ВЕРНУТЬСЯ

Шатыра аппақ шыңдары
Шыр айнала қоршаған.
Бытыра сусыл құмдары
Бұлтия шөккен ортадан,
Мырзайыр деген жер бар-ды,
Мен үшін жердің кіндігі.
"Екпінді" деген ел бар-ды,
Желпілдеген түндігі.
Қып-қызыл еді жалауы,
Қытымыр еді заманы.
Шектеулі болып амалы,
Шерменде еді адамы.
Шеттеу жүрер шекіспей,
Шегедей мығым бір жігіт.
Кетіспей де, бекіспей,
Тобадан ғана қылды үміт.
Атаға біткен мол дәулет
Ортаға түсті маңырап.
Атадан өрген көп әулет
Жалғаспады жамырап.
Түнде түске кіреді
Кешегі кеткен дәурені.
Бұзылады реңі,
Көңілге салып әурені.
Тақым шіркін дуылдап,
Сәйгүлікті сағынды.
Көкейде күй шымырлап,
Сайхылықты сағынды.
"Безіп бір кетсем, - дейтін ол.
Бетімнің ауған жағыйа,
Кезігіп бәлкім қалармын
Кешегі ауған бағыма?!"
Кезіп бір кезіп қайтатын
Көшкен бақты таба алмай.
Ыңылдап өлең айтатын
Жауабы жоқ сауалдай.
Баса алмай көңіл алаңын
Тоқырайтын, тоқтайтын.
Сұмпайы мынау заманын
Сылқита бір боқтайтын.
Сылқита бір боқтап ап,
Сұрқия мынау заманын,
Қолына құрық, ноқтаны ап,
Қылатын тірлік амалын.
Сұм заманға кезенді
Сия алмай жүріп жер-көкке.
Шерменде сондай кезеңде
Мен түсіппін жөргекке.
Қуаныпты сабазың
Тірілгендей әкесі.
Даусын көкке созады,
Алдына алып бөпесін.
"Тарқамапты жиыным,
Тәубә, тәубә, тәубә!" - деп.
Жайратты жалғыз сиырын:
"Сауға, сауға, сауға!" - деп.
Жалғыз сиыр жайрады,
Жабырқау қабақ жайдары,
Шешілді тілдің байлауы,
Іргеде қақсып жататын
Қара домбыра да сайрады.
Ерген соң соңға бір "күшік",
Көңілдің кірбің бұлты ұшып,
Түзеліпті ұйқысы,
Оралыпты күлкісі.
Іргедегі ақ шыңдай
Ағарыпты көңілі.
Таудан аққан тасқындай
Тасыпты сабаз сол күні...
Тасысын да төгілсін,
Талталдасын. сабазың,
Алдағы күннен не білсін,
Алланың не жазарын?!
Мен түсіппін жөргекке,
Тал бесікті тулатып,
Қабар шашып жер-көкке
Дүние жатты шуласып.
Шуылдаған дүние
Қиырға қиқу төнгізді.
Желкілдеген көңілді
Желдей ұйтқып сөнгізді.
Батысқа тартқан қасқа жол
Қасқайып жатыр әлі де.
Аласұрған көңілді
Жетелей қашып әріге.
Шытыра аппақ шың жатыр,
Есіме салып сол жайды.
Шөкелей шөгіп құм жатыр,
Астына тығып мол қайғы.
Көкжиекте тұмса күн
Күлімдеп бір сыр толғайды:
"Өткеннің бәрі - құр сағым,
Өкінуге болмайды..."
Алабұртып мен тұрмын -
Алғаш рет көргендей.
Қабарытып мен тұрмын -
Әкем бүгін өлгендей.
                                     1994.