ВЕРНУТЬСЯ

     Сағатбай
басқа мектепке ауысып кетті де, оның орнына аяқ-қолы бір тұтам, тәйпиген өзге мұғалім
келді. Аты Жұмабай. Өзіміз жақсы көретін, үйреніскен ұстазбен айрылысу біз
үшін, балалар үшін, ауыр қайғы болды.

Міне,
енді күніміз жатқа қарағандай боп, бұрын сырын білмейтін тосын мұғалімнің
алдында отырмыз. Қандай адам? Сағатбайдай сүйкімді бола ала ма, жоқ па?

Екі
иығы қушиған тәпелтек Жұмабайды арт жағынан қараған адам бала екен деп қалады.
Басын төмен салып, аяғын тырп-тырп еткізіп, сүйрете басып жүрген жүрісі де бала
тәрізді. Бірақ қолтығында күйектей қара папкасы бар. Әне, ол тоқтады.
Пальтосының сырт қалтасынан әтірден босаған төрт қырлы кішкентай қара флакон
алып шықты. Онысы насыбай екен. Алақанына салып, атып тұр. Арт жағынан келе
жатқан сенің аяқ тысырыңды естіде де, жалт бұрылып қарады. Сөйтсең бала емес,
беті қатпақ-қатпақ қартамыш біреу...

Жұмабай
сабақ беріп тұрып та насыбайды ата береді. Салпиған көнтек ерні ішіндегі
насыбайды ауырлағандай салпиып түсіп кетеді, ара-арасынан ел көшкендей сап-сары
шірік тістері үнемі көрініп жүреді. Бұл адамның киім киісі де салдыр-салақ.
Пальтосының біраз түймелері баяғыда үзіліп, құрыған. Біразы салбырап үзілуге
жақын. Менің әкеме ұқсап, Жұмабай жаздыгүні де пысынап, қалың киініп жүреді.

Үзіліске
шыққанда Жұмабай мектептің алдында тәштиіп тұрып маңайдан арлы-берлі өтетін,
ауыл адамдарын іздейді. Кезіне түскен біреуді, ей, бері кел деп, шақырып алады
да, насыбай сұрайды. Насыбай сұрауы әрі өктем, әрі тұрпайы.

- Әй,
шал, әкел шақшанды!

Өз
насыбайын үнемге сақтайды.

Кейде
Жұмабайдың насыбайы шын бітіп қалады. Насыбай атып, көңілі жай таппай, өл енді
сабақты жүргізбейді. Бір баланы біреуден насыбай тостаған әкелуге, бір баланы
аршаның күлін тауып келуге жұмсайды. Содан соң класқа тапсырма береді де өзі әлгі
арада отырып, насыбай жасауға кіріседі. Көк темекінің ағашын бәкімен бипаздап
тұрып турайды. Үстіне күл қосады. Сосын таяқпен мыжғылап езе бастағанда, үйдің
іші темекінің ащы иісіне толып кетеді. Балалар шетінен түшкіріп, қақала
бастайды.

Талғампаз
әйел затының бір мінезіне таңқаламын. Кейде мынау деген әдемі сұлу қыздар
өзінен он есе төмен сумұрындарға тиеді. Не басына күн туды? Неменеге мәжбүр
болып тиді, түсіне алмаймын.

Жұмабайдың
әйеліндей көрікті әйел бұл өлкеде сирек. Сұңғақ бойлы, аққұба, алдынан да,
артынан да қарасаң қарап тұрғың келетін келбетті жан. Жұмабай әйелімен қатар
келе жатса, бұларды танымайтын адам анау ананың әйелі, анау ананың күйеуі деп
тіпті де ойламайды.

Жұмабайдың
мінезі әрі ұшқалақ, әрі тұрақсыз. Болмашы бірдеңе үшін аяқ астынан бұлқан-талқан
болады. Ұстазға лайықсыз боқтық сөздер аузынан молотилканың топанындай
атқылайды. Қол жұмсап, ұрып та жібереді. Қымс етсе, жазалауға дайын тұрады.

Оның
жазасының түрі санаулы-ақ: кластан тырқыратып қуып шығады. Немесе қолыңды тік
көтеріп, қарсыға тұрғызады.

Жұмабай
екеуміздің жұлдызымыз ол алғаш келген күннен-ақ жараспады.

Үзіліс
кезі. Бәріміз есік алдына шыққанбыз. Көктемнің жас иісін тамашалап, күн шуақтап
тұрмыз. Мен Жұмабайдың артына таман тұр едім. Аяғымның астына төмпектеу жер кез
келіп, бойым Жұмабайдың бойымен теңеліп Қалғанын байқадым. Балалардың ішіндегі
ең кішкентай тапалымын деп жүрсем, оным бекер екен. Ойыма осы келіп, қызықтап,
беталдыма тұрған балаларға Жұмабай екеуміздің бойымыз бірдей екенін көрсетіп,
қутың қақтым. Балалар күліп, мәз болысып жатыр.

Еңсемді
одан бетер созып, енді тіпті Жұмабайдың төбесінен қарай бастадым.

Кенет
Жұмабайдың ағаштай қатты шапалағы бетіме сарт ете қалсын. Көзімнің оты сау етіп
төгіліп түссін. Мен бұны тіпті де күткен жоқ едім. Соққының қаттылығы сонша,
бір сәтке кәдімгідей мәңгіріп, есеңгіреп қалдым.

Сөйтсем
менің сотқарлық қылығымның бәрін де Жұмабай көзінің қиығымен байқап тұрған
екен.Құтырам деп таяқ жеп қалған иттей болдым. Балалардың алдында кірерге жер
таппадым. Ызадан жарыла жаздап біраз тұрдым да, бақырып жылап жібердім. Класқа
кіріп, кітабымды алдым да, Жұмабайды жеті атасынан тартып боқтап, енді
оқымаймын деп, жөнеп отырдым.

Оқымау
қайда, ертесінде-ақ Сатылған ағайым қолымнан жетектеп әкеп, Жұмабаймен
табыстырғандай болды. Бірақ шекіскен көңілден сыз кетсін бе? Жұмабай осыдан
осылай менімен жауығып алды да, болар-болмас бірдеңе істеп қойсам, мысық көрген
итше ыр-р ете қалатынды шығарды.

Көркем
әдебиетке, әсіресе өлеңге жасымнан құмар болдым. Құлағыма өлең-жыр шалынғанда
ішкен асымды жерге қоятын едім. Хат тани бастаған соң газет-журнал бетінен өлең
көрсем, төніп түсемін. Оқу кітабындағы өлеңдердің бәрін дерлік жаттап алғанмын.
Өлеңді ақындар шығаратынын білем. Ақын-жазушы дегенді құдай көрем.

Екінші
кластың оқу кітабында Абайдың "Қыс" дейтін өлеңі бартын. Бір күні
Жұмабай маған сол өлеңді оқы деді. Мен заулатып оқып шықтым.

-        Ал айтшы, Абай осы өлеңінде нені жазып
отыр?- деді Жұмабай.

-        Қысты жазып отыр.

Жұмабай
басын шайқап:

-        Жоқ, дұрыс емес,- деді.

Мен
таңмын. Несі дұрыс емес? Қыс жөніндегі өлең екені тақырыбынан да, мазмұнынан да
ап-айқын көрініп тұрған жоқ па?

-        Қане, кім айтады? Абай осы өлеңінде нені
жазып отыр?- деп, Жұмабай енді өзге балалардан сұрай бастады. Олар да: қысты жазып
отыр, қарды жазып отыр, суықты жазып отыр деген секілді жауаптар айтты.

-        Дұрыс емес.

Жұмабай
енді өзі түсіндіре бастады.

-        Өлеңді сендер құр өлең деп қарайсыңдар.
Ол дұрыс емес. Өлеңде мән болады, идея деген болады. Идея деп өлеңнің жасырынып
жатқан мазмұнын айтады. Ақындар өлеңді еріккендіктен жазбайды. Өзінің жасырын
ойын, яғни идеясын жұртқа жеткізу үшін жазады. Мінекей, оқып көрейік.

Ақ
киімді, денелі, ақ сақалды Соқыр, мылқау танымас тірі жанды, Үсті-басы ақ
қырау, түсі суық Басқан жері сықырлап келіп қалды.

-        Сендер бұны қысты жазып отыр дейсіңдер.
Жоқ, қыс емес. "Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, соқыр мылқау" дегені
ол бұрынғы ел қанаушы буржуй мен байлар. Соларды жазып отыр. "Үсті-басы ақ
қырау, түсі суық!" Байдың түсі суық болмағанда, жылы болатын ба еді?
"Басқан жері сықырлап келіп қалды". Ақын мұнда байдың жүріс-тұрысын
жазып отыр. Және кедейлерге бай келіп қалды, қазір сендерді сабайды деп, ескертіп
отыр...

Жұмабайдың
Абай өлеңін талдап, түсіндіруі, міне, осындай еді. Мен аузымды ашып, ғажап
қалып тыңдадым. Мұғалімнің сөзін біз құран сөзіндей көреміз, оған қалтқысыз
сенеміз. Олай болса, өлең жөнінде мен бұған дейін түк білмейді екем. Мынау мен үшін
жаңадан ашылған Америкадай болды. Иә, мен өлеңге шынында да, тек өлең деп, құлаққа
жағымды әдемі сөз тіркесі деп қараушы едім. Өлеңдегі сөздердің ұйқасуына, көзге
елестей кететін суреттілігіне қызығатын едім. Тілге жеңіл болған соң жаттап
алып, айтып жүруші едім. Сөйтсем... өлең ол жай өлең ғана емес екен. Жатқан
саясат екен. Осы күні жұрт ертеден кешке дейін сөз ететін тап тартысы дейтін мұнда
да болады екен.

Борандай
бұрқ-сарқ етіп долданғанда, Алты қанат ақ орда үй шайқалды.

Жұмабай
бұны байдың долданып келіп, кедейдің үйін сойылдап сабауы деп түсіндіреді.
Менің көзіме уықтар бытыр-бытыр сынып, қатын-бала шұрқырап жылағандай боп
елестеді.Соныға малды жайып, күзетіңдер, Ұйқы өлтірмес, қайрат қыл, бұз
қамалды.

-        Абай мұнда қайрат қыл, бұз қамалды деп
нені айтып отыр, білесіңдер ме?- дейді Жұмабай. Жауабын өзі айта бастайды:-
Езілген еңбекші халықты байларға қарсы күресуге төңкеріске шақырып отыр.
Теңдікті қолдарыңа алыңдар деп отыр. Мінекей, бұл өлеңде қаншама жасырын мағына
жатыр. Көрдіңдер ғой?

-        Көрдік,- дейміз біз.

-        Сұрақтарың бар ма?

Сұрақ
көп. Ақындар айтайын деген ойын бүркемей, жұмбақтамай, ашық неге айтпайды?

-        Сендер әлі баласыңдар, түк
білмейсіңдер,- дейді Жұмабай.

-        Ол кезде үкімет кімнің қолында еді?
Байлар мен буржуйлардың қолында болатын. Ақындар әлгінің бәрін ашық айтса, олар
не істер еді? Көздерін жойып жіберер еді. Абақтыға тығар еді.

Бізге,
екінші кластың оқушыларына, бұл да нанымды.

-        Бұдан былай өлең оқығанда,- дейді Жұмабай,-
құр өлең екен деп оқымай, идеясына түсініп, ақынның жасырын ойын біліп оқыңдар.

Шынымды
айтсам, осыдан кейін мен өлең атаулыға басқаша қарайтын болдым. Әр сөзді оқимын
да, астына үңілемін. Жасырынбақ ойнаған балаша мені тап деп, бұғып жатқан
идеясын іздеймін.

Текстен
адам нені іздесе, сол табылады екен. Сонау таршылық заманда ақынның айтпақ боп,
бірақ айта алмай кеткен буда-буда ойларын жарыққа сүйреп шығарамын.

Оқу
кітабында Абайдың "Жаз" дейтін өлеңі бар. Қандай тамаша көркем өлең!
Бұл өлеңді оқығанда бұрын менің көз алдыма жаздың тізбек-тізбек ғажайып суреттері
келуші еді. Енді осы өлеңді Жұмабай сауатымды "ашқаннан" кейін
оқысам, мүлдем басқа. Бұлақтай сыңғыраған әдемі сөз тізбегі емес бұл. Әр сөз әр
нүктесіне бас қатырып, ойлануды қажет ететін тас түйін сөзжұмбақ (кроссворд)
секілді бірдеңе. Бір оқып, бір бөгелем. Екі оқып, екі бөгелем. Ойық судан балық
аулағандай үңіліп идея іздеймін.

Жазды
күн шілде болғанда, Көкорай шалғын бәйшешек Ұзарып, өсіп толғанда...

Ақын
осында құдай біледі, байлардың рақат та, әсем өмірін сипаттап отыр-ау деймін.

Ат,
айғырлар, биелер Бүйірі шығып ыңқылдап...

Бұл
байлардың өзі және әйелдері. Тамаққа тойып алады да, ыңқ-ыңқ етеді.

Арасында
құлынтай Айнала шауып, бұлтылдап.

Бұлар
байлардың балалары, немере-шөберелері. Қайғы-қасірет дегенді білмейді. Тек асыр
салып ойнаумен уақыт өткізеді.

Абай
өлеңін мен енді өздігімнен осылай талдай бастаймын. Ақынның қуын-ай, ә, деймін.
Өз ойын сол кездегі үстем тапқа байқатпай, қалай айта білген!

Бірақ
өлеңге қызығушылығым бұрынғыдай емес, бәсең тартып барады. Өлең көрсем, енді
төніп түспейтін болдым. Тіпті өлең атаулыны әлгідей түсінуге қиын машақаты,
жалтақтығы үшін жек көре бастадым.

"Дүмше
молда дін бұзар" деген мақал бар. Жұмабай, әрине, дүмше еді. Оның
кесірінен өзім керемет қадірлейтін поэзиямен талай уақытқа дейін осылайша араз
болып жүрдім.