Батыс Қазақстанда «Тіл - ұлт мерейі» облыстық тілдер фестивалі өтуде

Батыс Қазақстан облысында «Тіл - ұлт мерейі» облыстық тілдер фестивалі өтуде.

БҚО тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Жомарт Ерназаровтың айтуынша, фестиваль 9 қыркүйек күні Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында қазақтан өзге ұлт өкілдері арасында өткен «Мемлекеттік тіл- менің тілім» атты байқаумен басталды. 18-30 жас аралығындағы 19 үміткер қатысқан сайыста Орал сервис технология колледжінің студенті Анна Павлычева жеңімпаз атанып, республикалық байқауға жолдама алды. Бұл шара да өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді меңгеруге деген ықыластың артып келе жатқандығын көрсетті.

Фестиваль 12 қыркүйекте «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің студенттер сарайында үш тілді меңгерген жастар арасында «Тілдарын - 2014» республикалық байқауының облыстық кезеңімен жалғасады. 15 қыркүйекте М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің мәжіліс залында «Тіл - халық жанын танудың кілті» республикалық байқауының облыстық кезеңінде қазақ тілін меңгерген орыс жастары сынға түседі. 17 қыркүйекте Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда «Кел, балалар, оқылық» байқауында қазақ балабақшаларының бүлдіршіндері сахнаға шығады. Мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге арналған шаралар 24 қыркүйекте облыстық қазақ драма театрында өңір басшысының қатысуымен өтетін «Тіл - тұтастық туы» фестивалімен қорытындыланады.

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз