БҚО әкімі Ораза айт мейрамымен құттықтады

Бүгін Орал қаласының орталық мешітіне Ораза айт мейрамына орай шаһар жұртшылығы көптеп жиналды.

Намаздың алдында орталық мешіттің найб-имамы Мұратбек Қыстаубаев мұсылманның әдебі, бауырмалдылығы, соның ішінде ағайын-туыспен араласуы, бұл бағыттағы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті жөнінде уағыз айтты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтанов биылғы Рамазан айы өңірде жоғары деңгейде өткенін, облыс мешіттерінде 20 мыңдай адамға ауызашар берілгенін жеткізді.

Мешітке келген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жиналған жамағатты әлемнің барлық мұсылманы үшін ұлық мейрам – Ораза айтпен құттықтады. «Әлемде, елімізде тыныштық, қоғамдық келісім, ұлтаралық, дінаралық татулық, бауырларымыздың бүтін болуын тілеймін. Ораза – мұсылманның қасиетті бес парызының бірі. Ауыз бекіткен жандар өз дұға-тілектерінде елімізге, өздерінің отбасыларына бейбітшілік, береке сұрағаны белгілі. Сол ниеттері қабыл болсын. Елбасымыздың саясатының арқасында мемлекетімізде иманды адамдардың қатары көбейіп келе жатқандығы қуантады. Қашанда жақсылығымыз көп болсын, оразадан оразаға аман-есен жетуге жазсын», деді әкім.

Айт намазынан соң Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен шыққан «Күнделікті діни сауалдарға жауаптар», «Намаз оқып үйренейік», «Ислам  экстремизм мен лаңкестікке қарсы» сынды діни әдебиеттер тегін таратылды.

http://kazinform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз