы» деп атайды.
        Осы өзімнің
«жазымыш жазуымда», сонау мың, жүз жылдан бергі бабадан атаға, атадан әкеге,
әкеден балаға ауысып келе жатқан тек түзілімінде, тәспінің тасы секілді әлгі
тізбенің бір тұсында, ағза түйіршігінде қателік кеткен деп ойлады Санжар-екең.
        «Ылғи жарым
жолда, ойда жоқта, орта жолда оқыс сүрінетінім содан, баяғы түзілімде кеткен
қателіктен! Жолым болып келе жатады-дағы - жайдақ жерде оқыс сүрінем,оңбай қателесем».
        «Әйтпесе
түнеукүнгі атағы жер жарған, дүниелік өнердегі бірінші тұлға, Прицкер
сыйлығының лауреаты, хай-тектің королі Норман Фостерге көрер көзге қисық сауал
қойып не жын иектеді мені? Оны қойшы, өзге жұрт аузына құм құйылып отырғанда...
өре түрегеліп, «қазақы киіз үйде ұлттық этномодерн үлгісі жатыр» деп...
өзеурегені көп кісінің шымбайына батты. «Мына әлем аяқталып бітпеген, әлі
өзгеретін, өркендейтін ұнасым-жарасымы, бояу белгісі мол-ақ» дегені қала
әкіміне жақпады. Өзге лауазымды кісілер: «Мынау қайдан шыққан қаптесер?»-деп
ауыздары жыбырлап кекетті, мұқатты. Шетелдік әріптесінің алдында құбыжық,
албасты ғып көрсетті... Ойлап отырса, тереңіне түкпірлесе - осының бәрі бекер
емес!
        Жол қараушы -
обходчик әкесі ойда жоқта, тойдан қайтып келе жатып вагонеткаға соғылып, жұлыны
үзіліп жан тапсыруы жайдан-жай оқиға емес. Тек түзілімінің бір түйірінен
баяғыда кісі сүрінердей қателік кеткен.
        Сол әкесі көзі
тірісінде айтып отыратын: арғы бабамыз көкпар шауып жүріп, қаны қызып, ағып
келе жатқан салымшы жігіттің алдынан көлденең шауып, атын қақтырып омақастырып,
мойын тамырын үзіп жіберіпті. Әлгі салымшы бейбақ жұлдыз ауа көз жұмыпты деп.
Хромосомына жаман түйіршік, жазымыш жазуына қисық қаріп боп түскен сол салымшы
жігіттің өмір жасы ма, өрімдей қалыңдығының жүзін жуған көз жасы бәлкім! Ылғи
жолы болып келе жатып, жаңа ғана маңдайы жарқырап алға шыға бергенде, өзге
құрдастарынан оқ бойы қара үзіп оза жөнелгенде - қырсық айналдыратыны қалай?
Тегіс жерде сүрінетіні тегін емес, әйтеуір.
        Бабасынан,
әкесінен өтіп көк сандықтың түбінде жатып сарғайып шіруге айналған шежірені
алғызып, шаншылып отырып өзінің түбін, тегін тексеріп шығуға тәуекел етеді.
Мына Санжар өзіне бұйырған жазымыш жазуының қай тұсынан қателік кетті... қай
үзігінде атасын, әкесін қырсық айналдырды... қай тізбесінде шайтан араласты...
түп көтеріп үңіліп, сірескеннен сіресіп отырып өзінің ата-тегін, ғасырдан
ғасырға жалғасып келе жатқан тіршілік керуенін, өмірлік баянын тексеріп шығуға
бел буады!
        Хан Шатырының
қараған кісінің көзі талатын, басы айналатын зау биігінде жарқанатша жарбиып
жан әлемінен жел өткендей үңірейіп отырып үлкен іске тәуекел етті. Ағыл-тегіл
шуақты нұрға маңдайын төседі.
Оныншы баспалдақ
       Астана райы
наурыз мейрамы өте күрт жадырап, жұрт қысқы киімін иығынан әзер сыпырып
үлгерді. Көше жиегінде үйіліп жатқан қар сорпаланып еріп, бірер күннің ішінде
салақ әйелдің текеметі секілді салтақтанып шыға келді. Қыстайғы азынаған
қасқыр-желдің ұлығанынан шошып қалған ұзақ, қарға, өзге де қанаттылар көзге
көрініп ұшып жарытпайды. Үй шатыры мен көше пұшпағын сағалап жан сақтаумен
әлек.
        Санжар студент
жатақханасынан шығып, автобусқа отырып өзеннің сол жағалауындағы жаңа ғимаратқа
көшкен Сәулет-құрылыс университетіне жетті. Екінші қабатқа көтеріліп, сәулет
факультетінің айпара кең залға орын тепкен деканатын іздеп тапты. Тұтқасынан
ұстап, есікті ашып ішке енер кезде жүрегі біртүрлі қобалжыды. Бұрын бүйтпеуші
еді.
        Қазақта
«күшігінен таланған» деген сөз бар. Әуел баста қиыр сахараның алыс түкпіріндегі
шүйкедей ауылдан шығып, оқу іздеймін деп, кәмелеттік аттестатын алуға мектеп
директорының алдына келгенде бір таланды... «Ағатай, емтиханның бәрін беске
тапсырдым, он жыл бойына үздік оқып келемін, алтын медаль қолыма қалай тимеді,
ағатай?», - деп сауал қойған беті еді. Құдай басқа салмасын! Әшейінде
«қарағым... шырағым!» - деп сөйлейтін директор жыны ұстаған бақсыға ұқсап,
қалшылдып-дірілдеп шыға келді. Әрі-беріден ашуы ұстағанда езуі қиғаштанып,
жанары шапыраштанып шыға келгені. «Әй, қағазыңды кілең төрт пен бес қып
бергеніме құдайыңа қой айт қайта!.. Пәлен жыл кәллаңды қасып, миыңа ми
қосқанымызда алдымызға «Алла разы болсын» айтып бір кісі келмеді, есігімізді
ашпады! Көзіңді ашып қара, көкешім...» « Маған бұйырмаған медаль Ньютон заңын
Ом заңынан ажырата алмайтын парторгтің баласына бұйырыпты ғой», - деп бұл көкең
күңк ете қалды. Даусын көтеріп, нақтылап айтқан да жоқ, танауының астынан
әншейін ғана міңгір етті. Сол - сол-ақ екен мектеп директоры - нақа жер астынан
өніп шыққан албасты сұмырайды көргендей, ышқына дауыстап, суға кетіп бара
жатқан кісіден бетер: «Құтқарыңдар қызыл көз пәледен!.. Ақылына ақыл қосқан,
көзін ашқан, адам қылған ұстазына қарап сөйлеген құбыжықты көріп тұрғаным
осы!.. - деп теңселіп кетті, - «парторг мырза мына мектепке пәлен парта, тақта
алуға қол ұшын созды, отын-суға көмектесті, автобус берді... төкті!.. әкелді!..
әперді! шақырды!.. шабылды!..» деп жұдырығымен үстелді соққылып, ойбайын салған
кезде - кеңсе теңселіп, қабырға қалтырады. Құрып қалсын-ай!.. Сол жолғы мектеп
директорымен сөзге кеп қап, мүйіздесемін деп жүріп мүйізінен, тұяғынан,
пашпыртынан айрылып қала жаздап жалынып жүріп аттестатын әзер алып үлкен қалаға
оқу іздеп жолға шықты. Со жолым күшігінен оңбай таланғаны жанын жаралады.
        Енді міне,
өмір жолын өзінше бастаймын деп оқу орнынан рұқсат алып, өз бетінше ізденіп
жұмысқа тұрып, үлкендер жүріп өткен үлкен жолға шыққан беті... ай өтті ме,
өтпеді ме, қызметінен қуылды. «Жүгенсіз, көргенсіз сәулетші» деген қарғыбау
тағып, жұмысынан босап, көшеде құр бекерге қаңғып қалды.
        Көзтаныс
деканның бөлмесіне жүрексініп әзер аттағанын біледі.
        Декан мұны
жауатын бұлтша тұнжырап қарсы алды. Состиып тұрған бұл көкеңе елеусіз ғана
«отыр» деп иегімен орындықты мегзеді. Үнсіз тұнжырап ұзақ мөлиді. Әлден уақытта
еңсесін жазып, көкірегі қарс айрылғандай декан ағайы: «Уһ, жан-ай!»-деді.
Орындығынан қопарыла қозғалып түрегеліп кетті. Терезе алдына барып тілге келді.
        - Сен бала
қарап жүрмей қала мэрінің орынбасарын я іштей, я сырттай сыбап боқтап па едің?
- деді, - Немесе оңбағандай қылмыс жасап кеп тұрсың ба?
        - Ешқашан,
ешкімге тіл тигізген емеспін, ағай! Ондай мінезім жоқ. Бар болғаны - мәртебелі мейманға
залдан тұрып екі-үш сауал қойдым, қазақ киіз үйінің үлгісін көрсеттім. Норман
Фостер мырзаға қазақтың киіз үй үлгісін «этномодерн» деп дәлелдеп айтып көз
жеткіздім.
        - Олар неге
сені ит қосып қуғандай ғып оқудан шығарып жібер, университет табалдырығын
аттамайтын болсын деп шуласып жатыр!..
        Декан ағайы
сөзінің аяғын жұтып, еңсесін төмен салып тұнжырап отырып қалды. Шаш ал десе бас
алатын әпербақан белсенділеу кісі болса -мына түрімен, ана жоғарыдан жеткен
алай-түлей пәрменге құлай «құлшылық етіп», «ал бала, өзің өршіткен өртті өзің
өшір, арызыңды жаз, оқу орны саған құт болып жарытпайды», - деп дүние пәлені
төндіріп университеттен шығарып жіберер еді. Ең құрығанда - академиялық
демалысқа сырғытар еді. Мына кісінің сөзі ащы да болса - ақылын тәттіге балап,
сабырға жеңдіріп, алғыр студентін жаманшылыққа қимай отырғанын түсінді.
        - Бар пәле
ректордан болса - ол кісіге асықпай түсіндіріп, байыбына жетіп, арашаға жүрер
едім. Пәрмен биіктен, жоғарыдан келіп, университеттің төбесіне бұлт боп
үйіріліп тұр емес пе! Мені қойшы, орынымды босатып, жай ғана доценттікке ауыса
салам. Ректорға обал болды. «Орнымнан ұшып кетем бе» деген іштегі қаупін
жасырмады. Қала басшыларына кіріп, мән-жайды түсіндіріп шығамын деген екен -
қабылдай қоймапты, Министрлікке сілтепті. Министр бесіктен белі жаңа шыққан
бозөкпе, селтеңдеген ағаш қуыршақ әншейін!.. ербеңдеген ебелек!.. алдына барған
небір марқасқа білімпаз кісімен жүре сөйлеседі дейді.
        Декан сөзін
үзіп, орындығынан тұрып, терезе әйнегін ашты. Кеудесін кере тыныстады.
        - Оқудан
шығарасыз ба, қалдырмайсыз ба? - деді Санжар.
        - Шегінетін
жер таппадым, қырсық бір айналдырса шыр айналдырады, амал жоқ, «шығарылсын»
деген бұйрыққа қол қоямын.
        Осы мезет
сыртқы есік сарт ашылды.
        Басында пластмасса каска, үстінде құрылыс
спецовкасы, қайыс белдікпен айқыш-ұйқыш буынған мығым денелі жігіт рұхсатсыз
кіріп келді. Жүрісі шұғыл. Соңынан сүркіл салып қаныпезер қарақшы қуып келе
жатқандай, жанары шоқ болып жанып, танауы делдиіп өкпесі өшіп барып-келіп тұр.
Асыққаннан кеудесіне ауа жетпей тұншығып, абдырап, орысша, қазақшаны араластыра
төпеледі.
        - Санжар
Мәлібеков, ағатайлар, көкетайлар, дүниені шарлап әзер таптым! Кешелі бері
бармаған жерім жоқ. Санжар інім, кешірім өтінемін!.. ана Хан Шатырының үстіңгі
корпусы, қалқан шатырының жұмысшы-эскизін жасап бермесеңіз қырылып құритын
түріміз бар. Көкетай! Көтергіш крандар қаңтарылып бос қалды!.. Есебіміздің
теңдеуі шықпай, дәл ұрмай шаршатты!.. Жүре қалыңыз енді!.. әр үш күнге мың доллардан
жалақы жазам, өлтірмесеңіз жүре қалыңыз!
        - Сабыр-сабыр,
түсіндірші мән-жайды! - деп декан дауысын оқыс көтеріп, келімсекке сұстана
тігілді.
        Бұлардың
үстіне рұқсатсыз еніп келген құрылысшы киіміндегі жалпақ бет, қысық көз қара
жігіт шарасы таусылған кісіге ұқсап төменгі жаққа жалп етіп отыра кетті.
Моншақтаған терін жеңімен көстең еткізіп сүртінді.
        Оқиға
төмендегіше өрбіген екен.
        Барша шу - Хан
Шатырының құрылысынан шығыпты. Мұндай еңселі, нұсқалы, алып құрылысты қазақ
ұсталарының алғаш құруы. Әсіресе ұлттық бас киім үлгісі - бөрік секілді
дөңгеленіп келген етегі, зау биікке өрлеген сайын қусырылып шошайған шеңбер
шаңырағы - бұрын-соңды құрылыста кезікпеген конусқа келеді. Соған сай ұнасым
мен жарасым құйылып шығады. Ұнасымға үндес ұстын, жарасымға жапсарлас
уық-балкалар бас айналдырған биіктен етекке дейін симметрия жасап түскен. Сол
симметрия болат сымтемірдің дәл өлшемін шығарып, шатырдың жұмысшы-эскизін
жасауға жан баласы шықпапты. Маман инженер тегіс жерден сүрініп, тісі батпапты.
Алып құрылыс безгегі ұстаған аурудай қалшылдап-дірілдеп тоқтауға бет алған.
Алып құрылыс тоқтады дегенше - адам айтқысыз дүрбелең, апатты жағдай жағадан
алды дей бер. Инженер жігіт құдыққа құлап бара жатқан кісі секілденді. Прораб
инженердің екі аяғын бір етікке тығып жауапқа алады.
        «-
Жұмысшы-эскизі деген кез келген сәулетші сызатын баланың ойыншығы емес пе! Оны
жасай алмасаңдар бақандай инженер атын жамылып, жеңіл мәшине мініп, хатшы қыз
жүгіртіп жүргендеріңе жөн болсын! Әншейін жүз мыңдай сыйақы, екі жүз мыңдай
жалақы алып ас ішіп, аяқ босатып жүрген қағаз жолбарыс болармысыңдар!»
        «- Інішек,
конус тұғырын бас-басына есептеп шығаруды бізге оқытқан емес!» - деп инженердің
шәт-шәлекейі шығады.
        «- Бәлкім
сендерге фитнес клубқа барып би билеуді, сникерс жеуді үйреткен болар! Өңшең
ғана бас орнына қауақ қондырып алған жалқау, жатыпішер, жебір, жаптас,
желбуаздар!..»
        «- Інішек,
өйтіп жертабандатпаңыз, амалымыз құрып, жігеріміз құм боп тұрғанда!..»
        «- Конус
тұғырының жұмысшы-эскизін жасай алмайсыңдар ма?»
        «- Жасай
алмаймыз!..»
        «- Шындарың
ба?»
        «- Өлтірсеңіз
де қолымыздан келмейді.»
        «- Ендеше өл,
тіріл, жұмысшы-эскизді жасайтын, жұмсалатын шығынды есептеп шығатын кісіні
жерден қазсаңдар да табыңдар. Қазақтан шықпаса - Израилге, Алманияға
шабыңдар!..» - деп бас прораб қол астындағы инженерге шұғыл пәрмен жасайды.
Алқымын сығып ұстаған ашуын әзер жасырып үлгереді.
        Бас прорабтың
осынша шәт-шәлекейі шығып шаптығуында үлкен сыр жатыр; осынау «алып құрылыстың
негізгі сүйегін екінші тоқсанда толық құрастырып біттік, аяқтадық» деп жоғары
жаққа, Құрылыс министрлігіне «рапорт» өткізуге тиіс. Министр жоғарыдағы
Премьер-Министрге есеп береді. Премьер-Министр Ақ Ордадағы Президент құзырына
баян қылады. Әр сағат, әрбір тәулік «сағаттың шықылдағы емес ермек» деп ақын
айтқандай, кісінің ғұмырына парапар аса қымбат өлшемге айналғалы қашан!
Жартасқа қамалған жаралы жолбарыстай аласұрған мінезі былайғы жұртты қарадай
шошытты. Шабына шоқ қыстырғандай алай-түлей шабылтты.
        Инженер
байғұстың өз мұңы, өз қайғысы бір басына жетерлік. Министрлікке бөлінген, бірер
айдың ішінде қабырға көтерген, элиталық мәртебелі үйдің кезегінде тұрған,
жоғарыда самсап сіресіп отырған сыпайы вицелер мұның аты-жөнін «үй берілетін»
арнайы тізімге үңіліп отырып енгізген еді. Қыл өткелден өтіп келе жатқандай хал
осы. Аяғы тайып, шыңырауға құлауы, құлдырауы бір пәсте. Әлгі самсаған сыпайы
вице-орынбасардың бірінің аузынан: «Бұл пәленше деген инженер баяғыда тоқсандық
жоспардан омақаса құлаған... срыв жасаған...» деген жіңішке сөз шығарды бар
ғой... әлгі арнайы тізімнен оп-оңай ұшып кетеді... Ұшып түсті дегенше -
отбасында сойқан соғыс өрті тұтанады... Отбасындағы соғыс өрті үдегеннен-үдеп
компанияны, ұжымды шарпып, шайқайды, жер дүмпігендей сезіледі. Сол дүмпу, сол
сілку, әлгі жер әлемді алған ойбай мен айқай өзінің бұдан былайғы суішкілігіне
залал болып жабысуы кәміл. Жан айқайы осы!
        Инженер
байғұстың таң алакеуімнен тұрып, аяғы-аяғына жұқпай дедек қағып жүгіріп, қаланы
кезіп, басы қисайып «университеттен қош айтысқалы тұрған» Санжарды тауып,
аяғына жығылғандай болып, маңдайын тоқпақтап, «өлтірсең де - өзің біл!..
айналайын. Көкетай!.. Хан Шатыры конусының негізгі тұғыр-тіреулерінің
жұмысшы-эскизін жасап, шығынын есептеп қолымызға ұстат!..» деуінің сыры осындай
еді. Табан астында дүние дүрлігіп, астаң-кестеңі шығып, ес кетіп, жан шыққандай
кепке тірелді.
        Санжар декан
ағайына жалтақтады.
Қайтесіз? - деді күмілжіп.
        Декан ағайының
астынан жер дүмпігендей сезілді.
            «Бар!..
бар!.. балам, өздері келіп аяғыңа жығылып, бар пәлені бастаған өздері иіліп,
кеп қол қусырып «жаздық, жаңылдық» деп тұрса - бұл да болса бір құдайдың
қарасқаны шығар!.. Қала мэрінің орынбасарына бірдеме ғып жауырды жаба тоқып бүгіп,
бүркемелеп, жіңішкелеп жеткізермін істің мән-жайын. Бізге жоғарыдағы бастықтың
кешірімі, ішінің жылығаны қажет, өңгесін өзім тып-типыл етіп үстінен өтектеп
жіберемін! «Оқудан шығарып, қаладан қуып құтылайық» деген пәрменнен басымызды
арашалап алсақ болғаны... Осының өзі біз үшін үлкен дәулет! Қарасатын құдай бар
екен қайта! Жүгір, жөнел, жасап бер - жаса дегенін, қасыңа ең милы
ассистенттерімді қосып берейін, айналайын! Ештеңеге айналма, жөнел, солардың
құлы болсаң да  бәле-жаласынан тезірек
құтыл!»
        Декан ағайының аяқ астынан тасып
қуанғанын айтып жеткізу қиын-ақ.
        Кісіге деген
жақсы ниетті жүрегіңнің төрінде ұстау қиын. Ал қолдан келген жақсылықты жасау
одан да қиын. Қаншама қатал, қайсар, төзімі темір болса-дағы декан ағайы мына
Санжарды жаманшылыққа қимады. Алғыр, бір басқан ізін қайта баспайтын, бір
күніне екінші күні мүлде ұқсамайтын, қолданбалы ғылымды жаңғақша шағып,
шытырман есебін шығара алатын осы бір вундеркинд бозбаланы әу бастан інісіндей
көріп, жанына жақын тұтатын. Жаманшылыққа қимайтын. Іштей тілеуін тілеп
отыратын. Кеше ғана жоғарыдан «шұғыл шара қолданылсын», «қуылсын» деп пәрмен
жеткенде не істерін білмей, қағазын шұқып түнеріп отырып қалған еді.
        Алдына жүгініп
келген Санжарға не дерін білмей тосылып, кібіртік қағып, маңайын сыйпалағандай
болып отырғаны содан еді.
        Енді міне,
көктен іздегені жерден табылғандай - аяқ астынан құрылыс инженерінің сап етіп
жетіп келгені оңды болды... жанары шырадай жанды... іштей тәубалап, тасып
қуанды.
        - Аты-жөніңді
уақытша жасырып жұмысына жегіл де әлгі шаруасын тындырып бергейсің, жарқыным.
Өзім ректормен жеке сөйлесермін. Бір мәнісін жасармыз. Біздің де желеп-жебейтін
періштеміз бар екен қайта!
        Деканның сөзін
құп алған Санжар іштей үнсіз мақұлдап, басын екі иығының арасына тығып,
амалсыздық жеңген күйі инженер жігіттің соңынан көлеңкеше ілесті.
 
 
Он бірінші баспалдақ
           
         Дүниеде
шұқыншақ мінезді адамдар болады. Бұлар көлеңкеде, тасада жүріп-ақ тау
қопаратындай шаруа тындырып жатады. Бастығы үшін докторлық диссертация жазады,
басылымға сырсұхбат береді. Бастығының атынан қалпақтай қалың кітап жазады,
энциклопедияға мақала ұйымдастырады, келіп түскен мақалаларды үстінен қарап
жөндейді, дәйек пен дерегін, сілтемесін тексереді... Әлгі шұқыншақтың бастығы бір
заманда ғылым докторы, академик болады, немесе заманның аңысын аңдып, үлкен
кісілердің галошын қойып жүріп мәртебелі лауазым төрі әкімдік креслоға қол
жеткізеді. Қалтарыста қадалып отырып жанын жалдап көркем сөз теріп, ғылыми
тұжырымға табан тіреп кітап жазған баяғы шұқыншақтың жүрек оты азая түседі,
маңдай әжімі тереңдеп, қан қысымы ойнамалы болады. О дүниеге, бақилық
табалдырыққа бір аттап, екі аттап жақындай түседі.
        Кейіпкеріміз
Санжар тіршілік көлеңкесіндегі көп шұқыншақтың бірі, әрі бірегейі болатын.
        Адам факторы.
        Осы адам
факторы тәуелсіздік алғалы бергі, құдай оңдап ұлы дүбірдің көлеңкесінде, көш
соңында шаң жұтып қалып қоймады. 2003 жылғы сәуірден мемлекеттік «Мәдени мұра»
бағдарламасы қолға алынды. Бабалар ізін түгендейміз деп ежелгі қалалар мен
кенттердің орнын қазуға кірістік, қазбагер күрегі теріс түспеді, әуелі Есік
обасынан киімін алтын әшекей қаптағышпен зерленген сақ ханзадасының сүйегі
табылды; батыс өңірінен Сармат көсемі «төбе көрсетті»; ақ қар, көк мұзға
оранған Бергі ел-Берел асуынан түрік патшасының жиырма алты атпен қоса
жерленген мәйіті ашылды. Түптеп келгенде - осынша ұланғайыр жерді жер етем,
шілдің қиындай шашыраған халықты ел етем деп жығылып-сүрінген бабалар рухын
аспандаттық - топырақтан тарихты аршыған қазбагер әулеті көшелі әңгіменің
кейіпкеріне айналды. «Бітімгерлік, пәтуашылдық» дегенді жыр ғып айтамыз. Сол
киелі ұғымды қызғыштай қорғап, ел шетіне жау келгенде қолына қару алып ұрысқа
кірген жауынгерді естен шығара береміз. Жаудан азат болған күнді тойлаймыз деп
жүріпқолына қару ұстаған солдатты ұмытып қаламыз. Ұлы ғимараттың нобай-нұсқасын
сызып, зәулім құрылысқа мұрындық болған сәулетшіні хан көтеріп жүріп, алақаны
күс қарапайым қыш қалаушыға көңіл бөлмейміз. Қарапайымдар көлеңкеде қала
береді. Хан Шатырының болат сымдарының ұзындығын, салмағын, кері тебу күшін
сарсылып отырып шұқынып есептеп шыққан Санжар «осы жолы еңбегім еленетін
шығар-ақ» деп іштей дәмеленген еді. Құр тұлыпқа мөңіреген сиыр сияқты, босқа
иегі қышып, текке арамтер болыпты. О, құданың құдіреті! Айранды біреу ішеді,
бұл көкең бос шелектің түбін сумен шайып жалағанға мәз.
        Хан Шатырын
құрып жатқан инженердің жалынышты ойбайы мен жоғарыдағы Бас прорабтың айқайы
астында - екі жүз метр биікке тартқан болат тұғырдың басында жарқанатқа ұқсап
жарбиып отырған Санжар не қилы суық ойға шомады. Әрі-беріден белтемірге
байлаған белдік түймесін сырт ағытып, басы қисайып, шыңырауға құлап кеткісі
келеді. Бір демде асфальтқа түскен шелпек болып құритын еді!
        Содан кейінгі
оқиғаны ойша елестетер: «Пай-пай, дүрілдеп маздаған сексеуіл шоғындай жанып-ақ
келе жатыр еді... ары тарт, бері тартпен жүріп қыршынынан қидық»,-деп декан
ағайы қайғы жұтар. Қатал профессор: «Ондай вундеркинд баланы көрмедім, берген
есепті бергендей шағып шығаратын»,-деп терең-терең күрсінері кәміл. Ал ана
шетелдік әріптесі ше?.. Күзге ұрынып піспей қалған кәмек қауындай сопақша басын
шайқап: «Лондонға алып кетіп, шеберлік мектебінен дәріс алса - хай-тек,
структур, деконструкт «измдерін» шаңға қаптырған ғажайып сәулетші шығар еді,
амал не, қазақтар ары итеріп, бері жығып ит рәсуәсін шығарып өлтіріп
тынды»,-деп өкінер бәлкім. Баяғы Бәйтеректің басында ұшырасып танысқан
бойжеткен есіне алар ма екен, әлде әлдеқашан ұмытып үлгерді ме. Кім біледі...
        Қалта телефоны
безектеп алып барады. Құлағына тосқан еді, тесіп жібере жаздады-әй. Бас
прорабтың үні: «Белтемірге жарқанатша жабысып қашанғы отырасың! Тездетіп
есебіңді шығарып түссеңші, бала!..» «Мен сізге бала емеспін, сәулетші
сызбагермін, кеше ғана осылай деп бұйрықтан өткізгенсің, көкешім...» «Мейлі,
мейлі, бала емес, анық бәле шығарсың осы! Басымды жұтып тынарсың! Синус
бұрыштарын бүгін өлшеп бітіресің өлсең де!.. Уақыт аяқ артып ілбіп жүретін
есегің емес!..» «Бүгін өлшеп бітіре алмаймын, түбіме жетіп жүрген көңілшектік,
әйтпесе тап осы шаруаға өзгелер дүниенің ақшасын сұрар еді»,-дейді биіктегі
Санжар қалта телефонға ернін төсеп. Сонау төменде, кішірейгеннен кішірейіп
қалқайып тұрған Бас прораб жер тепкілейді.
        «Бүгін
бітіресің!»
       
«Бітірмеймін... көңілшек әйел өзінің соры, көңілшек еркек жүректің соры
дегенді білетін шығарсың. Кешеден жүрегім шаншып ауырып жүр...» 
        «Алда ғана ит
оқымысты жүгермек-ай, барлық есеп-қисапты кешке өткізбесек - сыйақыдан
қағыламыз!..»
        «Сыйақы аламын
деп ажалдың апан аузына топ ете түсетін жайым жоқ»,-дейді Санжар сіресіп. Бас
прораб қарап тұрып күйіп кетеді, жерде тұрып жер тепкілейді.
        Жанына тақаған
инженерді күйіп сөйлеп жүндей түтеді.
        Ертеңгісін нәр
татпаған Санжардың көз алды кілегейленіп, басы айналғанын сезеді. «Суық темірге
құйрық басып сағаттар бойы сіресіп отырғаныма жөн болсын» деді іштей назаланып.
«Төмендегі құжынаған кісінің ішінен тұғырды, сымтемірді синусын тауып өлшейтін
бір жан шығар-ау. Қара саным ұйып, құйымшағы тесіліп, мұз боп сіресіп отыра
бермек пе сонда? Тұла бойын суық қармаса - өтеуі, ертең не болмақшы?.. ағылшын
сәулетшісінің өліп-өшіп шашбауын көтеріп едім, алып құрылыстың о жақ, бұ жақ
кем-кетігін сарапшылық жасап тексеріп шығып едім... зәулім ғимаратты дін аман
теңселдіріп өткізіп едім...» дегенге кім сенеді!.. кімдер жұбанады!.. майлы
жіліктің кемік басы көр де тұр ана вицелерге, мына Бас прорабқа, инженерге
бұйырады, ал бұл көкеңе сүйек-саяқ, мақтау қағазы да тимейді... керісінше,
бірер жылдан кейінгі жарылған, шөккен, тайған тұстарына мұны тауып, бетіне
басып, жауаптап, қараңғы үйге қаматуы кәміл. Бұл қазақтан бәрі шығады!»
        Күн екіндіге
ойыса темір тұғыр басында сіресіп қалған Санжарды кранмен түсіріп алды. Қарап
тұрсаң - кәдуілгі ағаш қуыршақ, буыны сытыр-сытыр етеді. «Әр жер, әр жерден
сүйегімді жинап теріп алыңдар, мына өлшем есепті прорабқа тапсырыңдар,-дейді
көгерген ерні сөзге әзер икемге келіп, - қолдарыңнан келсе - урологке
апарыңдар...» Уролог әр жер, әр тұсын бармақпен басып көріп келідей үлкен басын
ұзақ шайқайды. Әуелгіде үн қатпады. Ертесіне анализ жазылған қағазды жарыққа
төсеп тағы сүзілді, әлгідегі тұнық жанары тас түскен көл бетінше шайқалды.
Әлден уақытта барып Санжардың қолын қысып тұрды - тұрды-дағы күңк етіп:
        - Обалың Бас
прорабқа! - деді келі басын қисайтып.
        Ертесіне,
ертесіне емес-ау, үш күн өте тиесілі жалақысын алып, қалтасына басып Бәйтерек
басына көтерілді. Жәннәт қызды іздеді. Көңілі өрекпіп, жүрегі көтерілгендей
болып қалқиып тұрған, ту сыртынан сыңқ етіп күліп Жәннәттың өзі тақады.
Бұрынғыдан бетер сұлуланып, құлпырып кетіпті.
        Үстінде
кеудесін жартылай ғана жапқан кәзекей-нымша, анары төңкерілген орта кеседей
көзді суыра тартып барады. Төңкерілген кеседей қыз анарына көзі сүрінді.
Төменгі жағына тізеге жетпейтін аса тар юбка киіпті. Тоқ саны, найзағайша
жарқылдаған таңы, жалаңаш тізесі, көкқұтанша сидиған сирағы мүлде өзге полюстен
келіп түскен «модель» секілді. Қазықты айналған асау құлындай бір орнында еш
байыздап тұрмайды. Жанарының ақ-қарасы айқын шалынып, көкжиектен жаңа ажырап
туып келе жатқан ай секілді, күміс теңгені асфальт үстіне шашып жібергендей
сылдыр, сыңғыр етеді.
        - Қазір
кезекші емеспін, Бәйтерек меңгерушісімін, қарауымда он үш қыз істейді.
        - Құтты
болсын, Жәннәт! Көктемдей құлпырып кетіпсің! Бүгін жұмыстан ерте сұранып шығып
ем, бір жерге барып оңаша отырайық, сырласайық, Жәннәт.
        Қыз қабағы
бейне, сүт, сол сүтке қаймақ тұрғандай сезілді.
        - «Оңаша»
деген сөзің ұнайды. Әйтсе де үлкен қалада қаптаған көз, ұшқары сөз, көзден таса
қылмай бағып отырады.
        - Ендеше
Президент саябағына барайық.
        Жәннәттың сүт
қабағы қайыра кілегейленді.
        - Жақында
пәтер алғам, жылы, оңаша, сіңлім екеуміз тұрушы ек, кеше елге кетті, сол үйге
барып сыр бөлісейік, Санжар.
        Санжардың жүзін ду еткізіп ұят қызылы
шарпыды. Қай-қайдағы ойлар қамап, арқабасы терлеп, не дерін білмей састы.
Ақырында қыз құлағына аузын төсеп:
        - «Сыр
бөлісейік» деген сөзің жүрегіме жағып барады, - деді сыбырлай тіл қатып. Қыз
үнсіз ғана жымияды.
        Жәннәт қыздың
пәтері таяқ тастам жердегі Нұрсая мөлтек ауданының төрінен шықты. Мұнда ылғи
ығай мен сығай халық қалаулылары, парламент депутаттары тұрады. Жоғарғы
лауазымды мәртебелі кісілердің ортасынан ойып тұрып екі бөлмелі пәтер алғаны - мықтылық
енді. «Мықтылық» деу әңгіменің бергі жағы, аспанды төбесімен тірегендей,
жүргенде жерді ойып жіберердей мықты тіреуі болғаны. «Ол тіреуің - қай тіреу»
деп сауал қоюға аузы қышып еді, тілін тістеп алғандай пәске кідірді. Істің
мән-жайын Жәннәттың өзі түсіндіріп мағлұм қылды. «Мәртебелі лауазым иесінің
көзіне түстім», - деді жасырмай, кілтті алып, есікті ашып жатып. «О кісінің
көлеңкесі қала мэрін қарадай үркітеді... О кісі ағыл-тегіл сөйлеп кетсе -
өзін-өзі тоқтата алмай қалады... Алматыда бәйбішесі, Есілдің арғы қабағында
тағы бір тоқалы бар, балажан, отбасы десе өле жаздап үгітіліп тұрады. Тақауда
алыс сапардан оралған ұшағы оқыс бұзылып, аварияға түсіп, опат болды. Бұйырса,
жаз шығып жеміс-жидек көбейе бәйбішеден, беті жылтыр тоқалдан рұқсат алып некеге
тұрамыз деп жүрген... Асты-үстіме түсіп өпектеп өліп кете жаздайтын...» деп
Жәннәт қарадай үгітіліп шай үстінде жасын сығып алды. Санжар не дерін білмей,
аузына сөз түспей, өз-өзінен сүмек тер боп терлеп састы. Шөлден келген түйеге
ұқсап шайды өлгенше ыссылай сораптапты. Дәмі тіл үйірген қызылкүрең шарап
құйған, оны-дағы сарқып ішіпті. Қалампыр қосқан сигарет ұсынған екен, «шекпеуші
едім» деуге аузы жуыспай, шылымды қақалып-шашалып көк түтін будақтатыпты.
Байқамай отырып түннің бір уағы болып қапты. Жәннәт қыз асты-үстіне түсіп
өпектеп өліп кете жаздайтын мәртебелі лауазым иесін есіне алып жылап қалды. Бұл
көкең жұбатамын деп жүріп құлын мүшесі жап-жас денені ыстық құшағына алды.
        Дүние дүние
болып жаралғалы естімеген, білмеген, сезбеген әлемтапырық жар басынан құлап
бара жатқандай сезілді, басы айналып, жандәрмен ұмтылып  бойжеткеннің білегіне жармасты. Саусағын
жазса-ақ құрдымға құлап кететіндей сезілді. Атына заты сай, «Жәннәт» десе -
дегендей, жер үстінің жұмағы бойжеткеннің дене бітімінде болар деп болжады.
Төңкерілген әппақ қардай төбешік, ортасында от жаққандай ыстық ошақ, қос
қабағында сыңсыған қара орман... о, құданың құдіреті!.. сылдырап ағып жатқан
бұлақ бар секілді, сол бұлаққа бас қойып кәусарын сіміргелі тәуекел еткен еді.
Бойжеткеннің әлсіз үні талып естіледі.
        «- Мәртебелі
лауазым иесі асты-үстіме түсіп өліп кете жаздап өпектеп жатып қара санымнан
башпайыма дейін шөпілдетіп сүюші еді...»
        Бұл көкең
бірауқым есін жиғандай болып, басын көтеріп ап терең-терең тыныстап, анадан
туғандай тыржалаңаш шешініп сап қалай да мәртебелі лауазым иесінен қалыспауға
қам қылып бойжеткеннің сүйріктей башпайынан бірте-бірте жоғарылап шөпілдетіп
сүйе бастады. 
 
 
 
Он екінші баспалдақ
 
        Кісінің
өзін-өзі жек көретін кезі болады, өзінен-өзі жеритін кезі болады. Баз бірде
өзінен-өзі қашып кеткісі келеді. Қызық іздейді... сөйлескісі келеді...
жабығады... сергиді... мұңаяды... ұмтылады... тоқырайды... түбінде осының бәрін
қанағатсыздық жеңеді. Қанағатсыздық - жегі құрт. Осы қанағатсыздық мінезден
құтыла алмай қанша кісі көшеге шығып кетті, отбасы қазанын төңкеріп ошаққа
төккендей кешегі қазан төңкерісі дүркіреп өтті. Нешеме ғалым саушылығын тәрк
етіп, былайғы көзге «жынды адамаға ұқсап» ғылым соңына шырақ алып түсті.
Байлықтың балдай тәттісі таңдайына  теуіп
баз бірі күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалды. Шүкіршілігі кеміген, тәубаға
келмеген, қанағатсыздық, жеңген кісі - терең шыңырауға құлағалы тұрған кісіге
ұқсайды.
        Құдыққа көп
қараған кісі құлап өлгісі келеді.
        Кассаның алдына
қомақты ақша аламын ғой, шала байыймын ғой деп желім қалпағы қоқырайып
дәмеленіп келген Санжар апта бойғы жан 
берген сұрапыл шаруасына мардымсыз бірдеңе алды. Теңге салған алақанына
аңтарыла қарады. Алақаны суықтан жарылып, саусағының түбі сарғайып мүйізденіп
кетіпті. Дауысы оқыс шықты.
        - Осы-ақ па?
        Кассир қыз ащы
үннен селк ете қалды.
        - Ағай,
зәремді алдыңыз ғой. Сонша ойбайлайтындай жылан шағып алды ма?
        - Бүйткенше
жылан шаққаны жөн еді! Мынау не енді? Ешкім есептеп ұштығына жете алмай жатқан
Хан Шатырының ұстыны мен тіреуіштерін құратын құрылыс заттарын дәл есептеп,
жіліктеп, жіктеп, көркейтіп қолдарыңа ұстаттым. Мұнымен қоймай шығынын
есептедім. Косинус пен синусты ажырата алмайтындар шытырлатып доллар санайды.
Қаптаған вице-лер мен басқарма бастықтары, директорлар аяғынан сабылып не
бітіріп жүргенін ешкім білмейді. Осы да әділдік пе? Мынау менің тамағыма да
жетпейді ғой, костюм-шалбар сатып аламын ба деп дәмеленіп жүргем.
        Кассир қыз
мұның кескін-келбетіне назар салып, көзін көзімен ұстап, бой-басын шолып өтті.
«Солай ма?» - деген үнсіз сауал көмейіне кептелді. Жазық маңдайлы, қыр мұрынды,
қараторы, жұпыны киінген Санжардың басы шарадай екенін желім қалпағын сыпырып
қолына алғанда көрді. Тер сіңген сұйық шашы ұйпаланып маңдайының әр жер, әр
жеріне жабысып қалыпты. «Торсық шекелі... маңдайы жарқырап...» деген сөзді,
сірә, осындай үлкен басты кісілерге қаратып айтатын болар деп ойлады кассир
қыз. Көкейіне құрт түсті. Көзін төңкеріп сөлді еріні уылжып, үзілуге қалған
қарақат секілді бір шекелеп наздана тіл қатты.
        - Пәтер жалдап
тұратын ба едіңіз?
        - Қайдағы
пәтер! Бес студентке арналған бөлмеде сегіз кісі тұрамыз, айналып аяқ басатын
жер жоқ.
        - Жастар
кешіне баратын біркиер сатып алғыңыз келіп пе еді?
        - Қайдағы
біркиер! Елден келген костюм-шалбарымды студент достарым дискотекаға кезектесіп
иығына іліп тоздырды.
        - Артыңыздан
ешкім жәрдем беріп тұрмай ма?
        - Қайдағы
жәрдем! Жалғыз ағам: «Стипендияңның артылғанын салып жібер, көрші ауылдан қыз
қарап үйленіп алайын, тозып кеттім», - деп ай сайын хат жазады. Бұрынғы бір
танысқан қызы «тас жетімге тимеймін» деп ат-тонын ала қашыпты.
        Шекесі
торсықтай шаршаулы жігіттің аузын ашса - іші көрінген ақжүректігіне,
ақкөңілдігіне таңқалды. Мына 21 ғасырдың алғашқы ширегінде, әркім әлі
келгенінше тырбаңдаған нарық жағдайында, мына дүниені дүңкілдеткен алып құрылыс
маңайында өркениет көшінің соңына ілесе салпақтаған осындай да жуас мондыбастар
жүреді екен-ау әлі. «Өткен ғасырдан ұмытылып қалып қойған сыпайының сортынын
емес пе екен. Қолға үйретіп, мойнына көзге көрінбейтін қарғыбау тағып жетегіңе
алсаң - майлы жіліктің кемік басы ғой мынау деп» ойлаған кассир қыз бөлмеден
ығысып шыға берген бозбаланың соңынан дауыстап қалды. Санжар табалдырық түбінен
кері айналды.
        - Мәлібеков
Санжар, кідіре тұрыңызшы! - деді кассир қыз тақай түсіп, ентіге сыбырлап, -
басымда үш бөлмелі үйім бар, ата-анам сатып әперген, өздері Алматыда тұрады...
Бос бөлмеге келіп тұра бер... Ақы-пұл сұрамаймын... Тапқаным бір басыма
жетіп-артылады... Аға, әпкелерім «алмаймын» десем де ақша тықпалап мазамды
алады... өзіме адал - болсаң жетеді!
        Мына сөзді
естіген Санжар қапелімде не дерін білмей састы. Состиып тұрған мұның аң-таң
пошымына бәлекей қыз «келісті» деп жорыды бәлкім, үстеліне қайыра тізе бүгіп,
тілдей қағазға адресін жазып мұның қолына ұстатты. «Мұндай да май шелпек болады
екен-ау!» деп таң қалды.
        Состиғаннан
состиып, көлеңкесіне ілесіп көшеге шықты. «Мұндай да ауызға түсер май шелпек болады
екен-ау!» деп іштей тебіренеді баяғы. «Бәлкім осының бәрі кейінгі екі-үш жыл
көлемінде көрген бейнетім мен тартқан азабымның қарымтасы, қайтуы шығар! Бір
таршылықтың бір молшылығы болады, «жақсылық пен жамандық - жаз бен күз секілді
дөңгеленіп алмасып тұрады» деушілер, сірә, бекер айтпаған шығар. Студент
асханасында, тарақан кемірген нанды жылы суға салып жібітіп, талғажу етіп, шам
түбінде мөлигеннен мөлиіп, көзім қызарып ұйқысыз таңды атырғаным... қатал
профессордың алдында дүниелік ғалымдардың ашқан заңын, формуласын тізіп
жазғаным... «бес қойса қанекей!» деп іштей күбірлеп тәңірге жалынғаным...
шаршап келіп темір керуетке аштан-аш гүрс құлағаным... жадымнан еш жуылмас-ау!
Әлгі бәлекей қыздың аяқ астынан оңтайыма келіп, оңқай асықша үйіріліп, үйінің адресін
ұсынғаны - шынымен тегіннен-тегін батпан құйрық болғаны ма, сірә. «Өзіме адал
болсаң жетеді» деген не сөз ол. Мықты болсаң тартпа ұйық секілді қыздың жан
әлемін түсініп көр. Бұл кедейліктен тоңып секіріп жүрсе, ол шіркін байлықтан
тойып кекіріп жүр. «Сұлуы бұл заманның тек жатпаған... Кейбірі жайдары, ашық
боламын деп, Орынсыз адамдармен жыртақтаған...» деген ақын сөзі ойына орала
кеткені. Екіұдай алакүлік көңілмен, көше бетте бойының тоңазығанына қарамай
біраз сенделді. Сәуірдің саумал самалы бойын сергітті. Не кереметінің барын кім
білген, кенет түйдектелген бұлт арасынан қараған күн көзі секілденіп
        Жәннәт
бойжеткеннің сүт бетіне тұрған қаймақ секілді сарғыштау реңі көз алдына көлбең
еткені;
        Санжар
қолындағы кассир қыз ұстатқан умаждалған қағазды қоқыс жәшігіне атып жіберді.
        Ашу үсті
әрекет етсең - ырыс бөлінеді, жан сарайға сайтан енеді деген рас екен білем.
Өзінің табан тіреген еңбекшілдігі, сұрапыл ізденімпаздығы, білімге ынтықтығы
кеше ғана басына бұлт боп төнген жоғарыдағы шенеуніктердің ашу-ызасын аз да
болса ыдыратып, сейілткен сықылды еді. 
        Қала әкімінің
орынбасарының пәрмені зеңбірек атқаннан асып түсті, дүмпуі зор шықты. «Ә, сені
ме, үлкен кісілердің алдын кес-кестеген, көзге түскен қалай екен!.. көріп алайық!..
көкесін танытайық!..» - деп алақанын ысқылап кіріскен әлгі жатыпатар -
зеңбірекшілер телефон құлағын қолға алып, креслоны зар қақсатып, пілтеге от
беріп гүрілдеген кезде күллі қала теңселді, жер дүние күңіреніп кетті. Әуелі
жағынан боздағы шығып кітапхана қуысында жарқанатша жарбиып отырған бұл көкеңді
деканатқа дедектетіп шақырып алды. «Қызметтік ирархияны, компанияның этикасын
сақтамай араласпайтын жерге араласқаның үшін, соқтықпайтын тұсқа соқтыққаның
үшін университеттен шығасың», - деп ашығын айтты. Сол заматында қазақша, орысша
бұйрық әзірленіп, «Самұрық» компаниясының Президенті әлгі бұйрыққа қисайтқаннан
қисайтып қол қойып үлгеріп, енді университет ректоры қол қоюға қаламсабын
ыңғайлай берген мезетте - жанұшыра жетіп ойбайын салып араға декан араласты:
«Бұл бала болмаса - тақыр мұзға жалаңаш құйрығымызбен отырамыз», - деді ректор
алдына жүгініп келіп. Деканның селдір сұйық шашы көзілдірігіне шашылып, еріні
кезеріп, көзі бозарып, түр-түсі өзгеріп кетіпті. Университет ректоры біртүрлі
ішін тартып, секем алып тіксіне сауал қойды. «Жалаңаш құйрығы несі?.. Қайдағы
тақыр мұз?..- деді тілі күрмеліңкіреп, - түсіндіріп айтшы, шілбиген шіби
қоразға ұқсаған жалғыз студентке қарап қалған не күніміз бар.. шығарам да
жіберем...» «Ойбай, әр студент Санжар секілді құйма құлақ, көкірегі көмбе бола
берсе баяғыда бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылар едік. Бұл баланың
қасында «Болашақты» бітіріп келгендер жіп есе алмайды, сызба сызып
ұқсатпайды... вундеркинд, тума дарын осы!.. Ешкім есептеп шығара алмай қойған
Хан Шатырының тіреуіш-балкасы, ұстын-аркасының шырма-шатуын шешіп бер деп
құрылыс инженері өлердегі сөзін айтып жалынып әлгіде қайта шақырып әкетті!..»
Университет ректоры: «Сенейін бе, әлде сенбейін бе» деген кісіше екі ойлы болып
үлкен басын келіше шайқады. «Мейлі!.. әркімнің сызбасын сызып, есебін шығарып
суішкілігін тауып жүре берсін, бұйрыққа қол қоямын, шығарамын да жіберемін...
Неге біз көк мұзға отырамыз?.. Осыны түсіндірші, көкешім», - деді салмақтап.
Декан жігіт біразырақ ентігін басып, сабасына түсіп, түсіндіріп өтті: «Бұл
баланы қусақ, онсыз да көжесін жылап ішіп жүрген миғұла студенттер оқуын мүлде
доғарады, бұл-бір. Екінші: қала әкімінің орынбасары түшкіріп қалса - мына
біздер «жәрәкім алла» деп жамыраса кететін жәркеленші жалтаңкөз деген сөзге
қаламыз, онсыз да бізді «ғалым емес, шенеуніктің шөре-шөре шыбыштары» деп
кекетіп, мұқатады. Үшінші: ана Vip-городокта Сізге лайықтап соғылғалы жатқан үш
қабатты қызыл кірпіш байтақ үйдің нобай-нұсқасын, сызба-суретін Санжар ғана
сызады келістіріп. Төртінші...» - деп саусағын бүгіп санамалай жөнелген деканды
ректор сөзбен тосып, кідіртіп тастады. «Жетеді!.. болды!.. мына бұйрыққа әзірше
қол қоймаймын, жата тұрсын... бәлкім заман өзгерер!.. бәлкім қала әкімінің
орынбасары бір орнында отыра бермес, ауысып кетер», - деп үлкен басты ректор
орнынан ауыр қозғалып тұрып кетті. Декан жігітке сұп-суық қолын ұсынды. «Ол
жүгермекті о ғып, бұ ғып жасырып ұстай тұр, жоғарымен жұқалап сөйлесермін», -
деді. Аса суық, сыртқа тебер «шығару» бұйрығына қол қояр кезде жан ұшырып жетіп
үлгерген деканды арқасынан қағып, бөлмесінен шығарып салды...
        Дәп осылай...
өз басына бұлт боп төнген үлкен қауіптен қалай құтылғаны есінде жоқ... есінде
емес-ау, мән-жайын түкпірлеп естіген де емес... әлде аңқаулық, әлде албырттық -
мына ойда жоқта тағы оңбай қателесті, омақаса жаздады, жайпақ жерде келе жатып
мұрттай ұшып сүрінді. Ол туралы келесі тарауда айтамыз.
        Әзірге...
қым-қуыт шаруадан сіңірі тартылып талығып шаршап келіп төсегіне гүрс құлаған
Санжар ұйқы құшағында жатып оғаштау түс көрді. Түсі емес, кәдуілгі өңіндегідей
сурет.
        Сарғыш таулар.
Сарғыш таудың баурайында шағын денелі, шоқша сақал шикіл сары кісі малдас құрып
отыр. Бұл көкең ылдидан тырмысып келіп үлкен кісіге қол ұсынып сәлем береді.
Ақсақалдың қабағы қатулы. Қолындағы ақ таяғын көстең еткізіп, жер еңбегін нұқып
қап: «тап алдыма келіп жүгініп отыр» деген ишара жасайды. Бұл көкең шал
алдындағы ақ топырақты бұрқ еткізіп қара жерге отыра кетеді. Қара жер құйрығына
тастай батады, қозғалуға мұршасы жоқ, жанарынан пырт-пырт жас шықса да шыдап
бағады. Біраздасын барып әлгі томашадай сары шал көмекейі бүлкілдеп тілге
келеді. «Мен сенің әлдеқашан бақилық болған бабаң болам, о дүниеде жүрсем-дағы
осы сенің жарық дүниедегі жүріс-тұрысыңды қадағалап отырам». Мына сөзді естіген
Санжар-екең таңқалғаны сонша, аузына сөз түспей, омалған күйі омалып отыра
беріпті.
        «Сенің жіберіп
жүрген қателіктеріңнің бәрін көзім тіріде өзім жасағам: соқтықпайтын кісіге
соқтыққам, үлкен бастықты пана тұтып, жәркеленшіп жалбақтаудың орнына -
кекірейгеннен кекірейіп өзімше жоба сызғам, билігі зор кісілерді пана тұтпадым,
көзіне көлгірсіп, жәркеленшімедім, өзімдікін жөн көрдім, заманның түлкісін тазы
боп шала алмадым... осы омақасып, сүрініп жүргеніңнің баршасы өзімнің қанымнан
саған ауысқан кесір-кесаппат. Өстіп жүріп өсесің, өстіп жүріп өтесің... «Бәрі
өзімнен», «қарақан басымнан» деп маңдайыңды тоқпақтап жаныңды жегідей жеуді
қой!.. әуел бастағы маңдайыңа жазылған жазмыш жазуы солай, ұрпағым».
        Жаңа байқады,
бұл көкеңнің жүзінен пора-пора жас сорғалап, егіліп, жүйкесі босап үнсіз жылап
отырыпты.
        «Неғылдейсіз,
баба?» - деді әлден уақытта жүзін жуған ыстық жасын тия алмай, солқ-солқ өксіп.
        «Жазмыштың
жазуын оқы, жазмыштың формуласын тап!» - деді де әлгі селкілдеп сөйлеп отырған
ақсары шал таяғын тік аспанға шаншылтып, сарғыш таудың дөңбек сары тасына
ұқсап, тасқа сіңіп жоғалып жүре берді.
        Бұл көкең көз
жасын тия алмай солқылдап жатып оянып кетіпті. Жастығы шылқылдап суланған.
        Шалқасынан
аунап түсіп, әлгі кино көргендей ғажайып түсін неге, қалай жорырын білмей,
дәнеме түсінбей, тарсылдап алып бара жатқан жүрегінің лүпілін тыңдап -
кейіпкеріміз көрер таңды көзімен атырып кірпік ілмей ұзақ жатты.
 
Он үшінші баспалдақ
 
        Қайдан екені
белгісіз, «Мейірбандық, дүниеге нұрын төгер, Анамыздай жер иіп емізгенде, Бейне
әкеңдей үстіңе аспан төнер» деген 
өлең  жолдары жадынан қалқып шығып
тіліне орала бергені. Өстіп өмірдің түбін ойлап жатқанда - Санжардың кеуде жыны
қайыра бас көтерді. Маңайында... маңайында емес-ау мына тіршілікте алдын
кескестеп, жол бермей жағаласқан, әр қадамынан ілік іздеп жамандасқан,
жаптасқан халтурщиктермен күрес ашуға бел буды. Халтурщиктер де тірі жан.
Тамыры тереңге кеткен, айлакер, аяр, шалымды, өліспей беріспейді.
        1921 жылы
Нью-Йорк раввині Герберт Гольдштейн ықтимал теориясының авторы, дүниені
төңкергендей физикада жарқыраған жаңалық ашқан Эйнштейнге жеделхат жіберген
ғой: «Сіз құдайға сенесіз бе?» - деп. «Жауап жолдайтын болсаңыз пошта шығынына»
деп 50 сөзге шамалап ақшаны қоса салыпты. Ұлы ғұлама көп күткізбепті. 23 сөзбен
жауап жазып раввинге қайыра салып жіберіпті. «Өз басым адамдар мен олардың
суішкілік тағдырын тербеп көркемдеп жүрген Жаратқан Иеге, тіршіліктің
қалыпты  ырғағы һәм табиғат үйлесімінен
ұлы ой түйген Спиноза пәлсапасына қоса иланамын», - деп жауап беріпті. Бұл
жауап ұстаздың «Сүйенген, сенген дәурен жалған болса, Жалғаны жоқ бір тәңірім,
кеңшілік қыл» дегенімен іштей үндесіп шығады.
        Санжардың
ойынша дүниенің жалғаны - халтурщиктер. Халтурщиктер ешқашан жеңілмейді, шайтан
мен пері секілді, өмір бойына табиғи дарынмен шарпысып, алысып өтеді.
        Сол
шіркіндермен жекпе-жекке шығамын десе - тек қана өз шындығына, жүрек лүпілінің
дегеніне сүйеніп тіршілігін ұзартады!
        Университетті
тақауда ғана тамамдап, қызыл диплом алып, қызметке кіріп, айлық алсам деп
дәмеленді. Ең әуелі аяңдап, «бір қадірімді білсе, қабілетімді таныса осылар
құшағын жая қарсы алар-ау», деп қалалық Сәулет департаментіне келді. Бас
сәулетші әкімшілікте жүр деді. Түске дейін күтті. Болмаған соң бұрылып бірінші
орынбасарына кірген. Қауғадай ғып сақал, еңіретіп мұрт жіберген, сырт пошымы
Бальзак секілді, жалпақ бет, отырған жері ойылып түсердей, жер тәңірісіп
отырған біреу. Санжардың ұсынған дипломын аударып-төңкеріп ұзақ үңіліп қарады.
Қауға сақалын сыйпап басын шайқады.
        - Бізде өңшең
сыза алмайтындар істейді. Өздері сызбайды, жарлық жасап, ақша төлеп өзгеге,
қолы ептілерге сызғызады. Компьтермен жұмыс істейді. Қалай болар екен, мұнда
жұмысқа кірсең - өңшең сыза алмайтындар жалғыз сыза алатын өзіңді түтіп жеп
қоймай ма?
        Санжар қауға
сақал орынбасардың сөзін түсінбеді.
        Бальзак
пішінді мәртебелі орынбасар өз-өзінен жерге қарап түңілген сыңаймен күбірлеп
сөйлей берді.
        - Осы сені
«Самұрық» компаниясында істеп жүрген кезіңде он жетінші қабаттан ұшып опат
болды деп естіген едім. Әлде, құрылыс жүріп жатқан зәулім биікке шығып ап:
«Жақсы ақша төлемесеңдер ұшып өлем», - деп бастықтарға қыр көрсетіп, наразылық
жасады, аштық жариялады деді ме... Әйтеуір былтырлары өзің туралы Астана
алай-түлей болып кетті ғой. Қала әкімінің бірінші орынбасары қырына алыпты,
«ендігәрі бұл баланы үлкен жерге, үлкен жиналысқа жібермеңдер», деп пәрмен
берді деп естігем. Әйтеуір қала іші күңіреніп кетті өзің туралы.
        Санжар мына
кісінің неге сонша жерге қарап күңіреніп, өсек сөзге желдей есіп таусылып
отырғанына түсінбеді.
        - Бұл жерге
әкімшіліктен біреу телефон шалып: «Алыңдар, адам қылыңдар» деп пәрмен бермесе -
тістеніп отырып алады, қыбыр етіп қозғалмайды. Сүйенетін, қол ұшын беретін
біреуің болмаса құрыдым дей бер... Жең ұшынан жалғасып қана күніңді көре
аласың.
        Осы мезет
Санжардың көз алдына адам кейпіндегі, адам кейпінде болса-дағы еш пендеге
ұқсамайтын, бойындағы түгін, тырнағын жасырып - үстіне костюм киіп, галстук
тағып алған құбыжық елестеді. Сірә, жұрт айта беретін халтурщик осы болмасын
деп іштей үрейлене көз тікті. Әлгінің қолынан дипломын жұлып ап қалтасына
сүңгітті, орнынан шалт түрегеліп шығып кетуге айналды. Бір ғажабы әлгі
орынбасар өз ішіне өзі үңілгендей, жерге қарап күбірлеген күйі «мәу» демей қала
берді.
        О, тоба!
Көре-көре көсем болады екенсің. Санжарды үшінші мәрте қабылдаған қаланың Бас
сәулетшісі ұзақ ойланып, ақыл қорытқан сыңаймен соңғы сөзін тұздықтағандай
тамсанып айтты.
        - Осы сен
атағы жер жарған, әрі ақшасы асып-тасқан «Самұрық» компаниясынан неге кеттің? -
деді үзілдіре өңешін созып, көзін сүзіп.
        - «Самұрық»
компаниясының Президентіне мінезім жақпай қалды, - деді Санжар шындықтың бетін
ашып. Сосын көптен бері жан сарайында қордаланып келген ойын жасырмай жайып
салды.
                Бас сәулетші «қай мінезің» деп қазбалап
сұрамады, бұл көкең «осындай ағат мінез таныттым» деп тіс жарып айтпады,
арадағы сөз өрбімей, жабулы қазан жабулы күйінше қалды. Әйтсе де мына өмірдегі
сыбағасын мол пішіп, кеңінен қамтыған, тіршіліктің талай өткелінен сүрінбей дін
аман өтіп келе жатқан, майлық-сулығы бірдей, мінезге бай, жампоз жан алдына
үшінші рет келіп жүгініп отырған бозбаланың келешегіне ойша болса да көз
жіберді. Жанарын жымсита қысып отырды-отырды-дағы, тәуекел етіп, арызына «кіші
сарапшылыққа» деп қол қойып берді. Өмір деген алай-түлей қарлы боран екеніне
Санжардың анық көзі жетті.
        Жар кенередегі
жұрт өтпеген көпірден өтті. Әйтсе де «аққа құдай жақ» дегендей, талай құқайды
көріп Астана - Астана болғалы әр әкімнің қабағын бағып, аңысын аңдып, бірде
орынбасарлыққа төмендеп, кейде Жаратқан Ие қолтығынан демеп - әкімнің қабағы
жылып - қайыра қаланың Бас сәулетшісі қызметіне өрлеп; жер жаралып, су аққалы
дегендей - Астананың барша ыстық-суығына көніп, көнтақы болып келе жатқан,
қолға алған шаруаны күйіп-жанып істейтін тәжірибелі маман жасөспірімнің
келешегіне ой жіберді.
        Қиянаттан
қорықты.
        Баяғыда осы
қалаға дүниеге әйгілі сәулетші Норман Фостер ат ізін салғанда - мәртебелі
дөңгелек үстел сұхбатын жүргізуді мұның мойнына жүктеп еді. Шамасы келгенше
жүргізіп бақты. Әйтсе де сол кездегі студент Санжардың мәртебелі мейманға
қайта-қайта сауал қойып, тіл мен жағына сүйенгені, басшалардың қарадай ит жынын
келтіргені - қанша көнбіс болса-дағы мұның да шамына тиіп, шымбайына батып-ақ
еді. «Сұңқылдаған студент Санжарды жазалау керек, университеттен соңына ит
қосып қуған жөн», - деп әкімнің орынбасарының алдында қарадай жәркеленшіп,
құрдай жорғалағаны есінде еді. Кейіннен әлгі қылығы есіне түссе - іштей қысылып
ұялатын, «періштедей бозбалаға қиянат жасадым-ау!» - деп өзінен-өзі пұшайман
болатын. Әлгіде Санжардың арызына қол қоярда осы жағдай есіне түсіп, сол баяғы
өзінен кеткен ағаттық пен кінәні қолынан келгенше жуып-шайғаны,
        қиянатқа
көлденең тұрғаны,
        жүректегі
зілзаланы жеңілдеткені,
        секілді
әншейін ғана қарымтасы, қайтарымы еді.
        Бас сәулетші
ойлады. Бір кезде асыра сілтеп жіберген ағаттығымды жуып-шайдым, былайғы жерде
Санжардың өзіме өкпе, наласы болмайды деп.
        Санжар ойлады:
қаланың Сәулет департаментіне кілең жең ұшынан жалғасып, мемлекеттік қызметке тамыр-таныстықпен
кіріп алған, бір-бірінің басқан ізін аңдыған, бір-біріне ала көзбен қараған
қырғиқабақ қыр аспайтын халтурщиктер өңшең деп. Өз ойының дұрыстығына бірінші
қабаттағы, бас қақпаға іргелес, аядай бөлмеге еніп, есік аузындағы шағын сынық
үстелді иеленгенде барып көзі жетті.
        Санжар-екең
еңсесін төмен салып жіберіп ой ішінен ой тереді. «Бас қаланың тізгінін, даму
үрдісін Президенттің өзі қадағалап, өзі ұстайды. Әуел баста, елдің астанасын
ауыстыруға тәуекел еткен тұста - қазақ елінің бас иесі кім екенін әлемге
танытсақ, ұлттық демографияны үнемі өсу деңгейінде ұстасақ, жер иесі - қазақтар
қиыр-қиырына кіндік ортадан бірдей қарап отырса», - деген ойға табан тіреген еді.
Президенттің осы ойын қапысыз түсініп, сенімінен шыққан бірден-бір кісі - қала
мэрі Иман. Әкім Иманның кеше ғана ақпарат құралдары арқылы айтқан сөзі
құлағында қалыпты: Хан Шатыры атты сауда-көңіл көтеру кешені келешекте әлемдік
сәулет өнерінің бірегей туындысы қатарында болады деп ойлаймын... Әр көшенің
жеке  суретальбомын жасаттырдық, сол
арқылы қай жерде не істеу керек екенін 
ізбе-із көзбен көріп, көңілмен есептеп шығардық... Қаланың он жылдық
дүбірлі тойы үстінде қазақы қалпымызды, сахаралық салтымызды ұлықтап қана
ұлтымызды төрге шығарамыз, өзге ұлыстан ерекшелене аламыз!..» Көкейге қонатын
сөз. Шындығын айтса, ағайын, маңдай алдына ұстаған темірқазығы, қазақ десе қаны
қызған - Иман әкімнің әлгі сөзіне бола өле-өлгенше, жығылып-сүрініп қызмет
етсем деген тәуекелге бекінген  еді
Санжар-екең.     
        Қызмет шіркін
зауза қоңызының құм үстінен қи домалатқандай, ұясына тезек тасығандай түкке
алғысыз тырбаңына айналды. Несіне жасырады, өзіне тиген үстелдің суырмасы
бықыған қоқсық, тарақанның ұясы боп шықты.
        Төр жақтағы
үлкен үстелді иеленген ақ шашты, жұпары аңқыған, әдемі орыс қызы: «Ол үстелде
сносқа кететін үйлерді тізімдеп, ертеңді-кеш бас жазып жүретін Саша отырған,
орындықты сол қаусатқан», - деп сыңқ-сыңқ күледі, күлген кезде екі бетінің сүт
шұқыры ойылады. Санжар аптаның аяғына дейін жаман үстелді сулы шүберекпен
сүртіп, әлме-әл тазалап жүрді.
        Жұма күні,
түстен кейін ақ үрпек қыз бастығы екен, сол жақ бұрышта тау боп үйілген
арыз-шағымның шаңын қағып, тарақаннан арылтып, шып-шырғасын шығармай
компьютерге енгізіп, шағымның түскен уағына, жасына қарап - қайыра тізіп,
кестеге салып реттеп шықты. «Көбісі қоқсық жәшікке жіберетін-ақ қағаз екен»,
деп ойлаған Санжар; «Сәулет-құрылыс университетін кілең беспен бітіріп, Хан
Шатырын құрысуға қатынасып, тәжірибе жинақтап, мынау деген бесаспап, білгір
маман болып шыққандағы көретін құқайым осы болғаны ма» деп, ішінен іріп
қапаланады. Сонда мектепті әзер-мәзер бітіріп, құрылыс техникумына сырттай
түсіп, әліпті таяқ деп ажырата алмайтын, бөлім бастығы болып үстінен қарайтын
салдақының айтқанын істеп, айдауымен жүріп, сынық үстелді жайлаған тарақанға
ұқсап күн кешпекші ме!
        Іріп-шіруге
айналған пәпкілерді сарт ұрып кетіп-ақ қалғысы кеп, бір оқталды. Мына жаңа
салынып жатқан Астанада, кім көрінген келімсек бірі кіріп, бірі шығып - керуен
сарай ғып жіберген құжынаған топырда жұмыс табудың қиындығын ойлап сабырға
жеңдіріп өзін-өзі тежеді.
        Жанары ақ
шашты қыздың кеуде тұсына кідірді.Ойпырмайдың ғажабы-ай! Маналы бері жер шұқып
тұқшыңдап жүріп қалай байқамаған, неліктен қалт жіберген десеңші! Ақүрпек қыз
ыссылады ма, кофтасын шешіп, іш көйлекшең қалыпты. Іш көйлегі емес-ау, жай
әншейін кіндіктегі бір жапырақ шүберекті қос айыл лентамен иығына ілгектеп
ілген секілді. Қыз анары соншама үлкен екенін жаңа байқады, жанары ілгекше
ілініп көзін тартып әкете алсыншы енді!
        Ашық-шашық
заманға көзі үйренген. Осы жасында талай анарды көз алдынан өткеріп келеді. Қол
батпайтын көк алмадай қаттыны, қаздың жұмыртқасына ұқсаған құйтақандай
көріктіні көргені бар. Қауын секілді қомақтысы... баклажанға ұқсас ұнамсызы...
асқабақтай омырауын түгел жапқан... салбыраған, дөңгеленген, үрпісі қызарған,
жоталанған, емшекқапты керіп тырсылдаған әңгелектер болатын... ал ақ шашты
қыздың төсіне - әппақ етіп ұшы сүйір қос кесені төңкере салған секілді.
Тікшигеннен тікшиіп еш құламайды. Салбырау жоқ. Бір қалыптан шыққандай қос
конусқа жанары арбалып тұрды-тұрды-дағы демінен жалын от шығарып күбір етті.
        - Ұстап көруге
бола ма?
        Қыз парт болып
қызарып кетті. Үндемеді.
        - Ашық-шашық
құйыла төңкерілген қос конусты көргенім осы, үрпісі қызыл, симметриясы келіскен
осындай да жұпар иісті анар болады екен-ау дүниеде!
        Қыздың тынысы
жиіледі, жанарын қағып-қағып, еңсесін тіктеп перде тұтқан терезе жақтауына
сүйенді, демінен от жалын есіп тілге келді.
        - Ұстасаң
ұстап көр!
        Санжар өпектеп
өле жаздап дөңгеленген қос конустың сыртынан сипап еді, денесіне ток өткендей сезілді.
        - Қытығымды
келтірме! Болды!.. Жетеді!.. Қолыңды жылдам тартып ал!.. Қытығымды келтіре
берсең жылап жіберем!..
        Қыз төсіндегі
төңкерілген қос конустың терісі қаз балапанының ұлпасындай үлпілдеп (тынысы
жиілеп) сипаған сайын өліп-өшіп сипалай бергің келеді. Дүниеде осынша жұмсақ,
әтір иісті, әңгелек тектес әдемілік болады екен-ау деп іштей таңырқаған.
        «Бетіңді таяп
барсаң тамағына, Шымырлап бу енеді сүйегіңе, Лүпілдеп қан соғады жүрегіңе»
деген өлең жолы осындай ғажайып анарды сыртынан үлпілдетіп сыйпағанда құйылып
шыққан шығар-ау. Тақуалар таңдай қағып айта беретін жер үстінің жұмағы осы
болар, сірә!
        Бір аштықтың
бір тоқтығы, бір нәпсінің бір сүйіспендігі, бір жақсылықтың бір жамандығы
болады дегендей, жұмыр жердің бетіндегі жұмақ есігін қаққандай болып
дөңгеленген қыз анарын сыртынан сыйпап, жан рахатына бөленіп жәннәтқа енген
Санжар-екең - екі ай өте дозақтың қыл көпіріне аяқ салды.
 
 
Он төртінші баспалдақ
 
        Қаланың дәл
кіндік тұсында баяғыдан кісі жерленген, кейінгі кезде аумағын қоршап, батыс
бүйірінен аспалы жол өткізген көне қорым, ескіше айтсақ - көрхана болатын. Тап
осы көне мазардың түстігінен зәулім биік мемориал - ескерткіш тұрғызып, әрі
көне қорымды аспан астындағы этнопарк жасауға, әрі келешегі айтулы адамдардың
жамбасы тиетін мавзолей құруға рұқсат алып, екі ай бойы түнемесі шам түбінде
бүгіліп, көз алды көлкілдеп ісіп сызба-нобай түсірген Санжар сылынып шықты. Ер
арыса - аруақ дегендей, етінің қашқаны, салмағының азайғаны ертең-ақ қалпына
келер-ау; көз майын, жұқарған жүйке, ағарған шашты қайтаратын құдірет жоқ қой!
Буын дір-дір, көкірек сыр-сыр. Дәрігерге көрінуге уақыт таппай, қатты тиген
тұмауын аяғымен көтеріп, қан қысымының, дене қызуының оқыс көтерілгеніне
қарамай... «өзіме сеніп тапсырған шаруаның үдесіне шығайын!.. қайтсем де
нобай-нұсқаны әлденеше том етіп ватман қағазға түсіріп, әкімнің алдына
қояйын!.. дүниеде ештеңеге пар келмейтін аспан асты, қыста жабылып, жазда
ашылып тұратын қолшатыр секілді алып мавзолейді жарқ еткізейін!..» деумен
        өліп-өшіп
тамыздың аяғына тамамдап,
        аяғы аспаннан
келіп,
        мұрттай ұшып
ауырып қалды. Бұрындары бүйтіп қатты құламайтын. Жедел жәрдем арқылы шақырылған
ақ халаттылар әулеті қарай салып бастарын шайқап, қол арбасын сүйрелеп, шала
бүлініп жүріп ауруханаға апарып салды. Жеке палатаға жатқызды. Әрәдік неге
екені белгісіз Санжар-екең төсектен басын қақшаң еткізіп көтеріп, қарлығыңқы
үнмен: «Ағайындар-ау, аспан асты мавзолейін әкімдікке апарып өткізуім керек
қой!» - деп айқайын салады. «Аяғыңыздан тұруға болмайды сізге, тұмау зардабы
жүрекке соққан», - деп дәрігер шіркіндер қаумалай түседі. Үйіліп отырып
консилум өткізеді, дуылдасады. Ағаш басындағы аш қарғалар секілді.
«Ағайындар-ау, екі жылда бір келетін алпауыт тендерден қалып қоятын болдым ғой!
Бірер тәулікке пұрсат берсеңдерші!..» Санжар нақа суға кетіп бара жатқан
кісідей, көзі бозарып, қолын сермелеп, әлсіз дауыспен үн қатып қояды.
Біраздасын талығып барып ұйқы ұйығына шым батады.
        Алғашында
емдеуші дәрігер «көп ұстамаспыз, қызуын қайтарып, жүрек соғысын ретке салсақ
емдеуді доғарармыз» деп ойлаған. Қай-да- а-ғы шығару! Бауыр жұмысының
көрсеткіші - билирубині көтеріліп кеткен, кретинин шіркін шығандап ол тұр,
ағзадан шлакты шығара алмай бүйрек шаршаулы қалпы. Іш құрылыста, негізгі ағзада
қабыну бар ма,  роэ-сы аспандап, соя-сы
құрғыр еш төмендемей титығымызға жетті. Екінші мәрте алынған қан құрамын ұзақ
үңіліп зер салып қараған Бас дәрігердің қолы қалтырады. Шарасыз кепке түскен
қалпы маңдайын сипалап отырып қалды. Үні тым бәсең естілді. Былайғы дәрігерлер
кірерге жердің тесігін таппаған кісідей жанарымен жер шұқиды.
        - Неғыламыз?
        - Жаңа жетіліп
жарық дүниеге ұмтылған жас өмір көктей солмақшы ма?
        - Қайдан
білейік қаралмаған соң, - деп Бас дәрігер желі шыққан допша қабысып қарадай
сүмек боп терлейді. Санжар-екеңнің қан құрамын жазған құшақ қағазды қайыра
сүзіп шығады. - Еш аянып жатқанымыз жоқ, шетелдік дәріні басына үйіп әкелдік,
кім біледі... бірер күнде билирубині түсіп, роэ-сі ретке келер, кім біледі...
        - «Кім біледімен» жүріп жас сәулетшінің
өмірін қиып аласыңдар ма деген қаупім бар... Бұл болмайды, жедел түрде науқасты
Президенттік емдеу Орталығына ауыстырыңдар... кілең мондыбастар!.. «Шетелдік
дәріні үйіп қойдық...», «тәуір боп қалар...» деген күмілжіген сөздеріңнен
қорқам! Білсеңдер бұл жігіт жыл басында Президенттің қолынан мәртебелі куәлік
алған! - деп Бас дәрігер зілдене тіл қатты.
        Мәртебелі
куәлік алған кісі бұл елде некен-саяқ. Мұндағы дәрігер қауымы жыл басында-ақ
жұрт гулеп айтып жүрген ертегідей «мәртебелі куәлік» туралы қаңқу сөзді құлағы
шалыпты. Әйтсе де әлгі аңыз боп кеткен куәлікті әбден арыған, көн тулақтай
болып қатып қалған осынау Санжар есімді сәулетші алды деп ешбір ойламапты...
Куәлік иесі аспандағы жұлдызға қол созғандай бетіне жан қаратпайтын қаһарлы
алпауыт шығар деп жорамалдапты... «Мәртебелі куәлік иесі мен едім» деп
Санжар-екең тіс жармапты. Сол-сол-ақ екен әлгіні естіген қазекемнің құйын
көтергендей дүрлігісі басталды. Қала шетіндегі облыстық аурухананың суық қуысында
жатқан Санжар-екеңді жалбыз қайнатқан жылы суға жуындырып, киіндіріп, тер
қатпасын деп жылы орап Президенттік ауруханаға әкеліп салды.
        Арғы жағы жан
алып, жан бергендей   есті алған
әлемтапырық дүниеге айналды.
        Кешқұрым
Жәннәт қыз келіп көңілін сұрап бөлмеге енген. Бойжеткен баяғы көрген...
сырласқан... сүйген кезгіден көп сылыныпты. Қақылдап жөтеліп дұрыстап сөйлесе
алмады. Аяқ жағына тізе бүккен қыздың өн бойынан лапылдаған жалын есіп
тұрғандай сезілді. Жүзі өрт боп жанып, сәл еңкейіп, мұның бетіне бетін тақаған.
Демі күйдіріп кете жаздады.
        - Қолың тастай
суық, - деп бойжеткен мұның қолын ыстық алақанына салып уқалап жылытты.
        Санжар-екең
екі иығы селкілдеп іштей тұншығып, қыстығып келген жөтелін еш баса алмай
қиналды. Әрі-беріден қақылдаған кезде бойжеткен тіксініп, түрегеліп кетті.
Емдеуші дәрігер жүгіріп жетті. Бір түйір дәрі беріп: «Ішіп алыңыз», - деді.
Дәрі соңынан су жұтқалы ұмтылған жігіттің тісі стақан ернеуіне тиіп сақырлап
үрейді алғаны. Сұп-суық терге малшынып жатып Жәннәтқа жаутаңдап, шағынғандай
болады.
        - Қайтсем де
әкімдікте өтетін тендерге үлгеріп қатысуым керек, - дейді.
        ...Уақыт бейне
уыстағы құм. Дүркіреп көк көтеріліп, дөңгеленген нөсер бұлты жөңкіліп көшіп
жатты. «Сағаттың шықылдағы емес ермек» деп сан қайталап жатып, жаз ортасына
таман Санжар науқасынан айығып, басын көтерді. Там-тұмдап тәбеті ашылып,
селкілдеткен жөтелден құтылып, әупіріммен аяғына мінді. Тәй-тәй басқан сәбиге
ұқсады.
        Ертемен тұрып
жайлап басып сыртқа шығады. Ауланың оң бұрышына ойысады. Кәрі ағаш түбінде
сынық отырғыш, сол отырғышқа газет төсеп құйрық басады да күншуаққа маңдайын
тосып ұзақ отырады. Шекесін шағырмақ күн сәулесі қыздырады. Мүлгіп-қалғиды.
Аппақ нұрды бой-басымен түгел жұтқан сусорғыш 
қағаз секілді. Бала жастан күн қызуын жақсы көреді... қазақтың қиыр
сахарасы... ақ топырағы бұрқылдаған Сыр бойы... төбесіне шөп шығып кеткен тоқал
там... там басына шығып алып ұзақты күн моржаға ұқсап омалып отырғаны. Сол
әдет, сол шашын ұстарамен қырғызған балалық қалпы... барша сурет-сипатымен көз
алдына елестеп, көңлінен еш жуылмайды-ақ.
        Жаз ортасында
Бас дәрігер халатының етегі жел кеулеп делдиіп асығыс еніп Санжардың қолын
қысты. Арқасынан қаққан кезде - сәулетші ұшатын құсша денесімен селкілдеді.
        - Сау болып тұр, Санжар Мәлібекұлы,
қолымыздан келгеннің бәрін жасадық, - деп май ішкендей жылы қоштасты.
        «- Қайтсем де
тендерге қатынасып қаржы ұтып алуым керек», - деді Санжар өз-өзінен қалшылдай
сілкініп, тістеніп тұрып.
        Басында отырған
Жәннәт қыз жігіттің айтып жатқан сыбыр-күбір сөзін түсінбейді. «Мұнысы несі?
Азаматтың әбден арып-ашып, шаршағыны ма», деп іштей тіксіне түседі. Көп ұзамай
сыпайы қоштасып шығып кетеді.
        Астана
әкімдігінің жанынан ұйымдасқан тендер сайысы баяғы көн кітапта айтылатын - о
дүниелік ғазауат майданына түсіп, қалтылдаған қыл көпірден өткендей аса азапты
шаруа екенін сәулетші басына түскенде білді. Әркім әр тарапқа тартады екен,
бір-бірінің сөзін тыңдау жоқ, бәрі білгіш, бәрі көсем, шетінен мәселенің  жібін жұлқа тартатын жалына қол апартпайтын
асау аттай кілең алпауыттар. Бірінің аузына қараса - терістікке қисаяды,
келесісінің аузы - түстікке қисаяды, пәтуәлы ойға табан тіреу жоқ. Майдан
даласына шыққан гладиатор секілді, бірін-бірі тілмен іреп сояды. 
        Санжар мәнісін
кейінше түсінді. «Тендер» дегенің қып-қызыл ақша екен: осынау аузы алты қарыс
алпауыттар гүлге үймелеген бал арасына ұқсап бас түйістіре кеңесіп, келесіде
бірін-бірі іштен шалып, ызалана кекетіп, тілмен түйреп, өжендесіп, бөліске келгенде
өліп кете жаздайды. Қарап отырып Санжардың қан қысымы көтерілді. «Ағайындар-ау,
Астананың кіндік ортасындағы некрополь - мазар әлеміне көңіл бөліңіздер!..
Тірілер кідіре тұрар, екі-үш ғасыр бойына жамбасы үгітіліп күтіп жатқан
өлілерге жол берейік!.. Әрі қаланың сәні, әрі тарихымыздың мәні, жиырма-отыз
миллион теңге қайда желге ұшпай жатыр!» - деп тісі-тісіне тимей қалшылдап, жаны
ышқына сөйлеген кезде алпауыттар аңтарылды. Көбі: «Мына кісі жынданған шығар»,
- деп ойлады. Санжардың үні керней шалғандай азынап құлақты қажап, жұртты
қарадай тіксінтті. «Бұл қай жерден өніп шыққан жындыкеш дүлей!» - деген оймен
қала әкімінің орынбасары ұрттаған суына шашалды.
        Баяғы хай-тек
королі Норман Фостер келгенде, мәртебелі дөңгелек үстел өткіземін дегенде, аяқ
астынан «жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей, осы пәле көлденең сауал
қойып, өзгенің аузына қақпақ болып бәрін бүлдіргені есіне түсті.
«Университеттен қуылып, басы ауған жағына қаңғып кетті деген секілді еді. Мына
пәленің жеті жаны бар шығар, сірә». Осыдан ай жарым бұрын сол жағалаудағы
қаланың төріне орнайтын Опера және балет театрының нобай-нұсқасын сол жанкешті
сызды дегенде шоқ басқандай шошып түскен. Маңайындағы атарман, шабармандарына
қаратып: «Қайтсеңдер де жібермеңдер!» - деген. Енді, міне, бұрынғы түкке
алғысыз көне қорым-мазар келешегі ұлттық некрополь-көрхана болады деген байтақ
нұсқа-нобайын көлденең тартып шіреніп отыр-әй!
        - Бәсекеге
түскен жұмысты көрелік ендеше, - деп орнынан ауыр қозғалып үлкен залға тізіп
қойған кешенді макеттерді көруге көтерілді.
        Бас сәулетші
көлеңке секілді. Қала әкімінің орынбасары қалай бұрылса - солай ығысады. Санжар
макетіне тақап келгенде тілі шешілді.
        - Мына
некрополь - мазардың шешімі ғажайып, әрі көрнекті, әрі ұлттық белгіні мықтап
сақтаған. Қаржыны көп тілемейді. Президентке ұялмай көрсете аламыз!
        Әкім
орынбасары төр жаққа аңтарылып қарады. Көлеңке теріс айналды. Сол сөлеңке
көзімен Санжарды ұстап, сұқ саусағын ерніне көлденең басып: «тырс етіп үндеме!»
- деп ишара жасады.
        - Бұл бала
мұндай шеберлікке қалай қол жеткізіп жүр?
        - Қалай
түсіндірсем екен. Бұл бала жарық дүниеге келер кезде табиғат құдіреті кісі
жасауға құлшынып-ақ кіріскен, ал былайғы... маңайда сеңдей сығылысып жүрген,
қос-қостан дипломы бар пәленше... түгенше... сәулетшілер дүниеге келген кезде -
табиғат құдіреті қалғып-мүлгіп отырған.
        - Неғыламыз
бұл нобай-нұсқаны?
        - Президентке
көрсетуге осы лайық!
        - Сен немене!
Үлкен кісінің есімін керекті, керексіз жерге тілге тиек етіп қыстыра бересің?
Осылай десем үркеді ғой деп ойлайсың ба? Үрікпеймін! Әкім аман болса,
командасынан шығып қалмасам жерде қалмаймын, - деп ілесіп жүрген көлеңкесіне
әңкілдеп сөйлеп алды-дағы біраздасын барып сабасына түсті. Көлденең сауал
қойды. Көлеңкеге күшігенше шүйлікті.
        - Осы сен
кімнің командасындасың?
        Көлеңке
қалтырап қоя берді, айтарға сөз таппай, сүмек боп терледі.
        - Ешкімнің
командасында жоқпын. Тазамын, ақпын, ағатай!
        Әкімнің
орынбасары әлгі көлеңкені қолтығынан алып оңаша шығарып әкетті, сыбырлай тіл
қатты.
        - Есің барда
бір алпауыттың командасына кіріп ал. Командаң болмаса - ескексіз қайықсың
әншейін. Жел қалай соқса - солай сырғисың. Өз басым сені ойлап жүргем - әкімнің
командасында, соның кадры, өзі қойған, өзі өсірген деп. Командасыз осы заманда
аш итке ұқсап қаңғып қаласың, көкешім!
        Көлеңкеге
зекіп-зекіп, тағы ойына оралған бірер ақылын айтып, сұқ саусағын шошайтып
аспанды шаншып, бұрылып кетуге айналды. Өзге тендер мүшелеріне: «Өздерің өткізе
беріңдер, жиналысым бар, күтіп отыр!» - деп кең залдан шығып жүре берді. Бас
сәулетші аң-таң, неғыларын білмей дал. Санжар тақап келіп сөзге тартты.
        - Жиырма-отыз
миллион қайда шашылмай жатыр... - деп өз пікірін сабақтай беріп еді.
        Бас сәулетші
лездің арасында әлгідегі қалтылдаған көлеңкеден алпауыт жоталы басшыға айналып
шыға келгені. Жыны ұстаған бақсыдай қалшылдап кеп сөйледі. Арқаланып сөйлеткен
- бойын кернеп ала жөнелген қызғаныш сезімі еді. Тегінде қызғаныш сезімі
сайтанның сапалағы секілді, ақ қызғаныш, қара қызғаныш, қызыл қызғаныш, сары
қызғаныш болып бірнешеге бөлінеді. Әрқайсысы кісінің жүрегін әрқалай баурап,
бойын әрқилы өртейді.
        Ақ қызғаныш -
ауызда ғана, айтады, қояды, ұмтылады. Қара қызғаныш - кісі өлтіреді. Қызыл қызғаныш
- нәпсіні өртеп, кісіні күнәға батырады, тегі болмаса адамның ойына келмеген
ауыр іске бастайды; сары қызғаныш - жылан уы секілді, адамның бойын бірте-бірте
жайлап алады, әбден бойын меңдеп алған соң барып, иесінің ерік күшін билеп,
көзіне қан толтырып, жазатайым жамандыққа жүгінтеді. Мына Бас сәулетшінің жан
әлемін лездің арасында сары қызғаныш жайлап, меңдеп, есеңгіретіп келіп, ақыр
соңында адам ойына келмеген шешімге бастап еді. Біле, көре тұрып, көрер көзге
қиянатқа басын тігіп, бәрін бүлдірді.
        - Санжар Мәлібекұлы, сенің нобай-нұсқаң
стандартқа, талапқа сай емес, тендер ұтысынан шығарып тастаймыз, - деді
сазарғаннан сазарып.        
        Санжардың
аяғының астындағы жер төңкеріліп бара жатқандай сезілді, бой-басын билеп тұра
алмай тәлтіректей басып, қабырғадан ұстап сыртқа шықты. Алғашында көзіне түк
көрінбей кеткен.
        «Осындай да
қиямпұрыс қараулық болады екен-ау» деп іштей назаланды. «Алғаш нобай-нұсқаны
көргеннен қол-аяғын жерге тигізбей мақтап, аспандатып әкетіп еді. «Өткіземін...
қаржы бөлгіземін» деп уәдені үйіп-төгіп, қарадай қоқырайтып тау басына шығарып
қойып еді. Тұлыпқа мөңіреген сиырдай, дәмеленбестен дәмеленіп, түнеукүні қатты
ауырып, ауруханаға түсерде мейрамханаға шақырып, бір айғы жалақысын жұмсап,
мелдектетіп сыйлап шығарғаны есінде. Мейрамханада білді - Бас сәулетші-екең
қарадай айға шабынған - әрі сері, әрі сыпа, әрі жігітшілігі асып-тасқан өнерлі
болып шықты. Тамаққа тойып, шарапқа шалқып, шабыттанып алған соң: «Әй, жас дос,
аздап қаракөз қарындастармен ойнап-күлейік, өстіп қағаз шимайлап, қарындаш
кеміріп жүріп өліп кетеміз ғой», - деп өндіршегі сорайып отырып алды. Содан
екеуі ұшқасып-тіркесіп қызойнаққа барған. Бұл көкең қалтасының жұқа екенін
сылтау ғып ақыр аяғында қыздың ыстық құшағынан қашып шыққан, ал Бас сәулетшіні
ертесіне, таңсәріде, баяғы қызойнақ үйден әрең деп іздеп тауып, шашылып қалған
сүйегін әр жер, әр жерден жинастырып жүріп теріп алды. Сүйрелеп жүріп жұмысына
әкеліп салған. Қарадай сұрапыл бейнетке қалған.
        Соншама ақкөз
аңқау, қалтасының түбі тесік кеңқолтық мінезбен жүріп осыншалық алданамын,
жалаңаш құйрығымен мұзға отырамын деп тегі ойламапты. Қатты жүріп келе жатып
омақасып сүрініп кеткендей хал кешті. Опық жеді. Нешеме күндер кітапханада
отырып сарыла ізденіп, қаншама күндер қатты үстелге шегеленіп отырып, көз майын
сарқып сызып әкелген
        Некрополь -
нобай-нұсқасы тағы да бәйгеден өтпей, мәреге жетпей омақаса құлады.
        Қан қысымы
көтеріліп, ұйтқып басына тепті, ет жүрегі езіле соққаны еміс-еміс есінде.
        Тым жырақтан
баяғы ақ сақалды, ақ таяқты бабасының дауысы күңгірлеп естілгендей: «Тұқымым,
бар кінә менен, қателік тегіңнен кеткен!..Беліңді бекем бу, ерік күшіңді жина -
аман жүрсең әлі де қателесесің, әлі де көретін көрешігің алда!..» Енді бұған не
дерсің!
        Өзіне бұйырған
жазмыш формуласы: күрес + тіршілік + ұмтылыс + опыныс болар, бәлкім!
        Уақыт бәріне
емші, бәрін өзі қалыпқа салғандай ғып түзеп шығарады.
        Ең өкініштісі:
өзі ғой өмірдің арғы-бергісін түгел өлшеп түкпірлеп біледі, бұл туралы ешкім
ештеме білмейді.
        Ешқашан
болдым, толдым, жетілдім, жеттім деп тоқмейілсіген емес, әрдайым саушылығын,
суішкілігін қиып - бейнетке ұрынады, еңбекке жегіледі. Бірде жеңіледі, келесіде
жеңеді. Басы жерге жеткенше иілсе-дағы бір пенденің аяғына жығылған жоқ,
беттесіп, тіресіп келгенде ол-дағы өзіндей пенде екенін сезініп, білімін
асырып, иығын теңестіріп, текетіресіп ғұмыр кешуге көшеді. Керуеннің соңынан
итше салпақтап ілесе беруге ары жібермеді, жан әлеміндегі маздаған шоқты қайтсе
де лаулата жағып өшірмеді. «Еңбекпенен көз сүзбей күн көремін, Харакетім -
суретші, бояушылық» деп ақын айтқандай, сөз сиқырын кәсіп еткен ұстазға ұқсап,
құрылыс геометриясынан - құрастырмалы ұстынды, әлгі ұстыннан - көк аспанға
шапшыған күмбезді, дөңгеленген күмбезден - қазақы киіз үй ордерін тап басып
танып, аспандатып, қараған кісінің басы айналғандай ғажайып ғимараттың сызбасын
сыза түседі; 
        «Жамандық
жақсылыққа қарар салқын» деген ақын сөзі тағы да шынға айналып, алдын
кес-кестеп бәсекелесін өре түрегелтті;
        Бақталас,
тақталас қатарлары аяқтан шалып, аузы-басы жыбырлап сыртынан өсек айтып, бықсық
сөзді желдей есті;
        Өзге
қатарларына ұқсап - мәртебелі лауазым биігінде отырған жерлестері мен
елдестерін паналап, солардың ығына есіп, біреуінің өзін, келесінің сөзін өтірік
мақтап жүріп, баспалдақ етіп, биіктеп кетуді білмеді; таяқ жұтқан кісі
секілденіп тікшиген қалпы жүремін деп «бірмойын, өзімшіл» деген жаман ат
жамады. Өзегелер: «Пәленшенің шекпенінен шықтық!» - деп шуласып жатқанда, бұл
өз жанына өзі үңіліп үндемеді.
        Таңғажайып бұл
не күн, әр сағаты әр жылға парапар, бояуы қалың, мағынасы терең. Бүр жара
бастаған қара ағаш, көктем иісі кеудені ашып, мазасыз қарқылдаған қарғалар ағаш
басын бермейді-ай. Төңкеріліп көшкен бұлт көк жүзіндегі көкпаршыдай. Байқап
отырса осы күн, мына төңкерілген бұлт суреті енді ешқашан қайталанбайды. «Осы
суретті сезіп-білгенімнің өзі зор қуаныш» деп ойлаған Санжар. Өстіп
жығылып-сүрініп өмір сүргенінің өзі қызық. Қызық болмаса - баяғыда-ақ «болдым,
қойдым» деп, суішкілік соңынан сүмеңдеп жүріп орға түсіп опат болары анық еді.
        Мына жұрт
өрмекші. Өрмекші болмаса өстер ме еді.
        Маңайына
жуықтап кеткен кісіні шырмап, матап, жем қылады, ақыр соңында нәрін сорып
қаңқасын қалдырады. Бұл шіркіндер өрмегін тоқумен әлек, күші жетсе - дүниені
өрмегімен шырмап жер әлемге иелік етіп, өзі би, өзі қожа болып, шырматылған
жемтікті шетінен жалмап дәуренін сүре бермек. Маңындағы жанды-жансыз тіршілікті
қаңқа көмбесі - тозаққа айналдырмақ.
        Санжар-екең
ешқашан өрмекші болып өмір сүрмейді, жақсыны да, жаманды да пешенесінен көреді,
табиғатқа тарта туған талайынан табады. Алтын ғасыр ақыны Альигери Данте сөзі
ойға оралады: «Segui il tuo sorso. E lascia dir le geni!.. Өз жолыңмен жүре
бер, жұрт аузына келгенін айта берсін!» Маңдайына әжім секілді жазылған жазмыш
формуласы осылай дейді.               
Он бесінші
баспалдақ
      Сәулетші Санжар
сіңірін созып шиқылдап жүріп, жоғарғы оқу орнынан алған айлығын елдегі ағасына
салып жіберіп, өзі түнді таңға ұластырып, шам түбінде мөлигеннен мөлиіп сызып
келтірген құрылыс - нобайына алған қаламақысын қалтасына бүктеп басып, екі
аптаға демалыс алды. 
        Түпкі ойы -
Малайзяға, одан әрі Филиппин еліне барып шетелдің сәулетшілік үрдісінен
тәжірибе жинақтап оралу. Астана құрылысы Есіл өзенінің екі жағалауындағы ми
батпақ, басқан аяғың сазға бататын, жер асты суы тым жақын сусымалы сахараға
салынып жатыр. Қаланың салыну үлгісі Куала-Лумпур, Манилаға егіз тамшыдай
ұқсайды.
        Манила ұшы-қиырсыз көкала мұхиттың жағасына
орын тепсе, Астана қиырына көз жетпес дала мұхитының алыс сапарға шыққан
желкенді кемесі секілді.
        Астанадан «Боинг»
ұшағына отырып, сахара төсін көктей өтіп Тынық мұхит кіндігіне орын тепкен
күншығыс жауһарына бет түзегенде жүрегі өрекпіп алқымына тығылды. Бұрын
шетелге, алыс жолға шықпағаны әсер етті ме. Ұшақтың дөңгелек әйнегінен сыртқа
көз салған еді, домалақ жер қауызын жаңа жарып келе жатқан лотос гүлін
елестетті. Абайлап, үлпілдетіп ұстамаса үгітіліп түсердей. Әлем-нәзік, жер
дүние-нәзік деп мегзеп тұрғандай.
        Адам жердің,
табиғаттың заңына тәнті, жер аспанның заңына тәнті, аспан тәңірдің заңына
тәнті, тәңір өзіне ғана тәнті. Бұл көне кітаптың сөзі. Тізесіне ұстаған көне
кітапты оқи-оқи жанары талды. Кейінгі кезде Бас сәулетшімен татуласып, тонның
ішкі бауындай болып іштартқасын ба, ол көкең Тынық мұхит жағалауын жайлаған
елдің сәулет өнерін көріп қайтуға іссапар беріп, жолдама жазып, «жол болсын»
айтып шығарып салған.
        Ұшақ орта жолда
Сингапурға қонып, сусын алып, жанармай құйып, біраз аялдады.
        Қайыра отырып,
көк зеңгір аспанға лықси көтерілген кезде қарсы алдынан толып туған ай бетіне
өрмелеп шығып бара жатқан альпинистке ұқсады. О, құданың құдіреті деген! Көкала
мұхит табақтай айдың тартылысына тәнті. Жағаға ығысып ентелеуі бар, тәулік өте
сап-сап тиылып кері шегінуі бар - бәрі құдіреті күшті ай тартылысынан серпін ап
жатты.
        Мына мұхит
құштарлық төсегінде аласұрып көтеріліп-басылған жас қалыңдық кеудесі. Ай
төбеден төнген кезде көкала толқын көтеріле түсіп, жөпелдеме жағалауға
жөңкіледі; тау толқын бетон діңгекке құйып келтірген алып үйлердің аппақ
балтырын құшады. Жағалаумен ұмар-жұмар қойындасады. Алып үйлердің ақ балтыры
көкала толқын құшағына жұтылады. Төбедегі ай ауады. Арсы-гүрсі асау толқын ендігі
кезекте ақ балтырды құшағынан босатады. Күрсіне, күңірене, дүниеден түңіле
кірпідей жиырылып кері жылыстайды. Әлем жаралғалы, үлкен жарылыстан кейін
дүниелік жаңа жүйе - түзілгелі табиғаттың қан қыздырған құштарлық жыры еш
толассыз жырланып келеді. Толассыз айтыла берген жыр адам мінезіне айна қатесіз
ауысып үлгереді.
        Жеті мың
аралдан түзілген ертегілер елі Филиппин осы. «Мың бір түннің» бас кейіпкері
Сандыбадтың жарым жолда кемесі қирап, жетсем деп жете алмай кеткен, көрсем деп
көре алмай кеткен кереметтер елі көз алдында. Жеті мың арал, жетпіс жеті
провинция. Әппәқ ақық тісі қаланған, күлген кезде күн шығып келе жатқандай
көрінген келіншектері иіліп сәлем мезіретін жасайды, қос алақанын қусырып
маңдайына ұстап, иілгеннен иіліп хош иісті шайға шақырады.
        Тіске басар
іздеп, ішегі шұрқырап тұрғанда көк шай сораптап көкбақа болар жайы жоқ. Қонақ
үйінің төменгі қабатына түседі.
        Тіске басар
іздейді.
        Таң алакеуімгі
кез, қала сіріңке шаққандай жанып кетіпті. Санжардың көйлегі денесіне жабысып
жүргізбейді. Әппақ жақұт тісі қаланған келіншектің арқа-басы, кіндік тұсы, тоқ
балтыры жалаңаш. Лотос гүлі жанында жайдақ 
отырғышқа тізе бүкті. Жаңа байқады, дәл жанында ұстарамен қырғызған
басын көтеріліп келе жатқан күнге төсеп я әйел екені, я еркек екені белгісіз
біреу мөлиіп отыр.
        Сол екі арада
сымға тартқандай сыптығыр тілмәш жігіті ентігіп жетті. Тілін төсеп сөйлегені
қызық.
        Айтып
отырса-көп ұзамай муссон сүмелегі басталады. Муссон сүмелегі басталмай тұрып
екі алып мұхиттың аралығында қойындасып жатқан, жеті мыңдай қиқымдай аралды
мекендеген сексен бес миллион халық күн шуағын бой-басына мол етіп сіңіріп
алуға ұмтылады. Сексен бес миллионның үштен бірі жұмыссыз. Ертеден қара кешке
күншуақта мүлгіп қалғып отырғаны. Дәл қасындағы тақырбасты бүйірден түртті,
әлгі я әйел екені, я еркек екені белгісіз жылтыр қара оқшырайып жанарын
жыпылықтатты.
        Тілін төсеп
сөйлейтін тілмашты сайратты. Бұл елдің санасын жан ауысады деген ұғым жайлап
апты.
        Арадағы тілмаш
дәнекер. Әлгі мүлгіп-қалғып отырған таспа қара: «Монахпын», - дейді, жанарын
ашып-жұмып. «Мен өзім еркек пішінді монах болсам-дағы баяғы Арройо жігіт
емеспін, кейінгі айда жаны жаһаннамға ұшып кеткен Макапал қарындасымның жанымен
өмір сүріп жүрмін, өзімнің жаным әлдеқашан жаһаннамға ұшып кеткен, өліп
қалған... өлмегенде несі қалды, я істейтін жұмысы жоқ, я ішіп-жейтін тамағы жоқ...»
Мына сөзді естіген Санжар-екең қарап отырып таңқалады. Естімеген елде көп. Әр
елдің салты басқа, сиыры қара қасқа. Сандыбадтың аяғы жете алмай кеткен жұмақ
елін көріп тамашалаймын деп жүріп тырапай аспайын деп ішінен лүпілдейді, уәйім
жейді.
        Иә, сонымен не
болды дейсіз ғой.
        «- Макапал
қарындасың нендей халге түсіп еді, кембағалым?»
        «- Мұхит дүлейі айғыржал толқын көтеріп
жағадағы қарындасымды жұтып жоғалтты.»
        «- Әке-шешең
бар ма, кембағалым?..»
       «- Әкемді
айғыржал толқын әкеткен. Шешем баяғы әкемнің аманат қып соңына қалдырып кеткен
жанымен өмір сүріп, жақында жұмыс іздеп Малайзяға кетті... онда уақытша келген
кезбе еркекке тұрмысқа шығып, уақытша әйелі болып көп ақша табады, ұлы жауын
басталғанша мол қаржымен қайтып оралады...» Бұл елдің наным-сенімі бойынша адам
жаны өлмейді, көп болса, қиналса - бір-біріне ауысып жүреді, жан қыдырып
кетеді.
        «- Қашанғы
Макапал қарындастың халін кешесің?..»
        «- Қашан күйеу
жігіт табылғанша қарындасымның кебін киіп ойнап-күлем, үйді ұстаймын, кір
жуамын, тамақ пісіремін... Мырза жігіт, өзіңізге кір жуатын, үйді ұстайтын, төсек
салатын, сылап-сипайтын, гейша қызметін көрсететін Макапал қарындас қажет
шығар, ә? Шеттен келген кісілерге қызметші керек, мәйін тілді, сыпайы мінезді!»
        Санжар-екең
тұрып кетуге бет алды, қарны қоңылтақсып, ішегі шұрқырап әкетіп барады.
        Міне ғажап!
        Келесі бір
тақырбас кісі осыдан жүз жыл бұрынғы дүниеден өткен бабасының өмірін сүріп
жүрмін деп өз-өзінен мәзденеді, екі езуі екі құлағында, ыржиып күледі. Үстіне
шығыршық торлы сауыт киіп алыпты. Тағы бір қызығы: мұндағы кісілер - бала
кезінде бір есім иеленсе, отыздан кейін мүлде басқа есім, өле-өлгенше әлденеше
кісінің есімін алып өмір сүре береді екен. Төлқұжаттың орнына анықтама қағаз
алса жетеді. Бүгін Арройо, он жылдан соң Арриан мырза болып, я мешітте монах
ролінде мүлгіп отырады, я сауда жасап Сеулге ұшып бара жатады. Әркімнің
аманаттап кеткен жанымен өмір сүру үрдіске айналған. Түстеп-түгендеп келіп,
көшеде ұшырасып: «Осы пәленше ғой!» - деп амандық-саулық сұрассаң, ой-хой,
жалған дүние деген!.. әлгі танысың баяғыда бақи болған, өліп қалған әкесінің
жанымен өмір сүріп ысқырып жүрген байпатша, я тақуа, тақауда ғана есімін
өзгертіп үйленгелі қам қылған, қутыңдаған мүлде бөтен бозбала боп шығады.
Өзгермелі өмір. Әртіс тіршілік деген осы! Бұл - бұл ма, жастар жағы әсіре
еліктегіш келеді.
        Аш құрсақ
мүлгіген монах болудан әбден жалығып, «ә» деп өмірге қолын бір-ақ сілтеп, базбір
кісілер күндіз-түні теледидар, театрда өкіріп жүріп жатқан кинобейнелерге
еліктеп, қолын сермелеп, елірмелеп кететін көрінеді. Есінен адасқандай боп:
        - Мен пәленше
деген әйгілі әртіспін!
        - Рассел Кроу
көкеңмін!
        - Кешқұрым Ким
Бесингер, я Шерон Стоун кейпіне түсіп мейманхана кафесінде шылым шегіп, аяғымды
айқастырып салып, тотықұсқа ұқсап сыланып отырам!
        - Президент кейпіне
еніп, хансарайдың маңында сейіл құрам!
        Санжар-екең
тілмаш жігіттің айтқанына елігіп, аузын ашып, көзін жұмып отыра беруден
жалықты. Қаңғымалап жүре беруге күші қайда...қиыс бұрылып, әлгіде шыққан, өзі
түскен қонақ үйіне бұрылды. Тезірек жетіп жан шақыруға асықты. Құрып қалсын-ай!
        Макапал
қарындасының кебін киген жалтыр бас жігіттің шырмауынан, шығыршықты сауыт киген
сарбаздың сылтауынан әзер сытылып жіті аяңдап жөнелді. Табалдырыққа сүрінді.
Қанша жүгірсең де, нешеме жыл өтсе де әуелгі қалыбынан еш өзгермейтін,
шеті-шегіне жетіп болмайтын қазақтың қиыр сахарасы елестеді көзіне. «Кеңдігіңе
болайын-ау, жарықтығым!» - деді ішінен сағыныш меңдеп.
        Бір нәрсенің
қадіріне сол нәрсенің зары өткенде барып жетесің.
        Өзгенің
дүбіріне емес, өз жүрегінің діріліне сенеді. Сеніп жүріп Санжар-екең
сәулетшілік шеберлігін жетілдіре түседі. Сәулет-өнер. Өзгенің сәулетшілігін
сыйлап, өзіндегі, туралап айтса - өз ішіндегі өнерді өлтіріп алмауға қам жейді.
Өлтіріп алмаудың жалғыз амалы - үнемі үйрену, үнемі жетілу, үнемі ұмтылу.
        Манила
жартылай теңіз үстінде тұрған қала. Бетон тұғырын жеті қат жер еңбегіне сіңіре
қағып, басын сымтемірмен торлап, сол свайлардың үстіне зәулім үй тұрғызыпты.
Етегінен шалқайып биікке қарасаң-басың айналады. Еуразия кіндігіне өткен
ғасырдың аяғынан бастап қада қағып қала салып жатқан елдестері мен жерлестерін
мың сан арал тұрғынымен ойша салыстырады. Қиялымен безбендейді.
        Осылай қарай
жүрерде өзінің тікелей бастығы, Астана қаласының бас архитекторы Бақытжан оңаша
шақырып алып:
        - Турист болып
барсаңызшы! Барып-келу шығынын туристік компания көтерсін. Жата-жастана жатып,
күншығыс аруларына о жер, бұ жеріңізді сипатып жігіт қалпыңызға түсіп қайтасыз,
- деген.
        Санжар қарсы
беттегі айнадан шашы сиреп, самайын ақ қырау шалған, маңдай әжімі тереңдеген
жасамыс еркекті шалды. Айнадағы сұлба сурет өзінікі еді. Алақанымен беті-жүзін
сипап өтті.
        - Жоқ,
Филиппин, Малайзияға турист боп бармаймын, іссапар беріңіз, ол елдің теңіз
жағасына құрылыс салу әдісін зерттеп қайтамын, - деп сіресіп отырып алды.
Кеседегі күрең шайы суып қалды.
        «Қисайған
жағына құламай тынбайтын қырсықтың өзі» деп ойлаған Бас сәулетші, - өзі де
әбден үңірейіп тозып бітті. Күні-түні қадалып отырып сызба сызады. Көшірмеші
қыздары шаршап маңайынан безіп кетті. Өзін де аямайды, өзгені де аямайды.
Жанары қанталап, сұқ саусағы сүйелденіп, енді жаңадан бой көтеріп жатқан Хан
шатырының ішкі дизайнын сызып әлек. Ағылшын Норман Фостермен алшайысып, орталық
діңгекке бола бірін-бірі көрместей шәт-шәлекейі шығып ырғасып еді, Бас сәулетші
- мына көкесі араға ағатайлап түсіп жүріп бетін бері қаратты-ау, әйтеуір.
        - Жан
тыныштығын ойламайсыз ба сонымен?
        - Ойламаймын!
        - Санжар-еке,
айтпады демеңіз; өстіп ұрынып жүріп жүрегіңізді шаршатып алсаңыз бар ғой, менен
көрмеңіз! Өз обалыңыз өзіңізге, - деп Бас сәулетші ащы шындықтың шетін шығарып,
басын шайқап, аэропортқа өз жүйрігімен әкеліп, алыс жолға шығарып салған.
        Енді міне, ит
өлген қиян түкпірдегі жеті мың аралдың салты басқа, жүріс-тұрысы теріс сиетін
түйеге ұқсаған, өңшең бидай өңді, өңшең уызына жарымай өскен... ағылшынша һәм
филиппинше былдырлақты араластырып сөйлеген, сіңіріне ілінген сүлейлер мен
сұлулар елінде ілдебайлап жүргені. О, құданың құдіреті!
        Бұлардан не
үйренеді, нендей тәлім алады сонда?
        Таңғы асы
жүгері ұнынан жұқа етіп пісірген  жұқпа
нан, қаймақ қатқан кофе мен жарты банан. Жарты болатын себебі: малайлықтың
салтында бананды түгел жесе - күндізгі несібесі жылдам түгесілмек, жартылай
жесе - несібе-ырзық жалғаса бермек. Жедел киініп, жеңіл мәшине шақыртып қаланың
Бас сәулетшісіне жол алды.
        Жұлқынып
жатқан жағалау ернеуіне ентелей салынған отыз қабаттық зәулім үй, сәулетшілер
бюросы айнала алақандағыдай көрінетін отызыншы қабатта екен. Қабығын жаңа
сыпырған бананға ұқсаған, солқылдаған толықша келіншек лықсып әкеп төгіп салған
лифт аузынан күтіп алды. Лифт иесі деп ойлаған. Төрт құбыласы түгел әйнек
айпара кабинетке енгенде барып білді, банан секілді солқылдаған сұлу келіншек осынау
алып қаланың Бас сәулетшісі болып шықты.
        Денемен дене
ғып үйлестіріп тіккен көйлек келіншектің ой-шұқырының бәрін саусақпен
сипағандай ғып көрсетеді. Уылжып піскен өрік пе дерсің. Қол тисе-ақ түймелері
үзіліп түсердей, денемен дене көйлегі құрғыр сусып төгілердей. Әппақ білегін
созып қабырғаны түгел алған сызба-нобайды нұсқайды. Биші мұғалімі секілді.
Көкейінде жалғыз сурет: денемен-дене, ұнасым мен жарасым, желпіп соққан жұпар
ауа, дөңбекшіген көкала жағалау, білеуленген бәденді құлын мүше. Келіншектікі.
        «Өстіп жүріп
сюрралист суретшіге айналып кетпейін» деп іштей лүпілдейді Санжар-екең.
        Сюрализм-сезім
түйсікті жалаңаштау емес пе.
        - Свай тұғыр
қаншалықты терең қағылса-ғимарат соншалықты берік болмақ, - дейді банан
келіншек, - біздер көбіне орыс оқымыстыларынан үйренеміз. Гидродинамика күшін
дәл өлшеп шығарудың заңын тапқан орыс ғалымы. Орнықтылық теориясының авторы
Ляпуновтан, күннің биосфераға әсерін Чижевскийден үйренеміз!
        Ғылым
атланттарының иығына шығып тұрып біздер аяқ астындағыны көрмейміз, шетел біздің
атланттарымыздың иығына шығып қаншалықты қарыштап озып кеткен, қарыштап дамып
үлгерген!.. Бұл мына тұрған Санжар-екеңнің жан айқайы еді. Бас сәулетші
банан-келіншекке бұл аяқ астынан сауал қойды.
        - Свай қаданы қанша метр тереңге
сіңіресіз?
        - Кей тұста
қырық бес, кей жерде елу метрге дейін сіңіреміз. Сонда ғана свай ұстын берік
болады. Теңіз тайфуны қауіпті, жағалау шеге құм, сор, тастақ, батпақ аралас.
        - Ал бізде
жиырма метрден аспайды. Есіл жағасы құмшауыт, шеге, сор батпақ, мына жағалаумен
егіз тамшыдай ұқсас.
        - Қызық екен, -
деп бетінің сүт шұқыры ойыла күлді банан-келіншек. Денесімен дене боп жабысқан
көйлегі сыпырылып түсердей тырсыл қағады.
        - Ляпуновтың
орнықтылық заңын, Чижевскийдің күн әсері теориясын түкпірлей алмай, өндірістік
инженериямыз олқы, мамандық инженериямыз-солпы болған соң сүйтеміз. Уақытшаға
мәз боламыз.
        Бұл мына
Санжар-екеңнің қашанғы айтып жүрген әлеулайы.  
        Астанада ай
сайын бас қосатын сәулетшілік кеңесте қала әкімінің орынбасарымен көк езу
болғанша айтысты. «Үлкен құрылыс құрастыру - қазақы киіз үй тігу емес, ертеңгі
күні астымыздан су шықса - тып қойып көшіп жөнелетін», - дейді бұл көкең.
Орнықтылап, терең түкпірлеп негіздеп салайық ғасыр ғимаратын, ғасыр құрылысын
дейді. Қала әкімі содан қырына алды бұл көкеңді. «Әй, мына әсіре білгішің кім? -
дейді көзі аларып маңындағы орынбасарына, бас сәулетшісін, атарманын,
шабарманын қырып жібере жаздап, - қайсың тапқан қақсауығың!.. Қақсата бермей,
тиыңдар, тиылыңдар!.. Үкімет пәлен құрылысқа деген қаржыны өлшеп-пішіп «осы
мерзімге игеріңдер», «мына тоқсанға есеп беріңдер» деп босатады, сонда «қада
терең қағылмады, сапалы цемент табылмады» деп қырға қарап мөңіреп отыруым керек
пе мынадай қияли кісіні тыңдап!.. Жоқ, болмайды, мырзалар! Мөңіресек те қырға
қарап, Ақ Ордаға қарап мөңірейік!..»
        Құдай басқа салмасын, сол - сол-ақ екен,
әкімнің маңайында үйіліп отырған алыпкел, шауыпкел, атарман, аларман, шабарман
шіркіндер мына отырған сәулетші Санжарды түтіп ала жөнеледі... тегі осы жерде төндіріп
айтып отырған орнықтылығыңа, биосфера заңына түкірмейміз деседі!.. бізде «тез
салыңдар!.. жылдам бітіріңдер!» деген өз заңымыз бар. Құрылысымыз күні ертең
қирап қалмайды. Рас, аздап цементі кем құйылып... раствор сіңірілмей сызат
түскен тұстар кездеседі... рас, свай қада он метрге әзер сіңеді... сол да
жетеді!.. «Көр де тұрыңыз, Әкім мырза, жыл аяғында жиырма миллион шаршы метрдің
межесін аламыз, Ақ Орданың назарына ілігеміз!..» дейді.
        - Е, бәсе, жөн сөз осы ғой! - деп Астана
әкімі кәдуілгідей желпінеді. Әкім желпінді дегенше - жер сілкінгені дей беріңіз.
Орынбасарлар желпінеді; иықтан тау сыпырғандай жеңілдейді; сол екі арада
мырсылдасады, күліседі, бас шұлғысады, бір-бірінің қолын қысып құнжыңдасады.
        Басқа пәле
тілден деген рас білем. Сол сәулетшілік Кеңесте үндемей мөлиіп отыра берсе ғой
қырсық айналдырмас еді. Сол Кеңестегі бір ауыз сөзіне бола мына Санжар-екеңді
қырсық маңайлады. Бәле-жала маңайын шырмап алды. Қала ортасынан, кірпіш үйден
төрт бөлмелі пәтер бұйырғалы тұрған, ары кетсе - екі-үш айда. Біреулер
көлденеңдеді ме, әлде қала әкімі бірдеме деді ме, пәтер мәселесі жыл аяғына
дейін шешілмеді, шырма-шату қиын түйіні көбейді. Ақырында келер жылдың ақпан
айында қаланың қиыр шетінен, ит өлген жерден әрең дегенде үш бөлмелік пәтер
тиді. Онда да бірінші қабаттан, бұрыштан. Қызметі бір саты төмендеді. Саушылығы
кеміді. Тақауда ғана Президент әкімшілігіне қарайтын ауруханаға жатып, ем-дом
алып, босаған шегесін, бұрандасы кеткен тетігін түгендеп дегендей, әупірімдеп
жұрт қатарына қосылды. Сондағы емдеуші дәрігері айтқан сөз әлі күнге құлағында
қалыпты.
        «Енді сәл
жүргеніңізде билорубиніңіз аспандап, сояңыз жүзге жетіп пашпыртыңыз бітуге
айналыпты, құдай сақтады қайта! Көретін жарығыңыз бар екен».
        Көретін жарығы
айдап жер түбіндегі өкірген мұхит жағасында жап-жасыл болып жатқан Филиппин
елін көремін деген, қаланың Бас сәлетшісі-банан-келіншекпен жүздесем деген
кімнің ойында бар.
        Банан-келіншек
ресми түстікке шақырды. Балықтан жасаған жүз қаралы тағамнан үстел үсті
қайысады. Шанышқысын тіктеп шаншып еш іліктіре алмай састы. Бас сәулетші келіншек
тым-тым тақап кеп, шанышқысын лып ұстап тағам жеуді үйретті. Шаншымайды,
астынан көтеріп әдіс қылады екен. Арағы Астананың арағындай ащы емес, үгітіліп,
таңдайға тепкен ащыған көже секілді бірдеме. Лезде басына шапшып шықты, тілі
күрмелді.
        аяғы құрғыр
күрмелмей тұрғанда...
        азынаған аш
қарынды жұбату қайда...
        қонақ үйге
жетіп жығылайын, мәшине бар ма?..
        Төбесі
аспанмен тілдесіп бұлт емген, іргесінде көкала мұхит өкірген зәулім биік қонақ
үйде, екі мыңыншы бөлмеде... түске дейін ұйықтапты. Ұзақ жолда ұшақпен ұшу бар,
құмырсқа илеуіндей құжынаған көптің арасынан жол тауып қонақ үйге жету бар,
елмен танысу, банан-келіншекке тым-тым тақап тізелесіп отырып көже секілді
Филиппин арағын сіміру бар... сілесі қатып, өлесі боп қатып қапты...
        Сәске түс деп
шамалағаны таң алакеуімгі мезгіл екен. Күн жарықтық көкала толқыннан енді-енді
ажырап алқызыл нұын терезеге шашуша шашты. Жаны кемелденіп көкірегі жұпар ауаға
толы.
        Төсегінен
тұрып, киіне бастағаны сол жер астынан өніп шыққандай мөлдіреген бәденді бикеш
шыға келіп бөлмесінде билей бастады-ай.
        Қашан келіп,
қашан үйренісе бастағанын бір құдай біледі. Әлгі неме түлкінің баласындай боп
ыржиып күледі. Я бәденді бикештің қойнынан жаңа әлгіде өзі шыққанын, я  өз қойнынан бәденді бикештің шыққанын біле
алмай басы дал. Ойлай-ойлай ой түбіне жете алсыншы.
        Осындай да
керемет болады екен-ау! Мына томпайған сүйкімді бикеш жаңа әлгіде, таң алдында
келді ме, әлде түні бойы төсегіне лып еніп бүйірін жылытып, сылап-сипап
қайдағыны есіне түсірді ме... бұл арасын Санжар-екең еш айыра алмайды. Сауалына
жауап таппай осы күнге дейін басы дал боп қатулы.
Биікке шығу
түйін
      Дөңгеленген
дүниеде ауыс-түйіс бола береді. Кешегі әкім кетіп, Астанаға Иман есімді жаңа
әкім келіпті деп ел-жұрт біраз гуілдесті. Гуіл жүріп-жүріп басылды. Санжардың
кейінгі кезде теледидар көруге, газет қарауға, тіпті жұмыстан соң таза ауа
жұтып, аздап сейілдеуге мұршасы болмай, мұрнынан су жетпей, сіңіріне ілініп
жүрген. Түні бойы компьютерге үңіліп нобай-нұсқаны сызамын деп шаршайды.
Жүрсе-тұрса, қойны-қонышы, қолтығы түгел қағаз. Мұның үстіне бас айналғандай
мемлекеттік тапсырыс - үлкен жобаға ден қойып кіріскелі - жан шақырып
демалғанды, әкесінің атын ұмытқандай халде еді. Қалаға жаңа әкім қызмет
ауыстырып келгенін жұрттың ең соңынан естіп-білді. 
        Өстіп
жүргенде, ойламаған жерден үлкен кісі - Астананың мэрі қабылдайтын болды.
        Қабылдауын
өтінемін деп үзілдіріп хат соңынан хат жазған емес; мына өмірдің өзіндей
қым-қуыт жойқын мегаполистке билігін жүргізіп, жоғарыға, Президентке дейін
сөзін өткізіп, санаса - шаш жетпейтін шаруаны дөңгелетіп тындырып отырған қала
әкімінің алдына кіріп шығудың өзі тау қопарғандай үлкен шаруа. Қашаннан
«алдында болсам-ау» деп жүрген алыстағы нысанасы еді. Қала мэрі Иман - зиялылар
бас құраған алып қаладағы көп сәулетшінің бірі, бірер сызба нобай-нұсқасы тендерден
өтіп, құрылыс құруға пұрсат алған бозбала Санжарды «қабылдайыншы» дегенде - уақытының
көптігінен, я болмаса себептен-себеп туғызып ақпарат көздеріне түсейінші деген
ойдан аулақ еді.
        Бұл екеуін
ұшырасуға итермелеген себеп болды.
        Дүниеде
себептен салдар туады деген қағида бар. Себеп-салдарды айналып өтіп, құдіреті
күшті Бас Ие бұларға аян берді, я ғайыптан бір-бірінің түсіне енді, я «өзім»
деген пенделердің ебін тауып жолын қиылыстырды деп - қисындап неғыламыз.
        Оқиға былай
болды.
        Санжар
сәулетші нобай-нұсқасын сызып, жаңадан қабырға көтеріп жатқан қаладағы кешенді
ғимараттың бірі - Оралмандар үйінің - айналасы жұмыр дөңгеленген қазақтың киіз
үйіне келетін құрылыс түбіне келіп жаңадан тағайындалған қала мэрі сүзіліп кеп
ұзақ қараған. Көктемнің салқын желі қойны-қонышына сумаңдай еніп бүрістіріп
тоңазыта түседі. Маңайында көлеңкеше ілескен көмекші, аларман, шабарман,
орынбасарлар жан таптырмай тықырши түседі. «Пәленше-еке! Алдымызда мұнан да
мазмұнды ғимарат бар, соны көрелік», - деп әкімді тезірек алып кеткісі келеді.
Жел кеулеген жеңіл плащтарын қаусырып әлектенеді. Әйтсе де Иман әкім алып
құрылыстың іргесіне қағып қойған қазыққа ұқсап еш тапжылар емес. Зау биіктегі,
жұмыр каркас, шалқайып құрылған ұстын-тіреуішке, сол тіреуіштің басындағы
шаңыраққа ұқсайтын дөңгелек шатырға үңіліп тұра берді. Ұзақ көз салды. Алысқа,
қалықтап кеткен қиялын бірауқымда қайыра жинап алған кісіге ұқсап сілкінді.
        - Мына
ғимараттың сәулетшісін жолықтырыңдар! - деді.
        Осыны айтты да
жеңіл жүйрігіне отырып, өзге кешенді құрылысқа ат басын бұрмай, жедел әкімдік
кеңсесіне жөнелді. Маңындағы көлеңкелер бас изесіп, бірін-бірі мегзеумен, ыммен
түсінісіп, айтып-болмас алай-түлей кепке енді.
        «- Ау,
қапелімде қияли сәулетшіні қайдан табамыз?..»
        «- Бұл нысанды
қаланың Бас сәулетшісі сызған деп сұхбат беріп жүрсем, қателесіппін, теріс
кетіппін, бұл жобаның авторы әне бір шіби қоразға ұқсаған, қыңырайған қисық,
жұмысқа әзер орналасқан Санжар есімді әпенді деңіз!..»
        «- О, құданың
құдіреті, ол неме басы қисайып Малайзияға, Сингапурға жер ауып, жоғалып кетті
емес пе?..»
        «- Баяғы
хай-тек королі Норман Фостерді жөнсіз ренжітіп еді, енді төбемізден тақ орнатып
әлпештеген әкім мырзаға аузына келгенін оттайды ол пәле!..»
        «- Осы тұрған
бәрімізді «халтурщик» деп, жіпке тізіп, іске алғысыз қып жамандайтынына жаным
куә!..»
        «- Қайда
қашсақ та құтылмадық сол қызыл көз пәледен!..»
        Бұл әншейін
айтылып жатқан қаңқу сөз.
        Қаңқу сөзге
қала әкімінің баяғыдан жаны қас.
        Әлгі
шабармандар Санжар бозбаланы жатақханадан тауып, ұйқысынан оятып, төсегінен
тұрғызып, жуындырып-киіндіріп қала әкімдігіне әкелеміз дегенше сағат тілі түнгі
жиырма бірді ұрды. Қала дел-сал ұйқыға шомып, көшеде кісі аяғы сиреген кез.
Иман әкім ат шаптырым келетін кең бөлмесінде қағаз жазып отырған. Есік жапсары
сықыр етіп ашылып, көмекшінің басы көрінді. Көмекшісі күбір етіп тіл қатты.
        - Әкелдік, -
деді.
        Алғашында
қалың ойда отырған әкім түсінбей қалды.
        - Нені?
        - Әлгі...
Санжар есімді... сәулетшіні...
        - Кіргізіңдер
әкелсеңдер!
        Жұпыны
киінген, үстінде екі иығы қоқырайған көнетоз қара костюм, аяғында ақшыл, лақа
бас туфли, галстугінің түйіні жұдырықтай үлкен, орта бойлы, қазан бас, арықтұра
жігіт епетейсіз жымиып еніп келе жатты.
        Әкім орнынан
қалай ытырылып тұрып кеткенін өзі де сезбей қалды. Бөлменің қақ ортасына жетіп
кеп, қол алысып амандасты. Қол алысқан кезде байқады - сәулетшінің саусақ
түбінен сүйел сезілді, сүйелі алақанына батты. «Төрге шығыңыз!» - деп, жұмыс
үстелінен мүлде бөлек, бұрышқа таман қойылған қос креслоға кеп, тізе бүгіп,
қарсыласып жайғасты. Қала әкімі мен сәулетші бір-бірінің жүзіне тіктеле көз
салып, біразырақ тосылып, тыныс алғандай үнсіз отырды. Біраздасын барып
сәулетші әкімге қолын ұсынып: «Танысып қоялық!» - деді, дауысы әрі нық, әрі
жұмсақ естілді. Мұндай жұмсақ үнді алғаш естуі ме, әкім жүзіне шуақ үйіріп,
жымиған күйі жүзіне қадалып қарап қалыпты.
        Шай жабдығын
салған күміс подносты көтерген хатшы қыз лып енді. Алдарына сүт қатқан қою
шайды жылжытып: «Алыңыздар!» - деп, сыпайы ғана мезірет жасады.
        Әкім сәулетші
бозбаланың жүзіне осылай қадалып көз тоқтатып ұзақ қарады. Бейне мазмұны бай
классикалық кітап бетін парақтап оқып отырғанға ұқсады. Жан әлеміне
айтып-болмас шуақ нұры құйылғанын аңғарды. Өз-өзінен жаны байып, кемелдене
бастағанын арғы бір түйсігімен сезді.
        - Астана
туралы толық кітап бастадым, - деді Иман әкім бұрын-соңды жан баласына айтпаған
сырдың ұштығын шығарып. Санжар сәулетші әкімнің ойын емеурінінен оқыды, басын
изеді.
        - Әрине, мен
кітап графигі емеспін, - деді баяғы өзге бір жырақ дүниеден үн қатқан дегдар
кісіге ұқсап, - әйтсе де әлгі кітапты безендіре аламын деп ойлаймын...
Сервантестің «Дон Кихотын» қылқалам арқылы байыта түскен, адамгершілік
мұраттарын ғасырдан ғасырға жеткізген Гюстав Доре; Джойстың «Уллисін» Матисс
безендірмеген жағдайда - дүниеге Матисс әйгіленбес еді; Оскар Уаильдтың
«Өсиетінің» мәңгілік өмір сүруіне заявка жасаған Обри Бердслей қылқаламының
құдіреті; Абайдың академиялық қос томдығын жауһардай жарқыратқан Исатай Исабаев
дарыны екенін түсінемін! Өзім де әлгі аты аталған дүлей дарын иелерінен кем
түспеймін. Жалғыз айыбым, тағдырымның жазмыш формуласы қиын жазылғаны
болмаса... әкім мырза!
          Сәулетші
бозбала осыны айтып біртүрлі иығы пәсейіп, бәйгеден келген тұлпарға ұқсап, жаны
жүдегендей кепке еніп, сұлық түсіп отырып қалды. Әлгі сөзден, мына момақан
көріністен Иман әкімнің жан әлемін айтып болмас адамгершілік аурасы жайлады.
Қан тамыры меймілдей лүпілдеді.
        Осынау қарсы
алдындағы көркем ойлы өнерлі жігітпен іштей туыс қылған табиғат Тәңіріне
тәубалай алғысын айтты. Абай ақынның өлең жолдары ойда жоқта тіліне орала
кеткені.
            - Арқамды
жүктен босатқан, қарағым; Аузымды сөзден босатқан, қарағым; Алдымды кісіден
босатқан, қарағым... Сені дүниеге әкелген ата-анаңнан айналдым!.. Енді, міне,
рухани туыс боп шықтық! - деп Иман әкім тасып қуанғанын жасыра алмай
қозғалақтап түрегеліп кетті. Кең бөлмені адымдап кезіп жөнелді. Бірауқымда
барып шалт бұрылып сәулетші бозбалаға қолын ұсынды.
            - Қайыр
хош, бауырым! Қай мезгілде де өзіңе есігім ашық. Күндіз болсын, түнде болсын
именбей телефон шалуыңа рұхсат. Жүрегімнің төріндесің!
            Алдына жан
баласы именіп енетін осынау жұлдызы жоғары туған, мәртебелі лауазымның ең биік
сатысында отырған әкімнің «бауырым» деген сөзі ұнады, жан әлеміне жұпар ауа
сіңгендей әсер етті. Қапелімде не дерін білмей сасып қалған Санжар - әкімнің
қолына құнжыңдай жармасты.
        - Сау болып тұрыңыз!
         Құданың
құдіреті дейміз ғой!
        Әңгіменің түп
төркіні астана әкімінің Сарыарқа төсіне орнап жатқан ақшаңқан алып қала туралы
толық кітап жазамын дегенінде емес, я болмаса жас сәулетшінің қазақтың киіз
үйіне ұқсатып Оралмандар сарайының нобай-нұсқасын көркемдеп сызып шыққанында да
болмас... Кітап та жазылар... көрікті ғимарат та салынар... Екі жақсы
қосылмайды деген сөз бар. Жаратқан Иенің назары түскен сирек дарын иелерінің
бір-бірімен жолы қиылыспайды дейді білетіндер. Егер сәті түсіп қиылыса қалса -
дүниелік шедеврлер туады дейді. Сәуегейлер, дегдар, білімділер бір нәрсені
біліп айтады: жамандық жақсылыққа қарар салқын. Ал жақсылық - жүрегінің нұры
бар адамдарды жағалайды. Мына әкімдік кеңсесінен ширақ басып шығып бара жатқан
сәулетші, ана зәулім үйдің екінші қабатында, кең бөлмеде, шам түбінде қағазға
үңіліп ой теңізінде малтып жүзген мазасыз әкім әлгіде ғана  бірін-бірі жүрекпен ұғып, бір-біріне жақсылық
жасауға ұмтылған тарихи максимум кейіпкерлері еді. Заманымыздың бір болғанына
мың мәртебе тәубе дейік!