БҚО-да шетелдік кәсіпорындармен бірлескен жаңа өндіріс орындары ашылуда

Батыс Қазақстан облысында шетелдік кәсіпорындармен бірлесіп жаңа өндіріс орындарын ашу қолға алынуда.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аслан Жақыповтың айтуынша, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ  «LANC AIR» (АҚШ) компаниясымен бірлесіп сағатына 400-500 шақырымға дейін ұша алатын тәжірибелік отандық ұшақты жасап шығарды. Сондай-ақ «ARTES VALVE & SERVICE GMBH» (Германия) компаниясымен бірлесіп айналмалы кран жасауды жоспарлауда. Қазіргі кезде «Машзавод» машина жасау компаниялары консорциумы «ҚПО б.в.» компаниясы өкілдерінің қатысуымен аталмыш жобаның тұсауын кесті. Бұл ысырманы Қарашығанақ кенішінде сынап көру жөнінде келісім бар.

«Орал трансформатор зауыты» ЖШС күштік трансформаторларды өндіруді Германия, Италия, Швейцария, Франция және АҚШ жабдықтары негізінде жолға қоймақ. Ал «Орал «Зенит» зауыты» АҚ мәскеулік «Газпромавтоматика»АҚ-мен бірлесіп газ тарататын шкафтарды жасап, «ИТ «Сервис» ЖАҚ-пен металлографикалық зерттеулер орталығын ұйымдастырмақ. Сол секілді «Сумский завод «Насосэнергомаш» АҚ (Украина) Мәскеу филиалымен бірлесіп мұнай өндіруге арналған сорғыларды қалпына келтіретін цех ашу көзделуде. Жалпы, зауытта су ығыстырылымы 600 тоннаға дейін жететін кемелермен қатар су тазарту құрылымдары сынды азаматтық өнім өндіруге мүмкіндік бар.

Құрылыс индустриясы саласында «СВ-плюс» пен «Болашақ-Т» ЖШС үй құрылысы комбинаттарын шетелдік компаниялар технологиясы негізінде тұрғызуда.

Айта кетейік, биылғы бес айда өңірде 801,2 млрд. теңге өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өткен жылғыдан 7,2 пайызға өсті. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі 54,6 млрд. теңгеге жетті (100,4 пайыз). Мұнай өндіру 4,4, машина жасау 7,1, құрылыс индустриясы 9,3 пайызға артты.

http://www.inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз