БҚО атынан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына Сәндібековтер қатысады

19 қыркүйек күні Астана қаласында өтетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына Батыс Қазақстан облысынан Сәндібековтер отбасы қатысады. Қазіргі кезде олар осынау сайысқа қызу дайындалуда.

Кеңестік кезеңдегі түрлі ахуалға байланысты Сәндібековтер әулеті де қиындықты аз кешкен жоқ. Хрущевтің солақай саясатының кесірінен көптеген қандастарымыздың өз жерінде отырып-ақ жатжерлікке айналып шыға келгені мәлім. Солардың бірі ата-бабасы Мырзашөл аймағын мекендеген Сәндібековтер әулеті еді. Олар еліміз егемендік алған соң Ақ Жайық өңіріне қайта оралуға мүмкіндік алды.

Республикада Елбасының өзі басты назарда ұстап отырған «Мәдени мұра» атты ұзақ мерзімді, ұлтымызды ұйытуға, тарихын тануға үлкен септігін тигізетін бағдарламаның жүзеге асып келе жатқаны белгілі. Әсем ән мен мұң бұралған биді және күмбүрлеген күйді айтпағанда, баһадүр бабаларымыз атакәсіпке айналдырған зергерлік, ұсталық секілді ұмытыла жаздаған өнер түрлері де жанданып келеді. Кілем, алаша тоқитын құрал-саймандарды осы кезге дейін сақтап келген Сәндібековтер отбасы - осының бір дәлелі.

Күні бүгін отағасы Нұрболат Сәндібеков Жұбан елі аталып кеткен Ақжайық ауданындағы іргелі ауылдық округ - Будариндегі мәдениет үйіне жетекшілік жасайды. Оның әулеті Ақжайыққа 2004 жылы Мырзашөлден қоныс аударыпты. Ата-бабалары оңтүстік өңірге өткен ғасырларда қоныстанса керек. Әкесі Нұрсейіл өмір бойы депода теміржолшы болып еңбек етіпті. Өмірінің соңына қарай Нұрсейіл қарт айықпас дертке душар болады. Оның себебін алыста жүріп сарытап болған елге-жұртқа деген сағыныштан іздейді ұрпақтары. Ақыры қарияны Нұрболат Қазақстанға көшіріп әкеледі. Бұл да - Елбасы саясатының арқасы.

Облыстық байқауларда бас жүлдені бермей жүрген отбасының басты қасиеттерінің бірі де осы ата-баба мұраларын көздің қарашығындай сақтай білуі, қолдануы деуге болады. Нұрболаттың жары Гүли де -  он саусағынан өнер тамған өнерпаз. Мектепте зертханашы болып істейтін ол туралы әріптестер пікірі мен бағасы өте жоғары. Міне, осылайша туған жерге келіп, тамыр жайған отбасы бүгінде аудан ғана емес, облыс білген мәшһүр өнерпаздарға айналды. Облыс орталығында оздырылған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы аясында өткен облыстық байқаудың бас жүлдегері атанып, Жайық өңірінің, Жұбан елінің намысын енді Астанада қорғайды.

Нұрболат Сәндібеков тек өз отбасының өнерін дамытумен шектелмей, мәдениет үйінің жетекшісі ретінде көптеген істердің ұйытқысы болып та жүр. Бұл бағытта ол алдымен әжелер ансамблін құрып, жетілдіруге күш салды. Ондағы ойы, бүгінде айтылуы сирексіп кеткен қазақтың жауһар әндерін жаңғыртып, әжелердің дауысымен даласына қайтару болатын. Еңбегі жеміссіз емес, бүгінде «Жайдарман» әжелер ансамблін Орал өңірі түгел таниды десек болады. Олар - 2009 жылы облыстық «Алтын ұя» байқауында жеңімпаз атанса, сол жылғы облыстық «Өнер шамшырағы» атты отбасылық ансамбльдер байқауында ІІ орынды жеңіп алды. Қызы Мәдина - 7-сынып оқушысы. Оның да жетістіктері жетерлік. Ол облыстық Қадыр оқуларында бас жүлдені иеленіп, биыл «Сәлем, Астана!» фестиваліне қатысып, жүлделі І орынды иеленіп қайтты. Өнерлі балапан «Әдемі-ай» триосының белді әншісі. Үлкен ұлы Әзи дауылпазда шебер ойнайды. Спортпен де етене боп өсіп келеді. «Әсіресе, фотобейне құралдарға әуестігі атасына тартқан», - дейді әкесі Нұрболат. Қазіргі заманғы құралдарды игере білген ұлан компьютермен ән өңдеуге де бейім. Ал кіші ұлы Нұржан отбасылық вокалды аспаптар ансамблінің белді гитарашысы әрі ән айтады. Егіз гүлдей жайнап өсіп келе жатқан Гүлзада мен Бекзаданың да қолы бос емес, олар ансамбльде сылдырмақ соғып, әнге ырғақ қосып тұрады және мың бұралған бишілер! Сегіз жастағы егіздердің өнеріне талай көрермен қол соқты. Қысқасы, 2009 жылы құрылған Сәндібековтер отбасылық ансамблінің мүшелері жыл сайын толығып келеді.

-Отбасылық құндылықтарды сақтау үшін біз осындай өнегелі де өнерлі шаңырақтарды көпке үлгі ете білуіміз керек. Осы бағытта ауданымызда түрлі шаралар тұрақты ұйымдастырылып тұрады. Соның нәтижесіндей «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының өңірлік кезеңінде Сәндібековтер алдына жан салмаса, жуырда облыстық қазақ драма театрында өткен «Отбасы - тіршілік тірегі» облыстық байқауында да біздің ауданнан барған Дәуітовтер үздік шықты. Бұл ел ішінде дарынды да тату-тәтті өмір сүріп жатқан отбасылардың аз еместігін көрсетеді. Сәндібековтерге келсек, олар өздерінің ауылдарында тек өнерде ғана емес, өмірде де орнықты отбасы ретінде танымал. Сахнада қосетек, бүрмелі көйлекпен «ямаханың» құлағында ойнайтын Гүли - үйде сиырдың бауырынан, самаурынның жанынан табылатын, берекелі шаңырақтың отанасы. Жайықтан Астанаға аттанатын Нұрболат пен Гүлиге және оның өнерлі де сүйкімді бес перзентіне сәт сапар тілейміз! - деді Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Меңзипа Жұматова.
Сәндібековтер  Сәндібековтер  
Сәндібековтер  

http://kazinform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз