Батысқазақстандық кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлері Үкімет пен Парламентке жеткізілмек

Батысқазақстандық кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлері Үкімет пен Парламентке жеткізілетін болады. Бұл туралы Елбасының шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына мораторий жариялау туралы Жарлығына сәйкес алда тұрған міндеттер мен өзекті мәселелер талқыланған жиында ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Парламент пен Үкіметтегі өкілі Аманжан Жамалов мәлім етті.

Оның айтуынша, 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін тексерудің тыйылуы кәсіпкерлікке кең өріс ашады. Бұл бизнестің нығайып, бәсекеге қабілетті болуы үшін жасалып отыр. Бұл, әсіресе, Кедендік одақ жағдайында аса маңызды. Отандық кәсіпкерлер ресейлік, белоруссиялық, кейін ДСҰ-ға кірген жағдайда шетелдік кәсіпорындармен бәсекеге түсе алатындай болуы тиіс.

БҚО кәсіпкерлері қауымдастығының президенті Әнес Ізтелеуовтің атап өткеніндей, Оралда табысты жұмыс жасап жатқан зауыттар жоқ емес, бар. Бірақ олар, мысалы, «ҚПО б.в.» компаниясы өткізетін тендерлерді жеңіп ала алмайды. «Орал «Зенит» зауыты», «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ сынды зауыттарды тапсырыстармен қамту үшін оларды мұнайгаз және машина жасау кластеріне енгізу жөнінде Үкіметке ұсыныс жасалды.

Сонымен қатар бизнесті қолдау жөніндегі «Ақжол» қауымдастығының басқарма төрағасы Әліби Оразов түрлі бақылаушы органдар тарапынан айыппұл салу жүйесін жоюды ұсынды. Оның ойынша, батыс елдеріндегідей, айыппұл салу құқығы тек сотта болуы керек.

Кәсіпкерлер тарапынан заңды тұлғаны тарату рәсімдерін жеңілдетуге, кәсіпкерлік қызметін тексерудің ашықтығын қамтамасыз етуге, салық заңдылығын бұзғаны үшін өсімпұл салудың мерзімін шектеуге қатысты және т.с.с. өтініш-тілектер білдірілді.

БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Кеңес Әбсатыров нақтылағандай, мораторий әркімге ойына келгенді жасауға мүмкіндік беру деген сөз емес. Қайта әркім өз кәсіпкерлігін тәртіпке келтіруі керек. Сондай-ақ шенеуніктермен, бақылаушы органдармен сенімді қарым-қатынас орнату қажет. Өйткені міндет ортақ, мақсат бір, ол - еліміздің гүлденуіне қол жеткізу.

http://www.inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз