Мен - қайықпын теңізде шыр айналған,
күйім - қоян бүретін құмай-жалған.
Теңіздердің тұнығын кешсем деп ем,
жағадағы жиіркеніп лайлардан,
лай көрсе, мендегі жылайды арман.
Теңіз - дүлей, тап берсе дауыл - дұшпан,
күйім - қалқан соғылған ауыр қыштан.
Жер де - теңіз, көк - теңіз, жапа-жалғыз
ағыстардың шудалы жалын құшқам,
естілгендей болды бір сағынышты ән.
Жеттің сонда. Жеттің сен қалай маған?!
Күйім - қаңбақ дауылды қар айдаған.
Жамбастаған қайығым жөн түзеді
желкен керіп. Күн шықты арайлаған,
дауыл емес, сұлулық бар айналам!
Ақ желкені өзің боп тағдырымның,
сіміремін теңіздің таңғы нұрын.
Ақ желкенді қайығым - алтын қойма,
ұмытылды бұрынғы жарлы күнім,
байлық кешіп өткендей бар ғұмырым.
Жүрегіңде - от сезім, тұлғаңда - айбын,
жанарыңнан сарқылмас нұрды аңдаймын.
Жел айдаған тұмандай барады ұшып
мені мәңгі қамаған мұңдар қайғым.
Келбетімнен Күн шығып кең әлемде,
"кемесіндей дарияның бұлғаңдаймын!"
1983
- 129 просмотров