Батыс Қазақстанда үздік құтқарушылар марапатталды

Батысқазақстандық құтқарушылар өздерінің жыл сайын 19 қазанда тойланатын төл мерекесін биыл да кең көлемде атап өтті.

Салтанатты шарада оларды облыс әкімінің орынбасары Алмаз Бадашев құттықтап, сала қызметкерлерінің қандай қиын жағдайда да өз істерін абыроймен атқарып жүргенін атап өтті. Қыс мезгіліндегі аяз, борандарда, көктемгі су тасқынында, сондай-ақ қалада, далалық жерлерде орын алған өртте үнемі алғы шепте жүріп, жұртқа көмек көрсететін төтеншеліктердің жөні қашан да бөлек. Өздерінің қарбалас жұмыстарына қарамастан, олар республикалық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленуде. Бұл жағдай облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің біліктілігін және осындағы оқу-жаттығу жиындары жұмысының сапалылығын көрсетеді.

Салтанатта үздік құтқарушылар облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды. БҚО төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Омар Бержанов биыл наурыз айында өткен ел біріншілігінде және Қызылорда қаласында болған республикалық сайыста өңірдегі төтенше жағдайлар саласы қызметкерлерінің жеңімпаз атанып, өз мамандықтарын шебер меңгергендіктерін көрсеткенін айтып, еңбек ардагерлеріне де құрмет көрсетті.

Мереке аясында шағын футболдан жарыс өткізіліп, жеңімпаз-жүлдегерлер марапатталды.

Сонымен қатар облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен облыстық білім басқармасы бірігіп, қала мен аудандар оқушылары арасында ІІІ облыстық «Жас құтқарушылар» слетін ұйымдастырды. «Еуразия» туристік-сауықтыру кешенінде өткен бұл шараға 13-16 жас аралығындағы ерікті балалар тобынан құралған 8 команда қатысты. Олар «Техногендік апат аймағында апаттан құтқару жұмыстары», «Табиғи орта жағдайындағы іздеу-құтқару жұмыстары», «Су айдындарындағы іздеу-құтқару жұмыстары», «Психологиялық тестілеу» және «Бәсекелестік бағдарлама» бойынша сайысқа түсті.

Жарыс қорытындысы бойынша Ақжайық ауданы Ақсуат ауылынан келген «Батыс-West» командасы жеңімпаз атанды. Ақжайық ауданындағы Базартөбе ауылы мен Қаратөбе ауданының оқушылары - екінші, Сырым және Теректі ауданынан келген командалар үшінші орынды еншіледі. Сайыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері алғысхатпен марапатталып, ескерткіш сыйлықтарға ие болды.
чс

чс

чс

чс

чс

чс

чс

чс 

http://kazinform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз