Батыс Қазақстанда 42 мың түп ағаш егу көзделуде

Бүкілқазақстандық орман отырғызу күніне орай Батыс Қазақстан облысында осынау игілікті іске үлкен-кіші бірдей жұмылдырылды.

Облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Назгүл Жабасованың айтуынша, қазіргі таңда Орал қаласы мен облыс аудандарында жаппай ағаш отырғызылуда. Бұл үшін 150 мыңға жуық екпе ағаш алдын ала дайындалды. Бүгінгі шараға 37 мыңдай адам қатысып, олар 42 мың түп ағаш отырғызады деп жоспарланған.  Бұл жылдағы дәстүр десе де болады, өткен жылы 20 наурыз -22 сәуір аралығында өткен «Жасыл жапырақ» шарасына 40 мың адам қатысып, олар 45 мың түп ағаш отырғызған еді. Биыл да одан кем болмайтыны анық. Ағаш отырғызу бір ғана күнмен шектелмейді, көктем мен күз алдына, тіпті қыста да шырша, қарағай егуге болады екен. Оны күтіп-баптаудың да маңызы зор.

«Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының кешегі сессиясында: «Біз елімізді жапырағы қуармайтын, тамыры суалмайтын, көрген жан тамсанбай тұра алмайтын Мәңгілік Жасыл Елге айналдыруымыз керек» деп атап көрсетті. Бұған үлес қосу елім дейтін әр азаматтың парызы болса керек», - деді Н.Жабасова.

Орал қалалық мемлекеттік коммуналдық көп салалы жол пайдалану кәсіпорнының көгалдандыру бөлімінің меңгерушісі Лұқпан Өтебалиевтің сөзіне қарағанда, облыс орталығын жасыл желекті қалаға айналдыру көзделуде. 2013 жылы 8786 түрлі ағаш отырғызылса, биыл көктемде 5 мың, күзде 5 мың, барлығы 10 мың тал-терек егу көзделуде. Биыл наурыз айының өзінде Жәңгір хан көшесінде 200 түп қарағай егілді, сонымен қатар, қала бойынша осы күндері 350 шырша және отырғызылмақ. Оған қоса өткен жылы 13 мың шаршы метр аумаққа гүл көшеттері егілсе, биыл оның көлемі 15 мың шаршы метрге жетпек.

Бүгін қаланың әр бөліктерінде шырша егу қолға алынды.  Қалалық жол пайдалану кәсіпорны қызметкерлері, ЖОО студенттері Тәуелсіздік, Энтузиастер, Айтқұлов көшелерінде ағаш отырғызса, бұл іске білім, медицина және басқа мемлекеттік мекемелер, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері белсене қатысты. Бұл ретте батысқазақстандық кәсіпкерлердің биіктігі 2-2,5 метр 250 түп шыршаны сатып алып, қалаға тарту еткенін айта кету керек.

Ағаш отырғызу ісі облыс аудандарында да жүргізілуде. Бөкей ордасы аудандық ауруханасының директоры Әділгерей Ғаббасовтың хабарлағанындай, мұндағы шара 17 сәуір күні басталып, оған медицина саласының ардагерлері де бел шешіп араласты. Соның нәтижесінде Денсаулық аллеясы бой түзейтін болды. Ал Шыңғырлау аудандық ауруханасы бұл рәсімге Ұлы Отан соғысы ардагерлерін шақырды. Майдангерлер С.Ығылманов, Н.Шишкин, Е.Сауғабаев өз қолдарымен 50 түп тал егіп, үлгі көрсетті. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын!» деген халық  нақылының шынайы көрінісі осы болса керек.

http://inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз