БҚО-да санитарлық авиация қызметіне 40 млн. астам теңге бөлінді

Батыс Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасының санитарлық авиация бөлімшесіне биылғы тоғыз айда 240-тан астам шұғыл шақыру түсті. 

Аурухана директоры Ерлан Тоқсановтың айтуынша, соған сәйкес, 30 санитарлық тапсырманы орындауға АН-2 ұшағы әуеге көтерілсе, 12-не тікұшақ аттанды. Түнде, жақын жерге немесе қолайсыз ауа райында реанимобиль көмекке асығады. Қазіргі кезде облыстық аурухананың автопаркінде бір реанимобиль бар, тағы біреуі облыстық перинаталдық орталыққа бекітілген. Сонымен, 184 санитарлық тапсырманы автомобильдер атқарып шықты. Бұған қоса әр ауданда барлық қажетті жабдықпен қамтамасыз етілген, шұғыл көмек бере алатын реанимобиль бар.

Сонымен қатар, Астана, Алматы мамандарының көмегі қажет болған жағдайда республикалық санавиация шақырылады. Биыл олардың ұшағы 17 рет келіп, дәрігерлер науқасты алып кетті немесе жедел кеңес берді. Жыл басында республикалық санавиация тарапынан облысқа 19 млн. теңге бөлініп, ол қазірдің өзінде толық игерілді. Сондықтан, қосымша келісім жасалып, ешкім көмексіз қалмайтын болады.

Барлық шақырулар бойынша облыстық аурухананың санавиация бөлімшесі қызметкерлері қызмет көрсетеді, қажет жағдайда басқа мекемелерден мамандар алдырылады. Биыл 361 маман шұғыл жәрдем көрсетті. Санитарлық сапарлар кезінде 31 жедел ота жасалып, 67 науқасқа кеңес берілді, 236-сы Орал қаласының емдеу мекемелеріне жеткізілді. Алдыңғы жылдармен қарағанда, сәбилер өлімінің алдын алу үшін шақыруға бару көбейе түсті. Сондай-ақ, оқыс оқиғалар бойынша шақыру да өсті.

Айта кетейік, биыл санавиация бөлімшесінің қызметін қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 40 млн. астам теңге қарастырылды.

http://kazinform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз