ВЕРНУТЬСЯ

           (Фазу Алиеваға)

           Сен - тау гүлі, мен елік даладағы,

Екеумізге жол да алыс арадағы.

Екеуміздің тіліміз екі бөлек,

Бірақ бірдей жүректің жаралары.

Сенде - авар, ал менде қазақ қаны,

Ортақ бізге қысқы аяз, жаз аптабы,

Сенің әйел жаныңды жүдететін

Ауыр ойлар мені де азаптады.

Айта алмаймын қашқанын неден мазам,

Азайған да кез болды менен наз-ән.

Сен сияқты мен де, апа, жылап, күліп,

Бесік тербеп отырып өлең жазам.

Түсінікті бір саған күйім бүгін,

Ой шаршатқан қабақта түюлі мұң.

Сен білесің біздерге сәби-жырды

Толғатудың қаншалық қиындығын.

Бақыттыға жұрт бізді балайды екен,

Құбылыс деп бір оқшау санайды екен.

Сен айтшы, апа, жар болу, ана болу,

Ақын болу, әйелге оңай ма екен?!