ВЕРНУТЬСЯ

      Ірікпей, билей алмай сезім легін,

Келеді өлең жазып, көз ілмегім.

Боранда отырамын боп-боз болып,

Боздатып қара өлеңнің боз інгенін.

 

Қатты жел қар үйірсе бұрқыратып,

Оқысын өлеңімді жұрт ұнатып.

Өлең бе тыңдаушының жүрегіне

Жетпесе сай-сүйекті сырқыратып.

Біреулер жасар көңілін жұбатып той,

Біреуді кетер езіп жылатып та ой.

Өлеңді шығаратын ақын емес,

Өлеңді шығартатын уақыт қой!

Өлеңін тау тыңдаған, тал тыңдаған,

Алысқа шалдықпаған, алқынбаған,

Жетпей тұр кең далаға бір ұлы ақын,

Жетпей тұр бір ғажап үн саңқылдаған.

Тыңдайтын қыздар көзін жәудіретіп,

Жүретін қариялар әңгіме етіп,

Солқылдап үлкен залдар қошеметтеп,

Беймезгіл жаңғыратын тау дір етіп.

Дүние ширыққандай сәл тарылып,

Теңеуі тіршіліктің дәл табылып,

Біле алмай өмір қайсы, өлең қайсы,

Оқырман қалатұғын
аңтарылып.

Жыр жазар ақын керек бұл өмірге,

Ғасырлар көрмесе де түр, өңін де,

Есімі қалатұғын жер бетінде

Жасаған адмдардың жүрегінде!