ВЕРНУТЬСЯ

          Бұл хикаят биліктің шыңына шыққан императордың, я болмаса
Премьердің маңайында толассыз жүріп жатқан сұмдық арпалыс - бірін-бірі
арандату, адамдардың айла-шарғысы туралы. Сол арпалыста амалы асып билік
ирархиясының мұзарт шыңына шыққан я Императордың, я Премьер-Министрдің көзіне
түсіп, қасына тақайтын кезі бар, я керісінше, шыңға өрмелеушінің өліп-талып
жеттім-ау дегенде табаны тайып, арқаны үзіліп, шыңырауға құлап мерт болатын
кезі бар. Сырт көзге соншалық сезілмейтін, аңдап қараған кісіге мұхит тереңін
астан-кестеңін шығарып сол тереңді тесіп шығып жататын тайфун дүлейіне ұқсас
өмір мен өлімнің күнбе-күнгі беттесуі бұл.
            Ендеше
хикаятқа құлақ түріңіз.
1
            Әдебиеттің
күре тамыры - аллегория, қай-қай шындыққа салыстыру арқылы көз жеткіземіз.
            Осы
тақырыпқа білек сыбанып кіріспес бұрын аспан тәңірісіндей көрінген, үнемі басын
бұлт бүркеп тұратын, Қазақстанның ең биік нүктесі - Хантәңірі шыңына аяқ
іліктірген кісіні іздеп шарқ ұрдым. Альпинистер 
туралы біраз кітап оқыдым, сұрау салдым. Шыңға өрмелеушілер ортасында
болдым. Үнемі бұлт сүтін еміп, төмендегі пенделерге бауыры жібімейтін алып
шыңға барысша ытырылып шыққан тәуекелшіл кісімен ауызба-ауыз тілдесуді жөн
көрдім.
            Мақсатым -
шың басына шыққан кездегі альпинистің көңіл-күйін өз аузынан естісем-ау, жүрек
дірілін дөп басып суреттесем-ау деп көп іздедім, ақыры таптым.
            Нарынқол
селосының шағын ауруханасында белінен шойырылып жатыр екен. Хантәңірі шыңына
осыдан үш жыл бұрын аяқ іліктіріпті. Белінің шойрылмасы осы тақауда, мал
жайғап, ат суарып жүргенде ұстапты. Аурухана дәрігері алғашында өзімді облыстан
келген үлкен бастық деп жорыды ма, бөлмесін іштен кілттеп алып, құлағыма
сыбырлай сөйлеп, ауру тарихы жазылған қалың құжатты алдыма жайып салды. Өзге де
анықтамалық, диаграмма, сызба, рентген қатырмаларын алдыма әкеліп үйді.
- Қолдан келгенін аянып жатқанымыз жоқ, басеке!
- Бір-екі ауыз тілдесуге бола ма өзімен.
- Әзірге мына том-том тарихпен танысып алыңыз, ауруханаға
көктем жылымығында бір түскен, «шырағым, шағын ауруханада заман талабына сай
зерттейтін, анықтайтын аппарат жоқ, бәрі облыста, облыстық ауруханаға барыңыз»,
- деп жөн сөзімізді айтып жолдама бергенбіз. Алматыға барып облыстық ауруханада
жатып шықты. «Құрақ ұшып аяғыма мініп шықтым» деп келген. Енді міне, маусымның
аяғында тағы шойырылып үйінен аттап баса алмай қалыпты. Аянып жатқанымыз жоқ,
басеке.
- Өзімен тілдесіп шығайыншы.
 
- Денесінің сау тамтығы жоқ. Жасырып неғылам, келешегі сал
болып қалуы кәміл.
            «Енді
бір-екі ауыз тілдесіп шығайыншы, ешқандай бастық, я тексеруші шенеунік емеспін,
жай ғана жазушымын», - деп мән-жайымды мағлұм қылып, бас дәрігердің ішкі үрейін
әзер басып... Соның сілтеуімен түкпірдегі палатаға бас сұққам. Маңдайын,
көзінің айналасын аямай әжім сызған, көз оты терең ұңғысына шөгіп, сөнуге
қалған шоқ секілді, сырықтай ұзын жігіт жатты алдымда. Жайдақ керуеті рабайсыз
ұзын көрінді. Соның өзінде керуеттен сирағы шығып жатыр. Иегін әнтек көтеріп
сәлем мезіретін жасады. Соңымнан ілесе енген медбике тізе бүгуге орындық әкеліп
қойды. «Ағасы қалайсыз?! Қиналмаңыз, осылай жата беріңіз!» - деп жамылғыдан
аппақ болып шығып жатқан қолын қысып, сәлемдесіп, жайдақ орындыққа құйрық
бастым. Альпинист суық қана жымиып күлді, күлкінің осыншалық жылусыз, ықылассыз
шығатынын алғаш сезінуім.
            - «Ағасы»
дейсің мені. Өзіңнен он жас кіші шығармын. Өмірбаяныңызды кітабыңыздан оқып
алғам әлдеқашан. Бұл - ауылда өзім оқыған кітап қалмады, - деп әлсіз жымиды, -
оқасы жоқ, жас айырмашылығы оншалық қашық емес, әлгіде сіз келді деп медбике
айтып шыққан. Соңғы шығармаңызды естігенім болмаса қолға түсіре алмай жүрмін.
Президент туралы деді ме. Биік тақырыпқа барған екенсіз, мына пенде ұзақ
өмірінде бір мәрте болса да биікке шығуы керек қой! 
            Сөзін үзіп,
қылғына жөтеліп, медбикені шақыртты, «жастығымды биіктетші», - деп өтініш
жасады. Жастығын биіктетіп, белдің үстіне шыққандай арқаланып алған соң ыңырсып
жатып тілге келді.
            - Жазайын
деп жүрмісің өзімді. Хантәңірінің басына аяқ іліктірген кезде газеттер көп
жазды ғой бұрқыратып. Тегі «Известия» газетінің журналисі шың басында аяғы
тайып, арқанға ілініп, сағат бойы салақтап тұрыпты деп қиыстырды. Ондай оқиға
болған жоқ қой менде. Рас, басыммен жартасқа соғылып есеңгіредім, әйтсе де
аяғым тайған емес.
            - Мен сізді
жазу үшін келгенім жоқ, - деп шынымды айттым. - Шың басына шыққан кездегі көңіл
күйіңізді сұрап білсем деп едім.
            - Сол-ақ
па? - деді альпинист күрт мұңайып, - Астанадан Алматыға дейін мың екі жүз
шақырым, Алматыдан Нарынқолға дейін төрт жүз шақырым. Жер түбінен сол бір ауыз
сөз үшін арып-ашып келіп тұрсыз ба?
            - Ия,
солай, бауырым, маған керегі адам аяғы бұрын-соңды баспаған мұзарт шыңға, бұлт
үстіне шыққан кездегі көңіл-күйіңіз, сезім ұшқыны еді. Бір ауыз сөзбен соны
айтып берсеңіз жетеді.
            Альпинист
әжім торлаған жанарын аспалы шамға тігіп ұзақ жатып қалды, әлгідегі сөзшеңдігі
саппа тиылып, буырқанып, долданып, жолын жайпап келе жатқан нөсер дауылының
алдынан жартас көлденеңдегендей, алқын-жұлқын дөңбекшіген көңілі сап-сап
басылып қалғанын сезіп отырмын. Шынымды айтпай-ақ, іші пысып жатқан жігітті
сөйлете бергенім жөн бе еді, кім біледі. Дәрігердің бөлмесінде қалдырып кеткен
дипломатымды алғызып, аузын сырт ашып, сары майдай сақтап жүрген Президент
туралы кітабымның жалғыз данасын суырып, жалма-жан қолтаңба қойып бердім. Ойда
жоқта қалың кітапқа ие боп шыға келген шойрылмасы ұстап жатқан сырықтай жігіт
кәдімгідей насаттанды.
            - Әйеліме
көрсетіп мақтанатын болдым, - деді, - шойрылмам ұстағалы төркініне жиі кететін
ауру жамады, көрсін, білсін, қандай жігітпен бас қосып жүргенін!.. Сонымен мың
жарым шақырымдай жол жүріп келгендегі шаруаң - шың басына шыққан кездегі жүрек
толғанысым ба, - деп айтқалы оқталған сауалымды өзі қайталады.
            Басымды  изедім.
            Альпинист
жігіт құс жастыққа шалқалаған күйі көзін жұмып, маңдай әжімі тереңдеп ұзақ
жатты. Санасына осыдан үш жыл бұрын басынан өткен бұлтша түйдектелген жілікті
оқиғалар кептеліп, елеске, сағымға ұласып: «мені айт!.. мені айт!..» - деп
тізіле қалғанын, қорғасындай зіл батпан естеліктің ойды сілкіп, бойды жылытар
мезетін іздеп шаршап, шалдығып жатқанын сездім де, ауру жігітті қинап қайтем
дедім.
- Жалғыз ауыз сөзбен айтсаңыз жетеді.
- Ләббай тақсыр, иә, иә, қазір-қазір! Шың басына шығуға
қалай әзірлендім, қандай сүрлеуді таңдадым, ауа райы көмектесті ме, әлде
опасыздық жасады ма, қай жартасқа қандай мық шеге сіңірдім... бәрін-бәрін тізе
берсе бір том кітап шығар еді. Ия, ия, қазір-қазір... Тілімнің ұшына келді. Шың
басына өлдім-талдым деп аяқ іліктірген кездегі көкірекке ұялаған сезім: ұлы
тәкаппарлық еді. Құранда тәкаппар болуды күнәға жазады дейді. Ал менің
көкірегіме құйылған күш: айтып-болмас ұлы тәкаппарлық болды. Сосын соншама
биікке шыққан кездегі көкірегімді жаулаған сезім: үрей болды. Ия, деп солай...
тіл жеткісіз, айтуға оңай, басқа түссе аса қиын - үрей сезімі меңдеді. Ажал
аузында тұрғандай тұңғиық терең қиын үрей сезімі жүрегіңнен еш жуылмайды,
жігітім.
            Мына сөзді
ести сала орнымнан көтеріліп, альпинист 
жігіттің салалы саусағын уыстай үнсіз қысып, дипломатымды лып көтеріп,
қайыр-қош айтысып келген ізіммен шығып жөнелдім. Сол кеште жеңіл мәшинемен
Алматыға асығыс оралып, түн ортасына таман Астанаға ұшатын ұшаққа іліктім. Алып
ұшақ жер тартылысын жеңе алмай тұла денесімен сұмдық солқылдап, ұзын тас жолмен
жұлдызша сорғыған мезетте отырғыш арқалығына басымды қойып, көзімді жұмдым,
күндізгі тілдескен альпинист жігіттің екі сөзі санама желімше жабысып еш
жуылмай қойғаны.
            «Шың басына
шыққан адамды ең әуелі ұлы тәкаппарлық сезім билейді (тәкаппарлық емес, ұлы
тәкаппарлық)».
            «Сосынғы
шың басына шыққан кісіні айтып-болмас үрей меңдейді».
            Менің
көркемделген кейіпкерім Шұғайып биліктің шыңына шығып, кешегі тақ етегінде ақ
патшаның етегін басып отыратын уәзір кеңесшісіндей, бүгінгі Премьердің
кеңесшісі - Шұғайып осыдан екі ай бұрын ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс,
жүрегін уайымсыз ұлы тәкаппарлық жаулап алған болатын. Бүгін тіл жеткісіз үрей
сезімі меңдеді. Неге бұлай?
2
Астананың
биылғы қысының беті жаман. Әуелі қаңтар айының ортасына дейін қыламытып қана
қар жауып, күн құлақтанып батып, бет шымшыған аязға еті үйрене бастаған жұрт
ібір-сібір жақтан қасапшының пышағындай жалаңдап, «уһ» деп үскірік атып
албастыдай басқан қырық градустің үстіндегі ақыр қарағай көк мұзға апшысы
қуырылды. Қаланың жылу беретін қазандығы жарылды, ескі көшелердегі жер асты
құбырлары мұз қысып істен шықты, зәулім үйлер жылусыз қалып төтенше жағдайлар
агенттігінің жігіттері күніге алашапқын. Тұрғындардың еңсесі пәс, мектеп,
балабақша, біраз мекемелер жабылып, мына жұрт бір-біріне ұшыраса кетсе: «Пәлен
жерде поезд рельстен шығып кетіпті», «ау, ауа райын болжаушылар отызды атаса
аузы қисайып қалар ма еді!..» деп жерге қарап түңілушілер көбейді. Көшеге шықса
сары аяз сақылдап аш қасқырша талайды. Үйіне келсе келіншегі Уәсила қанын ішіне
тартып сұрланып қарсы алады. Жұмыстан түнгі сағат онға ауғанда шаршап, талығып
жеткен Шұғайып шыдамай кетті.
            - Уәсила,
қабағыңды қыстың қабағындай жылытпай отырғаныңа жөн болсын?
            - Премьер
кеңсесінде істегелі отбасына қарауды қойдың, бар ауыртпалықты мойныма артып,
ерте кетесің, кеш келесің, тіпті жексенбі, сенбіде үйде тұрмайтын болдың,
арамыз суып бара жатқан секілді.
            - Мына
сақырлаған сары аязға жаурамай, Қызыл теңізге шомылып қайтыңдар кішкентай
Әселмен дедім, көнбедің. Сән ательесіне шетелдік бұлғын терісінің тоны түсіпті,
алып берейін, сөйтіп көңіліңді  өсіріп
айды аспанға шығарайын дедім. «Қыздарымыз әлі жас, жетілген жоқ, тістелеп
жинағанды текке жұмсамайық» деп тағы көнбедің. Енді өл дейсің бе өзіме!.. Онсыз
да аппараттың жұмысы бастан асып жатқанда, - деп Шұғайып қапаланып, өз-өзінен
тығылып, алдына қойған шайды ысырып жіберіп, аштан-аш үстелден тұрып кетуге
айналды. Уәсиланың жанары боталап, жылап жібере жаздады. Жұбайының әлгі салқын
сөзі, мына оқыс қылығы кеудесіне қатты нұқығандай жайсыз әсер етті.
            - Отыршы,
жаным!.. Шайыңды ішші дұрыстап!.. - деді үні іри сөйлеген Уәсила, - өзің
дегенде жаным қалмайтынын білесің, отымыз өрелі жансын деп басымды бәйгеге
тігумен келемін... неге?.. қалай?.. кейінгі күндерде мінезің күрт өзгергеннің
жөнін айтшы, жаным!..
            Зайыбының
діріл аралас дауысы Шұғайыптың жүрегіне жетті. Сырттағы боран қасқырша ұлып
есік, терезені тістелеп ашудың әрекетінде жүргендей сезіледі. Қыстың үскірік
аязы ішке еніп кеткендей ме, қалай, келіншегінің адам аярлық түрін көріп
Шұғайып шыдамады. Амал жоқ, шешілуге тура келді. Дәті қатты болса да иі жұмсақ
өнер адамы емес пе, ашулануы аяқ астынан болса-дағы қайтуы жылдам. Әлгідегі
өкпе, наласы жүрегінен жуылғандай қалып танытты, қабағын ашты.
            -
Айтайын... өзіңнен жасырып неғыламын... - деп Шұғайып біразырақ ойланып отырып
қалды. Әлден уақытта булыққан қазанның қақпағын алғандай қалып танытты. - Айдың
басында Әлемдік және дәстүрлі-ұлттық діндер басшыларының кезекті құрылтайы
өткенін білесің, Премьердің сөйлейтін сөзін әзірлеу өзіме жүктелген, жаздым...
апардым... Премьер көрер көзге ұнатпады. «Осы сендер сөз бағып жүрсіңдер ме,
әлде саясат бағып жүрсіңдер ме» деп қолжазбаны қатты сілкіп қайырып берді.
Үшінші жазғанымды барып әзер қабылдады. Неге ондай салқын мінез танытқанын еш
түсінбеймін. Содан бері сөзім - сөз емес, ісім - іс болмай барады.
            Мына әңгіме
келіншегі Уәсилаға еш ұнамады. Ақылды, сезімтал зайыбы жүзін төмен салып
отырды-отырды да терең күрсініп, тұрып кетті. Ішкі бөлмеден жылы түбіт шәлі
әкеліп жұбайының иығына жапты.
            - Әлгі
жазғаныңды үлкен кісі қайтарып берген кезде қасыңда біреу-міреу болып па еді? -
деп сұрады.
            Шыны ыдысты
оқыста қолдан түсіріп алмайын деген кісіше жұмсақ, биязы үнмен сауалын және
қайталады. Онсыз да жүнжіп жабағы тышып отырған жұбайының жүйкесін жұқарта
бермейінші деп жұқалап айтты, жайын ойлады.
            - Қасымда
Протокол хатшысы тұрған, байқаймын, оның аңдығаны басқан ізім. Әлгі тілдесу
кезінде Протокол хатшысының миығынан опасыздау жымиысты сездім.
            Уәсила мына
сөзден бозарып сала берді. Бәйек қағып аяғына шарқай тосты. «Шайға келіңіз»,
-деп қол жуатын бөлменің есігін ашып, құбырдан жылы су ағызып қойды. Беті-қолын
шайып еңсесін жазғанша ту сыртында елпектеп күтіп тұрып, сүртінуге түкті орамал
ұсынды. Отағасын ас үйге өткізіп, төріне шығарып, алдына қаймақ қатқан иісі
бұрқыраған қою шай ұсынды.
            - Әлгідегі
әзіл-шыны аралас еркелігімді кешір, жаным. Қадіріңді түсінемін ғой. Осы күнге
оңай жеттік пе. Алматының бір баспасында қатегер болып істеп жүрген жерімнен
табыстық, көңіл қостық, іншалла жаман болған жоқпыз. Басымыз қосылғалы тек қана
биіктеумен келеміз. Бүлдіршіндей үш қызымыз жетіліп келеді, алтын асықтай
болып. 2001 жылы есіңде ме, Астанаға орналаса берейін деп әуелі өзім кетіп, сен
балалармен Алматыда қалдың. Сонда бақталас, бәсекелес кісілердің аузынан:
«Бұрын ері мойнына кетіп жүретін Шұғайып енді ешкімге бой бермейді, оны
сүріндіру үшін ғана ана Уәсиламен екеуінің арасына ала мысық жүгіртіп, ажыратып
жіберу керек», - деген сөзді есітіп саған бұрынғыдан да адал, қайырымды, жолыңа
басымды тігіп жүретін жар болайыншы деп іштей бекіндім. Аман болсақ әлі талай
қиындықты жеңеміз.
            Мына сөзді
естіген Шұғайыптың терісі кеңіп, қабағы жылыды. Ыстық шайды сораптай ұрттап
зайыбына нұрлана жымиды.
            -
Альпинистке ұқсап басыңды қатерге тігіп мұзарт шың басына өрмелей бер
демекпісің. Қашан сүйегім қирап қалғанша. Жай жатып, жайбарақат жүру өзіме
бұйырмайтын шығар, тағдырдың маған жазғаны Сизиф секілді өліп-өшіп өрге тас
домалату болар.
            - Қойшы,
олай демеші! Қит етсе осылай апатияға түсіп мұңая қалатының бар. Өмірдің өзі
күнделікті алыс-жұлыс күресімен қызық емес пе!
            -
Премьердің маңайы көзіме Хантәңірі шыңының құс қанаты талып жете алмас ұшар
басы болып елестейді, әлгі шыңнан аяғы тайып құлаған кісінің сүйегін таба
алмайсың. Биікке жеттік екен, біраз уақыт дүлей желді шың үстінен ұшып
кетпеудің қамын ойлайсың.
            Уәсиланың
жұқа қабағы тас түскен көлшік бетіндей шеңберлене қалды. Көп нәрсені қабағымен
танытады. Зайыбының елпектеген мінезіне тәнті.
            -
Премьердің қабағы жылымады деп қосүрей болатын не жөнің бар енді. Түсінер,
қадіріңе жетер, қадіріңе жетіп шақырды ғой осы орынға.
            Шұғайып
әңгімені әрі қарай соза түскісі келмей, кесе бетін алақанымен жапты да үстелден
түрегелді. Қыздарын сұрады. «Өзің білесің, үлкені Алматыда, академия бітіріп
сонда жұмысқа қалған, ортаншысы «каникул кезі, әпкеме барып қайтамын» деп
жөппелдеме жолға шықты, бронмен билет алып бергенсің, ана кішкентай кенжетайың
сыныптас құрбыларымен Көкшетауға демалуға кетті... күніге екі-үш сұрайтының-ай
осы жады жұқарған шалдарға ұқсап...» Коттедждің екінші қабатына, жұмыс
бөлмесіне барып жұмсақ диванға қисайған. Шағып ауырған шекесі әлгі қою шайдан
аздап басылған секілді. «Қосүрей болатын не жөнің бар» деді-ау әлгіде әйелі.
Шыныменен, бар гәп, үлкен мәселе - Премьердің көлеңкелі қабағы мен «жазғандарың
түкке алғысыз» деген жалғыз ауыз ескертуінде жатқан жоқ қой; мәселе арнасы тым
тереңде, шыңның арғы қабағында дүлей дауылды ұйтқи көтеріп келе жатқан өзгеше
беті жаман өсек-аяңда жатқан болмасын. Өсек-аяң ғана болса тегі жақсы ғой!
Әлгідегі әйелі, құдай қосқан қосағы уайымдамасын, көзіне жас алмасын деп ішіне
бүгіп қалған, айта алмаған өзге де сыр бар емес пе. Ол сырды аузы батып әйеліне
айта алмай күйіп отыр емес пе. Ой, құдайым-ай деген!
            Мәселе тым
тереңде жатқан секілді ме, жүрегі сығып ауырып жаманшылық сездіре ме, қалай.
 3
Ия, ия,
қалай еді.
            «Осы сендер
сөз бағып жүрсіңдер ме, әлде саясат бағып жүрсіңдер ме» деген Үкімет басшысының
сауалының астарлы зіл мағынасы тым тереңде жатқан. Әдетте теңіз бетіне медуза,
майда шабақ секілді кәкір-шүкірлер жүзеді, ал қауашағына маржан тасын жинаған
үлкенді-кішілі ұлу нәсілі тым тереңге шөгеді, қайсы ұлуда я жарқыраған маржан,
я болмаса бос боркемік тас жатқанын кәнігі сүңгушіден өзге адам ажырата
бермейді. Енді лауазымды кісінің «сендер не бағып жүрсіңдер» деген сөздің түп
астарында не жатқанын түсініп көр, мықты болсаң.
            Бәлкім бір
түсінсе - Протокол хатшысы түсінер. Ол да бір ыза жерді баспайтын, көмулі
жатқан қақпанды қыр астынан сезетін жырынды қу, осы қызметте істегеніне он
жылдан асыпты. Тәуелсіздіктің қиын жылдары Премьердің қысталаң шаруасының
қиын-түйінін шешу кезінде көзіне түскен деседі, содан осы қызметте тастай қатып,
я белбеу кетер, я бел кетер деп кіріскен кәнігі палуандай, қалай шиырып
лақтырып тастасаң да жығылмай, сүрінбей, керісінше жоталанып сірескеннен
сіресіп отыр деседі. Мейлі ғой, өссін, өркенін жайсын, бұл қазаққа болсын
дегеннен бөтен ниеті жоқ. Әйтсе де Үкімет басшысының өзіне қаратып ескерту
жасап жатқан кезде әлгі азаматтың езуіне арам мысқыл үйіргені қалай? Үлкен
кісінің зілді сөзінен гөрі әлгі арам мысқылдың уайымы өзгеше.
            Әңгіменің
басын ашып алғаны жөн. Бұл «өзі де қашқалы тұрған қоян еді, мылтық атқан соң не
оңсын» дегендей майда-шүйде кеп емес-ті. Орыс жазушысы Чеховтың театрда
генералдың желке тұсында отырып оқыстан түшкіріп қап, әлгі генералды ренжітіп
алдым-ау деген уайымнан күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылып, ақырында
жүдеп-жадап жүріп жан тәсілім ететін Пришебеевке бұл көкең өзін еш ұқсата
алмайды. Ұқсата алмайтыны - тағдыры бөлек, Пришебеев басын топыраққа тығып
тіршілік еткен етектегі  көп пенденің
бірі, бұл болса бала жастан жүрек шамы маздап жанған, әрі жазғыш, әрі айтқыш
кәнігі саясаткер, сен тұр, мен айтайын мінезге ие, қатарының алды, заманының
адамы, өз білек күшімен биікке өрмелеп келе жатқан адам.
            Осындайда
еске түседі.
            Осыдан
біраз жыл бұрын әлемдік саясаттың дүлдүл тұлпары, АҚШ-тың әлденеше
Президентімен істес болған, әлденеше Президенттің басын жұтқан Звигнев
Бзежинский атбасын қазақ еліне бұрған, саясаткердің болса - шығар алдыма, ашық
теледидар сайысына түсіп, қалың нөпір көрермендер алдында бір-бірімізге азу
басып, шайнасып көрелік деп Премьердің алдына орамал тастапты.
            Әшейінде
оппозиция - қарсы жақ көрігін басып, қилы-қилы үнқағазға ұзын сұхбатын басқызып
«масаша ызыңдап ұйқы бермейтін білгіштерім қайдасың» деп Премьер маңайына
қарамай ма! «Ау, үн қатсаңдаршы, Бзежинский мырзамен теледидар сайысына түсетін
қайсың барсың?» - деп қатулана сөйлемей ме?! Құлаққа ұрған танадай бәрінің
аузына құм құйыла қалыпты. Бұл не сонда? Мұхиттың арғы жағынан ат арытып жеткен
тірі аруақ секілді саясаткермен сөз саптасатын бір кісі табылмағаны ма?
Әншейінде ауыз жаппайтын жампоздарды жер жұтты ма?» Осыны ойлап, көкірегін
ызаның көк түтіні кернеген Премьер-министр телесайысқа өзі шықпаққа бел буады.
Намысты қолдан бергісі келмейді. Қысқа жіп күрмеуге келмеген қысылтаяң, қыл
өткелден өткендей кезеңде бұл көкең, мына Шұғайып шетелдік шұғыл іссапардан
жаңа оралып, сырт киімін сыпырып, беті-қолын жуып шайға отырғалы жатыр еді,
кездейсоқ телефон соққан үкімет үйіндегі жолдасы - осылай да осылай!..
телесайысқа шығатын кісі табылмай... үлкен кісінің өзі тәуекел еткелі жатыр!..
дегені сол: бұл көкеңнің ұлы дүбірді сезсе делебесі қозатын қашанғы әдеті,
намысы оянып, кеудесі көтерілді. «Өзім шығамын, - деді Шұғайып, - тек
ағылшыншаға аударатын тілмәшің үстінен су төгілмейтін тайпалған жорға болсын!»
Осы сөз жалғаса-жалғаса Премьер-министрге жетеді ғой. «Ол кім өзі жүрек
жұтқан?» - деп сұрапты Премьер. Осылай да осылай... әрі жазушы, әрі
көсемсөзші... біраз кітаптары жарық көрген... университетке жарты ставкадай
дәріс оқып, орталық мұражайда жарты ставкада қор сақтаушысы болып істейді.
Премьер бұл көкеңнің бір кітабын бұрындары оқыған екен, есіне түсіріпті, әйтсе
де «жұмысы неге ылғи жарты ставкадан», - деп сұрапты. Сонда тіл жеткізушілер
айтыпты: «Я жерлесі, я сыбайласы болмаған соң басшылар толық ставканы бір
басына қимайтын көрінеді...»
            «Мейлі, -
депті Премьер, - көздерің жетіп, көңілдерің сенсе - телесайысқа қосып көріңдер,
әйтсе де алдын-ала мықтап тексеріңдер. Ши шығып жүрмесін».
            Премьердің
рұхсатын алған үкімет үйіндегі жолдасы ең әуелі Шұғайыпты барлық шаруасынан
босатып алып, басбілгі аттай жетелегеннен жетелеп саунаға апарды, төрт сағаттай
уақыт іші-сыртын түгел булады, сосын Астанадағы ең мықты деген сән салонына
енгізіп беті-жүзін опалады, әрледі, әспеттеді, жұнттай етіп киіндірді, ең
соңынан қаладағы академиялық театрдың атышулы режиссеріне әкеліп жүгіндірді:
«Мына кісінің сөз саптауын биік регистрге түсіріп бер», - деді. Театр режиссері
қызыл көз қырсықтың өзі екен: «Үлкен сыйақы төлесең жын-шайтанымды шақырып
сегіз сағаттың ішінде жын-шайтанмен тілдесетіндей сайратып беремін», - деп
нығыздады. Қойшы әйтеуір, әуелі арғы тегінен қалмай ілесіп келе жатқан
сөзшеңдігі, алғырлығы бар, әлгі қызыл көз режиссердің ойбайы мен тоқпағы біраз
жүндеді... мұхиттың арғы жағынан келген саясаткермен беттесетін мезгілге үш
минөттей кешігіп енгені есінде қалыпты.
            Қалың
шамның астында орындық арқалығына іліп қойған бір бау қу сүйекті шалды ең
әуелі, бір бау саудыраған қу сүйек дегені - Бзежинскийдің өзі екен. «Ә, сені
ме?.. әуселеңді көріп алайын» деген кісіше езуіне суық мысқыл үйіріп: «Баяғыда
Тегеран конференциясына Сталин ылғи үш минөт кешігіп кіреді екен», - деді. Бұл
көкең ешкімнен сөз сұраған жоқ: «Бзежинский мырза, қайтсек те өзім Сталин бола
алмаймын, сіз Рузвельт бола алмайсыз, сіздің «Ұлы шахмат тақтасы» деген
кітабыңызды оқыған едім, сол кітаптың соңғы тарауында «мен, мен» деп өзеуреп
әлемдегі ұлы держава - КСРО-ны жалғыз итеріп құлатқан өзім едім деп жазыпсыз,
осының мәнісін түсіндіріңізші!» - деді.
            Звигнев
мырза шашылып қалар қу сүйекше сықырлады.
            «-
Телесайысқа түскеніңіз бе осы?.. Ендеше абай болыңыз, - деп көрден жаңа әлгіде
қайта тіріліп тұрып кеткен өлікше қалшылдап, дірілдеді. Сөз ұсқыны жаман тегі».
            «- КСРО-ны
жалғыз итеріп құлатпасам да құлатысуға қатынастым. Сол еңбегіме халықаралық
Нобель сыйлығын беру керек еді, Швеция академиясының миы ашыған мәнжубастары
адасып ол сыйлықты Горбачевке бұйыртты. Горбачев мырза өзі басқарып отырған
мемлекетті өз қолымен құлатуға қатысты деген қисын кеп туады ма сонда?..
айтыңызшы!.. алып державаны мен құлатыстым ба, әлде Горбачев мырза құлатысты
ма?»
            «- Екеуіңнің
де үлестерің бар. Әйтсе де «мен, мен» деген тәкаппарлық кеуде қағу кітап стилін
ақ жіппен көктегендей ерсі етіп көрсетеді. Ойшыл дегдар кісі майдан жүріп
жатқан алаңға жүгіріп шықпайды».
            «- Бұл
сөзіңізге тұрдым, Шұғай мырза, есіміңіз неткен тіл сындырар қиын еді».
            «- Әкем
тақуа кісі екен, Құран ақтарып отырып пайғамбардың есімін қойыпты».
            «- Сіздер
ен байлықтың, Кеңес дәуірінен қалған алып зауыт, темір жол, ғарыш айлағы,
көмірсутегі қорының үстінде отырып, сол байлықты жекешелендіргенге, я шетел инвестициясына
бұйыртқанға мәз болып ішкі жалпы өнім өндіруден алдыңғы қатарлы елу елдің
тобына енеміз дейсіздер, ә! Мақұл-ақ. Ал әлгі ен байлық мүлде азайып кетсе
орнын немен толтырмақсыздар?»
            «- БҰҰ
шығарған дүниелік даму кітабында жер асты байлығы әлденеше ұрпаққа молынан
жетеді деген мәлімет бар. Бар гәп ұқсатуда, ұстау мен ұқсату бірдей емес.
Президентіміз дүниелік даму үрдісінде «Қазақстан моделінің» ешкімге ұқсамас
өзіндік бірегей бағыт-бағдары бар дегені рас. Сол өзгеше тұғырлы биікті
түкпірлеп түсініп алмайынша сіздің көзіңізге біздер шөлдегі сағым секілді
елестейміз. Құбыжық күйінше қаламыз».
            «- Не, не?
Қайталап айтыңызшы, - деп Звигнев мырза тілмәш қызға қабағынан қар жаудыра
бұрылған еді, - сөз саптауыңыз неткен қиын еді, пайғамбар есімін алған мырза».
            Суық жымиып
күлгені «жеңілдім, тұрдым сөзіңе» дегені.
            «-
Әкімшіліктің жоталануы мен құлдырауы» деген кітап оқыдым, Бальзак романының
атын алыпты, соны жазған Сіз емессіз бе, Шұғайып мырза?»
            «- Ия, оның
авторы мына қарсы алдыңызда отырған пендеңіз болады. Капилистік рынок
жағдайындағы атқарушы органдарды сынап жазған дүнием еді. Сол кітаптағы өткір
сынға қарап бұл елдің көп ұзамай пашпырты бітер деп ойлаған боларсыз, Звигнев
мырза, - деп, Шұғайып сөзін үзіп, көрінбейтін нүктеге қараған кісіге ұқсап қалың
ойланып отырып қалды. Ақыл аулынан ат басын бұрып әдейілеп келген дегдар кісіге
ұқсады».
            «- Звигнев
мырза!.. Болсын деген жақсы сөз. Дүниеде ілгергі тілеу өлтірмейді. Осы сіздің
көкейіңізді құртша кемірген «болмасын... құласын... күлі ғана қалсын..! деген
кері тілеу ме деп қауіп қыламын. Тілеу де бумеранг таяқшасы секілді. Өзімді
қайтіп айналып табар деп қорықпайсыз ба?..»
            Еске түсіре
берсе, «Мың бір түннің» әңгімесі секілді, екеуінің телесайыс диалогі
шығармамыздың жарты көлемін алар еді... айтты-айтпады... сол телесайыстан иығы
көтеріліп шыққаны көз алдында. Апта соңынан Премьер - министр әкімшілігі арнайы
телефон шалып өзін қызметке шақырды, неге?.. қалай?.. деген мұның сауалына әр
сөзін есептеп, таразыға салғандай болып сөйлейтін сықасқан шенеунік әулеті:
«Үкімет басшысы солай шешті», - деді. Одан әрі қазбаламады. Еңбек кітапшасына
«Премьер кеңесшісі» деген сөз жазылып, мөр басылған күні, неге екені белгісіз,
түнімен дөңбекшумен көз ілмей шықты. Бейне, аспанмен таласқан алапат биіктің
басына шығып алып, дүлей желдің өтінде қалтырап жаурап ұшып кете жаздап тұрған
кісідей сезінді өзін. О, тоба десеңші!
            Ойлап-ойлап
кешегі Протокол хатшысының езуіне лып етіп шыға қалған арам күлкінің астарлы
сырын жаңа тапты. Ия, Үкімет басшысы өзінің жазып әкелген баяндама нұсқасына
көңілі толмай (бәлкім көңіл-күйі болмай тұрды ма) зілдей етіп... ескерту
жасап... үстел жиегіне тастай салған кезде жел өтінде үкіше үрпиіп, тоңған
кісідей жүдеген бұған езуіне мысқыл үйіре мүсіркей қарағанының мәнісін жаңа
түсінді. Бұл енді тараудың әңгімесі.
4
«Әр күн
пендесіне бұйыртқан алланың сыйы. Кешегі күнгі реніш, ыза, нала, өкпе, күйініш,
сүйініштің бәрін өткеннің еншісіне қалдырып, қарға аунап түлеген қас бөрідей
шалқайып атқан таңды қарсы алу, күн жылуын сезіну неткен ғанибет. Әлгі жаратқан
иенің сыйын жерге қарап пыш-пыштамай, кірлетпей, майдаламай, дәмін, сәнін
кетірмей, көңіл түкпірінде көрікті тиянақ ұстап, кеудені көтере тыныстағанның
өзі үлкен олжа. Сол олжаны, сол сыйды місе тұтып жүрміз бе біздер?»
            Осы ой
шекесін сыққан Шұғайып күн жексенбі болса да, алакеуімнен төсегінен тұрып,
жылдам киініп қаланың түстік батысына, жылдамдата жүріп Есілдің қойнаулап аққан
сол жағалауына орын тепкен Премьер-Министрдің кеңсесіне келді. Соның екінші
қабатындағы өзінің жұмыс бөлмесіне енді. Пердені түріп, желдеткішті қосты.
Әлгіде кіре берісте рұқсат куәлігін көрсетіп, жұмыс бөлмесіне өтерде күнде
көріп жүрген жүзтаныс сақшының мұның куәлігіндегі суретке соншама үңілгені несі
деп ойлады.
            Суырмасын
ашып, кешеден бітпей қалған - жазылатын, жауап жазатын, оқып шығатын, белгі
соғатын, қыстырма салатын хат-хабар қағаздарын үстел үстіне тау ғып үйіп қойды.
Бет орамалын алып самайын, маңдайын сүртті; «я, сол ақпан айының басында хат
бөлімінде істейтін, мөлдіреп қарағаны-ақ ішіңді өртейтін бойжеткен сыңқ етіп
күліп, сыбыр етіп құлаққағыс қылғаны бар».
            «Сіздің
үстіңізден оңбастай етіп жазылған арыз түсті», - деген. Әуелгіде оншалық мән
бермеген. Қазақ арыз жазбай жүре ме, кешегі жас күндерінен соңынан көлеңкеше
ілесіп қалмай келе жатқан бақталас, бәсекелес жазушының бірі жазған шығар деп
ойлады. Көп болса Жалпы бөлімнің бастығы әлгі арызды оқып шығып, бұл көкеңді
алдына шақырып: «Мынаның мәнісі қалай?» - деп сұрайтын болар деп дәмеленді. Сол
арыз ұшты-күйлі жоқ болып кетті.
            Айдың
аяғында, жұмыстан қайтар уағында хат бөлімінде істейтін бойжеткенді алдынан
тосып алып, үйіне дейін апарып салған. «Үйіңе барған соң бойыңды жылыт», - деп
француз шарабы мен бір қорап кәмпит ұсынған. Әлгі бойжеткен өзіне жанарын
төңкеріп ұзақ қарап: «Үйге кіріңіз!.. жалғыз тұрам, тоңып келе жатқан
шығарсыз», -деді. Көмейінде айтылмаған сөз тұрды.
            Бұл көкең
мәшинесін қаңтарып бұрала басқан бойжеткеннің соңынан ілесті, жып-жылы аядай
пәтерге енді. Екеулеп шарап ішті. Ә дегеннен француз шарабы қанға сіңіп, өзекті
ду-ду қыздырды. Хат бөлімінде істейтін бойжеткеннің шырын сөлі сыртына тепкен
уылжыған ернінен бал татпаққа ұмтылып еді. «Түп ойыңызды түсінемін, - деді
бойжеткен кеудесінен әлсіз ғана итеріп, - баяғы үстіңізден жазылған арыз жайын
сұрамақшысыз ғой, дәтіңіз таза адамсыз, көп жағдайда арандап қаласыз, соны
сеземін де сізді отырып ап аяймын, қызмет құпиясын ашуға болмайды бізге, әйтсе
де алдын-ала ескертіп қояйын, әлгі арыз Протокол хатшысының қолына тиген, ол
кісі Премьерге көрсетемін деген... өтінерім - аузыңыздан шықпасын осы
айтқаным».
            - Сырттан
келген шағым, арыз, хат, баршасы хат бөліміне, соның бастығына тиюші еді ғой.
            -
Білмеймін, әлгі хат түскен бойда Протокол хатшысы сап ете қалды, сұратып, қол
қойып алды, бермеуге құқымыз болмады.
            - Не туралы
жазылыпты? Бәсекелес, бақталас қаламдас достарым шығар тағы бас көтерген.
            - Бұрынғы
әйеліңізден. «Сәбиіммен тастап кетті. Өмірім өксіді. Ел-жұрттың бетіне қарай
алмаймын» деп төгілдіріпті. Осылай жалғаса берсе, халімді білмесе - өзіме-өзім
қол жұмсаймын депті.
            Мына сөзді
естіген Шұғайып шақшадай басы шарадай болып, көз алды тұманданып отырып қалды.
Үнсіз жерге қарады. «Жастықтың қызығына батып жүріп, жастықтың өзін бірақ
сезінбейді» деп ақын жазғандай, ол-дағы осыдан жиырма жыл бұрын тағдыр жазып,
омақаса сүрінуге себеп болған жағдай еді, қайсыбірін айтып іш сарайын тазалап
шығады.
            Терең-терең
күрсінді.
            Күрсінуге
себеп болған сол хатты жазған әйелдің «өзіме-өзім қол жұмсаймын» деген
қоқанлоққы бопсасы да, мұның үстінен үйіп-төккен кір-қоқыс жаласы да емес,
бейне, сол арыздың жолын көптен күтіп жүргендей жырынды қу - Протокол
хатшысының аяқ астынан сап ете қалуы, хатты өзі қол қойып алуы еді.
            «Премьерге
көрсетемін деді!..»
            Тәлтіректей
тұрып, көйлегінің өңірін түймелеп, галстугін қайыра байлап, костюмін киіп
кетуге оқталған. Шие ерінді, шырын сөлді бойжеткен: «Сонша неге үрейлендің?..
Кофе ішіп, бой жазып, бойыңды жылытып кідіре тұрсаңшы», - деп өлердей жалынған.
Демінен өрт жалын есіп сиқыршыдай шырмап басын айналдырғаны. Қорғасындай еріп
бара жатқан бойын әзер жинап, қайыра илікпеген күйі жедел киініп, «алла разы
болсын!» айтып, әзәзіл шайтанның азғыруынан әзер құтылды, бөлмеден жедел шығып
жөнелді. Суып қалған жеңіл жүйрігін от беріп қыздырып отырғанда байқады,
көйлегі малмандай су, осыншалық сығып алғандай терлегеніме жөн болсын деп іштей
қайран қалады ғой. Жолай келе жатып, қала шетіндегі екі қабатты коттеджіне
маңдай тіреп, мәшинесін гаражға қойып, ішке енгесін де еңсесін езген әлгі ойдан
ажырай алмады. Болған жайды алдынан жүгіріп шығып бәйек болып, киімін шешкен,
шарқай ұсынған, шайға шақырған зайыбына шошытып неғыламын деп тіс жармады, сыр
бермеді. Дәті берік, төзім шеңбері ауқымды бұл көкең бәріне шыдап, әлі де сыр
бермей, ешкімге тіс жармай жүре берер ме еді, қайтер еді?..
            «Өткен
жолғы баяндамасын жазып апарған кездегі үлкен кісінің зілдей сөзі, ескертуі,
салқындап қалған көзқарасы жанын жегі құрттай кеміріп, іштей алай-түлей етіп,
тірідей өлтіріп бара жатқан жоқ па!»
            «Ана
Протокол хатшысының арам ойына, мысқылдаған күлкісіне шынымен жем болып,
құрбандыққа шалынған қойға ұқсап тұяқ серпе алмай жан тәсілім етпекші ме?»
            «Ана қара
жерден өніп шыққандай, аяғы аспаннан салбырап түскендей жиырма жыл бұрынғы жолы
түйіскен әзәзіл шайтанның күйіп сөйлеп: «Өзіме-өзім қол жұмсаймын», - деп
салмақ сала сөйлеуінде нендей сұмдық, қандай сұмқыл ниет жатыр?.. Білгіш болсаң
сан сауалдың жұмбағын табан тірер түйінді оймен шешіп көрші».
            Премьер-Министр
ғимараты ақпан айында маңдайын шуаққа төсеп мүлгіп отырған ақсақалды кәрияға
ұқсайды екен. Күн қанша аязды қытымыр, ақ қар, көк мұзды болса-дағы үлкен
ғимараттың ішіне суық өткізбейтін шетелдік үлгідегі әйнек терезесі, қысым
күшімен жабылатын кәсекілігі есігі ғимараттың салтанатын байыта түскен.
Алманияның белгілі «Kruge Erdbau Cmbn» фирмасының сәулетші, құрылысшылары екі
жарым жылда салып, ұлттық ою-кескіндеме, зертас, дизайн әрлеуі айрықша сарай
сәл дыбысқа үндесе жаңғырып кісі жүрегіне тәкаппарлық, мақтаныш сезімін
дарытады. Шұғайып көзге түсе беруден, ұзын залда жүруден қашып көбіне ертемен
бөлмесіне еніп алып, кешқұрым бір-ақ шығады. Бүгінгі, кісі аяғы аз жексенбіде
қызметке келіп бөлмесін ашып, үстеліне қағазды тау ғып үйіп, үңірейіп
отырысының жөні бөлек. Бейне жын иектеген бақсыға ұқсайды.
            Кешегі
үстінен жазылған арыз хат санасына желімше жабысып жуылатын емес. Ия... ия... бұл
өзі жаман түстей жиырма жыл бұрынғы оқиға еді.
            Университетті
қызыл дипломмен тамамдап, содан кейінгі екі жыл міндетті әскери қызметін өтеп,
елге барса - көп болғанда алақандай аудандық газеттің редакторы қызметі тиер,
аспирантураға түсіп, ғылым жолын қуса - көп болғанда осы күнгі қиқымдай
кандидаттың бірі болар... қой, жастайынан қажырын тасқа жанығандай жазушы
атанамын, көркемделген шындығымды жұртқа жеткіземін деп талпынып жүр ғой.
«Нартәуекел» деп жастар газетінің ең кішкентай қызметі - тілші портфелін
салақтатып, өмір өлкесінің етекте жүрген можантомпай, өлермен, сирағы
сықырлаған момындардың тобына қосылды да кетті. Артынан, елден келетін жәрдем
үзілген. Соғыс жылдарында ашты-тоқты жүріп жан бағамын деп денсаулығын
жұқартқан ата-анасы: «Қызметке тұрсаң бір айлығыңды бізге сал, үстімізді
бүтіндейік, емделейік», - деп ұзын сөзін иіп келтіріп хат жөнелтіп жатады. Бір
айлығы келесіге жетпейді, күндіз газетте, түнде күзетте, екі жерде жұмыс істеп,
шықпа жаным шықпамен дедек қағып жүргенде үлкен бастықтың қызы кездесті. Үлкен
бастықтың қызы екенін кейінше білді, әрине. Әуелгіде редакцияға мақала жазып
әкеліпті. Сөзі сөз емес, сөйлемі сөйлем емес, бос әуеде қалықтаған бірдеме. Бұл
көкең қаламсабын алып жіберіп әлгіні қайта жазып шықты, нөмірге салғызды. Үріп
ауызға салғандай ақүрпек қыз ертесіне мөлиіп тағы келді. «Алғысымды айтайын,
мақаламды жуайын», - деп үзіліп отырып алғаны. Өткен-кеткен газет журналистері:
«Бұл екеуі оңашалап не шешіп отыр», - деген сауалды көзбен мойын тамырын үзе
бұрылып қарайды. Қарап отырып өз-өзінен ұялады. Түнгі күзеттен шыққалы бері нәр
тамбаған асқазаны ұлардай шулап, бүріп ауырады. Шегесі босап шыға келді.
«Мақұл, жақын жердегі көк базарға барып самса жейік, сусын ішейік», - деп
ақүрпек қыздың соңына ілескені сол. Жұмыртқадан жаңа шыққан ақ үрпек балапанға
ұқсаған қыз сықылықтап кеп күлгені. «Өмірімде базардан самса жеп, жылы сумен
итергілеп көрмеппін, саябақ ішіндегі элиталық мейрамханаға барамыз», - деді
тізгінді өз қолына алған сыңаймен. Мейрамхана иелері ақүрпекті бұрыннан таниды
ма, әлде өзге бір құпия сыры бар ма, бұлардың төбесін көргеннен аяғының ұшымен
жорғалады... таң қалып отырып қымбат шараптан аздап жұтыпты, таң қалғанын
жасыра алмай би алаңына шығыпты... не ішіп, не жегені есінде жоқ... қандай
әңгіменің шетін бықсытқаны беймәлім... әйтеуір билегенде белінен ғана келетін
құйтақандай қыздың бір жерін ауыртып алмайын деп ақырындап ұстайды. Аяғын аңдап
қана басады. Түннің бір уағында мейрамханадан шықты, ақүрпек өспірім қыз:
«Салқын ауа бойымды қармады», - деп аяғын басып жүруден қалды. Жеп-жеңіл
қауырсындай ғып таксиге лып көтеріп мінгізді, есігінің алдына үкідей ғып қолдап
жеткізді. Сүмек боп терлеп түн жарымы ауа пәтеріне оралды. Аптаның аяғында әлгі
қыз редакцияға тағы келді. «папам, мамам сізді үйге қонақасыға шақырып жатыр,
түнеукүні қызымды шпанаға шоқытпай, қараңғыда қорқытпай дін аман үйге жеткізіп
салған нағыз джентельмен екен, ризалығымызды білдірейік деп дастарқанын жайып
күтіп отыр», - дейді-ақ ақүрпек қыз төбеден түскендей етіп. Шұғайып таң
қалғанынан талып түсе жаздады. Ат тонын ала қашты.
            «- Қызды
үйіне шығарып салғанда тұрған ешқандай ерлік жоқ, есі дұрыс кісінің міндеті...
міндет қылған адамдай бара алмаймын!..»
            «- Ол кісі
қаланың мэрі. Екі сөйлегенді қаламайды. Келсін, күтемін деді, күтеді».
            «- Жаным,
ақүрпегім, ондай лауазымды кісілердің алдына бару бірдеме дәметкендей күпірлік,
ренжіме».
            «- Ендеше
отырамын осы жерде кешке дейін... келсін, күтеміз деген!..»
            Алла құдай
жар бола гөр! Анық масқараға қалғаным осы шығар, мына ақүрпек неме я сорыма, я
бағыма жаратылған, жарық дүниеге жаңа келгендей сөзі баланың сөзіндей,
жүріс-тұрысы есі кіресілі-шығасылы әпенді кісінікіндей. Енді қайттім деген
дүдәмал оймен бас редакторына еніп, мән-жайды баяндап еді. Ол «әу» дегеннен:
«Барып кел, тым құрығанда қарныңды тойғызасың, ең болмағанда лауазымды кісінің
қолын аласың», - деп шегесін босатты. Басқа түссе - баспақшылсың дегендей, қой,
ә, әуселесін көріп алайын мықтылардың деп малақайын милықтата киіп, мөнтеңдеп,
қызға ілесіп, күтіп тұрған аппақ мерседеске мініп, Медеу аңғарына салынған
замок секілді зәулім үйге маңдай тіреген. Келіп түскен. Ұяла, қысыла ауызғы
бөлмеге енген. Шашы бұйра, тәпелтек, жүзі жылы кісі алдарынан өніп шыға кеп:
«Бәрекелде-е-е-е, жігітім, джентельменім!..» - деп кеу-кеулеп өзі бастап төргі
бөлмеге өткізді, бұл көкең қысыла-қысыла кібіртіктей берген соң өзі бастап
жүрді. Бір әйел қолындағы малақайын алды, келесі әйел портфелін алды, дүниеде
мұншама кең, зәулім, айпара үйді көргені осы. Төбеге түйдектелген бұлт, қанатын
серпе ұшқан алып қыран салыныпты, тайып жығыла жаздады. «Үйдің ою, өрнегін,
әшекейін, дизайнын мынау деген суретшілер еңбектеп жүріп он ай жасады», - дейді
отағасы. Үлкен кеңсеге еніп кеттік пе деген оймен аңырап тұрған, сөйтсе
отағасының жұмыс кабинеті екен, жарты қабырғаны тұтас сықаса алып тұрған
Лениннің елу бес томдық толық жинағы мен Маркс пен Энгельстің қызыл бувинил
мұқабалы отыз томдық толық жинағын көріп таң қалған бұл көкеңе отағасы: «Кешегі
КСРО күйреп, кемесі суға кетіп жатқанда жұрттың бәрі мына көсемдердің су жаңа томдықтарын
қоқысқа лақтырды, өзім лақтырған жоқпын», - деді әлденеге айызы қанып.
Жылжи-жылжи мектептің көрме залына еніп кеттік пе деп ойлаған, ас үй екенін
үйеме табақ ет пен шара шүпілдеген қымыз келгенде бір-ақ білді. Ақүрпек қыздың
шешесі болар, сүйріктей сылыңғыр келіншек келіп кіргенде, драма театрының
әртісіне ұқсады. « - Джентельмен жігітіміз осы ма? - деді тау суындай
ақтарылған пейілмен».
            «-
Джентельмен жігіт осы, - деді отағасы таныстыру рәсімін жасап».
            Драма
театрының әртісіне ұқсаған келіншек құлашын созып ағаш ожаумен қымыз сапырды.
Қымыздың ашқылтым иісі танау жарады. Үйеме табақ жамбас, асық жілік, тоқпан
жілік, беломыртқа, сүбе солайымен түріліп төңкеріліп жатыр; ет турағыш бозбала
жылдам еніп, білегін түрініп, бір май, бір еттен қиялай кесіп
жапырақ-жапырағымен тастай бастағанда бұл көкеңнің көз алдына тоқшылық
елестеді. Ия, кәдімгі кісі кейпіндегі тоқшылық ше!
            «Ал енді
бар ғой, табалдырығымызды алғаш аттап отырған джентельмен үшін алып жіберейік»,
- деп отағасы үлкен бокалын көтере бергенде жапсарлас бөлмеден қызметші жігіт
сып етіп еніп, құлағына төніп, сыбыр ете қалды. Отағасы бокалын шайқап төгіп
ала жаздады. «Қазір... қазір..» - деп әлдеқандай шұғыл соғылған әлденендей
телефонмен тілдесуге көрші бөлмеге ұмтылған, біраздасын барып есіктен басын
қылтитып: «Бәйбіше, жылдам киін, жөнелейік... үлгерейік... үлкен кісінің прием
кешіне қатысып, төбе көрсетуіміз керек көрінеді», - деді. «Үлкен кісі, үлкен
кісі» деген сөз мына ғажайып отбасына айтуы қиын дүрлігіс әкелді, жаңа ғана
айбатымен, адуын сөзімен аспандағы айды қолын созып қалтасына сала салатындай
болып шіренген қала мэрі, қымызды құлаштап сапырып, жараған сәйгүлік секілді
шырқ үйіріліп билей басқан мықынды келіншек әп-сәтте құбыла өзгеріп шыға келді.
Әп-сәтте құйын көтеріп кеткендей іздері сұйылды. «Үлкен кісі... үлкен кісі..»
десіп сыпсыңдаған,
            бос ауаны
қармаған,
            бостан-босқа
үрейді алған,
            алапат
үйдің ішінде қалықтай ұшқан,
            «үлкен
кісі» деген сөз ғана қалды. Мектеп көрмесі секілді кең сарайдай ас үйдің
төрінде үрпигеннен-үрпиіп отырған жұмыртқадан жаңа шыққандай үкі мінезді
ұршықтай қыз бен ойда жоқта «джентельмен» есімін алған мына отырған Шұғайып
қана. О, құданың құдіреті дейді ғой!
            Әлде ашуы
бетіне шыққан қымыздан, әлде қою қан секілді бірер жұтқан шараптан қызып қапты;
не ішкені, не жегені есінде жоқ, үкі мінезді қызды үркітіп алмайын деген оймен
бірер ауыз әңгіме айтып, жалғыз сопайтып қалдырып кеткенім әбес шығар, пәске
кідіре тұрайын; «музыка тыңдайық» десе - тыңдайық деп, «жоғарыдағы бөлмеме
барып видео көрейік» десе - көрейік деп, «шамалап оңашалап билейік» десе -
билейік деп үкі мінез қызға ләббай тақсыр айтып көне беріпті, ілесіпті,
билепті, жейдесі сығып алғандай болып терге малшыныпты. «Жейдеңді шешіп
тасташы, су-су қылмай» дейді ақ үрпек қыз. Былай байқап қарасаң аузынан ана
сүті кеппеген, жазда ғана тоғызыншы сыныпты бітірген, аузынан сөзі, иінінен
бөзі түскен, билеген кезде кіндігінен-ақ келген жап-жас бүлдіршін. Мастық па,
жастық па, қай шайтан азғырғанын кім біледі, жанартауша дүлей сезім көтерген
нәпсісін жеңе алмай ұршықтай немені құшағына күреп көтеріп алып, тынысы
тарылып, шөпілдетіп сүйе беріпті. Үкідей қыз мойнынан тас қып құшақтап
жіберсінші енді. Мынадай суретті көз алдыңызға елестетіп көріңізші.
            Аптап
күннің астында мұнартып жатқан Қызылқұм шөлі, білеуленген құм, шағыл, көзге
ілігер қылтанақ жоқ. Арып-ашып, жығылып-сүрініп сіңірін созған жолаушы.
Ыстықтан қаны қоюлап, көзіне ажал елестеп, әйтеуір я құдыққа, я көлге жетсем-ау
деген ескі үмітпен жылжып келеді, сүрініп-жығылып әл-дәрмені бітеді. Үміті
үзіліп көзіне көк шыбын үймелейді. Соңғы мәрте кеудесін көтеріп, ышқына
еңбектеп төбешіктен асып түседі. Төбе етегінен малшылар бетін жауып белгі қойып
тастап кеткен құдық кезігеді. Бар күшін жинап, ұмтылып жетіп құдықтың қақпағын
ашып, жандәрмен қауғасын босатып, иығы бүлкілдеп көнек шүпілдеген суды тартып
шығарады. Көні кеуіп суды басына бір-ақ төңкеріп, көнектің түбін итше
жалап-жұқтайды.
            Шөлде
қалып, қаны қоюлап, ажал елестеген мезетте көн көнекті жалап жатқан жолаушы -
Шұғайып еді. Ұршықша үйірілген мықыны, құлаштан әзер асатын шағын денесі, оттай
ыстық ұятты жері, бәдені шөл ішіндегі шыңырауға ұқсаған - ақүрпек қыз
болатын... Таң бозы біліне, қайдағы таң, ымырт үйіріле құштарлық құйынынан
сілікпесі шығып шаршап әл-дәрмені таусылған Шұғайып оқыс шыңғырып жіберді.
            «Құдық қой
мынау!»
            Сондағы
үздіккен үні, кеудесінің сырылы қазір де көз алдына қалқып келе қалғандай
ғой... естелік әлемінде шырқ үйірліп, осыдан жиырма жыл бұрынғы басынан
кешірген оқиғаны есіне қайта түсіріп елестетіп отырған Шұғайып өз-өзінен жын иектеген
адамға ұқсап иығы селкілдеп шиқылдап күлгені. Көзінен жас аққанша селкілдеді.
Біраздасын барып осы дүниеге қайтып оралды, оң-солына назар салды. Отырған
жерінен ытырылып тұрып кетті. Үкімет үйінің ішінде, батыс беттегі түкпір бөлме
тереңінде, өзіне бұйырған қызмет бөлмесінде отырғанын жаңа сезді. Есіл өзенінің
мұз құрсауы бұзыла бастаған ба, қалай, сіре мұз сөгілетін мезгілге әлі ерте
емес пе еді? Бұл дүние не болып бара жатыр, бәтір-ау!
            «Құдық қой
мынау!» - деген әжептарқы үн құлағынан кетер емес.
 5
Айтпақшы
баяғыда ажырасып кеткен ақ үрпек бикеш адам шошитындай, Премьер-министрдің
құзырына жеткізетіндей сойқан арыз хатта не жазды екен, қарадай жанторсықтан
үріккен тарпаң жылқыға ұқсамай, әуелі мән-жайға қанығайыншы, сұрап білейінші
деп оқталған. Үстеліне қайыра оралып, оң қол жақта тұратын қызыл телефонның
құлағын көтерді. Хат бөлімінде тіркеуші-сарапшы болып істейтін баяғы шие
ерінді, қарақат көзді бойжеткеннің нөмірін терді.
            - Айым, мен
ғой!.. Жексенбі күні ертелеп ұйқыңнан оятып жіберген жоқпын ба?..
            - Өзіңді
ойлап жатыр едім, - деп сықылықтап кеп күлгені Айымның.
            - Онда
жолым болады екен ғой!
            -
Білмеймін. Әнеукүні ұшырасудан кейін көп ойландым. Осы биікке өз отыңды өзің
өрелі жағып тырмысып жеттің. Дүниедегі ең қиын араб тілін бір кісідей білесің.
Ағылшынша түпнұсқадан Эрнест Хэмингуэй, Теодор Драйзерді оқып түсінеді деп
естідім. Орысша, қазақша бірдей жазасың. Осыдан кейін болдым... толдым...
биіктедім... бетіме жел боп тиер ешкім жоқ демей, жібектей есіліп тұрған
мінезің бар. Соған қарамай өзіңізді әр саққа жүгіртіп, ізіңді аңдып, пыш-пыш
өсек сөз ілестіріп, ылғи аяқ тосып сүріндіргісі келетін бәсекелестердің
көптігіне таң қалам! Тұзыңыз жеңіл ме, бәлкім. Сорыңыз қалың шығар.
            - Өзім де
осыны көп ойланам. Пешене жазуы әркімге әрқалай өрнектеледі білем. Көріп
жүрмін, көк инені көтінен түрте алмай, екі сөйлемнің басын құрай алмай
жүргендер көзге түскіш, тасы өрге домалағыш. Тәуелсіздік күнінде Премьердің
маңайында қыбырлап жүргеннің бәрі жоғары награда иеленді, ал маған ауызша алғыс
та бұйырмады.
            Айым
бойжеткен ауыр күрсінді.
            - Айтайын
дегенім бұл емес еді. Әлгі арызды қалай көркемдепті құрғырлар, айып болмаса -
айтып бересің бе?
            Айым тағы
күрсінді.
            -
Телефонмен айтуға болмайтын нәрселер ғой, келіп кетсеңші, - деді діріл аралас
үнмен. Бойжеткеннің қауіп ойлағаны бекер емес, жоғарғы лауазымды кісілердің,
солардың маңайында істейтіндердің телефоны зәуіде бір тыңдалады деп естіген.
Тіпті бейсеубет сөйлеуге, шақырған жерге бара беруге рұқсат етілмейді. Бұл
кепті АҚШ саясаткері Бзежинскиймен сайысқа түсер алдында басынан кешірген, бір
тәуліктің ішінде жеті атасынан бергі тұқым-тұяғы, туыстары, қай жерде кім болып
істегені, қай мінбеде қалай сөйлегені түгел тізіліп, тасқа басылып Премьердің
үстеліне қойылыпты деп естіген. Мемлекеттік деңгей мен дәреженің былайғы
пендеге ешқашан құпия құлпы ашылмайды, қызметі - иесін кірпік қақпай қадала
қарап бақылап тұрады деп естіген.
            Шұғайып
тіске басар түйірі бар-ау деген үш хатқа жылдамдата жауап жазды, оқитын
ақпаратты портфеліне  салды, дереу
киініп, бөлмесін жауып күзетке өткізді. Сыртқа шықты. Ақпан айының аязы әлі
бетті шымшиды, аспан шыныдай шыңылтыр, аяқ астындағы қар кірсіз. Премьер
кеңсесінен кіре беріс қақпаға дейін жүз отыз метр, екі араға қара гранит
төселген, ылдитөмен жүріп келіп, күзетшілерге куәлігін көрсетіп сыртқа сытылды.
Әудем жерде қаңтарылған жеңіл мәшиненің біріне мініп өзіне белгілі адреске
жөнелді.
            Есікті Айым
бойжеткен күліп ашты. 
            - Мына
жүрісіңізді таныс кісілер көрсе не ойлайтынын білесіз ғой!.. сұлу бойжеткен,
басы бос... жексенбі күні ертемен... еңкеңдеп еркек кіріп бара жатады... жан
баласы білмейді деп.
            Осыны айтып
бетінің сүт шұқыры ойылып бойжеткен сықылықтап кеп күлгені, Шұғайып пақыр не
дерін білмей еріксіз ыржиды. Тіркесіп, ұшқасып ас үйге өтті. Қарсыласып
орындыққа отырды. Айым сол аяғының үстіне оң аяғын айқастырған мезетте аппақ
саны жалаңаштанды, жігіт жанарын аунатып әкетті. Айым есінде қалған шағым
хаттың жобасын төмендегіше баяндап шықты.
            «Кәмелетке
толмай тұрғанымда басымды шыр айналдырып үйден шықпай жүріп үйленіп алды. Қыз
перзент дүниеге келді. Кәмелетке толмаған жанның жатырынан ба, әлде күйеу
баланың сол кезеңде ішіп жүргенінен бе, сәби кемтар болып туды. Шынына келсек,
Шұғайып өзіме емес, әкемнің портфеліне үйленіпті. Әкем қызметтен түскен күні
мені тастап, өзге әйелге үйленіп кетті. Кемтар баламен жас өмірім мәңгі солды.
Жыл сайын бір әйел тастап, жаңасына үйленетін, жүрегінде адамға деген аяушылығы
жоқ, жауыз, ісі сұйық кісіні ұстап отырасыздар ма»... деп төгілдіргені есімде
қалыпты. Әріп, қарасы айна қатесіз демесем де осы жобаға келіп қалады сөз
саптасы».
            Айым
бойжеткен сөзін тамамдап, «болдым... міндетімнен құтылдым...» деген кісіше
жанарын кең ашып жібек перденің арғы жағындағы әйнекке, одан әрі бұлт үйіріле
бастаған көкке қадалды.
            «Мені таң
қалдырғаны - жалғыз қате жібермей жазғаны», - деді Айым ішкі күдігін жасырмай.
            «Мені таң
қалдыратыны - «ісі сұйық кісі» деген сөз, - деді Шұғайып қап-қара болып түтіге
түсіп, - әдетте мектепті әзер-мәзер бітірген, одан асып екі жылдық театр
студиясын үшке зорға тамамдаған шала сауатты ұрғашы тап бұлай төгілдірмейді,
шағым жазу ойына келмейді, бұл хатты ізіме баяғыдан түсіп жүрген жауыз жазушы
жазып берген... көзім жетті...»
            - Мен
стилист емеспін, әйтсе де хаттың еш қатесіз 
құйылып жазылғаны таң қалдырды, - деді Айым. Түрегеліп шай қамына
кірісті.
            - Әдетте
қазақ «ізі сұйық кісі» деп айтады, ал «ісі сұйық жауыз адам» дегені анық
жазушылық қолтаңба. Енді осы хаттың келуін аңдып тұрғандай Протокол хатшысының
сап ете қалуы, мән-жайды өзімнен сұрап, мәселенің анық-қанығына көз жеткізіп
алмай ол мырзаның жау қуғандай «Премьерге көрсетемін» деуі - анық қасақана
ұйымдастырылған, өзімді омақастыруды, сүріндіру әріден ойлаған топ бар мұның
артында!
            Жаңа
байқады, Айым әлгідегі үй халатын шешіп, үстіне үнділік үлгіде тігілген жеңіл
жібек көйлегін киіпті, көзді суыра тартар сұлулығы сұмдық енді. Жанары арбалып
қалды. Тіп-тік иығы, ашық ажары, көйлектің кеуде ойығынан әңгелек секілденіп
тырсылдап жартылай ашылған анары қалай бұрылса да көз алдынан кетпей әлектенді.
            - Шарап ішесіз
бе? - деді бойжеткен, - аздап еңсеңді басқан ойдан құтыларсыз.
            - Жоқ,
Айым, өкпелеме, шарап ішсем-ақ қан қызуым көтеріліп өзімді-өзім билей алмай
қаламын. Әлгі ақ үрпек арызқойдың құрған торына шайтан шараптың кесірінен
түстім бе, бәлкім. Өзімнің де пешенеме зор бейнет жазылған, жүрейін, кетейін, -
деп орнынан ырғатылып көтеріле бергені сол еді.
            Айымның
боталаған жанарын көріп кідіріп қалды. Шырайы ашық, шарасы шүпілдеген мына
жанарда не жоқ дейсіз!.. сүйсіну... сезіну... сүйсем деу... құштарлық оты...
нала... наз... көркем сурет... бәрі-бәрі дауыл кездегі теңіз үстіндей мидай
араласып, бойжеткен жан әлемінің астан-кестеңін шығарып, үстіне шыққан қайықты
шеңбірек атқызып шағып, жұтып жіберердей дүние пәлені дүрліктірді. Дүниеде
сұлулықтың алдынды тұратын күш жоқ шығар деп ойлаған, түптің-түбінде тіршілікті
билейтін осындай сұлулық болар-ау! Осы оймен жан толқынысын баса алмай пәске
кідірген Шұғайыпқа Айым сұлу тақап келіп:
            - Ендеше
шегара сызығынан аттамайық. Аттасақ сен де, мен де асыл құмыраны еденге
түсіргендей быт-шытын шығарып құртармыз, - деді.
            - Ендеше
рұхсат бер, қайтайын, - деді Шұғайып шаршаған кейіппен.
            Табалдырыққа
жете бере шалт қайрылып, соңынан ілесіп келе жатқан ұрғашының жартылай ашық
омырауына танауын тақап жіберіп иіскеп-иіскеп алды. Асыл құмыра қолдан түсіп
кете жаздады. «Ал, хош!» - деді.
 6
Жүрек
толқынысын, әлгідегі тосын әсерді басуды ойлап Шұғайып қала шетіндегі үйіне
жаяу тартты. Ағылып жатқан мәшинеге қарамады. «Иттің ғана баласы-ай, «өзіме
емес, әкемнің портфеліне үйленіпті», «жас өмірім мәңгі солды», «ісі сұйық жауыз
адам» деп төгілдіріп жазуға қалай дәті барды екен. Сай сүйекті сырқыратар
сұмырай сөздерді қайдан теріп, тауып жазған десейші! Мұны оқыған үлкен кісінің
өзіне деген жүрегі суымас деймісіз! Баласын мүгедек етіп жолға тастаған,
жапырақ жайып келе жатқан қыздың қызғалдағын солғызған... бетегеден биік,
жусаннан аласа болып жүріп, о ғып, бұ ғып, сығалап жүріп аппаратқа кіріп
алған... жырынды қуды арамыздан қуыңдаршы десе - Премьердің пәрмені - шың
басындағы жаратқан иенің бұйрығынан еш кем емес. Хантәңірі шыңынан құлаған
альпинистке ұқсап сүйегін ешкім таба алмас, еш пенде жүрегі дауалап жаназасына
жиналмас, «өліп қапты-ау», - деп зәредей өкініш білдірмес.
            Шындығы
қалай еді әлгі тарихтың.
            «Болар іс
болып қалыпты» деген сыпсың сөз шығысымен Шұғайыпты ақ үрпек қыздың шешесі
шақырып алып:
            «Тойға
әзірлен», - деп пәрмен берді, - елдегі кәкір-шүкір, қиқым-сиқым
колхозбайларыңды шақырып әуре болма, әкең мен шешең үш күнге келіп қайтса
жетеді, артық та емес, кем де емес, бірінші күні тойға қатысады, екінші күні
отағасының орынбасары шақырады, үшінші күні отағасының департамент директоры
құдаларға есік көрсетеді, сол күні кешқұрым ес жиғызбастан жиып-теріп поезға
салып жібереді, қайда!.. қалай еді!.. ата-анаңның тұрған жері!.. поштасы,
пойызы бола ма ол жақта ел қатарлы?»
            «Мақұл» деп
алыс облыстың қиыр шетінде ұйқылы-ояу жатқан шағын ауылдан әке-шешесін
дүрліктіріп көтеріп, селкілдетіп пойызға отырғызып Алматыға шақырып келтіріп ас
та төк той өткізді. Киноға түсіру, ұйымдастыру, неке сарайындағы дастархан
мәзірі, Медеу үстіндегі бір тойды, орталықтағы зиялы қауымға жасалған екінші
тойды, Көктөбе үстіндегі жастарға жайылған үшінші тойды ақ үрпек қыздың әкесі,
қала мэрі мойнымен көтерді. Тойдың қалай өткенін сіз сұрамаңыз, қадірменді
оқырман, біз ақ қағазды азайтып, сияны сарқып суреттемей-ақ қоялық.
            Тек қана
елге баратын поезға мініп жүргелі тұрған әкесінің сөзі:
            «Дүниені
дөңгелетіп ұстап тұрған қала мэрі екен ғой, данышпан, кемеңгер, көсем, дегдар,
пайғамбар дегеннен өзге сөз естімедік қой!»
            Республикалық
газеттің бас редакторлығына дейін өрмелеп, қала мэрінің пәрменіне бас шұлғып
лауазымды биікке апаратын басқыш етіп, жолдас-жорасы «күшік күйеу» деп
мысқылдаса - одан арман, дайын асқа тік қасық болып төсін қайқайтып, қолын
қалтасына салып алшаң басып жүре беруіне болатын еді. Бағы ма, соры ма, кім
біледі, қан түйіршігіндегі әлдебір текті мінез намысын түртіп оятып түнемесі еш
тыншытпады.
            Тыншытпағаны
сол!
            Үйреніп
жүрген ағылшын тілін ұмыта бастағандай ма, қалай, дәріс алайыншы деп баяғыдан
көзтаныс ұстазын іздеп тауып жолыққан еді. Ұстазы біраз қырағаттап, із кесіп
ағылшынша сауал қойып білімін тексеріп болып: «Шұғайып, 180 градусқа көтіңнен
кері кеткенсің, дәл осылай аузы-басыңнан шарап иісі аңқып, алаңғасарланып жүре берсең
бар ғой - енді аз күнде әкеңнің есімін ұмытып қаласың», - деді. Әлдеқалай шұғыл
мақала жазып тастайын деп бұрылып кітапханаға кірген, езіп... мыжып... есінеп
отырып... үш сағат бойына орындыққа құйрығын қажап екі бетті әзер толтырды.
Ертесіне мақаласын оқыған бас редактор: «Шұғайып, сені шығармашылық дүлей шабыт
айдалаға қаңғытып тастап кеткен секілді, дәл осылай жүре берсең - қатегерлікке
жарамай қаласың», - дегені кеудесіне тіреп қойып мылтық атқандай тірідей
өлтірді. Жолай мешітке бұрылып, садақа беретін мүсәпір іздеген. Көзтаныс бал
ашатын балшы тақуа пірәдар отыр екен: «Тегін ашып берейін», - деп құмалағын
текемет үстіне шашып жіберіп көзі шатынап шыға келді. «Сенен соқыр тиын алуға
болмайды, маңайың өріп жүрген жын-шайтан екен», - деп шатқаяқтай шегініп қашты.
Бұл дүние не болып бара жатыр деп үйіне келіп, бөлмесіне еніп жатып дөңбекшіді,
тұрып теңселді, қос қолымен басын су толы шелекше шайқап, екі құлағынан қармай
ұстап безектеді. Күні бойы қаладағы сән үйлерін түгелімен адақтап, үстіне
алпыншақ-салпыншақ әлем әшекейін тағынып, көзімен сүзе үңіліп, опа-далабы
жағасына жұғып, қаланың түнгі жарнамасына ұқсап үйіне жетіп, бөлмесіне енген
келіншегі көзіне мүлде бөтен... өзге сыйпаттағы... адам баласын аздыруға
жаралған шайтан болып елестеді. Теріс бұрылып жатты. Қойнына сып етіп кіріп,
ұятты жерін ашып көрсетіп, қанын қыздырып: «Қазір-ақ бастап кетейікші», - деді
қалыңдығы. Шұғайыптың жүрегі суыды, тас боп қатып икеміне илікпеді. Келіншегі
ызадан булығып жылап жіберді.
            «Біреумен
болып келгенсің! - деді, - сүйегіңді қазір шашып жіберіп қайыра жинап алу
қолымнан келеді».
            Түнімен
құлағының түбінде ызыңдап ұйқы бермеді. Жұмыстан шаршап, сүлеленіп, мойнына су
кетіп әзер жетсе - біреумен болып келгенсің!.. Іссапардан ойына-ой, сөзіне -         сөз қосып осы жолы жазамын-ақ деп
оралған еді   - папама    айтсам   
сүйегіңді жинай    алмай    қаласың!.. Министрлікке, жақсы қызметке
келе қал деп шақырған - осы Алматыдан аттап шықпаймын, желі қасқырша ұлыған,
қары бораған ит байласа тұрғысыз Астанаға саушылығым жарамайды!.. Әлеуләй әні
осылайша еш таусылмайды.
            Міне
осындай әрі тарт-бері тарт итырғылжың азаппен жүргенде жарық дүниенің есігін
қағып кішкентай сәби келді. "Немереме үш күн, үш түн той жасаймын, - деп,
қайын атасы жоспар құрған күні ғой, жоқ, жаңылмаса ертесіне  болар,  
қайын  атасын  қала 
әкімі қызметінен Президент босатып жіберді. Қайын атасы қайғыдан жүрегі
ауырып ауруханаға түсті, оңбастай жығылды, дос-дұшпандары сыбырлай сөйлесіп:
«Әй, мал болмас енді», - десті. Үлкен үй қаралы болғандай күңіренді.
            Бұл азапқа
дәті берік жан шыдайтын еді. Шыдамайтын халге жетті. Ертеңді-кеш жарық дүниеге
жақсы ниетпен келген жас нәресте зар жылап ұйықтатпайды. Дәрігерге көрсетіп
тексертіп еді: "Ана жатырынан айтуы жоқ біраз кесір жабысқан, сол біраздың
екі-үшеуі ержете келе, емделумен жазылады, бір-екеуі өмір бойы жазылмай сүйек
жолдас болып кетеді", - десті. Оның үстіне ана сүті сәби емізуге
жарамайтын, көк су болып шықты. Жасанды тамақ, жалдамалы ананың сүті бойына
жұқпайды ма, әлде нәрестенің өмірден өзгедей мұңы бар ма... безектеп күні-түні
жақ жаппай шырқыраған кезде ғой, қос құлағын тарса басып үйден безіп кеткісі
келеді. Шырқыраған сәби үні жұмыста да құлағынан ызың-ызың кетпей тұрады.
            Дәті берік
Шұғайып бұл азапқа да шыдайтын еді. Қайын енесі бөтен әңгіменің шетін бықсытты.      
            "Зады
қаның бұзық қаныпезер шығарсың, бауырсақтай сыртына майы тепкен бәденді қызымды
қаншықтай қатырып, шөптей солдырдың!.. мынадай жарымжан заржақ сәбидің көз
жасымен үйімді толтырдың!.. Қырсығы егіз жаратылған жан екенсің, сенің қырсығыңнан
күйеуім жұмыстан қуылды, инфаркт алды. Ендігі қырсығың біртіндеп маған жеткелі
жылжып келеді.." - деп нақа көзге білінер-білінбес жер бауырлай жылжыған
жылан сұлбасын көргендей жер тоқпақтап, ойбайын салып, шалқасынан құлады. О,
тоба деген!
            Шыдамның да
шегі болады. "Бұзық... қырсық..." деген ененің сөзі етінен өтіп,
сүйегіне жетті. Оның үстіне үйдегі сәби безектеп жылауын үдете түсті. Қаланың
сән ательесін түгел аралап, алақ-жұлақ киініп, алақ-жұлақ түнгі жарнамаға ұқсап
ақ үрпек келіншегінің аяқ астынан сып етіп келіп қалатын мезгілі тақапты.
Сағатына қарады. Көкейінде жалғыз ой, тілінің ұшында үш ауыз сөз ғана.
            Қашпаса
болмайтын еді.
7
Адамды
байқатпай елеусіз ғана жан әлеміне еніп алып уақыт өте опат ететін себептер
болады. Соның бірі - қырсық шалған адамдардың қасында ұзағырақ жүруің, я
болмаса қырсық шалған кісімен достасуың. Біреулер бар, ағзасы үшін адамдар
есебінен өмір сүретін, біреулер бар, ағзасын азапқа салса да адамдар үшін өмір
сүретін. Мына Шұғайып жастық желіктің жетегімен жүремін деп сәл болмағанда
өзін-өзі күйретіп ала жаздады.
            Күңіренген,
зарлаған, өтірік сықылықтап күлген тозақ азабынан қашып құтылғаннан кейін
Алматыда жүре берудің жөні жоқ еді. Пәтерші орыс кемпірінің үйіне түнеп,
ертеңгісін бір кесе айранға нан турап жеп, шиқылдақ жаман үстелін иемденіп, бас
газетке қазақ ұлтының харизмі туралы мақала жазуға шұқшиған. Мақала жақсы шықса
үлкен газетке ұсынып,  қабылдаса  - 
алдын-ала қаламақысын алып, сол қаржымен алла жар болса Астанаға жол
алуды ойлаған. Қайтсе де бұл қаладан кетуге бекінді.
            Өзінен
бұрын да ұлы дегдар адамдар өмір сүрген. Ерте дүниенің дәрігері Гиппократ кісі
мінезін холериктік - шаппа-шап, сангвиникалық - ұстамды, флегматикалық - ойшыл,
меланхоликалық - бойкүйез деп төртке бөлген. Ғасырлар өте мінезді қалып, таным
ұғымымен ауыстырушылар болды. 20-ғасырда доктор Карл Юнг адам аурасын: ойшыл,
әсершіл, түйсікшіл, сезімтал деп төрт тарауға бөліп қарастырды. Соңғы кезеңде
оқып танысқан Исабель Майерс сол адамдарды билік құрғыш, соңына жұртты ілестіре
білетін, өзгені қоштай жүретін, мақұлға көнгіш деп тағы төрт топқа бөледі.
Қазіргі тәуелсіздік жағдайында қазақ көші қай бағытқа бет түзеді, дәстүрдің
озығы бар, тозығы бар дегендей, сол көшке ілесе алатын мінез қалыбымыз қандай,
жол-жөнекей көштен түсіп қалып, ұлтымызға керексіз болып жатқан тозыңқы
дәстүрлеріміз қайсы! Деген көкейкесті сауалдарға жауап бере отырып, ұлт ретінде
қазағымызды келешекте қай белестен іздеп табуға болатынын байыптаған мақаланың
қызығымен күн батқанын, кемпір келіп шам жаққанын байқамай аш күзенше бүгіліп
отыра беріпті.
            - Сынок,
проголодался наверно, приготовила чай, - деген кемпір даусынан селк етіп оянды.
            Кемпірдің
шағын дастарқанына келіп тізе бүкті. Қара наны қатып қалыпты, маргарин майын
бетіне жағып, өкпе-бауырдан жасаған ливер колбасасын талғажу жасап, малжаңдап
отырып шай ішті.
            - Баяғыда,
студент кезімізде осы ливер колбасасы майы
шығып, таңдайға теуіп тұрушы еді, осы күні дәм-сөлінен
айрылған бірдеме, - дейді Шұғайып.
            - Все
хорошое - пропала, сынок, все нехорошое - завалено, сынок, - деп орыс кемпірі
қатқан нанды кеміре алмай шайға салып жібітті.
            Ертесіне
жазып әкелген мақаласын үлкен газеттің бас редакторы оқып шығып, сол заматында
қолқа салды. Көзінің асты көгіс тартып отырған бозбалаға жымия қарады.
- Бізге жұмысқа келсеңші.
- Жоқ, қала алмаймын. Астанаға жүремін.
- Астанада өзіңді күтіп тұрған қызмет бар ма сонда?
- Жоқ, әйтсе де бұл жерде қала алмаймын.
- Айып болмаса себебін сұрауға бола ма?
- Менің мінезім сілкініске лайық. Бірсыдырғы жүрсем жабы
секілді, ерім мойныма кетіп, я бір нәрсені бүлдіріп тынам, я қырсыққа ұрынам.
Осы отырысымда қырсықтан әзер құтылып, ес жия алмай отырған жайым бар.
            - Мейлің
білсін. Сендей қаламының ұшына жын-пері түкірген журналисті іздеп шаршағаныма
неше жыл болды. Сенің иығыңда бөгде көзге көрінбей, жүр-жүрлеп, тұр- тұрлап
отырған жын-пері отырған секілді. Алысқа шабатын ат секілдісің. Қырсығынан
сақтаса - әлі талай биіктен көремін бе деп дәмеленемін.
            - Айып
етпесеңіз әлгі мақалаға қаламақы жазып берсеңіз
қанекей. Жолға қаражат қылуға.
            - Басылмаған
мақалаға қаламақы жазып беру тәжірибесі жоқ бізде. Әйтсе де бір жолға сен үшін
тәртіпті бұзайын, - деді де бас редактор қоңырау шалып бухгалтер әйелді шақырып
алды. "Мына кісіге қомақты етіп қаламақы жазып бер, мақаласын жариялаған
кезде ұстап қаламыз", - деп күле сөйлеп, қипақтап кете алмай тұрған
есепшіге қаламақының сомасын көрсетіп тілдей қағаз ұсынды. Шұғайып алғыс айтып,
хайыр-қош айтысты.
            Ертесіне
Астанаға қатынайтын ең арзан тоғызыншы поезға билет алып отыруға қам қылып,
қытай қапқа сықастыра салып алған зілдей кітабын, қолжазбасын вагонға көтеріп
кіргізе алмай жатқанда жас кондуктор көмектесіп жіберді. "Ағай, қабыңызға
қаластырып кірпіш салып алғансыз ба, аяғымды езіп кетті ғой", - деп
жыларман болды. Купесіне жайғасып вагон терезесінен сыртқа көз салды. Біртүрлі
көңіл түкпірі құлазығандай боп:
            "Қош
бол, ақ бас Алатауым", деді іштей күбір етіп, "енді қайтып сені
көремін бе, көрмеймін бе, кешіре гөр, артық айтып, кем түссем!"
            Шұғайыпты
жан баласы шығарып салмады. Баяғыда, студент кезінде, одан кейінгі редакцияда,
академияда істеп жүрген уағында осы вокзалға келіп түссе де, іссапарға шықса да
маңайында қыз-келіншек, бозбала сықасып жыртылып айрылып жатушы еді. Жүгін
өзіне көтертпейтін, кезекке тұрғызып кідіртпейтін. Дәп Екклесиаста жазған уағыздай
ғой. Тасты теріп жинайтын кез бар, кері қарай лақтыратын кез бар. Лақтырылған
тас шығар бәлкім бұл жолы.
            Поезда
селкілдеп келе жатып алғаш рет Президенттің қабылдауында қалай болғанын, не
туралы сөйлескенін қайыра есіне алды. Көз алдына елестетті.
            Жаңа кітабы
жарық көрген бетінде үлкен кісіге бір данасын сыйлайыншы деген оймен
"қабылдауыңызды өтінем" деп хат жазып жіберген. Шет елдік сапарда жүр
ме, әлде мәртебелі құрылтай өткізуге бел буды ма, ештеңесін білмейді,
күнделікті қарбаласпен жүріп аудиенция жайын ұмытып үлгеріпті. Бір күні
қызметтегі жігіттер сабылып іздеп жатыр. Үлкен кісінің көмекшісі:
"Табыңдар, бүгін кешкі он тоғызда қабылдайды", - деп телефон шалыпты.
Кітапхана қуысында көзі кіртиіп әңгіме жазып отырған. Кешқұрым ертерек шығып
шашымды алдырсам, моншаға барсам деп іштей жоспар құрып қойған. Қызметтес,
сырмінез жолдасы жылы хабарды жеткізген кезде сағат кешкі он жеті, моншаға
мүлдем бара алмайды, шаштаразға үлгермейді. Сасқанынан апалақтап қолжазбасын
жинай алмай қалды. "Галстугіңді бере тұр, менікі көнелеу еді", - деп
сол арада жолдасының галстугін сұрап тақты. "Туфлиімді берсем қайтеді,
Италияның туфлиі, таза көн", - дейді жолдасы жігі-жапар. "Әй,
өзімдікі де жетер, үлкен кісі аяғыма қарар деймісің!" "Ендеше
таксимен жеткізіп салайын". "Шығынданып не қыласың, одан да
портфеліңді бер, кітап салып алайын, троллейбусқа отырсам он бес минөтте Ақ
үйдің - резиденцияның тұсынан түсіп қаламын", - дейді бұл көкең.
"Мейлің білсін", - деп жолдасы мұның жағасын, костюмін түзеп, портфелін
ұстатып, аялдамаға шығарып салады.
            Бекер ғана
апалақтап, түймесі үзіле жаздап асығыпты, текке сасқалақтап терлепті. Үлкен
кісінің алды кең болып шықты. Көңілі құрғыр өрекпіп жуғарақта басылып болмайды.
            "-
Саспа, асықпа, апалақтама, қаламгерім, қанекей, кітабың жақсы шығыпты ғой,
құтты болсын, - деп мұзарт шыңның басында отырған Тақ иесі бұл ұсынған жұқалтаң
кітапшаны парақтап қарай бастады. Жүрегі құрғыр алқымына тығылып аузына сөз
түспей, қарадай қауқары қалмағаны".
            "-
Бұрындары бір шығармаңды оқығам. Бояуы мол, оқылуы қиын, суретпен жазады
екенсің!"
            "-
Енді мына тәуелсіздік туралы жазсам деймін. Қиын тақырыпқа қарадай ұрынып
жүретін ауруым бар".
            Тақ иесі
мұның жүзіне қарап майда жымиып күлді.
            "-
Жазушылар кітабымыз шықпайды, шыға қалған күнде оқырманға жетпейді, нарық
заманы есімізден тандырды деп жылайды ма, қаламгерім".
            "-
Жылап жүрсе - жылайтындай бар, көбінің пәтері жоқ, ақша табу амалын білмейді,
капитализмнің көк мұзына жалаңаш құйрығымызбен топ ете түстік емес пе. Нарыққа
бейімделе алмай жатырмыз".
            "- Тезірек
бейімделу керек, - деді Тақ иесі, - қаламгерім, қаламды кәсіп еткен бауырларға
айта бар, гөй-гөйлеп жылап мүжіле бермесін. Қажыр-қайратына сүйенсін.
Мемлекеттің әзірге бөліп беретін ештемесі жоқ, тонау, ойрандау майданынан осы
жаңа әлгіде шықтық. Өз қамын өзі жесін. Тәуекелшіл, жүрегінің шамы мол жандар
менің анық үмбетім. Солардың ниетін, тәубасын қабыл көремін".
            Басқа да
ақылды сөз көп айтылып еді, біразы есінде қалыпты, біразын ұмытып үлгеріпті.
Бір байқағаны - мұнымен сөйлескен кезде Президент жарқ-жұрқ етіп жоталанып,
ерекше сипат танытып нұсқаланып отырды. Аузының дуасы бар ма деп қалды.
Әшейінде айтыла салатын қарапайым сөз, сөйлем Тақ иесінің аузынан шыққанда
сұмдық салмақты, жүректің шамын жағатындай қызулы шығатынына тегі қайран!
            «- Біздегі өнер
адамдары, әсіресе жазушылар баяғы социализм дәуірінің масылдық мінезінен арыла
алмай жүр. Бір кезде қоғамға еңбегіміз сіңген, енді нарық, капитализм дегенді
білмейміз, қамқорлық жаса, кітабымызды бас, қомақты қаламақы төле, төріңе шығар
деп жөнсіз шалқаяды. Әркім рынокқа қабілетін, миын, қажырын шығарып қана күн
көретінімен шаруасы жоқ,» - деп көзге көрінбейтін нүктеге үңіліп ұзақ ойланып
отырып қалды. Шұғайып шындық аулынан алыстап шыға алмады.
 « - Қолыңыздағы
кітапты басып шығарған баспа директорына қаламақы төле деп қиғылық салыппын.
Қазір ойласам - ұяламын. Енді тек қолдан-қолға тимей оқылатын кітап жазуды
ойластырамын. Қабілетімді, дарынымыды қиынға саламын».
            «- Кейде
қиындатып жазатындарың қалай?»
            «-
Мәртебелі Президент, әдебиет майданы мына ғылым секілді кешегі ғасыр
ортасындағы сөйлеу мәнерімен жазсақ - оқырман күлер еді. Оқырманды алға
жетелейтін, биікке көтеретін, білгізе түсетін келісті көркем ырғақ машықпен
жазғың келеді. Бұл өз-өзіңді қызықтау емес, өзіңді де, өзгені де үзбей алға
сүйреп жетілдірудің төте жолы ғана!»
            Президент
«иә солай ма» деген кісіше жанарын кең ашып, басын изеді, сағатына қарады.
«- Сізден сұрайын деп жүрген сауалым бар еді, мәртебелі
Президент.»  
            «-
Сұра-сұра, бұдан кейін көпке дейін аудиенция бере алмаймын.»         
            «- Сіз
жұтқан ауамен тыныстап, сіз жүргізіп жатқан реформаларды жұртқа түсіндіргеніме
шексіз бақыттымын. Өзіңізбен тұстас, тағдырлас болғанымды әрдайым мақтаныш
етемін. Қазақта өмірі түгесіліп бара жатқандай болып шаруа істейді деген сөз
бар. Кейде көзіме өзіңіз, бейне, өмірі өтіп бара жатқан адамдай шаруа тындырып
жүргендей көрінесіз. Дұрыс түсініңіз! Әрбір басқан қадамым болашаққа арналады,
енді бұл іске қайта айналып соқпаймын деген кісіше өліп-өшіп ұмтылып, ұрынып
істейсіз. Осының қажеті бар ма?»
            «-
Сауалыңның жауабын өзің қайтарып отырсың. Әр істі қайта айналып соқпастай,
тарих бетіне жазылардай өліп-өшіп істемеген соң барақаты болмайды, еш нәтижесі
көрінбейді. Тегінде өзімді-өзім өртеп, күйіп-жанып жүріп шаруа тындыру
тегімнен, қан қызуымнан ілесіп келе жатқан мінез бе деп ойлаймын. Әркім өз
тағдырын өзі құрастырады.»
            «- Рахмет,
мәртебелі Президент!» 
«- Хош болып тұр! Әлгіде түскен суреттерді көмекшімнен сұрап
аларсың- деп Президент қарсыласып отырған орнынан түрегеліп, қол беріп
қоштасты.»
            ...Дүрсілдеген
поезд жүрісі Шұғайыпты естелік әлемінен ажыратып, қарапайым жолаушы кейпіндегі
кейіпкерді осы мына қазіргі күнге, 21-ғасыр белесіне қайыра алып келді.
            Адам
өзгерейін десе оңай. Кешегі атағы алып таудай, жазғанына, тірі сөзіне хан
қайрылып сәлем беретін, ойын бөлетін дарынды жазушы кейпінен ауысып, қолында
қытай қапшығы, қайыс портфелі, жол азабын көріп жүдеген жолаушы кейпіне қайыра
түскені. Поезд жаман селкілдегені.
            Қытымыр
ақпанның басында Астананың темір жол вокзалынан келіп түсті. Сабылған кісі аяғы
мол. Қыламытып қар жауып, жаяу борасын үдей соқты. Әш-пүш дегенше етегі түріліп
дүрілдей билеп түске жақын анық жынды боранға ұласты. Бет қаратпай екілене
соғады. Вокзал маңынан арзан пәтер тауып, бой жылытты.
            Арзанның
сорпасы татымас деген рас болып шықты, баяғы Хрущев заманынан қалған бетон үй
суықтан үңірейіп, есік, терезесіне қырау қатып, тісі тісіне тимей сақылдады-ай.
Астындағы матрацты алып көрпесінің үстіне жапты, қаңылтыр пешке көмір салып
өртеп жақты. Боран үйге ене алмай, есік-терезені тырналап аш қасқырша ұлыды.
Несіне жасырады, Шұғайыптың былайғы өмірі үңірейген, үрпиген, үдей соққан
ұйтқымалы боранға ұқсады, жаурағаннан тісі тісіне тиіп сақылдады. Көз жанары
күлге ұқсап, жағынан боздағы шықты.
            Боранға
ұқсағаны емей немене, таң бозынан төсегінен тұрады, қырынады, жолай бұрыштағы
асханаға бұрылып асығыс тамақтанады. Алматыда қалған жылы ошағын, жаны қалмай
күтетін таныс қызын ойлайды. Түске дейін қағаз жазып, компьютерге теріп,
қатесін түзетіп аш күзенше бүгіліп министрлікте отырады (Мәдениет, ақпарат және
спорт министрінің кеңесшісі), түс әлетінде күйіп тұрған тақырыпқа бұрқыратып
мақала жазады (әдеби журналға әдеби қызметкер), Президенттік мәдениет
орталығына бұрылып қағаздарға қол қояды (мұнда қор сақтаушысы), келіп түскен
жәдігерлерге ғылыми сыйпаттама жазады (музей директорының өтінішін жерге
тастамайды), кешқұрым архив комитетіне соғып мамандарға лекция оқиды (мұнда
жарты ставкаға лектор), тілдерді дамыту комитетіне телефон шалады (мұнда
төралқа мүшесі), тағы ұсақ-түйек шаруаларын бітіріп, үйіне бұрылып,
табалдырықтан аттағанда - аяғы аяғына шалынысып төсегіне гүрс құлайды. Шай
қойып ішуге мұршасы жетпей, кірпігі әзер-әзер қимылдайды. "Ертең де күн
бар, - деп ойлайды, - ертеңгі шаруа бүгінгіден он есе қауырт, үш есе ауыр, әл
жинап алмасам үлгере алмаймын!.. Әй, ана министрдің қабағы түнеріңкі, жазып
берген баяндамасына көңілі толмаса өстетін, қазір күліп тұрып, аяқ астынан
нілдей бұзылатын әдеті. Ертемен тұра салып селкілдеп жүгіріп министр жұмысқа
келмей тұрғанда әлгі жазылған баяндаманың үстінен қайыра қол тигізіп, жұтып
қоярдай етіп құлпыртып, қайта теріп, қолына ұстатпаса бар ғой - мемлекеттік
қызмет хош болып тұр, әләулай дей беріңіз!"
            Өстіп жатып
ұйқы ұйығына шым батқанын білмей қалады, өстіп жатып ертеңгісін шошып оянады.
Кешегі карусель - айналма дөңгелек қайта айналады. Дүниеде қолға алған ісіңнің
оңға басып, сәтімен біткені - жарты байлық. Қалған өміріне жетерлік жарты
байлықты өстіп тыпырлап, тырбанып жүріп жинап аларын іштей сезеді, содан әзірге
азға шүкіршілік етеді.
            Мұхиттың
арғы жағынан, АҚШ елінен үш бірдей президентке ақылшы, кеңесші болған, екі
президенттің баспасөз хатшысы қызметін атқарған, кешегі КСРО секілді алып елдің
кемесін шайқап, түбін тесіп, су түбіне жіберген сәуегей саясатшы Бзежинский
мырза -
            "тиісуге
қара таппай",
            "телесұхбатқа
тіл безесуге қайсың бар деп",
            "мүйізіміз
қағылғанша сүзісеміз деп",
азуын айға білеп Астанаға келіпті дегенді есіткен кезде мына
Шұғайып арзан асханада суып қалған бәліш жеп, түйілер шақта артынан қара шаймен
итергілеп, қылғынып, жанарынан жас ыршып отыр еді. Әлгі Бзежинскийдің радио
арқылы төндіріп айтқан айбатына намыстанып қалды... осы отырған жерінде, суып
қалған қара шайын былай ысырып сап... несі бар!.. айтысса - айтысамын, тіл
безессе - тіл безеймін, еш тайсалмаймын деп өре түрегелді. Жылдам есеп
айырысты. Асханадан шығып автобусқа отырып селкілдегеннен селкілдеп орталық
телестудияға жеткені есінде қалыпты. Бас редакторға куәлігін көрсеткен. Арғы
жағындағы оқиға осы хикаяттың бас жағында баяндап шыққандай желіде өткені рас
еді.
            Теледидардан
сол сұхбатты Үкімет басшысы көрудейін көріпті. Шашы сиреген, жағынан боздағы
шығып жүдеген, көзінің асты көлкілдеп іскен бозбаланың орысша, ағылшынша боз
жорғаша тайпалып жан баласына дес бермей, әрі-беріден жанары шоқтай жанып,
мұхиттың арғы жағынан жеткен сұңғыла саясатшының өзін бұрышқа тықсырып апарып
тірі сөзімен оңбай сүріндірген кезде... риза болып!.. насаттанып!.. қайран
қалып!.. көмекшісіне бұрылып: "Әй, ана жігітті шақырыңдаршы!.. Күні ертең
сөйлесейін!.." - депті Премьер-министр. Сол мезеттен, бір пәсте Шұғайыптың
бағы жанып, ырзық-несібесі көтеріліп шыға келді. Премьер-министр кеңсесіне
қызметке ауысты.
            Есінде
қалғаны, қыс айының ішінде кәдімгідей күн күркірегені, сол түні талығып жатып
ұйықтаған еді, тау басына өліп-өшіп тас домалатқан Сизиф түсіне енгені. О,
құданың құдіреті дегені!
            Билік
шыңындағы Премьер-министр - осы шығарманың кейіпкері рөлінде, қарапайым кісі
қалпында көз алдымызға келе қалғаны. Есіл өзенінің сол жағалауындағы
қарашаңырақта, қос қабатты жұмыртқадай жылы үйде, екінші қабаттағы жатын
бөлмеде, түнгі бестер шамасында шырт ұйқыдан оянып кеткені. Әуелгіде неден
оянғаны есінде қалмапты. Үлкен әйнектен құйылған ай сәулесі бөлме ішін
жарқыратып жіберіпті. Ұйқы құшағында жатқан зайыбын оятпады. Төсегінен сырғып түсіп,
шарқайын сұғынып, түрегеліп терезе алдына тақады.
            Аспан асты
төңкерілген мешіт күмбезі секілді. Тым жарықтан керней шалғандай әлдебір аңның
азынаған үні естіледі.
            Өзін биік
шың басына шыққан альпинист секілді сезінгені, басы айналып, аяғы тайып терең
шыңырауға құласа ғой, жан баласы сүйегін теріп ала алмайды. Қанша нық тұрмын
дегенімен көкірегінен көлеңке үрей жуылмайды. Биіктің өз үрейі. Бейне көзге
көрінбейтін, жүрекпен ғана сезіп-білетін лүпіл қақтырған тосын күш, тосын
ырғақ.
            Ауладағы
шырша ақ қар, көк мұзға оранып мүлги қалған. Әлгідегі азынаған үн тағы
қайталады, денесі тоңазығандай сезіліп, қалш-қалш тітіреді.
            "Уа,
жаббар ие, жүрегіме тиянақ, шүкіршілік сіңіре гөр" деді ерін ұшымен
күбірлеп. Көріп жүрміз: жүрегінің тиянағы жоқтарды. Бүгін дауыл көтерген мұхит
толқыны секілді айғыржалданып... алпауыттанып... жолындағыны жайпап дүрлігіп
келе жатса, келесі күні жайдақ судай жылап ағып, жылымшылап қалады. Жүрегі
тайғанақ кісілер түбі бір қатерге ұрынады.
            Кейіпкеріміздің
тәубасы мен шүкіршілігі бір басына жетеді. Бір кісі таққа отырса, қырық кісі
атқа мінеді. Жақындары әуелгіде ашкөзденіп, бірі мұнай құбырларын төңіректеп,
жіліктен май сорғандай семіріп, алпауыт атанды; екіншісі атбегілікті кәсіп
қылып, дүниедегі бәйгеге шабатын жылқының аяқтысын удай қымбатқа сатып алып,
жарата бастапты; үшінші жақыны жылжымайтын мүліктің құнды қағазын басып қап,
сұмдық айналысқа салыпты, өсімқор атанды... болдым, тойдым дейтін бірі жоқ...
"Қой, ә, тәубаға келіңдер!.. ақшаның соңына түсе бермеңдер!" - деп
әлгілерді қызметтен қуып, тәубасын еске түсіру қалды. Эйфель мұнарасынан ешбір
кемдігі жоқ әдемі тұғыр орнатуға тәуекел етті. Сәулетшілер сұлба-суретін салып
әкелген алмағайып алып тұғырды сызып тастап, Президенттің өзі сызған, самұрық
ұя салған, ертегіде төгілдіріп суреттеген дарақ сұлбасын қолдады. "Ақ Орда
резиденциясын Версаль секілді етіп салайық" десті ақылшылар,
"жо-ға", десіп, дөң үстіне 28 ұстын-тіреуіш қоршаған Ақ Орда
ғимаратының нобайын сызған Президенттің жобасын қорғап, қолдап алып шықты.
Жүрек басынан шүкіршілік уайымы кетпеді. Жарамсақтар алды-артын орап:
суретіңізді теңгеге, оқулыққа, картаға басайық десті: "Қой, ә, шайтан
болып шатастырмаңдар", - деп олардың бетін қатты айтып қайтарып тастады.
            Терезе
алдында ой теңізінде малтып тұра берер ме еді. Алыстан әлде аң, әлде
адам-азыната керней шалғаны. Селт етіп оянып манағы Протокол хатшысы Өтегеннің құлағына
сыбыр еткен сөзі есіне оралды. Елеусіздеу ғып айтты, әйтсе де әлгі неме жіпке
байланған Домокл семсері секілді, үзіліп кетсе-ақ әлденеше адамның өмірін
қиятын қатерлі сөз айтып үлгерді.
            - Мәртебелі
Премьер, кешегі тікелей теледидар арқылы сұрақ-жауапта айтып қалған жалғыз ауыз
сөзіңізге оппозиция өкілдері қадалып жабысқаны жабысқан, сол сөзге түсінік
бермеген саяси кеңесші кінәлі, - дейді сұп-суық етіп.
            - Ол қандай
сөз?
            -
Бұрын-соңды қазақта шегара болған ба еді деген уәж, сол... шегара... деген
сөздің алдына "заңдастырылған" деген сөзді қыстыра кеткеніңізде ғой -
құда да, құдағи да тыныш болатын еді. Енді мына іштегі жау ұлардай шуласа,
сырттағы Ресей либерал демократия лидерлері "құдайымыз берді, бұрын
қазақияда шекара болмаған" дегенді Премьердің өзі айтты" деп алақанын
ысқылап дуылдатып әкетері кәміл. Бәріне кінәлі - ішімдегіні тап деп ешқашан
шешілмейтін кеңесшіңіз! Шұғайып есімді кеңесшіңіз.
            - Ол неге
шешілмейді?"
            - Шешілетін
жерде шешіледі, шешілмейтін тұста үндемей өлтіретін тірі жұмбақ.
            - Ол неге
тірі жұмбақ?
            - Бәлкім
әлдекіммен ауыз жаласқан, бәлкім көздеген нысанасы тым алыста. АКШ-тың ақ
қарғасы Бзежинскиймен әмпай болып шыға келгенінен қорқамын. Сосын мына бір
қағаз түсті қолымызға!...
            - Ол не
қағаз?
            - Қызмет
басқышында ешкімді аямайды депті. Бұрынғы Алматы мэрінің қызына үйленіп, тасын
өрге домалатқан. Мэр қызметінен қоштасқан күні бұл көкең де қалыңдығымен
қоштасыпты. Енді Астана мэрінің қарындасына тор құрыпты, басын айландырыпты.
Мейлі ғой, пайғамбарға ұқсап үш қатын алса да өз еркі. "Ішімдегіні
тап" деп тымпи ойнаған кісіше сағаттар бойы көзге көрінбейтін нүктеге
қадалып отыратыны шошытады.
            - Сөзі
мірдің оғындай тегі!
            - Сол сөзді
сіздің хұзырыңыздан, абыройыңыздан аяп жүр ме деген қаупім бар.
            - Сонау көз
ұшындағы көл табанында сүрініп жүрген жерінен демеп, көтеріп, Хантәңірі шыңына
шығарып едім, аяғым тайып мерт болам деп қорықпай ма сонда?!
            Премьер
осыны айтып ойланып тұрып қалды.
            Өтеген
сөзді әрі қарай созбады, үлкен кісінің көңіл түкпіріне көлеңкелі күдік
енгіздім, іншалла, со да жетеді деп ойлайды, әлгі көлеңке ұлғая келе жер
дүниені дүбірлеткен ұлы нөсерге айналуы кәміл.
            "Іншалла
ақырын аяңдап жүріп алдымда көлденеңдеген бұл сабазды да ойға домалатып
омақастырам" деп ойлады. "Кеше ғана азуын айға білеген энергетика
министрін омақастырдым, алдыңғы күні үлкен университеттің ректоры алшаң басып
жүрген жерінен аяғы аспаннан келді" деп айызы қанған Протокол хатшысы
Өтеген.
            Үкімет
басшысының жанына көлеңкеше жылжып келуі қандай жылдам болса, жылыстап кетуі де
соншалық тез. Әлдебір қағазды алдына үнсіз жайып, әлдебір қағазды іздеген болып
осылай сипақтаған күйі жылыстап жоғалады. "О, құданың құдіреті" деп
ойлаған Премьер аспанмен таласқан Хантәңірі шыңының басына шыққан альпинистке
ұқсап. "Шыңның үсті дүлей жел, алақұйын алапат қар, төбедегі төңкерілген
аспанды көзден таса қылып жіберіпті. Қолтығынан, қойнынан жұлқа тартып, аяғын
тайдырып түпсіз терең шыңырау түбіне құлатып жіберердей ме".
            Биікке
шыққан кісіні биіктік дерті шалады. Бірі табан астындағы терең шыңырау,
екіншісі сол тереңге жұтылам ба деген тілсіз үрей меңдеген кісі ашушаң әрі
айнығыш. Тұла бойы қалш-қалш тітіреп, жүрегін қатал мінез меңдейді. Меңдегені
емей немене. Елес келді. Жетінші ғасырда өмір сүріп, батыр Тоныкөк, батыл
Күлтегін тарихын қашаумен тасқа ойып жазған бітігші шебер тасты шыр айналып
қолы әбден талған кезде тас қашауы бір жаққа, балғасы бір жаққа ұшып шалқасынан
құлайды екен. Сол баяғы бітігші шебер мөлдіреген көк аспанға қарап жатып:
            - Тастағы
жазуым мың жылдың үдесіне ілінер ме,          көкірек
ара күрсінгенім болашақ буынға естілер ме,       қолымның
дірілі, жүрегімнің   лүпілі тасты жарып
біреулерге бағдаршам болар ма - деп үнсіз, әлсіз кірпігі қимылдап жатып жан
тәсілім етеді ғой. Әлгі киелі орынның шырақшысы шаруасы біткен бітігші шеберді
ұстын тастың түбіне терең қазып көмеді екен. Бұл баяғы бабадан жеткен көне
әңгіме.
            Әйнек
алдында ой кешіп тұрған Премьер жайлап басып кері шегінді. Жатын бөлменің есігін
жауып, жұмыс бөлмесіне өтті. Үстел үстіндегі шамды жағып, жұмсақ орындыққа тізе
бүкті.
            Тәуелсіздік
тұғырын терең қазып орнатып, боран алмастай, жел шайқамастай етіп жан алып, жан
бергендей киын-қыстау кезеңнен елінің керуенін жүргізіп жіберіп ұлы сорапқа
түсірген кезде - шешілетін жерде шешілмейтін, көмек беретін жерде Премьерге
қолын созбай қоятын, аузына тірі сөз салатын кезде - үнсіз қалатын әлгі
Протокол хатшысы Өтеген мегзеп айтқан күдіктіні... үндеместі...   үйдей  
пәлені... періште   пішінді   момақан қуларды маңайымнан қусам қайтеді деп
тағы толқыды. Соларсыз-ақ таңы атып, тауығы шақырсын! Жәркеленшіп жетеді-дағы.
Өзіне-өзі келіп алған соң - сол немелер жертәңірісіп шыға келеді. Танымастай
болып өзгереді. Қой терісін жамылған қу жалғыз Шұғайып болса қанекей, көрер
көзге қой аузынан шөп алмас боп көрінген, шындығын ішіне бүккен шұғайыптар
маңайында шаш етек шығар. Дүлей дауыл боп соғатын мезгіл кеп қалды ма!
Опасыздар мен жәркеленшіге маңайында тізе бүгер көлеңке жоқ!
            Осы мезет
Премьер үлкен әйнектің арғы жағындағы түпсіз терең ашық аспанға назар салды.
Жел басылып, жымыңдаған жұлдыз өріп шыға келді. Жұлдызды аспанға қараса тынысы
кеңіп, қиялы қанаттанып асып-тасатын қашанғы әдеті. Ой-хо-о-ой, дөңгеленген
дүние-ай! Кеңдігіңе болайын, мына қапырық бөлмеде елінің ертеңін ойлап,
болашағына басқыш қойып, бір шаруасын тындырса - арғы жағынан көк шөптей
қылтиып көрінген мың шаруаның үдесіне шығамын деп үңірейіп үңілген түнгі үкідей
отырысы мынау ғой! Жаңа әлгіде Протокол хатшысы Өтегеннің сыбыр-сыбыр сөзінен
бықсып жанған кеудесіндегі ашу-ызасы мәселенің түбіне тереңдеп бойлап, ой
ішіннен ой терген сайын бәсеңсіп, сап-сап басылып, кәдуілгі дегдар, дана
кісілердің сабырына жүгініп ақыл ауылына қайта ауысты. Баяғы кісілік қалпына
қайта түсті.
            Ақыл ауылы
- ат шалдырып, түстеніп, аяқ суытып алып, ары қарай желе жортып жөнеле беретін
көкесінің қонысы емес. Баяғы сегізінші атасы Бөгенбай батырдың қасиетінен
үзілмей келе жатқан қан түйіршігі - хромосомның ерекше белгісі, оң жағынан
берілер амалы, тек бүлкілі, ғайыптың сездіруі. Ана аспан әлемінде жымыңдаған,
жер бетіне жіп сәулесін жөнелтіп жатқан мың сан шырақтың кіндік ортасы -
дөңгеленген дүниенің бір бұрышында малдас құрып отырған шырақшысы секілді
сезінеді өзін. Шырақшы болмағанда несі қалды? Жұрт ұйқыда, маңай жым-жырт,
төбесінде төңкерілген аспан мынау, қайтсем алаштың ат үстіндегі бір қызметіне
жараймын деп өзінің шам түбінде үкіше үрпиіп отырғаны мынау!
            Қолына
қалам алып Тәуелсіздік ғимаратының ойға алған нобай-нұсқасын осылай жобалап
сызсам қалай болар деген оймен ақ қағазға түсіре бастады. Көз жанары жасаурап
алдындағы ақ қағаздан өзге түк көрінбей кеткені. Құлағына тым жырақтан тосын
гуіл толады. Кел-қайт, кел-қайт, әбі-тәбі көңіл күйі боран күнгі адасқан
жолаушыдай әр жобаға бір салып қатты ұрындырғаны. Әуелгіде Тәуелсіздік алып тау
болып елестеді. Кәдімгі мұхит тереңінен жарып шыққан жанартауға келеді.
Жанартау - тайфун дүлейін туғызатыны белгілі. Қайығына, кемесіне жармасқан
үлкенді-кішілі тұлғалар, мемлекет қайраткерлері қайтсе де толқынға жұтылып жоқ
болудан қорқады, жандалбаса әрекет етіп, қайығын қиынға салып, ескегін құлаштай
есіп әлгі Тәуелсіздік жанартауынан алыстап кетпеуді ойлайды, күйіп-жанып
өртенуден сақтанады, күйіп-жанып жүріп сол таудың жылы етегінен жайлы орын
табудың қамын жейді. Ғимарат сұлбасы баяғы Вавилон мұнарасына ұқсап кетпеді ме
осы деп бұл көкең тағы жүрексінеді.
            Осыдан
біраз бұрын Астананың кіндік ортасына орын тепкен Президенттік мәдениет
орталығының дөңгеленген алғашқы нобай-нұсқасын қадалып отырып Президенттің өзі
сызды. Есілдің сол жағалауындағы ертегідегі самұрық құс ұя салған алып дарақты
елестетіп Бәйтерек мұнарасының сұлба-суретін үлкен кісінің өзі жобалады. Ақ
Орда резиденциясының құрылыс қалыбын, салтанатын қиялынан шығарып, сәулетшінің
көз алдына елестетіп өз аузымен тәптіштеп айтып берді.
            Енді
міне... түн жарымы ауған тыншу мезгілде... ұйқыдан безіп... ойдан ой өргізіп...
кейінгіге мирас етіп, тақ иесіне еліктеп, Тәуелсіздік кешенін жобаға
түсірмекші. "Келер ұрпақ, өзің ұқ!.. өзің зерделе!.. қолымыздан келгені осы
болды!" - деп аманатын өткізіп құтылмақшы. Ойлап-ойлап тапқаны:
Тәуелсіздік сарайының сыртқы тұрқы я мұхит астынан, я сайын сахара төсінен
жарып шыққан жанартауға ұқсамақшы; ішкі тұғыры - алаштың ат үстіндегі жортуылы;
қабырғасына ұлтының ұлы уайымы ойып жазылып, қобыз сарыны сарай ішінде үзілмей
бебеулемекші.
            Ұлы уайым -
адамгершілік мұратты ұмыттырмайды.
            "Таптым
нобай-нұсқаны!" - деп Премьер өз-өзінен дауыстап жіберді. Маңайынан қол
үзіп ақ қағазға үңіліп отыра беріпті.
            Үй іші
түгел ояныпты. Жарық жағуға, аяқ басуға қымсынып, тырс еткен дыбыс шығармай,
сүттей ұйыған қамсыз тіршілік қалыптарын жаңа сезді. Жүрегі құрғыр жұлқына   соғып:  
"Таптым!   -   деді, 
-   алаштың   бір қызметінде жүрген адаммын, мына ғимараттың
өмір жасын ұзақ қыла гөр!
            Үй іші
көрер көзге дүрілдеп кеткендей көрінді, дүние дүркіреп тұрғандай сезілді. Ой,
пәлі-ай! Шың басына шыққан адамның жүрек басына ұлы тәкаппарлық сезімі
құйылады. Құран кәрімде «тәкаппарлық - Алла тағалаға теріс» деп жазылған.
Біздің мегзеп отырғанымыз: жай тәкаппарлық емес, бәрінен тұғыры биік,
пендешілік күйкі тірлік, бықсық ойдан ада, тұлғаға ғана бұйыратын - ұлы
тәкаппарлық қасиеті, ілуде біреуге қонатын текті мінез ғана!
            «Ендеше
төмендегі ойлы Протокол хатшысының сыбыр-күбіріне құлақ салып, ойымды бөлім неғылам»
деп іштей бекінді Үкімет басшысы, ауыз жаласқан... қулық ойлаған... қала
әкімінің қызына емес, портфеліне, лауазымына үйленген... іш есебі мол... тірі
жұмбақ...» деген кәкір-шүкір майда сөздер мен тыңдайтын нәрселер ме тәйірі!
Өткінші желдің уілі-дағы. Шың басындағы тұлға өгіздей өкірген дауылға ғана
құлақ салады. Тайфун дүлейі секілді мінездерді таңдап, тауып тілдеседі».
            Әр пенде өз
құлқынан, амалынан табады.
            Биіктеуге
құлқы жоқты қаншама білек талдырып, арқан салып сүйрегеннен, жетелегеннен амал
шықпайды, майда адамдар шың басында көп тұра алмайды. Тозаңға ұқсап ұшып
жоғалады. «Биік ойламадың, биікке қол созбадың, биік сөйлемедің» деп қалай
жазғырарсың пешенесіне иректеп төмен нәрсе жазған құлды! Өз обалы - өзіне!
8
Протокол
хатшысы түнімен ұйықтай алмай, жылы жұмсақ төсегінде дөңбекшіп шықты. Басы
жастыққа тисе-ақ қорылға басатын әйеліне ұрысты. Түн ортасы ауа шұбалған
халатын жамылып төменге түсіп, үй қызметшісі келіншекке: «Шай әзірле!» - деп
пәрмен берді. Қаймақ қатқан қою шай жүрегін қақтырып мазасын алды. Шұбалғаннан
шұбалып жұмыс бөлмесіне өтті, жазу үстеліне шөмиді. Қос шекесін қолымен ұстап,
еңсесін төмен салып жіберіп терең-терең күрсінді.
            Әлгі
Шұғайыптың баяғыда ажырасып кеткен келіншегін сұрау салып, сөз ұзартып жүріп,
Алматының бір бұрышынан әзер-мәзер тауып алған өзі болатын. Екі сөздің басын
құрап арыз жаза алмайтын сауатсыз миғұла екен, індете іздеп жүріп жазғыш кісіні
өзі тапты. Ол жазғыш - баяғыда Шұғайыппен бірге оқыған, кейінше жазушы боламын
деп бола алмай қалған, бизнес ісімен айналысып банкротқа ұшыраған, кейінше заң
университетіне түсіп, сырттай оқып диплом алған, арыз жанрына маманданған,
аузы-басы жыбырлаған бейшара бейбақ болып шықты. Қаламақысына жүз доллар алып,
бес минөттің ішінде сол заматында орысша, қазақша арызды сүйкей салды.
            - Мынаны
оқыған кісі Шұғайыпты иттің етінен жек көріп кетеді,- деді әлгі бейбақ.
            Тасқа
басылған жалғыз парақ арызға көз жүгіртіп шыққан Протокол хатшысының төбе шашы
тік тұрды. Арыз шеберінің сөз саптасынан шошынды. Қайдан теріп тауып алған
сөздер десеңші!
            «Шұғайыптың
арғы атасы бақсы болған, әулиеге түнеп жүріп аузы қисайған, әкесінің қаны
бұзылған, психушкада есепте тұрған. Алматы мэрінің бүлдіршіндей ақ үрпек қызы
Шұғайыпқа тұрмысқа шыққан бір жыл ішінде ішінен жидіп семіп қалған, жарымес
нәресте туған... Сөйлеген кезде езуінің көгеріп шыға келетіні... оппонентін
іштен шалып, аяғын басып, дегбірін алатыны... жын иектегеннен...» әләулай әні
созылып еш түгесілер емес.
            - Ау,
көкешім, мына жазғаныңа дерек қажет қой, бұлтартпайтын дәлел, - дейді бұл көкең
парт болып қызарып.
            - Ол оңай!
- дейді арыз жанрының шебері, - жеке клиникасы бар психотерапевт досым бар,
ақысын берсеңіз - «анық жынды» деп анықтамасын жазып, мөр басып қолыңызға
ұстатады. Бұл заманда екінің бірі жынды.
            - Ау,
көкешім, арыз әлгі зар илеп қалған ақ үрпек келіншектің атынан жазылғаны жөн
ғой.
            - Деміңіз
ішіңізден шықпасын, әлгі ақ үрпек келіншек жазып бергенді дұрыстап көшіре
алмайтын кеңкелес екен, қолтаңбасы ұқсайтын ұрғашы тауып қойғам.
            - Қайдам,
осыдан ши шықты бар ғой - алдымен екеуміз құримыз.
            -
Құрымаймыз, көке. Осы жасыма дейін жүз отыздың үстінде арыз жаздым. Қаншама
алғыс алдым. Әлі күнге өзім жазғаным дерек пен дәйектен ши шығып көрген емес.
Мына тұсқа қолыңызды қойыңыз!.. Мына бір қыздың суретіне назар салыңызшы», -
дейді әлгі арыз жанрының шебері беті шылп етпестен. Құлағына тақай сыбырлап.
            - Ия, бұл
қыздың суретін неғылам?..»
            - Өзіңіз
емес пе, өткен жолғы ұшырасуда Денсаулық сақтау министрін оңбай омақастыру
қажет-ай деген... Солай емеурін білдіргенсіз. Ия, ия, сіз айтқан жоқсыз, мен
естіген емеспін. Арамызда тұспал, мегзеу, емеурін ғана!.. Ия-ия, енді құлақ
салыңыз, көке. Бұл бойжеткен Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты шет елден
дәрі сатып алу басқармасында бас бухгалтер болып істейді, үш байдан шыққан,
министрдің үстінен компромат жинауға қазірдің өзінде кірісіп кетті. Сіз үшін,
көке, әйтпесе Астанаға асығыс ұшатындай итім лағып па?..
            - Үш байдан
шықты деймісің-әй? Мына суретте тұнық судай мөлдіреп тұр ғой бұ қыз!
            - Суретте,
былайғы өмірде мөлдіреп жүреді.
            - Сенейін
бе, сенбейін бе, о, тоба!.. мына мөлдіреген бойжеткен ұялмай-қызармай
министрдің үстінен компромат жинап, аяғының астынан ор қазады дегенге!..
            Әңгімені
әрі ұзартып неғыламыз: әлгі Алматыдағы, шеттегі шағын мөлтек ауданда, екі
бөлмені иемденіп, Маркстің «Капиталын» басына жастап ұйықтайтын арыз жанрының
шебері осы тұрған көкеңнен табан астында азын-аулақ қаламақы алды да; ертесіне
Шұғайыптың үстінен жазылған бір бет арыз бен бес-алты мөр басылған анықтама,
дерекнама қағазын конвертке салып қолына ұстатты. Қимай қоштасты. Қоштасарда
көзіне жас алып тұрып: «Көке, келешекте еңбегімді сіз бағалайсыз, сіз
бағаламасаңыз - жан баласы дарыныма, жазғыштығыма, тәуелсіз мемлекеттің
іргетасын берік қаласқаныма еш сенбейді ғой сенбейді. Ал қош болып тұрыңыз! Көп
ұзамай ана Денсаулық сақтау министрінің паштырты бітіп, аллаһу акбарына алақан
жаятын болайық! Оң сапар тілеймін!» - деп есік алдына, күтіп тұрған жеңіл
мәшинесіне дейін ілесіп кеп шығарып салды. Ол пақыр Өтегенмен қол қысысып
қоштасты. Осы оқиға, яғни арыз жанрының шеберімен арада болған оқиға кәдімгідей
көз алдында жатталып қалыпты.
            Протокол
хатшысы жұмыс бөлмесінде отырып көрінбейтін нүктеге қадалған күйі ұзақ сарылды.
Таң бозы біліне бастады. Жырақтан мазасыз ит үні жетті.
            Шұғайыпты
оңбастай етіп омақастырдым деп ойлады Протокол хатшысы - Өтеген. «Енді ана
жертәңірісінген, кірпі шашы тікірейген, шіби қоразға ұқсаған Денсаулық сақтау
министріне сонша неге шүйліктім, оның жолы мүлде басқа, мұның сүрлеуі бөтен
жақта, оның сирағы қара қасқа емес пе, бәтір-ау», деп көлденең сауалға тосылып
қалады. Ойлай берсе - ой түбіне жетер ме!
            «Жарайды,
мақұл дейік... Бұрынғы Алматы қаласының мэрі мұның немере ағасы болатын.
Қаршадайынан бұл көкеңді түкпірдегі ауылдан әкеліп оқытты, шоқытты, күн жағынан
келіп көлеңке болды, жел жағында тұрып ығына алды, ақылын айтты, қалтасына
ақшасын салды, қоймай алыстан арбалап, жақыннан дорбалап сөз ұзартып жүріп
Премьердің іс басқармасына алғызды. Премьердің іс басқармасына жай ғана
нұсқаушы болып орналасқан күні ас та төк той жасап, бір өзі құмыра коньякті
сарқып ішті. Немере ағасы әбден қызған кезде Өтегенді түкпірдегі бөлмеге
саусағымен іліп шақырып, оңашалап ақылын айтты: «Жан баласына сенбе, - деді
көкірегі қарс айрылғандай күрсініп, алыстан орағытып ақылын айтты, - әсіресе
руы бөтен келін баладан сақ бол, қызмет - баспалдақ, Премьер үстелі -
Хантәңірінің шыңы, сол шыңға баспалдақ қойып ұмтыла бер, баспалдақ басқышына
ешкімнің табанын тірегізбе, тірсектен қағып төменге ұшырып түсіре бергейсің».
Мақұл, ләббай тақсыр деп немере ағасының ақылын Құран сөзіндей көреді бұл
көкең. Немере ағасының шариғатымен жүріп, немере ағасының құбыласына құлап,
күндердің күнінде биліктің шыңына тіреген баспалдақтың өрмелегіш Тарзаны болып
шыға келді. Қарап жүріп өлсін бе!
            Немере
ағасының алақанына салып аялап өсірген өрімдей жалғыз әдемі қызын қолға
түсіріп, ит біліп пе, Шұғайыпты торға түсірген... әлде әлгі өрімдей қыз ба,
бәлкім, ол арасы аллаға ғана аян... немере ағасы қызметтен қуылған соң ақ үрпек
қалыңдығынан сырт айналған жазушы жігітті, мұның ойынша карьерист, авантюрист
немені несін аясын!.. аяғының астындағы баспалдақты бір теуіп тайғызып,
шыңырауға құлатып, жоқ етіп жіберуге қам жасады.
            Немере
ағасы  Алматы мэрінің қызметтен қуылған
күйігі бұл көкеңді күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды, қайтсе де ет жақын
туысының кегі мен қарымтасын қайыруға барша күшін салып бақты. «Енді ғой, сізге
өтірік, мына Өтегенге шын - әлгі мардымсыған... менменсіген... танауын
шүйірген... шікірейген Шұғайыпты шыңырау түбіне домалатса ғой шіркін! Сүйегін
табу екіталай болар еді. Сүйегін жинап алғанымен бас айналған биіктен құлаған
адам ешқашан оңбайды, өмір бойына ес жия алмай кетеді!.
            - О ғып, бұ
ғып бұқпантайлап жүріп Премьердің құлағына суық сөз сыбырлап үлгерді. Енді
санаулы күнде авантюрист, карьерист, пантюрист жазушы неменің газеттен
некрологін оқисыз, қадірменді оқырман!.. деп Өтеген алақанын ысқылап шиқылдап
кеп күлді.
            Протокол
хатшысы Өтегеннің ойы осы. Қарсы беттегі айнадан көріп отыр. Әлгі қаныпезер,
кесір ойдан жүзіне қан жүгіріп, әжептеуір иықтанып қалды, қос алақанын тағы
ысқылады. «Қанды басың бері  тарт,
министрім», - деп аузы-басы жыбырлап, қолын созып телефон құлағын көтерді.
Баяғы Алматыдағы арыз жанрының шебері аттай қалап тауып берген нөмірді терді,
бикештің түн ұйқысын бөлдім-ау деп өзін шамалы ыңғайсыз сезінді. Телефон
құлағынан күміс қасық сыңғырындай ұрғашының үні естілді. Министрлікте істейтін
баяғы арызқой жігіт тауып берген бухгалтер бойжеткен осы.
            - Тыңдап
тұрмын, - деді тұнық судай мөлдір бойжеткен, арыз жанрының шебері айтқан сөзге
сенсе - үш байдан шыққан шетелден дәрі-дәрмек сатып алу Басқармасының
бухгалтері. - Ә, сіз бе, ағатай! Құлағым сізде!
            Арғы
жағынан ер кісінің тұншыққан мазаң даусы күңгірлеп жетеді-әй.
- Қазір, ағатай! Оңаша бөлмеге өтіп тыңдайын. Сәл сабыр
сақтаңыз!
            Бұл Өтеген
ойлаған: «мөлдіреген бухгалтер бойжеткен еңгезердей еркекті өңгеріп жатқан
үстінен түстім білем». Бойжеткеннің сыңғыр еткен үні қайыра естілді. Неге екені
белгісіз, тұла бойы шымырлап қоя бергені.
            - Тыңдап
тұрмын, ағатай!
            «Ағатай»
деген сөзді бойжеткен соншалық діріл аралас сазбен, өзгеше нақышпен әнше созып
айтқан кезде - Өтеген осы отырған жерінде талып қала жаздады.
            - Не хабар
бар әлгіден? - деді Өтеген. Тұнық судай мөлдіреген бухгалтер бойжеткен
емеурінді жарты ауыз сөзден түсіне қойды.
            - Денсаулық
сақтау ісіне септігі зор деп шетелден тонналап, арбалап дәрі сатып алумен
әуестеніп кеткен еді әлгі министр. Ненің соңына көп түссең - теперішті содан
көрерсің. Атырау облысына алғызып, сәбилерге егуге босатқан ваксиналар мерзімі
өтіп кеткен болып шығыпты, балабақшада отыз сәбиге еккен екен, отызының да ұйқы
бездері ісініп, ауруханаға түсіпті. Министр плашының етегі жалпылдап жетеғабыл
Атырауға ұшып кетіпті. Кешкісін бір сәби шетінепті деп естідім, ағатай.
            - Ой,
айналайын, аңдыған жау алмай қоймайды! Бетіңнен сүйдім шөпілдетіп!
            Бұл Өтеген
біреуге ор қазып әсерленіп отырып, сәл артықтау кеткенін жаңа сезді, астыңғы
ернін қанын шығара тістеледі.
            - Ағатай, -
деді тұнық судай мөлдіреген бухгалтер бойжеткен, - әлгі вакциналардың құжаттарын
астыртын жолмен алғызайын ба?
            - Алғыз,
алғыз, айналайын!
            Сым ұшынан
күңгірлеген бөтен дауыс естіліп, мөлдіреген бойжеткен телефон құлағын
алақанымен жауып тұрып әлдекіммен сөйлесіп тұрғаны сезілді. Біраздасын барып
тілге келді.
            -
Кешірерсіз, ағатай. Елден келген жездем еді, түн ішінде кіммен сыр бөлісе
қалдың деп қиғылыққа салғаны, қызғанғаны, қайтсін, әпкемнің соңынан құлын
тайдай тебісіп өскен өзімді еркек-ұрғашыдан қызғанып әлек, - деп сықылықтап
күлгені, әлдекім көйлегінің ішіне қол жүгіртіп қытықтап тұрғандай ішек-сілесі
қата сықылықтайды-ай! Бар бол, бар болғырым!
            - Ағатай, -
деді тұнық судай мөлдіреген бухгалтер бойжеткен күлкісін әзер тежеп, -
қаламақыны молынан қоярсыз!
             Деді де телефон құлағын тастай салды. Протокол
хатшысының ашуы бұрқ етіп тұтана жаздап, әзер басылды. «Сайқал неме қалай-қалай
басынады-ай! Білдей мемлекет қызметкерімен, Премьер іс басқармасындағы - үлкен
кісінің аса сенімді адамымен тілдесіп тұрғанымен шаруасы жоқ...
қайдағы-жайдағыны мыжып айдалаға лаға ма-ау, телефон құлағында тұрып сықылықтап
күледі ме-ау!.. Құдайын есіне салып қоймаса болмас бұл бетпақтың!» - деп
сабасына әзер-мәзер түскені. Қан қысымы көтеріліп, шеке тамыры лыпып соққаны.
Әлгі телефон арқылы тілдескен тұнық судай мөлдір бойжеткеннің үні қарап отырып
қанын қыздырды, жанары жасқа толып шыға келді. Шай шәшкесін алып кетуге
бұрылған үй қызметшісі әйелдің білегінен шап берді, өзіне тартып икемдеді. Әйел
ұйқылы-ояу жүріп алғашында дәнеме түсінбеді. Үй иесінің қолы сумаң қағып жұмсақ
жерлеріне тиіп, сипалап, қусырып алып бара жатқанын сезді. «Ойбай, хозяйка
сезсе - өлтіреді!» - деді жүзі өртеніп. «Өлтірмейді... бері келші!..
қазір-қазір!.. есікті іштен кілттеп келейін!..» - деп аяғының ұшынан басып
барып, жұмыс бөлмесінің есігін сырт жапты. Қайыра келіп қызметші әйелді
құшағына көмді. Шамды өшірді. Тынысы жиілеп: «Қазір, қазір...» - дейді Өтеген
өліп-өшіп. «Ау, мырза, жұмыс кабинетінде жантаятын ештеме жоқ қой», - деп
қызметші келіншек үрейленеді. «Ештеме етпейді...естілмейді... түк сезбейді...
тікемізден тік тұрып-ақ шаруа тындыруға болады», - деп үй иесі өліп-талып
өңмеңдейді. Қызметші келіншектің тынысы жиілейді. Сүмек боп терлейді. Әлден
уақытта, қараңғыда, құлағының түбіне сыбыр етеді қызметші келіншек.
            - Кинодағы
әртістерге ұқсадық-ау, мырзам!
            - Тұнық
судай мөлдіреген бойжеткен бе деп қалдым өзіңді, - деді Өтеген.
            Түріліп
кеткен етегін еңкейіп түсіріп жатқан келіншек ештеме түсінбеді.
            Шалқайып
атқан аппақ таңның етегінен сайын даланың төріндегі, төңкерілген көк аспанның
өңір-жиегіндегі жақұт алқадай болып Астана қаласы оянды. Қала суреті Веласкес
сілтеген қыл қалам өрнегіндей мөлдіреп тұр-ау, мөлдіреп тұнды ішінен.
9
Тамұқ
суретіне келетін әрі лас, әрі ауасы тар, бірін-бірі біліп болмайтын ығы-жығы
темір жол вокзалының күту залының түкпірінде, шыңырау түбінің тұрғыны
секілденіп екі жігіт отыр. Бірі поезға мінетін бұрынғы Денсаулық сақтау
министрі, бүгінгі жай ғана жолаушы Жарылғап, екіншісі: жолдасын шығарып салушы
Премьердің баспасөз хатшысы Шұғайып мырза. Жарылғаптың иіні түсіп кеткен,
жағынан боздағы шығып жүдеген, әлсін-әлі алақанымен бет жүзін сипап қойып,
көңілсіз ғана тілге келеді.
            -
Қызметімнен босатар кезде үлкен кісінің өзіммен бір ауыз тілдеспегеніне қапа
боламын. Біріншіден: Атырау облысына мерзімі өткен ваксина әкелген біздер
емеспіз, офшор жолмен сыртты айналып, тексерусіз өткен «Мобил», «Шеврон»
компанияларының тежеусіз бетімен кеткен агенттері, солардың істеген айла әлегі,
екіншіден: мерзімі өткен ваксинаны тексерусіз «сәбилерге еге беріңдер» деп
пәрмен берген облыстық әкімдегілер, соларды түптеп тексеру керек еді. Мәселенің
анық-қанығына көз жеткізбей, бір ауыз сөзге келмей қызметімнен қағып тастағаны
жаныма батады, - дейді бұрынғы министр, бүгінгі жай жолаушы Жарылғап мырза
күңірене сөйлеп.
            Күрсінгенде
көкірегі қарс айрылғандай болады, күту залы жаңғырады. Шұғайып досын шындап
аяды, қолын жігіттің иығына салды.
- Денсаулық реформасының егжей-тегжейін хатқа түсіріп алтын
асықтай етіп парламенттен сүйреп өткізгенің үлкен ерлікке
парапар деп Премьердің ауызға алғаны есімде.
            - Бір ай
бұрын, тәуелсіздікке күнінде сол Премьердің өз қолымен кеудеме медаль қадап
марапаттағанын қалай ұмытарсың! Тәуелсіздікке дінім адал. Ешкімнің ешқашан ала
жібін аттаған емеспін, «Иманды жігіт» деп мақала жазған өзіңсің. Бір жетінің
ішінде нілдей бұзылып пікірі өзгере қалады деп тегі ойламаппын. Нақақтан күйіп
барамын...
            - Денсаулық
сақтау ісіне бір жылдың ішінде сіңірген еңбегің аспан мен жерше, білемін,
түсінемін, - дейді Шұғайып мұңайып отырып.
            - Айта
алмаймын ішім өртеніп барады деп. Осы қазір я осы поездан құлап өлсем қайтеді,
я болмаса қараңғы түнде баукеспенің пышағына түссем қайтеді!
            - Сабыр
түбі сары алтын, сабырыңды сақта, - дейді Шұғайып. Сол екі арада дөңгелегі
дүсірлеп поезд келді. Екі жігіт сүметіліп түрегелді. Ұшқасып-тіркесіп перронға
өтті. Тиесілі вагонға жетіп, есік алдына кідірді. Біразға дейін екі дос
тіл-ауыздан қалып үнсіз тұрды.
            Сөзді
Шұғайып бастады.
            - Арада
көзге көрінбейтін шайтанның әрекеті бар секілді, - деді Шұғайып.
            -
Түсінбедім, - деді Жарылғап.
            - Жазушымын
ғой: жүрегім сезеді. Премьер мен біздің арамызда жанға сезілмей, көзге
көрінбейтін әрекет етіп жүрген арам пиғылды әзәзіл шайтан бар секілді, - деді
Шұғайып мұңайған қалпы, - осы айдың басында, ойда жоқта бұрынғы ажырасып кеткен
әйелімнен оңбағандай сөз жазылған арыз келіп түсті, артынша сол арызды үлкен
кісі оқыпты деп естідім, кім жазды... қолтаңбасы әйелімдікі емес әрине... хат
қалай жетті... бәсекелес, бақталас күншілдердің қолына неғып түсті... шимайлай
салған жалғыз бет қағаз биліктің шың басында отырған Премьерге қалай жетті...
ол кісіге кім көрсетті апарып... бір түйір түсінсем бұйырмасын. Нешеме түндер
ойланып зәулім биіктегі билік иесінің маңайында я ол кісіге, я мына бізге көзге
көрінбей ұшып жүрген шайтан бар ма деп қаламын.
            -
Болса-болар, ендеше менің жолымды тосқан, оңбастай етіп омақастырған сол көзге
көрінбей жүрген бәсекелес, бақталас шайтан болып шықты, - деді Жарылғап жүзін
жылытып. Қоштасқалы қолын ұсынды.
            - Ал өзіңе
қиын сауал қоюға бола ма? - деді ақсиып күле сөйлеп.
            - Қоя бер
сауалыңды, - деді Шұғайып досының ауыр жүкті иығынан түсіргендей сыңай
танытқанына, жүзін жылытқанына шын қуанып.
            - Әлгі
көзге көрінбейтін қыласысын қылып жүрген шайтанның шатағынан шыңырау түбіне
құлап түспей, қалайша аман қалдың?.. Құламақ түгілі мәртебең өсіп, қызметің биіктеп,
Премьердің баспасөз хатшысы портфелін иеленіпсің, осының сырын айтшы, - деді
Жарылғап. Шұғайып ойланып қалды.
            Досының
сөзін әзіл-қалжыңға бұрған жоқ, қайта керісінше, қабағын қарс жауып, маңдай
әжімі тереңдеп ойланып тұрып қалды. Поезд жүруге тақады деп радио дикторы
сарнады. Жолаушының сабылысы жиіледі.
            - Мен
айтсам: мұзарт шың басындағы билік иесі маңайында сабылған пенделердің шайтаны
қайсы, періштесі қайсы - оқта-текте біле жүретін қасиет қонған әулие адам,
маған келгенде әулиелігі ұстаған болар. Өзім солай ойлаймын.
            - Маған
келгенде әулиелігі ұстаған.
            Осы сөзді
іштей күбірлеп Жарылғап вагон басқышына аяғын салып, ішке енді, дәліз бөлмеден
соңына бұрылып, шығарып салған жазушы досына қолын бұлғап: «Ал хош!» - деді.
Көгілдір поезд жылжып жүре берді. Перронда сілейіп тұрған Шұғайып ішкі бір
түйсігімен: мына жол жүріп бара жатқан жолаушы, жас күнінен бір нанды бөліп
жеген жан досы - Жарылғапты енді ешқашан көре алмасын сезді, фәни дүниеден бақи
жалғанға өз қолымен жөнелтіп салып тұрғандай елестеп кетті, жанарына лықсып
кептеліп ыстық жас толды.
            Жанарынан
моншақтаған көз жасы омырауына тырс-тырс тамды.
            - Өзіме
келгенде билік иесінің әулиелігі ұстаған!.. әулиелігі ұстаған... әулиелігі
ұстаған!..
            Қадірменді
оқырман, хикаяттың келесі тарауы Премьердің маңайын шиырлап шауып жүрген шайтан
адам - Протокол хатшысының Денсаулық сақтау министріне неге сонша шүйліккені,
табан тіреген баспалдағын тайдырып жіберіп, шыңырау түбіне қалай құлатқаны
туралы бір үзік сырды саралауға арналады. Ендеше құлақ салыңыз.
10
Билік
биігінің маңайы дүрілдеген дауыл. Я аңдамай сөйлеп қалсаң, я аяғың оқыста тайып
кетсе - құрығаның. Құрыдымға құладым дей бер. Астанада, үкіметте істейтін көп
шенеунік текке шіренеді, олар бейне, бақшалықтың шетінде қарға үркітер тұлыпқа
ұқсап қампайған қарауыл ғана. Ішіне үңіліп, тілдесіп көрсең - әншейін жел үрген
резеңке доп, я болмаса қауқиған қағаз жолбарыс қана.
            Мысалға,
Протокол хатшысы Өтегенді алайық. Аздап доклодной жазатын сауаты бар, шамалап
өлең ұйқастырады. Пушкин, Фет, Мағжанның сүйіспендік жырларын отырыстарда
сұңқылдап жатқа оқиды, көбіне өзінен биік бастықтармен бильярд ойнап ұтылғанды
ұнатады. Жүріп жатқан реформалар туралы тоқетерін айтып екі-үш бет бағдарлама
жазып бер десең үш күн ойланады, төртінші күні мәселенің үстінен қалқып,
бетінен шарпып әзер деп бірдемелер шимайлап әкеліп берген болады. Бұрынғы
Үкімет басшысы бірде жазып әкелген анықтамасын оқып басын шайқап таң қалған
ғой.
            Сонда
Өтеген шыдамай кетіп: «Үш университетті бітіргем, заң факультетін қызыл
дипломға, халықаралық құқық академиясын төрт пен беске, журналистика
академиясын және қызылға бітіргем», - деп айтып қалыпты. Премьер бұл көкеңнің
бір орында тұрмай аунақшыған жанарын ұзақ аңдып ұстай алмай: «Әй, ондағы
оқытушылардың жанын жай таптырмай, қанын ішкен шығарсыз», - депті. Бұл күлерін
де, жыларын да білмей:
            -
Түсінбедім. Қан ішетін қаныпезер емеспін, - де ақталғансиды. Парт болып
қызарады.
            - Енді
мынау не енді? Көк инені көтінен түрте алмайды деген сіз боларсыз, сірә.
            - Премьер
мырза, түк те олай емес. Бұл орынға баспалдақтап өсіп жеткем, қиқымдай
конкурстан, сараптан сүрінбей өткем.
            - Жазған
сөйлемің таяқ секілді сіресіп еш оқылмайды, кебек жегендей қақалып-шашылып ит
рәсуам шықты ғой!
            - Ешбір
қатесі жоқ жазуымның, - деп жан терге түседі ғой Өтеген.
            - Мұндай еш
илікпей, икемге келмей тірідей өлтіретін қатесіз жазудан гөрі адамша ойланып,
адамша сөйлейтін қатесі қаптаған жаны бар сөйлем анағұрлым жақсы. Бұлай ауырдың
үстімен, жеңілдің астымен жүруге болмайды. Күн жарықта басқа қызмет
іздестіріңіз! - дейді бұрынғы Үкімет басшысы.
            Өтеген
қазықша қақайған қалпы өлген жерім осы шығар деп ойлады.
            Түнімен сан
дөңбекшіп көз ілмей шықты. Баяғы Алматы қаласының әкімі, немере ағасы
сүйемелдеп жаны қалмай жүріп демеп, мемлекеттік қызмет басқышына іліктіріп: «Ал
ендігісін өзің турала! Бет қаратпа! Дүниенің бетіне қарама, беретін жеріңе  - бер, алатын жеріңнен - ал», - деп ақыл
беріп шығарып салған. Артынша немере ағасы қызметінен түсіп қалды. Жетім қозы
тас бауыр, бұл көкең қызмет басқышымен жоғарыға жалғыз өрмеледі. Беретін жерге
- берді, алатын жерден - алды, осы орынға өз күшімен жетті. Енді мына көк
соққан алысты шолатын Премьер аяқ астынан жанды жерінен ұстап отыр, көр де тұр,
көп ұзатпайды. Түнімен көз ілмей ойлап-ойлап тапқаны - баяғыда мектепте бірге
оқыған сыныптас құрбысы Жарылғапқа барып жолығуды ойлады. Көп кешіктірмей. Күні
ертең! Үйінен басуға оқталды. Жарылғап - Денсаулық сақтау министрі, лауазымды
қызметке жақында бекіген, қолы жеңіл хирург, әрі денсаулық сақтау ісінің көзге
түсіп жүрген алғыр ұйымдастырушысы. Осы жүрген Премьер-министрдің туған жиені
деп естіген. Мойнына түскелі тұрған қыл тұзақтан бір құтқарса - сол Жарылғап
құтқарады. Көр де тұр! Баяғы мектепте бірге оқыған сыныптас досын жардан құлата
қоймас.
            Осы оймен
төсегінен таңсәріден тұрған Өтеген шала жуынып, ертеңгілік шайын асығыс іше
сап, жеңіл жүйрігін зуылдатып осы Жарылғаптың үйіне салып жетіп келген.
Жарылғап ауызғы бөлмеде жұмысқа жиналып жатыр екен. Қоңырау шалып, асығыс
абдырап, дабдырап еніп келе жатқан Өтегенді көріп қуанбады, керісінше, кірпідей
жиырылып, ит көрген теке көзденіп тесірейіп тұрып қалды. «Ау, таң атпай неғып
жүрсің?» - деді жіңішкере тіл қатып. «Ендеше жүр, - деді Жарылғап,- қызметке
шығып барамын, жүре сөйлесейік».
            Бұл көкең
ойында дәнеме жоқ, Жарылғапты баяғыша көріп, соңынан сүметіле ілесіп шығып, кең
аула төрінде, министрдің су жаңа көлігінің жанында барша мән-жайды төгілдіріп
айтып шықты. Сөзінің соңында терең-терең тыныстап тұрып: «Ана нағашың шындап
қырына алды... құтқар!.. жөнімді айт!.. қимас досым еді, бір жолға кешірім жаса
деп нағашыңның аяғына жығыл!..» - деп дәп осылай селкілдеп сіңірі тартылып
тұрып алды.
            Жарылғап
өрекпіп келген көңілін су сепкендей басты ғой сонда.
            - Араға
түсіп адвокат бола алмаймын, - деді, - ол кісі қазақшылыққа, шылық-былыққа,
ауыз бастырыққа жоқ адам, араға киліксем - керісінше өршіп кетеді.
            - Шынымен
араға түсе алмаймысың? - деді Өтеген өзеуреп.
            - Араға
араша сұрап түсе алмаймын», - деді де, ой пәлі-ай, баяғы сыныптас досы жеңіл
жүйрігіне отырып жөнеле берді. Бұл қалды орта жолда сорайғаннан сорайып. Ішіне
булығып келген ызаның көкала түтіні суи-суи, шөге-шөге, қата-қата кектің сіре
мұзына айналды. Жарылғапқа жаман кектеніп: «Ә, сені ме! - деді, - өле-өлгенше
алдыңнан бір тосып алармын-ау, сені де сүріндіретін зауал шақ табылар!...
            Сөйтіп
жүргенде билік ирархиясында алай-дүлей сілкініс жүріп өтті. Жерді сату,
жекешелендіру мәселесі ұлғая келе парламентте дау ушығып - Премьерге
сенімсіздік көрсетті, аяқ астынан бұрынғы Үкімет басшысы қызметінен кетіп,
отставка берді. Шықпа жаным - шықпамен жүрген Өтеген қайыра жоталанып, биіктеп,
қағаз жолбарысқа айналып шыға келді. Әйтсе де Денсаулық сақтау министрі
Жарылғапқа деген жүрек жарасы, іштегі улы ызасы жазыла қоймаған болатын. Сол
ыза, сол кек ұлғая келе ақырында Жарылғаптың алдына көлденеңнен терең қазылған
қатерлі орға айналғаны мәлім. Оны оқырман әлгіде оқып білді, ішіне түйді.
Күндердің-күні болғанда, аңдысқан жау алмай қоймайды дегендей, араға арыз
жанрының шебері тауып берген жансыз келіншек - Денсаулық сақтау министрлігінің
дәрі-дәрмек сатып алу Басқармасында істейтін мөлдір бухгалтер бойжеткенді араға
салып жүріп осал жерін іздеді. Ор қазды. Ақыры тырнақ астынан кір іздеп,
түймедейін түйедей етіп көрсетіп, омақастырып тынды. Қызметінен босатқызды.
11
Қасиетті
Құранда бір мағына беретін аят әрқилы сырлы сарын, әрқилы әуезбен оқылады.
Тереңдеп үңіліп қараған кісіге мұның мағынасы тербеліп жатқан жойқын теңіздің
тұнбасы секілді. Әуез, ырғақ, ұнасым, сырын оқымысты қари кісілер ғана ажырата
алады. Зер салып оқиықшы: «алла бір» деп жұмсақ үнмен келте қайрылса - мағлұмат
ретінде айтылғаны; «шынында алла бір» деп екпін, серпін бере тұжырса - күмәні
бар кісіге қаратып сөйленгені; «уаллаһи алла бір» деп алыстан қатқылдау
қырағаттаса - көкірегі керең тоңмойынға төндіре зілденгені; «уаллаһи алланың
атымен көркемдеймін, ақиқатында алла бір» деп сөйлемді нұрлы лебізбен әдемі
әуезбен қайырып келтірсе - әлі де алла атына күдігі жуылмай,  ырғасып әбден шаршатқан теріс ниет кісіге
күрсіне отырып лепес білдіргені. Сырттай қарасаң бір алланы марапаттап
тұрғандай, әйтсе де айтылған кездегі қырағаты, ұйқасы, жарасымы әрқилы,
сонысына қарап мағына мен мазмұны түрленіп, көктегі көшкен бұлттай сыйпаты сан
алуан өзгеріп отыратыны ғажайып.
            Кейіпкер
мінезі де Тақ иесінің көңіл күйіне орайлас. Адам - құбылыстың құлы.
            Ерте дүние
авторлары адам мінезінің өзгермелі сыйпатын суреттеп «Метаморфоза» атты шығарма
жазған. Осы заман жазушысы өз кейіпкерінің бүгін былт, ертең сылт қалыбын,
мінезін, әрекетін көркемдеймін деп басы қатып, сиясы сарқылып шаршаулы. Соның
бірі - осы хикаят иесі.
            Протокол
хатшысы Өтеген бүгін жұмыс бөлмесінде кешкі сағат жиырма бірге дейін сіресіп
отырды. Үстелінде үйіліп жатқан қағазға жүрегі айныған кісіге ұқсап еш қарағысы
жоқ, қолы ештемеге жуыспады. Көрші бөлмедегілер, хатшы қыз, бөлім меңгерушілері
әлдеқашан үйлеріне кетіп қалған. Құлазыған бөлмеде, үкімет үйінің үңірейген
зәулім сарайында жападан-жалғыз қалған кісі үкіше үрпиіп, қайдағы-жайдағы
қиялға беріліп, бүрісуі жаман.
            Көңілдегі
көлеңке күдік еш жуылар емес. Бір сауалдың жауабын тапқандай болса, арғы
жағынан екі-үшеуі тағы бас көтеріп, шырмап-матап шаршатты. Осы билікке, құзар
биікке жеткенше талай соңында келе жатқан кісілер омақассын деп басқышты
аяғымен теуіп тайдырды, өзі өтіп алған соң, артында қалған нешеме көпірді жағып
жіберді. Биліктен дәмесі бар біраз көгенкөзді шыңырау түбіне омақастырып,
сүйегін шашып қалдырды. Жамбасына келгенді аяған емес.
Әйтсе де не пәлесінің барын кім білген, мына қылқи мойын,
жылбыр шашты, шіби қоразға ұқсаған Шұғайыпқа ешбір шамасы жетпей-ақ қойды.
Қалай лақтырсаң да төрт аяғымен түсетін мысық секілді, еш жығылмайды,
қуылмайды, мына есіктен жылыстатып жіберсең - ана есіктен сығалап зәреңді алып
тұрғаны, о, тоба деген!
            «Тегі
шайтан шығар» деп іштей таң қалады ғой. Ана Жарылғапты қызметінен қуғызды...
мына Есіркепті есептен шығарып, айдалаға қаңғытып жіберді... енді мына шіби
қоразға ұқсаған Шұғайыпты ала алмай әбден діңкелеп, көкірегі сыр-сыр етіп,
көзіне көк шыбын үймелеп, азып-тозып жүдеді. Үлкен кісі - Премьерге жаман атын
шығарып, үстінен оңбастай етіп арыз жазғызып, «әйкәпір, ісі сұйық, ізі көмескі
кісі етіп көрсетіп-ақ еді... осы жолым жеті жаны болса да омақасатын шығар-ақ»
деп дәметкен болатын...
бүгін ойда жоқта бұл көкеңді - Өтегенді ішкі телефон арқылы
Премьердің өзі шақырып алды.
            Сол кездегі
жүрегінің жаманшылық сезгендей алай-түлей аблығып соққанын айт.
            Премьер
атшаптырым алапат кең бөлмесінде жалғыз өзі отыр екен. Ұзына бойғы емен
үстелінің үсті жалаңаш. Алдында жалғыз парақ қағаз жатыр. Жарма есікті ашып,
мысықтабан жайлап басып енген мұны көріп, саусағымен іліп шақырып, кеңес
өткізетін ұзын үстелдің шетін мегзеді.
            Жанары
сілеусіннің жанарындай шоқ боп жанып кетіпті. Мұндай жанарды бірінші көруі,
бұрындары байқамай жүре береді екен. Өзі орнынан тұрып келіп ұзын үстелдің
басына тізе бүкті.
            Қасиетті
құранның аятын оқығандай, Алла атына күдігі жуылмай, айтысып, ерегісіп, әбден
шаршатқан мінафиқ теріс кісіге күрсіне отырып сөз сабақтағандай сыңайлы еді.
            - Билік
ирархиясының маңайында өмір мен өлімге бергісіз күрес жүріп жатқанын білемін, -
деді қоңыр дауыспен. Бұл бірдеме айтқысы кеп оқталып еді, сұқ саусағын төмен
сілкіп, басып тастады, - осы жүрген жігіттер көзге жылыұшырағанымен бірін-бірі
бөріше талап, азу тісін басып, әлдісі әлсізін шетке лақтырып жіберуге дайын.
Әттең жазушы болсам «Премьердің маңайы» деген тартысқа, қым-қуыт оқиғаға толы
роман жазар едім. Тартысы шырма-шату сұмдық. Бірін-бірі талап жеп жатқан
бөрілер, барыстар, ши бөрілер, түлкілер. Бірінің үстінен бірі өсек өрбітіп,
донос жазып, қайтсе де өзін мықты етіп көрсетіп жанталасып дүрлігетінін
қайтерсің! Көзіңе көлгірсіп мақтап отырып былай шыға бере: «Ә, соны қойшы!» -
деп қолын сермелеп шыға келеді. Амбициясы Алатау секілді, кісінің қолы
жетпейді. Кісімен сағыз шайнап отырып тілдесу, көпе-көрнеу алдыңа көлденең үлкен
мәселе тастап қойып, өзінше бұлт етіп із салып, ұстатпай шығып кету; әшейінде
момақан, көрер көзге ақылды болып көріну; сырт айнала беріп дегдар дана кісі
болып маңғаз тарту - мінекей, менің айналам! Әттең 21-ғасырдың Шекспирі тумай
жүр, туа қалса, алдыма келе қалса - осының бәрін сорғалатып айтып берер едім!
            Премьер
сөзін үзіп, аз-кем аңырайып аспалы шамға қарап ойланып отырып қалды. Өтеген
іштей «өлген жерім осы шығар» деп тынысын жиілете алды.
            - Кеше
менің қолыма арыз түсті, мінекей, - деп Премьер жалғыз парақ қағазды қолына
алды, - мынаны жазған адам арыз жазудың үлкен майталман шебері, ұзақ жылдар
стилін, жазу мәнерін қалыптастырған, аса білімді сақ кісі. Қалай таңғалмассың!
Басы артық бір сөз таппадым. Тоқетер мәселенің айғыр жалынан бастап, тістей қатып,
бір-ақ сілкіп, сыдырып, азуын басқан бейшараның терісін тірідей сыпырып
құйрығына  бір-ақ түсіреді. Мұндай жазғыш
кісіні өмірімде алғаш ұшыратуым. Оқиықшы: «Аса қамқор, ерекше мейірімді алланың
атымен бастаймын, бұл сөзімнің мысқалдай шүбәсі жоқ», - дейді сабазың. Тілге
тиек етіп алған момының былайғы жерде өлді дей бер. Мынаны оқыған кісі әрбір
сөзіне шүбәсіз иланып, бас шұлғи мақұлдап әлгі арыз кейіпкері - момынның
жазасын мықтап бергенше асығады. «Абай болыңыздар, - дейді арыз шебері сөзінің
аяғында,- әлгі кісімен беттесіп, тілдесуден қашыңыздар, жазған сөзіме сенбей,
бір ауыз тілдесейікші... тамырын басып көрейікші... білейікші... десеңдер бар
ғой - мәселе бүлінеді, әлгі шайтан мінезді адам өзіңізді арбап, алдап,
алды-артыңды орап алып қояды, ол - дегдар, ол - білгіш, ол - жасырын сектада
Гегельден лекция оқиды» деп төгілдіреді ғой сабазың!
            Осы сөзді
тыңдап отырған Өтегеннің жанары жауатын бұлтша ірімтектеніп кетті.
«Өзім білетін арыз жанрының шеберін мегзеп отыр» деп ойлады.
Өзі сол жігіттің анда-санда жазып берген арызы үшін қаламақы беріп тұратыны
есіне түсті. Іші мұздап жүре берді. Мына Премьер бәрін біліп, зерттеп алған,
тіпті арыз жанрының шеберін кімнің бауыр тұтып, кімге айдап салып жүргенін тап
осы жерде айна қатесіз танып, біліп, сезіп отыр сабазың!»
            - Мынаны
оқығаннан кейін өзім тегі қорқайын дедім, жүрегімді айтып болмас үрей сезімі
биледі, - деді Премьер, жайлап орнынан түрегелді, әйнекке сүзіле қарап арғы
жағындағы я бұлт, я тұман тұмшалаған аппақ аңылжыған аспан төріне аңырып назар салып
тұрды, - арыз иесі ағылшынша ағып тұр, орысша Чехов стилімен сорғалатады, дәп
осындай ырғақпен жазылған екі-үш бет қағаз кез келген шенеунікті көрге апарып
тығуға күші жетеді! Бәс тігуге бармын! Мынау арыз емес, шедевр!
            Өтеген
солбырайып, мойнына су кетіп орнынан түрегелді, мына тұрысы ұстаз алдындағы
кінәлі шәкіртке келеді.
            - Дүниеде
шайтанмен табақтас, бастас, аяқтас, істес-партнер болған адам туралы
Достаевский жазды, шайтанға жанын сатқан кісі туралы Гете жазды, шайтан мінезді
адамдар туралы Абай атамыз жазды, ал шайтанның өзіне ақыл үйреткен адам туралы
әлі күнге ешкім жазбапты. Оқыған емеспін. Осы тақырыпқа суішкілігіміз сарқылып
қалмаса екеуміздің біріміз жазатын шығармыз. Құда қаласа деп сөйлейік!
            Мына сөзді
тыңдап тұрған Өтегеннің жүзі құп-қу, табыттан тұрып кеткен өлік секілді, аяқ
астынан тісі-тісіне тимей сақылдап, селкілдеп қоя бергені.
            Премьер бұл
құбылысқа мән берген жоқ, ойын бөлмей, өз-өзінен тебірене түсіп, сөзін әріге
жалғады.
            - Маңайымда
қыбырлап қызмет істеп жүрген мына Шұғайыпты, ана түгеншені, тағы
пәленше-түгеншелерді қызметтен қуып... көздеріне көк шыбын үймелетіп жіберуге
болатын еді... Менің орнымда басқа лауазымды кісі отырса осынша оңбаған, ізі
көмескі, ісі сұйық адамдармен істес болып неғылам деп жанартауша бұрқылдап, шәт-шәлекейі
шығар еді. Мен өйтпеймін! Мен шайтанмен, диюмен, перімен, періштемен тіл
табысып шүйіркелесіп шаруа тындыруға үйренген адаммын. Көнбіс кісімін.
            Тісі-тісіне
тимей қарадай сақылдаған құп-қу қаңқа сүйекті көргеніңіз бар ма. Ол мына
Өтеген. Өтегеннің сұлба-суреті кіс шошырлық болып кетті. Жердің жарығы табылса
ғой - сүңгіп кетуге әзір енді.
            - Мақұл,
мына арыздың мазмұнына, көркемделген тірі сөзіне иланып, өзіңнің қас-қабағыңа,
райыңа төңкеріліп ана кеңесшісі Шұғайыпты жұмыстан қуайын, тіпті ісін сотқа
беріп соңын тып-типыл етейін, - деп мұның жүзіне үңіліп кеп қарады Премьер.
Безгегі ұстаған адамдай селкілдеген сұлба-суретті көріп жанарын жыпылықтатты,
таңқала тіл қатты.
            - Ауырып
тұрсыз ба?
            Өтегеннің
тілі күрмеліп еш сөйлей алмады, басын шайқады. Үкімет басшысы әлгідегі ойын
қайыра жалғады.
            - Мұхиттың
арғы жағынан түлкі бұлаңға салып, әр сөзінің астарына бір-бір жарылғыш бомба
жасырып АҚШ президентінің мемлекеттік хатшысы ұшып келмекші, екі-үш күнде!..
сол айлакермен тікелей эфирде, телесұхбат жүйесінде үш сағат бойына шаршамай
салғыласа алатын, Шұғайыптан озатын кімің бар, кәнекей!.. Сен салғыласасың ба,
әлде барша шаруаны жинап қойып өзім сұхбаттасайын ба, айтшы?! Айта алмай
тұрсың! Өйткені әзірге Шұғайыптан озатын... шашасына шаң жұқпайтын... ділмәр
шешеніміз жоқ. Ұзын сөздің қысқасы - әзірге кеңесші Шұғайыпты аппаратта ұстай
тұрамын.
            Сөздің
астарын түсінетін, пайымдайтын кісі болса - жетесіне жетті ғой дейміз. Мың күн
сынбаған шөлмек бір-ақ күнде күл пәршесі шығады. Біраз уақыт кісілерді қинап
шешілмей келген шырма-шату түйін - бір мезетте шешіліп шыға келеді.
Мұны іштей терең сезінген Протокол хатшысы солбырайып, жуған
шүберектей боп-боз болып тұрды-тұрды-дағы көмескілеу ғып үн қатты. Премьердің
алдына келгелі бері алғаш рет тілі шықты.
- Мен қайтемін, мәртебелі Премьер?
- Арызыңды жаз. Өз еркіммен босанам деп.
- Құп болады, мәртебелі Премьер!
Деген сөз аузынан қалай шығып кеткенін білмей қалды. Өзі де
таң қалады!
            Әйнектің
арғы жағындағы аспан асты бұлыңғыр, я қар жауатыны, я ашылатыны белгісіз.
Астананың ауа райы қалыпсыз. Қытымыр қысты артқа салып, наурыз айы төбе
көрсетті, әйтсе де салыңқы қыстың қабағы ашылмай, ашуы тарқамай - біразға
ызғарын төгетін түрі бар. Әлі де жауратып бүрістіре түскісі келеді, ертең-ақ
қыстың қытымыр мінезін ұмытып, күнге, шуаққа жылынып жадырап шыға келетін
адамдарға «өкпелі» секілді. Ыза болмай қайтеді! Кісілердің ұмытшақ қалпына қаны
қайнайды ғой. Ендігәрі жаурамастай, бұдан былай жаз өтіп болмастай, жағасы
жайлау, ашық-шашық шалқайып шыға келетінін қайтерсің бұл пенделердің!
12
Қадірлі
оқырман! Осымен көркемделген жосықты хикаятымызды тамамдауға болатын еді.
Шығарманы көркем ойдың шоқтығы дейтін болсақ, шоқының басы шалынды. 
Әйтсе де... Ия, әйтсе де сәуірдің ызғырық аралас өкпек желі
секілді бүйірге шаншу болып қадалған ақ үрпек қыздың, баяғы Шұғайыптың ажырасып
үлгерген келіншегінің - ішкі монологін, сосын осы шығарманың жұлынды кейіпкері
Шұғайыптың былайғы ойын түкпірлеп түсіндіре кетпесек - хикаятты оқыстан, аяқ
астынан келте қайырған болар едік.
            Біраз жәйіт
түсініксіз, бүркеулі, жабулы қазан жабулы күйінше қалар еді. Ендеше ақ үрпек
келіншектің ішкі монологіне, жан сырына құлақ салыңыз.
            «Ақ
үрпек!.. ақ үрпек... дейді ғой келіп. Есімім жоқ па сонда менің? Әке-шешемнің
үш күн тойлап, бес күн ойлап қойған есімі - Эленора. Хикаят түгілі романға
кейіпкер болуға лайық есім. Аздап шашымды аққа боясам, жүзіме жұқалап опа-далап
жақсам - француз мода үлгісіне жуықтағаным. Париж аруларына ұқсағаным. Жанасып
кеткен жігіттер аппақ шашыма, аққұба жүзіме, тұла бойымнан бұрқыраған лала
гүлінің жұмсақ жұпарына талып түсе жаздайды!.. Лала гүлі жұпарының жалғыз
құтысы мың доллар, үнемі ұялшақ қыздың кейпіне келтіріп мөлдіретіп...
үзілдіріп... көрсететін опа-далаптың өзі жеті жүз доллардай, арнайы тапсырыспен
Парижден жеткізіп тұрады, бір боялған ақ шаш үш айға дейін түсін бермейді.
Ой-хо-о-ой, дүние деген! Бұл айтса ғой, баяғы қағаз кеміріп, кітап сорып,
сіңірі тартылған Шұғайып - арыз жанрының шебері сорғалатып ұзын сөзін иіп
келтіргендей  - мұны тастап кеткен жоқ,
әуелі сол солбырайған сабаздан Эленораның өзі жеріді, өз басы қашып құтылды.
Құтылмай қайтсін! Белі кеткен атан түйедей бір шөккеннен артылмай,
аһылап-үһілеп, төбеге қарап түске дейін жатады... сөйлегені - кітап сөзі,
жүрген жүрісі, істеген ісі кинодан көрген Дон Кихоттың дәп өзі, дәл өзі болмаса
да сол сорайғанға егіз тамшыдай ұқсайды. Өмір сүру деген бейнет кешу, ұрынып
жүріп жұмыс істеу, өмірі таусылып бара жатқан адамға ұқсап барып-келіп шаруаға
барын салу деп ұғады. Әуелгі  екіұдай
көзқарас, екіұдай ұрыс түкке алғысыз нәрседен басталды. Есінде қалғаны екі
түрлі ұстаным. Бірінші: адам жарық дүниеге келген соң нәпсіге қызмет етуі керек
дейді бұл. Шұғайып болса (есімі неткен ескі еді) нәпсіні тиып ұстау керек
дейді. «Пендеге нәпсіден де биік ұлы уәйім деген момынға жанашыр, алыс арман,
жүрек шамы, ордалы өлең, мағыналы өмір деген ұғымдар болады, жарық дүниеге
келген әрбір пенде әлгі ұғымдар үшін қиылып жүріп бейнет кешу керек» дейді. Бұл
үлкен, биік сөздерді түсінбейді. Аузыма қақпақ қойма, басыма тоқпақ үйірме дейді.
«Онсыз да бір күнгідей болмай өтіп бара жатқан өмір. Казиноға барып би билейік,
шарап ішейік, жалаңаш қыздарды көріп тырдай жалаңаш құштарлық көліне
шомылайық», - дейді бұл Эленора ханым.
            Шұғайып:
«Өзіңнің ыстық құшағыңа түнемесі сүңгимін деп бір баспатабақ трактат жазатын
күш-қуатымнан айрылдым», - дейді. Өлә-ә-ә! Бұл не деген ақкөздік десеңші!
            Есінде
қалған екінші ұстаным: Тәуелсіздік. Күйеуінің (тәйірі бай болып шекесін
шылқытқаны шамалы) екі сөзінің бірі - тәуелсіздік. Әлгі сөз болмаса күні батпай,
таңы атпай қалатындай ғой, сірә. «Тәуелсіздік» деп бастайды сөзінің
біссімилласын, алпауыт елдер түшкіріп қалса «жәрәкімалла» десіп жалтақтап өлуші
едік, өз билігіміз өзімізде, жердің де, өзен-көлдің де қожасы қазақтар, бұдан
былай орысша, кәрісше шүлдірлемейміз дейді. «Ау, байлығымызды игеріп ел
қатарына қосқан, етегімізді жапқан кәріс емес пе, қасықпен тамақ ішуді, поезбен
жолаушы жүруді үйреткен орыс емес пе» дейді бұл ханым-екең қасарысқан үстіне
қасарысып. Эленора ханым орысша ойлап, ағылшынша ұрысқанды ұнатады. Әлгі
Шұғайып қазақша ойлап, қазақша қара аспанды суға алдырады. Қыза-қыза келіп: сол
қазағың мына жапан далада мың жылдан бері не бітіріпті?.. темір жол жүргізді
ме? Зауыт салды ма?.. космос кемесін ойлап тапты ма?.. химия, физика заңдарын келістіріп
құрастырды ма дейді бұл. Шұғайып күйіп сөйлейді: темір жолды, паравозды ойлап
тапқан ағылшын оқымыстысы, зауыт салған немістер, химия, физиканың негізгі
заңдарын ашқан Ом, Кеплер, Нильс Бор, Эйнштейн, Менделеевтің өзі -  табын Меңдігерей бидің тұқымы деп өзеурейді;
«бір-бірімен тамырлас өркениеттің біреуге кеш, біреуге ілгері қонып - қолын
ұзартқанын ормандай орысқа теліп телмеңдей берме» - деп, мұның жер-жебіріне
жетеді. Ақ үрпек келіншек «телмеңдей» деген сөзді түсінбейді, «құдық» деген
сөзді «қулық»  деп ұғады: «ешқандай қу
емеспін, өзің хитрий, өзің дорақ адамсың» - дейді. «Дорақ болмасаң «миыма ми
қосады» деп күні-түні кітапхана қуысында кітапқа қадалып шұқшиып үңіліп отыра
берермісің!»
            - Кітап
миға ми қоспайды, - дейді бұл келіншек жер тепкілеп жылағандай болып.
            - Кітап
миыма ми қосады, - деп қарадай мүжіліп шөгіп, ішінен жидіп қарасы батып
жоғалған өзі, жігіттен қарадай құтылғанына садақа айтып қуанғанын айт - сол
күні ақ үрпек келіншектің. «Кітапқа көп шұқшиятындар кілең дорақ кісілер, кеуіп
қалған миына ми қосады деп ойлайды; кеуіп қалған миды жібітетін нәрсе - жақсы
шарап, бұғының мүйізі, бекіре сорпасы, қызыл уылдырық, майға бұқтырып дымлама
ғып пісірген бұқаның сан еті... тағы бірер нәрселер-ай! Алда-жалда, жарық
барда, отызға жетпей тұрғанда әлгі кітапқа шұқынған... шұқшиған... күйеуге
ұқсаған шіби қораздан құтылғаны құба-құп болды».
            «Денені
ду-ду қыздырған, діңкені құртып, буынды алып, салмағымен жаншыған, жараған
бұқадай бозбас бозбаланың бетін бұра гөр бізге» деп күніге жүз тәубалап - өмірі
өтіп жатыр ақ үрпек бикештің.
            Құз
басындағы биіктен құлай жаздап, желге ұша жаздап, құдай сақтап аман қалған
Шұғайыптың мұң мен шері бір басына жетеді.
            Тақау арада
алыс мұхиттың арғы бетінен ұшып жеткен Америка президентінің мемлекеттік
хатшысымен - мыңдаған, миллиондаған көрермен көзінше телесайысқа түспекші. Бір
жапырақ қағазға қарамай, ешбір кісінің сыбыр-күбіріне сенбей, тұңғиық терең
сырлы, қара жақұт іспетті, қараторының көріктісіне қадала қарап отырып, дүние
төңкеріліп бара жатқан қысталаң кезде - сөзіне сөз, уәжіне уәж, дәйегіне дәлел
қайтару, шаппа-шап жаңылмай өз ұстанымын айту - оңай-оспақ шаруа емес. Шашты
ағартып, жүзіне әжім түсірер уақыттың зілзаласы іспетті. Жүрекке салмақ
салатыны тағы бар.
            Шұғайып
қараторының көріктісі - АҚШ Президентінің мемлекеттік хатшысының үлкен суретін
үстелінің бұрышына тікесінен-тік қарсылап қойып, ағылшынша, орысша сөз қайырып,
жауаптасып ділмарсып отырғанына үш сағаттан асты. Асқазаны шұрқырап қарны ашты.
Діттеген ойы - ауыздан шыққан кезде шашырап, пышырап, реңі кетіп қарадай қапа
қылғаны; ойға түйген кезде әжептеуір салмақты нәрсе сұңқылдап сөйлегенде
әншейін-ақ әлсіз, көріксіз қаражаяу бірдеме болып шығатыны жаман.
            Неғылсам
екен деп ұзақ ойланды.
            Он
тоғызыншы ғасырдың аяғында,  дәлдеп айтса
1875 жылы Құлан деген жерде жыр дүлдүлі, жыраулық академиясының шаппай бер
академигі - Жамбыл жарықтықтың ақын бойжеткен Сарамен айтысқан мезеті таудан
құлаған ғасыр сарынындай болып еміс-еміс ойына орала кеткені.
            Бір дем
ары, бір дем бері екпіні үдеп, Сара бойжеткеннің сөз сықпыты сұлу төгіліп басым
түсе бастаған кезде Жамбыл бозбала қан қыздырар құштарлық сөзін бастырмалатып
төгіп-төгіп жіберіп, бойжеткеннің сұңғыла сұлу көркіне, шоқты жанарына
өліп-өшіп сұқтана қарайды екен. Бойжеткен қарсы алдында малдас құрып, от боп
маздаған жігіт жанарына шыдай алмайды. Көзін төмен салып тайсала түскен.
Ақырында бозбаланың пысы басқан, жеңіліп тынған.
            Кешегі
өткен тарих белесінде қалған бозбала мен бойжеткеннің айтыс кезіндегі сөз
саптасын, сезім шырғалаңын ойша көзге елестетіп отырған мына Шұғайып бір
мезетте орнынан ыршып көтерілді, алақанын бір-біріне шарт соқты.
            - Таптым! -
деді өз-өзінен жанартауша бұрқырап, - қара жақұт секілді бойжеткенмен айтысқан
кездегі Жәкемнің айласына саламын! Алла жар болса сөзім үстем, бәсім артып,
салмағым жаншып, жеңіп шығам. Уа, пәруардігер дүние, жаратқан ие, сөзіме
салмақ, нәшіме ырғақ қоса гөр, осы жолым тәуелсіздік керуенін ұзарта тартып
дүниедегі маңдайалды елу елдің бірі болуға ұмтыла түсіп, жөңкіле ілгерілеп бара
жатқан жұлдызы биік жанған елімнің ертеңіне имандай ұйып сендім. Жәкемнің,
Жамбыл бабамның аруағына бас идім! Нартәуекел, жолым болады екен!
            Шұғайып
қарсы алдындағы айнадан көрді: шашы жалбыраған, маңдайы жарқыраған, жанары
сексеуіл шоғынша маздаған, жақ сүйегі қырланған қырықтың о жақ, бұ жағындағы
жігіт иығы көтеріліп, жартасқа жарқанатша жармасып,       текпішекке табанын тіреп, қара санын садақша серпе шіреп,     биікке пәс-пәс ұмтылған альпинист
секілденді.
            Құс қанаты
жетпес ұшар биікте өмір сүру оңай емес. Басына ақ қар, көк мұз үйіріп, дүлей
желі дүрілдеп ышқына соққан Хантәңірі шыңына өрмелеген альпинист - бейне
дөңгеленген зырлауық дүниеден өз шындығын іздеген Шұғайып еді.
Осынау дамылсыз ілгерілеу үстінде табаны тайып ұшып өледі
ме, әлде діттеген межесіне аяқ іліктіреді ме, ол арасын бір Алла біледі.
Шұғайып, баяғы, Хантәңірі шыңына шыққан альпинист жігітке
ұқсап биікке, тіршіліктің өмірі түгесілмейтін алыс-жұлыс бейнеті мен биігіне
аяқ салып, тырмысып, әлі күнге өрмелеп бара жатыр деседі білетіндер.
Арызқой, бәлеқор, жалақор Өтеген үлкен қаланың бір
бұрышында, дүңгіршекте газет сатып суішкілігін айырып жүр деседі.
Премьер-Министр үлкен облысқа әкім болып кетіпті.
Ақ үрпек Эленора әкеден қалған мал дәулетті сатып, ақша
жасап, Бурабайдан қызойнақ-казино ашыпты. Қызойнаққа кірген де арманда,
кірмеген де арманда деседі білетіндер.
Айым бойжеткен үй-жайы бар, дәулеті жеткілікті, алпыстағы
ақсақал сәулетшіге тұрмысқа шығыпты.