БҚО музейінде «Алтын ханшайым» көрмесі жұмыс жасауда

ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлағанындай,  БҚО Теректі ауданы аумағындағы Тақсай қорғанынан 2012 жылы ақсүйек әйелдің қабірі табылған болатын. Енді, міне, оның бейнесі қалпына келтіріліп, «Алтын ханшайым» деп аталған көрме Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне қойылды.

Сонымен қатар, көрмеден біздің дәуірімізге дейінгі VI-V ғасырларға жататын ақсүйек әйелдің аса құнды әшекейлері және тұрмыстық бұйымдары да орын тапты.

БҚО тарих және археология орталығының ғылыми қызметкері Яна Лұқпанованың сөзіне қарағанда, өзі басшылық жасаған археологтар обаны үш ай бойы қазып, зерттеді. Соның нәтижесінде обадан табылған ақсүйек әйелдің, артефактардың, әсіресе, соғыс көрінісі бейнеленген тарақтың ғылыми маңызы зор. Мұның бәрі сол кезеңнің тарихи оқиғалары, діни және мәдени дамуы туралы хабар береді.

Белгілі қазақ реставраторы, бұдан бұрын Есік қорғанынан табылған әйгілі «Алтын адам» бейнесін жарыққа шығарған Қырым Алтынбеков «Алтын ханшайым» экспозициясын жасап, ежелгі бұйымдарды, сармат әйелінің киім-кешегін қалпына келтірді. «Алтын ханшайым» көрмесі екі дана жасалып, бірі Астана қаласындағы Ұлттық музейде, екіншісі Орал қаласында тұрады. Оны қазірдің өзінде тамашалаушылар аз емес.

http://kazinform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз