Батыс Қазақстанда Дүниежүзілік пошта күніне орай шаралар ұйымдастырылуда

Батыс Қазақстан облысында Дүниежүзілік пошта күніне орай шаралар ұйымдастырылуда. Бұл туралы «Қазпошта» АҚ БҚО филиалының директоры Бауыржан Қанешев мәлім етті.

Оның айтуынша, бүгін сала үздіктері, қоғамдық таратушылар аталып өтіледі. Барлық пошта бөлімшелерінде мерзімді баспасөзге белсенді жазылушыларға жеңілдік көрсетіледі, яғни бүгін неғұрлым көбірек жазылса, соғұрлым тиімді. Ашық күндер аясында жергілікті басылымдар басшыларымен, республикалық газеттердің меншікті тілшілерімен кездесу ұйымдастырылып, толғақты мәселелер жөнінде пікір алысылды. Сондай-ақ Дүниежүзілік пошта күніне орай 1 млн. астам теңгеге жазылу рәсімдеген ірі корпоративтік клиенттер марапатталады. Өңірде 2015 жылға баспасөзге жазылу 1 қазаннан басталды. Қазақстандық пошта 8 мыңнан астам отандық және шетелдік газет-журналдарды каталогтар бойынша ұсынады.

Батыс Қазақстанда қазіргі таңда қалада 49, ауылдарда 54 почтальон жұмыс жасайды. Бұрын пошта қызметкерлерінің жиі ауысуы орын алса, биылғы сәуірден жалақы өсуіне байланысты кадрлар тұрақтанып келеді. Пошта қызметкерлеріне басты талап мерзімді басылымдарды оқырмандар қолына тез жеткізу болса, бұл бағытта да жұмыс ширай түсуде. Айталық, жол қатынасының нашарлығына байланысты алыс елді мекендерге пошта жеткізуде түйткілді жайлар жоқ емес. Соңғы кезде пошта байланысының жылжымалы бөлімшелерінің желісі де құрылуда. Мәселен, Орал қаласында екі бағыт бойынша қазіргі заманғы байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген DAWW автокөліктері жұмыс жасайды. Қызметтің мұндай түрі Зеленов ауданында да қолға алынды.

http://kazinform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз