Ақын Ақұштаптың мерейтойын төрт аудан атап өтті

Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің және халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгерееваның 70 жасқа толуына арналған мерейтойлық шаралар Жаңақала, Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталов аудандарында өткізілді.

Жаңақалада тек аудан орталығы ғана емес, сонымен қатар Бірлік, Көпжасар, Жаңақазан ауылдарында да А.Бақтыгереева оқырмандарымен кездесті. Өлеңдерін оқып, сырласты. Бірлік пен елдік, жас ұрпақ тәрбиесі, салт-дәстүр төңірегіндегі өрелі ойларымен бөлісті. Ақын, өнер қайраткерлері сирек келетін ауыл тұрғындары жырға бір сусындап қалды. Оқушылар мен жастар өз өнерлерін көрсетіп, ақын сөздеріне жазылған әндер де орындалды. Әр аудандағы кеш өзіндік ерекшеліктерімен есте қалды, ең бастысы, қазақ жырына деген ел ықыласы суымағандығын көрсетті.

Жаңақала, Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталов аудандары әкімдері Лавр Хайретдинов, Нұрлан Рахымжанов, Мұрат Мұқаев, Нұрлан Бекқайыр ақынға ризашылықтарын білдіріп, алғысхаттарын табыс етті.

Шараларға қатысқан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайсағали Сейтақ мерейтой иесіне жылы лебіздерін арнады.

Д.Құсайыновтың айтуынша, ақынның 70 жылдығы 24 қыркүйекте Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында, алдағы айда көршілес Атырау облысында, сондай-ақ Алматы, Астана қалаларында аталып өтіледі.

http://kazinform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз