БҚО-да үш жігіт құны 124 млн. теңге тұратын есірткімен ұсталды

18 қыркүйек күні «Көкнәр» жедел алдын алу шарасы барысында Зеленов ауданы Озерный ауылынан жеті шақырым жердегі Кирсанов қорығындағы орман арасынан 0,2 га қарасора алқабы табылды. 

БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, сол күні осы маңнан Орал қаласының «К», «Т», «Т» есімді жас тұрғындары ұсталып, олардан есірткі заты салынған 9 қап пен 1 спорттық сөмке алынды. Сараптама мұның жалпы салмағы 63,3 кг кептірілмеген марихуана екендігін көрсетті. Алқапты тексеру барысында жалпы салмағы 350 кг қарасора тұқымдас өсімдіктің 417 бұтасы және тәркіленді.

Есірткінің жалпы салмағы 413,3 келіге жетті, мұның қара базардағы көтерме құны 124 млн. теңге немесе 677 мың АҚШ долларын құрайды.

Аталған факті бойынша қамауға алынған үшеудің үстінен ҚР ҚК 259-бабы 3-бөлігінің «в» тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Айта кетейік, ішкі істер департаменті қызметкерлері күні бүгінге дейін есірткінің заңсыз айналымына қатысты 300 құқықбұзушылықты анықтаса, соның 107-сі қылмыстық жазалануға жатады, есірткі сатқаны үшін 88 қылмыстық іс қозғалып, 2 есірткі ұясы әшкереленді.

Жыл басынан бері облыс аумағында 150 кг 706 грамм есірткі заңсыз айналымнан алынды.

http://kazinform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз