Ассамблея - Елбасының құрған ең сенімді қоғамдық институты - Д.Саратов, «Вайнах» шешен-ингуш мәдени-ағарту қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Ассамблея - Елбасының құрған ең сенімді қоғамдық институты. Оған ассамблеяның алғашқы сессиясынан бастап қатысқан кезімде анық көз жеткіздім. Бұл туралы елордада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясына қатысып қайтқан «Вайнах» шешен-ингуш мәдени-ағарту қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов мәлім етті.

- Бірінші жиыннан-ақ Қазақстанды мекен еткен әр ұлттың өкілі өз үйлеріне, айналасындағы адамдарға жы­лылықтың, бейбітшіліктің бір кішкентай бөлшегін алып қайтқандай болып едік, деді ол. 1995 жылдан бері әр сессияда Елбасы­ның айтқан ойларын елге жеткізіп келе­міз. Ынтымақ, бірлік, келісім, тұрақтылық - еліміздің ең басты саясаты. Осы негізгі ойды қоғамда насихаттаумен келеміз. Ассамблея мүшелері Президенттің сенімінен шығуға бар күш-жігерін салады.

Мен Шешенстанға барғанымда, осыдан екі жыл бұрын 115-ке келіп, өмірден озған нағашым жиендерінің арасынан жалғыз мені жанына отырғызып, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының денсаулығын сұрайтын. Елбасымызды «Қазақтың нағыз ұлы, ұлтын сақтап қалды» деп отыратын. Біз, шешендер, қиын-қыстау кезеңде осы жерде отырған өзге ұлт өкілдері сияқты қазақ халқының даналығы, кең пейілі арқасында тірі қалдық. Мұны мен жүрген жерімнің бәрінде айтып келемін.

«Соңғы сессияға шетелдіктер де қатысты. Олар әлемнің барлық елдерінің басшылары біздің Елбасындай болса, жаһанда бейбітшілік орнар еді деді. Біз оларға Елбасымызбен мақтанамыз. Біздің міндет - бүкіл әлем таныған қазақ менталитетін, қазақ стратегиясын, қазақ бейбітшілігін әрі қарай дамытуға атсалысу», деп түйіндеді ойын Д.Саратов.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз