Батыс Қазақстанда 100 жасқа келген кейуананың тойын ел болып атап өтті

Сырым ауданы тұрғыны Хамида Балтеменқызы Несіпованың 100 жасқа толуына орай ұрпақтары ат шаптырып, той жасады. Өңірге танымал кәсіпкер, «Балтемен» ЖШС-ның директоры Ақболат Рысов, Жетікөл ауылында шаруасын дөңгелетіп отырған «Бөлекқұмақ» ШҚ-ның жетекшісі Талап Рысов, Қобыланды Несіпов және басқа да ұл-қыздары тойдың өтуіне мұрындық болды.

Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, дастарқан жайылды. Елдің делебесін қоздырып, қиқулатқан ат жарыс қызды. Тоғыз айналымда сәйгүліктер сайдың тасындай іріктеліп, мәреге бірінші жеткен Тасқала ауданынан келген жүйрік бас жүлдені еншілеп, шабандозы темір тұлпардың кілтін иеленді. Екінші, үшінші орындар Ақтөбе облысының жүйріктеріне бұйырды.

Жүз жасаған кейуананың мерейлі тойында ауыл балалары арасында велосипед жарысы өтті. Бұл додада І орын алған Д.Таңбаевқа жаңа велосипед, жүлделі орындарды еншілеген Ә.Закариев пен Д.Сүйіновке ақшалай сыйлық ұсынылды. Балуандар бәсекесінде жетікөлдік Сұңғат Махамбетов түйе палуан атанып, ауылдастарының мерейін өсіріп тастады. Мерекелік сахнада аудан көркемөнерпаздары ән мен жырдан ашау шашты.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз