БҚО-да алты бірдей ауыл әкімінің үстінен қылмыстық іс қозғалып отыр

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО-дағы тәртіптік кеңесінің 2 сәуір күнгі отырысында бір топ мемлекеттік қызметкердің тәртіптік істері талқыға түсті.

БҚО прокуратурасы арқылы келген Жәнібек ауданындағы Ұзынкөл, Талов, Жақсыбай, Ақоба, Борсы ауылдық округтерінің әкімдері Дулат Закарин, Берік Әділәлиев, Нұркен Закарин, Қазбек Ғұбашев және Ербол Қуановтың істерінен мәлім болғанындай, олар мемлекет қаражатын мақсатсыз жұмсаған. Жол тегістеу жұмыстары жасалмаса да, жалған акті түзіп, оған қол қойып, жалпы мөлшері 810 мың теңгені «ЖәнібекСтройСервис» ЖШС-ның есепшотына аударып жіберген. Қазіргі кезде олардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергелуде.

Сол секілді отырыста мекемеге автокөлік алынбаса да, өнім берушінің есепшотына 1,67 млн. теңгені «жылжытып» жіберген Ақжайық ауданы Алмалы ауылдық округінің әкімі Гүлжамал Қуаншалиеваның үстінен де қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Сондықтан тәртіптік кеңес алты ауыл әкімінің ісін БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне жолдауды жөн деп тапты.

Прокуратура Жаңақала аудандық аумақтық инспекциясы салған айыппұлды мемлекет есебінен төлеген деген себеппен Жаңақала, Жаңажол ауылдық округтерінің әкімдері Дархан Закарин мен Әсия Жақыпованың істерін де тәртіптік кеңеске ұсынды. Алайда аталмыш инспекция мамандары айыппұлды әкімдерге емес, мекемеге салған, қателік солардан кеткен. Сол себепті бұл іс қысқартылды.

Мемлекеттік сатып алуға байланысты Қазталов аудандық білім беру бөлімінде заңбұзушылықтарға жол берілген. Әйтсе де бөлімнің бұрынғы басшысы Уәлихан Жағыпаров басқа қызметке ауысып кеткен. Ал бөлімнің қазіргі басшысы Самал Жангереева мен бас маман Айша Әбешеваға қатысты прокуратура таққан құқықбұзушылық дәлелін таппады. Тек сол кезде комиссия мүшесі міндетін атқарған бас маман Марс Малахов қана қармаққа ілігіп, оған «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңының 12-бабы 1-тармағы 12-тармақшасына сәйкес қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру ұсынылды. Дәл осы баппен жұмысқа келген адамдардың заңды мүдделерін жүзеге асыруына кедергі жасаған «Шапағат» балалардың күндізгі болуына арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі директорының міндетін атқарушы Светлана Бисенованың да тәртіптік жауапкершілігі қаралатын болады.

http://www.inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз